Символдар
Бұл тақырыпты аша түсу үшін ардақты Пайғамбарымыздың (с.а.с.) бір хадисін тілге тиек етуді жөн көрдім. Мүслім, Дарими және Ахмед ибн Ханбәлдің «Мүснәд» атты кітабында риуаят етілген бір хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Бақара» және «Әли Имран» сүрелерін оқыңдар, өйткені бұл сүрелер қиямет күнінде екі нұр мен екі шуақтың бастауы», – деген. Келесі бір риуаятта: «Зәһрәуәйн» сөзінің орнына «Ғайәбәтән», «Ғайәиәтән» және «Ғамамәтән» сөздері қолданылған. Бұлардың мағынасы «екі бұлт», «екі көлеңке» дегенге келеді[1].
Мәселен, сіз Құран оқисыз. Оқылған Құранның әрбір әрпі мен сөзі толқындар күйінде «ағла-иллиинге» (ең жоғарғы дәреже) көтеріліп, одан әрі «мәлә-ағла» деп аталатын періштелер әлеміне жетеді. «Бақара» және «Әли Имран» сүрелері оқылған кезде «екі нұр» яки «екі бұлт» күйінде ақыретке жолданады. Адам баласы ақыретке барғанда бұларды басының үстінде осы күйінде көреді.
Жоғарыда аталған хадистің жалғасында: «Бұлардың оқылуы – берекет, тәрк етілуі – өкініш. Мұны оқу тек қаһармандардың ғана қолынан келетін іс» – делінген.
Адам баласы Құран арқылы тура, нұрлы жол тауып, жан-жүрегін Құранмен нұрландырғанда басына төнетін түрлі қауіп-қатерден сақтанады. Өмірін осы бағытта ізгілікпен өткізген жан, ақырет уақыты келгенде қайта тіріліп, арғы өмірде желеп-жебеуші нұр кейпінде оқыған Құранымен қайта қауышады.
Ахмед ибн Ханбәл мен Тирмизиден мынадай хадис жеткен.
Ибн Омар былай дейді: «Аллаһ елшісі біздің жанымызға келді. Екі қолында екі кітап бар еді. Біздерге қарап: «Бұл кітаптардың не екенін білесіздер ме?» – деп сұрады. Біз: «Жоқ, уа, Расулуллаһ», – деп жауап қаттық. Аллаһ елшісі оң қолындағы кітапты нұсқап: «Оң қолымдағы – әлемдердің Раббысынан түскен кітап. Мұнда жаннатқа баратындардың аты, әкесінің және қауымдарының есімі жазылған», – деді. Сонан соң сол қолындағы кітапты нұсқап: «Бұл да Хақ тағаладан түскен кітап. Мұнда жаһаннамға баратындардың аттары, әкелерінің және қауымдарының аттары жазылған», – дейді. Ибн Омар сөзін әрі қарай жалғап: «Сәлден кейін (бейне ұшып кеткендей) әлгі кітаптар көзден ғайып болды»[2], – дейді.
Бұлар шәһәдат әлеміне қатысты кітаптар болғанда, оның ішінде барша жаннаттықтар мен жаһаннамдықтардың аты жазылып тұруы мүмкін емес, екіншіден, сол дәуірден бастап, қиямет-қайымға дейін өмірге келіп-кететін талай жанның есімі, әкелері мен қауымдарының аты бір кітапта жазылып тұрмас еді. Бәлкім, ол кітап мысал әлеміне тән «Ләух-махфуздың» (тағдыр кітабы) көшірмесі («Ләух-Махв» және «Исбат» (дәлел) күйіндегі көрінісі) болуы мүмкін.
Ибн Омардың «сәлден кейін әлгі кітаптар көзден ғайып болды» деуінен де осыны аңғаруға болады.
«Сол бір күні әрбір жан (дүниеде) жақсылық есебінде не істеген болса, соның бәрі алдында дайын тұрады. Жамандық ретінде не істеген болса да дәл солай. Сонда ол істеген жамандығы мен өзінің арасында өте ұзақ қашықтық болғанын қалайды. Аллаһ сендерді Өзіне қарсы келуден сақтандырады. Аллаһ тағала құлдарына өте мейірбан»[3] – делінген аятта да осынау ақиқат айтылады.
«Сол күні кім қандай амал еткен болса, сол ғана алдынан шығады»[4]. Намаз оқитын, ораза ұстайтын, зекет беретін, шын көңілден бір рет болса дағы «Аллаһ» деп зікір жасаған, мешітке баратын, әлемдердің Раббысының алдында маңдайы сәждеге тиген, «Құлдың Аллаһқа ең жақын болатын халі – сәжде»[5] деп аталатын хадисте аталғандай рухани халге кенелген жанның барлық ізгі амалдары арғы дүниеде белгілі бір күйге, бейнеге, кейіпке енеді. Өздеріне ғана тән қалыпқа және ерекшелікке қауышады. Тірі кезінде жасаған игі істері адамның амал дәптеріне жазылып, бәрзах әлемінде таразыланады. Мұндай хал хашірде (қайта тірілу), сырат көпірінде де жалғасын тауып, жаннатта аяқталады. Осыдан кейін «Ал енді кім зәредей жақсылық жасаған болса, соны көреді»[6] – деген аяттағы жағдай ақыретте адамдардың алдынан шығады.
Амалдардың белгілі бір бейнеге, кейіпке енуі
Құранда: «Әр адамның жақсы-жаман істерін мойнына артып қойдық. Қиямет күні оның алдына ашылған бір кітап шығарамыз»[7].
Баршаның мойнына таңылған және иесінен бір елі ажырамайтын ғайып кітабы болады. Ешбір жан жасаған жақсылық пен жамандық түгел қамтылған кітабынан бас тарта алмайды. Бұл кітап адамдардың мойнына алқа күйінде тағылған. Осы дүниеде жасайтын жақсылы-жаманды барша ісіміз дәл сол күйінде мойнымызға алқа болып тағылуы мүмкін болмаса да, арғы дүниеде өзіне тән ерекшелікте мойнымызға таңылатыны даусыз.
Бұл қалай жүзеге асуы мүмкін? Ауадағы дыбыстың тітіркенуі, электромагниттік толқындар күйінде, заттардың бірқатар дыбыстан, қалыптан, түстен және күйден келесі бір ерекшелікке ауысуы түріндегі сипатына ие ме екен? Бұл құбылыстың қалай орын алатыны біздерге мүлдем беймәлім. Алайда болатыны ақиқат. «Сырлардың белгілі болатын күні»[8] дәптерде жазылғандардың барлығы аян-баян көрінеді. Қалай болып шығатынын және не шығатынын да білмейміз, сондықтан біз болатын жайттарды мысал беру арқылы тарқатып ашуға күш салдық, өйткені Құранның өзі: «Ең жақсы мысалдар Аллаһқа тән»[9] деу арқылы біздерге мысал келтіруді үйретеді емес пе?
Ұлы Құдіретті тану тұрғысынан мысалдар келтіруге болатыны жайында ишарат бар. Ең жақсы мысалдар Соған ғана тән. Ал біздер мысал беру арқылы өз мәселелерімізді түсінікті етуге күш саламыз.
Қабірде амалдардың барлығы белгілі бір пішінге, кейіпке енеді. Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Намаз – нұр, садақа – «бурхан» (дәлел)»[10] – деген болатын. Ол жақта намаз нұр күйінде, ал садақа «бурхан» күйінде белгілі бір пішінге енеді. Осынау екі қаһарман ерлікпен сол амалды жасаған адамды қорғап бағады.
Келесі бір хадисінде сүйікті Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Адамның жаназасы мазарға әкелініп жерленгеннен кейін қабір басынан адамдардың аяқ дыбыстарының сыбдыры басылмай жатып, періштелер келіп өліге сұрақ қояды. Дәл осы сәтте тірі кезінде оқыған намазы нұр шашқан бір құбылыс боп бас жағында тұрады. Енді бір нұр шашқан нәрсе жасаған ізгі амалдары болып аяқ жағынан орын алады. Тағы бір нұр шашқан нәрсе оразасының кейпінде әлгі адамның оң жағына отырады. Нұр шашқан бейненің бірі болып берген зекеті сол жағына отырады. Бұл аталғандар әлгі жанның сүйегін қабірдің оңынан-солынан сығып, азаптауына тосқауыл болып, оны қорғайды»[11] – дейді.
Қабір – амалдардың келін заты секілді сақталатын сандығы»[12]. Келіннің көз жауын алатын жасау заттары сақталатын сандық тәрізді мәңгілік отанымызға барған кезімізде намазымызды, оразамызды, зекетімізді және өзге жасаған ізгі амалдарымызды сол жерде белгілі бір пішінге, кейіпке енгенін көріп, тамашалаймыз.
Әулиелерден жеткен ғибратты хикаялардың арасында мынадай бір оқиға баяндалады: «Мені мазарға әкеліп жерлеген кезде жаһаннамның адам жанын түршіктіретін кейпі алдымнан шықты. Тура маған қарай келе жатқан еді. Дәл осы кезде бірнеше нан дәл алдымда қорған секілді тұра қалып, мені қорғай бастады. Бұлардың не екенін сұрадым. Сонда маған: «Сен дүниеде жүргенде кедей-кепшікке садақа ретінде берген нандар» деп жауап берді».
Бұл бір әулиенің басынан өткен оқиға. Аллаһ елшісі (с.а.с.): «Намазың бас жағыңнан, оразаң оң жағыңнан, зекетің сол жағыңнан, өзге ізгі амалдарың аяқ жағыңнан сені қорғайды»[13] деу арқылы бізге мысал әлеміне тән бірқатар ақиқаттардан сыр шерткен.
Ахмед ибн Ханбәл «Мүснәд» атты еңбегінде: «Махшар күнінде адам жасаған қайыр-хасанатымен (жақсылықтарымен) қорғалады»[14], – дейді.
Әлсіз хадистердің бірінде мынадай жағдай баяндалады: Жаһаннам толқынданып көпіріп, буырқанған сәтте адамдар қорқыныш пен үрей жетегінде одан қашып жатқанда екі әлемнің сардары, ардақты Пайғамбарымыз (с.а.с.) үмбетін құтқару үшін жанұшырып, бір шарасын іздеумен болады. Ардақты расул мұндай аласапыран жағдайда қалай ғана байыз тауып бір орында тұрсын? Ол алғаш дүние есігін ашқан сәтінен бастап «үмбетім, үмбетім» деп шырылдаған емес пе? Осы кезде махшар майданында қарсы алдында тұрған Жәбірейілді көреді. Жәбірейіл оның ең жақын досы еді. Оның қолында бір кесе су бар екен. Аллаһ елшісі Жәбірейілден қолындағының не екенін сұрайды. Жәбірейіл: «Үмбетіңнің көз жасы. Бүгін жаһаннамның жалынын бұдан басқа ештеңе сөндіре алмайды»[15], – деп жауап береді.
Бұл дүниеде моншақтап аққан көз жасы ақыретте жаһаннам жалынын сөндіретін ең күшті құрал болады. Ғаламның рақым нұры Пайғамбарымыз сахих хадистерінің бірінде осыған қатысты: «Екі көз жаһаннамның жалынын көрмейді. Біреуі – Аллаһтан қорыққанынан егіліп көз жасын төккен көз. Екіншісі – жауға қарсы күзетте тұрған қарауылдың көзі»[16], – деп баяндайды.
Бұлардың біріншісі ішкі дұшпан болып табылатын нәпсіге қарсы қалқан болса, екіншісі, ар-намыс, отан және ең бастысы дінге шабуыл жасайтын сыртқы дұшпанға қарсы қалқан болмақ. Міне, осы екі топтағы адамдардың көзі жаһаннам отына шарпылмайды.
Адамның әрбір амалы ақырет әлемінің өткелдерінде түрлі кейіпке еніп, реті келгенде иесін қауіп-қатер мен бәле-жаладан қорғап, кейде жаннат тағамы яки жаннаттың таңғажайып нығметтері болып та мүминнің алдынан шығады.
Мүминнің әрбір амалы Аллаһтың Ұлы Ғаршына (Арш-азам) көтеріледі. Имам Ахмед Нұғман ибн Бәширден мынадай риуаят жеткізеді. Бірде Аллаһ елшісі: «Аллаһтың Ұлы Ғаршының айналасында ұдайы ара дауысы секілді ызыңдаған дыбыс құлақты тербейді. Сіздер жасайтын тәсбих, тәхлил, тәкбір және тахмидтеріңіз (шүкір ету) құдды ара сынды Ұлы Ғаршының айналасында ызыңдап естіліп тұрады. Бұлардың жалғыз ғана тілегі – өз иелерінің (зікір айтқан адамдардың) Жаратқан Иенің алдында кешірімге бөленуі» – дейді. Аллаһ елшісі осыдан кейін: «Раббысының жанында осындай шапағатшыларға ие болуды кім қаламайды?» – деп сұрады[17].
Адамның Жаратушы иесіне дамылсыз дұға және зікір жасап жалбарынуы, осы ниетпен аузынан шыққан әрбір сөз, тіпті әрбір әріп толқындана отырып, ғарышқа көтеріледі. Ғаршының айналасын көмкере отырып, сол жерде араның үніндей ызыңдап, мүмин үшін шапағатшы болуға барын салады. Қалай екенін нақтылы білмесек те осы сарындас хадистер біздерге мысал әлемінің кейбір ерекшеліктерін сипаттап береді.
Аллаһ жолында жұмсаған мал-мүлкіңіз де белгілі бір кейіпке, пішінге еніп, Аллаһ алдындағы қадір-қасиеті қанша болса, соншалықты дәрежеде иесіне шапағатшы болады. Зекеті мен садақасы берілмеген мал-мүлік мысал әлемінің ерекшеліктеріне сай жылан-шаян сынды үрейлі кейіпке еніп, әлгі адамға азап шектіреді. Бір аятта осы ақиқатқа қатысты былай делінген.
«Аллаһтың кеңшілігімен өздеріне берген нәрселеріне сараңдық істегендер, олардың сараңдық қылған нәрселері, қиямет күні өздерінің мойындарына оралады. Сондай-ақ көктер мен жердің мирасы Аллаһқа тиесілі. Әрі Аллаһ олардың не істегендерін толық біледі»[18].
Тирмизи, Нәсәи және Ахмед ибн Ханбәлдан жеткен бір хадисте бұл жайт пысықталып, былай түйінделеді.
«Мүмин мал-мүлкінің зекетін бермеген жағдайда мұндай мал-мүлік ақыретте оның алдында аса үлкен және қорқынышты, басы таз сұмдық бір жылан күйінде көрінеді»[19].
Бұхари мен Мүслимде бұл хадиске мынадай қосымша келтірілген: «Оның екі тісі болады. Ол адамды екі ұртынан шағадыі»[20].
Қорыта келгенде, жалпы тарау барысында көтерілген мәселелермен дәлелдерге сүйене отырып, бұл әлемнің тұрғындары тек біз білетін болмыстармен шектелмейтінін айтуға болады, өйткені бұл дүниеден тыс өзге де әлемдер бар және сол әлемдерге тән өзіндік тіршілік иелері бар екені даусыз.
[1] Осыған қатысты риуаяттар үшін қараңыз: Мүслим, Мүсәфирин 252, 253; Тирмизи, Фәзәилул-Қуран 5; Дарими, Фәзәилул-Қуран 15; Ахмед ибн Ханбәл, әл-Мүснәд 4/183
[2] Тирмизи, Қадәр 8; Ахмед ибн Ханбәл, әл-Мүснәд 2/167
[3] «Әли Имран» сүресі, 3/30
[4] «Кәһф» сүресі, 18/49
[5] Мүслім, Салат 215; Нәсәи, Татбик 78; Әбу Дәуіт, Салат 147-148
[6] «Зилзал» сүресі, 99/7
[7] «Исра» сүресі, 17/13
[8] «Тарық» сүресі, 86/9
[9] «Нахл» сүресі, 16/60
[10] Мүслім, Тахарат 1; Тирмизи, Дағуат 85; Дарими, Ууду 2
[11] Ахмед ибн Ханбәл, әл-Мүснәд, 6/352; 4/287, 295; Абдураззақ, әл-Мусәннәф 3/582, 583
[12] Ажлуни, Кәшфул-Хафа, 2/525
[13] Ахмед ибн Ханбәл, әл-Мүснәд, 6/352; 4/287, 295; Абдураззақ, әл-Мусәннәф, 3/582, 583
[14] Ахмед ибн Ханбәл, әл-Мүснәд, 6/352
[15] Куртуби, әл-Жамиу ли ахкамил-Қуран, 17/123
[16] Тирмизи, Фәзәилул-жиһад, 12
[17] Ахмед ибн Ханбал, әл-Мүснәд, 4/268-272
[18] «Әли Имран» сүресі, 3/180
[19] Тирмизи, Тәфсир 3; Нәсәи, Зәкәт 2; Ибн Мажә, Зәкәт 2; Ахмед ибн Ханбәл , әл-Мүснәд 1/377
[20] Бұхари, Зәкәт 3; Тәфсир (3) 14, 9/6; Мүслім, Зәкәт 27, 28
- жасалған.