Аммардың куәсі

Барша мұсылмандар жұмысқа жұмыла кірісіп, Пайғамбар мешіті салынып жатқан. Біреулері кесек құйды, бірі тасыды. Әлбетте, Аллаһ елшісі де солардың арасында иығына салып кесек тасып жүрген болатын. Аммар бір кезде Аллаһ елшісіне жақындады. Иығында екі кесек бар еді. Бәлкім, еркелеп: «Пайғамбарым! Қараңызшы, маған екі кесек артып жіберді», – деді. Аллаһ елшісі күлімсіреп қарады да, жүзіндегі шаң-тозаңды мүбәрак қолдарымен сүртті. Сүртіп жатып, тура отыз жылдан кейін басына келетін қайғылы оқиғаны «Әй, байғұсым-ай, сені бүлік шығарушы топ өлтіреді»[1] деп, оның Әлиге (р.а.) қарсы шыққан бүлікшілердің қолынан шейіт болатынын ескертеді.

…Сиффинда Аммар Әли (р.а.) жағында болатын. Сол шайқаста осы бір мәртебелі сахаба шейіт болды. Тіпті Әлидің (р.а.) жақтастары осыны қарсы жақтың теріс әрекетіне дәлел ретінде қолданып, оларға «сендер бүлікшіл, содыр адамсыңдар», – деді[2]. Сиффинда Аммардың қаны жерге төгілді. Жерге аққан әрбір қан Хақ пайғамбарға: «Рас айтасың» деп, тіл қатып жатқандай көрінді.

Құрметті оқырман! Аллаһ білдірмесе, бұларды Пайғамбарымыз қайдан біле алады? Бүгінгі таңда адамдар қиял-ғажайып фильмдер түсіріп, болашақ туралы сәуегейлік жасауда. Оның пәлендей қиындығы жоқ. Өйткені бастау-лары бар. Аздап оқиғаларды барлап, бақылау арқылы көптеген нәрселерге жорамал жасауға болады. Алайда Пайғамбарымыздың ғайыптан хабар берген нәрселерінің ешқайсысында бастама мен баспалдақтың ұшы да жоқ еді. Осы тұрғыдан алғанда, Хақ пайғамбардың айтқандарының оннан бірін де кемеңгерлік пен өткір көрегенділікке ие жанның айтуы әсте мүмкін емес. Қолымыздан келмейтін жағдаяттар. Ғайыпқа көзі ашық болмай, уахи демеу бермей, мұндай мәселелерді білу шындыққа жанаспайтыны хақ. Демек, Аллаһ Сүйіктісі өздігінен емес, Аллаһтың білдіруі арқылы білетін де, айтқандары әрқашан дұрыс шығатын...



[1] Кәнзу’л-Уммал, 13/536; (қар: Бухари, Салат, 63; Муслим, Фитән, 70,72,73; Муснәд, 12/161,164.
[2] Кәнзу’л-Уммал, 13/539; Ибн Кәсир, әл-Бидәйа, 7/296.

 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.