Қараңғылық дәуірі оны «Әмин» (сенімді) деп таныған

Меккеліктер Пайғамбарымыздың есіміне «әл-Әмин» сипатын қосып атайтын. Ол осы сипатымен әйгілі еді. Біз қандай бақыттымыз. Таң мен ақшам уақытындағы құт-берекелі зікірімізде оны былай деп еске аламыз:
Аллаһтан басқа құдай жоқ Ол – Мәлик, Хақ, Мубин, Мұхаммед Аллаһтың елшісі тура сөзді, сенімді.

Қағба қайта жөндеуден өткен соң «қара тастың» (біз оған Ес’ад: «Бақытты тас» дейік) қайтадан өз орнына қойылуы меккеліктер арасында үлкен тартыс тудырды. Тіпті қылыштарын қынабынан суырмаққа ыңғайланды. Өйткені осы үлкен абыройға әркімнің де ие болғысы келді. Ақырында, ортақ бір мәмілеге келіп: Қағбаға алғаш келген адамның сөзіне тоқтауға уағдаласты. Бәрі іштей не болар екен деп қобалжып, толқи күтті. Бір уақытта табалдырықтан Екі әлемнің Шамшырағы аттады. Әлбетте, Аллаһ елшісі олардың келісімінен бейхабар-тын. Оның дос пен дұшпанға сенім шашқан гүлдей жайнаған нұрлы жүзін көргенде, сол жерде тұрғандар қуанғанынан төбесі көкке бір елі жетпей: «Әмин», – келе жатыр, «Әмин» – деді де, төрелігіне риза екендіктерін білдірісті...[1]

Өйткені оған толық сенетін. Аллаһ елшісі ол кезде пайғамбар емес, бірақ жұрттың сеніміне ие шыншыл адам еді. Пайғамбарға тиіс барлық сипаттар тұла бойында тұнып тұрған кезі-тұғын.

Нағыз парасатты адам – дұшпаны да парасаттылығына тәнті болған жан.

Сол күні әлі мұсылман болмай, күдік пен күмәннің торына шырмалып ең адуынды дұшпан аталған Әбу Суфиян оның туралығын былайша баяндайды:
Аллаһ елшісі көршілес елдің патшаларына хат жолдайды. Осындай хаттың біреуі Рим императоры Ираклийге арналған. Ираклий[2] хатты басынан аяғына дейін оқып шығып, Шам аймағында жүрген Әбу Суфиянды шақыртып алады. Екеуінің арасында мынандай әңгіме өрбиді:
– Оның соңынан еріп жатқандар кімдер: байлар ма, әлде кедейлер ме?
– Кедейлер.
– Оған иман еткендердің ішінен бас тартқандар болды ма?
– Қазірге дейін бола қойған жоқ.
– Қатары көбейіп жатыр ма, әлде азайып жатыр ма?
– Күн сайын артуда.
– Өмірінде жалған сөйлегенін естіп көріп пе едіңдер?
– Жоқ, оның жалған сөйлегенін ешқашан естімедік. 

Хаттың ғажайып әсерімен қоса, сол кездегі мұсылмандардың қас дұшпаны Әбу Суфиянның жоғарыдай жауаптарына тап болған Ираклий өзінің салмақты қалпын сақтап:
– Осы уақытқа дейін адамдарға жалған сөйлеуден бойын аулақ ұстаған жанның Хақ тағалаға жалған сөйлеуі әсте мүмкін емес, – дейді[3]

Тек тақырыбымызға байланысты болған соң ғана келтірген осы әңгімеде Аллаһ елшісінің туралығына екі дәлел бар. Біріншісі, жоғарыдағы сөздерді айтқан – Византия императоры Ираклий. Екіншісіне келсек, ол күндері әлі Исламмен нұрлана қоймаған Әбу Суфиянның берген жауабы. Бірақ амал нешік, Ираклий мансап пен тақты тәрк ете алмай, басына қонған баға жетпес бақты уысынан шығарып алды. Мұсылмандықты қабылдап, бақытты жандардың қатарына қосылмады. Дегенмен, Аллаһ елшісінің пайғамбарлығын мойындап құрмет көрсетіп, үлкен парасаттылық танытты.

Зер салып қарасаңыз, Ираклийдің сөздерінде  терең ой жатыр. Қырық жасына дейін жай қарапайым адамға әзілдеп те болса да жалған сөйлемеген адам өлімге қарай бет алған шақта, бүкіл ғаламзатты жаратқан Аллаһ тағалаға қалайша жалған сөйлесін?

 Ясирдің әлі мұсылман болмаған кезі. Өз ұлы Аммардан қайда бара жатқанын сұрады. Аммар:
– Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) жанына, – деді.
Осы жауап Ясирге жеткілікті еді.

– Ол – Әмин (сенімді) адам. Меккеліктер осылай таниды. Егер пайғамбармын десе, онысы рас. Оның жалған сөйлегенін жан баласы естіп көрген емес...

Оның сенімді екенін мойындағандар санаулы адам ғана емес. Нұрлы дәуірде де, одан бұрын да таныған жанның бәрі бірауыздан оның туралығын растайтын.



[1] Муснәд, 3/425; Ибн Һишам, 1/209.
[2] Ираклий (575-641) – Византия императоры болған (610-641). Ол парсылардың патшасы Құсрауды (Хосров) жеңіп, империяның Сирия, Палестина, Мысырды қамтитын шығыс шекараларын бекіткен болатын.
[3] Бухари, Бәд’у’л-Уахи, 6; Муслим, Жиһад, 74.

 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.