Дініміздегі ар-ождан еркіндігі мен жиһад ұғымы жайлы не айтар едіңіз?

Ислам діні «Дінде күштеу жоқ. Расында туралық пен азғындықтың ара-жігі ажыратылды»[1]; «Бұл ақиқат – Раббыларыңнан» де. Олай болса, сенгісі келгендер сенсін, сенгісі келмегендер сенбесін»[2] деген аяттарда дінге сену-сенбеу әркімнің өз еркі екенін көрсетеді. Алайда келесі бір аяттарда: «Ей, пайғамбар! Кәпірлермен, мұнафықтармен соғыс, оларға қатал бол. Олардың баратын жері – жәһаннам. Ол – қандай жаман тұрақ»[3], «Егер бет бұратын болса, оларды ұстаған жерде өлтіріңдер және ешбірін дос тұтып, көмекші санамаңдар»[4], «Өздеріне кітап берілгендерден Аллаһ тағалаға, ақырет күніне сенбеген, Аллаһтың әрі елшісінің харам еткен нәрселерін харам деп білмеген, хақ дінді дін деп мойындамағандармен қор болып, өз қолдарымен салық төлегенге дейін соғысыңдар»[5] деп, алғашқы түсінікке кері ой туғызады. Яғни, Исламда күштеу, күш қолдану бар ма, діннің таралуында найзаның ұшы, білектің күші қосымша рөл ойнаған ба дегендей әсер қалдырады. Осы екі түрлі ұстанымды қалай бірлікте қарауға болады? Дініміздегі жиһадтың түпкі мәні неде?

Хақ пайғамбар (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) Меккеліктерді шамамен он үш жыл ашық әрі құпия түрде бір Құдайға сыйынуға, Исламның даналығында шек жоқ ұлы ақиқаттарын мойындауға шақырды. Кейіннен бұл ісін Тайыф[6] пен Мәдина қаласында жалғастырды. Мәдина халқы ықылас танытып, жаңа дінді тез қабылдады. Аз уақыттың ішінде қалада тәухид діні кірмеген бірде‑бір шаңырақ қалмады. Мәдина Ислам әлемінің алғашқы астанасы әрі Ислам өркениетінің алтын бесігіне айналды. Осы кезге дейін дінді жаю жолында ешқандай күш қолдану не мәжбүрлеу болған емес. Әркім әуелі зейін қойып тыңдап, ойланып-толғанып барып қана нұрлы жолды өз еркімен таңдады.

Осылайша мұсылмандарға тәуелсіз әрі еркін өмір сүруге лайықты, діни түсініктері мен сенімдерін уағыздап жая алатын бөлекше бір орта пайда болды.

Бұл жаңа қауым бүкіл Араб түбегіне танылып, қара түнекке тұмшаланған адамзаттың бет түзейтін темірқазығына айнала бастаған шағында, ежелден Исламның ата жауына айналған құрайыштықтардың күн өткен сайын зығырданы қайнай түсті. Кез келген оңтайлы сәтті қапы жібермей, мұсылмандарға шабуыл жасап, қайткен күнде де жаңа дінді жер бетінен жойып жіберуге барын салды. Жаратылысынан дұшпандыққа бейім яһудилер енді ғана тәй-тәй басып келе жатқан жаңа діннің басына қара бұлт үйірудің жолдарын іздей бастады. Сасанидтер мен византялықтардың арқасында тіптен өрши түскен бұл дұшпандық күні бүгінге дейін Ислам мен мұсылмандардың басындағы сейілмес қою қара бұлтқа айналды.

Осы заманға дейін жалғасып келген Ислам дініне деген дұшпандықтың түп-төркіні сонау Ислам мемлекетінің іргетасы қалана бастаған Мәдина кезеңіне барып тіреледі. Ислам дінінің кез келген жалған түсінік пен бұрмалаушылықтарға қарсы күресі, жоғалтқан құндылығын адам баласына қайтару жолындағы жанқиярлығы, таптық түсінікке деген қарсылығы пұтқа табынушылармен қатар көптеген Кітап иелерінің де дұшпандығын туғызды.

Сондықтан да Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) заманында Ислам нұрын өшіруді мақсат тұтқан мүшіріктердің, христиан және яһудилердің біріккен қақтығыстары орын алды. Мәселе түсініктірек болу үшін осы үш топқа бөлек-бөлек тоқтала кеткеніміз орынды болар.
1. Мекке мүшріктері.
2. Мәдина мен Хайбар яһудилері.
3. Византиялықтар мен олардың қол астындағы Ғассан арабтары.

1. Мекке мүшріктері
Жоғарыда айтып өткеніміздей Пайғамбарымыз Мекке кезеңінде он үш жыл бойы адам айтқысыз қиындықтарға төзіп, сабырлық танытты. Құран Кәрімнің «Ендеше, сен пайғамбарлардың ұлықтары сабыр еткеніндей сабыр ет. Олар үшін (иман келтірмегендер үшін бірден үкім берілуін күтіп) асықпа. Олар өздеріне уәде етілген азапты көргенде, дүниеде бір сағат қана болдық деп санайды»[7], «Сен қазір сабыр ет. Аллаһтың уәдесі сөзсіз орындалады. Шындыққа кәміл сенбегендер сені босаңсытпасын»[8], «Олай болса сабыр ет! Шын мәнінде Аллаһтың уәдесі хақ. Ертелі‑кеш күнәңнің кешірілуін тіле. Раббыңды мадақтап, пәкте!»[9] сияқты аяттары оның жігерін жанып, өзінен бұрынғы өткен пайғамбарларды үлгі етіп, міндетін асқан табандылықпен атқаруға серпін берді.

Тар жол, тайғақ кешумен өткен он үш жылдан соң жағдай адам төзгісіз халге жетіп, тіпті мұсылмандардың Меккеде өмір сүруі қиындай берді. Сол себепті мұсылмандар Аллаһтың бұйрығымен біртіндеп елі-жұртын, тіпті, бала‑шағасын Меккеде қалдырып, Мәдинаға көше бастады. Мұнан соң мүшріктер бұрынғыдан да бетер құтырып, көшкендердің артында қалған мал‑мүлкін талан-таражға сала бастады. Осылайша мұсылмандар Меккеде де, Мәдинада да қолға іліктірер ешбір дүниесі қалмай жер сипап қалды. Иә, осындай сын сағаттарда Мәдина қаласы үлкен қайырымдылық көрсетті, тарихтағы ең көп жапа шеккен ардақты жандарға құшағын айқара ашты. Өйткені олардың басында баспанасы да, жанға талшық қылар азықтары да жоқ еді. Құтты жердің мүбәрак халқы өздеріне берілген «Ансар»[10] деген мәртебеге сай еш нәрседен аянып қалмай, мұхажирлердің[11] қайғыларын ұмыттыруға тырысып бақты. Әйтсе де бір жағынан өздерінің біреуге салмақ салғаны жүректеріне батып, бір жағынан талан-таражға түскен мал‑мүліктерінің базарларда саудаланып жатқанын көрген сайын ұнжырғалары түсіп, әлімжеттікке деген наразылықтары күшейе берді.

Міне, бір жағында қыспақ көріп өмір сүру жанталасындағы бейшара жандар тұрса, екінші жағында оларды елінен қуып, дүние‑мүлкін талап алып, байи түскен қаскөйлер тұрды... Бұған Мәдинадағы яһуди мен мұнафықтардың құрайыш мүшріктерін мұсылмандарға айдап салып, Исламды жөргегінде тұншықтыруға деген жауыздықтарын қоссаңыз, мұсылмандардағы темірдей төзімге, Хақ тағаланың әміріне қалтқысыз бағынған парасаттылықтарына еріксіз таңырқайсыз.

Міне, қатігездік шектен асып, бұған мұсылмандардың шыдамы таусыла бастаған кезде, «мұсылмандардың дүние-мүлкін қоса тиеген құрайыш керуені Мәдинаны айналып өтіп бара жатыр» деген хабар қала халқына тез тарады. Сахабалардың әуелгі мақсаты қолды болған дүниелерін қайтарып, Мәдина халқына жүк болудан құтылу еді.

Хақ тағала осы мезет ат төбеліндей мұсылмандарға қанды шеңгелін батырып, бүріп жіберуге даяр мүшріктерді, сондай-ақ яһуди мен мұныфықтарды тәубасына түсірудің жолын көрсетті:
«Шынында, зұлымдыққа ұшырап қуғындалғандарға соғысу үшін рұқсат берілді. Күдіксіз, Аллаһтың оларға көмектесуге құдіреті толық жетеді. Олар «Раббымыз – Аллаһ» дегені үшін әділетсіздікпен елінен қуғындалған жазықсыз жандар»[12];
«Оларды (яғни сендермен соғысқандарды) ұстаған жерде өлтіріңдер. Сендерді (елдеріңнен) қуып шыққанындай сендер де оларды қуыңдар. (Олар бүлік шығаруда) бүлік шығару – кісі өлтіруден де жаман»[13].

Бұл аяттар әбден қиналған мұсылмандарға жиһад жасауға рұқсат етілгендігін аңғартты. Иә, туған жерлерінен қуғындалып, өз елінде көп жыл жапа шеккен сахабаларға он үш жылдан соң ғана барып дұшпандарымен есеп айырысып, дүниесін қайтарып алуға рұқсат берілді.

«Аллаһ жолында қыспаққа ұшырап, дәрменсіз қалған және «Раббымыз Бізді халқы аяусыз бұл қаладан кетір, бізге өз қасыңнан бір қорғаушы әрі бір көмекші жібере гөр!» деп жалбарынған бейшара еркектер мен әйелдер, балалар үшін неге соғыспасқа?»[14], – деген аятта айтылғандай ендігі жерде мұсылмандар дін жолында, Исламның абыройын қорғап, кәпірлердің қолында зар жылаған кәрі‑жас, бейкүнә сәбилер мен әйелдерді құтқарып, оларды қорғау үшін соғысатын болды. Бұл соғыстың мақсаты – өздерін күресінге күрегісі келгендерден ақы қайтару, еңселерін тіктеп аяқ-асты болған абыройларын қайта жинау әрі әлемдік діннің тарауына кедергі жасайтындардың сыбағасын беру еді. Көп ұзамай Хақ тағаланың жазуымен жоспарланған жайттың бәрі жүзеге асып, Бәдір соғысы орын алды.

Мүшріктердің осыншалық зұлымдыққа барғанын көре тұрып, «мұсылмандар соғыспау керек еді» деу, сірә, орынды бола қояр ма екен?

2. Ухуд шайқасы
Зорлық‑зомбылық жасауға әбден машықтанған мүшріктер Бәдірде жеңіліске ұшырағанда, қандары қарайып, бұрынғыдан да бетер өшіге түсті. Бұлай кете берсе биліктен айрыламыз деп сескенді. Барған са-йын Меккенің құты қашып, билікті Мәдиналықтардың еңсеріп бара жатқаны оларға жеңіл соқпады. Жатса да, тұрса да өш алудың жаңа жолдарын қарастыра бастады. Ақыры кектеніп жүріп Мәдина қаласына тақап келіп, өздеріне тән сұмпайылықпен мұсылмандарға тұтқиылдан лап қойды. Мұсылмандар үшін бұл толықтай қорғаныс шайқасы еді. Дінді, арды сақтаудың бұдан басқа жолы жоқ болатын.
Иә, бойында намысы бар кез‑келген адамның дәл осылай қарсылық танытуы заңды да.

3. Хандак (ор) шайқасы
Мүшріктер Ухуд шайқасынан кейін де үсті-үстіне өршелене түсті. Бұған яһудилер де қосылды. Барлығы бірге Исламның тамырына балта шабудың амал-айласын жасап, Мәдина қаласын қара құзғындай қоршап алды. Мүшріктердің мұнша жылдық жауыздығы, яһудилердің зымиян есебі мен жоспары Мәдинадағы ат төбеліндей мұсылманды жойып жіберуге бағытталды. Бірақ мұсылмандар осының бәріне ерлікпен қарсы тұра білді. Дін, иман, ар‑намысты қорғау жолында алтын әріптермен мәңгілік мақтан тұтарлық ерлік дастанын жазумен болды.

Хандак шайқасы да қорғаныстан туған шайқас еді. Жауына қарсы кез‑келген елдің дәл осылай қорғануға толықтай құқы бар.

4. Меккенің азат етілуі
Меккенің азат етілуі – Пайғамбарымызға жарасарлық түрде жүзеге асқан іс еді. Бұл мұсылмандардың бір тамшы да қан төгілмеуіне бар күш сала отырып қол жеткізген көптен күткен жеңіс-тұғын. Мақсат – сонша жыл қуғын көріп, мүліктері тәркіленіп, қиындық тартқаннан кейін туған елге оралу, үйлеріне келіп, бау-бақша күтімін қолға алу еді. Осы кедергілерді жеңу, күніге бес уақыт бет түзеп намаз оқитын Қағбаны пұттардан тазарту, пұтқа табынушылардың қолындағы панасыз, қорғансыз әйелдер мен балаларды босату, олардың дұрыс өмір сүру құқын қалыпқа келтіру, сондай-ақ құлшылықты ашық жасау керек болды. Сонымен қатар бұл ғұмыр бойы Мекке басшыларының ығынан шыға алмаған ру-тайпалардың лек-легімен Ислам дінін қабылдауына түрткі болған берекелі жеңіс еді. Мекке жеңісі әу баста жоспарланғанындай іске асты. Аллаһ елшісі (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) тұрғылықты халыққа: «Әбу Суфиянның үйін, Хаким ибн Изардың шаңырағын, Қағбаны паналағандар, сондай-ақ өз үйіне кіріп, есігін бекіткендердің бәрінің де басына сауға берем», – деген кешірімін жариялады. Мұншалық кешірім мен мейірімге, ұлылыққа куә болған халық аңдысқан ата жаулығын ұмытып, қатал көңілдері жібіп сала берді. Ендігі жерде осы уақытқа дейін жасаған қылықтарына қатты ұялып, оны жуып-шаюдың ретін қарастырып бақты.

Осы шағын ғана мысалдан байқағанымыздай, Хақ пайғамбар барлық ғазауаттарында әділдік орнатуды, жапа шеккендерді қорғау, екі дүниенің бақытына бас-тайтын иман жолындағы кедергілерді жоюды мақсат тұтқан. Исламның таралуын күндеп өрескел қылыққа барғандармен күрескен. Таңқаларлығы сол, осы жиырма үш жылда орын алған шайқастарда бар‑жоғы 375 адам ғана өлген. Салыстырар болсақ, бұл қазіргі заманда бір айлық жол апатынан жантәсілім болғандардың санынан аспайды.
5. Пайғамбарымыздың яһудилермен соғысы
Яһудилер Хақ елшісінің пайғамбарлығын мойындағысы келмеді. Бәдір жеңісінен кейін азу тісін ақситқан қасқырдай ішкі ызаларын аңдатып, ашық дұшпандыққа көшті.

Иә, Бәдір шайқасынан кейін Бәну Қайнуқа тайпасы яһудилерінің жымысқы әрекеттері тіптен шектен шықты. Олар бір жағынан жасырын түрде айналадағы дұшпан топтарды мұсылмандарға айдап салып, түрлі айла-шарғылар құрса, бір жағынан: «Ей, Мұхаммед, Бәдірде соғысудың не екенін білмейтін қауымды жеңгеніңе көкірек қақпа» деп тістерін қайрап, соғыс отын тұтату үшін әдейі сыныққа сылтау іздеп жүрді. Тіпті, Ибн Әсирдің анықтағанындай, сол кезде Қайнуқа маңында бір яһуди мұсылман әйелге тиісіп, жұрттың көзінше масқаралап еді[15]. Осы себепті Мәдинада алғаш рет келісімшартты бұзып, бүлік шығарып, мұсылман әйелді жұрт көзінше келемеждемек болған Қайнуқа тайпасы болды.

Яһудилердің келесі бір тайпасы Бәну Надр әу баста Пайғамбарымызбен келісімшарт жасасқан болатын. Алайда, кейіннен жасырын түрде құрайыштықтармен ымыраға келіп, Исламға қарсы шықты. Бәни Құрайза да әуелде мұсылмандармен келісімшарт жасасқанына қарамастан, Хандак шайқасындағы ең қиын‑қыстау кезеңде уәдесінен тайып, құрайыштықтармен одақтасып, мұсылмандарды мазақ еткендей қылыққа барды.

Хасан Ибраһим Хасанның жазғанындай, яһудилер бірінен‑соң бірі сатқындық жасаса да Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) ешқашан әділдіктен, туралықтан және кешірімділіктен танбады. Мұсылмандар яһудилердің мұншама екіжүзділік, сатқындық пен қиянаттарына жасаған қылмыстарына сай ғана жаза берді[16].

Яһудилердің буырқанған ыза‑кегі бұнымен шектелмей, қаулаған өрттей «Ор» соғысынан кейін де жалғасты. Бір жағынан Пайғамбарымызды өлтіру үшін тамағына у қосу, отырған жерінде үстінен үлкен тас құлату секілді қастандықтар жасауға тырысса, бір жағынан Ислам дұшпандарын айдап салып отырды. Әсіресе, Мәдина қаласында бүлік шығаруда алдарына жан салмады. Осының бәрін есепке алған Пайғамбарымыз Ислам астанасының тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін оларды қаладан шығаруға шешім қабылдады. Мәдинадан аластатылған яһудилер мен өзге де дін дұшпандары Хайбарды бекініс ете бастады. Жағдай бұрынғыдан да бетер ушыға түсті. Өйткені, Хайбар яһудилері бір жағынан әр түрлі зымиян сауда‑саттық арқылы кедей арабтарды қанаса, бір жағынан кейде құрайыштықтармен, кейде византиялықтармен ауызжаласып, мұсылмандарды түбірімен жойып, Ислам нұрын өшірмекке жанталасты. Олардың осы зымияндығын түбегейлі тоқтату үшін Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) Хайбарды да Ислам негіздеріне сүйене отырып, әділдікпен басқаруға шешім қабылдады. Ахзаб шайқасынан кейін ол яһудилерді Хақ тағаланың әділ заңымен қол астына алды. Осы жеңіс нәтижесінде бір жағынан қулық-сұмдық, қастандық қанына сіңген яһудилер бақылауға алынып, өзгелерге зияндық жасауға тыйым салынса, бір жағынан мұсылмандардың келешегі кепілдікке алынды.

Яһудилер Пайғамбарымыздан кейінгі халифалар заманында да сатқындық пен қастандықтарын тоқтатқан жоқ. Мұсылмандардың арасына от салып, көптеген тайпаларды Ислам дінінен бас тартқызуға күш салды. Мұсылмандарға қарсы ұдайы византиялықтарды айдап салып отырды. Онымен қоймай византиялықтар мен сасанидтердің жансызы болып, Исламды құлатуға деген пиғылдарынан танбады. Ақырында, хазірет Омардың ұлы Абдуллаһқа қастандық жасады. Осыдан кейін хазірет Омар мұсылмандардың әзәзіліне айналған яһудилерді араб түбегінен аластату мәселесі жайында сахабалармен кеңесті. Сол аймақтан мал‑мүлік пен тұрғылықты жер бөліп беріп, оларды астанадан жыраққа орналастырды.

Егер яһудилердің мұсылмандарға жасаған мұндай іс‑әрекеттері қазіргі заманғы мемлекеттердің біріне жасалса, олар қандай шешім қабылдар еді?...

6. Пайғамбарымыздың Ғассан христиандарына жорығы
Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) хижраның сегізінші жылы Шужа ибн Уәһбул Әсәдті Византияның одақтасы Ғассан патшасы Хариске жіберіп, оны сыпайы түрде Исламға шақырады. Мемлекетаралық ұстаным ретінде қабылданған «елшіге тиісуге болмайды» деген қағидаға қарамастан Харис жіберілген елшіні өлтіреді. Іле Мәдинаға соғыс ашатынын айтып, Рим императорынан көмек сұрайды. Осы мақсатпен оның үлкен қол жинап жатқанын дер кезінде естіген Пайғамбарымыз Зәйіт ибн Харисаны[17] қолбасшы етіп тағайындап, үш мың қолды тез арада Мутаға жібереді. Мұсылмандар Мутада құрамында византиялық әскерлер де бар өздерінен жиырма есе көп Ғассан қолымен бетпе-бет келіп, Халид ибн Уалидтің[18] стратегиялық біліктілігінің арқасында аз ғана шығынмен жаудың бетін кері қайтарып, Мәдинаға оралады.

Мұнан кейінгі жылдары византиялықтар мен сасанидтердің Исламға деген өшпенділігі бұрынғыдан да бетер арта түсті. Пайғамбарымыздың көзі тірісінде орын алған жауға қарсы қорғаныс түріндегі шайқастарының қысқаша сипаты – міне осы.
Хазірет Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) бүкіл өмірінде соғыстан өзге уақытта қолына қылыш ұстамаған. Өйткені мойнына пайғамбарлық ұлы міндет: Аллаһтан алған иләһи хабарды төрткүл дүниеге жеткізіп, күллі адамзатты ақиқатқа үндеу жүктелген еді. Хақ тағаланың елшісі болғандықтан осыны іске асыруы тиіс болатын. Адамзат осы асыл діннің арқасында ғана тура жолдан адаспай, ақиқатқа, бақытты өмірге қол жеткізбек еді. Жаңа туған ақиқат үшін ескі адасудан өткен дұшпандық жоқ еді. Екі жиһан пайғамбары ізгілікті ісін орындауға кіріскенде, бұған қарсы тұратындар табылмай қалмады. Алайда, Аллаһ елшісі (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) осы кедергілерден еш мүдірмей өтіп, кейбір пайымы таяз жандар мойындамағанымен, биік нәтижелерге қол жеткізді. Ең бастысы да осы еді.

Задында екі жиһан пайғамбары Құранның алмастай жарқыраған ақиқаттарымен көңілді баурап, жүректі жаулауға, адамзатқа екі дүние бақытын нұсқау, сан‑саққа ауған адам көңілін хақ дінге бұрып, тәухидке бағыттау, адамдыққа қайта оралту, әлеуметтік тепе‑теңдікті қайта қалыпқа келтіру арқылы әлемдік иләһи әділдікті қайта орнату; ар‑ұят, дүние-мүлік, адам жаны мен ұрпақ болашағын бекемдеу үшін жіберілген. Осы ұлы міндетті орындау барысында әркімнің ақыл, жүрек, рухын негізге алып, ешқашан зорлыққа бармауы тиіс еді. Солай болды да.

Пайғамбарымыз «Дінде мәжбүрлеу жоқ. Расында, туралық пен азғындықтың ара-жігі ажыратылды»[19] деген иләһи ұстаным негізінде, адамзаттың хаққа көзін жеткізу мен тағылым беру жолын таңдады.

«Сен Раббыңның жолына хикмет пен көркем насихат арқылы шақыр. Олармен ең көркем түрде пікір таластыр»[20] деген ұлық қағиданың негізінде ақыл мен жүректі қатар тербеді.

Жаратқан Ие «Аллаһқа, Пайғамбарына бағын» де. Егер бағынудан бет бұрсаңдар, шын мәнінде Пайғамбар, өзіне жүктелгенге, сендер өздеріңе жүктелгенге міндеттісіңдер. Ал егер Пайғамбарға бойұсынсаңдар, тура жол табасыңдар. Сондай‑ақ, Пайғамбардың міндеті – ашық түрде (дінді) жеткізу»[21] аяты арқылы пайғамбарлық міндетін ғана атқарып, Хақ тағаланың ісіне араласпауы қажет екендігін ұқтырған-ды.

Жаратқанның: «Насихатта. Өйткені сен насихат етуші ғанасың. Сен оларды иман келтіруге мәжбүрлеуші емессің»[22] деген илаһи ескертуін өзіне басты қағида ете отырып: «Біз олардың айтқандарын өте жақсы білеміз. Сен оларды мәжбүрлеуші емессің. Кім азаптан қорықса, оларға Құранмен насихат айт»[23] аяттары аясында өз міндетін жалғастырды.

Иә, ол жылдар бойы талмай, жалықпай өзіне жасалған барлық қиянаттарға шыдамдылық танытып, жаны, ары таза жандарды іздеп, адамдықтан толық ажырамаған кісілерге үн қатты. Күпірлікке толық ұрына қоймаған адамдармен кездесіп, рухани әңгімеге тартты. Аса ауыр, сындарлы сәттерде де өзінің ұлық міндетін тоқтатқан емес.

Хақтың нұры төрткүл дүниеге тараған шақта надандық пен жауыздыққа, әділетсіздікке еті үйренгендер мазасызданып, қайткен күнде де Исламның ізгілік нұрын біржола өшіру жолында бас біріктіре бастады. Бірақ, бұл кезде Аллаһ тағаланың әмірі, Пайғамбардың міндеті болған осы нұрлы істі тоқтатпай жалғастыруды мұсылмандар қолға алып, өздеріне өмірлік мақсат тұтқан еді. Надандықтан құтқару, жалған сенімдерді жою, жалған Құдайларды ғибадатханадан да, жүректерден де аластау, әлсіздер мен қорғансыздарға қол ұшын созу, жауыздық атаулыны тоқтату, дін мен сенім еркіндігін орнату, Ислам нұрының бейбіт түрде жайылуы, адамдар арасында әділдік, теңдік, бауырластық орнату жолына бар ықыласпен берілген жандардың мұндай қасиетті істен енді бас тартуы мүмкін емес еді. Иә, айтқандай‑ақ, олар өздерінің діттеген мақсаттарына болаттай беріктік танытты.
Бұдан былай, Хақ нұрының әлемге жайылуына зорлықпен тосқауыл қойғысы келгендерге жол бермеу, Исламға қастандық жасағандарға тиісті жазасын беру ғаламдық бейбітшілік үшін зәрулік еді. Алайда, бұл әсте Ислам күшпен тарады дегенді білдірмейді.

Біріншіден, сол көне дәуірден күні бүгінге дейін мұсылмандық тараған елдерге дін өкілдері ешқашан қарулы күш қолданбаған. Ақырғы дін Пайғамбарымыздың заманында арабтар арасында дәл осылай бейбіт жолмен жайылса, беріректе Африка мен Оңтүстік Азияға да осылай таралған. Тіпті, алғашқы мұсылмандар «дінді қабылда» деп ешкімге үгіт жүргізген жоқ деуге де болады. Олар елмен емін-еркін араласу арқылы алдымен жұрттың жүрегін баурауға тырысты, Иә, шынында кейбір кішігірім мәселелерді есепке алмағанда мұсылмандар тек әлемнің тыныштығын бұзғандарға, жапа шеккендерді қорғау үшін және әділетсіздік жасағандардың озбырлығын тоқтату үшін ғана қаталдық танытты. Дер кезінде залымдар мен ақиқатқа өшігіп қарағандардың сазайын берді. Бірақ, әділдік пен туралықтан бір елі ажырамады.

Иә, соғысқанда, жазаға тартқанда, тіпті, қанішер адамның өзін өлім жазасына кескенде ақиқат пен туралықтан айырылмаған қоғам болатын болса, ол – Ислам қоғамы. Міне, төменде алғашқы халифалардан бастап осы заманға дейін соғыс кезінде қатты көңіл бөлінген қағидалардың бірқатары:
1. Қиянат жасамаңдар, талан-таражға бармаңдар.
2. Қас жауың болса да, қатігездік жасап, қинамаңдар.
3. Жас балаларға тиіспеңдер.
4. Қарттар мен әйелдерді жәбірлемеңдер.
5. Құрма ағаштарын кеспеңдер, бау‑бақшаларды өртемеңдер.
6. Қой, сиыр, түйе малдарын себепсіз өлтірмеңдер.
7. Мінәжатханалардағы дін адамдарына тиісуші болмаңдар[24].
Жиһад кезінің өзінде қатаң сақталған осы ұстанымдар мәдениет жөнінен алғашқы мұсыл-мандардың қазіргі «өркениетті» елдерден оқ бойы озық тұрғандығын көрсетеді.

Иә, Ислам діні дұшпан болса да азаптап, бау‑бақшасын өртеуге тыйым салған. Соғыс ашпай тұрып, алдымен жауға хабар беруді негізгі қағида ретінде ұстанған. Соғысқа әзірлік кезінде де дінге шақырып, ақиқатты естіртпей тұрып ұрыс бастамаған. Жорыққа шықса, Аллаһ тағаланың ұлы есімін төрткүл дүниеге жеткізу мақсатымен ғана шығуға баса мән берген. Олардың осы риясыздықтары мен шынайылықтары, әр істе Хақ тағаланың разылығын көздегендігі арқасында барған жерлерінде халықтың сеніміне кіре білген. Сондықтан да көп ұзамай сол елдің тұрғындары топ‑тобымен Исламды қабылдай бастаған. Бұлай болмағанда сахарадан шыққан ат төбеліндей ғана адамдар үш құрлыққа билік жүргізіп, ғасырлар бойы оларды басқара алмас еді. Тарих қойнауына үңілсек, бір ғана әскери күштің арқасында құрылған көптеген алып империялар бар. Дей тұрғанмен олардың өзі көп ұзамай жермен‑жексен болып, артында із қалмаған. Ислам мұншама сыртқы күштердің шабуылдарына қарамастан мың жылдан астам уақыттан бері әлемнің көптеген жерлерінде өзінің ықпалдылығын сездіріп жатса, мұның сыры оның рухындағы бейбітшілік пен қауіпсіздікте, сенім мен әлемдік рақымдылықта жатыр.

Исламда қару мен күш басты орында тұрған жоқ, ол – қосымша Құран хикметінің күзетшісі, Ислам нұрының қорғаушысы ғана. Қару – қара күшті бедел санаған, тәнқұмарлықты өмірлік мақсат деп ұққан, жауыздық пен қатігездіктен ләззат алып, өздерін жарты Құдай санаған өркөкіректерге қарсы әділдікті жақтап, ой еркіндігін орнату, жапа шектіріп зар илетуді тоқтату, әлсіз, қауқарсыз жандарға қамқоршы болу жолында қолданылған. Осының арқасында баршаға таңдау еркіндігі мен сенім бостандығы туған. Ал, бұл өз кезегінде пәк ар‑ождан, дұрыс пікір, ақыл, қисын және болмыспен толықтай астасқан Ислам дінін қабылдау үшін жеткілікті еді.

Иә, Ислам діні – рухтың шарқ ұрып іздеген, санаға сай, ақыл мен қисынның ілімі. Қару болса, күш-қуатты өмірінің негізіне балап, дүниәуи құмарлыққа бой алдырған адамға қарсы тұрып, әсемдіктің көрмесіне айналған Исламның кереметтерін тамашалауға кедергі келтірген нәрселерді жою, бейкүнә, жапа шеккен және ақиқатты іздеген жандарға мәңгілік бақытқа жеткізетін көпірді көрсету үшін қолданылған.

Негізінде, Ислам дініне жаулық ойлап, бір тырнағын ішіне бүккендер сол заманнан осы кезге дейін өздерінің жасаған қатігездіктерін бүркемелеп, адамзат назарын өзгеге аудару үшін жатпай‑тынбай Ислам мен мұсылмандарды қаралаудан бір тынбай келеді.

Сорақы зұлымдықтың иесі Перғауын болатын. Ол халқын «Атонға» табындыру үшін өзге тәңірлердің бәріне қарсы соғыс жариялап, барлық мінәжатханаларды жермен‑жексен етті. Буддизм Цейлон мен Оңтүстік Азияға Ашока патшаның жүргізген зорлық-зомбылығы арқылы жеткен. Маздеизмді таратам деген Кавад қалың елді қанға бөктірген еді. Өзі де көпке бармады. Христиандық 313 жылы император Константиннің қулық-сұмдығы, зұлымдығы мен тирандығы арқылы күшпен мойындатылды. Шарлман Саксондармен 33 жыл бойы соғысып, христиандықты қабылдатуға мәжбүрледі.

Асылында, кресшілердің ғасырлар бойы мұсылмандарға көрсеткен қорлығын суреттеудің өзі ауыр. Олар христиандықтың атын жамылып, өзге елдерге шабуыл жасап, басып алған жерлерінің бәрін жермен‑жексен етті. Бала‑шаға, жас‑кәрі, әйел демей түгелдей қырып‑жойып, мазараттар мен мінәжатханаларды тонап, мешіттерді ат қораға айналдырды. Бұған дәлел кітаптары мен көрмелерінде самсап тұрған Исламның ежелгі қолөнер жауһарлары деуге болады.

Әсіресе, Израильді айтсаңызшы! Олардың масқаралықтарын көрмеген яки әдейі көрмеген сыңай танытқан еуропалық жазушысымақтар мен олардың Ислам әлеміндегі көзсіз еліктеушілерінің сөздеріне қалай ғана сенесің?!
Айтқандарымыздың ешқайсысы жалаң сөздер емес. Мұның барлығына соңғы кездерде Томас Арнольд пен Тойнби сияқты жүздеген білікті ғалымдардың еңбектері дәлел. Олар Исламның қан төгіссіз, бейбіт жолмен тарағандығын баса айтуда.

Дәл осы жерде бірнеше дәйектерді келтіре кеткен орынды болар.
l. Мұсылмандар Шамға (Сирия) билік орнатқан кезде, көп өтпей халықтың басым көпшілігі мұсылман болды. Қалған тұрғындар әуелі мұсылмандардың қол астына кірді, кейіннен бірте‑бірте өз еріктерімен Исламды қабылдады. Тіпті, бір күні Шамды қайтадан византиялықтар алуға әскер жасақтағанда, христиан халқы шіркеулерді күңірентіп, мұсылмандардың жеңісі үшін дұға етті.

2. Томас Арнольд «Исламға шақыру» атты кітабында Мысыр, Африка халықтарының мұсылмандар келгенге дейін римдік христиан билеушілердің қанауынан көз ашпағанын жазады. Исламды қабылдау арқылы қайта тірілген Мысыр елі бүкіл Африкаға мұсылмандықтың тарауына маңызды стратегиялық қызмет атқарып, ғылым мен мәдениеттің алтын бесігіне айналды.

3. Испания халқының да Исламға кіруге талпыныс жасағаны, кейіннен 8 ғасыр бойы ислами ғылым мен мәдениеттің орталығына айналғаны – мойындалған шындық. Ал кейінгі кезеңде еуропалықтардың Испания халқына, өркениетке, ғылым мен мәдениетке тигізгін кесірінің қандай орасан болғанын айтып жатудың өзі ерсі.

4. Стамбул, Балкан, Шығыс Еуропаны Османлы мемлекетінің өзіне қаратуы толықтай ынсап, туралық, әділдік және рақымдылық шеңбері аясында өрбіген. Бұл елдер Исламды өз еріктерімен қабылдаған.

5. Мауараннахр[25] халқы, кейіннен Селжұқтардың өз қалауымен Исламды таңдағаны, ғасырлар бойы Ислам байрағын ұстап келгені баршаға белгілі жайт.

6. Уганда, Сомали, Суматра, Ява, Филиппинге Ислам дінін сопылар мен дәруіштер жеткізді. Осы бір иман жүзді діндарлардың мінез‑құлқы мен іс‑әрекетін халық жылы қабылдады. Бұны Томас Арнольд, Гюстав Лебон, Арнольд Тойнби сияқты ғалымдар да бірауыздан мойындауда.

Алғашқы заманнан қазірге дейінгі аралықта Ислам дінін қабылдаған елдер мұсылмандарды өздеріне қорғаушы періштедей көрді. Ешқашан өзге дін өкілдері наразылық білдіріп, шағымданбады. Бұл бейбіт өмір кейбір еуропалық күштердің Ислам әлемінде өмір сүрген өзге дін адамдарын мұсылмандарға айдап салғанға дейін жалғасты. Еуропалықтарға алданғанын кеш білген осы ұлттар кейіннен жасағандарына қатты өкініп, сан соғып қалды. Бірақ, бәрі де кеш еді.

Иә, әлемге бейбітшілік орнатуды көздеген Ислам діні – ақыл, рух, ар‑ожданды қатар қолға алып, дұшпандарының көзін жеткізе отырып ақиқатты мойындатқан теңдессіз жүйе. Мұсылмандар Құран мен сүннеттің аясында әлемді бауырластық бесігі деп біліп, баршамен жақын тіл табысудың жолдарын іздеді.

Құран оларға: «Аллаһ тағала дін жолында сендермен соғыспаған және ел-жұрттарыңнан қумағандарға жақсылық жасауларыңа, әділдік етулеріңе тыйым салмайды. Расында, Аллаһ турашылдарды жақсы көреді»[26] деп, кеңпейілдік пен адамгершілікті негіз етуді ескертіп, мұсылмандарға ең жоғарғы нысананы көрсетті. Қандай жағдайда да ізгілік пен жақсылық жасауды бұйырды.
Қасиетті Құран Кәрімде: «Біз адамдарға ата‑анасымен жақсы қарым-қатынаста болуды бұйырдық. Себебі, анасы оны әлсіреген үстіне әлсіреп, қиыншылықтарға төзе отырып, құрсағында көтерді. Туғаннан кейін екі жыл емізеді. (Ей, адамдар!) алдымен Маған, сосын ата-аналарыңа алғыс айтыңдар, соңында маған қайта ораласыңдар. Егер ата-анаң білмеген нәрсеңде Маған ортақ қосуға мәжбүрлесе, оларға бағынба! Олармен дүниеде дұрыс жолдас бол да, Маған құштар адамдардың жолына түс»[27] деген жарлығымен әке‑шешесі мүшірік болса да мүминнің оларға жақсы қарауы керектігін ескерткен.
Ал «Іштерінде зұлымдық жасағандарынан басқа кітап иелерімен (христиан, яһудилер) көркем түрде пікірталастырыңдар»[28] деген аят арқылы кітап иелеріне ақиқатты жеткізудің ең сыпайы түрін көрсетеді.

Осы тұрғыдан Пайғамбарымыз Исламды пана тұтқан жандармен қашан да ізгі қарым‑қатынас жасады. Мұсылман елінде өмір сүрген өзге дін өкілдерінің құқығын мұсылмандармен тең санап, қашан да өзінің күллі әлемге рақым етіп жіберілгенін паш етті. Қонаққа шақырса көңілдерін қалдырмай барып, жаназалары өтіп бара жатса орнынан тұрып құрмет көрсеткен. Науқастанып қалса көңілін сұрап барған. Әһли кітаптан қарыз алып, олармен сауда‑саттық жасаған. Ислам шаңырағында өмір сүргендерді гүлдей аялап, құрметтеген.

«Зыммиге (өзге дін өкілдеріне) қиындық тудырған менен емес»[29] деп олардың құқын жоғары қоя білген.
«Қол астындағы өзге дін өкілдерінің біреуін өлтірген адам жәннаттың иісін де сезбейді»[30] деп, Ислам әлемінде өмір сүрген өзге дін өкілдеріне тиіскен мұсылманға жәннат бұйырмайтынын ескерткен. Бұл бұрын-соңды болмаған ең жоғарғы адамгершілік түсінігі екені сөзсіз.

Кейінгі дәуірлердегі болмашы аз бір кезеңді қоспағанда, жалпы оның нұрлы заманында барлық істер дәл осылай жоғары деңгейде өткені тәрізді, қазіргі заманға дейінгі мұсылман басшылары да өздеріне мирас етіп қабылдаған Ислам аманатының сақталуына дәл сондай мұқияттылықпен қараған.
Аллаһ тағала баршасынан разы болсын!


[1] «Бақара» сүресі, 2/256.
[2] «Кәһф» сүресі, 18/29.
[3] «Тахрим» сүресі, 66/9.
[4] «Ниса» сүресі, 4/89.
[5] «Тәубе» сүресі, 9/29.
[6] Таиф – Меккенің оңтүстігінде 120 км қашықтықта, таулы жерде орналасқан қаланың атауы. 
[7] «Ахқаф» сүресі, 46/35.
[8] «Рұм» сүресі, 30/60.
[9] «Ғафир» (Мүмин) сүресі, 40/55.
[10] Ансар (көмекшілер) – Мәдина қаласының әус және хазрәж руына қарасты тұрғындары. Олар – мұсылманшылықты қабылдаған соң Пайғамбарымыз бен меккелік мұсылмандарға қолдан келген көмектің бәрін жасаған ардақты жамағат. 
[11] Мұхажирлер – Меккеден Мәдинаға қоныс аударған мұсылмандар
[12] «Хаж» сүресі, 22/40.
[13] «Бақара» сүресі, 2/191.
[14] «Ниса» сүресі, 4/75.
[15] Ибн Әсир, әл‑Камил, 2-т., 96-б.
[16] Х. Ибраһим Хасан, Ислам тарихы, I, б. 132.
[17] Зәйіт ибн Хариса (р.а.) – Исламды ең алғаш қабылдаған әйгілі сахабалардың бірі. Оған дейін құлдықта жүрген.
[18] Халид ибн Уәлид – Мекке алынудан біраз уақыт бұрын ғана Исламды қабылдаған, аты аңызға айналған әйгілі қолбасшы болған сахаба.
[19] «Бақара» сүресі, 2/256.
[20] «Нахыл» сүресі, 16/125.
[21] «Нұр» сүресі, 24/54.
[22] «Ғашия» сүресі, 88/21-22.
[23] «Қаф» сүресі, 50/45.
[24] әл‑Кәмил, III, 227-б.; Tабари, III, 226-б.
[25] Маураннахр – арабшадан сөзбе-сөз аударғанда «өзеннің арғы беті» деген сөз. Ол Амудария өзенінің арғы жағындағы елді білдіру үшін айтылатын географиялық атау. 
[26] «Мумтахина» сүресі, 60/8.
[27] «Лұқпан» сүресі, 31/14-15.
[28] «Анкабут» сүресі, 29/46.
[29] әл-Мүнәуи, Фәйзул-қадир, 6/19; әл-Әжлуни, Кәшфул-хафа, 2/342.
[30] Бухари, диәт 29, Ахмәд ибн Ханбәл, әл-Мүснәд, 1/292.

 

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.