Алғы сөз
Жаңа заманға сай ашылған көптеген білім ордалары арқылы ел мерейінің өсуіне серпін берген, сондай-ақ қозғаған рухани мәселелерімен көпшіліктің көкейіндегісін дөп басатын, еліміздің оқу-ағарту, рухани саласында айрықша беделге ие ағартушы-ғалым Фетхуллаһ Гүленнің бала тәрбиесі жайлы еңбегінің қазақ тілінде жарық көруі қуанышты жағдай.
Автордың орамды ойлары кісінің көңіл пернесін дөп басады: «Отбасы – қоғамның ең маңызды діңгегі. Бұл діңгектің мызғымас мықтылығы ұлт пен мемлекет іргесінің беріктігін көрсетеді. Олай болса, ұлт пен мемлекеттің діңгегі ешқашан көзден таса қалмауы тиіс». Бұған қоса, еңбекте тәрбие мәселесі адам түсінігіне жеңіл, кең ауқымда қозғалады. Сондай-ақ осы кітаптан байқағанымыздай, тәрбие беру тек қана отбасы шеңберінде жүзеге асырылатын іс, болмаса құрғақ сөзбен ғана жол көрсету емес. Мұндағы асыл мұрат Ф. Гүлен мырза өзі айтқандай: «Адамзаттың нұрлы болашаққа қол жеткізуіне үлес қосу үшін әр адамның аңсаған арманы, алдына қойған мақсаты болуы тиіс. Бұл өз кезегінде үлгілі жеке тұлға мен өнегелі отбасының қалыптасуына байланысты».
Кітапта алдымен «үйлену» және «отбасы» туралы сөз қозғалып, одан әрі тәрбие мәселелері рет-ретімен жымдасып өріле түседі. Болашақта ана болатын бойжеткендердің бойынан табылуы тиіс қасиеттер тілге тиек етіліп, оқырманның назарын өзіне аудару үшін алғашқы тәрбиенің маңызына ерекше мән берген. Айталық, «Мінез-құлық туралы түсінігіміз» деп басталатын бөлімдегі «Ұлттардың құлдырауы», «Жоғары адамгершілік мінез», «Дүниенің алдамшы әсемдіктері», «Адамзаттың ең жоғарғы мәртебесі» сияқты сырттай қарағанда бір-біріне қатысы аз болып көрінген тақырыптар дәйекті аят-хадистердің негізінде өрбиді.
Тәрбие жұмысының кезеңдері мен мәселелерінің қатарына жататын «Үйлену», «Отбасы», «Тәрбиедегі ыждағаттылық», «Баланың діни тәлімі», «Қалай түсіндіру керек?», «Тәрбие өлшемдері», «Имандылыққа негізделген тәрбие мен атеистік тәрбие арасында салыстырмалы талдау» секілді бір-бірінен кем соқпайтын көкейтесті тақырыптардың легі өзінше бір төбе.
Ф. Гүлен мырзаның пікірінше, тәрбие дегенде адамның ойына алдымен отбасы оралады. Өз сөзімен айтсақ, «Отбасы – тәлім-тәрбиенің ең алғашқы ошағы, өскелең ұрпақтың алтын ұясы». «Отбасы тәрбие негіздеріне құрылмаса, қоғамнан ізгіліктің иісі аңқымасы анық». Әсіресе, күллі адамзаттың қамын жейтін ұрпақтың тәрбиесі сөз болғанда, оған кез-келген отбасының үлгі бола алмасы белгілі: «Кемел ұрпақ өсіру үшін алдымен үлгілі (идеал) отбасы қажет».
Осыншалықты көңіл бөліп отырған мәселеміздің ең талмаулы тұсы әйел қауымына қатысты. Ер жігіттің алғашқы жауапкершілігі – мүслимат (мұсылман), мүминат (мүмін), қанитат (тақуа), садиқат (адал), сабират (сабырлы), һашиат (Құдайдан қорқатын), мүтәсаддықат (садақа бергіш, мейірімді), саимат (ораза ұстаушы), хафызат (Құран жаттайтын), закират (Аллаһты ұдайы еске алатын) әйел затын өмірлік серік етіп таңдау. Ата-ана бала тәрбиесіне асқан жауапкершілікпен қарап, тәрбиесінің негіздерін білуі тиіс. «Ұрпақ сүйіп, әке-шеше атанғысы келетін адам белгілі бір дәрежеде психолог, педагог, тым болмаса, Құранның осы жөніндегі жалпы қағидаларынан хабардар болғаны құба-құп. Адам салиқалы ұрпақ тәрбиелеудің жолдарын міндетті түрде меңгергені абзал».
Әсілі, бұл сөзіміз елдің атқамінерлеріне де жасалған құлаққағыс. Бірқатар Еуропа елдеріндегідей үйленіп, отбасын құру үшін бойдақтарға кейбір отбасылық үрдістерді (тәрбие, денсаулықты күту, үнемшілдік) үйрететін арнайы курстан өтуді үйленудің алғышартына айналдырып, біз де заңдастырар ма едік?! Шаңырақ көтергісі келетін жастар мемлекеттің мұндай қадамға қашан баратынын күтпей-ақ, өз-өзін жетілдіре бергені дұрыс. Кітапта айтылған ойлар бара-бара кеңінен қолдау табар деген сенімдеміз.
Бала тәрбиесінде ең әуелі діни сауат ашудың орны ерекше болғандықтан, еңбекте бұл турасында кеңінен айтылып, әрі оның әдіс-тәсілдерінің де қыр-сыры толықтай қамтылған десек те болғандай.
Діни тәрбиеде қозғалатын ең құнды ой – Аллаһ тағаланы таныту үшін мектептерде оқытылатын барлық пәндерді, әсіресе жаратылыстану ғылымын кәдеге асыруды табандылықпен көңілге қонымды етіп түсіндіру.
Кітаптың тағы бір ерекше қыры – үлкендердің, тәрбиешілердің, яғни ата-аналардың тәлім-тәрбиесіне де айтарлықтай көңіл бөлуі десек артық айтқандық емес. Кітапты, тіпті, «Ата-ана тәрбиесі» деп атасақ та қателеспес едік. Алайда ондай атауға былайғы жұрт қалай қарамақ? Өз білгенімен ғана шектеліп қалған тоқмейілдер (адамдардың көпшілігі осындай), не болмаса бұл жайында бас қатырғысы келмейтіндер «басқаларынан асырып не жарытқан дейсің?» деп кітаптың бетін ашпай, ішкі мазмұнына үңілмей қоя салуы да мүмкін. Бірақ автор ондай қадамға бармай, асқан шеберлікпен балаға мінсіз тәрбие беруді жөн көретін ата-аналарға сол мінсіз тәрбиені берудің алғышарты «үлгі-өнеге иесі бола білу» екенін ұқтырып, кітаптың басынан соңына дейін әр мәселеде тәрбиеге жауапкершілікпен қарау, тәрбиедегі жетістіктің тәрбиешінің үлгі бола білуіне байланысты екенін айтқан. Басқаша айтқанда, қолдарыңыздағы кітапта Құран мен хадис негізінде Исламда үлгілі отбасы қалай құрылуы тиіс, Исламда сүттей ұйыған жанұяда ата-ананың өзара сыйластығы, балаларымен қарым-қатынасының қалай өрбуі керек, отбасы дінді қалай өмір салтына айналдыра алады деген мәселелер қысқа да нұсқа дәлелдермен айшықтала түседі.
Бұл аталған жайттарға алып-қосарымыз жоқ. Үлкендерге үйрету үшін айтып қана қойса жетеді, ал ізіңнен ергендерге жүріс-тұрысың үлгі болмақ. Барлық тәрбиеші мамандар балалық шақта еліктеушілік қасиеттің басым болатынын бес саусақтай біледі. Ересектерге қарағанда жасөспірімдер маңайынан не көрсе соған еліктеп, өмірімен ұштастырып, бойына сіңіруге дайын тұрады. Міне, осы себепті қолға алынған барлық мәселелерде: ғибадаттан жеке адамдық қатынастарға, адамгершілік құндылықтарға, Аллаһқа жалбарынуға дейін балаға берілуі тиіс діни тәрбие мен иләһи бұйрықтарды ата-аналар өздері ұрпаққа үлгі-өнеге болуы керектігіне тарихтан мысалдар келтіре отырып, түсіндіріп береді.
Ф. Гүлен мырза күллі әлемнің мақтауына ие болған жетістіктерінің сырын білуімізге көмектесетін мына сөзге де орын бөлген:
«Иә, адамның айтқан сөзі оның ішкі жан дүниесінен, ішкі сезімдері мен істеген істерінен барып туса, онда естіген, ойлаған, басқалардың бойына дарытқысы келген әрекеттері өзгелерге анағұрлым жұғымды, ықпалды болмақ. Ал керісінше болса...». Осы тұрғыда ескерте кететін жайт: «Жақсы істерге үлгі болумен қатар, тыйым салынған, яки жаман нәрселерден де барынша абай болған дұрыс».
Бұл еңбекті тәрбие төңірегіндегі жай кітаптардан өзгешелеп көрсететін тұсы – сөз болған ой-пікірлер, ұтымды ұсыныстар, берілген ақыл-кеңестер, алға қойылған мақсат және сараланған тәжірибелерде нақты тұжырымдар қолданылған. Түйінсөздер аяттар мен хадистерге негізделгендіктен нанымды, әрі нақты мазмұн иеленген. Ф. Гүлен мырза осыған түсіндірме беруді де қажет деп тапқан. Мәселен: «Кейбір мәселелерге қатысты кесімді де өткір пікір білдіруіміздің себебі Құран мен Сүннетті қатаң басшылыққа алғандықтан деп түсінген жөн» – деп түйеді. Бұл – өте құнды пікір. Неге десеңіз, әрбір мүминнің күмәнсіз сенетін, өзі арқа сүйейтін дереккөзінің иләһи қайнар бастауы – Құран мен хадис болуы қажет.
Бала тәрбиесінің мұсылмандық негіздерін ашып жазған бұл құнды еңбек ылайым көзі қарақты оқырманға пайдасын тигізіп, бала тәрбиесіне деген жауапкершілікті арттыра беруіне тілектеспіз.
- жасалған.