Қазіргі таңда Исламды ғылым мен техниканың жаңалықтарына сүйене отырып түсіндіру кең етек алуда. Сіз бұған қалай қарайсыз?

Иә, біз қазіргі таңда түрлі ғылым салаларының жетістіктерін, тек материалдық заттар мен құбылыс-тарды ғана емес, діни мәселелерді де түсіндіруде кеңінен қолданып жүрміз. Мәселен, «Жаратушы бар» дей отырып, физиканың да мұны дәлелдейтіндігін айтамыз. Өз кезегінде химия да, астрофизика да өз заңдылықтары мен зерттеу тәсілдері арқылы бір Жаратушының бар екендігін алға тартады. Ал кейде біз аталған ғылым салаларының барлығын біртұтас қарастырып, ғаламдағы макро және микро құбылыстарды зерделей отырып, Жаратушының бар және бір екендігіне қатысты дәлелдер іздейміз. «Иманның михрабы – медицина» («ат-тыбб михрабуль-иман») атты есімі дүйім жұртқа әйгілі еңбек бар. Меніңше, бұл дәл тауып қойылған атау. Себебі, медициналық білімі бар адамның Аллаһқа сенбейтіндігін елестетудің өзі қиын. Шындығында да бұл ілім – «иманның михрабы».

Адам анатомиясының кемел жүйесінің өзі неге тұрады?! Адам тәнін қалай зерттесек те ондағы мінсіз үйлесімділікті көріп, еріксіз Аллаһтың ұлылығын мо-йындаймыз. Міне, осыдан кейін медицинаны қалайша иманның гүлзарына баламайсыз?!

Қазіргі таңда түрлі ғылыми жетістіктерді қолданып, дініміздің басты қағидаларын түсіндіруге күш салып жүрміз. Құранды түсініп, басқаларға түсіндіру үшін, сондай-ақ Құранның мұғжизаларын жеткізу мақсатында түрлі ғылым салаларына жүгінеміз. Мәселен, ана құрсағындағы баланың эмбриондық даму кезеңдері мен сатылары туралы Құранда айтылған жайттар қазіргі заман ғылымы анықтаған мәліметтермен, келешекте әлі анықталатын болжамдармен де толықтай сәйкес келеді. Дамыған технология мен рентген сәулелерінің арқасында белгілі болған эмбрионның даму сатыларының өзін осыдан он төрт ғасыр бұрын өмір сүрген үмми кісінің қалай дөп басып айтуы мүмкін? Мұның бәрін бір адамның санасына сыйдыру ақылға қона ма?! Демек, Құран аяттарын Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм)  ойлап тапты деу мүмкін емес. Осы айтылған ойлардан кейін мынадай тұжырымға келеміз: Құран – Аллаһ тағаланың сөзі. Құранның Аллаһтың кітабы екендігін дәлелдеу – оны адамзатқа жеткізген елшінің пайғамбарлығын да қабылдау деген сөз. Сол себепті иманға қатысты барлық мәселелерді тең таразылап, «екі тізгін, бір шылбыр» ретінде қарастырған жөн.

Құранның мұғжизалығына қатысты жоғарыда біршама кеңірек тоқталғандықтан, ол мысалдарды қайта келтіріп жатпаймыз. Десек те, біз түрлі ғылымдардың жетістіктерін пайдалана отырып, дінімізді түсіндіруге тырысамыз. Өйткені, адамзаттың санасы осы тәсілге арқа сүйеуде. Материалистер ғылым мен техниканың жетістіктерін Аллаһты жоққа шығару мақсатында пайдалануда. Соның ықпалымен санасы сергелдеңге түскен адамдарға дәл осы тәсілді қолданып, ғылым мен техниканың дінмен қайшы емес екендігін дәлелдеуге тиістіміз. Басқаша айтқанда, Маркс, Энгельс, Ленин сияқты материалисттер материяны желеу етіп, Аллаһты терістеуге бет бұрса, біз дәл осы материяны зерттеп-зерделеу арқылы Аллаһты танып-білуіміз қажет. Осы ұстанымды қолдап қана қоймай, қазіргі таңда иманды жандар аталмыш мәселелердің түп-төркінін еркін түсіндіре алуы үшін өздерін ғылыми тұрғыдан жетілдіруі қажет деп санаймыз. Себебі, Құран аяттары көбінесе бізді көкке шығарып, жұлдыздардан, галактикалардан мәлімет беріп, ғаламдағы ғажайыптарды суреттеп тамашалатумен бірге Жаратушы Аллаһ тағаланың салтанаты мен ұлылығын паш етеді. Артынша адам баласының сипаттарына ойысады. Адам ағзасына назар аудартып, адам болмысын тұтастай көз алдымызға жайып салады. Аллаһ тағаланы ұлықтап құрметтейтіндердің ең абзалы ғалымдар екенін айтып, ғылымға ынталандырады. Осылайша көптеген ғылыми мәселелерге ишарат жасап, адамзатты ізденуге, зерттеп пайымдауға үндейді. Дегенмен осы орайда айта кетерлік бір жайт, мұның барлығы Құранға сай болуы шарт. Әйтпесе Құранның бұрмалануы кәдік. Осы тұста әдістемелік мазмұндағы бір‑екі мәселеге тоқтала кеткеніміз артық болмас.

Біріншіден: Мақсатымыз ислами ақиқаттарды түсіндіру емес, өзіміздің білімділігімізді көрсету, ғалымдығымызды дәлелдеуге талпыну болса, айтқандарымыздың бірде-біреуі тыңдаушының иманға келуіне түрткі болмасы анық. Онда ауыздан нұрланып шығатын осынау ақиқаттар жүректегі ниетке қарай нұрын да, жарығын да жоғалтып, қарауытқан күйінде өзімізге қайта оралады. Сөйлеген кезде көкіректегі күмәнді сейілтіп, санаға сәуле ұялатудың орнына, тыңдаушыны сөйлетпей тұқыртып тастауды мақсат еткен болсақ, онда олардың санасындағы саңылауды өзіміз бітеп тастаймыз. Ал ниетіміз шынайы болса, бізге құлақ асқандар естігендерінен өзіне қажеттісін алып, кәдеге жаратар еді. Өйткені, біздің ниетіміз – өзімізді емес, ақиқатты таныту. Тіпті кейде өз мән-мағынасына сай ұғындырып жеткізе алмадым деген сөзіміз, жақсылап түсіндіріп жеткіздім деген сөзімізден әлдеқайда әсерлі әрі пайдалы болып жатады. Ендеше, мұндай мәселелерді айтып жеткізуде ең бірінші мақсат-мұратымыз Аллаһ тағаланың разылығын алу және өз құндылықтарымызды тыңдаушының таным деңгейіне қарай жеткізе білу болса керек.

Екіншіден: Бүгінде жұрттың бәрі ғылым мен тех-никаға жүгінуде, екен деп ислами мәселелерді де сол арқылы түсіндіруге ұмтылу дұрыс емес. Неге десеңіз, өзіміз сенген ақиқаттарға өзіміз күмәнданатындай сыңай танытып яки ғылым-білімді тілге тиек етсе ғана діннің беделі артады деп түсіну – ақиқатқа деген құрметсіздіктің белгісі. Әсіресе, ғылым мен техниканың жетістіктерін негізге алып, өз құндылықтарымызды соған үйлестіруге тырысу мүлдем қисынға келмейді.

Әсілі, ғылым – жүректегі ақиқатты ашу, бетіне түскен шаң-тозаңдарды тазарту қызметін ғана атқарады. Әйтпесе, (мұндайдан Құдай сақтасын, әрине) тек ғылыми ұстанымды басшылыққа алып, аят пен хадистерді соған сәйкестендіріп бақсақ, сәйкес келмеген күнде өзгеге де, өзімізге де күдік ұялатады. Бұл тұста біздің ұстанымымыз мынадай болғаны жөн: Аллаһтың және Пайғамбарымыздың сөздері – бұлтартпас ақиқат. Ғылым-білімнің жетістіктері осы ақиқатқа сәйкес келсе ғана тура болмақ. Сәйкес келмесе қате болғаны. Сондай‑ақ, ғылыми дәйектердің ішінен дұрыс деп тапқандарымыздың өзі иман ақиқаттарын сақтап тұратын басты ұстанымдар емес. Ғылым – иманға жетелейтін қозғаушы күш қана. Дәлірегі, ол иман негізін құрайтын мәселелерде ой түрткі, яғни пікір өрбітетін сипатта ғана қабылданбақ. Иман ақиқаттарының бойға сіңуі Хақ тағаланың қалауымен ғана жүзеге асады. Аллаһ тағала ғана жарататын нәтижені ғылымнан күту – өзінің рухани өмірін айықпас дертке шалдықтырғанмен тең. Өйткені мұндай жан ғылымға сүйеніп, ғаламдағы жүйені тек себеп-салдар негізінде қарастырып, барлық құбылыстардың жаратушысы ретінде себептерді алға тартып, сол арқылы Жаратушының барлығын ұғыныуға тырысып, ақыр соңында, дәлел, дәйекке тұсауланған натуралистке айналып кеткенін өзі де байқамай қалады. Ол сарқырап аққан суды, жапырақтың сыбдырын сырттай бақылауы мүмкін, бірақ одан иманы оянып, көкірегінде сәл де болма сенімнің бүршік жаруы мүмкін емес. Тіпті ғұмырында бір рет те болсын дәлелдерге сүйенбестен шынайы түрде Аллаһ тағаланың бар екенін жан‑тәнімен сезіне алмайды. Сырттай қарағанда табиғатқа табынбайтын болып көрінгенмен, ақырғы деміне дейін натуралист кейпінде қала бермек.

Ғылымның бүкіл дәлелдеріне мынадай ұстаныммен қараған жөн: ғылыми дәлелдер – шайтан жүрекке шабуылын үдетіп азғырғанда, кір жұқтырғанда, көмек қолын созар құрал. Ал жүрегіме сіңген иман ақиқаттарының тамыры тереңде деп білем, ол соншалықты мөлдір әрі тұнық, жарқырап сәулесін шашып тұрады. Жан дүниесі қараңғы жандардың маған берері аз, бір межеден артық кеудемдегі нұрға жарық қоса алмайды.

Адам – миына жинақтаған көп мағлұматы арқылы емес, жүрегіндегі иманы арқылы мұсылман болмақ. Сол себепті ішкі және сыртқы танымы арқылы қол жеткізген дәлелдермен белгілі бір деңгейге жеткен соң, егер де аталған дәлелдердің аясынан сытылып шыға алмаса, рухани кемелденуі жолында ілгері қадам жасай алмасы анық. Мұндай жан белгілі бір дәрежеге жеткеннен кейін, ақыл уәждерін түгелдей артқа тастап, тікелей Құранның ғана жарқыраған жарық даңғылында жүрек пен ар-ожданның нұрлы жолымен жүре бастайды. Міне осылайша ғана рухани кемелденудің шыңына шыға алмақ.

Еуропалық ойшылдың бірі: «Аллаһ тағалаға шынайы сену үшін оқыған кітаптарымның бәрін тастау керектігін түсіндім», – деген екен. Әрине, ғалам кітабы болсын, адам болмысы жөніндегі кітаптар болсын немесе осы кітаптар туралы жазылған еңбектер болсын, әрқайсысының өзіндік орны бар. Бұлар өз міндеттерін атқарғаннан кейін адам бұлардың барлығынан қол үзіп, жалғыз иманымен ғана оңашалануы қажет. Бұл айтылғандардың барлығы адамның рухани танымындағы тәжірбиелерге қатысты мәселелер. Рухани танымын тәжірбиемен ұштай алмағандар үшін бұл айтылғандар жай, ауаға атылған оқ секілді бос сөз ғана болып қалмақ. Бірақ қараңғы түндері ғибадатпен нұрланған, Раббысына деген сүйіспеншілігі арқылы рухани тұрғыда әуелеп қанаттанғандар біз айтпақ болған ойымызды дөп түсінген болар…

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.