Кей кісілер «Неге біз Аллаһ тағаланы көрмейміз?» деп сұрап жатады. Бұған қалай жауап берген дұрыс?

Негізінде бір нәрсені көру – оны толықтай қамту қабілетіне қатысты мәселе. Мәселен, адамның денесінде неше түрлі микробтар көп, бір тістің өзінде миллиондаған бактериялар кездеседі. Бірақ тістің түбін кеміріп, үңгуге тырысатын олардың дыбысын адам естімейді, тіпті солардың бар екендіктерін де аңғармайды. Сол сияқты бактериялар да адамды тұтастай көру былай тұрсын, тіпті ауыз қуысының өзін түгел қамти алмайды. Негізі адамды көріп, бастан-аяқ толықтай қамти алу үшін олар аулақтан көз тастауы, әрі алыстан көре аларлықтай телескоп тәрізді өткір көзді болуы қажет. Ендеше, нысанды жанарымен толық қамти алмауы олардың көрулеріне кедергі келтіреді. Сондықтан микрорганизмдер қарсы алдында тұрғанды ғана көреді...
Микро әлемнен берілген осыған ұқсас мысалды енді макро әлемнен іздеп көрелік: мысалы, жарық жылдамдығымен төрт миллиард жылдық қашықтықты көрсететін аса ірі бір телескобымыз бар деп ойлайық. Соның өзінде ғалам және басқа да кеңістіктер туралы біздің білетініміз білмейтінімізге қарағанда теңіздің тамшысындай ғана болмақ. Мәселен, телескоптың өзі адамның көре алатын кеңістіктері жайында бұлдыр болжамдар жасауға ғана көмектеспек. Ал біз болсақ соның негізінде жаңа қорытындылар жасап, соны мәліметтер алуға талпынамыз. Сонда да ғаламзаттың қалай басқарылатынын, жалпы формасын, ішкі құрылымын тиісінше ұға алмаймыз. Өйткені, микроскоп, рентген секілді құралдарға қанша жүгінсек те, микро әлем тәрізді макро әлемді де шашау шығармай толық қамту қабілетіне ие емеспіз.
Ал енді Жаратушы жайына ойысайық. Пайғамбарымыз бір хадисінде былай дейді: «Аллаһтың күрсісімен[1] салыстырғанда, (жарық жылдамдығымен триллиондаған қашықтыққа ие) барлық ғаламшарлар мен кеңістіктер шөл далаға тасталған алқа тәрізді». «Ал Аршымен[2] салыстырғанда, Күрсі шөлге тасталған алқа кейпін елестетеді»[3] .
Қай жағынан алып қарасаңыз да Аршы мен Күрсінің шексіз зор екенін пайымдататын бұл өлшемді сыйдыруға біздің ұғымымыз тарлық етеді. Аллаһ тағаланың бұйрықтары мен жарлығы осындай биік өреден жүзеге асуда. Ал енді ғалам атаулымен салыстырғанда тозаң құрлы қауқары жоқ адам баласының күллі ғаламды ұғынам деуі әрине бекершілік. Сол себепті Құран Кәрімде: «Көздер Оны көре алмайды, бірақ Ол (ілімі арқылы) барлық көздерді көреді»[4]  делінген.
Иә, Жаратушыны көруге көздің, елестетуге мидың шамасы жетпейді. Неге десеңіз, көру үшін, жоғарыда айтылғандай, тұтастай қамти білетін қабілет қажет. Ғаламның Егесі күллі көз атаулыны көргенмен, бірақ көз атаулы Оны көруге келгенде дәрменсіз. Тақырыпты ұғымға жеңілдету үшін мәселенің бұл қырын осылай түйген жөн.
Және бір қырынан алғанда, нұр – Аллаһ тағаланың тылсым пердесі. Біз нұрды да қамти алмаймыз. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) миғраждан оралған шақта сахабалардың бірі: «Раббыңызды көрдіңіз бе?», – деп сұрайды. Әбу Зәрдің айтқанына қарағанда, Пайғамбарымыз оған: «Ол – нұр емес пе, нұрды қалай көрейін?»[5], – десе, тағы бірде: «Мен нұр көрдім»[6], – деп қана жауап береді. Алайда, нұр – жаратылған нәрсе. Аллаһ – Мұнаууирун-нур: нұрға көрік беріп түрлендіруші, бейнелендіруші. Нұр – Аллаһ емес, Соның жаратқаны ғана. Басқа бір хадисте: «Аллаһтың пердесі – нұр»[7] деп айтылады. Яғни, «сіздер мен Жаратушының арасында нұр бар. Сіздерді нұр қоршап тұр (перделеп тұр)», – дейді. Бұл тұста да ерекше бір тереңдікке мән бермей болмайды. Біз «қоршап тұр» дейміз. Жаратушы Иенің сипаттарына ғана бөленгендікті меңзеп тұрмыз. Ал сипаттары Жаратқанның өзі де емес, өзінен әсте тысқары да емес.
Жаратқанға қатысты мәселелерге дендеп енген сайын тақырып аясы барынша тереңдеп, күрделене түседі.
Түптеп келгенде былай деуге болады: Аллаһ тағала көзге көрінбейді. Өйткені, Оның пердесі – нұр. Сіз тек нұрды ғана көре алуыңыз мүмкін. Мәселен, «нәпсі әммәраның»[8] сырына қаныққаныңызда нұрды қызыл түске малынған кейіпте көресіз, «нәпсі ләууәмаға»[9] келген кезде көк түсте, ал «нәпсі мұтмайыннаға»[10] жеткен кезде жасыл түсте көресіз. Тағы бір саты жоғары көтерілген кездегі нұрдың түсін нақты ажырату мүлде қиын соғады. Бұл – әулиелерге тән ішкі ар-ождан тазалығы арқылы ғана қол жеткізетін сырға толы жағдаяттар.
Мәселенің мәнін ашу мақсатында түске бояп түсіндіруге тырыстым. Демек сіздің көре алатыныңыз Аллаһ тағаланың нұрының көлеңкесінің бір сұлбасы ғана. Мұның өзі де көрдім деуге келмейді.
Енді бұл тақырыпқа басқа қырынан келелік, ақын Ибраһим Хаққы:
«Раббыма табылмайды тең келер,
Хақ тағаланы бейнелеймін деу әбестік, пенделер»[11] дейді.
Әуелі, Раббымыз қандай да бір нәрсемен салыстыра отырып ұғынуға келмейді. Бұны аса маңызды мәселе дер едік. Неге десеңіз, кез-келген нәрсені басқа нәрсемен салыстыра отырып парықтаймыз. Айталық, қараңғылыққа қарап жарықтың, ұзындыққа қарап қысқалықтың не екеніне көз жеткіземіз. Бірақ, Жаратушы Иені басқа нәрсемен салыстырып қарарлықтай Оның ұқсасы да, кері бейнесі де жоқ. 
Аталмыш жайтты енді адамның физикалық мүмкіндіктері тұрғысынан қарастырып көрейік. Адам баласы жалаң көзімен ғаламның я болмаса өзі өмір сүріп жатқан әлемнің неше бөлігін көре алады? Осыған байланысты нақты мәлімет бере аласыз ба? Шынтуайтында, әлемдегі миллиардтаған заттар: «Қараңдар, ғибрат алыңдар. Жаратушыны ұлықтаңдар!» деп тұр. Ал біз осылардың миллионнан мысқалын ғана көре аламыз, қалғандарынан мүлде хабарымыз жоқ. Онда да белгілі бір пішіндегі, белгілі бір сәуле толқынындағыларды ғана көреміз. Олай болса, «Мен неге Аллаһ тағаланы көрмеймін?» деген адам өзі миллионнан мысқалын ғана көретін тар ғаламға күллі ғаламзаттың жаратушысы Аллаһ тағаланы да сыйғызғысы келетіндей. Бұл неткен санасыздық!
Иә, ғаламдағы құдірет кітабын оқуға ыждаһат-тылық танытып, мәніне терең бойлай білгендер ақыретте Аллаһты өз дәрежесіне сай көре алады. Хазірет Мұса тәрізді ұлық пайғамбар, сондай-ақ пайғамбарлардың мырзасы хазірет Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) танымының тереңдігі дәрежесінде сөзсіз Аллаһты көреді. Өзгелер де өз таным-деңгейлеріне қарай Жаратқан Иені көрмек. Бұл тұста болмысты барынша бағамдап тануға, Хақ тағаланың ұлылығын терең ойлауға ынталандыру бар. Кім ақыретте сыйға лайық сұлтан болғысы келсе, ол бұл дүниеде сана мен жүректі тазартуға тырысады. Анығырақ айтқанда, санасы сәулеленіп, рухы асқақ, кәміл жандарға жарасатын кейіпте ақыретте Хақ тағаланы көре білу үшін бұл дүниеде жүректің тазалығына, рухтың кемелдігіне қатты көңіл бөледі. Алдына ұлы мақсаттар қояды. Ондай жандар ақыретке тарыдай емес таудай сауаппен барады деуге болады.
Ибраһим Хаққы аударған әлсіз бір хадисте:
«Сыймаймын, – деді Хақ[12] көк пен жерге,
Құпия сезілді жүректе[13]» – дейді.
Ұлылығымен салыстырғанда он сегіз мың ғалам атаулының өзі түкке тұрмайтын Жаратушы Ие не деген рақымды десеңізші: әрбір мүминнің жүрегінде құпия түрде сезіліп, жан дүниесінің шер-құмарын тарқатады.
Шындығында барлық нәрсенің түпкі ақиқаты бір Аллаһ тағалаға ғана аян.

Сілтемелер

[1] Күрсі – сөздік мағынасы – тақ, орын; ауыспалы мағынасы – Аллаһ тағаланың құдіреті, патшалығы және иелігін білдіретін сөз.

[2] Аршы – Аллаһ тағаланың тағы дегенді білдіреді. Шартты түрде алғанда, бүкіл жаратылыс әлемінен кейін басталатын ұлы Жаратушының әлемі (ауд.)

[3] Ибн Кәсир, Тәфсирул-Құранил-Азим, 1/310; әт-Тәбари, Жамиул-бәян, 3/10.

[4] «Әнғам» сүресі, 6/103.

[5] Муслим, Иман 291

[6] Муслим, Иман, 292; әт-Табәрани, әл-Мәжмәул-Әусат: 8/170

[7] Муслим, Иман 293.

[8] Нәфсі-әммара – жамандыққа шақырып тұратын нәпсі

[9] Нәфсі-ләууәма – қателіктеріне өзін жазғыра бастайтын нәпсі

[10] Нәфсі-мұтмайынна – иман толық орныққан, ақиқатқа күмәні қалмаған нәпсі

[11] Ибраһим Хаккы, Әһли Сүннет инанжы, 4. бейт.

[12] Аллаһ тағала

[13] әл-Ажлуни, Кәшфул-Хафа, 2/173; әл-Журжани, әт-Тағрифат, 218 бет.

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.