Ғұмырдан ғарышқа
Мұхаммед Фетхуллаһ Гүлен қазіргі заман ойшылы, жазушы, танымал діни қайраткер. Автордың 50-ден астам еңбегінің көпшілігі әлем тілдеріне аударылған. Ол өз шығармашылығында терең пәлсапалық мәселелерден бастап, бала тәрбиесіне дейінгі көптеген өміршең тақырыптарға тоқталған.
Ф. Гүлен жастайынан мейлі өз жанұясы болсын, мейлі сол кезгі ұстаздарынан болсын рухани өнегені көп көріп өсті. Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) мен сахабалардың өмірін егжей-тегжейлі зерттеп, оларды үлгі тұтуы да сол кезден бойына сіңген. Өсе келе Құран мен хадисті негізге ала отырып, ислам құндылықтарының жақтаушысына айналды. Мұхаммедтік тәрбиені көріп өскен бүгінгі күннің жаңа сахабаларын көрсем деп армандаған ол бар ғұмырын адамзат бақытына арнады.
Өз еңбектерінде ислам діні құндылықтарының күннен-күнге өсіп-өркендеп келе жатқан ғылыми-техникалық прогреспен қандай да бір қайшылыққа түспейтіндігін айтқан ол түсіністік пен келісім негізінде өзге дін өкілдерімен өзара диалогқа барудың қазіргі демократиялық қоғам құруда маңызы зор екенін баса көрсетуге тырысты.
Ф. Гүлен сөздің емес, істің адамы екендігімен ерекше. Ол өз айтқандарын тікелей ісімен үлгі-өнеге етіп көрсететін, тыңдармандарына ойын іс-әрекетімен жеткізе білетін ғалым.
Осындай адалдығы мен тереңдігі, рухани ілімі мен байлығы, бастысы, пікірлерінің маңыздылығы бүгінгі күні Ф. Гүленді діни әрі мәдени қайраткер ретінде тек Түркия көлемінде ғана емес, мұсылман шығыс елдерінде, тіпті әлем жұртшылығына танытып үлгерді.
Ф. Гүлен бейбітшілік пен сабырдың, диалог пен өзара түсіністіктің тек арман-қиял емес екенін, егер ислам құндылықтарына дұрыс түсіністікпен қарап, құшағын кең аша білсе, оларды күнделікті өмірде еш қиындықсыз жүзеге асыруға болатындығын ұқтырды.
Жан-жақты даму, қарапайымдылық пен кішіпейілділік, достық, бауырмалдық, мейірімділік, дархан мінезділік секілді адами қасиеттердің кемелденуіне Ислам дінінің тигізер ықпалы мол екендігіне баса назар аудартқан ол рухани құндылықтарды дәріптеуді өзіне өмірлік мұрат тұтып, талмай еңбек етіп келеді.
Әлемге танымал зиялы қауым өкілдерінің пайымынша, ойшыл адам осындай қоғамдық тығырықтан, күрделі мәселелерден шығатын жол таба білуі, бағыт сілтей алуы тиіс. Осы орайда, орыстілді әлемнің өкілі, Ресей ғылым академиясының Шығыстану институтының аға ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы В. И. Шеремет Ф. Гүлен жайында былай дейді: «Бүгінгі әлемдік өркениет жаңа ойлар мен тың тұжырымдарға зәру. М. Ф. Гүлен Құдіретті Жаратушы тарапынан сол ойларды біздің мына беймаза әлемімізге жеткізу үшін жіберілгендей».
Ал араб әлемнің атақты әдебиетшісі Ибраһим Әд-Даббагтың М. Гүлен жайлы пікіріне құлақ түрсек, ол өз ойын былайша өрбітеді:
«Ол иман мен дінге қатысты өз ойларымен биікке көтерілді. М.Ф. Гүлен әдеби және ғылыми салада да асу бермес асқарды бағындырған адам».
Қорыта келгенде, Ф. Гүлен өзінің ислам ілімдерін терең меңгеруімен, көп ғасырлық ислам мұрасын қайта жаңартуға атсалысуымен, ислам дүниетанымының бүгінгі заманға сай келбетін айқындайтын оқшау пікірлерімен ерекшелетін дара тұлға.
Құрметті оқырмандар, қолдарыңызға алған еңбек рухани қажеттіліктеріңізді белгілі бір дәрежеде қанағаттандыратынына сеніміміз мол.
- жасалған.