Түр-сипаты да оның адалдығы мен пайғамбарлығына куә
1. Көре білген, түсіне білген адам үшін кісінің бет-әлпеті – жан дүниесін көрсететін айна тәрізді. Яһуди ғұламаларынан Абдуллаһ ибн Сәләм Пайғамбарымыздың нұр шашқан жүзін бірінші көргенде-ақ «Мынадай келбетте жалғандықтың ізі жоқ» деп иман еткен[1].
2. Егер шартты түрде керісінше алатын болсақ, яғни ол ұлы тұлғаның (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сөздері мен әрекеттерінде аз ғана жалғандық пен жасандылық болғанда, онда пайғамбарлық келгенге дейін немесе пайғамбарлық келген кезде, сол кемшілігі міндетті түрде әлемге айдай аян болатын еді. Сөйтіп, сыныққа сылтау, сырыққа құрық таппай жүрген дұшпандары мұны жерден жеті қоян тапқандай жаһанға жар салып, қылышқа жүгінбей-ақ, мақсат-мұратына жетер еді.
3. Бір нәрсенің жасандысы, көшірмесі ешқашан табиғи не шынайы сияқты бола алмайды. Қас-кірпігі туғаннан қара адам мен қас-кірпігі кейіннен боялған адамның арасындағы айырмашылық бәрібір көзге ұрып тұрады. Шыбын – әдемі тауыс құсының, жұлдызқұрт – Күннің, шопан – әкімнің немесе ғалымның орнын баса ала ма? Олай болса, пайғамбарлық секілді жауапкершілігі өте үлкен қызметте жасандылық пен жалғандықтың болуы мүмкін емес.
4. Кез келген адам жұлдызы өзіне қарсы шағын топтың алдына шығып, ұсақ-түйек мәселені қозғап, жалған сөйлеп, абыройын төккісі келмейді. Бұл – адамның жаратылысында бар қасиет. Алайда ол ұлы тұлға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) пайғамбарлық қызметі үшін өзіне қастасқан дүйім жұрттың алдына шығып, өте маңызды мәселелерді тайсалмай сенімді түрде айтқан. Олай болса, мұнда жалғандық, қулық бола ала ма?
5. Оқу-жазуды білмейтін үмми кісінің атақты ақындар мен шешендерден құралған адуынды қауымның алдына шығып, қаймықпай сөз сөйлеуі, еркін қимылдауы әрі мұны өмірінің соңына дейін жалғастыруы мүмкін бе?
6. Адам өзінің ғылыми көзқарасына мәдениетті түрде қарсы шыққан кісілерді көріп, қате мен жалған араласса да, өз ой-пікірін қорғауға тырысады. Алайда оның бүкіл қауіп-қатермен жалғыз арпалысуы, зорлық-зомбылыққа төзе білуі, әсіресе, күніне бір емес, бірнеше рет ар-намысы мен абырой-беделіне тіл тигізіп келеке еткен, бетіне түкірген, ауыр дөрекі сөздер айтқан адамдарға қарсы сабыр танытып, өзінің асыл қызметінен бас тартпауы, үмітін жоғалтпауы оның адалдығына үлкен дәлел бола алады.
7. Өмірде неше түрлі адам кездеседі, әсіресе, қазіргі уақытта. Мысалы, күн ыстықта ораза ұстай алмағандықтан, өзіне кешіріммен қарауды өтінетіндер бар. Осы жерде сол ғасырға шегініс жасайық: төбеден шыжыған күннің аптап ыстығы, жерден құм-тасы аралас шөлдің тандырдай бет қаратпай қарыған табы, айналадағы қорлық-зорлық пен сан қилы қауіп-қатер... Сосын өзінің көзі тірісінде жемісін көре алмайтын (әрине, әсте олай емес) бір өтірік үшін сонша азап-қорлыққа сабыр етуі, құрма бұтағынан жасалған төсеніште жатуы, қаншама күн қарнына тас байлайтындай дәрежеде аш қалып, өмірінің көп бөлігін соғыспен өткізуі мүмкін бе? Мұны өзіңіз таразылап көріңіз!
8. Ақиқаттың жаршысы болу маңызды, алайда ең маңыздысы – әкелген қағидаларын әуелі өзі орындау арқылы басқаларға жақсы үлгі-өнеге көрсете білу. Адамзат тарихы заң шығарумен, саяси жүйе орнатумен аты шыққан көптеген ұлы тұлғалардан кенде болмаған. Алайда олардың көбісінің сөзі мен ісі бір жерден шықпағандықтан өздерінің ту етіп ұстаған идеялары көпке ұзаған жоқ әрі орнатқан жүйелері де өздерімен бірге жоғалып, өздеріне шын берілген жақтастарынан да айырылды. Ал енді сол ұлы тұлға намаз оқуды айтып осыны өзі артығымен орындаса, зекет беруді бұйырып, мұны өзі бастап артығымен жасаса, харамнан тиылуды айтып, өзі харамға жоламаса онда ол кісінің шынайылығы сізді ойлантпай қоймайды...
9. Адамның дене бітімі 12 жасқа дейін жетіліп толысады, ал мінезі сәби кезінен қалыптасады, ер жеткен сайын жетіле түседі, жастық шағында тамыр салады, отыздан кейін табиғи болмысына айналып әбден орнығады. Қырық жастан кейін өте күрделі интеллектуалдық-рухани өзгерістерді бастан өткермесе мінезін өзгерту – терісін ауыстыру сияқты қиын мәселе.
Ал енді қос ғаламның нұры – Пайғамбарымызға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) зер салайықшы: қырық жасқа дейін сенімді (Әмин) әрі арлы адам ретінде ғұмыр кешіп, өзінің туралығы мен адалдығын жалпақ жұртқа мойындатқанын көреміз. Егер ой-санасында жат пиғыл, бұзықтық болғанда (әрине, әсте олай емес), ол жастықтың желігімен әйтеуір бір білініп қалар еді. Қырық жасына дейін болмысына әбден сіңісті болған әдет-дағдыларының қырық жасында бірден өзгере қалуы мүмкін емес. Қырық жасына дейін бір ауыз өтірік айтпаған адамның қырық жастан кейін жалған сөйлеуі мүмкін бе?
10. Өтірікші, екіжүзді, жеңілтек адамның өзіне құлай берілген, дүниесін, тіпті жанын пида ететін адал достар таппақ түгіл, оның шүйіркелесіп әңгімелесетін мінезі жұмсақ адал досы да болмайды. Енді оның айналасына бір көз салсаңыз: бүкіл қауіп-қатерге қарамастан, бір тудың түбіне жиналған сахаба, табиғиндерді, сонымен бірге әр ғасырдағы оған жан-тәнімен берілген сансыз әулие, асфия және мүршидтер, ғылымның әр саласындағы ғұламалар мен оның айналасына шоғырланған миллиондаған көзі ашық азаматты көресіз! Сонда мұнша ақылды адамның өтірікті ақиқаттан ажырата алмайтындай ақымақ болғаны ма?
9. Егер бұл кісі пайғамбар болмаса, онда басқа пайғамбарлардың пайғамбарлық қызметі жайлы сөз айтудың өзі мәнсіз болар еді. Өйткені барша ұлы пайғамбарлардың айтқан сөздерін, көрсеткен мұғжизаларын, қалдырған мұраларын Пайғамбарымыздікімен салыстырсақ, таудың қасындағы төбешікті елестетеді.
12. Басқа бір адамның оның қызметі мен ерекшеліктерін пайдаланып өзін танытуы мүмкін емес. Өйткені, бізге еңсемізді биік ұстауды үйреткен Аллаһ тағаланың: «Егер құлымызға жібергендерімізге қандай да бір күдіктерің болса, онда қане, оған ұқсас бір сүре әкеліңдер...» – деп батыл күреске шақырғанына 14 ғасыр болды, әлі күнге бір жауап жоқ.
13. Сондай-ақ, жан баласына өмірі өтірік айтпаған кісі қалайша Аллаһ тағалаға жалған сөйлейді? Қалайша өз сөзін Аллаһ тағаланың сөзі деп айта алады?
[1] Ибн Кәсир, әл-Бидая уән-ниһая, 3/208.
- жасалған.