Кіріспе
1. Адамгершілік туралы түсінігіміз
Негізгі мәселеге кіріспей тұрып кейбір тақырыптарға байланысты оқырман қауыммен алдын-ала келісіп алғанды жөн көрдім. Неге десеңіз, бірқатар негізгі тұстарда өзара түсінісе алмасақ, бұл кітаптың сізге берер пайдасы шамалы. Жанұядағы тәрбиеге қатысты мәселелерді қолға алғанда, ел мен жерді, ауыл мен қаланы, үй мен көшені жайлап кеткен арсыздыққа жаны күйзелмейтін жандармен түсінісу мүмкін емес.
Басқасын былай қойғанда, иек астындағыны ғана місе тұтып, одан арыға аттап басқымыз келмесе, айналамызды жайлап кеткен азғындыққа немқұрайды қала беретін болсақ, бұған не деуге болады? Өзіміз деген ағайын-туысқан, құда-жекжат, нағашы, жиен, балаларымыз, немерелеріміз, маңайымыздағы көрші-қолаң адамгершіліктен айнып, жүріс-тұрысының бұзыла бастағанын көріп тұрып, осыған қынжылмасақ, адамгершілік қасиеттер туралы пікір алысудың мәні бар ма?
Тарих қатпарына үңілсек, азғындыққа салынған ешбір ел ұшпаққа шықпаған. Ондай елдің болғаны немесе болмағаны маған беймәлім, дегенмен сынға түсіп, тарих көшінен қалып кетпей, төрт аяғын тең басып келе жатқан ұлттардың адамдық құндылықтарға құрметпен қарағаны күмәнсіз.
2. Ұлттардың құлдырау себептері
Өткен мәдениеттерге көз жіберсек, көпшілігінің құлдырауының себебі – көртышқандардың Ирам бөгетін[1] кеміріп қиратқанындай рухани құндылықтар мен тәлім-тәрбиеге деген салғырттыққа барып тіре-летінін байқауға болады. Кейде қоғамды азғындық жайлап, адамгершілік құндылықтардың асты ойыла бастағанда ештеңе сезілмеуі де мүмкін. Ал сезілген сәтте мезгілінен кеш қалғанымызды байқаймыз, бұл өте сезімтал мүшемізге метастаз жасағанға дейін қатерлі ісікті байқамайтынымыз тәрізді. Өкінішке қарай, жан алқымға келгенде ғана тұяқ серпуге шамамыз жетеді, көп жағдайда оны сездік-ау дегенде, адамның о дүниеге аттанып кетуі де ғажап емес.
Адамның ағзасы үшін қатерлі ісік қаншалықты қауіпті болса, бір елдің жарқын болашағы үшін тәрбиесіздік те соншалықты қатерлі. Алдымен мемлекет басшылары, содан кейін шаңырақ иелері, ағартушылар мен жалпы халық мұндай моралдық азғындауға көз жұмса, тұтас бір ел өз тамырына өзі балта шапты деген сөз. Артынан опық жеп, ел жанашырларының жаппай дабыл қағуының да ешбір пайдасы жоқ. Кім білсін, кейбіреулер өмір деген осы екен деп, қазіргі жағдайды қалыпты құбылысқа балап, үйіндінің астын мекендегенге көңілі тоқ жәндіктер секілді ғапылдықта жүре беруі де мүмкін.
Иә, тарих қойнауына байыппен үңілсек, ұлттардың жер бетінен жойылуына мына жайттар себеп болған екен: қоғамда моральдық азғындықтың белең алуы, нәпсі мен қу құлқынның құлына айналған адамдардың ақыретті ұмытуы, Аллаһтан алыстап, Құраннан сырт айналуы, Құдайға деген жүректегі қорқыныш пен сүйіспеншіліктің оты өшіп, барлық нәрсені материалистік негізде қарастыру, т.б.
Көптеген мемлекеттердің жер бетінен жойылуына осы аталған дерт-мерез себеп болды. Рухани аштықтан сансыраған адамдардың санасын шырмауықтай шырмаған материалистік мүдде осылайша бүкіл бір халықтың тамырын құрттай кеміріп, түбіне жетіп отырды. Нағыз қасірет тұтас бір елдің төл рухани құндылықтарынан көз жазуынан, Құран мен Ислам негіздерінен алшақтауынан, Аллаһты ұмытуынан туындайды. Іштегі кеселіне ем іздегендер көп жағдайда дертіне дерт жамаудан басқа ешбір шара таппаған. Шынтуайтында адам өмірінің бір қырын тән қажеттілігі мен сол тән қажеттілігін қанағаттандыратын материалдық игіліктер құраса, екінші қырын, тіпті өзегін ақыреттік мән (мана-и ұқба) құрайды. Мүлт кеткен тұсы белгілі: адамның өмір сүру салты тек материяға негізделіп, руханияттан қол үзіп қалды. Мұндай кетікті ендігі жерде толтыру мүмкін емес. Әсілі екеуі де қатар, өз орнымен қолға алынса, яғни Аллаһтың құқы Аллаһтың ұлылығына сай орындалса, Құранның үкімі басшылыққа алынса, екі дүниенің де өлшемдері сақталса адам өмірі әлдеқайда үйлесімді, әлдеқайда мәнді болар еді.
Құран кәрім: «Аллаһтың саған бергенінен (дін жолында жұмсап) ақыреттік мекеніңді қала, бірақ дүниедегі үлесіңді де ұмытпа»[2] дейді.
Иә, Аллаһ нәсіп еткен денсаулықты, күш-қуатты, байлық пен ақыл-ойды ақырет үшін жұмсаған жөн, алайда адам осы дүниедегі несібесінен де құр қалмауы тиіс. Құранның үкімі осы! Дүние мен ақырет тепе-теңдігін осы ұстаным негізінде жүзеге асыра алғанда, бүгінгідей аяқ астында тапталып, осыншалықты бейшаралыққа ұрынбас едік. Құдайды ұмыттыратын дүниеқоңыздық етек алған бүгінгі күні жанұядағы тәрбие мәселесін қолға алғанда алдымен адамгершілік құндылықтарға тән негізгі өлшемдерді анықтап алғанымыз жөн.
Әр ұлттың шарықтау шегі мен құлдырау кезеңі болған. Әрбірі өзін биікке өрлететін асыл құндылықтармен өскенмен уақыты жеткенде бірқатар себептермен жойылып кетіп отырған. Ғаламдағы заңдылықтар белгілі бір деңгейде Құдіретті күштің ықтиярымен, яғни мәжбүрлеуімен жүзеге асады. Ұлы Жаратушы ғаламның бір бөлігі болып табылатын табиғатты да осы заңдылыққа тәуелді етіп жаратқан. Ендеше табиғат пен ғаламдағы заңдылықтарға бағынған жөн. Егер осы заңдылықтардың астарына үңілмей сырттай ғана пайымдап, адам баласы өзіне тән міндеттерін дұрыс атқармаса, онда әлгі заңдылықтардың құрбанына айналуы әбден мүмкін. Оларда кешірім деген болмайды. Аллаһ сізді кешіреді, бірақ «аят-ы такуиния» (ғаламдағы құдіретті байқататын айғақтар-ауд.) мен өзгеше атауы «шариат-ы фытриядағы» заңдылықтар ешқашан кешірім дегенді білмейді. Осы заңдылықтар тұрғысынан әдіс-тәсілдер дұрыс таңдалса, Аллаһ сізді «ала-и иллиуунға» (адамдық асқарына-ауд.) шығарады, алайда себептерді ескеруде ағаттық жіберіп алсаңыз (Аллаһ тағаланың тосын жарылқауы болып қалмаса), онда адамгершіліктен кетіп «әсфәл-і сәфилинге» (шыңырау құзға-ауд.) бір-ақ құлайсыз.
Жоғарыда сөз болған келеңсіздіктердің түп төркініне үңілмей тұрып алдымен мына сұрақтарға жауап іздеуге тура келеді: тәрбиенің әлсіреуіне қандай жағдаяттар себеп болды және оның объективті жағы бар деп ойлайсыз ба? Расында да қоғамды тәрбиесіздіктің жайлап кеткеніне келісесіз бе? Қазіргі уақытта жаппай етек алған өнегесіз, өресіз әдеттер тәрбиесіздіктің көрінісі ме, жоқ әлде, қалыпты жағдай ма?
3. Өзге елдерге еліктеу
Аллаһ тағала бәрімізді адамгершіліктен жұрдай боп, бара-бара тоз-тозы шығып жойылып кеткен ұлттардың кебін киюден сақтасын. Осыны өз үмбетіне Мұхаммед пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) былай ескертіп кеткен:
«Сіздер адым-адымдап, қарыш-қарыштап, аршын-аршындап бұрынғылардың жолына түсесіздер»[3].
Қоғамның тоқырауына алып баратын факторлар: дүниенің жылтырағына алдану, жан мен тәннің өзара тепе-теңдігін сақтай алмау, мінез-құлықтың бұзылуы және т.б. Өкінішке қарай, аталмыш кемшіліктер тарихтың сонау қатпарларынан бастау алып, ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Кейін келе моральдық азғындау материалдық дамудың шарықтау шегіне жеткен батыс елдерінде бой көрсетті. Олар осыны мәдениет ретінде әспеттеп, өзіне көзсіз еліктеуші жұрттарға да «жұқтырды». Осы тұрғыдан жоғарыдағы хадисті мұғжизамен айтылған сөз ретінде пайымдаймыз. Иә, уахи-и ғайри мәтлу, яғни уахидан тыс хабар ретінде көкейіне құйылған ойды Аллаһ елшісі бізге сөзбен жеткізіп кетті.
Бұл тұста тағы бір айтпай кетуге болмайтын жайт, біз кейде базбір елдердің материалдық жағдайы жақсы болса, барлық мәселесі шешілген, халқы бақытты деп ойлаймыз. Алайда, батыс халқы рухани мазасыз күй кешіп, шынайы бақытты іздеумен келеді, бірақ оны әлі таба алар емес. Өзге елдерге қарағанда өз-өзіне қол жұмсау көрсеткіші батыста өте жоғары екенін ескерсек, мейлі әйел, мейлі еркек болсын, өзіне-өзі ор қазып жатқан елді бақытты деп айту қиын.
Рабатта «Отбасы жүйесі» атты Исламдағы жанұя тақырыбында өткен конференцияда АҚШ-тағы ерлі-зайыптылардың ажырасу көрсеткіші жалпы халықтың қырық пайызын құрағаны айтылған еді. Бүгінгі күні ол көрсеткіш арта түскен де болар. Дүниежүзі бойынша өзегін рухани дерт шалған халықтардың ішінде тұрақтылықты әзірге сақтап тұрған бірден-бір ел АҚШ екені мәлім. АҚШ белгілі бір мәселелерге қырағылық танытқандықтан, батыстың өтірігі мен көлгірсуіне көп ұрынбады деуге болады, бірақ ол жерде де жағдай мәз емес.
4. Адам – абыройлы болмыс
Барлық нәрсе адамзаттың бақытына қызмет етуі тиіс. Адам – Аллаһтың жер бетіндегі халифасы, сондықтан үнемі Ұлы Жаратушының ерекше назарында. Аллаһ ғаламды тіршілік етуге ыңғайлы етіп жаратқан. Осы себепті мәдениет атаулы адамның игілігі үшін қызмет етуі және кез келген мәдениетте адамның бақыты мақсат тұтылуы тиіс, өйткені адам – ең ардақты жаратылыс.
Құран кәрімде:
«Біз шын мәнісінде адам баласын абыройлы әрі құрмет иесі еттік. Оларды (түрлі тасымалдаушы көліктер арқылы) құрлық пен теңізде алып жүрдік. Керемет рызықтар бердік. Бұған қоса, оларды жаратқандарымыздың көпшілігінен артық қылдық»[4] делінген.
Құранға тән осы шындыққа Шейх Ғалиб бір жұп өлеңінде былай деп екпін берген:
«Өз затыңа мұқият назар салшы, сен әлемнің қаймағысың,
Болмыстың көздің қарашығындай ең құрметтісі – адамсың!».
Иә, адам баласы – Аллаһтың алдында үлкен абыройға ие. Әлемдегі бүкіл саяси, экономикалық, мәдени жүйелер мен құндылықтар адамның бақыты, адамзаттың игілігі үшін қызмет етуі тиіс. Осы тұрғыдан алсақ, адамның бақытын көздемейтін жүйелердің ешқандай құны жоқ, өйткені адамзатқа тигізер пайдасы шамалы.
5. Батыстағы шіркеу билігі және монахтық
Бұл мәселеде Ислам мен батыс әлемінің арасындағы айырмашылық жер мен көктей. Батыста ғылымның өркендеуімен христиандық пен поптардың билігі жойылса, Ислам әлемінде батыстағыдай емес, ғылым дамыған сайын дінге бетбұрыс артты. Ренессанс пен реформацияға дейін Еуропада шіркеу билігі халықты салықтан бас көтертпеді. Шіркеу заңдары құбылған сайын халықтың рухы пәсейіп, көңілі құлазитын. Дін мен ғылымның басы сиыспады, дін (христиандық) ғылымның жетістіктерінен теріс айналды. Қандай ғылыми жаңалық ашылмасын, оны жоққа шығарып, адымын аштырмады. Жасампаздыққа, жаңалыққа құштар, ойы озық тұлғалар инквизицияның отына өртенді немесе аяусыз қудаланды.
Ешкім бұл зорлықшыл билікке қарсылық білдіре алмайтын. Ат төбеліндей аз ғана аристократтарды қоспағанда бұқараның теперіш көруі, әйел құқы туралы ешкімнің жақ аша алмауы, ерлерге қарағанда әйелдерге жарым-жартылай еңбекақы төленуі салдарынан қоғамда дінге деген реніш туған еді.
Міне, осыдан барып жаппай етек алған қарсылық, әр жерден бас көтерген реформалық қозғалыстар нәтижесінде шіркеу билігі күйреді. Шіркеу бас көтере алмастай дағдарысқа ұшыраған соң көп ұзамай рухани құндылықтар да аяқасты етіле бастады.
6. Исламдағы дін мен мемлекеттің қарым-қатынасы
Ислам әлемінде ғалымдар мұндай құқай көрмеді. Дін ешқашан мемлекет пен ұлтқа қысым жасаған емес. Әрдайым ақиқат пен шындықтың туы желбіреп, биліктегі басшы халыққа қызмет етті. Адамдық пен ақиқаттың алдында патшалар да бас иді.
Омар (р.а.) мен Али (р.а.) секілді кемеңгер халифалар қатардағы евреймен бірге соттың алдында бірдей жауапқа тартылатын. Мұсылмандар «кім ақиқатшыл – сол күшті» деп білгендіктен, Ислам әлемінде ешқашан батыстағыдай әсіре зорлық-зомбылыққа жол берілген жоқ. Сол себепті ешкім де дінге қарсы шықпады. Өзгелер тек қиялдаған ғажайып өмірді мұсылмандар күнделікті тұрмыста-ақ бастан кешіп жатты.
7. Адамгершілік ұстанымдар
Тақырыпқа бойламай тұрып жақсы-жаман деген не өзі, осыны анықтап алған дұрыс. Анығында бала-ларымыздың қандай тәрбие алғанын қалаймыз? Осыған қатысты белгілі бір бағыт-бағдарымыз бар ма?
Баламыздың қандай адам болып өскенін қалаймыз? «Балам мынадай азамат болса екен» дей тұра, соны жүзеге асыру үшін қандай істерді атқардық? Баламыз-дың түн ауғанша көшеде қаңғыруына қалай қараймыз? Үйге қай уақытта келсе де қабақ шытпай қарсы алу қаншалықты ақылға қонымды?
Тәрбиемізде шектеу бар ма? Тәрбиеге нелерді жатқызамыз? Нендей нәрселер тәрбиеге жатпайды деп түсінеміз? Қай нәрсеге оң, қай нәрсеге теріс баға береміз?
Балаларымызға қай шамаға дейін рұқсат етеміз? Жүріс-тұрысы мен киім-киісіне деген өзіндік көзқарас-ұстанымымыз бар ма?
Оларға көңіліміз толмаса, осы күнге дейін басқалай қолданған шараларымыз кездесті ме? Қандай шара қолдандық? Тығырықтан шығар жол іздеп шарқ ұрып, қанша есікті барып қақтық? Қанша маманға жолығып, кеңес сұрап, табанымыздан таусылдық? Тіпті қатты қайғыдан көзімізге жас толған кезі болды ма? Бұл мәселе бізге, жақын жамағайынымызға, көрші-қолаң, ұлтымызға қатысты да болуы мүмкін, дегенмен осы мәселелерге шынымен шешім іздедік пе?
Бұл тұрғыда көңілге түйгеніміз болмаса, демек біз де әуелгі хадисте айтылғандай, адым-адым, қарыш-қарыш, аршын-аршындап бұрынғылардың жолына түсіп, ізінен еріп, жетегімен кетіп, солардың ауанынан аспадық деген сөз. Әсілі, бұндай ойсыраудың астарында Аллаһты, елшісін және Құранның ұстанымдарын бір жаққа ысырып қойып, нәпсіге құлдық ұру, әуестікке салыну жатқаны анық.
Бүгінгі күні әрқайсымыздың үміт күтіп үкілеп отырған бала-шағамыз бар. Алайда, балаларымыздың ер жету барысындағы солқылдақ тұстарын сезініп жүрміз бе? Мұны ойлаудың өзі аса маңызды. Иә, қайткенде де ойлана білу қажет. Өз-өзімізге «Шын мәнінде бұл жағынан қолымыздан не келеді?» деп сұрақ қойып, осы турасында тереңірек ойлану керек. Әрине, өзімізді де сынға алған жөн: біз кешірімдіміз бе, жоқ қатігез, қатал әлде тым еренсізбіз бе? Шаңырағымызда орын алып жатқан жайттарға көз жұмып қараймыз ба, жоқ оны түзетудің жолдарын қарастырамыз ба?
Мұндай сауалдар мың-сан. Айталық, әр басқан қадамын аңдып, баламыздың кімдермен араласатынын білуге, жолдастарын тануға талпыныс жасадық па? Өзіне лайықты жақсы орта тауып бере алдық па? Осы күнге дейін кімдермен таныстырдық? Таныстырмаған болсақ, балаларымыз кімдермен аралас-құралас болып жүр? Тек мектепке ғана тіркетіп қою немесе мұғалімге табыстау я болмаса Құран үйрететін курсқа жіберу жеткілікті ме? Жоқ әлде мешітке апарып имаммен таныстырумен іс біте ме?
Бір-бірін өкшелеген бұндай сұрақтарға жауап іздеумен қатар, өз өміріміздің белгілі бір мақсатқа құрылуы, тереңдігі, шынайылығы, табандылығы мен тартымдылығы да аса маңызды.
8. Жоспарлы түрде әрі белгілі бір ұстаныммен өмір сүру
О бастан өмірімізді тұтастай «ұстанымдар» жиынтығы ретінде белгілеп, анықтап, соған сай өмір сүре білу өте маңызды. Иә, «менің бұл жылым осылай, келер жылым былай, арғы жылым былайша жоспарланған деп айтатын жағдайға жетуіміз керек. Осылай дей алған жағдайда өзіміз алдын-ала жобалаған, жоспарлаған қандай да бір ахуалға сәйкес шешім қабылдап отыруымыз қиынға соқпайды әрі қателікке ұрынбаймыз. Егер алдыңыздан кездесуі ықтимал жағдайларға алдын-ала әзірлеп қойған шешімдеріңіз бен ұстанымдарыңыз болмаса, онда өзіңізге мүлдем бейтаныс жайттармен бетпе-бет келуіңізге тура келеді, сол кезде қапыда қалмайтыныңызға сенімдісіз бе? Ертеңді ескермей қаннен-қаперсіз жүру, кейіннен зар илетуі бек мүмкін.
Бұл сөзімізге мысалды алыстан іздемей-ақ бір жарым миллиард Ислам әлемінің қазіргі жағдайына көз салсақ та жетіп жатыр. Әкесі күйген ошақта, алауы аспанға шапшып лапылдап жатқан сол отта баласының, немерелерінің де жанғанын, біреуі жанып жатқанда, екіншісінің қаннен қаперсіз отырғанын көрудеміз. Көз алдымызда қайдағы бір қара батпаққа тұтас ұлттардың жан-жағына қарамастан көзсіз қойып кетіп жатқаны, рухани сансырауы көңілге сыз ұялатып, жүрек парағына жағымсыз естелік ретінде жазылуда.
Ардақты Елшінің (с.а.с.) болашақты тап басып болжай білген: «Сендер бұрынғылардың жолына адым-адым, қарыш-қарыш, аршын-аршындап түсудесіңдер»[5] деген хадисі түсіне білгенге үлкен ескерту. Бұл сөзден: «Абайлаңдар, мина төселген алқапта жүргендей аса сақ болыңдар, қауіп қайдан демеңдер, абайсызда мина басып кетпейтіндей әр қадамды ойланып барып басыңдар» деген ескертпені аңғару қиын емес.
Иә, бүгінгі күні әлемді тегіс тексіздік жайлап, тәрбие тым құлдырап кетті. Жан ауыртатыны, сезімі семіп кеткендей мұсылмандар да бұған тым салғырттық танытуда.
9. Шынайы адамгершілік
Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.с.) em>«Мен жоғары адамгершілік қасиеттерді толықтыру үшін жіберілдім»[6] деген. Шыны керек, бойымызда Аллаһ тағала берген шексіз игіліктер мен әлі шыңдалмаған қабілеттеріміз бар. Біз сол қасиеттерімізді кемелдендіру арқылы, керек десеңіз, мәлә-и аланың (көктегілердің) тұрғындары қатарынан орын ала алатындай қабілетте жаратылғанбыз. Үйіп-төгіп берген жақсылығының қадірін біліп Аллаһ тағаланы ұлықтау – соншама қабілет-қасиет егесі өзімізге де құрметпен қараудың белгісін ұқтырғандай. Қасиетті кітаптардың үнемі дәріптегені осы, пайғамбарлар мұны мүлтіксіз әрі шынайы орындаған, ал сол алтын тізбектің соңы ақиқат жаршысы, ең жоғарғы адамгершілікке ие хазірет Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) екені сөзсіз.
Өйткені Пайғамбарымызға қарата Құран кәрімнің «Қалам» сүресінде: «Шын мәнінде сен (Құраннан сусындап, құдайлық тәлім-тәрбие көргендіктен, сырттай түсінуге келе бермейтін) ең тамаша мінезге иесің!»[7] делінген. «Шұғара» сүресінде де «Бұл сенен бұрынғы пайғамбарлардың мінез-құлқы»[8] делініп, оның осы тамаша қасиетіне аудартылған.
10. Мына өмірдің тым ыстық көрінуі
Құран кәрімнің «Кәһф» сүресінде: «Байлық пен бала-шаға – дүние тіршілігінің сәні, ал мәңгілік қалатын игілікті істер Жаратушы Иеңнің есебінде сауап жағынан артық әрі үміттенуге де анағұрлым лайықты»[9] деп, жалпы алғанда, байлық пен ұрпақ дүние тіршілігінің сән-салтанаты, даңғазасы екендігі айтылып, осыған байланып қалмау керектігі ескертілген. Иә, бұлар өзі жалған, өзі келте дүниенің көзден кетсе көңілден ғайып болатын, бүгін барда ертең жоқ, адамның жан дүниесіне сына қағып, сызат түсіретін жайттан өзге ештеңе емес. Демек, мына дүниенің қызығы кеуде керіп, мастануға, мақтануға тұрмайды. Шындап келгенде, бауыр етің бала да мақтаныш етуге, таяныш көруге тұрмайды екен. Аллаһқа, ақыретке бет бұрғанда ғана олар өміріңнің мәні мен мазмұнына айналады, ізгілер қатарына кіріп, бақилық дәрежесін иеленеді. Ұрпағың салиқалы құлдар қатарына кіргенде ғана ол осы өмірде себіліп, ақыретте мол жемісін төгетін мәуелі ағаштың дәні болмақ.
Құран кәрімде адамның өмір сүру принциптері ретінде алға шығатын осы аталғандар мәңгілік бақытқа бастайтын ең ізгі құндылықтар болып табылады. Дұрыс өмір сүру Құранның әжзәна-и күбрасы (үлкен дәріханасы) мен Расулу-әкрамның (Ардақты елші) ең берекетті қолымен қалаған жүйесін ұстану арқылы ғана іске аспақ. Уахи мен сүннеттің әуезді үніне құлақ түріп, өмірлік ұстаным ету әркімнің пешенесіне қарай бұйыратын бақ деп айтуға болады.
11. Мейірімді болу
Құран кәрім адамға, Әйюб пайғамбардың қиссасында айтылғандай, түрлі қиындықтарға тап болғанда, дереу Аллаһқа сиынып, рақымын еске алу керектігін үйретеді[10]. Иә, Аллаһтың қамқорлығы (рахман) мен мейірімділігіне (рақым) арқа сүйеу өзіміздің әлсіздігіміз бен дәрменсіздігімізді мойындап әрі Хақ тағаланың барлық нәрсеге құдіреті жететіндігіне шын көңілден илана отырып, өзіміз үшін, отбасы, бала-шаға, жақындарымыз үшін Жаратушыдан көмек сұрауды, медет тілеуді білдіреді. Бұған қоса, басқаға мейірімділік танытуы – кісінің өзінің де мейірімге бөленуіне себепші болмақ. Басқаларға мейірімділік танытқанға Аллаһ та мейірімділік танытады.
Ардақты Елші (с.а.с.): «Жердегілерге мейірімді болыңдар, Мәла а-ла тұрғындары (көктегілер немесе Аллаһ) да сендерге мейірімділік танытады»[11], – дейді.
Шындап келгенде, қазаға ұшырау, жол-көлік апатынан қайтыс болу өлімнің шынайы мәнін түсіндіріп бере алмайды. Шын өлім – адамның адамшылықтан ажырауы, ақыретке сенбеуі, сезімі қасаң тартып, көңілін кір басуы.
Иә, ең үлкен қасірет – үй ішін жалмап бара жатқан өртті байқамау, баласының рухани азғындап, іштей іріп-шіріп бара жатқанына жан ауыртпау, мән бермеу.
Әке-шеше үй ішін әкетіп бара жатқан өртті бай-қамаса, бұдан өткен сорақылық пен бақытсыздық, бұдан өткен еренсіздік пен көзсіздік болмас, сірә. Ондай кісілерді тура жолдағылар деп айтудың өзі қиын. Ондай көрсоқырлар мұндай аянышты күйге түскеніне налуы, еңіреп жылауы тиіс, әй бірақ, жылау үшін де адамға жүрек керек емес пе?!
12. Адамдық шыңы
Адамгершіліктің жойылуы – адамзат үшін ең қорқынышты апат, сондықтан рухани сансыраған адамдар үшін Құранның адамгершілік қағидалары – ең зәру шипа. Құран кәрім «Біз адамды ең көркем бейнеде жараттық. Содан кейін оны төмендердің ең төменгі дәрежесіне түсірдік»[12] дейді.
Бұл аятты былайша түсіндіруге болады: әуелі біз адамға ең көркем бейне дарыттық, артынша оны ең төменгі дәрежеге түсірдік. Яғни, «Үнемі иманы мен ізгі амалдарынан күш алып, қанаттануы арқылы пенденің өз нәпсісімен күресіп, бірде жығылса, енді бірде қайта еңсе тіктеп, адамдықтың шыңына жетуін қаладық» дегенге саяды.
Бұл аят аптап ыстықта мұздай суды сіміргендей жүрекке қуат беріп, адамдықтың шыңына жетелей түседі. Құдды күнәға белшесінен батып, пендешіліктен аса алмай, құлдырап кеткен адам баласын жамандық атаулыдан арылтып, адамдықтың ұшар биігіне, шыңына тартатындай. Тақырыпқа қатысты Құранның басқа да айшықты тұстарына алдағы бөлімдерде тоқталмақпыз.
[2] «Қасас» сүресі, 28-77 аяттар
[3] Бұхари, Иғтисам, 14, Әнбия; Мүслім, Ілім, 6.
[4] «Исра» сүресі, 17-70 аяттар
[5] Бұхари, Иғтисам, 14, Әнбия; Мүслім, Ілім, 6.
[6] Муатта, Хүснүл-хулуқ, 1.
[7] «Қалам» сүресі, 4-аят
[8] 137-аят
[9] 46-аят
[10] «Әнбия» сүресі, 83-аят
[11] Тирмизи, Бирр, 16; Әбу Дәуіт, Әдеп 58.
[12] «Тин» сүресі, 4-аят
- жасалған.