Аңдатпа

Атеистік жүйе салтанат құрған кезеңдегі рухани мәселелерге қатысты сорақылықтар талай адамның ішкі сенімін шайқалтып, көкірегіндегі иманын әлсіреткені шындық. Бара-бара ол тіпті асқынып, ғасырлар тезінен өткен халқымыздың ізгі дәстүрі үзіліп, исламдық негіздер мен ұстанымдарға балта шабылып, бұның соңы орны толмас қасіретке ұласты. Қаншама жандар ата дінін ұмытып, содыр саясаттың құрбанына айналды.
Бұл жүйе ғылымды, жаратылыстану пәндерін материалистік көзқарастың қолбаласына айналдырып, дарвинизмге көзсіз ұрындырды, еркіндік ұғымын қате пайымдап, мешіт-медреселерді жауып, дін өкілдерін қудалады. Ата дінімізден алшақтатып, мәңгілік құндылықтардан мүлдем қол үздірді. Дін толығымен қоғамнан ысырылып, адам санасын улайтын апиын деп танытылды. Мұхаммед пайғамбар (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) туралы жазылған кітаптар оны аңыз-әңгіменің кейіпкері, қара күш иесі етіп көрсетті.
«Құдай бар болса, біз неге Оны көрмейміз?», «О дүниеге кім барып келіпті?», «Мұхаммед неге көп әйел алған?», «Құранды ол өзі ойдан шығарған ба?», «Адам маймылдан шыққан ба?», «Бәрін Құдай жаратса, Құдайдың өзін кім жаратқан?» деген секілді қыршаңқы сұрақтармен жұртшылықтың көкейіне әдейілеп күмән ұялатылды. Теріс пиғылдылар бұған өз деңгейінде қол жеткізді де. Осындай сұрапыл кезеңде дінсіз, имансыз кетіп жатқандармен қатар, құлшылығын жұрт көзінен жасырын атқарса да кеудесіндегі иман сәулесін сөндіріп алмауға барын салғандар да болды. Алайда, уақыт сырғып өтіп, коммунистік жүйе құлап, атеистік пікірдің тұйыққа тірелгеніне қарамастан халықтың көпшілігі әлі күнге дейін түрлі күдікке толы сұрақтардан арыла алмай, оларға жауап іздеп келе жатқандығы рас.
Кейінгі уақытта жиі орын алған өзін өлімге қию секілді әлемдегі түрлі келеңсіз оқиғалар – имансыздықтың салдары. Осы тұрғыда пенденің жанын қоярға жер таптырмайтын рухани кеселдерді иман нұрымен қайта емдеуге, жұртшылықтың көңілінде жүрген түрліше күмәнді сұрақтарды ғылым-білім, ақыл-ой, қисын, парасат-пайым тұрғысынан сейілтуге деген қажеттілік туып отыр. Оқырмандар талқысына ұсынылып отырған бүгінгі күннің белгілі ислам ғұламасы Фетхуллаһ Гүленнің «Ғасыр тудырған күмәндар» атты еңбегі аталмыш қажеттіліктің орнын толтырарлық дүние. Еңбекте ғалымның түрлі орындарда, мешіттер мен ғылыми мәслихаттарда, жұртшылықпен жүздескен кездегі көтерілген тақырыптар мен өзіне қойылған сұрақтарға берген жауаптары топтастырылған. Сол себепті еңбектің тілі кітабиліктен гөрі ауызекі баяндау стиліне жақын екендігін ескерген абзал.  
Кітаптағы әрбір күмәнді сауалдарға берілген нақты, дәйекті ойлы, мәңгілік ақиқатқа негізделген жауаптар оқырман қауымды иман тазалығына қауыштырар деген ізгі ниеттеміз.

Баспадан

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.