Ілімнің ілкі мақсаты
Адам баласы үшін шынайы өмірдің мәні ғылым-білімді игеруде жатыр. Ал, өзінің үйренген нәрсесін басқаларға үйретуден қол үзгендер – тіршілік етіп жүрсе де жансыз өлікке тең. Неге десеңіз, адамның жаратылыс мақсаты – көріп-білу, үйренгенін басқаларға үйрету.
Адамның сақтығы мен қабылдаған шешімдерінің дұрыстығы оның ақыл-ой мен қисынға қаншалықты сай келетініне байланысты, ал ақыл мен қисынның толысып кемелденуі өз кезегінде ғылым-білімге тікелей қатысты. Сол себепті ғылым-білім жоқ жерде ақыл – жарамсыз, қисын – алдамшы, шешім – орашолақ.
Кісінің кісілігі мен адамгершілігі бір нәрсені үйреніп, басқаларға үйретуімен, соларды нұрға бөлеуі арқылы белгілі болады. Білмесе де үйренуді ойға алмаған адамның немесе үйрене жүріп, өзін іштей жетілдіріп, маңайына үлгі болмаған пенденің сырт келбеті адам болғанымен шындап келгенде олай емес!
Үйрену кезінде үйретілетін нәрселердің адам болмысы мен ғалам сырларын ашуға құлшындыратындай болуы керек. Ішкі «Мендік» құпия-сырын тану жолын сәулелендірмейтін және жаратылыстың сырын ашып, түпсіз қараңғы тұстарды жарыққа бөлемейтін ғылым ғылымға жатпайды.
Ғылым-білім арқылы қол жеткізген мансап пен шен басқа жолдармен жеткен лауазымнан әлдеқайда биік әрі ғұмыры да ұзақ. Өйткені ғылым адамды бұл дүниеде жамандық атаулыдан алыс, абыройлы етсе, о дүниеде де оны иманы мен рухани танымы арқылы өзі елестеткеннен де биік дәрежеге шығарып, бақытқа кенелтеді.
Әр ата-ана балаларының ақыл-ойын керексіз нәрселер жаулап алмай тұрғанда оларды ғылым-біліммен тұшындыруы тиіс. Өйткені ақиқаттан мақұрым сана мен ғылымнан хабарсыз рух әр түрлі жаман ойдың қаулап өсуіне ыңғайлы арам шөп алқабы тәрізді. Не ексең, соны орасың.
Ғылым игерудегі мақсат – білімнің адам баласына жөн сілтеп, бағыт-бағдар көрсетуі, үйренген нәрселерінің кәміл адамдыққа бастайтын жолды жарыққа бөлеуі. Рухқа сіңбеген ғылым – арам тер боп арқалаған ауыр жүкпен бірдей пайдасыз. Ал адамды жоғарғы мақсатқа жетелемеген таным – жүрек пен ойға артылған артық салмақ.
Ғылым, білім, ізденіс –
Өз-өзіңді тануың.
Танымасаң өзіңді
Не пайда оқып, жарығым?!
(Жүніс Әміре (1240-1321) Түрік ақыны)
Мақсат-мұраты тайға таңба басқандай анық белгіленген ғылым – өз иесі үшін мәңгілік берекет әрі түгесілмейтін қазына. Бұл қазынаны иеленгендер көзі тірісінде әрі өмірден озғаннан кейін де бұлақ бастауы секілді әрдайым зиярат етіліп, игі іске себепші болады. Көңілге күдік-күмән ұялатып, адам жанын түңілдіретін мақсат-мұраты айқындалмаған бос болжамдар – үмітсіз әрі мақсатсыз жандардың үйірсек келетін қоқыс үйіндісі не рух қақпаны.
Сан салалы ғылым мен өнердің қай саласы да адамға пайдалы. Дегенмен оның бәрін бірдей игеріп, дәріптеуге пенденің ғұмыры келте, мүмкіндіктері шектеулі. Сол себепті әр адам өзі үшін, ұлты үшін қажеттілерін ғана үйреніп, іске асыруы тиіс, пайдасыз іспен өмірін босқа өткізбеуі керек.
Нағыз ғылым адамы зерттеулерін анық мәліметтермен толықтырып, зәредей жалғандығы жоқ сырлы сөздер аясында, ғылыми негізге сүйене отырып жүргізетіндіктен оның қашанда көңілі жай, ісі де бір қалыпты. Ақиқаттың қайнарынан мақұрым кейбір бейшара жандар жолы мен бет алған бағытын ұдайы өзгертіп отырады және бос қиял-елестен арыла алмағандықтан, өкініш пен мұң-қайғыдан көз ашпайды.
Әр адамның қадірі мен бағасы айналысып жүрген ілімінің байлығы мен қамту аясына тең. Ілім-білімді тек «өсек-аяң» аясынан асырмай қолданатындардың бағасы мен қадір-құрметі де сол шамалас. Ғылымын заттар мен құбылыстарды тану барысында құрал ретінде қолданып, ең тас түнек түкпірге де жарық сәуле түсірген, білімімен қанат қағып, табиғаттан тысқары ақиқаттарға жеткен адамның қадірі өзгеше.
- жасалған.