Өлімді көп ойлау

8. Өлімді көп ойлау
Пайғамбарымыздың қасиетті сөзінде айтылған «ләззаттың дәмін қашырған» өлімді көп ойлау керек.[1] Сондай-ақ Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм)  қабірлерді жиі зиярат еткен және зиярат жасауды ұсынған[2]. Адам өлімнің ақиқатына сенгені секілді, оны сана-сезімімен қабылдап, қиял-ойына да мықтап орнықтырса, қияметке дейін жалғасатын қабірдегі өмірге сенсе, онда пәни өмір мен о дүниеге деген көзқарасы өзгереді. Сол үшін Сөз Сұлтаны (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Менің білгендерімді білсеңдер, аз күліп, көп жылар едіңдер»[3], – деген.

Өлімді ойлау адамның руханиятында туындауы мүмкін салғырттықтың, шайтанның сәндеп көрсеткен уәсуәсасы мен күнә вирусының, осыған ұқсас микробтардың тым құрығанда әсерлері мен зияндарын жоятын антивирус сияқты. «Бәрібір өлемін, өлгеннен кейін есеп беремін. Олай болса, мына жалған дүниенің азабы мол ләззатына алданып, күнә істеудің не қажеті бар!» – деп өлімді ойлау адамның тура жолдан таюына тосқауыл қояды әрі күш-жігерін жаниды. Алайда рухани тамырымыз антивирустың пайдасы тимейтіндей дәрежеде күнәларға, өмірдің ләззаты, харам микроптарына толса, дененің әр жерінде жасушалар қарсылық білдірсе, өлім антивирусының белсенділігі төмендесе, онда өлім де, өлгендер де адамға мүлдем әсер етпейді. Туған-туыстарымыздың бір-бірлеп бақиға аттануы, бізде тек қана бірнеше күндік өткінші өкініш туғызады. Сосын «Қарағым, өлгенмен бірге өлмек жоқ. Түбінде бәріміз сол жерге барамыз. Топырағы торқа болсын!» деп өзін жұбатып, көз бен көңіл қайтадан надандыққа салынып кете барады.

Өлім не үшін еске түспейді? Нәпсіге ұнаған көптеген харамның ләззатын қашырып, дәмін кетіргендіктен, нәпсіні тыйғандықтан, біршама жан рахатынан безуге мәжбүрлегендіктен, бұ дүниелік ләззатты ұмыттырып, о дүниедегі есепті еске салатындықтан, жайбарақат өмірдің мазасын қашырғандықтан, адам баласы өлімді ойлағысы келмейді.

а) Өмір бақи өлмейтіндей ғұмыр кешу өлімді ұмыттырады
Өлімнен неге қаймықпаймыз? Ешқашан өлмей-тіндей өмірге байланып қалғандықтан, күнкөріс үшін ғана өмір сүргендіктен, өткінші ләззаттармен уақыт өткізгендіктен, адамның жан дүниесі мен ақыл-ойын дәл қазіргі күй көбірек қызықтыратындықтан...

Біреу төрт қабырғасы айнамен қапталған бөлмеге кірді делік. Кірген күйі артына бұрылып қарайды: кері қарай бірінен соң бірі ішкерілеп ұзарып кете беретін айналар дәлізі, яғни басынан өткен бүкіл өмірі. Иә, «Мұнша өмір сүрдім, мұнша көріп-білдім» деген сезімдермен қанаттанған естеліктердің ғажайып әлемінде серуендеу...

Енді алдына бұрылып қарайды: дәл солай ілгері қарай созылып кете беретін бір өмір. «Жасым болса мынау, әлі жап-жаспын. Қатарластарыма қарағанда, анау айтқандай жаман емеспін! Мал-мүлкім бар, табысым жақсы, әйелім, достарым, жақындарым... қызметім, лауазымым...»

Негізі, тар бөлмеде төрт қабырғаға қамалып қалғанына қарамастан, өзін айналар арасында ғажайып өмірдің ішінде жүргендей сезінеді, түсі суық болғандықтан, өлімге қырын қарайды. Оны көрсе де, көрмегенсіп, одан қашқақтайды. Тіпті күнделікті күйбең тірлікпен өлімді ұмыту үшін қолынан келгенін аянып қалмайды: сан алуан ас-сусындармен өзін алдандырады, ішімдікті отырыстарға, ән-биге, сән-салтанатқа, есірткіге салынады.

Біздің мұсылмандық өмірімізде салмақты, бұ дүниелік әрі ақыреттік көптеген пайдасы бар екі мейрамымыз бар: ораза айт пен құрбан айт. Енді осы екеуін бір жыл ішінде тойланатын басқа мерекелермен салыстырыңыз! Олардың екі апта, тіпті ай бойы сауық-сайран құруы. Бірінен соң бірі жалғасып кете беретін ұшы-қиырсыз той-думандар... Егер осы адамдардың әрқайсысын психологиялық зерттеуден өткізсеңіз, бәрі өз алдына сауық-сайран үшін барынша шат-шадыман болып, күліп-ойнау үшін жаратылған ба деп ойлайсыз.

Өкінішке қарай, осы және осыған ұқсас әрекеттердің мақсаты қайткен күнде бір сәт өлімді ұмытуға тырысудан басқа ештеңе емес. Иә, мұсылмандардың да адалынан ләззат алатын мына өмірге тән қуанышы жоқ емес. Әйткенмен оның қуанышты өмірінде де өлім мен өлімнен кейінгіні еске түсіретін, ой салатын ғибраттар, ынтықтыратын ұғымдар, мағыналар бар. Мұсылманның жан дүниесі мен рухани бақыты мына өмірдегі өткінші сауық-сайранды қажет етпейді.

ә) Өлімді ойлау арқылы мәңгілік бақытқа жетуге болады
Біз өлімді қасқая қарсы алып: «Сен қандай мүбәрак доссың, серіксің!» – дейміз. Мейлі, басқалары саған көз алартып қарай берсін, сен біз үшін гүлдің нағыз өзісің. Мейлі, кейбіреулері саған «жүзіқара» дей берсін, бірақ сен біз үшін бізді нұрлы әлемдерге бастайтын қос қанатсың. Мейлі біреулер сені «сұсты» деп суреттей берсін, сен біз үшін көктемді сүйіншілеген бәйшешексің, қар секілді аппақсың. Олар саған «шұңқыр», «дәліз», – дейді, бірақ сен бізді «мәңгілік бақыт сарайларына апаратын даңғылсың». «Айырушы» да дейді саған, бірақ сен бізді ақыретке аттанған мыңдаған сүйіктімізге, досымызға қауыштырушысың. Періштелер таңданған пайғамбарларға, сосын сахабаларға, абзал жандарға, туған-туыстарға бізді жеткізушісің. Аллаһты көруге (Жәмалуллаһқа) жақындатушысың!..

Иә, айырушысың, бірақ азап, қиындық, қайғы-қасіретке толы тұрмыс тауқыметінен, бұ дүниелік сынақтан құтқарып, ақыреттегі нағыз мәңгілік өмірге жеткізетін қанатты тұлпарсың. Жаратқан Иемізге оралған кезде тәнімізді нұрландыратын мәңгілік жарық көзісің. Ең бастысы, сен өмірдің соңы емессің. Сен пәни дүниенің соңысың, бірақ мәңгілік өмірдің бастауысың. Пәни мен мәңгілікті ұштастырған көкжиексің, Аллаһты көруге асыққан көздерге жағылған сүрмесің. Сен дертке толы нәсілдің дертіне шипа іздеген шипагеріне «Қап, әлі өлмеппін» деп айтқызған тылсым сырсың. Міне, өлімнің екі жағы: әуелі үрейлендіретін өлім, сосын ынтықтыратын өлім...

Өлімді ойлау, айтып өткеніміздей, әрі үрей-лендіретін, әрі ынтықтыратын жақтарымен бір жақтан күнәларымыз, жауапкершілік сезімдеріміз, жасаған амалдарымызға есеп беру уайымымен бізді мұңайтса, екінші жағынан, жүрегімізге үміт отын жағады.

«Рабыта мәут» делінген «үздіксіз өлімді ойлау» мақсатымен қабірлерді зиярат етіп, аурулар мен мүгедектерден ғибрат алып, иншаллаһ, еренсіздіктен құтыламыз, рухани сергектігімізді сақтаймыз және шайтан мен күнәлардың зиянынан аулақ боламыз. 
9. Жүректі жұмсарту да өте маңызды
Сезімдердердің жетіліп, жүректің жұмсаруы, рухтың материядан ажырап, ой-қиял жетпейтін жұмбақ әлемдерде серуендеуі иманды адамдар үшін өте маңызды.

Басқа мәселелердегі секілді осы мәселеде де Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) нұрлы сөздерімен жүруіміз керек. Яғни осы өмірде жүріп-ақ бейне ақырет мекенінде серуендегендей, ақыретке тән өмір сүруге тырысып, іштей тәжірибе жинауға талпынуымыз қажет. Ол үшін де тура жолдағы тәфәккүрден туындаған білім болу керек. Айталық:

«...Өлген екенмін! Қасымда бала-шағам, жақындарым, достарым тегіс жылап отыр. «Әттең, сендер емес мен жылайтын жағдайдамын қазір... Әттең, өмірде жылап, қазір мұнда күлгенімде ғой!..

Бір кісі тақтайдың үстіне жатқызып, мәйітімді жуып, кір-пірімді тазалап жатыр. Әрі-бері аударып жатқызады... «Әттең, мен де жан денеден шықпай тұрып кірлерімді жуғанымда ғой, тәубемен тазарып, күнә істемегенімде ғой! Бұл жерге лайықты күйде келгенімде ғой!..»

Қарашы, қабірдің қараңғылығына тастамас бұрын соңғы рет аппақ түсті көрсін дегендей мені ақ матаға орап жатыр. «Әттең, қабірімді нұрландыратын амалдар жасағанымда ғой, маңдайымды жарқыратып, намазбен нұрланып, Аллаһ жолындағы қызметпен ағарғанымда ғой!..».

Әне, төрт бөлік тақтайдан жасалған ағаш табытқа да салып жатыр, «Әттең-ай, мамық төсектерде және жұмсақ орындықтарда аяғымды созып рахаттанып жатқанда, неге бір күні осындай ағаш тақтайға жататынымды ойланбадым! Әкеме де осылай жасаған еді ғой! Міне, мәйітімді алдыға қойып, бәрі жаназа намазымды оқыды... Иыққа көтеріп, қабірге салды. Әйелім қайда, бала-шағам қайда, достарым қайда? Не болды сендерге, неге теріс айналып, мені мына тар қапасқа тастап кетіп бара жатырсыңдар? Мал-мүлкім, байлығым, қайдасыңдар? Өмірде қандай ек? Бұлай істегендерің не? Менен ешқашан ажырамаған денем, көзім, құлағым, қол-аяғым... сендер де мені тастап барасыңдар ма? Әттең, мені қабір есігінде тастап кететін нәрселерге көңіл бөлмегенімде ғой, бұл жерде пайдасы тиетін сауапты істер істегенімде ғой!».

Мүнкір-Нәкір сұрақ сұрайды, бәрзах өмірінде жұмақ я тозақты көріп күндер өтеді, хашр болады: (адамдар қайта тіріледі), адамдар есеп беру үшін жиналады. Әркім қара басының қамын ойлайды: адамдар бауырынан, ата-анасынан, досынан, балаларынан қашады, әркім өзін құтқаруға жан салып, әркімнен бір шапағат іздейді.

Міне, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм)  сонда кейбір адамдарға жақындап, нұрлы жүздерін танып: «Жүзі, қолдары дәретпен, маңдайлары сәждемен нұрланғандарды алыстан-ақ танимын, олар – менің жамағатым, оларды қасыма аламын», – деп жинайды.

Әттең, мен де мекен-жайымды қалдырғанымда ғой, Оның өзімен танысқанымда ғой, мен де Кәусарының қасына жиналғандардан болғанымда ғой...

Міне, дәптерлер ашылып, таразы құрылып, есеп алынып жатыр. Әркімнің сыры ашылып, тілдің орнына қол-аяқтар сөйлеп жатыр...» деген сияқты терең ойлармен жүрек барынша жұмсару керек.

10. Түннің қою қараңғылығында көз жасын төгіп, тәһәжжүд намазын оқу
Көз жасы – ықыласты, адал жандар үшін ішкі қайғы-қасіретін жуып-шаятын шипа.

Ол мына өмірде адамның жан-жүрегін жегідей жеген ғашық отының тақсіретін біршама жеңілдетеді әрі ақыретте тозақтың отын сөндіретін жалғыз дәрі болмақ. Сол үшін Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) былай дейді: «Махшарда тозақ отының жалыны адамдарға төнген сәтте Жәбірейіл қолына бір кесе су алып келеді. Оған: «Бұл не?» – деп сұраймын. Ол маған былай жауап береді: «Бұл – мүмін құлдардың Аллаһтан қорқып жылаған кезде аққан көз жасы, мына қорқынышты жалынды сөндіретін жалғыз нәрсе осы»[4].

Тағы басқа хадистерінде пайғамбарымыз Аллаһтан қорқып жылауды соғыс шебінде күзетте тұрып дұшпанды жақындатпаған әскердің күзетімен тең санап: «Екі көз тозақты көрмейді: бірі – Аллаһтан қорқып жылаған көз, екіншісі – елге келетін қауіп-қатерлерге жүрегі сыздап, «дұшпан қайдан, қай саңылаудан ішке кіреді. Қандай жоспармен бізді жойып тас-талқан етеді» деп тұрған күзеттегі көз»[5], – дейді.

Сыртта сыртты, іште ішті қарауылдаған көздер. Иә, іштегі нәпсіні жеңу мен сыртқы жауды жеңу бір-біріне тең.

Құран Кәрімде әр жерде осы істі мақтап: «Оларға Құран оқылғанда, сол мезет сәждеге жығылады[6]», – дейді. Басқа бір жерде: «Аз күліп, көп жыласын[7]», – деп ескерту жасайды. Бұл – «Ойланыңдар, жалған өмірден не таптық деп жүректерің сыздасын! Өлім мен одан кейін бастарыңа келетіндерді және есеп беретін жердегі жағдайларыңды ойлаңдар да, аз күліп, көп жылаңдар» деген сөз. Соған байланысты көз жасы жәннаттың кәусарына тең саналады. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Иә, Аллаһ, үрейі жоқ жүректен, жылай алмайтын көзден сақтай гөр!»[8] – деп дұға етеді. Жүрегі қатайған, сезімдері өлген адамның көз жасы болмайды.

а) Риясыз жылау керек
Мәселенің басқа жағы тағы бар. Пайғамбарымыз: «Қалаған уақытында жылаған адам екіжүзді», – дейді. Іштен қайнап шықпаған, жүрек толқымастан, аяқ астынан немесе өтірік көз жасын төккен адамнан да күдіктенуге болады. Өйткені жылау – жүректің толқуы мен сезімдердің тебіренуінен туындаған көз жасы. Кейде жүрек тым турашыл болса да, діннің әмірлерін орындаса да, харамдардан барынша қашса да, ешқашан жолдан таймаса да, көзден бір тамшы жас шықпауы мүмкін. Алайда турашылдығы өте маңызды, жалғандықты сүймейтін ол үнемі қайнап, буырқанып жатады. Бұлардың екеуі де жақсы, тек турашыл адам, ғашық адамнан оқ бойы ілгері тұрады. Қате түсінік болмасын: бұл ешқашан турашыл адамның көзіне жас келмейді деген сөз емес. Хазірет Әбу Бәкір де, Омар да адал һәм турашыл еді. Бір мұңайған кісіні көргенде, қосыла балаша жылайтын. Намаз оқығанда, өксіктері сонау соңғы саптағыларға дейін естілгені бәрімізге мәлім. Сондықтан іштен үрейдің сезілмеуі, көзге жас келмеуі жүректің қарайғанына мүлдем қатысты емес. Сондай-ақ кей-кейде көз жасының көл болып ағуы міндетті түрде жүректің үрейіне, мейіріміне, Хаққа құрметіне байланысты емес.

Кейде адам өзін ұстай алмай сезімге беріліп жылайды. Егер оның іштей адалдығы болмаса, бұл ол үшін қауіпті. Жылау еріктен тыс ішкі толғаныстан туындаған болса дұрыс, Хақ тағала жанында қадірі артып, өмірдегі мәртебесін өсіреді.

Имам Ғазали «Ихиа Улумид-дин» атты кітабында былай дейді: «Жылаған да сорлады, жыламаған да сорлады». Егер адам жыламаса, бір күні өкініштен өзегі өртенеді. Өйткені алдында өзін жылататын көп кедергілер бар. Ал жылаған адамдар да бар: олардың көбі күнәларына емес, басқа нәрселерге жылайды. Сезімге беріліп қана жылайды. Демек көз жасын төккенде де тура жолдан ауытқымаған дұрыс. Алдамшы көз жасын төккен, жүрегі қарайған, күнәні күнә деп білуден қалған адам шайтанға алданып, оның ойыншығына айналған. Өйткені мұндай адам күнәлардан тартынбайды. Сондықтан қайтара сол күнәға кірмеуге ниеттенбек түгіл, іштей оған қайғырмайды да. Тасжүректі адамға үрей де, қызықтыру да әсер етпейді. Барлық жерде өзін жайбарақат ұстайды, күнәдан қорықпайды, надандығынан өзін әрдайым сенімді сезінеді. 

ә) Тәһәжжүд – қараңғы түннің жарық көзі
Тәһәжжүд намазымен түнін күндізгідей нұрлан-дырған адамдар бәрзах[9] өмірін де нұрландырады. Тәһәжжүд бәрзах қараңғылығына қарсы сауыт, қару, шам және адамды бәрзах азабынан қорғайтын сенім күші. Әрбір намаз адамның о дүниедегі өмірінің бір бөлігін нұрландыруға кепіл. Тәһәжжүд болса, о дүниенің тірегі, азығы және нұры. Құранда бірнеше жерде тәһәжжүдке ишарат жасалған.[10] Екі рәкат оқуға болғаны секілді сегіз рәкат та оқуға болады. Бұхари мен Мүслімнің риуаяты бойынша, Ибн Омар түсінде екі қорқынышты кісінің келіп, қолдарынан ұстап оны бір жалындаған терең құдықтың қасына әкелгенін, енді тастайтын шығар деп қорыққанда: «Қорықпа, сен үшін уайым жоқ», – дегенін Пайғамбарымызға айтады. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Ибн Омар қандай жақсы адам! Әттең, тәһәжжүд намазын да оқыса ғой!» – деп мақтайды әрі жол көрсетеді.[11] Аллаһ осылайша түсінде Ибн Омарға тозаққа қатысты бір бәрзах көрінісін көрсетіп, бір кемшілігін еске түсіріп, Пайғамбарымыздың кеңесімен сол кемшілігін түзеттіреді.

Еренсіздіктен арылып, жүректің жұмсауында, шайтандардан, күнәлардан қорғануда Аллаһтан қорқып, асқан махаббатпен түн қараңғылығында егіле жылау, ел шырт ұйқыда жатқанда ұйықтамай отырып айтылған зікірлер, оқылған намаздар, өткізілген дәрістердің жүрекке не құятынын соны тек орындаумен яки дәмін татумен ғана түсінуге болады. Түні нұрлы адамның күндізі де жарық болмай ма?

11. Үйлену не ораза ұстау
Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Уа, жастар, үйленіңдер! Әйтпесе ораза ұстаңдар, өйткені ораза – күнәларға қарсы қалқан»[12], – деген. Жас адамның есіл-дертін құмарлық билесе, оған уақыт өткізбестен үйленуді ұсынған жөн. Тіпті мұндай қауіп болмаса да, пайғамбарлар мен ұлы тұлғалар сияқты күнәға жоламай арлы өмір сүріп жатса да, дін үшін атқарар қызметтері болса да, ортасы оны күнәдан қорғаса да, өзі бойдақ жүрісті қаласа да, әсіресе, бүгінгідей күні шайтанның ойыншығына айналмас үшін бәрібір оны үйленуге шақыру керек, қолына күнәдан қорғайтын «қалқан» ұстатып, мықты «сауыт» кигізу керек. Әйтпесе басқа бір қалқан ретінде оразаны қолдану керек.

12. Сахабалар секілді өмір сүру
Жүрегіміз бен ойымыз тура жолда әрі үнемі «тірі» болу үшін Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм)  ғибратқа толы өмірін, саңлақ сахабалар мен абыройлы табиин және кезегімен ғасырларға нұр шашқан абзал жандардың өмірінен алынған өнегелерді көрсету, оқыту, тыңдату, үйрету, олармен өмірдің сәнін кіргізу өте маңызды.

Аталмыш ұлы тұлғалармен өзін, өмірін салыстырған адам «Олар сондай еді, біз қандаймыз?» – деп, өз-өзіне есеп беріп, алдынан тартып, артынан демейтін күшке ие болады.

Масаттану үшін емес, шынымен солар сияқты болуға талпыну, өткен күндер туралы қиссаларды оқу, тыңдау, бірте-бірте өмірімізді олардың өміріне қарай сәйкестендіру – көп көңіл бөлетін мәселе. Халықтың алдына шығып тарихымызды, ұлы тұлғаларымызды айтып «Біз сондай кісілердің ұрпағымыз» деп мақтанғанда, біреу тұрып: «Рас, тектерің мықты екен. Ал сендер бүгінгі күні қандайсыңдар, не тындырып жатырсыңдар!» – десе, не бетімізді айтпақпыз?! Маңыздысы – осы сұрақтың жауабын бере білу.

Әр адам жаратылысынан біреуге ұқсауға, еліктеу-ге бейім. Әркім өз баласын жіті бақылайтын болса, ата-анасына ұқсауға тырысқанын көреді. Жеті жасар баланың әкесіне еліктеп тәспі тартып не шашын тарауға дейін әкесіне ұқсауға тырысатынын көреміз. Жасы ұлғайған сайын олардың спортшыға, әртіске еліктегенін байқаймыз, тіпті балаларыңызбен аздап сөйлессеңіз, үйіңізде не туралы айтылатыны бірден түсінікті болады.

Осы жерде көрген бір оқиғамды айтқым келеді.
Бір кісі жолдасының баласынан сұрап жатыр: «Қайсысын көбірек жақсы көресің, анаңды ма әлде әкеңді ме?». Бала: «Аға, мен ең көп Аллаһты және Пайғамбарымызды жақсы көремін!» деп күтпеген жауап айтты.

Жеті жасар бала Германияда неміс достарымен бірге суға шомылады. Бала ұялып суға ішкиімімен түседі де, үйіне су киімімен келеді. Тізелері лай. Шешесінің «Мынауың не?» деген сұрағына баланың жауабы таң қаларлық: «Апа, екінді намазын шөптің үстінде оқыдым».

Иә, әрдайым жігерлі, ықыласты болудың бір жолы сахаба сияқты өмір сүру және олардың дастанға толы өмірлерін басқаларға да үйрету. Құран Пайғамбарымызды қалайша бізге үлгі-өнеге етіп көрсетсе, Пайғамбарымыз да сахабаларын «Жұлдыздар сияқты» деп, бізге оларды тура жолдың шамшырағы ретінде танытқан. 

13. Әрдайым «мұнафық болдым, күнәға баттым» деген уайымда жүру
Кейде шайтанның мазалауы, азғыруы, жүректің қатаюы, бойкүйездік болмаса да, «Ойпырмай, мұнафықпын ба, күнә істемес пе екенмін?» деген үреймен, уайыммен жүрген дұрыс. Хазірет Омар, Ибн Мәсуд, Абдуллаһ ибн Омар, Айша анамыз, тіпті кейбір Ислам тарихшыларының мәліметі бойынша, жиырма шақты сахаба өзін мұнафық санап күдіктенетін еді. Негізінде, уәсуәса бұлардың ақыл-ойына мүлдем жоламаған. Алайда оларда өте терең иман, жауапкершілік болғандықтан сондай ойға еріксіз берілетін. 

Бұл басқа мүміндерде де кездесуі мүмкін: «Көшеге шықтым. Ашық-шашық киінген қыздардың қасынан өткенімде, еріксіз ойым бұзылды. Іле рухани әлсірегенімді сезіндім. Енді жағдайым не болады?» – деген адам, меніңше, сақ адам. Мұндай түсініктегі адам аяғын басатын жерді мина төселген жерге ұқсатады. Бұл – нәфс-ләууәма[13] деңгейіне жету. Яғни нәфс-әммәраны[14] өзіне бағындыру. Әйтсе де кей-кейде қателікке ұрынбай қоймайды. Бірақ жасаған қателіктеріне өкінеді. Күнә жасайды, бірақ артынша нәпсісіне: «Мені күнәға батырған, ананы-мынаны істеткен сен емессің бе? Сенен-ақ тарттым ғой?» – деп жазғырады. Негізінде, бұл – адамның нәпсісімен күресуінің, арпалысуының бір көрінісі. Егер төзе білсе, нәпсісі бәсеңсіп, «радия»[15], «мардия»[16] мәртебелеріне жетеді, іле «мүтмаиннәға»[17] өрлейді. Сөйтіп, «сафияны»[18] көріп-сезе бастайды.


[1] Қараңыз: Тирмизи, Қияма 26; Зүһд 4; Нәсаи, Жәнәиз 3; Ибн Мажә, Зүһд 31.
[2] Қараңыз: Мүслім, Жәнәиз 108; Тирмизи, Жәнәиз 60; Нәсаи, Жәнәиз 101; Ибн Мажә, Жәнәиз 47, 48.
[3] Бұхари, Күсуф 2; Тәфсир (5) 12; Неке 107; Риқақ 27; Әйман 3; Мүслім, Салат 112; Күсуф 1; Фәдәил 134; Нәсаи, Сәһу 102; Күсуф 11, 23; Тирмизи, Зүһд 9; Ибн Мажә, Зүһд 19.
[4] Қараңыз: Құртуби, әл-Жамиу лиахкамил-Құран, 17/123.
[5] Тирмизи, Фәдәилул-жиһад 12.
[6] Исра сүресі, 17/107.
[7] Тәубе сүресі, 9/82.
[8] Ибн Хажар, Фәтхул-бари, 11/139.
[9] Адам өлгеннен кейін басталып, Қиямет-қайымға дейін болатын әлем (ауд.).
[10] Қараңыз: Исра сүресі, 17/79; Сәжде сүресі, 32/16; Инсан сүресі, 76/26.
[11] Бұхари, Тәһәжжүд 2, 21; Фәдәилу асхабин-нәби 19; Табир 35, 36; Мүслім, Фәдәилус-сахаба 139, 140.
[12] Бұхари, Саум 10; Никаһ 2, 3; Мүслім, Никаһ 1; Нәсаи, Сиям 43; Ибн Мажә, Никаһ1.
[13] Күнә істегенде іштей өзін жазғыратын нәпсі (ауд.)
[14] Үнемі жамандықты қалап тұратын нәпсі (ауд.)
[15] Жаратушыға разылық танытқан адамның нәпсісі (ауд.)
[16] Кемшіліктерін білетін, Жаратушының разылығына кенелген адамның нәпсісі (ауд.)
[17] Жамандықтардан арылған, Аллаһқа жақындықпен жүрегі орныққан адамның нәпсісі (ауд.)
[18] Әбден тазарып, кемеліне жеткен нәпсі (ауд.)


 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.