Жындар түтінсіз, жалынсыз оттан жаратылған

«Жындар түтінсіз оттан жаратылған».[1] Жындардың жаратылысы туралы Құрандағы мәлімет осы ғана. Тек басқа бір жерде оларға қатысты: «(Дененің өзегіне) бойлап енетін жалынды от»[2] деп те келтірілген. Дегенмен олардың шынайы табиғаты бізге беймәлім. Бұл мәселеде телескоп пен микроскоптың мүмкіндігі де шектеулі. Араб тілінде «жын» деген сөз «жабулы, бүркемелі» дегенді білдіреді.[3] «Алаулап жанған, айналасына жалын шашқан оттың бір түрі» деп суреттеген сөздер олардың бейнесін қаншалықты ашатыны белгісіз. Қалайша адам баласы әуел баста топырақтан жаратылған болса, жындар да оттан жаратылғандықтан бойына оттың қасиеттерін сіңірген. Бұл ауа мен от араласқан жалын тәрізді нәрсе ме, әлде радиация ма, не болмаса күн сәулесі ме, ол жағы бізге беймәлім. Бәлкім, олардың денесі біз білмейтін бір қосынды заттан болуы да мүмкін. Бәлкім, атом толқындарынан немесе атомнан ұсақ заттан пайда болған бір ион қоспасы болар. Мүмкін эфирлік денелер, яки антиматерия шығар. Секундына шамамен 300 000 км жылдамдықпен қимылдайтындықтан оларды көру не арнайы құлдармен анықтау мүмкін емес. Көрінетін заттардың негізгі құрылысы – квант атты энергиялық атомдар, бірақ бұлардың өзі 5000 градустық температурада ыдырап, жеке атомдарға айналады. Алайда жаратылыс әлемінде мыңдаған, миллиондаған температурадағы аспан денелері бар. Демек, ол жерлерде жоғары дәрежедегі температураға төзімді энергия тәрізді болмыстар бар. Мұның бірден-бір ерекшелігі – олар саналы әрі ерікті болмыстар.

Жындардың эфирден түзілуі де мүмкін. Эфирдің бар екендігі, оның қандай болатындығы туралы ғалымдардың кесімді бір пікірлері жоқ. Бұл тұрғыда Құранда нақты дерек жоқ. Дегенмен бір хадис шәріпте «Аллаһтың Аршы бастапқыда ама үстінде»[4], және бір хадисте «су үстінде»[5] делінген. Бұл жердегі «ама» сөзі басқа мағынада қолданылуы мүмкін. Бәлкім, атомдар мен молекулалар пайда болғанға дейін Аллаһ тағала үкімдерін «ама» секілді, яғни эфир секілді заттың негізінде жүргізген болар. Алайда бұл діни сенімге қатысты мәселе болмағандықтан оған көп тоқталып, оның бар-жоқтығын таласқа салудың мәні жоқ. Эфирдің бар жоқ екендігін де анықтау әзірше мүмкін болмай отыр. Ол материя мен рухтың арасындағы бір нәзік зат болуы да мүмкін. Кім біледі, бәлкім, материя біткен жерде эфир басталар.

Бәлкім, жындар осы өмірде бізбен қатар өмір сүріп жатқан болар, бірақ сәулелі толқындардың оларды бізге көрсету мүмкіндігі шектеулі. Мұның барлығын ғылыми түрде түсіндіруге қанша тырысқанымызбен, біз олардың болмысы туралы мардымды еш нәрсе айта алмаймыз. Неге десеңіз, бұл уахиды өзімізше жорамалдауға жатады. Өйткені «маариж» бен «нар»[6] «нарун сәмум»[7] сөздерін Құранның қандай мағынада қолданғаны бізге беймәлім.

Бір сәт назар салып қарасаңыз, адам топырақтан жаратылғанымен, екеуінің арасындағы айырмашылық жер мен көктей емес пе? Олай болса, оттан жаратылған жындардың да қандай екенін кім білсін?


[1] Рахман сүресі, 55/15.
[2] Хижр сүресі, 15/27.
[3] Ибн Манзұр, Лисанул-араб, «жин» бөлімі.
[4] Тирмизи, Тәфсирус-сурә (11) 1; Ибн Мәжә, Муқаддимә 13; Ахмад ибн Хәнбал, әл-Мүснәд, 4/11, 12.
[5] Бұхари, Бәдул-халқ 1; Тирмизи, Тәфсирус-сурә 3, 5 (11) 9.
[6] Рахман сүресі, 55/15.
[7] Хижр сүресі, 15/27.

 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.