«Шайтанның солдан, оңнан не басқа да бағыттардан келіп адамды азғыруы» дегенді қалай түсінеміз?

Шайтан адамға оның ең осал тұсынан жақындайды. Адам шайтанға берілмей күресу арқылы жұмаққа кіруге лайықты дәрежеге жетеді. Тіпті әлі мына өмірде жүргенде-ақ Аллаһ тағаланың игілігімен жындармен жүздесіп, періштелермен достасатындай рухани өседі. Ғайып әлемінен келіп жеткен ақиқат нұрына көзі қанығады. Дегенмен адам бойында осал тұстары да жоқ емес. Оны жақсы білетін шайтан бүкіл күш-жігерін осы тұсқа жұмылдырып, адамды тура жолдан тайдыруға күш салады.

Адамға ізгі мақсатпен берілген тәнқұмарлық, ашу, ыза-кек, ақыл, күш, қайсарлық тәрізді қасиеттер егер иманға бағындырылмаса, шайтан оны дереу өз мүддесіне пайдаланып, адамға кесір етіп қолдана бастайды.

Мысалы, адам нәпсіге берілгенде ар-ұяттан жұрдай болады. Ал адамның періштелік сипаты жетілген кезде нәпсіні ұждан басқара бастайды. Шайтан өзін адамға сездіртпеу үшін әрқашан оның нәпсісін алға салады. Ал арға, ұжданға, көп жолай бермейді. Өйткені, ары мен ұжданы биік адамға шайтанның сөзі өтпесі анық. Адам жүрегі Аллаһ тағалаға қатты берілген мезеттерде оның көңіл сарайы әркез шайтанға жабық тұрады. Бұндайда амалын асыра алмаған шайтанның мысы құриды.

Адам көкірегіндегі періште мен шайтанға тиесілі орындардың бір-біріне жақындығы сондай – олар бір-біріне әркез ықпал етіп отырады. Мысалы, шайтан  бықсытқан түтін періштелік жақтың да мазасын кетіреді. Жоғарыда айтып өткеніміздей, шайтан құмарлықты түрткілеп, адамның нәпсісін қоздырады. Ақылын алжастырып, күнәға бас ұрғызады. Шайтанның тұзағына түскен адамның жан дүниесінің астан-кестеңі шығып, адамдық қасиетінен айырылады.

Алайда шайтан адам баласына жаман істер жасатса да, өзінің жаман пиғылын сездіртпейді. Сол жақтан келгені секілді оңнан, алдыңғы жақтан және арттан келеді. Шайтанның Аллаһ тағалаға дұшпандығы мен адамды қалай тура жолдан тайдыратыны жайлы қасарыса айтқан сөздері Құранда баяндалған.[1]

Шайтан алдыдан келіп, адамның болашақ жайлы үміт-арманын өшіреді, өлімнен кейін өмір жоқ деп сендіріп, көңілге қаяу салып, болашақты қараңғы, қасіретке толы етіп көрсетеді. Сөйтіп, ақылынан алжасқан бейшара адам: «Ислам діні құрыды. Мұсылмандардың дәурені аяқталды. Бұдан былай имандылық қайтып келмейді, қайта тірілмейді» – деп айтқанын өзі де білмей қалады.

Шайтан желке тұсымыздан келіп, өткен өміріміз-бен байланысымызды, пайғамбарлар мен әулиелердің нұрлы әлемімен қатынасымызды үзеді, «Заман өзгерді, олар тарихта қалды» – дегізеді. Сәті келгенде, ата-бабаларымызға тіл тигіздіреді, шыққан тегімізді ұмыттырады.

Осылайша шайтан біздің өткен өміріміз бен болашаққа қатысты ойларымызды өзгертіп, үмітімізді біржолата сөндірген соң бізге мынадай жан түршігерлік ақыл-кеңес береді: «Өткен-кеткеннің бәрі бекершілік. Екінші мәрте өмірге келмейсің. Одан да ойнап күл, өмірдің қызығын көріп қал!».

Солдан келеді де адамды күнәларға жетектейді. Қазіргі күні кең тараған азғындық, харам істер жасалатын орындар – шайтанның солдан соққан соққысының нәтижелері. Бұларды жіпке тізгендей етіп аарсыздықты айтып санаңызды улағым келмейді.

Шайтанның тағы бір жақындау амалы – шындықты айтқансып, жаман нәрселерді жақсы етіп көрсетуі. Мүмін үшін ең қауіптісі де осы. Күнәларға жуымайтын, тақуа мүмінге шайтан оң жағынан жақындап, қолтығына су бүркеді. Бұндайда пенде өзімшілдікке салынып: «Жетістікке жеткен өзім, ал қателіктерім мен сәтсіздіктеріме өзгелер кінәлі», – деп ойлай бастайды. Сөйтіп, жеңіске жетер жолда жеңілістің ащы дәмін татады. Егер де бір кісі түн ортасында тұрып тәһәжжүд намазын оқыса, ертеңіне мұны дақпыртқа айналдырып, басқаларға мақтаныш қылса – шайтанның оң жақтан ұрғандығы деп білген жөн.

Не істесе де, ел мені мақтасын» деген ниетпен істеп, көпірме жел сөз естуге құмартса әрі жұрттың мақтауына елігіп, елпініп-желпінсе, бұл – шайтанның оң жақтан тиіп жатқан соққысы. Қағбаға тауап жасап ең алдыңғы шепте жаумен шайқаса да, бұндай адамдарға сауап жазылмайды.

Осы орайда мына бір оқиға өте ғибрат аларлық. Омар ибн Абдулазиз (рахмәтуллаһи аләйһи) бірде әдемілеп хат жазады. Хатты соңғы рет оқып шыққанда,  аз сөзбен терең ой жеткізген өзіндегі шешендік қабілетке іштей масаттанғандай болады. Осыны сезісімен, нәпсіге берілмейін деп дереу хатты жыртып тастайды.

Кейде игі амалдарымыз өзімізге іштей ұнап жатса, апыр-ай, ниетіме шайтан араласпады ма екен деп қорқуымыз керек. Дереу, Аллаһ тағалаға сыйынып, Оған берген сертімізден таймаған жөн. Ниет өзімізге  ұнағанды емес, Аллаһ тағала бұйырғанды жасау болғанда ғана өз тазалығын сақтамақ. Ізгі амалдардан алатын рухани ләззаттың өзін ақыретке қалдыру қажет.

Рухани деңгейі қай сатыда болмасын әр адам өзіне тарту етілген Хақ тағаланың игілігіне ой жіберіп, соған шүкіршілік етуі тиіс. Пенде жауапкершілігін сезініп,  шүкір етуді өзінің басты міндеті деп білгенде,  Аллаһ тағала да өз рақымымен ниет ықыласына қарай жәннат, еш өлмейтін мәңгілік ғұмыр сыйлау сияқты нығметтерін еселей түседі.

Жалпы алғанда, шайтанның оңнан келуіне үлкен мәселелерді кішірейтіп, ал түймедейді түйедей етіп көрсетуін де жатқызуға болады. Бізде жиі кездесетіні – осы. Мәселен, кей адамдар бар: өзі мұсылман, қажылыққа да барған, қашан көрсең мешіттен шықпайды (Аллаһ тағала құлшылықтан айырмасын). Бірақ үйіндегі балалары намаз оқымайды. Осындай жағдайды көре тұра, қайғырмайды. Мешітке келіп, майда-шүйде мәселелерге бола айқай-шу шығарады. Кейде онысы «бидғатқа» қатысты мәселе де болуы мүмкін. Жас ұрпақ көшеде тентіреп, азып-тозып жүргенде, (олардың ішінде өз ұл-қызыда бар), бұларды ойлап қынжылудың, өкініп шара іздеудің орнына: «Мешітте жаназаны күттіруге бола ма? Зікір айтқанда, неге тәспі тартпайсыңдар? Неліктен «Ықылас» сүресін оқымайсыңдар?» – деп уақ-түйек мәселелерге бола ұрыс-керіс шығарады. Бұл кісілер жаназаның бейсенбісі, жетісі, қырқы, елу екінші күні, құдайы асы секілді жиындардан қалмайды. Бейсенбі күні неке жаңартпасаң, истиғфар рәсімін жасамасаң, онда құлағыңнан шу кетірмейді. Үйлерінің төрінде ақ қалтаға салынған Құран Кәрім тұрады, бірақ оны ешкім қолына алып оқымайды. Оқыса да ештеңе ұқпайды. Міне, осы және осыған ұқсас жағдайлар да шайтанның оң жақтан ұрған ауыр соққыларына жатады.

8. Уәсуәсаның пайдалы жағы бар ма?
Негізінде уәсуәса жоғарыда тоқталып өткеніміз-дей, көптеген кісілерге, әсіресе, жан дүниесі нәзік, аса сезімтал кісілер үшін өмірінің соңына дейін рухани мәртебесін көтеретін «серіппе» (пружина) тәрізді. Уәсуәсамен күрескен сайын дәрежесі арта түспек. Уәсуәсаның арқасында өмірлік сынақ пен күрес қабірге дейін жалғаса бермек. Имандылығы мықты, сауапты істер істейтін, нәпсісін тыя білетін мүміннің «жиһад әкбар» (үлкен жиһад) жасап, мол сауап табуына түрткі болатын – осы уәсуәса.

Басқаша айтқанда, уәсуәса адамның сақтықпен өмір сүруіне түрткі. Мүмін кісіні кез келген уақытта өзін шалып қалуға тырысатын ежелгі дұшпанының, яғни шайтанның құрған тұзағының біріне түсіп қалмау үшін әрдайым күзеттегі әскердей сергек ұстайды.

Ауру кісі ауруына шипа сұрап Аллаһ тағалаға жалбарынғаны секілді уәсуәсаға тап болған адам да әрбір уәсуәсаның тықырын сезгенде, «Иә, Жасаған ием» деп Құдайын еске алу арқылы әзәзілден құтылып көңілі орнына түседі, өзін күнәдан сақтайды. Маңыздысы: уәсуәсаны үлкейтіп, залалын еселеп жібермеу керек.

9. Уәсуәсадан арылудың жолдары
а) Уәсуәса – иманның күштілігінен туындайды
Әуелі, мына мәселе есіңізде болсын: уәсуәсадан қорқудың қажеті жоқ. Өйткені, уәсуәса иман мықты жерді иектейді. Сахабалардың бірі Пайғамбарымызға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) келіп: «Уа, Расулаллаһ, уәсуәсаға душар болдым», – дегенде, Пайғамбарымыз оған жауап ретінде: «Уайымдаудың қажеті жоқ, ол – иманнан, иманның күштілігінен (туындайды)»,[2]– деген.

Шайтан сізде имандылық, ғибадат, намаз, дінге қызмет секілді қазына-байлықтың бар екенін білгендіктен қарақшылық жасап сізге қарсы шабуылдауда. Бәлкім, теңіздегі қарақшылық тарихтың қойнауында қалған болар, дегенмен шайтанның қарақшылығы Адам атадан (а.с.) бастап, қиямет-қайымға дейін жалғасатын болады. Қалайша теңіздегі қарақшылар қазына тиеген кемелерге шабуыл жасап, қазына көмілген аралдарға соғыс ашса, шайтан да мүміннің қазына толы көңіл сарайына түрпідей тиеді. Өйткені, ол имандылықтан жұрдай кісілердің жүрегіне уәсуәса салмайды. Ұры-қарылар да байдың үйін үйірсектейді емес пе?! Шығыс пен батыстың дінсіз залымдары да солай емес пе?..

Уәсуәсаға ұшыраған мүміннің бұл жайлы пікірі төмендегідей болғаны абзал: «Шайтан майданның барлық шебінде күйрей жеңілді. Енді менің иманыма ауыз салды. Алайда ол менің иманыма қылау түсіре алмайды. Бұл – оның ақырғы талпынысы. Әлбетте өзінің әрекетінің бос әурешілік екенін ұғынған ол табанын жалтырататын болады. Ол жалған қайыршылықпен, есік алдында бірнеше күн қол жайып, айласы іске аспай қарасын батырған баукеспенің кебін киеді. Кетпеген күннің өзінде есігім оған әркез жабық әрі қорғаным да мықты. Жаратқан Ием жар болып тұрғанда менен ешкім де айласын асыра алмайды».

ә) Уәсуәса адамға жат нәрсе
Уәсуәса келгенде адамның жан дүниесі мазасызданады, себебі уәсуәса оған жат. Егер ол адамға тән болғанда, одан мазасызданбас еді әрі мұндай жүректі жаулап алуға шайтан да күш-жігерін жұмсап жатпас еді ...

Жүректің мазасыздануы мынаған байланысты: ол – уәсуәсаның келгенін жатырқауда, себебі өзіне жатсынуда. Уәсуәса мен өзінің арасында рухани байланыс та жоқ. Біз мұны адамның қарсылық білдіруінен, ыстығы көтеріліп, қабағын түюінен, басының ауырып тәбеті қашуынан байқаймыз.

Мәселен, денеге микроб енгенде ағза оны жатсынады, соның салдарынан дененің ыстығы көтеріледі. Міне, шайтанның уәсуәсасы да жүрегімізге енгенде, руханиятымыз бен иманымыз оған қарсылық танытып, іштей мазасызданамыз. Егер ешбір қарсылық көрсетпей, әбжылан көрген ешкідей бірден берілсек, онда шаруамыздың  біткені. Шайтаннан келген уәсуәсаға жүрек, иман қарсылық білдірмесе, бұл «кел де қалағаныңды істе» дегенмен бірдей. Әлбетте, шайтанның қалауы да осы.

б) Уәсуәсаға душар болғандардың жүрегін  бұлаққа ұқсатуға болады
Зәмзәм суындай мөп-мөлдір һәм шипалы бір бұлақ бар делік. Оған біреудің күл-қоқыс төккенін көрдіңіз. Бұған сіз: «Қап бұлақты былғады-ау, суы тартылып қалатын болды ғой!» – деп қынжыласыз. Бірақ олай болмайды. Өйткені, әлгі күл-қоқыстарды су ағызып кетіп, ол өзінің әуелгі тазалығына қайта қауышады. Егер сіздің жан дүниеңізді, иманыңызды мөп-мөлдір бұлақ дейтін болсақ, онда оны ластамақшы болған уәсуәсаның оған ешқандай зияны тимейді. Келген кір ағып кетеді де, сіздің қайнар бұлағыңыз әрқашан таза болып қала бермек. Демек, бұлақ өздігінен ластанбайды. Міне, уәсуәсаға душар болған адамның жан дүниесі де осындай...

в) Уәсуәса іс жүзінде орындалмаса, адам оған жауап бермейді
Адам өзі еркі, сана-сезімімен жасаған істерге ғана жауапты. Хайуандарға  ақыл-есінен айрылған жандарға  ешқандай міндет жүктелмейді. Сондықтан уәсуәса адамның өз қалауымен жүзеге аспаса, ойға келген күмәнға бола адам жауапқа тартылмайды. Ең бастысы, уәсуәсәнің ыңғайына жығылып, оның азғырғанын істемеу керек.

Адамның ықтияры көбіне осылай өздігінен келген уәсуәсамен бетпе-бет келгенде, оған қарсы тұра алмай тайсақтайды. Өйткені ол – шақырусыз келген қонақ секілді. Сондай-ақ адам кейде ойға шомған кезде, көрген-білген, оқыған нәрселерінің әсерінде қалып, өз еркінен тыс біршама естеліктерге, қиялға беріледі. Негізінде, көбіне бұдан құтылу мүмкін емес. Өйткені бұл о бастан адамның жаратылысында бар.

г) Уәсуәса адамның алға жүруіне кедергі келтірмейтін өрмекшінің торы секілді
Уәсуәсаның күші өте әлсіз болғандықтан бізге ешқандай зиян келтіре алмайды. Бұл жайында Құран «Шынында, шайтанның амал-айласы әлсіз»[3] дейді. Иә, шайтанның айласы бар, бірақ ол жоқ дейтіндей болмашы ғана. Мәселен, екі қабырғаның арасынан өтпекшісіз делік. Қарасаңыз, бір өрмекші ау құрып, жолыңызды бөгеп тұр. Кері бұрыласыз ба, әлде ілгері жүре бересіз бе? Өрмекшінің ауы шынымен де сіздің ілгерілеуіңізге бөгет бола ала ма? Әрине, мүлдем кедергі бола алмайды. Оны бөгет деп ойламақ түгіл, ол жерден көз жұмып өте шығасыз.

Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) айтқандай, шайтан адамды күпірлікке салмайды, оған күнә істетпейді, жаман істер жасатпайды. Шайтанның істегені – тек жаман істерді әдемілеп, сәндеп, қызықтырып, тартымды етіп көрсету ғана.[4] Негізінде, жақсылықты да, жамандықты да жарататын, тура жолға салатын да, тайдыратын да Аллаһ тағала. Шайтанның уәсуәсасы көбікпен тұрғызылған алуан түсті сарай секілді. Алайда оның астында терең ор бар. Сондықтан оған алданып қалмау керек.

Уәсуәса өткінші, сондықтан оның зияны жоқ. Уәсуәса үрлеген кезде ұшып кететін мамық жүн секілді. Анда-санда біраз жиналып тарап кететін өткінші бұлтқа ұқсайды. Артынан жаңбыр да жаумайды, жел де соқпайды. Ол ұшақпен ұшқан кезде білінетін аспандағы ауаның бос кеңістігіне ұқсайды: айқайлауға да, шашты жұлып бетті тырнауға да тұрмайды.

ғ) Уәсуәсаға көңіл бөлмесек, оның  бізге зияны тимейді
Егер сіз уәсуәсаның өзіңізге еш зиян келтіре алмайтынына сенімді болсаңыз оның сізге зередей де әсері болмайды. Уәсуәса – қиялдағы болмашы көрініс, кірлетпейтіндей із, өте әлсіз бейне. Ойға келген нәрселер жақсы болса, көңілді көтереді. Ал жаман нәрселерден туындаған уәсуәса ой-сана мен жан-дүниемізді кірлетпейді. Мысалы, қолымыздағы айнаға қарсы беттегі жыланның бейнесі түссе, ол бейненің бізге пәлендей зияны тимейтіні белгілі ғой. Сол іспетті жердегі лас нәрсенің айнадағы бейнесі де қолымызды кірлетпейді; алаулаған оттың да айнадағы шағылысы қолымызды күйдірмейді. Сондай-ақ ішек-қарындағы ас-ауқаттар да намазға кедергі болмайды; алмасқа жұққан көмірдің шаң-тозаңы алмасқа зиян келтірмейді. Дәл сол секілді шайтанның көңіл сарайымызға салған бейнелерінің ешбір зияндығы жоқ.

Ең бастысы уәсуәсаға мән беріп, оны жүрегімізге түйіп алмасақ, оның түймедейлігін түйедей етіп зорайтпасақ, айықпас дертке айналдырмасақ болғаны. Оған әрқашан қарсылық танытып: «Мен оған еріп кетпеспін, ондай осалдыққа бармаспын, себебі Жаратқан Ием мені қорғайды», – деп айту керек.

д) Егер уәсуәсаны зиянды деп санасақ, ол міндетті түрде зиянын тигізеді
Жоғарыдағы айтылғандарды орындамайтын бол-сақ, уәсуәсаның аса қауіпті жауға айналуы әбден мүмкін. Сіз оны қауіпті санап, көңіл бөлген сайын оның қаупі арта түседі. Мәселен, бір омартаның ішінде мыңдаған ара болса да, сіз оның жанынан мән бермей өтіп кетесіз. Дәл осы тәсілді уәсуәсаға да қолдану керек.

Шайтан болмашы ғана бейнені қиялыңызға салады. Егер сіз оны қызық көріп, көңіл бөлетін болсаңыз, әлгі өте әлсіз, жағымсыз көрініс сіздің қиял әлеміңізде ұзын-сонар жалғасып кете беретін шытырман оқиғалы фильмге қалай айналғанын сезбей де қаласыз. Әсіресе, жалғыз қалғанда, (көбіне жастарда) бұл бейне мен көрініс шаһуатты қоздыратындай болса, адам оны қиялында одан сайын жандандырып, шытырманға толы фильмге айналдырады. Алайда, бұл фильмде шайтанға тиесілі болғаны тек әлгі алғашқы бейне ғана. Олай болса, әлгі алғашқы бейнеге мән бермеу керек, оны қайта-қайта қазбаламау керек. Сонда шайтан да бізді мазаламайды, мазалап қиялымыздағыларды жүзеге асыра алмайды. Әрі өзіміз де әлгі кіп-кішкене бейненің құрбаны болудан аман қаламыз.

е) Ұшқалақ әрі ашушаң жандар шайтанның уәсуәсасына еріп, уайымға салынбағаны дұрыс
Уәсуәса ұшқалақ әрі ашушаң жандар үшін өте-мөте зиянды. Мұндай кісі уәсуәса келген кезде зарарынан сескеніп, күйгелектікке салынады. Онымен қоймай, уәсуәсаға қатты салынып, одан айыға алмай қалады. Тіпті онысы үйреншікті жағдайға айналып, сана-
сезіміне сіңіп кетеді. Бұл болса шайтанның алдында үмітсіздікке салынып, толықтай жеңіліске ұшыраудың белгісі. Осы жағдайға душар болған кісі: «Енді мен құрыдым», – деп, жеңілгенін мойындайды да, оның ойыншығына айналады. Бір қолбасшыны елестетіп көріңіз, ілгеріде оң жақта бірнеше жарықты көріп, дұшпан сол жақтан шығады деп әбігерге түсіп, әскерінің оң қанатын солай қарай жібереді де, оң қанатты бос қалдырады. Сол жақтағы таудағы қыбырды көріп, «дұшпан сонда тығылып тұр, біраздан кейін шабуылға шығады» деп ойлап, әскерінің сол қанатын да солай қарай жібереді. Соңында орталық сол дұшпанның шабуылына және басып алуына дайын күйге келеді. Негізінде, бұл – айла-тәсілдерді білмеудің, дұшпанды танымаудың белгісі. Көріп тұрғаныңыздай, шайтанның уәсуәсасы тым елеусіз бола тұра, адам оны үлкейтіп, өз басына қауіп төндіреді. Сондықтан абай болайық. Оны қиялымызда және ойымызда үлкейтпеуге мән берейік.

д) Уәсуәсаның магниттік өрісін ғибадатпен әлсіретіп, оның психологиялық әсерінен айығу керек
Өзіңізді уәсуәсаның магниттік өрісінен құтқаратын әрекеттер жасаңыз. Хадисте айтылғандай, осындай жағдайға тап болғанда, мәселен ашуланғанда түрегеліп тұрсаңыз отырыңыз, отырсаңыз жатыңыз немесе орныңыздан тұрып дәрет алып, екі рәкат намаз оқыңыз. Сөйтіп, жан дүниеңізге өзгеріс енгізіңіз. Сондай-ақ әлгі кері әсерді жоятын басқа да дін рұқсат еткен әрекеттер жасаңыз. Ерік күшіңізді қолданып, жүйкеңізді тынықтыратын, сізді уайымнан арылтатын, уәуәсаның магниттік өрісінен алыстататын кішкене болса да бір себеп іздеп табыңыз. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бір сапардан оралғанда, (бұл бір-ақ мәрте болған) шаршап ояна алмай, таң намазын қаза қылып алғанда, дереу: «Бұл жерден кетіңдер. Бұл жерге шайтан иеленіп, билігін жүргізіпті»[5] , – деп айтқан-ды.

Иә, әрқашан шайтанның магниттік өрісінен сақ болу қажет. Ал аңдаусызда оның тұзағы құрылған аймаққа тап болсақ, ондай жерлерден тез арада сытылып шығудың амалын табу керек. Абайсыздық пен селқостық шайтан мен шайтани нәрселерге қолайлы жағдай туғызады, ал құлшылық пен дұға Аллаһты еске түсіреді, Онымен байланыс құрғызады, бүкіл шайтани күштерге қарсы қорғаныс, тіпті оларға қарсы шабуылдың қызметін атқарады. Мәселен Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бір жерде азан дауысынан шайтанның зымырай қашқанын айтқан.[6]

Демек, азан мен оның асыл мағыналарына уәсуәсаның күші жетпейді. Олай болса, шайтан уәсуәсамен шабуылдаған сайын біз де Аллаһ тағала мен Оның елшісімен байланысымызды күшейтіп, әрдайым руханиятымызды тереңдетіп, иманымызды кемелдендіретін ғибратты жайттарды ойлауымыз керек. Пайғамбардың миғражға көтерілгенін еске алу уәсуәсаны, әсіресе, намазда ойға келген дүниелік ойлардың тізбегін, тіпті есінеуді де сап тыятынын айтуға болады. Сондай-ақ бір жерде сол жағымызға үш рет түкіру[7] одан төнген бұлыңғыр тұманды сейілтіп жібергенін көресіз. Шайтанның харамға ынтықтырған уәсуәсасына қарсы кейде жұдырықпен сес көрсету, кейде мән бермегендей күлімсіреп өтіп кету оның магниттік өрісінен қорғанудың белгісі болып табылады.

Бір жас жігітке былай дегенім есімде: «Шайтан түрткілеп, сені бір харамға қаратпақшы болғанда былайша ойланып көр: бұл харам нәрсеге көз салғанда қандай пайда табамын? Ол қарауға тұрарлықтай соншалықты маңызды нәрсе ме? Қарағанның өзінде кейінен өкініп іштей азап шегемін. Соңы осындай мүлдем пайдасы жоқ, керісінше, өзімді азапқа салып қоятын, өкінішке соқтыратын істің не қажеті бар?».

Иә, адам ар-ұжданына осылай сұрау сала бас-тағанда-ақ, харам көрініс өз-өзінен жоқ болып кетеді.

Ойға келген әрбір уәсуәсаны немесе көз алдымызға келген өткінші,  алдамшы көріністі алдағы уақытта өзімізге берілетін әдемі сый-тартуларды (жәннат, жәмалуллаһ, т.б.) ойлаумен де жоюға болады. Құранның көп жерінде мына өткінші өмірдің болмашы ойын-сауықтардан тұратыны, нағыз өмірдің ақыретте екендігі, өмір сүруге тұрарлық шынайы мекеннің де ақырет екендігі айтылады.[8]

Уәсуәса саған бұ дүниелік жемістер ұсынады. Алайда, Аллаһ тағала былай дейді: «(Жұмақтың бірінен соң бірі үзілуге дайын) жемістері төгіліп тұрады»[9]. Әрі ол жақта мына өмірдегідей асқазанның ас қорытпауы, іш ауруы секілді мазасыздықтар болмайды. Бұл жердегі харамға қарататын уәсуәсаларды осылайша жоюға болады. Алайда біз өмірдің бүкіл әсемдігін бір жаққа ысырып қойып: «Сұрағанға бер, Сен сол жұмақты. Ал маған тек қана Сен керексің», – дейміз. Жаз айларының аптап ыстығын сылтауратып, шайтан сізді діни қызметке жібермеу үшін, дінді насихаттатпау үшін сіздің барғыңыз келген жаққа барып келуіңізге кедергі жасап, басқаларына жасағандай, сізді де теңіздің самал жел соққан жағалауларына немесе бұлағы сарқыраған ағаштардың көлеңкесіндегі жанға жайлы демалыс орындарына тартқысы келе ме? Оған сол сәтте тозақ отының одан да ыстық екенін есіне салыңыз.[10] Сонда шайтанның сіздің жүрегіңізге  салмақ болған уәсуәсасы өз тамағында кептеліп қалатын шығар. Әрі Аллаһ елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) мен Оның жан достары және олардың артынан ерген ізгі жандар бізді күтіп тұрғанда, менің анда-мұнда бостан-босқа өзіме лайықсыз жағдайда қыдырып жүргенім дұрыс па? – деп, шайтанның ойға салғысы келген салғырттық пен демалуға шақырған уәсуәсасын жоюға болады.

е) Дәрет алғанда және намаз оқығанда «Қателік жіберіп алған жоқпын ба?» деген тәрізді  күдіктің түрлеріне де  мән бермеу керек.
«Дәретті дұрыс алдым ба, намазды дұрыс оқыдым ба өзі?» деп келетін уәсуәсаларға да көп көңіл аудара бермеген дұрыс. Мұндай уәсуәса бірінші рет келіп тұрса, ол дәретті немесе намазды қайталауға болады. Алайда, жиі-жиі келсе, мәселен, дәрет алғанда бір мүшені жуып не жумағанына әрдайым күдік келтірген адам уәсуәсаға жол берместен, сол мүшесін жудым деп есептеп намазын оқи бергені дұрыс. Және намазды қанша рәкат оқығанына күдіктеніп уәсуәсаға салынса да, намазымды толық оқыдым деп өзін иландырғаны жөн.

Жалпы кез-келген күмән-күдік атаулымен бел шеше күресу керек. Яғни, күдіктерге көңіл бөлудің орнына, керісінше, оларға кері іс-әрекет еткен дұрыс. Мүлдем мән берместен, жасағандары қате болса да, «Мәзһабтарымыздың біреуіне сәйкес келеді» деп өтіп кеткен жөн. Мұндағы мақсат – шайтанның дымын құртып, уәсуәсаны түп-тұқиянымен жою.


[1] Ағраф сүресі, 7/17.
[2] Мүслім, Иман 209, 211; Әбу Даууд, Әдәб 109.
[3] Ниса сүресі, 4/76.
[4] әд-Дәйлами, әл-Фирдаус бимәъсурил-хитаб, 2/11-12; Әли әл-Муттақи, Кәнзул-уммал, 1/116.
[5] Мүслім, Мәсәжид 309; Әбу Даууд, Салат 11; Тирмизи, Тәфсиру сурә 20; Ибн Мәжә, Салат 10; Миуатта, Салат 25.
[6] Бұхари, Азан 4; Әл-амал фис-салат 18; Сәһу 6; Бәдъул-халқ 11; Мүслім, Салат 19; Мәсәжид 83.
[7] Бұхари, Тыбб 39; Таъбир 10; Мүслім, Руя 2301.
[8] Қараңыз: Әли Имран сүресі, 3/185; Әнғам сүресі, 6/32; Әнкәбут сүресі, 29/64; Мухаммәд сүресі, 47/36; Хадид сүресі, 57/20.
[9] Қараңыз: Хаққа сүресі, 69/23; Инсан сүресі, 76/14.
[10] Тәуба сүресі, 9/81.


 

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.