Құран мен ғылым немесе дін мен ғылым – екеуі бір-біріне қайшы ма?

Әуелі, мынаны айта кеткен жөн: дін мен ғылымның арасында қайшылық бар деп ойлаған адамдардың айтып отырғандары – «ғылым» емес, «білім». Ғылым – «даналық» пен «діннен» туады. Ол – ақиқатқа апаратын, адамды тура жолға жеткізетін жарық көзі, шындықтардың алтын тізбегі. Ал білімге келсек, тырнақшаның ішіне алып айтқанда, оны өзіне кигізілген киімі, жүктелген міндеті және берілген мағынасы арқылы қараңғылық, хаос және тұңғиықтар тізбегі деп түсінгеніміз ләзім.

Ғылым – өзегі бізге тән, негізі мен дәнін бізден алған болса, білім – батыстың рационализмі мен позитивизмінің жемісі. Білім ақиқатты, күллі ақиқаттың бұлағы – абсолютті ақиқатты жоққа шығара отырып,  қате, жаңсақ, ықтимал пікірлерге сүйеніп өз бетінше шындыққа қол жеткізуге тырысады. Алайда қолда ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін өлшейтін ақиқат таразысы болмаса, шындыққа қалай жетуге болады? Барлық нәрсені өзгереді деп қабылдайтын білім бір «Өзгермейтін» Жаратушының бар екенін мойындамастан, өзгерістер мен өзгергендермен  қалай шұғылданады? Өзгермес қағидалар мен бұлжымас ақиқаттарға арқа сүйемейінше, тәжірибе мен бақылау арқылы көп нәрсенің түйіні шешіле қоймайды. Олармен адам өмірін нұрландыру да мүмкін емес.

Жорамал-болжамдарға негізделетін білімнің зерттеу объектісі болған жаратылыс – негізінде, Хақ тағаланың құдіреті-қалауымен жазылған жоспар, программа, өлшем, тепе-теңдікке негізделген заттар мен құбылыстар кітабы. Шынайы ғылым болса, Аллаһ тағаланың ұлы істері мен әлемдегі заңдылық, зат, құбылыс – үшеуінің қатынасының елегінен өткен мәліметтерден тұрады.

Бұдан басқа Аллаһ тағаланың «Кәлам» сипатынан туындаған Құран кітабы бар. Аллаһ бұл кітабымен жаратылысты түсіндіреді, жаратылыстағы заттар мен құбылыстарға жол көрсетеді. Жаратылысты бір тепе-теңдік пен үйлесімдікке негіздеген Аллаһ тағала ондағы осы тепе-теңдікті Құранмен түсіндіріп жеткізеді.

Адам да осы екі кітаптың (жаратылыс пен Құран) басқаша жазылған түрі іспетті. Құран, жаратылыс, адам – үшеуі осылайша Аллаһ тағаланың ұлық есімдері мен сипаттарының түрлі пішіндегі айнасы болғандықтан, бір-бірімен тығыз байланысты. Олар – бір-бірін түсіндіретін, сол арқылы Аллаһты танытатын үш кемеңгер ұстаз, үш дара кітап. Енді осы үшеуі қалайша бір-біріне қайшы ұғым бола алады, қалайша бір-біріне қайшы келеді және қалайша бір-бірінен бөлек қарастырыла алады?

Адам  жаратылыс пен Құранды қатар оқи отырып шынайы ғылымды үйренеді. Үйренген осы ғылымы арқылы өзін таниды немесе өзгеше бір жолмен, әуелі, өзін таниды, сосын жаратылыс пен Құранды оқиды. Жаратылыс, ғылым және Құран – үшеуі, адамның  көз жіберіп қарасуы секілді, алда бір нүктеде тоғысады. Адамның екі көзі әлемді екі түрлі көрмейтіні сияқты, Құран мен шынайы ғылым да бір-бірінен өзгеше болмақ емес.

Ол екеуін өзгеше көретіндер – көзі қитар адамдар. Олай болса, бірінші түзетілуі тиіс нәрсе – осындай қисық көзқарастар. Зертханаларда жаратылысқа, заттар мен құбылыстарға Құранның «телескобымен» қарай алған көзі ашық санасы нұрлы адамдар, біріншіден, ғылымды нағыз өз тұғырына қондырады, екіншіден, ғылым мен адамзатты «білімнің» түпсіз тұңғиығынан құтқарады, үшіншіден, кейбіреулердің материализмін, біреулердің спиритуализмін тамырымен жояды. Біз тек қана Құранды оқып, жаратылыс «кітабын» көзден таса етпейміз, дәл сол секілді, Құранды ысырып қойып, себеп-салдар заңдылығын аса алмай ақылды мешеулікке ұрындырып, қатігез, тұрпайы материализмге жол бере алмаймыз.

Исламның тіршілікті тірілткен синтезі – осы. Яғни, бір жағынан, Аллаһ тағаланың ұлық есімдерінің әрбіріне айна болған ғылым салаларын меңгеру, екінші жақтан, бұ дүние мен ақырет бақытына жеткізетін күллі жолды һидаят нұрымен нұрландырған Құранды түсіну. Міне, Исламның адамзатқа бермекші болған ұлы мақсатының ең қарапайым, ең қысқа түйіні – осы.

Батыста дін ешқашан толығымен өмірдің барлық саласын қамтып, адамға берілген өмірдің шынайы мән-маңызын түсіндіре алмаған. Константин кезеңінде христиандықты шіркеудің иерархиясына тәуелді етуі, сондай-ақ Інжіл мен Тәуратты бұрмалап «киелі кітап» деп қабылдауы салдарынан үш ғасырға созылған христиандықтың саф кезеңі аяқталды. Ендігі жерде бірнеше әдептілік қағидаларынан басқа еуропалықтарға берер ештеңесі қалмады. Осыған байланысты батыстықтар ғылымды бізден алған кезде, нағыз мағынасы мен шынайы мазмұнынан ажыратып, Ренессанспен бірге толығымен материалистік әлемнің тар қыспағына салған. 

Кеше жоққа шығарғанымен, бүгін Морис Бюсей, Алексис Каррель, Карлейль, Гароди сияқты ойшылдар мен ғалымдардың да растағанындай, ғылымды бізден алғанын мойындаған батыстықтар оның шынайы келбетін, яғни Аллаһқа апаратын нұрлы қасиетін бір жаққа ысырып, оны тәннің ғана қажеттіліктерін қамтамасыз ететін мейірімнен жұрдай суық құралға айналдырды. Сондықтан да шынайы мағынасы мен мазмұнынан айырылған материалистік түсінікке тұтқын болған ғылымның, яғни «білімнің» дінге қайшы келуі – барынша орынды құбылыс.

Мәселенің тағы бір жағы бар: бұрмаланған Тәурат пен Інжіл иләһи сөз болса да, оларда көптеген қателіктер бар еді. Көбінесе өз дәуіріндегі діни мәселелерді шешу үшін және «діндар адамдарға» арнап сөз сөйлеу үшін «дін қызметкерлері» тарапынан жазылған «Киелі кітап» әр уақыттағы, әр деңгейдегі, әр мекендегі адамдарға арнап сөз сөйлейтін иләһи қасиетін жоғалтқан соң, жаратылыста өзгеру мен бұрмаланудан аман қалған иләһи ақиқаттарды көрсетерлік сенімінен айырылып, күдік пен дінсіздік кеселіне душар болды. Мысалы, «Киелі кітап» әлемнің жаратылысы мен адамның жер бетіне келген жылын нақты сандармен береді, жаратылыстың алты күнде жаратылуын дүйсенбі, сейсенбі секілді аптаның жеті күніне бөліп көрсетеді, Адам атаның жұмақтан шығарылуы жайлы айтылған қиссада Аллаһ – адам қатынасын бәсекелес екі патшаның ара қатынасы ретінде бейнелейді. Негізінде, мұндай кітаптың жаратылысты зерттеп білуге талпынған адамға берер нәтижесі шамалы. Сосын батыстықтар, әдептілік қағидасы болса да, діннің өз өміріне араласуына онша көп төзе бермейді. Міне, осындай себептер батыста дін мен ғылымды бір-біріне жау көрсетіп, екеуін екі бөлек бағытқа және екі бөлек арнаға тартты.

Христиан діні өмірдің шарттары мен «білімнің» қол жеткізген жетістіктеріне қарсы төтеп бере алмай, тасқа бастырылып түпкі қасиетінен айырылып, жылу, жарық, су секілді негізгі қорегінен жұрдай болған жапырақ секілді аяққа тапталып, жарамсыз болып қалды. Қайта еңсесін тіктемек болғанда тым кеш қалған еді. «Білім» дами түскен сайын оның ұстанымдарын біртіндеп іске алғысыз етті. Осылайша христиан дінінің аяқта тұрарлық бір ғана күші қалған еді: ол білімді жақтағандарды шіркеуден аластау. Оған жауап ретінде еуропалықтар өмірдің барлық саласынан ығыстырып тастаған, өз қолмен буындырған христиан дінін бұл жолы реформа жасау арқылы тағы да дар ағашына сүйреп апарғандай күйге түсірді. Бұл – шіркеуден қайтарған кектері еді.

Алайда дәл сол дар ағашында Исламды дарға асу түсінігі қайдан шықты? Ислам тарихында «жер шары айналады» деген адамның қуғындалғанын кездестірдік пе? Исламнан басқа өзінің нағыз тіршілік көзі екенін 11-12 ғасыр бойы адамзатқа көрсеткен екінші бір жүйе келді ме? Ғылымның атын жамылып, ғасырлар бойы бүкіл әлемге ұстаз болған Исламды «ғылымға қарсы», «дамуға кедергі» деп дар ағашына сүйреу дұшпанға тән арам пиғыл емес пе? Әлде мұның себебі Исламды өміріміздің барлық саласынан аластатып, нәпсіқұмарлықпен өмір сүру ме? Немесе батыстың өз мүддесін ойлап, әдейі аяқтан шалуына алданып жатырмыз ба?

Иә, біз ешқашан ғылымға иманымызды, ғибада-тымызды, Аллаһ тағала мен Оның елшісіне (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) деген махаббатымызды айырбастаған жоқпыз. Қайта керісінше, ғылым иманымызға, ғибадатымызға, Аллаһ тағала мен Оның елшісіне (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) деген махаббатымызға демеу болды. Аллаһ тағаланың разылығы үшін жаратылысты зерттеп білуге ынтыққан едік. Әрбір жақсылық жан-дүниемізге махаббат пен талпыныс әкелді, иманымызды шыңдады. Білген сайын тереңіне бойладық, сүңгіген сайын інжу-маржан таптық. Онымен ғана тоқтап қалмай ізденісімізді әрі қарай жалғастырдық. Біздің ғылым «көкжиегінде» қараңғылық, хаос және қара құрдымдар жоқ еді. Кез келген қиял-ғажайып оқиғалардың өзі онымен салыстыруға келмейтін ұлы миғражға сендік, дәл сол жолда сапар шегуге тырыстық, сол үшін намазды соның түпқазығы деп есептедік. Мұғжизаларды біліп мойындадық, әрдайым «қайтсек, Ұлы Жаратушымызға жағамыз» деген шынайы ықыластан айырылмадық.

Иә, бізде осындай пәк түсінікке негізделіп дамыған ғылымның мақсаты – Аллаһты тану (мағрифатуллаһ) болса, нәтижесі – Аллаһты сүю (мухаббатуллаһ) және рухани ләззатқа кенелу еді.

Құран мен ғылымның қатынасы жайлы пайымдау-да – Құранды қазіргі ғылымның артынан жүгірту және соларға тәуелді ету. Ғылымды Құраннан, діннен және иманнан бөлектеу – кемістік болса, Құранды жаратылыстану ғылымының артынан жүгірту не оны физика, химия, медицина, математика, астрономия кітабы деп есептеу де ағаттық. 

Қуаты орасан зор Күнді өзінен кішкентай метеорға спутник етуге бола ма? Жаратылыс пен адамды жаратылғаннан бастап ақырзаманға дейін барлық жағынан зерттеген, олардың сызба-картасын көрсеткен Құранды қалайша жердің кішкене картасынан, тіпті бір тау сілемінің суретінен тұрады деп айта аласыз?

Жазық даланы гүлмен көмкеріп, құлпыртқан өзен-көлдерді, сабасына толған теңізді есепке алмастан, тек қана жер астынан атқылап шыққан қайнар көзіне қарап, «міне, өзен» деу және ол өзеннің хикметін, пайдасын қамтитын аумағын «тек өзі ылғалдандырып өткен бау-бақшадан немесе түбіндегі алтын кенінен тұрады» деп ойлау үлкен қателік, сол секілді Құранды құбылмалы ғылымның бүгінгі деңгейімен теңестіру, тіпті әлі күнге дейін дәлелденбеген ғылымды Құранға куәлікке тарту, Құран аяттарын сол ғылыми жаңалықтар мен жорамалдарға үйлестіру де одан өткен сорақы қателік.

Құран аяттарын кезекті ғылыми жетістіктер мен жорамалдарға негіздеуге құмартпаған жөн. Иә, Құранның ақиқатын жарыққа шығару үшін жалма-жан ғылыми негіз, сүйеніш іздеу – оның ұлылығына дақ түсіреді. Кезекті ғылыми жаңалық ашылғанда, «бұл – Құранда бұрыннан бар» деп, Құраннан дәлел табуға тырысу, әрдайым жаратылыстану ғылымына Құранды дәлел етіп көрсету, әрбір ғылыми жаңалық табылғанда «Құранда бұл да бар. Мына аят осыны меңзейді» деген сияқты тұжырымдар жасау – ғылым алдында төменшіктеудің әрі Құранды екінші орынға қоюдың белгісі.

Ғылым мен даму тоқтамайды. Бүгін «дұрыс» деп табылған көптеген ұғымдар ертеңіне түкке жарамсыз болып жатады. Алайда Құранның ақиқаттары тұрақты әрі мәңгі - бақи өзгермейді, қателеспейді.

Алғаш түскен күннен бастап қазірге дейін тура 14 ғасыр өткеніне қарамастан, Құранда тың әрі аса өткір мәселелер бар. Олардың ақиқатын ғылым әзірге аша алмай отыр, өйткені ғылыми деңгейі жағынан Құраннан мүлдем қалып қойған. Жаратылыстану ғылымының Құран көрсеткен көкжиектерге жеткенше, қанша мәрте өзгеріп толығатыны белгісіз. Адамзат тарихында мінсіз көрінген қаншама теория дүниеге келді, дегенмен уақыт өте келе, бәрі де көрген түстей ұмытылды да, олардың орнын жаңалары басты. Күндердің күні олар да міндетті түрде ғылым ордаларынан сыртқа қуылады да, ғылым ес-түсінен айырылып теңселеген күйі мәңгі өзгермейтін Құран ақиқатына келіп жүгінетін болады. Сондықтан ұдайы өзгеріп жатқан жаратылыстану ғылымының артынан мызғымайтын ақиқаттардан тұратын Құран Кәрімді күштеп жүргізбеу керек, оны ғылыммен үйлестіруге ұмтылмау керек. Сонда не істеу керек?

– Құранды ғылыми жетістіктерге емес, керісінше, ғылыми жетістіктерді Құранға үйлестіруге мән беру керек;

– Ғылыми жетістіктер мен жаңалықтарды Құранның ізімен жүргізу керек;

– Ғылыми жетістіктер мен жаңалықтарға  Құранды бетке ұстар ету керек. Яғни, «Ей, ғылым, түпқазығың мен өзегіңді сен осы Құраннан табасың. Өйткені Құран сен дәлелдеп шығатын ақиқатты айтып жатыр. Қара да, Құрандағы шынайы кейпіңді көр. Егер әзірге бұл деңгейге жетпеген болсаң, әлі көп жұмыс істеп соңғы пішінің мен шынайы болмысыңды Құраннан табуға ұмтыл», – деп айту керек.

Ғылымда табылған кезекті жаңалық Құранмен сәйкес келгенін көрсек те абай болып, «Әрқалай болуы мүмкін...» деп аятты аталмыш ғылыми жаңалықпен түсіндіруге, түсініктеме беруге, сәйкестендіруге асықпау керек. Бір ғылыми шындықпен аят не хадис арасында толық сәйкестік көрінсе де, «бұл әлі тағы да өзгеруі мүмкін» деп, өте сақтық танытуға мәжбүрміз. Енді осы мәселені одан сайын түсінікті ету үшін, бір мысал берейін:
 Қазіргі кезде СПИД-ті Құранда өткен «даббатул-ардбен» байланыстырып жүргендер бар. Құранда «Ақырзаманда жер бетіне «даббатул-ардтың» шығатыны айтылған. Осы аят пен оның алды – артындағы аяттарға қатысты мағынасына қарасақ, «даббатул-ардтың» ақырзаманның бір белгісі екенін көреміз.[1] Ол жер бетіне шығысымен адамзат имандылықты  ұмытып, имансыздық тез жайыла бастайтындығы айтылады. Яғни «дабба» пайда болғанда, жер беті өзінің міндетін тамамдайды әрі «Аллаһ» дейтіндер азаяды. Тіпті оларды жоқ деуге де болады. Сөйтіп, өткір рухты ізгі жандар өмірде қалмайды, керісінше пиғылы нашар қараниеттілер қаптап кетеді. Осындай кезеңде, Аллаһтың «жой» деген бұйрығы берілу үшін «даббатул-ард» жер бетіне шығады да, қараниеттілерге: «Енді бұдан кейін Жаратушыға сенетін жан қалмайды, сенген адамдарда толық сенім болмайды», – деп жар салады.

Енді Құранда берілген осы қысқа мәліметпен аталмыш мәселеге қатысты хадистер[2] шеңберінде «СПИД шынымен де «даббатул-ард» болуы мүмкін бе?» деген сұраққа жауап іздейік:

«Даббаның» шығатындығы нақты белгілі, десек те ерекшелігіне қатысты, бірқатар хадистер мен «дабба» сөзінің мағынасына тереңірек үңілсек оның «вирустан» бастап «мүйізтұмсыққа» дейінгі әр түрлі ұғымды білдіретінін айтуға болады.
«Дабба» адамдар арасындағы жұқпалы ауруларды тарататын микроб болуы мүмкін, бірақ оны түбегейлі «СПИД» деп айтуға болмайды. Өйткені Құран тыйым салған харамдарды істеуден туындаған «сифилис» сияқты қан аурулары, тіпті бір кездері адамдарды баудай түсірген оба, безгек, түберкулез сияқты жұқпалы аурулар да «даббатул-ард» болуы мүмкін. Сосын хадистерде айтылғандай, Иса Мәсих[3] (а.с.) Аллаһтың қалауымен жер бетіне екінші рет келген кезде, адамзат түрлі қатерлі дерттерге душар болады. Олардың микробтарын да «дабба» деуге болатын шығар. Егер СПИД-ті «емі жоқ» деп «даббаға» жатқызатын болсаңыз, онда әлі күнге дейін емі табылмаған «ракты» қайда қоясыз? «Алдағы уақытта СПИД-ке де, ракқа да ем табылмайды» деп тұжырым жасау да дұрыс емес. Мұндай түсінік қартаю мен өлімнен басқа барлық аурудың емі бар екенін айтқан пайғамбарымыздың сөзіне қайшы келеді.[4]

Осыған байланысты «даббаны» тек қана СПИД немесе соған ұқсас басқа бір ауруға теліп қою аяттың кең ауқымды, терең мағыналы, барлық нәрсені және барлық дәуірді қамтитын нақты әрі көп жақты қасиетіне қайшы келіп, оның мағынасын шектейді.

Құран Кәрім мен хадис шәріптердің мәңгі-бақи ескірмейтін нұрлы сөздері ешқандай толықтыруды қажет етпейді. Сыртқы көрінісі білінбесе де, олар адамның жан дүниесінде нұр шашып жарқырап тұрады. Осы тәрізді жағымды нәтиже мен тұжырымдар, бар болғаны, біздің таяз ақылымызға қонған шаң-тозаңды сыпырып әкететін сыпыртқы бола алады. Мұндай көмескі мәселелер әлгі ұлы ақиқаттарды көтеріп жүре алмайды.

Сосын аятты СПИД немесе басқа ауруға ғана теліп қойсақ, онда үмітімізге балта шапқандай боламыз. Өйткені аятта «даббатул-ард» шыққан соң, иман мен иақин жоғалып, тоқырау, дағдарыс басталатыны айтылады. Алайда хадис шәріптердің бізге сүйіншісі бар, яғни біз Исламның әлемде тағы бір мәрте салтанат құратынына, жаратылыс көкжиегінде Ислам таңы ататынына, әлемге қайтадан сөзі өтімді болатынына, Христиан дінінің түрлі қате түсініктерден арылып, қайтадан бастапқы қалпына келіп Исламға қосылатынына және әлемнің төрт күл бұрышында адамдардың Пайғамбарымызды (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) дәріптейтіндігіне шын көңілмен сенеміз. Сондықтан біз «даббатул-ард» ақырзаман таянғанда, қараңғы қапастағы кәпірлерге келеді деп үміттенеміз. Олай болса, «даббатул-ард» мәселесінде асыра сілтеуден аулақ болу үшін былай дей аламыз: басқа қауіпті аурулар сияқты СПИД те «даббатул-ардтың» бір түрі  болуы мүмкін. Иә, СПИД – «даббатул-арздың» бір міндеті, бір бөлігі болуы мүмкін. Әр ғасырдағы бір көрінісі болуы мүмкін. Алайда «даббатул-ардты» нақты СПИД деуге болмайды.

Мәселеге басқа жағынан қарайтын болсақ, бүгін технология мен компьютер жүйелерінің дамығаны сонша, ірі фабрикадан ұсақ қол сағатқа дейінгі өмір сүрудің барлық салаларын қамтыды. Кешеге дейін ғылыми-болжам ғана жасалып келген лазер сәулесі адамның орнын алмастыра бастаған роботтар да қазір баршаға белгілі. Қазіргі адамдар, әсіресе, технология жасаушылар ойлап тапқан жаңалықтарын адамзатқа қарсы, адамды жою үшін қолданып жатыр. Олай болса, «бір күні программаланған роботтардан қырып-жойғыш машиналар жасалмайды, бір робот мыңдаған адам мен мыңдаған мекемені басқармайды, аузына темекі қыстырған робот директорлар офисте отырмайды» деп кім айта алады? Керек болса, микрофонмен, компьютермен, басқа бір ғарыш құралымен, телепатия жолымен сөйлесетін сезімнен жұрдай, мейірімсіз, сөз түсінбейтін роботтардың «даббатул-ард» болмасына кім кепілдік бере алады?

Бұрындары фантастикалық бір фильмде үш-төрт ғалым микроскоппен ғана көруге болатын өлшемдегі «құбыжық адамдарды» «қайыққа» мінгізіп, адамның қан тамырларының ішіне жіберіп, мидағы бір ақауды түзеуге тырысып жатты. «Шайтан адамның тамырларында қанмен бірге айналып жүреді»[5] деген хадисті еске түсіретін мұндай жайттың қазіргі таңда жүзеге аса бастағанын көрудеміз. Шыны түтікте (колба) адам өсіру, спермаға белгілі бір мөлшерде ықпал ету, бітелген тамырды ашу, сырттан басқару арқылы дененің ішкі құрылыстарына түрлі операция жасау бүгіндері ешкімге таңсық емес. Мысалы, Жапония үлкендігі миллиметрдің миллион да біріндей болатын өте ұсақ құрал ойлап шығаруды жоспарлап отыр. Мұндай құралдармен ми мен спермаға дейінгі бүкіл ағзаға ықпалын жүргізген адам бара-бара «Тірі жандыны дүниеге келтірдім, кабельмен адам жараттым» деп күпірлікке де ұрынуы мүмкін. Осылайша ақырзаманды болдыра ма, кім білсін?!

Енді осындай құралдарға «даббатул-ард» делінсе, «мүмкін емес» деп қарсылық білдіруге бола ма? Сосын біреу тұрып, шығыстан шыққан «коммунизм» ең үлкен «даббатул-ард» десе, жауабымыз не болмақ?

Ендеше, Құранда қызметі жайлы айтылып, бірақ тұрпаты анық білдірілмеген даббатул-ардты «мынау» деп нақты шешім қабылдау – барып тұрған сорақылық әрі асығыстық.

Бүгінгі қателіктер тек «даббамен» ғана шектеліп жатқан жоқ. Бір ғалым мәлімдемесінде «Алапестен арыстаннан қашқандай қашыңдар»[6] деген хадисті өзінше талдап, «Алапестің микробы арыстанға ұқсайды. Микроскоппен бүгін ғана анықталған осы шындықты Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) 14 ғасыр бұрын көрген» деген жорамал жасағанын білем. Шын мәнісінде, әлгі ғалым ол микробтың арыстанға мүлдем ұқсамайтынын білмейтін.

Енді осындай мәлімдеменің жаңсақтығы анықталса, Пайғамбарымыз қате сөз айтқан деген түсінік қалыптаспай ма? Олай болса, аят пен хадистерді ғылыми тұрғыдан түсіндіруге тырысқанда, әрдайым «бәлкім» деп, басқа да ықтималдықтарды назарға алып, сақтық танытқан жөн. Позитивизм мен рационализмнің соңы жақындаған шақта, аят пен хадистерді позитивті ғылыммен түсіндіру, солардың ізімен жүргізу – аят пен хадиске берілген түсіндірме емес, керісінше, аят пен хадиске жасалған қылмыс. Осы мәселе төңірегінде жазылған көптеген ғылыми еңбектің қаншама қате пікірлерге негізделгені 5-10 жылдан кейін анықталып, тұжырымдама жасағандар әлі-ақ өз сөздерінен бас тартуға мәжбүр болады.

Алайда Құран ақиқатының өтірік болып шыққан ешбір мәселесі жоқ және болмайды да. Егер бір ғылыми пікірдің Құранға қайшы келгенін көрсек, ол Құранды жаңылыс түсінгеніміз немесе сол мәселеде ғылымның қателескені. 

Көпшілікке мәлім, топырақтағы дән секілді жаратылыста жасырынған ғылыми ақиқаттар анықталған сайын, Құран жасара түседі. Күн өткен сайын су, жылу және жарықты бойына көбірек алған гүл тәрізді жасарып құлпырады да, ми мен жүректі нұрландыра түседі. Кім біледі, бәлкім, өзінде көмкеріліп жатқан ақиқаттар мен белгісіз ұғымдарды адамдарға ұсынатын болар. Сөйтіп, тағы қаншама аяттар мақтанышпен көрмеге қойылатын шығар!..

«Оларға аяттарымызды сыртқы әлемдерде және өз іштерінде көрсетеміз. Оның (Құранның) ақиқат екендігі оларға барынша белгілі болады (осылайша). Жаратушыңның барлық нәрсеге куә болуы жетпей ме?»[7].

Иә, аяттағы «сәнури» (келешекте көрсетеміз) сөзі арқылы сахабаға: «Көптеген аяттарымызды сендер әзірге білмейсіңдер. Оларды кейінірек көрсетеміз»; «һум» (олар) есімдігі арқылы «Сендерге емес, оларға, басқаларына, кейін келетіндерге көрсетеміз» және «иәтәбәййәнә» етістігі арқылы да «Бәлкім, бірден емес, бір-бірлеп келген әрі бір-бірін толықтырған зерттеулер мен тұжырымдар нәтижесінде Құранның ақиқат екені анықталады» деп тамаша түрде айтқан ақиқатына күә боламыз.

Ғылымның қазіргі күйі еңбектейтін шақтан өтіп, тұруға талпынып жатқандай. Әзірге осы күнге дейін айтылған соншама теориядан бірнешеуі ғана ақиқат болып  Құранмен сәйкестігі анықталды. Ал болашақта әр саладағы қол жеткен жетістіктер Құранның тағы көптеген ақиқаттарын анықтайтын болады. Ғылым анықтаған ақиқаттар Құран арқылы расталып, өзгермес шындыққа айналып отырады. Мәселен, бізден өте алыста орналасқан жұлдыз немесе жұлдыз шоғырлары жайлы айтылған болжамдар қазірше рас болмауы мүмкін. Бірақ уақыты келгенде, ол айтылғандардың шындыққа қаншалықты жанасатыны не жанаспайтыны анықталатын болады. Сөйтіп, соған қарай өзгермес шындық болып қабылданады. Осылайша ғылым ақиқатты анықтап, сол арқылы Құранға жақындап, бұлжымас ақиқаттар жарыққа шығады. Сөйтіп, айналып  келгенде нағыз шындықты тағы да Құраннан табатын боламыз. Сол кезде адам теорияларды емес, нағыз ақиқат жайлы сөз ететін болады. Және бәріміз «жаратылыстағы Жаратушының сипаты мен құдіретін көрсететін дәлелдер» жайлы айтатын боламыз әлі. Сол күні бөлек-бөлек үш бағытта бір-бірінен хабарсыз кетіп бара жатқандай көрінген Құран, адам және жаратылыстың, негізінде, бірдей ақиқатты жар салғанын және Құран жүрегінің «Адам және жаратылыс» деп, ал жаратылыстың жүрегі «Құран» деп соққанын ап-анық көреміз.

Иә, сол күні жаратылысты түсінген адам мына өмірдің мәнін ұғады, Құранды түсінген кісі ақыретті түсінеді, ал екеуін бірден санасына сыйдыра білгендер мына өмірді әрі ақыретті таниды.

Енді қазіргі кезең мен тарихты бір шолып шығайық: Құран, жаратылыс және адам – үшеуін бір-бірінен ажырату адамзаттың басына әлемдік деңгейде үлкен кесел-кесапаттар әкеледі, бұған керісінше, осы үшеуі біртұтас қарастырып, Исламның жолымен жүргенде адамзат шексіз бақытқа кенеледі. Осыны бір ойлап көрейік. Сосын ақиқат пен бақыттың қайда болатынына ар-ұжданымызбен шешім қабылдалық.


[1] Қараңыз: Нәмл сүресі, 27/82.
[2] Қараңыз: Мүслім, Иман 249; Фитән 39, 118, 129; Әбу Даууд, Мәләһим 12; Тирмизи, Фитән 21; Тәфсир 27; Ибн Мажә, Фитән 31; Ахмад ибн Ханбал, әл-Мүснәд, 2/164, 201, 295, 337.
[3] Иса пайғамбар (а.с.). Хадистерде Исаның (Мәсихтың) ақырзаман жақындағанда екінші рет жер бетін келетіні жайлы айтылған.
[4] Қараңыз: Әбу Даууд, Тыбб 1; Тирмизи, Тыбб 2; Ибн Мажә, Тыбб 1.
[5] Бұхари, Ахкам 21; Бәдъүл-халқ 11; Итикаф 11, 12; Мүслім, Сәлам 23, 24, 25; Әбу Даууд, Саум 78; Сүннет 17; Әдәб 81; Ибн Мажә, Сиям 65.
[6] Ахмад ибн Ханбал, әл-Мүснәд, 2/443.
[7] Фуссилат сүресі, 41/53.


 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.