«Рызықты Аллаһ тағала береді» делінеді. Бірақ, кейбір елдерде 50-60 күн нәр татпай аштықтан өліп жатқан жандар бар. Мұны қалай түсінуге болады?
Барша тіршілік иелерін Аллаһ тағаланың рызықпен қамтамасыз ететіні жайлы Құранда көптеген аяттар кездеседі. Мысалы: «Жер бетіндегі әр жәндіктің қорегі Аллаһ тағалаға тән»[1], «Шүбәсіз, Ол Аллаһ – рызықтандырушы әрі құдіретті күш иесі»[2]. Құран Кәрімде осы мәндес басқа да көптеген аяттар бар. Бұлардың бәрі де рызықпен қамтамасыз етуші бір Аллаһ тағала екендігін көрсетеді. Негізінде адамар аштықтан өлмейді. Себебі тәнге қажетті қоректі сөзсіз Хақ тағала бермек. Ал қажеттіліктен тыс, артық рызықтарды беруді Жаратқан кепілдігіне алмаған. Яғни, ысырапшылдық пен обырлыққа дағдыланып, көп жеуді жаман әдетке айналдырса, рызық болып саналмайтын осындай тілеп алған зәруліктен жаны үзіліп кетсе, бұны Аллаһ тағала кепілдемегендіктен оны «аштан өлдіге» жатқыза алмаймыз.
Мұны салыстырмалы түрде мысалдар арқылы түсіндіруге тырысалық. Мәселен, бір адам апиынға үйірсектіктен нашақорға айналады да апиын таппаған кез жанұшыра қиналып, кейде өліп те кетеді. Сондай‑ақ кейбіреулер темекіге бойы үйреніп, никотиннің құлына айналып жатады. Темекіні бірден тастаса бойында кейбір сырқаттар белгі бере бастайды. Тіпті, кейде аяқ-қолы, беті ісініп кетеді. Ондайда дәрігерлер «Темекіні бірден тастай алмайсың. Бірден тастасаң ағзаның қалыпты жұмыс істеу жүйесін бұзуға жол ашасың» деп кеңес береді. Сондықтан ата-баларымыз «Дағдысын тастау кісіні өлтіреді» деп бекер айтпаған. Бұдан басқа да әдеттер болуы мүмкін. Мысалы, бір адамға күндігіне елу грамдық белок жеткілікті. Бірақ, ол бір‑екі келі тамақ жеуге дағдыланып алған болса, тіпті оған қоса бір келі жеміс‑жидек, бір келі тәтті, бір келі ет жейтін болса, осы әдетін бірден доғарса, әлбетте ауруға шалдығып, тұралап қалуы мүмкін. Алайда, адам күніне 50-l00 грамм жеміс‑жидек жеп, дәл сондай белок қабылдаса, оның күндік қажеттілігі өтеледі. Тіпті, егер адамның бойы үйренген болса, бұл бір емес бірнеше күнге де жетеді. Жасушалар өздерінің қажеттіліктерін бойға жинайды. Сырттан азық келмеген күннің өзінде, бойдағы қосалқы азықтан аздап пайдаланып, дене қоректеніп тұрады.
Бір сөзбен айтқанда, адамдардың аштан өлуі Аллаһтың рызық бермеуінен емес, өзіне тиесілі несібесін қанағаттылықпен қолданбаудан, ысырапшылықтан, сондай-ақ бойдағы бұрыннан қалыптасқан дағдысын дереу тыю салдарынан деуге болады.
[1] «Һұд» сүресі, 11/6.
[2] «Зәрият», 51/58.
- жасалған.