Туралық

Ол әрқашан туралықпен өмір сүрді, үмбетіне де үнемі туралықты насихаттады. Төменде солардың бірқатарына мысал келтіруді жөн көріп отырмын:
«Маған мына алты нәрсе туралы кепілдік беріңдер, мен де сендерге жәннатқа кіруге кепілдік берейін:
– Сөйлегенде рас сөйлеңдер!
– Уәделеріңді орындаңдар!
– Аманатқа «әмин» (сенімді) болыңдар!
– Ұятты жерлеріңді сақтаңдар!
– Көздеріңді харамға салмаңдар!
– Қолдарыңды харамнан аулақ ұстаңдар!»
[1]

Иә, ол әрқашан атқан оқтай тура өмір сүріп, туралықты насихат етті. Өзіне тән туралықта жаратылыс пен Жаратушы арасындағы бір межеге қол жеткізді. Ол меженің ерекшелігі сол – оның арғы жағында Аллаһтың ғана туралығы бар. Хақ пайғамбар туралықта Құранда аталған «Тіпті садақтың екі басының арасындай, әлде одан да жақынырақ» (Нәжім, 53/9) дәрежесіне дейін шарықтады. Ия, ол бір жағынан, мүмкіндік шегінде болса, екінші жағынан, мүмкіндік шегінен де асып кеткен еді.

Миғражға[2] байланысты Қады Ияздың[3]: «Ол бір жерге келді де, аяғын қайда қоярын білмеді. Сонда оған, «бір аяғыңды тұғыр етіп, екінші аяғыңды соның үстіне қой» деп айтылды» дегеніндей, туралық оны осындай биік дәрежеге шығарды. Бізге де ол дәл осыны насихаттап: «Жөн сөйлеуге, өмірлеріңе өтірікті араластырмауға сөз беріңдер. Мен де сендерге жәннатқа кепілдік берейін», – деуден жалықпады.

Басқа бір хадисінде:
«Күмән туғызар нәрсені таста (күмәнсыз түрде ғұмыр кеш). Туралық көңілді хош етіп, жанды рақатқа бөлейді. Жалғандық көңілді жайсыз етіп, мазасыздық тудырады», – дейді[4].

Және бір насихаты:
«Әрдайым туралықты іздеңдер! Туралықта құрдымға бататындарыңды білсеңдер де, сөзсіз, онда сендер үшін азаттық бар», – делінген[5].

Басқа бір хадисте:
«Туралықтан айырылмаңдар. Туралық сендерді жақсылыққа, жақсылық жәннатқа апарады. Кісі тура болып, туралықты іздесе, Аллаһ әмірімен турашылдардың қатарына жазылады.

Жалғаннан сақ болыңдар. Жалғандық адамды күнәға, күнә  жәһәннамға апарады. Кісі үнемі жалған сөйлеп, жалғанды іздесе, Аллаһ жарлығымен өтірікші кәззаптардың қатарына жазылады», – деп әмір етеді[6].

Мәңгілік бақытқа бөлену – туралықта. Шындықты айтқан адам бір-ақ рет өлсе, өтірікші мың рет өледі.

Ка’б ибн Мәлик (р.а.) «Мен туралығымның арқасында азат болдым»,– дейді.

Иә, туралық жайлы сөз болғанда, оны еске алмау мүмкін емес.

Ка’б ибн Мәлик – сөзі қылыштай, қылышы да сөзіндей өткір адам еді. Өзі ақын болатын. Ақындығы арқылы кәпірлердің көңіл-күйін алай-дүлей етіп кететін.

Ақабаға келіп, Аллаһ елшісіне сенім білдіріп ант еткен, екі дүние Шырағының әкелген нұрына бөленген алғашқы мәдиналықтардың бірі болды. Бірақ Тәбук жорығына қатыса алмады. Тәбук аса қиын жорықтардың бірі еді. Сол соғыста сахараның  шыжғырған ыстығында шағын қолмен Рим империясының қалың әскерімен айқасқа түспекші. Әскер сондай оймен аттанды. Ізгі ниет айқындалды. Бірақ соғыс ниет күйінде қалып қойды. Ұрыс болған жоқ.

Екі әлем Сардары бүкіл әскери әдіс-тәсілдерін құпия ұстайтын. Бірақ бұл жолы барлығын жария түрде шақырды. Соған қарамастан Ка’б осы әскери жорыққа қатыса алмады.

Енді «сиәр» (тарих) кітаптарындағы оның басынан өткендерді өзінің аузынан тыңдайық:
«Барлығы соғысқа шақырылды. Өйткені алда аса ауыр айқас болмақшы. Бірақ Аллаһ соғысты болдырмады, тек әскери дайындықпен шектеліп қалды. Осындай болатынын сезді ме, жоқ па, ол жағын біле алмадым, бірақ Аллаһ расулы осы соғысқа ерекше дайындалды.

Жұрттан қалмай, мен де баруға бел будым. Тіпті сол күнге дейін ешқандай соғысқа дәл мұншалықты дайындық жасамаған едім. Екі әлем Сардары қозғалуға бұйрық беріп, әскер жылжи бастады. Мен өз-өзіме: «Қайткен күнде де арттарынан қуып жетемін ғой», – деп, бірақ олармен бірге шықпадым. Айналып қалатындай ешқандай ісім де жоқ еді. Бүгін-ертең, арғы күні деп жүргенде, күндер зуылдап өтіп те кетті. Бұдан кейін Аллаһ елшісіне жетуім мүмкін емес тұғын. Амалсыз күтуге тура келді. Күттім де. Тіпті әрбір сағатым бір күнге татып, тағатсыздана күттім.

Ақырында, Аллаһ  елшісі жорықтан қайтып келе жатыр деген хабар дүңк етіп, жан-жаққа тарады. Әр кез осылай болып, Пайғамбарымыз Мәдинаға жақын қалғанда қайта жанданып сала беретін. Бүгін де жұртшылықтың жүздері қуаныштан бал-бұл жанып: «Қарсы алыңдар! Аллаһ елшісі келе жатыр!» – деп жаһанға жар салып жатты.

Ақырында күткен уақыт та келді. Әскер Мәдинаға оралды. Пайғамбарымыз да өзінің әдеті бойынша әуелі мешітке кіріп, екі рәкәт намаз оқыды да, жұртпен жүздесе бас-тады. Ел-жұрт топ-топ болып мешітке барып, сәлем берді. Жорыққа қатыспағандар да не үшін бармаған себебін айтып, кешірім сұрады. Жағдайы маған ұқсас кейбір адамдар да себебін айтып, ғафу өтініпті. Аллаһ елшісі  олардың осы себептеріне түсіністікпен қарады. Менің де солар секілді кешірім сұрауыма болатын еді. Сөзге ұсталығым да бар. Бірақ себепсізден себепсіз Аллаһ елшісіне қалайша жалған сөйлемекпін? Батылым барып айта да алмадым. Кездескен сәтте, Екі әлемнің Сардары өңменімді тесіп өтердей қарап, салқын қарсы алды. Сосын маған: «Қайда болдың?» – деді. Бар жайды түгелдей жайып салдым. Басын бұрды да, естілер-естілмес: «Кет!»– деді.

Сыртқа шыға сала, жұрт мені қаумалап: «Сен де бір себеп айтып, құтыл», – деп, кеңес берді. Олардың сөздері әуелі көңіліме қонғандай болды. Бірақ бірден есімді жидым да: «Менің жағдайыма ұқсас басқалар бар ма?» – дедім. «Бар», – деп екі адамның аттарын атады. Олар: Мурара ибн Рәби мен Хилал ибн Умәйиә.  Екеуі де Бәдірге қатысқан атақты да әйгілі сахабалар еді. Олар да шындығын айтыпты. Астапыраллаһ! Сөйтіп, олар да менің кебімді киген екен ғой. Екеуі де маған өнеге болған жандар еді. Мен де оларға ілесуге іштей шешім қабылдап, себеп айтудан бас тарттым.

Үшеумізге бірдей жарлық шықты. Енді бұдан кейін ешбір мұсылман бізбен жүздесіп, тіл қатпайды. Екі серігім осыны естіген соң, үйлерінен шықпай, өкініштен өзектері өртеніп, жүректері қан жылап жатты. Мен оларға қарағанда әлдеқайда жас әрі қуатты едім. Көшеге, базарға шығып, намаз уақыттарында мешітке барып жүрдім. Бірақ менімен ешкім сөйлеспейді. Уақытымның көбін мешітте өткізетін едім. Аллаһ елшісінің бір күліп қарағанын көрем бе деп армандап, ұзақ уақыт күткен кездерім болды. Бірақ, амал қанша, күнде үйіме мұңайып қайтатынмын.  Ол мен жаққа назар салмайтын болды. Алдынан арнайы шығып, сәлем беремін. Сәлемімді ала ма екен деп көзімді айырмай қараймын. Бірақ, маған жылы қабақ танытар сыңайы байқалмады.

Көбінесе намаз оқып жатқан кезінде көз қиығымды тас-таймын. Мен намазға тұрғанда, ол да маған қарайтын. Бірақ намазымды бітірген сәтте, дереу көзін басқа жаққа бұрып әкетеді. Барлық адамдардың жат болып кеткені соншалық – мен өзімді бөгде бір жат елде жүргендей сезіне бастадым.

Бір күні Әбу Қатада, иә, айтқандай, ол менің туысқан ағамның баласы еді, өзін өте жақсы көретінмін. Ол да мені жанындай жақсы көретін. Бау-бақшасының дуалынан асып түсіп, жанына барып сәлем бердім. Бірақ ол сәлемімді алмады. Одан: «Аллаһ үшін, айтшы, менің Аллаһ пен расулын жақсы көретініме сенесің бе?» – дедім. Үн жоқ. Сөзімді үш рет қайталап айттым. Үшіншісінде барып: «Аллаһ пен елшісі біледі», – деді де, қасымнан кетіп қалды. Аспан төбеме төңкеріліп түскендей болды. Әбу Қатададан мұндай сөзді күтпеп едім. Көздерім жасқа толып, еңіреп жібердім.

Бір күні Мәдина көшелерін жалғыз аралап жүргенімде, бір адамның мені іздеп жүргенін естідім. Сұраған адамдар маған қарай жол сілтеп жіберіпті. Бейтаныс жан маған келіп, беймәлім хатты беріп, кетіп қалды. Ғассан[7] патшасынан келген хат екен. Патша мені өз мемлекетіне шақырыпты. Хатында: «Естігеніме қарағанда, иең сені жалғыз тастаған көрінеді. Бізге кел. Сендей адам біз үшін аса қадірлі..» деген сөздер жазыпты. «Бұл – сынақ» дедім де, хатты жыртып отқа тастадым.

Қырқыншы күні Аллаһ елшісі бір адам жіберді. Келген адам бізге әйелдерімізден бөлек тұруымыз керек екенін айтты. «Талақ етейін бе, не істейін?» – дедім. (Аһ! Пайғамбарды жанындай сүйген, сертіне берік жан осындай-ақ болар!) «Тек бөлек тұр», – деді де, кетіп қалды. Әйелімді төркініне жібердім. Осы уақытта Хилалдың әйелі барып, «тек қасында болып қызмет етейін», – деп рұқсат сұрапты. Аллаһ елшісі оған рұқсат беріпті. Кейбіреулері менің де дәл солай рұқсат алуымды жөн көрді. Бірақ мен бұл ұсынысты құптамадым. Өйткені Аллаһ елшісінің мұндай ұсынысқа қалай қарайтынын білмеймін.

Сонымен, арада біршама уақыт өтіп, елуінші күн де жақындаған еді. Бұдан артық төзуге шамам қалмады. Дүние қап-қараңғы, аспан төңкеріліп, әлем қабір тәрізді тар қапас болып кетті. Күнделікті әдетім бойынша үйімнің төбесіне шығып, таң намазын оқып отырғанмын. Біреудің айқайлап атымды атағанын естідім. Дауыс: «Сүйінші Ка’б!» – деп, жаңғырған еді. Мән-жайды бірден сезе қойдым да, дереу сәждеге жығылдым. Сол күні таң намазынан соң Аллаһ расулы бізді кешіргенін жария етіпті. Мешітке қарай тұра жүгірдім. Кірген сәттен-ақ бәрі орнынан тік тұрып маған құттықтау айтты. Талха мойнымнан құшақтап, бетімнен сүйді. Бейне бір өзімді жаңадан Ақабада тұрғандай сезіндім. Аллаһ елшісінің жанына жетіп барып, мүбәрак қолын сүйдім. Ол да менің қолымды қысты. (Сол сәтте, сірә, ол жәннатпен сүйіншіленсе де, мұншалықты қуанбайтын шығар). Аллаһ елшісі (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм): «Аллаһ сендерді кешірді», – деді. Сөйтті де, біз туралы түскен мына аятты оқыды:
«(Аллаһ) артта қалған үш кісінің де тәубелерін қабыл етті. Жер жүзі кеңдігіне қарамастан, оларға тар келіп, ар-ождандары өздерін қысқан сайын қыса түсті. Ақыр соңында олар Аллаһтан басқа ешбір пана жоқтығын аңғарды. Содан соң қайта өздеріне келу үшін Аллаһ олардың тәубесін қабыл етті. Өйткені Аллаһ – Тәууәб (тәубелерді әрдайым қабыл етуші), Рақымды» (Тәубе, 9/118).

Осы аятты оқығаннан кейін Аллаһ елшісіне: «Пайғамбарым! Мен туралығым арқылы азат болдым. Бұдан кейін өмір-бақи шындықтан басқа еш нәрсе айтпайтыныма сөз беремін»,– дедім»[8].

Пайғамбарлық ақиқаты әрқашан туралықтың шеңберінен қия басып шықпайды. Әр пайғамбар тура да шынайы сөйлейді. Әрі солай болуға тиіс. Өйткені ғайып әлемінен келген әмірлерді адамдарға тәблиғ еткен осы шексіз нұрлы тұлғалардың қай-қайсысы да сәл шалыс басса, пайғамбарлық болмысының мән-маңызы қалмайды. Адамзат үшін үйренуіміз қажет болған барлық ақиқаттар бізге солар арқылы жетеді. Сондықтан, бұл – иненің жасуындай да жаңылысты көтере алмайтын өте нәзік мәселе. Сол үшін де Аллаһ тағала  бұл жайында:
«Егер (пайғамбар) сөзді өз жанынан шығарып айтса, Біз оны күшпен ұстап, күре тамырын қияр едік те, (Оның жанын алатын едік) сендердің ешқайсың бұған тосқауыл бола алмайтын едіңдер», – дейді (Хаққа, 69/44-47).

Иләһи әмірлердің алдында ол мәйіт сияқты еді. Мәйітті жуушы оны қалаған қырына жатқызып жуады емес пе? Дәл осылай уахи оны қалаған жағына бұратын. Ол әрқашан сол бағыттан ауытқымады. Ұлы Жаратушыға жақындау құрметіне ие болып, ең асқақ мәртебенің шыңына жеткен кезде де, қырағылығын жоғалтпады. Жоғалту былай тұрсын, тіпті одан да тереңдей түсіп, қол жетпес қырағылыққа ие болған-ды.


[1] Имам Ахмәд, Муснәд, 5/323.
[2] Пайғамбарымыздың Режеп айының 27-сіне қараған түнінде Аллаһқа рухы әрі тәнімен баруы. Бұл – Пайғамбарымыздың ең үлкен мұғжизаларының бірі (ауд).
[3] Қады Ияз ибн Мұса ибн Умран ас-Сабти (1083-1149) – фықых хадис саласының әйгілі ғалымы. Гренада (Испания) қаласының қадысы болған. 20-ға жуық ғылыми еңбектің авторы.
[4] Тирмизи, Қиамә, 60; Муснәд, 1/200.
[5] Кәнзу’л-Уммал, 3/344; Мунауи, Фейду’л-Қадир, 3/232
[6] Бухари, Әдәб. 69; Муслим, Бирр, 105; Әбу Дәууд, Әдәб, 80.
[7] Ғассандықтар – Сирияны басқарып, христиан дінін ұстанған әулет 
[8] Бухари, Мәғази, 79; Муслим, Тәубә, 53.

 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.