Кіріспе

Мұхаммед Мұстафаның (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) адамзаттың азаттығы үшін арпалысқа толы өмірін, адам баласының жазылмас жараларын емдеудегі жанқиярлығын әрі осынау ұлы тұлғаның бітім-болмысын шынайы танытсам деген ниет - өзге де мүміндер сынды менің де бүкіл болмысымды билеп алды. Сондықтан бұл менің мәңгілік арман-аңсарымды басатын әрі жүрегімнің қалауынан тұратын тақырыбым іспетті...

Ол – адамзаттың ардақ тұтар тұлғасы.

Он төрт ғасырдан бері әлемдегі әйгілі кемеңгерлер, айтулы философтар мен ойшылдар, ғалымдар оның артынан қол қусыра ізетпен: «Сен – баршамыздың мақтан тұтар ұлы тұлғамызсың», – деп, осы бір сабағына іңкәрлік ұялаған асыл сөзге имандай ұйып, жұлдыздардың шоғырындай бой түзеп келді.

Бұған ғасырымыздағы мұншалық ойраннан кейін әлі де біздің айшықты мұнаралардан «Әшһәду әннә Мухәммәдәр-расулуллаһ» асқақ жаңғырығын естіп, Мұхаммеди рухтың әр жерде қанат жайғанына куә болып, күніне бес уақыт толқитынымыз дәлел. Адам нәсіліне қаны қас дін дұшпандарының қаскүнемдіктеріне қарамастан, буыны бекіп, бұғанасы қата қоймаған жастардың «Ахметтік ақиқатты» (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) толық түсіне қоймаса да, жарыққа алып-ұшқан көбелектей хазірет Мұхаммедке (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) қарай ұмтылуы теңдесі жоқ ерлік. Заман жан-жүрегімізден ойып тұрып орын тепкен ол әкелген ақиқаттардың ешбіріне қаяу түсіре алмады.

Иә, ол әлі таңғы шықтай мөлдіреп тұр. Мәдинаға жолым түсе қалса, оның таңғажайып сырға толы тылсым күші мені ыстық құшағына тартып алатыны соншалықты, сәл ұмсынсам, онымен қауыша кетіп мауқымды басатындай, оның «Қош келдің!» деген жұмсақ үнін естіп қалатындай елегізіп, алабұртамын.

Міне, оның жан-жүрегіміздегі тозаң шалмас тазалығы күн өткен сайын жапырақ жайып жаңғыруда.

Иә, заман ағымымен кейбір ойлар көнеріп, адам жадысынан өшіп ұмытылып қалып жатады. Ал адамдардың жан жүрегіндегі хазірет Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) айлар аунап, жылдар жылжыған сайын күннің алғашқы сәулесімен ұйқысынан оянған гүлдей мәңгі-бақи жасара бермек.

Әдетте, дара тұлғалар жыр-дастанның арқауына айналып жатады. Сол секілді біз де сүйікті елшіні қанша жырға қоссақ та, бәрібір төгілтіп, жеріне жеткізе жырлай алмадық. Адамзатқа мақтаныш болған жанды дәріптеуді игі дәстүрге айналдырып, өнер, мәдениет ошақтары бір кісідей осыған атсалысқанда, бүгінгі ұрпақтың жүрегінен тек соның ғана есімі мен ақиқаты, түр-тұлғасы орын тебер еді. Десек те, барлық қиындықтарға қарамастан, әлемнің шығысынан батысына дейін күн сайын сан мыңдаған адам құмырасын көтеріп, сол бір кәусар бұлақтай тұп-тұнық, мөп-мөлдір, пәк қайнарға ұмтылып, Адамзат төресінің шексіз бақыт отауына асығуда екені сүйінерлік жайт. 

Иә, бүгінгі таңда әлемнің барлық елінде (әсіресе, АҚШ, Англия, Франция, Германияда) Ислам дінінің қарқынды белең алып келе жатқаны байқалуда. Бұл аймақтарда мұсылмандық Пайғамбарымыз бен сахабалардың көзі тірісіндегі “Алтын ғасырды” бастан кешуде. Бұл жағдай ислам әлемінде де орын алуда.

Бір-екі ғасыр бұрын исламға да, мұсылмандарға да атүсті, мұрын шүйіре қарау басым еді. Бүгінгі күні ислами мәселелермен ғылыми тұрғыда шұғылданатын көкірегі ояу, көзі ашық жандар Мұхаммедтік (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм)  ақиқаттарға біртіндеп көз жеткізіп келеді.

 Қалған ғұмырында көңіліне медеу іздеп шарқ ұрғандар неше ғасыр өтсе де солмай-қурамай, көк өскін балауса құрақ қалпында қалған Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) мектебіне ұмтылуда.

Міне, Морис Бюсей[1], Роджер Гароди[2] секілді жандар иман нұрына бөленді.

Бірақ біз осындай дара тұлғаларға дегдарлықты үйреткен Жүрек Сұлтанын жақын тани алдық па? Сіздерге осы тұрғыда не айта аламын? Бес жасымда басым сәждеге тисе де, мен оны жеріне жеткізе түсіндіріп бере алдым ба, яки білгенімді сіздерге толық жеткізе алдым ба?..

Иә, шынында да, біз, жиырмасыншы ғасыр адамдары өзіміздің тұла бойымызға тамыр жайып, жүрегіміз бен көңіл сарайымызға шұғыла шашқан Ғаламның рақым нұрын өзіне лайық түрде жеткізе алдық па?

Жоқ! Егер адамзат оны жақыннан танитын болса, тұла бойына нұр құйылып, көңіліне ерекше көктем орнар еді. Адамдар оның есімін құлағы шалған сәтте көздері жасқа толып, тебірер еді. Оның сүттен ақ, судан таза көңілі шынайы пайғамбарлық әлеміне енерде жұмыртқаны жарып шыққан балапандай жүрегі лүпіл қағар еді.

«Адам – өзі жете танымағанға жау» – деген сөз бар. Жаулыққа барып, өмір бойы бізбен күресіп келгендегі мақсаты –  оның ұлы есімін ұмыттырып, жас ұрпақты екі әлем Сардарына жау етіп өсіру. Қаскүнемдердің оның есімін жүрегімізден өшірмек болған ниетіне қарамастан, оған бас-тап баратын жолдағы барлық кедергілер мен қиындықтар сең бұзып, сел ағызған бөгеттердей қирап жатыр. Әсіресе, жастар жағы бейне бір от-жалын шарпып тұрған ыстықтан тілдері ауыздарына сыймай ажалмен тайталасқан кезде қастарынан салқын сулы бұлақ табыла кеткендей оның көл-көсір мейірім құшағына қойып кетеді. Әлбетте, сол бір мейі-рім-шапағатқа толы жүрек сағыныштан сарғайып, көздері боталағандардың мауқын басады, оларды мейірім нұрына бөлейді.

Жұма күндері мешіттердегі ине шаншар жер қалдырмай иін тірескен қауымға көз салып  көрдіңіз бе? Егер назар салсаңыздар, олардың басым көпшілігінің жастар екенін байқаған боларсыз. Адасу мен тағылықтың обыр өңеші жан біткенді сол қорқынышты ұйыққа тартқанына қарамастан, оларды қыстың қақаған аязында дәрет алдыртып, мешітке асықтырған ненің құдіреті? Әлбетте, ол – Мұхаммед аләйһиссәламның қасиетті тартылыс күші.

Әлем оған қол созады. Ғылым атаулы оны терең зерттеп, көкірек көзі ояу жандар да оған ілесуде. Иә, бұл күндері хазірет Мұхаммед аләйһиссәламның халық арасында салмағы артып келеді. Оның ұлылығын дұшпандары да мойындауда. Аллаһ елшісі бір хадисінде:

«Үмбетімнен он адаммен тартылып едім, мен ауыр бастым. Сосын жүз, сосын мың адаммен тартылдым. Мен тағы да ауыр бастым. Сол кезде уәзипалы екі періште: «Тоқта, егер ол барлық үмбетімен тартылса бәрібір  ауыр басады», – деді.[3]
Айтқандай-ақ, ол да іс жүзінде көрініс тапты.

Пайғамбарымыз көрген бір түсін былайша баяндаған болатын:
«Таразының бір басына  мен, екінші басына  барлық үмбетім тартылды, алайда  мен ауыр бастым».[4]

Иә, сахаба, табиғин[5], тәбәи-табиғин[6] және олардан кейін келгендер мен қияметке дейін келетін елден ерек тұлғалар, бүкіл әулиелер, асфиялар, әбрар мен муқаррабиндер[7] барлығы таразының бір жақ басына, екінші басына Жүрек Сұлтаны – Мұхаммед аләйһиссәлам тартылатын болса, көзіміздің нұры болған Пайғамбарымыз ауыр басады.

Ол пайғамбарлық тұрғысынан алғанда, әлемнің жаратылу мақсатының бірден-бір себебі. «Егер сен болмасаң (тіршілікті) ғаламды жаратпас едім»-деген хадиске бергісіз даналық сөз бар[8].

Иә, мән-мағынасы айқындалмаған, ешкім түсінбейтін кітаптың жазылуы – бос әурешілік. Аллаһ тағала  мұндай кемшіліктен пәк. Сондықтан да әлемнің мағынасын аңғарта алатын куәгер керек. Мына ұшы-қиыры жоқ аспан, ай, күн, жұлдыз, барлық болмыс не үшін жаратылды? Адам қайдан келді, қайда барады, оған сана не үшін  берілді? – деген аса маңызды сауалдарға жауап бере алатын, ақыреттің бар екендігін жер бетіндегілерге жеткізетін, адамзатқа Аллаһтың аманатын түсіндіріп беретін елшісі болуы ләзім. Ендеше, ол ақырғы пайғамбар етіп жіберілмегенде ғаламның да, адамның да мағынасы болмас еді...
Хазірет Мұхаммед аләйһиссәлам – өмірге мән-мағына сыйлаған адам. Ол біз үшін сүйіктілерімізден әлдеқайда сүйікті.   

Бұл жерде басымнан өткен мына бір жайтқа тоқталмай кеткенім жарамас. Аллаһ тағала  маған сол бір киелі жерге (Мәдина) күнәһар жүзімді жуып қайту бақытын бұйырып барып қайттым. Сонда Аллаһ елшісінің ауылы маған жап-жарық нұр болып көрінді. Айрықша толқыдым. Ғажайып рухани ләззатқа бөленгенім сонша – егер сол сәтте жәннаттың барлық есігі айқара ашылып, мені өзіне шақырса, ешбіріне кірмей, сол жерден тапжылмас едім. Асылында, жәннат баршамыздың асқақ арманымыз ғой. Жұмаққа барғысы келмейтін адам жоқ шығар. Аллаһ тағаладан бізді жәһәннамнан сақтап, жәннатқа алуын тілемеуші ме едік? Міне, осы тілектеріміздің бәрі қабыл болып, алда-жалда жұмаққа шақырыла қалсам, сірә, Раббымнан рұқсат сұрап, Аллаһ елшісінің пәк Раузасында (пайғамбар мешіті) қалар ма едім, қайтер ем?! Бұл жерде мен сондай сыйға лайықпын дегендік емес, бар болғаны осы жайтты тілге тиек етіп, Аллаһ елшісіне деген махаббат пен сүйіспеншілігімді ғана білдіргім кеп отыр.
Дәл осы тіл жетпес ғажайып сезімді Қағбада да сезінген едім. Осы сезім мүмкін маған ғана таңсық емес шығар. Аллаһ елшісіне қаншама ғашық жан бар. Асылында, оның жанында менің жан тебіренісім тымық көлдің әлсіз шымырлағанындай ғана...
Аллаһ елшісі – пайғамбар. Бірақ, ол – бұрынғы өткен барлық пайғамбарлар келетінін сүйіншілеген пайғамбарлық мұнарасының ұшар шыңындағы пайғамбар.

Аллаһтың барлық елшілеріне сүйіншіленген осы Пайғамбарға иман етіп, жәрдем ету керектігін әмір еткені Құранда былай айтылған:

«Есіңе ал! Сол кезде Аллаһ пайғамбарлардан былай деп уәде алған болатын: «Сөзсіз, сендерге кітап пен хикмет бердім. Кейіннен қастарыңдағыны растайтын бір пайғамбар келген кезде, оған сөзсіз иман етіп, оған сөзсіз жәрдем етесіңдер. Осы шешімді мақұлдап, осы ауыр сөзімді қабыл еттіңдер ме?». (Бәрі бірауыздан) «Қабыл еттік», - деді. Олай болса, Мен де сендермен бірге куәгермін» (Әли-Имран, 3/81).

Міне, сол пайғамбарлар да Аллаһ тағалаға берген осы сертінде тұрды. Барлық іс-әрекеттерінде осы бағыттан айнымауға тырысты. Пайғамбарымыз Миғражға шыққан кезде, рухтарымен оның артында намаз оқыды[9].

Иә, әу баста Ибраһим (а.с.), Нұх (а.с.), Мұса (а.с.), Иса (а.с.) өздері пайғамбар бола тұрып, бейне бір оның азаншысы болуды қалағандай еді. Иса Мәсіх (а.с.) Інжілде «Заманның мырзасы келуі үшін мен кетемін» (Иоанн, 16/8) деп, сол Ұлы Пайғамбарға адамзаттың назарын аударған болатын.

Иә, ол ғарыш әлеміне көтерілген кезде, көктердің етегі гауһар тастарға толып, жұлдыздар түкті кілемдей аяғының астына жайылып, күн хазірет Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) тәжіне жаһұт боп қонуға асыққандай еді. Барлығы оны айналсоқтап, айналасында пәруана боп қалықтады.

«Ахмет шырағының нұрына Жәбірейілдер бөленер.
Мұхаммед көркінің нұрына періштелер кенелер!...
Ол – кемел адамның бойынан ғана кездестіруге болатын асыл қасиеттер мен ерекшеліктерге ие дара тұлға. Тоғыз әйелмен шаңырақ құрған тамаша отағасы да еді. Ғажабы сол – оның жарлары бір-бірінің бетіне жел боп тимеді, шәй деспей тату өмір сүрді. Пайғамбар тәрбиесін көрген сол  шаңырақтың балалары әр ғасырда өмір сүрген болса, өз дәуірін нұрға бөлейтін мүжтәхид, мүжәддид болар еді.Оны бұл жағынан таныған қанша адам бар екенін біле алмаймын.

Ол – алғыр қолбасшы һәм ақылды әдіскер. Төңірегіне топталған шағын қолмен аузын айға білеген зұлымдыққа қарсы шапты, қаншама айбарлы да айлакер сұлтандардың тағын жермен-жексен етіп, талай әміршіні тізе бүктірді.

Әрі ол ғылымның кілтін қолына ұстап,  қияметке де-йін болатын оқиғаларды көгілдір экраннан көріп тұрғандай ғайып тақтасынан жіпке тізіп кеткендей айтып кетті.

Дүниеден озғанына талай ғасыр өтсе де, осы заманғы техника мен технологияның арқасында адамзат қол жеткізген биік жетістіктерден хазірет Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) он бес ғасыр бұрын тіккен байрағын көріп, Жаратқанның хақ жолына түскен жандар тілін кәлимаға келтіріп, басын сәждеге қойып, иман нұрына бөленуде.
 Мыңдаған мысалдардың бір мысқалы мынау: 

 Өз саласының білгір маманы, Канадалық педиатр, Торонто университетінде медицина ғылымының профессоры Кит Мур озық техниканың ғана көмегімен анықталатын баланың ана құрсағындағы даму сатыларына қатысты жаңалықты Құран аяттарынан естіп білген кезде, Әшһәду әл-ләә иләһә иллаллаһу уә әшһәду әннә Мухәммәдәр-расулуллаһ (Аллаһтан басқа құдай жоқтығына, Мұхаммедтің оның елшісі екеніне куәлік етемін) деп, оған деген сенімін білдірген еді.

Осыған ұқсас оқиға: жапон физиолог ғалымы өз саласына байланысты жаңалықтарды Құран аяттарынан кезіктірген кезде, тілі жеткенінше Әшһәду әл-ләә иләһә иллаллаһ деп, екі сөзге келмей Исламды қабылдады.

Иә, жоғарыда көз жеткізгеніміздей ғылым тығырыққа тірелгенде Құран оған жол нұсқап отырған, ілім атаулының шырқау шыңы Аллаһ елшісінің ілімі бастау алған жермен түйіседі. Бірақ осының бәрін оған кім үйретті? Әлбетте, ол телегей теңіз дәрісін «Алим»[10], «Хабир»[11] сипатты Аллаһтан алған болатын. Ол оқыған мектептің артында әуелі мен ақыры болмаған ұлы Ұстаз тұрды. Сол үшін де оған тиісті мағрипат, зымырап талай заман өтсе де ескірмеді. Қайта күн өткен сайын жаңара түсті. Және тіршілік тоқтағанша осылай жаңарып жасара бермек.

Сондай-ақ достары оны көзінің қарашығындай көріп, қатты жақсы көрді.

Мысалы, «Ма’-у Рәж’и» ғазауатының соңында Хубәйб ибн Адииды (р.а.) дарға аспақ болған қанды көз кәпірлер одан қайтер екен деп: «Дәл қазір сенің орныңа Мұхаммедтің асылғанын қалар ма едің?» – деп сұрайды. Сонда ол: «Жоқ, Аллаһ атымен ант етейін, аспақ түгілі менің азаттығым үшін оның табанына бір тікеннің батуына да риза емеспін», – деп қасқайып жауап береді. Сосын қолын жайып: «Я, Раббым! Бұл жерге сенің Елшіңмен қоштаса алмай келіп едім, менің сәлемімді оған жеткізе гөр!», – дейді. Дәл сол кезде Аллаһ елшісі сахабалармен сұқбаттасып отырған еді. Бірден тізерлеп отыра кетіп: «Сәлем саған, ей, Хубәйб!» – дейді. Жанындағылар не болғанын сұраған кезде, жанары жасқа толып: «Пұтқа табынушылар Хубәйбті шейіт етті. Ақтық сәтінде маған сәлем жолдады, мен сәлемін алдым»,– деп жауап қайтарды[12].

Иә, арада талай су ақты, талай өзен құрғады. Сөйтсе де, адамның жігерін жанып, жанын жадырататын мына бір оқиғаның өнегесі әлі күнге өз маңызын жойған емес.

…Сумәйрә (р.а.) Ухуд соғысында Аллаһ елшісінің шейіт болғанын ести сала, Ухуд тауына құстай ұшты. Келген бетте оған «міне, әкең», «міне, ерің», «міне, балаларың» деп шейіт болған ет бауыр жақындарының өлі денелерін көрсетеді. Алайда ол «Аллаһ елшісіне не болды?» деп, алдымен пайғамбарымыздың атын ауызға алады. «Аллаһ елшісі мына жерде» деген кезде ғана сабасына түсіп, Рақым Пайғамбарына: «Сен тірі болсаң болды, қалған қайғы-қасірет жеңіл келер, Пайғамбарым»,– дейді[13].
 Аллаһ елшісі адамдардың жүрегінен, міне, осылайша орын алған болатын.    

Және бір мысал.
Аллаһ елшісіне пәнидегі дәм-тұзының аяқталуға шақ қалғаны сездіріліп, 23 жыл бойы өмірдің ыстық-суығын бөліскен достарымен айырылысу мерзімі де таяған-ды. Ғұмырының ақырғы күндерінде сахабалардың алдына мұңлы һәм жүдеу кейіпте шығып жүрді. Оның осы бір мұңлы кейпі сахабалардың жүрегіне қатты батады. Аллаһ елшісінің көзінше сыр алдырмаса да, ол бөлмесіне енісімен, әр сахабаның көңілі құлазып, сары уайымға батып жүрді.  Аллаһ елшісі Муаз ибн Жәбәлге бір міндет жүктеп, Йеменге аттандырады. Ол сол жаққа жиі сапарға шығатын еді. Барарда Аллаһ елшісінің хабарын апарып, келерінде де шешімін күткен кейбір мәселелерді айта келетін. Соңғы сапарында Аллаһ елшісінің батасын алу ниетімен жанына келген еді.
Екі әлем Сардары:

«Бар, Муаз! Жолыңнан қалма. Бірақ оралғаныңда, менің мешітім мен қабірімді ғана зиярат етерсің»,- дейді.
Муаз кенеттен үстіне бір шелек мұздай су құйып жібергендей теңселіп тұрып қалады. Буын-буыны босап, қолдары қалтырап, көзі жасқа толады. Сол сәтте оның Йеменге кетпек тұрмақ, орнынан тұруға да дәрмені қалмаған еді[14].

Және ол қоғамдық өмірге тиісті барлық проблемаларды сары майдан қыл суырғандай оп-оңай шешетін.

Одан 13 ғасыр кейін дүниеге келген Бернард Шоу мұсылман болмаса да, осы шындықты еріксіз мойындайды: «Қордаланған проблемалардан аяқ алып жүргісіз мына заманда барлық мәселелерді кофе ішіп отырғандай жеп-жеңіл шешкен хазірет Мұхаммедке (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) адамзат қаншалықты мұқтаж десеңізші?!».
Иә, адамзат оның атмосферасына енген кезде ғана көңілі жай тауып, нұрға шомады. Осылайша бес күндік пәни ғұмырға ойыншық болудан құтылып, адамзат көгіне көтеріледі. Негізінде, қазіргі уақытта атеистік уыттың беті қайтып, иман нұрының таңы рауандай бастағаны шындық. 

 Құран:
«Олар ауыздарымен Аллаһтың нұрын сөндіргісі келеді. Алайда, кәпірлер ұнатпаса да, Аллаһ нұрын толықтырады.. Ол мүшріктер[15] ұнатпаса да елшісін тура жол мен хақ дін арқылы барлық діндерге үстем ету үшін жіберді» (Саф, 61:8-9).
Иә, Аллаһ дінін үстем етіп, сусаған жүректер Пайғамбарымыздың кәусарынан қана ішіп, бұл ғұмырда бейне бір жәннатта жүргендей рахат күй кешеді. Сол күн туған кезде, күніне бес уақыт оның ұлы есімін әлемге паш етеміз, Сұлтандардың Сұлтаны, сөз жоқ, күллі жүректердің төрінен орын алып, әркімнің аңсарына айналады!

Ол, сонымен қатар, бейбіт өмірдің ұйытқысы бола білді. Біз оның әкелген ізгі хабарының да бейбіт өмірге бастайтынына қалтқысыз сенеміз. Бұған тарих куә.

Міне, қайтадан осы бейбітшіліктің бал дәмін таттырудың жалғыз жолы – адамдарға оны таныту және әкелген нұрын жеткізу. Өйткені ол танылған сайын адамдардың оған деген сүйіспеншілігі арта түседі де, осы сүйіспеншілік арқасында қоғамның бет-бедері өзгереді[16].

Аллаһ тағаланың шарапатына сүйеніп, терең қыр-сырларын тануды ниет еткен екі әлем Сардары – әлемнің ардақ тұтар Тұлғасы жайлы қысқаша ой-лебізімді осы кіріспе сөзімде айтып жеткізуге  тырыстым.

Негізінде, ол жайлы айтылған әрбір сөз – інжу.. Ілуде олай болмай шықса, оған біз кінәліміз, біздің білместігіміз айыпты. Ал Ғаламның рақым нұрына тиісті нәрселерге келсек, ол – тек әсемдік пен тіл жетпес ғажайыптардан ғана тұрады.


[1] Морис Бюсей – Ислам дінін қабылдаған француз ғалымы, физик.
[2] Роджер Гароди – Француз коммунистік партиясының бұрынғы бас хатшысы. Кейіннен ислам дінін қабылдаған.
[3] Қады Иад, Шифа, 1:173.
[4] Муснәд, 2:76.
[5] Сахабаны көргендер.
[6] Сахабаны көргенді көргендер.
[7] Аллаһқа жақын болған аса тақуалы жандар.
[8] Ажлуни, Кәшфул-һафа 2/214
[9] Мухаммәд ибн Жәрир әт-Табари, Жамиу’л-Бәйан ән Тә’уили Ай’ил-Қуран, 15:5; Ибн Кәсир, әл-Бидәйа, 3:139.
[10] Барлық нәрселерді білуші. Аллаһтың бір сипаты.
[11] Барлық құпия, жария нәрселерді білуші. Бұл да Аллаһтың бір сипаты.
[12] Ибн Кәсир, әл-Бидаййә, 4/76.
[13] Нуруддин Али ибн Әби Бәкир әл-Хайсами, Мәжмау’з-Зауайд уә Мәнбау’л-Фауаид, 6/115; Ибн Кәсир, әл-Бидаййә, 4/54.
[14] Муснәд, 5/235.
[15] Пұтқа табынушылар.
[16] «Оның көркем мінезін іштей терең ұғып сұхбатына қатысқандар оны аса қатты жақсы көретін» Тирмизи, Мәнақиб, 8.

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.