Түстер
Түс – рухта жүзеге асатын құбылыс болғандықтан телестазия санатына жатады. Осы тұрғыдан алғанда түстер, материядан тыс, метафизикалық әлем мен сол әлемдердегі түрлі болмыстардың бар екенін айғақтайтын дәлел болып саналады.
Түс – ақиқат әлеміне жетелейтін құбылыс. Ол болған немесе болашақта болатын оқиғаларды дәл сол күйінде немесе бірқатар символдар арқылы ұйқыда жатқанда тамашалау халі. Адамның сана-сезімі тіршілік тауқыметі мен күнделікті өмірдегі оқиғалардың әсерінде қалмаса, болашақта алдынан шығатын оқиғаларды бірқатар ишараттар күйінде түсінде көре алады. Түс көру кезінде адам материяға, жарыққа және көзбен көруге қажеттілік сезінбейді. Адам түсті парасатымен және рухының назарымен көретіндіктен, көбіне шын өмірде көруі мүмкін емес әсем әлем мен игіліктерді түсінде көреді. Бір ғана түсте адам өткен заманға, қазіргі уақытқа және болашаққа қатысты том-том кітаптарға сыймайтын көп мәлімет алатын жағдайлар жиі кездеседі.
Түс көрмейтін адам жоқтың қасы, сондықтан түсті рухтың табиғатына тән тамашалау формасы деп айтуға болады. Мұндай тамашалауды адам физиологиялық ерекшелігінен тыс мүлдем өзгеше кеңістікте көретіндіктен тағдырға қатысты бірқатар сырларды да сезуі мүмкін.
Айна-қатесіз дәл шыққан түстердің көптігі соншама – бұл түстерді жазуға бел буған жан бұларды том-том кітаптарға сыйдыра алмас еді.
Рухы таза жандарға қабілет-қарымына қарай арғы әлемге тән ғайып сырларының құпиясын ашатын кейбір түстер көңілді шалқытады. Мұндайлар керемет түс барысында гүл бақшаларындағы кәусар бұлақтардан ғана сусындап, мәңгілікке ашылған сырлы дәліздерден көз көріп, құлақ естімеген, ақыл-ой жетпейтін неше түрлі әдеміліктерге қарап, ерекше күй кешеді.
Түстер арқылы жүрек пен парасат сынды қасиетіміздің парқына барып, материяның тар қапасынан сыртқа шыға аламыз. Әлбетте, ақиқатқа көкірек көзі ашылған асқақ рухты жандарға арғы әлемді тамашалау үшін міндетті түрде түс көруге қажет емес. Мұндайлар әрқашан осы дүние мен арғы әлемді бір тұғырдан тамашалап, мәңгілік игіліктермен біте-қайнасқан күйде ғұмыр кешеді. Алайда мұндай қасиет екінің біріне беріле бермейді. Берілген күннің өзінде рухани кемелденуде талмастан, тыным алмастан қажырлы еңбек етіп, түрлі сынақтардан табысты түрде өту қажет.
Адамның сана-сезімін түрлі нәжіс пен ластықты жинайтын қоқыс ретінде пайымдайтындар немесе аталған асыл ойды нәпсілік сезімдердің кір шалып, суалған кеңістігінен іздейтіндер мың сан ишараттарға тұнған түстерді сана-сезім мен сыртқы орта әсерінің ұйқыдағы көрінісі деп сыңаржақтыққа салынғанына қарамастан, шабытты сезімді ең алғаш түстен алған мыңдаған өнертапқыш пен Хақ досы саналатын әулиелер түс әлемінің осынау берекет тұнған алтын шеңберіне өздерін қарыздармыз деп есептейді.
Адамзатты нұрға бөлеген ғаламның асыл тәжі Мұхаммед Мұстафаның (с.а.с.) өзі мағрифаттың ақ айдыны ретінде түстерге үлкен мән беріп, пайғамбарлықтың қырықтан бірінің түстерден құралатынына баса назар аударған.[1]
а) Түс арқылы білдірілетін жайлар
Ақиқат түстерде өмірде жөн сілтейтін немесе шабыт беретін ишараттар болады. Көптеген ғылыми жаңалықтар түс арқылы ашылғаны мәлім. Түстер жеке адам мен қоғам тағдырында шешуші рөл ойнайтын маңызды фактор. Осыған қатысты мыңдаған мысалдар бар. Осындай мысалдардың бірқатарына тоқтала кетуді жөн санадық.
1. Хазірет Жүсіп (а.с.) белгілі бір жасқа жеткенде түстерін тура жоритын болған және көрген түстері өмірінде айна-қатесіз жүзеге асып отырған.
2. Зындандағы жолдастары мен патшаның түсін жорып айтқандары айна-қатесіз шындыққа айналған. Оның жорыған түстеріне назар аударсақ, жеке адам, қоғам және тұтас ұлттың тағдырына қатысты ой айтылған. Түстің маңыздылығы тұрғысынан Құрандағы «Жүсіп» сүресі адамдарға бағыт-бағдар береді.
3. Перғауын да өз өмірінің соңында сәтсіздікке ұшырайтынын түсінде анық көрген. Осы жағдайды өзгертемін деп қанша айла-шарғы жасағанымен бәрібір қолынан ештеңе келмейді. Иә, перғауын да жазмыштан қашып құтыла алған жоқ.
4. Төртінші Мехметтің бас уәзірі Тархуншы Ахмет Паша «Наурыз» күндерінің бірінде патша тарапынан өлтірілетінін сарайдың бас жұлдызшысы (тәуіп) Хасан Бахаи Эфендиден алдын-ала білген еді.
5. Ресми тарихи деректерде Мехмед Эфенди атты діндар кісі туралы қызықты оқиға баяндалады. Мехмед Эфенди бір күні түсінде бас уәзірді көреді. Бас уәзір алдына қол орамал жайыпты. Айналасында құжынап жүрген халық. Келгендердің барлығы қол орамалға қызыл флорин (Нидерландының ақшасы) тастап жатады. Мехмет Эфенди де орамалға бір алтын тастап, бас уәзірден қызмет сұрауға бекінеді. Дәл осы кезде бір дәруіш (сопылық жолына түскен адам) келіп, қол орамалға қақ ортасынан бөлінген алтын (тиын) тастап, артынан алтынды қайта алады. Осы кезде бас уәзір отырған жерінен төмен түсіп, көзден ғайып болады.
Осы түсін түс жорығыштардың біріне айтады. Ол түсті былай деп жориды: «Диван – лауазым. Ақша – өсек-аяң. Алдына төселген қол орамал – бас уәзір лауазымындағы адамның хал-ахуалы. Диваннан түсуі – лауазымынан айырылуының белгісі. Көзден ғайып болуы – өмірден өтуінің белгісі. Дәруіш – әскери қолбасшы, аты – Дәруіш болады. Ақшасын қайтарып алуы – өзінің құрдымға кетуінің нышаны».
6. Ахмет Паша деген кісіге түсінде Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Ахмет, олар сенің өмір сүргеніңді қаламайды. Дүниеде асарыңды асап, жасарыңды жасадың. Енді бізге кел!» – деп мүбәрак қолдарымен ишарат жасап, өзіне шақырады.
Жақындарының айтуынша, Ахмет Паша ажалдың бір күн болмаса бір күні міндетті түрде келетінін ескеріп, әрдайым өзін байсалды ұстайды екен. 1653 жылы наурыз айында «Жоғарғы Мәжіліске» келгенде айналасындағылар оның бір нәрсеге қатты алаңдаулы екенін байқайды. Уәзірлерге сәлем бергеннен кейін: «Құрметті қолбасшы әріптестерім! Бүгін «Жоғарғы Мәжіліске» соңғы рет келуім. Ақыларың кетсе кешіңдер!» – деп қоштасады. Осыдан екі күн өткенде бейсенбі күні өлім жазасына кесіліп, арғы дүниеге аттанады.
7. Төртінші Мұраттың кіші қызы Кая Сұлтан қорқынышты түс көріп, түсін күйеуі Мелек Ахмет Пашаға былай баяндайды:
«Бүгін түсімде атам Сұлтан Ахметті көрдім. Маған жаннаттағы сарайын аралатып көрсетті. Ол маған: «Кая қызым! Жаңа мешітті салдырып жатқанда жұмысшылардың арасында тас пен топырақ тасып жүріп «Ұлы Раббым! Ахмет құлыңның қызметін қабыл ал!» деп жалбарған болатынмын. Раббым тілегімді қабыл алып, жаннатқа баруды нәсіп етті. Қызым! Сен де мен секілді жаннатқа кел!» – деді. Алайда сол жағында тұрған көкем Мұстафа атама қарап: «Бауырым, Кая үшін мұншалықты асығыстық жасама. Мелек Ахметтен бір қыз тапсын, содан кейін жаннатқа барсын», – дегенде, атам бұл сөзге тілеулестігін білдіріп, «әл-Фатиха» деп бетін сипады. Қарасам, оң жақ қолыма қан жұққан екен. Қорқыныштан оянып кеттім».
Мелек Ахмет Паша түсті жақсыға жорып, Кая Сұлтанның көңілін жұбатқанымен бір жағынан алаңдап, әулие Челебиге барып түсті айтып: «Бұл – Аллаһқа ғана тән сыр. Бұл сырды саған аманат еттім. Ешкімге тіс жарып, айтушы болма. Құдай білсін, жарым Кая Сұлтан босанып жатып, қан кетіп, шейіт болып жатса...» деп көз жасын бір сығып алып, «бәлкім, тағдырына жазылғанды өзгертуге сеп болар деген оймен қазынадан бес мың төрт жүз алтын алдырып, Кая Сұлтан арқылы бұқара халыққа және сарай қызметкерлеріне тараттырады. Тіпті осы садақадан әулие Челеби 300 алтын, қарындасы 100 алтын шамасында үлес алады.
Айтқандай-ақ Кая Сұлтан екінші қызын босанғанда, сарай емшілерінің үш күн, үш түнге созылған ем-домына қарамастан, баланың пернесі ішінде қалып кеткендіктен, жатыры зақымданып, көп қан кету салдарынан қайтыс болады.[2]
8. Американың экс-президенттерінің бірі Авраам Линкольн 1865 жылы 14 сәуір күні түнде оғаш бір түс көріп, шошып оянады. Түстің әсерінен үсті-басы малмандай су болып терлеп кеткенін байқайды. Орнынан тұрып, киімдерін ауыстырады. Жүрегін сабасына түсіру үшін отырып кітап оқиды. Біраздан кейін қайта төсекке жатқанда, құдды жаңағы түсті қайта көретіндей жүрегі лүпілдеп, елегізи бастайды. Жастыққа басын қойғаннан кейін бірнеше сағат бойы дөңбекшіп, ұйықтай алмайды.
Таңертең түсін әйеліне және жақындарына айтады. Тіпті сол күнгі үкімет отырысында да көрген түсін әріптестеріне айтып береді.
Түсінде «Ақ Үйдің» қызметкерлері абыржыған күйде мұның жанына келіп президенттің өлтірілгенін баяндап жатады.
Авраам Линкольннің жақындары мұны жақсылыққа жорып, өмірінің ұзақ болатынын айтып, жұбатады.
Сол күні кешқұрым Линкольн мен әйелі достарымен бірге театрға барады. Көрген түсі Линкольнді моральдық тұрғыдан әбден абыржытқан еді. Құдды болатын оқиғаларды алдын-ала сезгендей, жақындарының қанша жерден көңілін жұбатқанына қарамастан, жан-дүниесін тұмшалаған қараңғылықтан құтыла алмай әуреге түседі.
Театрдағы ойынның қыза түскен шағында Линкольн отырған ложаның есігі ақырын ашылып, сахнадағы жарықтың сәулесімен қолындағы тапаншасы ап-анық боп көрінген бір жас жігіт кіріп кеп, отырғандарға оқ жаудырады.
Американың 16-президенті бас сүйегіне оқ тиіп, орындықтың үстінде қанға бөккен күйде жансыз қалады. Линкольнның қорқынышты түс көргеніне 24 сағат өтпей жатып, президент осылайша өмірден озады.
Иә, түс арқылы алда болатын оқиғаны сезіп-білген бір елдің білдей басшысы осылайша тарихқа айналып кете барды.
9. Чанаккале соғысында одақтас мемлекеттердің (Бірінші дүниежүзілік соғыста Осман империясын жаулап алмақ болған елдердің одағы: Британия, Франция, Италия, Греция, Австралия, Жаңа Зелландия т.б.) қарулы күштерінің бас қолбасшысы Сэр Джон Гамильтон 1915 жылы 21 қыркүйек күні көрген түсін былай баяндайды:
«Кеше түнде өте қорқынышты түс көрдім. Имроздағы шатырымның ішінде жиналмалы кереуетімде жатыр едім. Кенет өзімді мұздай судың астында қалғандай сезіндім. Тұншыға бастадым. Осы кезде біреудің тастай мығым қолы мені қылқындырып әрі теңіз тұңғиығына тартып бара жатты. Дем жетіспей қинала бастадым.
Әлгі қолдың тас құрсауынан өзімді құтқармақ болып жанталастым. Осы бір жанталасқан сәттің ауырлығы соншама – әрең деп оянып кеткенде тұла бойым қалшылдап, дірілдеп жатқанымды байқадым. Үсті-басым шылқыған тер екен. Алқымымнан алған темір құрсаудай әлгі алақандар біразға дейін көз алдымнан кетпей-ақ қойды. Шатырымның ішінде бір әруақ жүргендей елегізи бастадым. Алайда қараңғылықта жүзін анықтап көре алмадым. Осы елес бірте-бірте көзден ғайып болды. Осы кезде тынысым ашылып, еркін дем ала бастағанымды сезіндім.
Не болғанын түсінбей дал болып отырдым да қалдым. Өмірімде мұншалықты қорқынышты түс көрмеген едім.
Оянғаннан кейін бірнеше сағатқа дейін әлгі қорқынышты түстің ызғары жан-дүниемді алай-дүлей етіп, ойым сан-саққа жүгірді. Чанаккале біздер үшін жайлы жер болмай шыққанын түсіндім. Үлкен қауіп-қатердің төніп келе жатқанын сезіп, барлығымызды үлкен бір сәтсіздік күтіп тұрғандай сезімге берілдім».
Иә, Гамильтонның қорқуы тегін болмай шықты. Расында да, олар кейіннен Чанаккале соғысында ауыр жеңіліске де ұшырады.
ә) Түстер арқылы жаңалықтардың ашылуы
1. Инженер Элиас Хоу ұзақ жылғы еңбегі мен қажыр-қайратының арқасында ақыры тігін машинасын ойлап табады. Алғашында иненің көзін иненің қақ ортасынан ашқан еді. Иненің көзі ыңғайсыз орналасқандықтан тігін тігудің жолын таппай әлек болады. Осының шешімін таппай Хоу көп бас қатырады. Күндіз-түні, тіпті ұйықтап жатып та осыны ойлап, дал болады.
Бірде түсінде жабайы тайпалардың біріне тұтқынға түскенін және тайпа көсемінің алдында инесіз тігін машинасының тұрғанын көреді.
Тайпа көсемі «Элиас Хоу» деп ақырады. «Саған дереу тігін машинасын жасап бітіруді бұйырамын. Әйтпесе өлім жазасына кесілесің» дейді.
Осыны естіген байғұс Элиастың аяқ-қолы дірілдеп, тұла-бойынан суық тер ағып, үсті малмандай су болады. Қанша ойланса да, тігін машинасының инесіне келгенде тығырыққа тіреліп, қиналады. Түс емес, кәдімгі өңінде болып жатқандай барлық нәрсе анық еді.
Ақыры ештеңе шықпағасын қара нәсілді жасауылдар Элиастың үстіне бояу жағып, өлім жазасы орындалатын алаңға қарай сүйрейді.
Алаңда үлкен шеңбер сызылған екен. Шеңбер сызығының үстіне от жағылыпты. Осы жерге келгенде өнертапқыш тігін машинасынан бұрын шыбын жанын ойлап қалшылдап-дірілдей бастайды.
Жасауылдар оны алаңға алып келіп, адам бойынан асып жығылатын үлкен қазыққа матап тастайды. Хоудың салы суға кетіп, шарасыздықтан сұм ажалға бас игендей ұнжырғасы түседі. Бірқатар дұғаларды оқи бастағанмен не айтып, не оқығанын өзі білмейтін халде еді.
Осы кезде тайпа көсемі арыстандай ақырып: «Өлтіріңдер!» – деп бұйрық береді.
Жендеттер найзаларын сұғу үшін ұмтыла бергенде, Хоу бір нәрсені көзі шалып қалады. Өзіне сілтенген найза ұшында көз секілді тесік бар екенін байқайды. Бұл Хоудың іздеп таппай қойған инесінің нақ өзі еді. Қаптаған найза көкірегіне сұғыла бергенде өнертапқыш ұйқысынан шошып оянады.
Жаңағы қорқынышты түстің әсерінен арқасы малмандай боп терлегеніне қарамастан жүрегі алып-ұшып, шеберханасына қарай жүгіреді. Түсінде көрген ұшы тесік найза секілді иненің бас жағынан жіп өткізер ашып, тігін машинасын ойлап табады.
2. ХІХ ғасырдың орта шамасында ғалымдарды аң-таң қалдырған бір оқиға болған. Неміс химигі Фредерик Август Кэкуленің химия саласын жаңа белеске шығарған атақты түсі туралы айтпақпыз.
1850 жылы тұманнан көз ашпайтын Лондон қаласында Кэкуле тәжірибелік зерттеу жұмыстарын жүргізді. Зертханадан қонақүйге келе жатып, автобуста ұйықтап кетеді. Түсінде атомдардың асыр салып, қарсы алдында билегенін, бұлардың кейбірі бір-бірін қолынан ұстап алып, шынжыр секілді шеңбер құрап жатқанын байқайды.
Дәл осы кезде автобус тежеуішке басып, Кэкуле ұйқысынан оянғанымен көрген түсінде көп нәрсенің түйткілі тарқатылғанын ұққан еді. Ол түсінде көргендерін формула күйінде қойын дәптеріне түртіп алады. Осы формулаларды кейіннен өзінің атақты теориясына айналдырып, химия ғылымының өркендеуіне үлкен үлес қосты.
Осы оқиғадан 15 жыл өткенде қыс күндерінің бірінде Кэкуле жұмыс бөлмесіндегі пеште шытырлап жанып жатқан оттың дыбысын тыңдап отырып ұйықтап кетеді. Тағы да түсінде атомдардың асыр салып, би билегенін, ал оларды бір-біріне жалғаған шынжырлардың жыланға айналғанын байқайды. Сонан соң жыландардың бірі кенеттен қайта айнала өз құйрығын өзі тістегенін аңғарады. Дәл осы кезде Кэкуле де ұйқыдан оянады.
Ол осылайша көміртегі атомдарының шынжыр пішінінде шеңберлер құрай алатынын түсінде көреді. Осының арқасында ішкі құрылымы жұмбақ болып келген «Ұқсастық» теориясының сыры ашылады.
б) Ғибратты түстер
1. «Сен қызметтен босатқанды біз де қызметінен босаттық».
Марқұм әкем Рамиз Ұстаз Мехмет Акифтен (Түркияның әнұран сөзін жазған әйгілі ақын, ойшыл) естіген бір оқиғаны бізге баяндап бергені есімде. Бұл оқиға да түс көруге қатысты болғандықтан осы жерде айта кетуді жөн көрдік.
Мехмет Акиф таң намазын оқу үшін Сұлтан Ахмет мешітіне барады. Күн сайын бір қарт кісі мешітке елден бұрын жететінін байқайды. Мехмет Акиф қанша ерте барғанымен бәрібір әлгі кісі одан бұрын үлгеріп мешітте отырады. Бір ғажабы, осы бір нұрлы жүзді қарт көз жасын мешітте тоқтамай төгіп, ағыл-тегіл жылайтын еді. Осы жерден ары қарай Мехмет Акифтің өз сөзіне құлақ түрелік:
«Әлгі кісі: «Мен ІІ Абдулхамит патшаның дәуірінде мыңбасы едім», – деп сөзін бастады. «Отбасым өте бай кісілер еді. Ал мен қызметіме орай үйде емес, көбіне әскери бөлімдерде болатынмын. Бір күні әке-шешемнің бірінен кейін бірі дүние салғанын білдірген қазалы хабар алдым. Отбасымда әке-шешемнен қалған байлықты игеріп, басқаратын менен басқа ешкім жоқ еді. Егістік алқаптары, дүкендер мен дүңгіршектердің барлығы иесіз қалды. Осыдан кейін дереу штабтағыларға өтініш жазып, қызметімнен босатуларын сұрадым. Штабтағылар мені қызметімнен босатпайтындықтарын білдірді. Мен екінші рет, болмағасын үшінші рет тағы да өтініш жаздым. Алайда барлығында да менің тілегім қанағаттандырылмады.
Осыдан кейін патша ағзамның өзіне арыз жазуға бекіндім. Осы ойымды штабтағыларға айттым. Бұл өтінішім қабыл болып, патша сарайына кіруге рұқсат алдым. Сөйтіп, патша ағзамға жағдайымды ауыз-екі түрде баяндап бердім. Қолымнан келгенше арызымның негізді екенін дәлелдеуге тырыстым. Патша ағзам менің қызметтен кету туралы арызымды құптамайтынын аңғардым. Алайда патша көңілі қаламай тұрса да: «Бара бер, қызметіңнен босатылдың», – деп, қолын бір сілтеді.
Мен қуанышым қойныма сыймай үйіме оралдым. Сол күні түнде түс көрдім. Түсімде Осман мемлекетінің армиясы бөлек-бөлек боп келіп, Аллаһ елшісіне есеп беріп жатыр екен. (Армия сәл кейінірек үлкен соғысты бастамақ, әрі соғыстың жоспарын Аллаһ елшісінің өзі жасап жатқанға ұқсайды). Қасында төрт халифасымен бірге Аллаһ елшісі алдынан өтіп жатқан әскери күштерді өзі тексеріп тұрды. Сол жерде Аллаһ елшісінен бір қадам артта әдеп сақтап, еңкейіңкіреп тұрған Абдулхамид патшаны да көзім шалды.
Осы кезде Аллаһ елшісінің алдынан мен басқарған дивизия өте бастады. Алайда дивизия өте шашыраңқы кейіпте жүрді, өйткені басында қолбасшылары жоқ екен. Аллаһ елшісі бұл жағдайды көріп, Абдулхамидке (жаны жаннатта болсын – Ф. Г.): «Мына дивизияның қолбасшысы қайда?» – деп сұрады. Абдулхамид: «Өз өтінішімен қызметінен босатылды», – деп жауап берді. Мұны естіген Аллаһ елшісі: «Сен қызметтен босатсаң, біз де оны қызметінен босаттық!» – деп, мені өмір бойы өкініштен өзегімді өртейтін үкімін айтқан еді.
Өзің ойлап қарашы, осы сөзді естігеннен кейін мен жыламағанда басқа кім жыласын?» – деп, әлгі қарт сөзін тамамдады.
Мехмед Акиф оқиғаның жалғасын былай баяндайды: «Қарт адам жылап-еңіреуін жалғастыра берді. Дерті зіл батпан ауыр болатын. Үнсіз ғана өз жөніме кете бардым. Қолымнан ештеңе келмейтінін түсіндім, өйткені қарт кісі Аллаһ елшісінен ғана жанына жұбаныш іздеп, шарқ ұруда еді. Аллаһ елшісінен жа- уап келмейінше қарттың жаны жай таппайтынын байқадым».
2. Нуреддин Зенгінің түсі
Бәрзах әлемі түр-түсі мен құбылыстары жағынан осы әлемге қатты ұқсайды, сондықтан шындықты пердесіз күйде анық көріп, бәрзах әлемін тамашалай алатындар Хақ тағаланың нығметтерін әлдеқайда тереңнен парықтай алады. Мұндай халге жеткендер барлық нәрсе материядан тұрмайтынын жақсы түсінеді. Бәлкім, адам баласы материяның тұйыққа тірелген жерінде метафизикалық әлемдерге бойлайтын болар. Осындай жағдай арқылы кейбір адамдар алдағы уақытта болатын жайттарды, алыс болашақта жүзеге асатын оқиғаларды түс арқылы немесе алдын-ала сезу арқылы көріп, хабардар болады.
Пайғамбар – пайғамбарлық тұғырынан, әулие – әулиелік тұғырынан, тағы басқалары – өз тұғырларынан мәлімет беріп, метафизикалық әлемге қатысты хабар береді.
Крест жорықтарына қарсы ерлікпен шайқасқан Шам шахзадасы Нуреддин Зенгінің мен үшін орны бөлек. Ол нағыз қаһарман жауынгер бола білді. Нуреддин Зенгі бір күні түсінде адамзаттың асыл тәжін (с.а.с.) көреді. Аллаһ елшісі оған ұсқыны келіспеген үш адамды көрсетіп: «Уа, Нуреддин! Мені мына азғындардан құтқар», – деп бұйырады.
Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.с.) өзіне, Исламға және Аллаһқа қарсы жамандық жасаған жанды, кім екеніне қарамастан наласына ұшырата алады. Алайда бәрзах әлемінің де өзіне тән ережелері мен тәртібі бар. Бұл мәселеде ең ізгі тұлғалардың өзіне өз еркімен әрекет ету бостандығы берілмеген. Тіпті кейбір жағдайларда мұндай тұлғалардың аяқ-қолы рухани шынжырлармен байланып тасталатын кездері де болады. Руханиятқа көкірек көзі ашылған осындай тұлғалардың бірі басына қиын іс түскенде әулие-ғұламалардың руханиятын көріп: «Неліктен бізге көмек бермейсіңдер?» – деп мұңын шаққанда, марқұм болған ізгі жандардың бірі бұрылып қарап, қолының рухани шынжырлармен кісендеулі тұрғанын көрсетіп: «Сен бізді қалаған нәрсесін кедергісіз жасай алатындай еркін деп ойлайсың ба? Көріп тұрған жоқсың ба, қолымыз кісендеулі, дәрменсізбіз», – деп мұңданған екен.
Иә, ең ізгі, ең абзал жандардың өзі тек қана Аллаһ тағаланың рұқсат етуімен осы дүниеде кейбір істерге әсер ете алады. Бұл – біз сөз етіп отырған мәселенің бір қыры.
Екіншіден, Хақ тағала осы жағдай арқылы Нуреддин Зенгіні абырой мен даңққа бөлейді, сондықтан Аллаһ елшісі оның түсіне кіріп, өзін қорғау сынды абыройлы міндетті тапсырған.
Мұны естіген Нуреддин Зенгі бір орында байыз тауып қалай отырмақ? Дереу орнынан қарғып тұрып жолға шығады. Қарамағындағылармен бірге Шамнан Мәдинаға 16 күнде жетіп барады. Мәдинаға жетісімен дереу халыққа «жанына келген баршаға садақа беретінін» жар салады. Мәдинаның халқы түгел шахзаданың алдынан өтеді. Алайда Аллаһ елшісі түсінде түрін түстеп тұрып көрсеткен адамдарды таба алмайды. Келмей қалған өзге кісілердің бар-жоғын сұрастыра бастайды. «Рауза-таһираның» (Пайғамбарымыздың қабірі жатқан жер) қарсы бетінде тұратын үш «Мағрибтік» (Испаниядағы Ислам мәдениеті мен мемлекетінің атауы – Андалусия) адамның келмей қалғанын естиді. Дереу адам жіберіп, аталған үш кісіні алдыртады. Қараса, түсінде көрген үш адамның нақ өзі...
Олар тұратын кішігірім үйге тінту жасаттырады. Тінту барысында бұл үш қарақшы Аллаһ елшісінің қасиетті денесін қабірінен ұрлап, христиан еліне жеткізу үшін арнайы тапсырмамен жүрген тыңшылар екені және тұрып жатқан үйлері мен «Рауза-таһираның» астынан жер асты туннелін қазумен шұғылданып жатқаны анықталады. Қарақшылар өздерінің кінәсін мойындайды.
Нуреддин қарау ниетті қарақшыларға тиісті жазасын беріп, өз міндетін орындайды. Осы оқиғадан кейін «Раузаи-тахираның» төрт жағынан терең ор қаздырып, оны қалайымен қаптатып тастайды. Осылайша, Нуреддиннің түсі арқылы күллі Ислам әлемі өз пайғамбарының қасиетті мәйітінен айырылып қалу сынды қасіреттен аман қалады.
3. Дәлме-дәл жорылған түстер
Дәлме-дәл жорылған түстердің біріне ХХ ғасырдың алып ғұламасының мына бір түсін жатқызуға болады:
«Бірінші дүниежүзілік соғыстың алдында мағынасы терең түс көрдім. Түсімде «Арарат тауы» деп аталатын Ағры шыңының етегінде тұр екенмін. Кенет тауда ғаламат жарылыс болып, парша-паршасы шықты. Осы бір қорқынышты сәтте жанымда марқұм болған анамның тұрғанын байқадым. Анама: «Қорықпа, анашым! Бұл Хақ тағаланың әмірі. Ол – Рахим (аса мейірімді) әрі Хаким (барлық ісі шексіз даналықққа толы)» – дедім. Осындай күйде тұрғанда үлкен бір тұлға маған: «Құранның иғжазын (мұғжиза кітап екендігін) жаһанға паш ет!» – деп бұйырды.
Оянғаннан кейін түсімде көрген жан түршіктірер жарылысты – алдағы уақытта әлемді астан-кестең ететін үлкен нәубет деп ұқтым. Осы нәубет пен төңкерістен кейін Құранның айналасындағы қамалдардың барлығы жермен-жексен болып қирайтынын және Құран өз-өзін тікелей қорғай бастайтынын ұқтым. Осы кезде Құранға тікелей шабуыл басталады. Сол кезде Құранның мұғжизасы оның өзін-өзі қорғайтын болат сауытқа айналады. Ал Құранның мұғжизасын жаһанға паш ету міндеті бір адамға табысталатынын ұқтым» – деген екен.
Түстер адам мен қоғам үшін обьективтік өлшем бола алмайды. Алайда түсті көрген адамның руханиятына қарай түстің мәні де өзгеше болатынын барша мойындайды. Барлық асылын дін жолына арнап, рухани құндылықтарды қайта жаңғырту сынды ізгілікті мақсат үшін саналы ғұмырын сарп еткен алып тұлғаның көрген түсінің мәні зор болмақ. Бұл түсті дәл сол күйінде өзге біреу көрсе, алып ғалымдардың түсімен бірдей мағына бермейтіні анық.
Осы тұста адам үшін обьективті өлшем бола алатын бір фактор бар. Бұл – кез келген адамның түс арқылы «мысал»[3] әлемімен байланысқа түсу қабілетінің бар екендігіне қатысты шындық. Барлық адам өзінше бір жолмен «мысал» әлемімен байланысып, осы арқылы бәрзах әлемін тамашалап, барлық нәрсенің фәни дүниеден тұрмайтынын ұғына алады. Адам өзге әлемдерді көруге қашанда аңсар, құмар. Адамның жан-жүрегі қашанда жамандыққа, азғындыққа жиренішпен қарайды. Міне, осы жайларды адам түс арқылы байқаған, бәрзах әлемінің көріністерінен соң тіптен тереңірек түсінетін болады.
Кейбір түстер адамға жөн сілтейтін сипатта болады және осындай түстер арқылы бірқатар ғайып хабарларды да білу мүмкіндігі бар. Бұл мәселенің бір ғана шарты бар: түс Құран мен хадиске және өзге де қайнар бастауларға қайшы болмауы қажет. Иә, діннің негіздеріне қайшы келмейтін түс өзгелер үшін обьективтік өлшем болмаса-дағы, сол түсті көрген адамға бағыт беретін, жөн сілтейтін міндет атқара алады.
г) Түске қатысты қорытынды тұжырым
Бірде түсімде Измирдің Ешрефпаша мөлтекауданында жүр екенмін. Әкем мен қасындағы марқұм болған кісі мені құшақтап, ағыл-тегіл жылады да, сәлден кейін өз жөндерімен кете барды. Оянғаннан кейін Измирдің Борнова мешітінде уағыз айтуға бара жатып жолда автокөлігімізбен қазаға ұшырадық. Көлік апаты болған жер түсімде әкемнің құшақтап егіл-тегіл жылаған жері екен.
Түстегі оқиғаның өмірде шындыққа айналуына қатысты осындай жағдайларды қалай түсінген жөн? Демек, «шәһәдәт әлемі» деп аталатын материялық әлемнен қол үзген рухтар едәуір еркін, тәуелсіз, біз білетін кеңістіктен тыс оқиғаларға да әсер етеді. Олар Хақ тағаланың әмірімен және рұқсатымен кез келген мекенде бола алады және қалаған адамдарына бағыт сілтеп, жөн көрсетеді.
Сәл де болса жақсылықты тануға ұмтылып, өткенін жадында жақсы сақтаған, естіп-білгендерін көкейге түйген кез келген жан менің бұл айтқандарымды қолдап, растайды деп ойлаймын. Ақиқаттан сыр шертетін осындай құбылыстарды ақылға сыймайды деп түсіндіріп, жоққа шығару мүмкін емес.
Түйіндей келе айтарымыз – материя өзін-өзі басқара алмайды. Ол өзге әлемдерден басқарылады. Құдіретті бір күш материяны «тәспінің тасындай» иіріп, қалауынша билік жүргізіп отыр.
Түс – адам көз ілінген сәтте оның рухының материялық әлемнен шығып, бәрзах әлеміне қарай қанат қағып, сол әлемде тамашалаған көріністері. Болашаққа қатысты ғайыптан хабар беріп, келешектен сыр шертетін түстердің барлығы бәрзах әлемінен жеткен көріністер. Өмірде болатын бірқатар оқиғалар түстің нышандары арқылы бейнеленіп, біздерге ишарат болып түсіндіріледі, енді бірде ашық түрде білдіріледі.
Біздің түсіміз ақырет әлемі, бәрзах әлемі және қабір әлеміне қатысты жайларды белгі, ишарат күйінде жеткізетін ғажайып құбылыс. «Аян-сабита» (Ғаламдағы барлық ілімнің символдар түрінде нақты бекітілген әлемнің атауы, Мұхаммедия ақиқатының атауы) деп аталатын ақиқаттар бізге жақынырақ тұрған бәрзах және мысал әлемінде бейнеленеді. Біз түс көру кезінде осы әлемнен символдар арқылы мәлімет аламыз.
Ақырет әлемі туралы ойымызды дәйектей түсетіндіктен мысал әлемін жетік білу өте маңызды, өйткені мысал әлемі бізді ақырет әлемімен байланыcтыратын көпір іспетті. Түс көру барысында көзіміз жұмулы тұрғанымен, кейбір көріністерді тамашалаймыз, құлағымыздың қызметінсіз-ақ түсімізде көптеген дыбыстарды естиміз, дәл өмірдегі сынды қолымызбен ұстап, аяғымызбен жүреміз, кейде тарихтың қойнауына сүңгіп, өткен дәуірлерге бойласақ, енді бірде болашаққа қанат қағып, алдағы ғасырларға сапар шегеміз.
Түсімізде кейде қорқынышқа бой алдырсақ, енді бірде бойымызды қуаныш пен шаттық билейді. Қысқасы, өмірде болатын барлық жайды да, өмірде көре алмайтын көріністерді де түсімізде тамашалаймыз. Осы әлем мен бәрзах әлемі арасында, бәрзах әлемі мен өзге әлемдердің арасында нәзік перде көлеңкелеп тұрғанын, тіпті мұқият назар салған жан перденің артынан әлгі әлемдерді тамашалай алатынын да түстің арқасында білдік.
Түстің мысал әлемінен сыр шертіп қана қоймай, періштелердің, рухани болмыстардың ізгі амалдар мен көркем қасиеттердің бейнесін көруімізге мүмкіндік беретінін айрықша атап өткен жөн.
ғ) Ғылымның қуаттауы
Жоғары оқу орындары мен ғылыми мекемелер қабырғасында біз қолмен ұстап, көзбен көре алмайтын ғажайып құбылыстарға қатысты жүргізілген зерттеулер материядан тыс, метафизикалық күштердің болатынын қуаттайды. Бұрындары университеттерде мұндай мәселелер мүлдем зерттелмейтін. Діндар адамдардың басынан өткен таңғажайып оқиғаларды жоққа шығарып, ақылға сыймайтын әңгімелер ойдан құрастыратын, дегенмен аракідік болса да осындай тылсым оқиғаларды батыстық ғалымдар айтса, біздегі батысшылдардың еш шүбә келтірместен мойындайтынына талай рет куә болдық. Мұны аз да болса метафизикаға деген бетбұрыс ретінде қабылдап, ішіміз жылып қалатын, дегенмен метафизикаға деген оң бағыттағы түсініктердің орын алуы мен осы саладағы ізденістер әлі де болса мардымсыз күйде.
Сонда да айта-айта ауыз талдырған метафизика мәселесіне батысшыл ғалымдарымыз күндердің күнінде ден қойып, іргелі зерттеулер жүргізе бастайды деген үміттеміз. Барлық нәрсенің материядан құралмайтынын олар да мойындап, осы ақиқатты ғылыми тұрғыдан жер-жаһанға паш етсе, нұр үстіне нұр болар еді.
Осы орайда, өзім естіген бір оқиғаны тілге тиек ете кеткенді жөн көрдім. Жүйке ауруымен ауыратын бір бауырымыз мен тұратын жерде бір кездері қосалқы құрамдағы әскер ретінде қызмет атқарып жүріп, басынан өткен бір оқиғаны маған былайша баяндап берді:
Жиналғандар кесені қолданып, рух шақыратын бір мекен бар еді. Бұл сәуегейлік әрекетте төңкерілген кесе қағаз бетінде жазылған әріптердің арасында әр әріпті көрсете сөз құрап, қойылған сұрақтарға жауап беретін. Қолымды кесенің үстіне қойып та көрдім. Расында да, әлгі кесе өздігінен қозғалып жатқанына куә болдым. Кесенің үстелдің үстіндегі әріптер мен сандар жазылған қағаздағы қозғалысын мұқият бақыладым. Осындай сеанстардың бірінде келген рухтан кім екенін сұрадық. Ол қағаз бетіндегі әріптерді теріп жүріп, өзінің шайтан екенін білдірді. Барлығымыздың тұла бойымызды қорқыныш пен үрей биледі. Хазірет Адам атадан бері қарай адам баласының мәңгілік жауы болған пәленің біздің жанымызға келгенін ойлап, тұла бойымыз түршікті. Оған сұрақ сұрадым:
– Саған «Миуа рисалесінің»[4] алтыншы бабын оқып берсем тыңдайсың ба?
–Тыңдаймын, – деді.
Мен әлгі кітапшаны оқи бастадым.
– «Таңғажайып бір қалада миллиондаған электр шамдары шартарапты шуаққа бөлейді. Жарық шашатын қуаты таусылмайтын, осынау тамаша электр жүйесін мінсіз басқаратын, сәуле беретін барша лампаларды жасайтын, осынау тамаша фабриканы құрған, шырағдандардың нұр шашуы үшін қажетті оттықты жеткізіп тұратын керемет мұғжизаның болмысы бізге барлығын жалғыз өзі мінсіз жүзеге асыратын ұлы құдіретті танытады. Күллі болмысқа «Жасасын осынау Ұлы Құдірет» дегізіп, тағзым еттіреді». Сөз осы жерге келгенде шайтаннан «Қалай екен?» деп сұрадым.
– Иә, тамаша екен, – деп жауап берді. Мен әрі қарай оқи бастадым.
– «Дәл осы Ғалам атты алып сарайдағы жұлдыздар – жарық шашатын ұлы құдіреттің сөнбес оттары. Космография ғылымының айтуынша, жұлдыздардың әрбірі жер шарынан мың есе үлкен. Олар жоғары жылдамдықта екеніне қарамастан белгілі тепе-теңдіктен ауытқымайды, бір-бірімен соғысып қалмайды, жарық шашуын тоқтатпайды және қуат көзін алатын отыны да сарқылмақ емес. Космография ғылымының болжамдарына сүйенсек, жер шарынан бір миллион есе ірі, әрі осынау Рақым Иесінің қонақ үйінде жарық шашатын шамшырақ, әрі жылу беретін ошағымыз болып табылатын Күннің тұрақты түрде қуат беріп тұруы үшін тәулік сайын жер шарының теңіздері шамасында газ отыны, жер бетінің барша таулары шамасында көмір және мың жер шарындай отын үйіндісі қажет. Міне сонда ғана ол сөніп қалмай, қуаты мен шуағын шашып тұра бермек.
Күнді және Күн тәріздес үлкен жұлдыздарды газсыз, отынсыз, көмірсіз жандырып, жарығын шашып тұратын және сөндірмейтін, бұлардың барлығын бір мезетте жылдам қозғалысқа түсіргеніне қарамастан бір-бірімен соғысып қалмауын қамтамасыз ететін шексіз құдірет бар. Міне, осынау алып ғалам сол құдіретті біздерге танытады. Ал енді осынау алып сарайға теңеген ғаламның жағдайы мен басқарылуы жаңа айтқан мысалдан әлдеқайда тамаша, әлдеқайда керемет екені даусыз. Сіз оқитын электр энергиясын зерттейтін ғылым осынау таңғажайып ғаламның Сұлтанын, Жарық Сыйлаушысын, барлық істі мінсіз түрде Орайластырушысын, яғни Жаратушысын осы жұлдыздардың барлығы куәлік ете отырып, паш етеді. Паш етіп қана қоймай, өз тілдерімен тәсбих етіп, тағзым етіп біздерге де сүйдіреді».
Дәл осы кезде шайтан кесені қатты жұлқи отырып, «жоқ» деген сөзді жазды.
Мұны байқап ары қарай оқи түстім.
– «Әрбір сөресінде керемет дәрілер мен дәрілік өсімдіктер тұратын таңғажайып дәріхананы еске алайық. Бұл барлық ісін мінсіз атқаратын және өте білімді дәрігерді немесе дәрі жасаушыны танытады» деген жерге келгенде, «Солай ма?» – деп сұрадым. Шайтан:
– Дәл солай, – деп жауап берді. Мен ары қарай:
– «Ендеше, жер шары атты шипаханадағы төрт жүз мың түрлі өсімдік пен жан-жануар да шипа әрі қажетті зат ретінде әлгі айтқан қияли дәріханадан әлдеқайда тамаша, мінсіз әрі үлкендігімен және осынау дәріхананың Иесі болып табылатын «Хаким-Зүлжәләл» Жаратушыны көр адамның көзіне шұқып көрсеткендей анық көрсетіп, танытады».
Осыны айтуым мұң екен шайтан қарсылық танытып: «Жоқ, жоқ», – деп қасарысумен болды.
Мен оның қасарысқанына қарамастан әрі қарай оқи бердім. Оқыған сайын келтірілген мысалдарға «иә» деп, ал мысалдардың астарындағы ақиқат айтылған сайын «жоқ» деп тайталасып бақты. Осыдан кейін оған: «Дұға кітабын» оқып берейін бе?» – деп ұсыныс жасадым. Ол: «Оқы», – деді. «Дұға кітабын» оқи бастағанда, қолымды кесенің үстінде ұстап тұрған едім. Осы кезде кесенің жылдам қозғалғаны соншама – қолыммен ұстап тұру мүмкін болмай, кесе қолымнан сусып шығып кетті. Тіпті осындай жанталасқан сәттердің бірінде «Мына сандырағыңды тоқтат» деген жазу да шықты.
Иә, осы ғасырдың үлкен ғұламасының былай дегені бар: «Бұл ғасырда кейбір адамдардың рухы тәнін тастап шықса шайтанға, ал шайтан тәнге кірсе адамға айналар еді».
Кейбіреулер «рухтарды шақырамыз» деп айтып жатады. Оларға келетін болмыстың рухтар емес, жындар болу ықтималы өте жоғары. Мұндайлар, жын мен шайтанға масқара болып жатқанының парқына да бара алмайды. Мұндай нәрсе өте парасатты, салиқалы істерге арқау ретінде қолданыла бастағанда ғана, белгілі бір пайдасы болуы мүмкін. Ал енді, бүгінде сан алуан тәсілмен рух шақырып жүргендердің іс-әрекеттері адасушылықтан басқа ештеңе емес.
[1] Қараңыз: Бұхари, Табир 2,4,10; Ибн Мажә, Руя 1.
[2] Евлия Челеби Сейахатнамеси, 8/112
[3] Мысал әлемі – материалдық әлем мен рухтар әлемі арасын жалғайтын әлем.Мысал әлеміне аталған екі әлемнің де кейбір ерекшеліктері тән (Ауд.)
[4] Ақида мәселелелеріне арналған діни еңбектің атауы
- жасалған.