Жын-шайтандардың залалынан сақтану үшін не істеген дұрыс? Қандай дұғалар оқу керек?

а) Ең әуелі Аллаһ тағала мен Пайғамбарымызға иманымыз кәміл әрі  діні-міздің үкімдеріне толықтай  мойынсұну керек
Бұған қол жеткізудің ең сенімді жолы – Аллаһ тағала мен Пайғамбарымызға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) деген сүйіспеншілікті арттыру, хақ дін – Исламның үкімдерін бұлжытпай орындауды күнделікті дағдыға айналдыру, құлшылықты шын көңілмен жасау, сауапты істермен шұғылдану. Бір жағынан, осыларға көңіл бөліп, екінші жақтан жын-шайтандардың кесір-кесепатына мүмкіндік бермеуге, яғни күнә жасамауға тырысу керек. Себебі рухани дүниеміздегі әрбір кемшілік олардың бізді иектеуіне жол ашады.

ә) Құлшылық жасап, Аллаһ тағаладан дұғалармен жәрдем тілеу
Жын-шайтандардан қорғанудың екінші маңызды шарты – үздіксіз дұға етуді әдетке айналдыру, бұны құлшылық ниетімен жасау. Дұға – мұсылманның басты қаруы, сондықтан оны бір сәтке тастамау керек. Демек, қорғану үшін іші-сыртымыздың, сөзіміз бен ісіміздің үйлесуін қамтамасыз етуіміз керек.

Дұғаның екі түрі бар: фиғли (іспен) және қаули (сөзбен) дұға жасау. Диқанның егіс даласын жыртуы, тырмалауы, тұқым себуі, суғаруы – фиғли дұғаға, содан кейін қолын жайып: «Иә, Жаратқан Ием, берекелі өнім алуды маған нәсіп ет, ризығыңды арттыр», – деп жалбарынуы – қаули дұғаға жатады. Алғашқысын іске асырмай тұрып, екіншісін жасаудың ешбір пайдасы жоқ. Керісінше, тек фиғли дұғамен шектеліп қалу да берекеге, әсіресе, ғибадатқа нұқсан келтіріп еңбекті еш етеді, яғни ешбір сауап әкелмейді.

Мысал ретінде, бір иманды кісі: «Иә, Жаратқан Ием, мұсылмандарды жеңіске жеткіз», – деп дұға етсе, бұл – ізгі іс, бірақ жеткілікті емес. Өйткені құс бір қанатымен ұша алмайды. Бұл тұрғыда Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Бәдір соғысына мінсіз дайындық жасап алып, соңынан бар ықыласымен жалбарынып Аллаһ тағалаға дұға етуі – бізге үлкен ғибрат. Демек, алдымен іспен (фиғли) дұға жасап,  яғни керекті шарттарды түгел орындау керек. Содан кейін қаули дұға жасау үшін алақанды жайған дұрыс. 

Сондай-ақ, сырқаттанғанда дәрігерге қаралу, дәрі ішу – фиғли дұғаға, ал шипа беретін Аллаһ тағалаға қол жайып, шипа сұрау – қаули дұғаға жатады. Кейде тек жалбарыну арқылы, яғни қаули дұғамен дерттен айығуға болса, кейде Аллаһ тағаланың мақсаты басқа болып, дәрігерге қаралуды қалауы мүмкін. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Аллаһ тағала әрбір аурудың шипасын жаратқан, емделіңдер»[1], – деп бұйыру арқылы осы фиғли дұғаға бізді ынталандыруда. Тек жоғарыда айтқанымыздай, шипаның Аллаһ тағаладан екенін біліп, оны бір құлшылық міндетіміз деп түсініп, барлық жағдайда қаули дұға жасауды естен шығармасақ болғаны.

Кейде қаули дұғаның жеткіліксіздігі іспетті, фиғли дұғаның да жеткіліксіздік танытатын кездері болады. Сондықтан Аллаһ тағала шипаны кейде екі дұғаға бірден берсе, кейде тек біреуі үшін нәсіп етеді. Барлық нәрсе Өзінің қолында. Күнделікті өмірде дұға дегенді білмейтін қаншама адамдардың дені-қарны сау, рахаттана өмір сүргенін көріп жүрміз. Бұған керісінше, дәрі-дәрмек ішсе де, дұғаны бір сәтке болса да аузынан тастамайтын Аллаһ тағалаға шын берілген пенделердің ауру-сырқаудан бір бас алмай жүргеніне куә болудамыз. Осындай жағдайларда біз дұғамыз қабыл болмады-ау деген ойға берілеміз. Алайда қабыл ету басқа, жауап беру басқа. Әрбір дұға қабыл болады, бірақ оның қайырымы сұралған нәрсенің дәл өзі берілгені секілді, кейінірек берілуі де мүмкін, тіпті бұ дүниеде емес, ақыретте берілуі мүмкін. Бұлар толығымен Аллаһ тағаланың даналығымен жүзеге асатын іс. Сырқат кісі дәрігерге: «Маған мына дәрілерді бер», – десе, дәрігер  дәл соның айтқан дәрілерін бермеуі мүмкін. Қайсысы керек болса, соны береді, ал пайдасыз дәрілерді бермейді немесе одан да тәуірін, пайдалысын береді. Енді осыны шартты түрде салыстырып көрсек, Аллаһ тағала да құлдарының дұғаларын әрқашан естиді, естігенін оларға сездіреді, көңілін жайландырады. Өйткені, Аллаһ – пендесіне күре тамырдан да жақын. Бірақ, белгілі бір хикметке байланысты, құлының қалағанының бәрін бермеуі мүмкін. Себебі, құлына ненің пайдалы екендігін Аллаһ жақсы біледі. Біз Аллаһ тағаланың ісіне араласа алмаймыз, өйткені Ол – мүліктің иесі, не істеймін десе де мүлкіне өзі еге. Мейіріміне де, қаһарына да ризамыз. Ол әбестік жасамайды, әр ісінде бір емес, мыңдаған даналық бар.

Дұғаның да намаз секілді құлшылықтың түрі екендігін естен шығармаған жөн. Оны да шын ықылас, таза ниетпен жасау керек және бұ дүниелік пайданы көздемеген жөн. Адам шынайы көңілімен Жаратушысына жалбарынып, Оның разылығына ұмтылуы керек. Алайда, кейде Ұлы Жаратушы өзінің шексіз рақымымен құлына мейрімін төгіп, қуантуы мүмкін. Сондықтан нәтижесін көруге асығып, тезірек мақсатыма жетсем екен деген ниетпен жасалған дұғалардың қабыл болуы неғайбіл.

Дұғаны бірден нәтижесін көру үшін емес, Жаратқан Иеміздің разылығына кенелу үшін үзбей жасауға тырысуымыз керек. Тілеу тілеп, жалбарынуды тоқтатпау керек. Әрдайым әр нәрсенің жақсылығын тілеу, күнәні кешіруші, мәртебемізді көтеруші Жаратушымызға адал ниетімізді көрсету, соған күш салу әрі сынақ әлемінде жүргенімізді естен шығармай құлшылығымыздың жемісін ақыреттен күту – шынайы ғибадаттың басты шарты.

б) Аллаһ тағаланың ізгі құлдарының дұғасын (батасын) алу керек
Ізгі құлдардың ақ батасын алу өте маңызды әрі пайдалы. Өйткені Пайғамбарымызға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) дұға сұрап келетіндер көп болған. Ахмад ибн Хәнбалдың кітабындағы Тәбәранидің риуаятында Умму Хани (р.а.) былай дейді:
«Бірде бір кісі Аллаһ Елшісіне жынданған баланы қаратты. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) оның денесін түртіп: – Ей, Аллаһтың дұшпаны, шық! – деді. Сосын баланың бетін шайып, дұға оқыды. Артынша бала айығып кетті»[2].
Біз де өзіміз аузы дуалы деп санайтын тақуа жандарға өтініш жасап, олардың біз үшін дұға етуін сұраймыз. Аллаһ қаласа шипасын берер.

Егер жындар мазалаған сәтте дереу жындарды оқитындарға жүгінер болсақ, бұл біздің күдігімізді арттырып, рухани күшімізді әлсіретеді. Ал мұны тіпті әсірелеп жіберетіндер бар. Біреуінен бір тұмар, екіншісінен тағы бір тұмар алып, бейшара ауру адам тұмарларды арқалайды да қалады. Алда-жалда бұл тұмарлардың бірі жоғалса, ауру адам қорқып, үмітсіздікке душар болады. Яғни, шипа табады деп жүргенде, іс насырға шауып кетеді де, ауруын одан сайын асқындырып алады. Сондықтан мұндайда ең дұрысы – дұға оқу. Абдуллаһ ибн Амр (р.а.) балаларына дұға үйрететін, білмейтіндерінің үстіне жазып іліп қоятын. Бұған көп сенім артпаған жөн. Өйткені сахих хадистерде айтылғандай, Пайғамбарымыз 70 мың адамның есеп-қисапсыз жұмаққа кіретінін сүйіншілеген кезде ол адамдарды «киімге моншақ тақпаған, бал ашу, жаман ырым мен тұмарға сенбей, Аллаһ тағалаға тәуекел еткендер»[3] деп тізбектейді. Сол себепті әрі дұға оқу әрі тәуекелді нықтау – ең дұрыс шешім.

в) Иманды дәрігерлер мен психиатрларға қаралу керек
Мұндай жағдайларда бойында иманы бар әрі рух пен жындарға, олардың әсеріне сенетін психиатр мамандар мен дәрігерлерге көріну керек. Егер өзгені емдемек түгілі өздері рухани жүдеу, имандылықтан жұрдай дәрігерлерге баратын болсақ, онда онсыз да жындардан көресені көріп, сенделіп жүрген ауруларды одан сайын есеңкіретіп салып, мәселені асқындырып аламыз. Ондай дәрігерлер науқасқа: «Қыдыр, әйелдермен көңіл көтер, сөйтіп, ішіңдегі қайғы-мұңды ұмытуға тырыс», – деп кеңес беріп жатады. Мұндай ұсыныстар әбден шөлдеген адамға «тағы біраз шөлдей түс» деп, теңіздің тұзды суын жұтқызғанмен тең. Онсыз да ауру адамды осы бейшара жағдайға душар еткен: руханиятқа көңіл бөлмеуі, тәннің қызықшылығын күйттеуі және күнәлі істерді көп жасауы болатын. Ол ол ма, осындай түсініктен арыла қоймаған медицина да, дәрігер де жығылғанға жұдырық дегендей, толығымен материалистік көзқарас негізінде диагноз қойып келеді. Алдағы уақытта қазіргі жетілген медициналық технологиялар дінге көңіл бөлген кезде бұл мәселелер қалыпты жағдайға түсетін болады.

г) Аятул-курси мен «Фәлақ», «Нас» сүрелерін, т.б. дұғаларды оқу керек
Әуелі, Аллаһ тағалаға сыйыну, көмегіне сену өте маңызды. Аллаһ тағала Құранда құлдарына: «Сені шайтаннан бір түлен түртсе, бірден Аллаһқа сыйын»[4] деп, яғни «Ағузу билләһи минәш-шайтанир-ражим» деп айт! - дейді. Осы тұста «Мүминун» сүресінің 97-98-аяттарын жатқа оқу керектігін де еске сала кетейік.

Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Аятул-курсиді оқу керектігін ескертеді. Сахаба зекеттен түскен дүниеге қол сұққысы келген адам бейнесіндегі шайтанды ұстап алған-ды. Ол босап шығу үшін: «Мені жібер, саған бізден қорғанатын дұға үйретейін. Ол – Аятул-курси», – дейді. Пайғамбарымыз бұл оқиғаны естігенде: «Ол өтірікші, дегенмен бұл жолы шындығын айтыпты», – деген еді.[5] Пайғамбарымызды (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) яһудилер дуалаған кезде, муаууиззатайн, яғни «Фәлақ» пен «Нас» сүрелері оқылып, дуаның әсері жойылған.[6] Сондай-ақ Айша анамыздың (р.а.) айтуынша, Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) таңертең және кешке үш мәрте «Фәлақ» пен «Нас» сүрелерін оқып, алақандарына үрлеп, артынша қолы жеткен жеріне дейін денесін түгел сипайтын»[7].

Сонымен бірге, Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) таңертең және кешке үш мәрте «Бисмилләһил-ләзи лә иәдурру маасмиһи шәйъун фил-арди уә лә фис-сәмәъи уә һууәс-Самиъул-Алим» (Аспандағы және жердегі барлық жамандық атаулыдан қорғайтын Аллаһтың атымен. Және Ол барлық нәрсені естиді әрі барлық нәрсені біледі), – дейтін. Бұл сал болып қалмау үшін жасалады[8]. Және «Ағузу бикәлиматил-ләһит-таммати мин кулли шайтанин уә һәммәтин уә мин кулли айнин ләммәтин» (Барлық шайтандар мен улы жәндіктерден келетін бүкіл жамандықтан және сұқ көзден Аллаһтың ұлы сөздеріне сиынамын)[9] дұғасын оқу керектігі де айтылған.

Имам Ғазали 1 рет «Бисмиллаһир-рахманир-рахим», 10 рет «Аллаһу әкбар», 19 рет «Лә иуфлихус-сахиру хайсу әта»[10] және «Мин шәррин-нәффәсәти фил-уқад»[11] дұғасын оқуды ұсынады. Және бір қадірлі кісінің кеңесі бойынша, жоғарыда айтылған екі аятты әрбірін оқырда бір жұтым су, шай немесе сорпа ішіп оқу және мұны 19 мәрте қайталау керек.

Бұған қатысты басқа да көптеген дұғалар бар. Олар жайлы хадис кітаптарына қарап немесе мамандардан сұраған абзал. Сондай-ақ Бәдір сахабалары, Жәушан және «Бурә» қасидасын оқудың да пайдасы мол[12].

ғ) Дұға оқу арқылы жын-шайтандардан құтылған жандар туралы мысалдар

1) Жақын туыстарымның біреуі сал болып қалғанда, оған бір апта бойы «Бурә» қасидасы оқылды. Аллаһ тағала өзінің шипасын беріп, бір аптадан соң сырқатынан айығып кетті.

2) Енді бір жолдасымның өз көзімен көрген бірнеше оқиғасын өз аузынан тыңдап көрелік:
«Измирдегі Болчова мешітінде қызмет істеп жүргенімде, 18 жас шамасындағы ауқатты жанұядан шыққан екі жігіт жаныма келді. Біз мешіттен шыққан едік. Олар сыртта күтіп тұр екен. Жүздерінен үрейленіп тұрғандарын байқадым. Екеуі бір нәрседен үрпектеп қасыма келді де, «Біз пәлен деген ықшам ауданда қыз-жігіт аралас «әруақ, жын шақыру» сеанстарын ұйымдастыратын едік. Олар келіп, стакандарымызды қозғалтып, әріптер арқылы сөз жазып сөйлесетін. Біз мәз болып көңіл көтеретінбіз (Әруақ шақыру мәселесі бай адамдардың ең көп көңіл бөлетін ісі десек, қателеспес едік). Кейіннен доғардық. Бірақ, сол кезден бастап, олар күндіз-түні бізді мазалайтынды шығарды. Әсіресе, түнде қатты мазалайды. Төсектерімізді қозғап, шкафтың есіктерімен ойнайды. Әбден басымыз қатты. Не істерімізді білмегендіктен, мешітке келдік», – деді. (Аһ, туғанда, үйленгенде, өлгенде және қиналғанда ғана еске түсетін мешіттер, қайран ұрпағымыз!) Тағы да былай деп сөзін жалғады: «Білесіз бе, қазір де анау ағаштың қасындағы орындықта отыр». Мен: «Жүріңдер, мешітке кірейік», – деп, ішке алып жүрдім, – «Аллаһтың үйі – ең сенімді жер».

Ішке кіріп жайғасқан соң ұзақ сөйлестік. Білгенімше мұның қауіпті іс екенін, имандылыққа бет бұрып, діни-ғылыми мәселелермен шұғылданғанда ғана осы қауіп-қатерден құтылуға болатынын айтып, бірнеше дұғалар жазып бердім.
Кешкісін үйдегі бөлмеме кіріп, кітап оқып отыр едім. Бір кезде залда ойнап жүрген балаларым бөлмеме жүгіріп келіп: «Әке, бөлмеде свет жанды, қабырғада біреулер жүр», – деді. Оның мәнісін бірден түсіндім. Күндізгінің кегін алуға келген болу керек. Өздерінше мені қорқытпақшы. Үстелдің үстінде тұрған дұғалар жинағын алып, Бәдір сахабаларының есімдерін оқуға кірістім. Оқып болмай жатып жарық сөніп, қабырғадағы дыбыстар тынышталды.

3) «Измирдегі «Алтындағ» ықшамауданындағы мешітте имам болған бір кісі былай деген еді: «Мен мұнараға шыққан сайын артымнан тарсылдаған дыбыс-тар еститінмін. Бұл әсіресе, кешкісін жиі болатын. Намазшам мен құптан намаздарынан кейін жамағат үйлеріне тарап, мешітте ешкім қалмаған кезде жарықты сөндіріп, есікті жабатынмын. Бірақ, көбіне мен әлі жарық түймесін баспай тұрып, жарық сөніп қалатын. Бұның көп уақыт жалғасқаны сонша – шыдай алмай басқа мешітке ауысып кеттім».

4) Хаврандағы Чакырдере ауылының бір тұрғыны басынан өткен мына бір оқиға жайлы былай деген еді: «Жаздыгүні түнде егіс даласын доңыздардан қорғау үшін ауылдағы әдет бойынша, егістіктегі лашықта түнеп қалдым. Жалғыз болатынмын. Жақын жерде жан баласы жоқ еді. Қолыма мылтығымды ұстап, төсекте жатқанмын. Бір кезде есік қағылды. Түн ортасында кім келді екен деп таңданып, есіктен ішке кірген адамға қарасам, сізге өтірік, маған шын, қолында май шамы  бар өзімнің әйелім кіріп келе жатыр. Сондай ұзақ жерден және мұндай кеш уақытта әйелімнің келуі мүмкін емес еді. Есімді жиып, білетін дұғаларымды оқи бастадым. Келген бейне кері бұрылып кетіп қалды. Шығар кезде есікті жабуды да ұмытпады».

5) «Не істесем де, дерттен құтыла алмадым, – деп бастады біреуі, – барлық ем-домды қолдандым. Бармаған дәрігерім қалмады. Бірақ, шипа болмады. Қолыма сүйел қаптап кетті. Қазір есімде жоқ, біреудің айтуы бойынша, бір дұғаны оқыдым. Ертесіне қолымда сүйелден із қалмады. Тіпті сол кезде дәл сондай дерттен құтыла алмай жүрген бір жігітке де сол дұғаны оқуға кеңес бердім. Бірнеше күннен кейін жолыққанымда, қолдарын көрсетіп жазылып кеткенін айтты».

Осыған ұқсас жүздеген оқиға бар. Олардың ешбірін материялық заңдылықтармен түсіндіру мүмкін емес. Осы тұрғыда ғалымдардың мұндай емдеу тәсілдерінің де өз алдына ғылым екенін мойындағаны абзал. Мұндай мәселелерді көрмегенсіп жүре берудің пайда әкелмейтіндігі бүгінде баршаға мәлім. Себебі, ғылыми орталардың бұл мәселеге деген қасақана селқостығы шынайы ғылыммен үш қайнаса да сорпасы қосылмайды.


[1] Тирмизи, Тыбб 2; Ибн Мәжә, Тыбб 1; Әбу Даууд, Тыбб 1, 11; Ахмад ибн Хәнбал, әл-Мүснәд, 2/278.
[2] Ахмад ибн Хәнбал, әл-Мүснәд, 4/171-172; әт-Тәбәрани, әл-Мәжмәул-кәбир, 5/275.
[3] Бұхари, Риққа 21, 50; Тыбб 17, 42; Мүслім, Иман 371, 372, 374.
[4] Фуссилат сүресі, 41/36.
[5] Бұхари, Уәкәлат 10; Тирмизи, Сәуәбул-Құран, 3; Ахмад ибн Хәнбал, әл-Мүснәд, 5/423, 6/52.
[6] Бұхари, Тыбб 47, 49, 50; Бәдъул-халқ 11; Жизия 14; Әдәб 56; Дағауат 58; Мүслім, Сәлам 43; Ибн Мәжә, Тыбб 45; Ахмад ибн Хәнбал, әл-Мүснәд, 6/57, 63-64, 96, 367.
[7] Бұхари, Тыбб 39; Дағауат 12; Мүслім, Сәлам 50; Әбу Даууд, Әдәб 98.
[8] Әбу Даууд, Әдәб 101; Ибн Мәжә, Дұға 14; Ахмад ибн Хәнбал, әл-Мүснәд, 1/62, 66, 72.
[9] Бұхари, Әнбия 10; Әбу Даууд, Суннә 20; Тирмизи, Тыбб 18.
[10] Таһа сүресі, 20/69; Нас сүресі, 114/4.
[11] Фәләқ сүресі, 113/4
[12]  «Асхабы Бәдір » – пұтқа табынушылармен болған Бәдір атты жердегі алғашқы соғысқа қатысқан сахабалардың есімдері жазылған қасиетті дұға. «Жәушан» – Пайғамбарымызға Жәбірейл періштенің Ухуд соғысының алдында үйреткен  Аллаһтың есімдерінен тұратын қасиетті дұға. «Бурә қасидасы» -  Кааб ибн Зухәйр атты ақынның Пайғамбарымыздың (с.а.с.) құрметіне арнап шығарған қасидасы. Пайғамбарымыз оған шапанын («бурә») сыйға тартып ілтипат көрсеткен.

 

 


 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.