Жындар ауру-сырқауға себеп бола ала ма?

Жындар – материяның ішіне жеңіл еніп кете алатын болмыс. Біз «Жын деген мынау», – деп дөп басып айта алмасақ та, заттарға еніп, әсер ете алатын олардың қабілетті тіршілік иесі екендігі анық. Мәселен, рентген сәулесі адам ағзасына оп-оңай енеді және кейбір сәуле түрлері заттарды ерітіп, олардың құрылысын өзгертеді. Ал жындардың осы сәулелерден де нәзік екенін ескерсек, онда олардың адам ағзасына кез келген сәтте ене алатынын айтпасқа болмайды. Иә, жындардың адамның физиологиялық құрылысына ықпал етіп, ағза жұмысына кері әсерін тигізу мүмкіндігі бар. Олар тамырлар мен мидың аса маңызды орталық құрылысын өзгерте алады. Лазер сәулесі 1960 жылдарға дейін қиял-ғажайып романдарда ғана кездесетін, ойдан шығарылған қарулар еді. Алайда алғаш рет Т.Варман күлгін лазер сәулесін ойлап тапқаннан кейін, кеңінен қолданысқа еніп, қазіргі уақытта информатика, бұқаралық ақпарат құралдары, атом бомбасын жасау, тергеу жұмыстары, тіпті медицинада да қолданылуда. Мысалы, 40 жыл бұрын жасалған қылмысқа қатысы бар саусақ ізін ешбір құрал анықтай алмағанда, лазер сәулесімен оп-оңай анықтауға болады. Осылайша лазер арқылы көптеген құралдармен бұған дейін шамамыз келмеген нәрселерді орындап жатырмыз. Ең бастысы, лазер сәулесі тамырдағы қанның бойымен жүре алады. Осылайша лазер арқылы бітеліп қалған қан тамырларын ашып, көзге де операция жасауға болады. Тағы бір айтарлық жайт: өкпеге жұтқан оттегі қанды тазартады да, қанның құрамына еніп кетеді... Осы жерде нағыз Сөз Зергері – Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) мына сөзі ойға оралады: «Шайтан – адамның қан тамырларында жүреді».[1] Ібіліс бейне бір қанның қызыл түйіршіктері мен ақ түйіршіктерін жүгендеп мініп алатын тәрізді.

Бұл дегеніңіз, жын атауы шайтанның басшылығымен адамды иектеп, оның жан-тәніне едәуір соққы беруі мүмкін деген сөз. Олардың зиянынан қалай сақтану керектігі жайлы, Аллаһ қаласа, алдағы тақырыптарда сөз етеміз.

Жын-шайтандар адамның қанындағы қызыл түйіршіктерге жабысып, тамырдағы қанмен араласып, тікелей физиологиялық ауруларды да тудыра алады. Әрине, бұл мәселеде түймедейді түйедей етудің қажеті жоқ, дегенмен бір жағынан дәрігерлердің де бұл мәселені жоққа шығармағаны жөн. Сөз барысында біреу: «Мүмкін, қылтамақ ауруын тудыратын да осы көрінбейтін тіршілік иелері болар», – десе, сіз дереу: «Мүмкін емес», – деп қарсылық танытсаңыз, асығыс шешім қабылдағаныңыз. Бәлкім, шын мәнінде солай шығар. Мұндайда ең болмағанда, ойлануға мұрсат берген дұрыс.

Қылтамақ дерті туралы бүгінге дейін айтылған сөздер мен жасалған түсініктемелердің ең қисынға қонарлығы: бұл ауруды тудыратын басты себеп – бір жасушаның организммен қиыспауы. Иә, дәлірегі ағзамыздағы ең кішкене бөлшектердің қабынуы. Яғни, олардың ағзаның құрылысына, ішкі жүйесіне қарсы келіп, кәдімгі жасушаның жетілу жүйесін бұзуы. Бұл әрі ішкі әрі сыртқы мүшелерде кездеседі, әрі мұндай қатерлі дертке шалдыққан жасушалардың жылдам көбейетіні де, баяу көбейетіні де бар. Бәлкім, жындар аурудың қасына орналасып, жасушаларды қабындырып, ағзаға қарсылығын күшейтетін шығаратын шығар. Жындар – көрінбейтін болмыстар, дәл сол секілді қылтамақ та көбінесе алғашында белгісіз болып, кейінірек айқындала бастайды. Ал, ол әбден айқындалған кезде оған емнің де, дәрінің де ешбір пайдасы тимейді.

Қылтамақ секілді қояншық (эпилепсия) ауруына да жындар әсер етеді деуге болады. Бәлкім, жындар мидағы біршама бездердің қалыпты жұмыс істеуіне де кедергі келтіруі мүмкін.

Сонымен бірге, жын-шайтандар адамды ақылынан алжастырып, жүйке тамырларына әсер етіп, жындандырып жіберуі де ықтимал. Негізінде, дәрігерлер мидың шайлығуына қатысты аурулардың барлық түрін материалдық себептерге негіздейді, кейбіреулерін тұқым қуалаудан деп есептейді. Дегенмен жындардың тамырға кіріп, адамның тепе-теңдігін бұзуы, жүйке жүйесін әлсіретіп, адамды жындандырып жіберуі де мүмкін. Әрине, біз бұл жерде, талма ауруына да, алжасуға да (шизофренияға да) міндетті түрде жындар себеп болады деуден аулақпыз, дегенмен «болуы мүмкін» деуге негіз жоқ емес. Өйткені, бұл аурулар көбіне аузы дуалы кісілер оқып, дем салғаннан соң жазылып жатады.

Бірде діндар молдалардың біріне талма ауруына шалдыққан адамды әкеліп, молда Құранды ашып, 4-5 аят оқығанда-ақ әлгі кісінің ауруынан құлан-таза айыққаны бар.

Бұл оқиғаларды материалық заңдылықтармен түсіндіру мүмкін емес. Дәрімен миды қалпына келтіруге болатын шығар. Дегенмен дем салу арқылы да аурудың шипасын табуға мүмкіндік бар.

Медицинаның шарасыздығын дәлелдейтін көптеген мысалдар мен оқиғалар бар. Мұны күн сайын естіп-біліп жүрміз.

Және бір оқиғаны айта кетейін. Бірнеше жылдар бұрын Балчовадағы полиция бөлімшесінде күзетші болған адамның басынан мынадай оқиға өтеді. Бұл бейшараның жеті баласы да туылғанына бір ай толмай жатып 17- күнінде тұншығып өле берген. Соңында аузы дуалы бір молдаға дұға  жаздырады. Сөйтіп, сегізінші ұлынан кейінгі дүниеге келген балалары мұндай дерттен құтылған.

Бүгінде жындардың мүмкіндіктерін ақпарат алмасу саласында қолданып жатса, бәлкім, алдағы уақытта оларды жындану сияқты ауруларға дұға не дем салу арқылы емдеу жолдарында да қолдана бастайтын болар. Тіпті медицинада бұрын болмаған жаңа сала пайда болар. Қазірдің өзінде асқазан жарасын емдеуде гипнозды қолданатын дәрігерлер бар. Сондай-ақ музыка тыңдатып, ауру адамның көңілін көтеру арқылы емдеу тәсіліне де тәжірибе жасалуда. Бұлардың бәрі рухтың бар екенін және емдеу ісінде рухани жағдаяттың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Олай болса, көрінбейтін саналы тіршілік иелерін және ауру-сырқауға себеп болатын жындарды жоққа шығарудың ешбір қисыны жоқ.


[1] Бұхари, Итикаф 8, 11, 12; Мүслім, Сәлам 24; Ибн Мәжә, Сиям 65; Әбу Даууд, Саум 79; Әдәб 81.


 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.