КӨПТЕН КҮТКЕН ШҰҒЫЛА
Пайғамбардың келуіне санаулы күндер, бәлкім, сағаттар қалған. Дүние тылсым нұрға малынып, көкжиектен таңғажайып таң сыз бере бастады. Шуақты шапағаттың адам баласының сезімі мен жан дүниесіне сәуле жүгірткені соншалық – көптеген меккеліктер ақырғы Пайғамбардың келетінін іштей түйсініп: «Келе салысымен оған асығыңдар! Рухымен бірігіңдер!» – деп, бір-бірін асықтырып жатты[1].
Күллі адамзат жаны шүберекке түюлі, бар үміттері әне-міне келетін құтқарушыда ғана. Ата-аналар елшінің өз үрім-бұтағынан шығуын тілеп, Жаратқанға жалбарынды. Көпшілігі өмірге жаңа келген перзенттерінің атын «Мұхаммед» деп қойып жатты[2].
Бірақ ол Ибраһимнен (а.с.) Исмайылға (а.с.) жалғасып, Абдулмутталиптен Абдуллаһқа өткен асыл текті нәсілден келетін еді. Ізгі жандар да осы уызы арылмас шежіреден үзбей жалғасар нұрды күтуде.
Тосын оқиғалар да бір мезет Аллаһ елшісін сүйіншілеп, маңызды сипат алып шыға келді. Түннің қоюлана түсуі де қара түнекті қақ жарар таңғы шұғыланың жақындағанын жар салып жатқандай еді.
Ол заманда адамзат асқақ арманның, жарқын идеяның не екенін білмейтін. Сол кездегі адамның іс-әрекеті Құранда былайша сипатталған болатын: «Сахарада сағым қуған жан секілді. Шөлдеген жан алыстан су екен деп ойлап, арып-ашып жеткенде, еш нәрсе таба алмас» (Нұр, 24/39).
Адамдардың да сана-сезімі қапаста тұмшаланып жатты: «Бейне бір телегей теңіздегі қою қараңғылық, буырқанған толқындар, көкте жөңкілген бұлттар. Бір-бірін қаптаған қабат-қабат қараңғылықтар. Адамдар тіпті сәл қалса өз қолын өзі көре алмас» (Нұр, 24/40).
Бұл дәуірдің атауы – «қараңғылық». Бірақ білімге емес, иман мен сенімге қарсы күпір қараңғылығы.
Сол заманның жиіркенішті қылықтарын күресінді қопарғандай қалам ұшымен түртіп ашып, жан-дүниеңізді жаралағым келмейді. Оғаш, ерсі әдеттерді суреттеу адамның ой-өрісін, сана-сезімін бұзады. Бұған себепкер болудың өзі күнә. Десек те, Аллаһ елшісінің әлемге рақым етіп жіберілуінің нағыз иләһи (құдайлық) қайырымдылық екенін аңғарту үшін сол дәуірдің әдет-ғұрыптарынан аздап сөз ете кетейік.
Оның келуі – Аллаһ тағаланың адам баласына жасаған ең үлкен қайырымдылығы мен аса рақымдылығы.
Құранда: «Аллаһ олардың араларынан, өзінің аяттарын оқып, олардың бойларын (жамандық пен жағымсыз қылықтардан) тазартатын және оларға кітап пен хикметті үйрететін пайғамбар жіберіп, мұсылмандарға үлкен қайырымдылық жасады», – дейді. (Әли-Имран, 3/164).
Аллаһтың осы қайырымдылығы мен рақымдылығына бір сәт ой жүгіртіп көріңізші! Адамдарға өз іштерінен олармен сезімі мен ой-пікірін бөлісетін, Хаққа барар жолда олардың жолбасшысы әрі көсемі болатын, имамға мұқтаж болғанда жамағатқа имамдық ететін, хұтбашыны керек қылғанда хұтба оқитын, әмірге мұқтаж болғанда дөп түсіп мөр басатын, қолбасшыға мұқтаж болғанда майданда сан қырлы күрес-тәсіл жүргізе білетін бір «пайғамбар елші» жіберді.
Иә, адамдардың күнәсін кешіріп, оларды арсыздық пен азғындық батпағынан шығару үшін, көптеген қиыншылыққа кезігетінін біле тұра Аллаһ ең сүйікті құлы Мұхаммедті (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) «пайғамбар» ретінде жіберді. Пенделерінің адаспауын, шарасыз күй кешіп шашырап жоғалып кетпеуін, қайта адамгершілік көгіне көтерілуін қалады. Ибраһим Хаққының[3] сөзімен айтсақ:
Сыймаған Хақ[4] жер мен көкке
Сезілді құпия жүректе – деп, Жаратушыны іштей сезіп білуімізді қалады.
Жүрек – асыл қазыналардың бастауы. Жер мен көкке сыймаған Хақ тағала, ең құнды қазына дегендей әрдайым Өзін жүректе сездіреді. Кітаптар, дүниетаным, ой – тұжырымдары, пікірлер, жер мен көктегі барлық жаратылыс атаулы Аллаһтың ұлылығы мен құдіретін толық көрсете алмайды. Тек жүрек қана, сәл де болса, оны сезіп, «түсіндіре» алады.
Иә, жүректің қадір-қасиеті сондай – бүгінге дейін ешкім де дәл соның айтып жеткізе алғанындай сөзді естіген де, білген де емес. Олай болса, адам баласы жүрегіне терең бойлап, қалағанын содан іздеуге және Рабқа[5] шексіз беріліп, оған деген махаббатымен мендіктен арылып, құлшылықтың тереңіне бойлауға тырысуы керек. Негізінде, Аллаһ хазірет Мұхаммедті (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) арамызға сол үшін жіберген.
Пайғамбарымыз Аллаһтың аяттарын оқып, мұғжиза көрсету арқылы адамзатқа жаратылыстың мән-мағынасын үйретуге келді.
Иә, осы жаратылыс сырын түсінгенде ғана адам баласы ауыртпашылық кірбіңінен арылып, таңғы шықтай мөлдір күйге түсіп, кіршіксіз жүрек пен асқақ рухтың заңғар шыңынан орын алмақ. Солай болды да. Аллаһ елшісі біздерге күллі жаратылыстың мәні мен мақсатын таныту үшін келді. Адамзат сол кітап пен хикметтің нұрына малынып, өз болмысын табу арқылы ақырет әлеміне көз тігіп, мәңгіліктің баянды жолына түсу ниетінде еді. Ақыры барлығы да расқа айналды. Кейбір айтулы күндер біздер үшін берекет пен рухани ләззатқа тұнып тұрады.
Бұлардың кейбірі мұсылман жұртшылығының аса маңызды мерекелері. Әр апта қасиетті жұма күні осындай сезімге бөленеміз, ал, Ораза мен Құрбан айт мерекелерінде мұны тіптен тереңірек сезінеміз. Рамазан айты – бір ай бойына ораза ұстау арқылы Жаратушыға жақындау қуанышы мен шаттығын тілмен айтып жеткізу мүмкін емес, аса берекелі мереке. Құрбан айты – Ибраһимнің (а.с.) Аллаһ тағала үшін құрбан шалған әрі мұсылмандардың да күнәларының кешірілуі үшін жол іздейтін, Қағбаға жүзін қаратып, Арафатта қол қусырып тұратын, хазірет Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) үмбетіне сай терең толғаныспен Ұлы Жаратушыға жалбарынып дұға оқып, бата қылатын күні. Бұдан басқа барлық адамзаттың, тіпті бүкіл әлемнің ортақ мерекесі бар. Ол – Аллаһ елшісінің дүниеге келіп, бізге қосылып жан-сарайымызды қуаныш пен нұрға бөлеген күн. Ахметтің туған күні[6]. Аллаһ тағала күн секілді Нұрды шырақ етіп, адамзаттың көгіне қондырды. Оның сәулесімен қараңғылықтың қара түнегі қақ айрылып, әлем нұрға бөленді. Бұл, әлбетте, Жаратушы Жаппар Иенің жындар мен адамзатқа жасаған ең үлкен қайырымдылығы әрі шексіз рақымдылығы еді.
Қараңғылық дәуірі
Бұл Таухид сенімінің[7] шаңырағы шайқалған кезең болатын. Жер мен көктердің асыл нұры – Аллаһ тағалаға деген шынайы сенім жүрекке ұяламаса, адам қара түнектің құрығынан құтыла алмайды. Оған қоса рух пен ар-ождан да азап шегеді. Осылайша ақиқаттан ажыраған пенденің әлемдегі шынайы құбылыстарға көзқарасы мүлдем керағарланып, қараңғылықты қалайтын жарқанаттай өмір бақи түпсіз тұңғиық ғаламда мән-мағынасыз ғұмыр кешеді.
Діндердің күллі ұстын-негізі құлап, көктен келген иләһи (құдайлық) діндер тікелей дін адамдарының қолымен бұрмаланған заманда, бірнеше муаххид[8] есімін атай алмай, қалай құлшылық ету керектігін түсінбесе де жалғыз Жаратушыға іштей сенетін-ді. Бірақ олардың үні батқан күннің сәулесіндей тым әлсіз еді.
Пұтқа табынушылық
Мүшріктер Қағбаның іші-сыртындағы қаптаған пұттарға табынғандарына тоқмейілсіп, көңіл жұбатты. Ештеңеден хабары жоқ кейбір жұмыр бастылар пұттарды Аллаһқа жақындататын арадағы делдал ретінде көрді.
Осы жайт аятта да айтылады: «Біз оларға Аллаһқа жақындатсын деп қана ғибадат етеміз» (Зүмәр, 39/3).
Осылайша, адамның жаратылыс-табиғатына Жарату-шының аманат етіп жүктеген құлдық сезімі өз орнын таппай теріс арнаға бұрылып кетті. Оған тағы да опасыздық жасалды. Ағашқа, тасқа, топыраққа, күнге, айға және жұлдыздарға құлшылық ету етек алды. Тіпті халуа мен ірімшік секілді азықтардан өз қолдарымен пұттар жасап, оларға біраз уақыт табынып, қарны ашқан сәттерінде жеп қоятын жабайы һәм надан әрекеттер де кездеспей қалған жоқ.
Мұндай қаңсыған ой мен көнерген ұғым Құранда былай айтылады:
«Олар Аллаһтан өзге, өздеріне зиян да, пайда да бермейтін нәрселерге табынып, «Бұлар Аллаһтың қасындағы шапағатшыларымыз» деуде. (Мұхаммед): «Сендер Аллаһқа көктер мен жердегі Оның білмеген нәрсесінен хабар бересіңдер ме? Ол олардың ортақ қосқандарынан пәк те ұлы»-деп айт» (Юнус, 10/18).
«(Ей, адамзат) Зер салыңдар! Нағыз дін – Аллаһтың (діні). Одан өзгені дос тұтқандар: «Біз оларға бізді Аллаһқа жақындатсын деп қана ғибадат етеміз», – деуде. Аллаһ, сөзсіз, олардың арасындағы қарама-қайшылыққа түскен нәрселеріне үкім береді. Расында, өтірікші мен аса күпірлік еткенді Аллаһ тура жолға салмайды» (Зумәр, 39/3).
Мәселенің ең сорақысы, олар осы азғын ойларына желеу іздейтін. Олардың ең басты желеулері жайлы Құранда былай делінеді:
«Оларға (мүшріктерге) Аллаһтың түсіргеніне (Құранға) бойсұныңдар», – дегенде, «Жоқ! Біз ата-бабаларымыздан көргенімізге бойұсынамыз», – деді. (Яғни, бұл – «Біз Құранның жолымен емес ата-бабаларымыздың жүріп өткен жолымен жүреміз» деген сөз). Ата-бабаларының санасына сәуле түспей, тура жолды таба алмаса да ма?» (Сонда да, соны біле тұра, солардың жолымен жүре ме?) (Бақара, 2/170).
Қараңғы дәуір қасіреті
Қараңғы дәуірдің қасірет-кесапаты жайында Құран Кәрім былай дейді:
«Егер олардың біреуі қыз баламен сүйіншіленсе (әйелінің қыз тапқанын естіген сәтте), бойын ашу кернеп, жүзі қап-қара болып түнере бастайды. Естіген жаманаттан кейін ел көзіне түспеуге тырысады. (Қайтпек керек?!) Қорлыққа шыдап, сол нәрестені қолында ұстай ма? Әлде топыраққа көміп тастай ма? (Не істерін біле алмай дал болып, қатты ойға батар). Зер салыңдар! Олардың берген үкімі – неткен жаман үкім!» (Нахыл, 16/58-59).
Иә, олардың қай-қайсысы болсын қыз балалы болғанын естіген сәтте ашуға булығып, бір орнында безгек тигендей қалшылдап тұра алмайтын. Бет-жүздері түтігіп, жауар бұлттай қабарып, жұртқа көрінуді ар санайтын. Тіпті мұндай хабардың оларға жайсыз тигені соншалық – сол мезет қарасын батырып, ілуде тесік тапса, сол тесікке кіріп кеткілері бар. Миы айналып ауыр ойға шомғандар осы екі жолдың бірін таңдауға мәжбүр болып, бір байламға келе алмай діңкесі құритын. Ел арасында еңсесі түсіп, мына бір қапыда қапқан қақпанның қорлығына шыдап, нәрестені амалсыз тірі қалдырады немесе қыз баланы елдің көзінен жасырады.
Әйел заты қараңғылық дәуірде осылай жәбірленді. Қыз баланы қор санау тек қара күштің ықпалынан шыға алмаған қараңғы арабтарға ғана тән емес, Рим мен Сасан империясындағы жағдай да оңып тұрмаған болатын.
Кейіннен Исламның әйелдер әлемін нұрға бөлеу арқылы жасаған ғажайып төңкерісі – барша әйел заты үшін адамзат тарихындағы теңдессіз оқиға болған еді.
Құран содыр тағылыққа алғаш рет тосқауыл қойып, ата-ана қандай күйге ұшыраса да, балаларын өлтірмеуге әмір етті:
«Жарлы күй кешіп, тұрмыс-тіршіліктерің нашар болғандығы үшін балаларыңды өлтірмеңдер! Сендердің де, олардың да ризығын Біз береміз» (Әнғам, 6/151).
Аллаһ тағала оларды: «Балаларыңды не үшін өлтіресіңдер? Сендерді де, оларды да рызықтандыратын – Мен. Аз-кем ой жүгіртіп, маңайларыңа қарамайсыңдар ма? Жер жүзі сан-мың тағамын алдыңа жайып, аузыңа тосқан берекелі кең дастархандай. Күмбездей көгілдір көк керіліп кербезденбей, иіліп тағзым етіп, сендерге жәрдемдесуде. Сол көктегі бұлттарды сендер үшін желменен айдап әкеліп, жаңбыр мен қар жаудырған, содан кейін сол жауын мен қар арқылы сансыз жасыл желек пен көкорай шалғынды өсірген жалғыз Жаратушыдан өзге кім болуы мүмкін? Осылардың бәрін көре тұра, біле тұра, қалай ғана дәттерің барып, ар-ождандарың шырқырамай, жан-жүректерің сыздамай, қара тастай қатып, «мен, сірә, аш қалармын» деп қарадай қорқып, уайымдап, қолдарың қалтырамай, өз балаларыңды қайтіп қана қиып өлтіресіңдер? Ей, адам баласы! Осындай қатыгездікке барып, зұлымдық жасаған жандарға Аллаһ қаһарын төгеді. Қайта ұлы Махшар[9] күні бейкүнә сәбилердің қандай кінәсы үшін өлтірілгені сұралатын болады. Бүлдіршінін өлтірген сол залымдар жасаған осы зұлымдықтарының жазасын сөзсіз тартады», – деп ақылға шақырады.
Міне, «Тірідей көмілген балаларыңа «қандай кінәларың бар еді, нендей күнә үшін өлтірілдіңдер?» – деп сұралғанда, (Тәкуир, 81/8-9) – деп баяндалатын аят бейкүнә сәбилердің ата-аналарына қатаң ескерту жасап, бізге де сол дәуірдің жан шошырлық хал-ахуалы мен тұрмыс-қалыбын көрсетеді.
Бір сахаба Аллаһ елшісіне келіп, қараңғылық дәуірінің тағылығы жайлы:
«Уа, Аллаһтың елшісі! Біз қараңғы дәуірде қыз балаларды тірідей жерге көметін едік. Менің де бір қызым бар болатын. Бір күні мен оның анасына «Мынаны жақсылап киіндір, нағашысына алып барамын, – дедім», – деп әңгімесін бастайды.. Әрине, әйелі байғұс бұл сөздің астарын жақсы біледі. Еркелетіп, мәпелеп өсірген ботақаны тірідей топыраққа көмілетінін, жанталасып, тұншығып өлетінін де анасы сезіп тұр. Бірақ қолдан келер не шара, өйткені ол заманда әйел затының мұндай тағылыққа қарсы тұрар қауқары да, хұқы да жоқ еді.
«Әйелім айтқанымды екі етпеді. Қыз шынымен-ақ нағашысына барамын деп қатты қуанды. Мен оны жетектеп алып кеттім. Алдын-ала қазып дайындап қойған шұңқырдың жанына әкеліп, оған: «Шұңқырға қара», – дедім. Ол еңкейіп қарай бергені сол еді, артынан итеріп құлаттым. Ол жандәрмен жоғары ұмтылды. Шығуға тырысып, жанталасып, «Көкешім-ай, үстің-басың шаң болды ғой», – деп киімімді қағуға тырысты. Мен оған қарамадым, оны тірідей топыраққа көміп тастадым»,–деп әлгі сахаба сөзін тәмәмдады.
Осы оқиға айтылып жатқанда, Аллаһ елшісі мен жанындағылар көз жастарына ие бола алмай, қатты егіледі. Сол жерде отырған біреу: «Ей, пенде, Пайғамбардың көңіліне қаяу салдың», – дей беріп еді, Рақым Пайғамбары әлгі адамға: «Тағы айт», – деді. Ол оқиғаны бастан-аяқ қайталап айтып шықты. Екі әлем Сардарының жанарынан сорғалаған жас қасиетті сақалын жуып кетті[10].
Аллаһ елшісінің оқиғаны қайталатуында: «Міне, сендер Исламнан бұрын осындай едіңдер. Исламның сендерге әкелген адамдық ізгі-қасиетін тағы бір рет санада жаңғыртып пайымдағандарың абзал» деген салмағынан жер ойылардай ауыр тағылым жатқан еді.
Әлгі бейбақтың жан сыздатқан мысалынан түсініп отырғаныңыздай, сол кезеңде адамзат аса қорқынышты өмір тауқыметін тартты. Күн сайын қараңғы сахараның шексіз шөлі мен елсіз жерлерінде терең-терең шұңқырлар қазылып, қаншама бүлдіршін сәбилер тұншығып, шыбын жаны шырқырап жан тапсыратын. Адамның тағылығы мен жауыздығы жыртқыш аңнан да асып түсті. Артында сүйеніші жоқ әлсіз, панасыз адамдар өмір сүруден қалды. Олар азулының аузындағы «жемтікке» айналды. Осылайша қоғам қатты дағдарысқа ұшырады.. Тосқауыл қояр ешкім жоқ. Сол уақытта әлемнің жаратылысына арқау етілген хазірет Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) елден жырақ, аулақ кетіп, үмбетінің кейіннен «Нұр тауы» деп атайтын «Һира үңгіріне» барып, көкжиектен көзін алмай, терең ойға шомып, азаттық шұғыласын күтті. Сірә, ол сол уақытта басын сәждеге қойып, жалбарынып, Раббысынан адамзатты азат ететін бір құтқарушы тілесе керек.
Бұхари мен Мүслімде осы туралы сөз қозғалғанда «фәйятаханнасу фиһә» деген сөз тіркесі қолданылған. Бұл «өзін ғибадатқа беру, бөлек, оңаша қалу» деген мағынаны береді.
Иә, Аллаһ елшісі кейде бірнеше күн бойы Меккеге қайтпай, сол жерде түнеп қалатын. Тек азығы біткенде ғана келіп, қайта қайтатын[11].
Сірә, ол жаратылыстың мақсаты мен адамзаттың жүрек сыздатар қасіретін ойлап, тұңғиық ойға батқан шығар...
Өзгерген құндылықтар
Бұл кезеңдегі қоғамның ахуалы – адамдар ақты қара деп, ізгі қасиеттерді жат қылықтарға балап, ал жат қылықтарды парасаттылық пен ізгілік санап, тағылық марапатталып, адамгершілік аяққа тапталған аянышты жағдайда еді. Қой терісін жамылған қасқырлар көбейді. Ал қойдан қоңыр момындар осы мейірімсіз, қатыгез «шопандардың» қол астында жапа шекті. Жезөкшелік, зина секілді жат қылықтардың етек алғаны сондай, көптеген адам өзінің шын әкесінің кім екенін де білмеді. Ата тек, шежіре түгелімен жойылып, шарап ішу мен құмар ойындары жаппай етек алды. Тіпті өзін-өзі өлтіру де жай дағдылы әдетке айналды. Қилы-қилы қисық жолдармен адамдардың қанын сүліктей сору аса көрегендік әрі ақылдылық саналды.
Сөздері дертке дауа, жанға шипа болар бір парасат падишасына қоғам зәру еді…
…Қоғамның нұр мен ақиқатқа бастар көсемге мұқтаждығы шегіне жеткенде, кенеттен Рақым иесі шапағатын төкті. Сол-ақ екен Екі әлемнің Шамшырағы пайғамбарлық уазипасын арқалай адамзатты қараңғылықтан құтқарып, азат ету үшін жіберілді. Әлбетте, оның келуімен түгел дүние бірден жадырап, күрт түлеп сала берді.
Ақиық ақын Ахмет Шәукидің жырлағанындай шын мәнінде:
«Тура жол туды да, күллі әлем жарыққа бөленді,
Заманның жүзі парасат пен шаттыққа кенелді».
Қараңғы заман Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) әкелген нұрлы жарықтан көзін ұяла ашып, шешек жарған гүлдей құлпырды.
…Сан жыл артта қалды.
Пайғамбарымыз Мәдинаға хижрәт (көш) еткенде, Мәдина халқы оны өлеңдетіп, қошеметтеп қарсы алды:
«Уада төбесінен бізге Ай туды. Әрбір дұға етуші дұға етіп, әрбір Аллаһ жолына шақырушы адам баласын Аллаһқа шақырып жатқанда, бізге шүкір ету уәжіп болды»[12].
Пайғамбарымызға деген ыстық-ықыластан, шынайы сезімнен туған осы өлеңді олар осылайша әнмен жеткізді. Әсем ән тек қала үстінде ғана қалықтап қоймай, сонау көгілдір көкке самғап, көтеріліп жатты.
[1] Ибн Һишам, 1/203-204.
[2] Мұхаммед ибн Са’д, әт-Табақату’л-Кубра, 1/169.
[3] Ибрахим Хаққы Эрзурумлы (1703-1780) – Түркияда өмір сүрген белгілі мұсылман энциклопедист ғалым, ақын әрі сопы. Көптеген ғылыми еңбектердің, мұсылман жұртшылығына танымал «Мағрифатнама» шығармасының авторы.
[4] Аллаһ.
[5] Аллаһ.
[6] Бүгін 13 қазан, 1989 жылы, сәрсенбі; Бұл жолдардың жазылуы хазірет Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) туған күніне тура келіп, ғажайып бір сәйкестік болды.
[7] Жаратушыны жалғыз деп білу сенімі
[8] Бір Құдайға сенгендер (ауд.).
[9] Қиямет күнінде адамдардың қайта тіріліп, есеп беру үшін жиналатын жері. (ауд.).
[10] Дәрими, Муқаддима, 1.
[11] Бухари, Бәд’у’л-Уахи, 3; Муслим, Иман, 252.
[12] Ибн Кәсир, әл-Бидәйа, 3/241; Бәйһақи, Дәлә’илу’л-Нубуа, 2/507.
- жасалған.