Тарих және философия «ақырет бар» дейді
Хашір сенімі тұрғысынан тарихтың айтқандарына зер салсақ, алғашқы адамның пайда болуынан бастап осы күннің адамдарына дейін жүрегінде ақыретке деген сенімнің әрқашан болғанын айтады. Уильям Дурант өркениет тарихындағы көптеген халықтарда өлімнен кейін қайта тірілу түсінігінің қалыптасуын, жерлеу дәстүрі мен соған сәйкес мазарат қабырғаларындағы жазбалармен және мазараттың кіре берісіне салынған суреттердің табылғанымен байланыстырады. Әлемнің ең алғашқы материалистері болып саналатын перғауындардың өзі өлгеннен кейін тірілуге сенетін. Перғауын мазарындағы қазба жұмыстарында мынадай жазулар табылған: «Адамдар өлгеннен кейін күнәһарлардың түрлері қорқынышты бейнеге еніп, жердің астында мәңгілікке қалады, ал таза, саф рухтар періштелерге қосылып мәңгі өмір сүреді».
Осы сенімге байланысты перғауындар мазарларына ішетін азық-түліктерін сусындары, ең қымбат киімдері мен сәндік әшекейлерін өздерімен бірге көмдірген. Түсініктері дұрыс болмағанымен ақыретке деген сенімдері оларды осылай жасауға итермелеген. Сонымен қатар, мазарларының кіре берістеріндегі қабырғаларға балық пен жыланның суреттерін салып, құдайларына сол суреттердің ұнайтынына сенетін. Осының өзі олардың өлгеннен кейін басталатын екінші өмірге сенгендерін дәлелдейді. Себебі, осы салған суреттері арқылы құдайларының ризашылығын алатынына, солайша ақыретте рахат бір өмірге кенелетініне сенетін.
Сонымен қатар «өлілердің кітабы» деп аталатын, өлген адамдармен бірге көмілетін өсиетнамалар мен дұға ретінде жазылған бұл жазбаларда өлген адамның атынан «Сәлем саған, ей, Ұлы Тәңір! Бұл жерге Сенің мәңгілік жүзіңді тамашалау үшін келдім. .... Мен ешкімге зұлымдық жасамадым. Қиянат көрсеткен жоқпын. Ешкімді өлтіргем жоқ. ... Жағдайымды саған айту үшін алдыңа келдім. Бар арманым – сені көру.» Міне, осы немесе осы тәріздес жазулар сол кезеңдегі адамдардың бойында ақыретке деген сенімнің болғанын айғақтайды.
Адам баласы жер бетінің әр бұрышында, түрлі мәдениеттердің негізін қалап, әр түрлі кезеңдерде өмір сүргеніне қарамастан олардың мазараттарын ашып қарасақ өткен уақыттың жанайқайындай «мәңгілік, мәңгілік!» деген үнін естиміз.
Белгілі тарихшы Шәхристани «Адам өмірге белгілі бір міндет үшін жіберілген. Міндетін жақсы орындағандар нұрға бөленіп, көк әлемі тұрғындарының арасына қосылады. Орындай алмағандар жердің астында мәңгілікке көміледі»,– деген Зороастрдың сөзін келтіреді.
Негізінен, бұл сөйлемдер қайта-қайта аударылғандықтан сөз астарындағы нәзік қалтырыстар едәуір өзгеріске ұшыраған. Алайда айтылмақ болған ой сол қалпында сақталған. Әрине, ең маңыздысы – осы мағынаны дәл бере білу.
Мысырда Перғауын перғауындық қасиетіне қарамастан өлгеннен кейін тірілу үшін жанталасса, Иранда да Зороастр мен оған мойынсұнушылар дәл сол жанталасты қайталаған еді.
Үндістан – жүздеген діннің орталығы болып саналады. Бәлкім, бір дінге бағынған атақты адамдары мен сол діннің ұлыларын уақыт өте келе жеке-жеке дін құрушысы деп есептеп, осындай қателіктің салдарынан көптеген бұрыс діннің пайда болуы да ықтимал. Бірақ, осы бөлек-бөлек діндердің тұжырымдары тоғысатын бір-ақ мәселесі бар. Ол – рухтар өмірінің жалғасатындығы. Ислам негіздері бойынша қате болып саналатын тәнәсух сенімі (реинкарнация, яғни адам өлгеннен кейін рухының басқа жаратылыс бейнесінде қайтадан дүниеге келуі) Үндістанда кең тараған. Сондықтан олардың сенімдері мен ақидалары дұрыс болып саналмайды. Алайда, біздің қарастырып отырған мәселеміз рухтардың өлмейтіндігіне деген сенімдері. Тәнәсух мәселесінің өзінде ауызбірлікке келе алмаған бұл діндердің кейбіреуінде тоқтаусыз бір денеден екінші денеге өтетін тек қана жаман рухтар деген түсінік қалыптасқан. Кейбіреулері барлық рухтар осындай құбылысты басынан өткізеді дейді. Алайда, екі көзқарастағылардың тоғысатын бір арнасы – рухтар осы құбылыстардың қайталануын басынан өткізіп, ең соңында бір кейіпте қалатындығы.
Будда сеніміндегілер рухтардың үнемі бір денеден екінші бір денеге өту азабына келісе алмайды. Сондықтан, будда түсінігі бойынша рухтар үшін қайта-қайта ауыса беретін өмір жоқ. Бәлкім, бастапқы кезеңде осындай қысқаша бір кезеңді басынан өткізуі мүмкін. Бірақ, негізгі мәселе рухтардың Нирванаға жетіп тоқтауы. Бұл дененің Жаратушыға оралуы дегенге саятын түсінік.
Бүкіл үнді әдебиетінен олардың ақыретке деген сенімнің жарқын көрінісін аңғаруға болады. Оларда өлген адамның сүйегі өртеледі. Бұл әрекет тәнәсух ақидасынан туындаған болуы мүмкін. Мақсаттары – рухтың қайтадан дәл сол денеге еніп, қайтадан азапқа душар болмауын қамтамасыз ету. Бұл – олардың ақыретке деген сенімінің бар екендігіне дәлел. Грек тарихшысы Гомер рухтардың панасы жайлы жиі–жиі айтады. Ол осы өмірде адам тәніне ұялап, өздерін көрсеткен рухтардың басқа бір әлемде паналары бар екенін қабылдайды.
Ақырет күнінде қайта тірілу тақырыбына қатысты ойлар Пифагорда да бар. Оның пікірі бойынша рух таза болса, жоғары әлемнің жоғары болмыстарына қосылады. Ал жағдай керісінше болса, рух жан-жағын жалын шарпыған жер жүзінде қамалып қалады. Шындығында адамдар өз болмысы мен адами негізінде қайта тіріледі. Әркім өз болмысымен қайта жаратылады.
Сократтың өз ойын кітап ретінде жазып қалдырмағаны белгілі. Оның ой-пікірлері Платон және оның шәкірттері арқылы жеткізілді. Сократтың өлім жазасына кесілуінің басты себебі; ақыретке сеніп, жастар арасына осы пікірді жаюы болатын. Платон оның осы пікірін қолдаған әрі көптеген дәлелдер келтірген. Осы дәлелдердің кейбіреуін назарларыңызға ұсынайық.
Табиғат – парасат дәлелі. Адам биік бір парасат үшін яғни қайырымды істер істеу үшін жаратылған. Оның парасатқа қол жеткізуі хайуандық және тәндік сезімдерден құтылу арқылы болады. Бұл – адам баласы үшін жалған қызықтардан бас тарту деген сөз. Яғни, нәпсінің тәннен бөлінуі болып табылады. Олай болса, адам баласының өз нәпсісіне қарсы келіп, тән рахатынан мақұрым қалуына разы болуы – кейіннен қауышатын бір өмірдің бар екеніне дәлел.
Үздіксіз қарама-қайшылықтар дәлелі. Осы өмірде қарама-қайшылықтар сәт сайын бір-бірімен алмасып жатады. Көктемді қыс, қысты көктем; қараңғылықты жарық, жарықты қараңғылық; түнді күндіз, күндізді түн; өмірді өлім, өлімді өмір қуалайды. Демек, осынау бірсыдырғы өмірдің өлімі де, артынан жаңа өмірді бастауды қажет етеді. Жарықтың қараңғылықты қуалағаны секілді осы қараңғы өмірдің соңынан жап-жарық ақырет өмірі басталады.
Есте сақтау дәлелі. Адам кейде алғаш рет көріп отырған нәрсесін бұрын да көрген секілді күй кешеді. Асылында ол әлгі құбылыспен бірінші рет жүздесіп отырғаны анық. Өмір – бір-біріне ұқсамайтын құбылыстардың бір-бірін қуалауынан тұрады. Демек, біздің есімізге түскені – осы жерге келместен бұрын басқа бір әлемде көрген немесе жасаған іс-әрекеттеріміз болып шығады. Олай болса, бұл әлем басқа бір әлемнің жалғасы және одан кейін болатын өмірдің бастауы.
Негізінен осы соңғы дәлелде тәнәсух ақидасының исі сезіледі. Платон да осыған сенген. Алайда біз бұл мәселені Платонның ақыретке деген сенімі тұрғысынан ғана сөз етіп отырмыз.
Аристотель былай дейді: «Адамда денесінен тыс жеке бір болмыс бар және ол мәңгілік» Аристотель материалис-тер тарапынан қолдау тапқан философтардың бірі. Соған қарамастан ол ешқандай дәлелге сүйенбеген мәңгілік бір болмыс жайында сөз қозғайды. Қабірде адамның еті ағып, сүйегі шіруі мүмкін, дегенмен қабір адамның болмысын өзіне толығымен бағындыра алмайды. Демек, мазарды, материяны, денені және дүниені асып, о дүниеге қанат жайып қалықтайтын жеке басты бір болмыс бар.
Стоицизм мектебінің басты өкілі Зенон: «Адамның денесінен тыс тағы да бір болмыс бар. Адам өлгеннен кейін сол болмыс өмірін жалғастырады,» – дейді. Бұл мектептің моральдық ұстанымы бар. Осы қағиданың астарында «Мына ғаламды осыншалық әсем жаратқан, адамға деген сүйіспеншілігі үшін ғаламды бір ретпен тәртіпке келтірген Жаратушының адамды өлтіргеннен кейін қайта тірілтпеуі мүмкін емес» , – деген мағына жатыр.
Гераклит осы мәселе төңірегінде ойын былай өрбітеді: «Адамдар екінші мәрте тірілгенде жұлдыздардың айналасын қоршаған отты шеңберде тіріледі. Ол жерден құтыла алмаған азғын рухтар сол оттың ішінде азап тартады. Пәк рухтар олардың арасынан бөлініп, көк әлеміне көтеріледі. О дүниенің аспанында жұлдыз болмайды. Жұлдыздардың бәрі төгіліп, осы өмірдің айналасын қоршап тұрады да, содан тозақ құрылады».
Ишрақия мектебі түлектерінің арасында танымал мұсылман ғұламалар да бар. Сухрәуарди, Халлаж Мансұр және өз дәуірінің имамы болып саналатын Мұхиддин ибн Араби осылардың санатында. Ишрақия мектебі Испанияда мұсылман философтар тарапынан қабылданып, жаңа платоншы (Неоплатонизм) мұсылман әлемін түгелдей қамтыған. Неоплатонизмнің барлық мектептері мен медреселері өлгеннен кейін тірілуді осы өмірдің қажетті жалғасы деп қабылдаған. Осының бәрін қарап отырсақ философия тарихы (Эпикур мен Демокрит сияқты көздері материядан басқа еш нәрсе көрмейтін шикі ойлы, шектеулі көзқарастағы бірнеше ойшылдарды ескермегенде) ақырет ақидасына, рухтың бақилық екеніне сенген және осы мәселеде сөз қозғаған мыңдаған философтардың пікірлері бір арнада түйіскен. Декарттың Аллаһтың бар екендігі және рухтың өлімсіздігі жайлы жазған «Саниха» деген кітабы бар. Қарастырып отырған тақырыбымыз бойынша жүрек түкпіріндегі пікірлерін жинақтаған автор осы кітабында алғаш рет нәпсінің жеке табиғатын және оның өлімсіздігін баянды түрде дәлелдеп, сараптама жасаған. Декарт рухтың қалайша бақи болатынын басқа шығармасында түсіндіретініне уәде еткен, бірақ қолымыздағы кітаптарының арасында осы тақырып бойынша жазылған кітап табылмаған. Алайда «Саниха» атты кітабында ақыретке байланысты мәселелерге өте тамаша сараптама жасағаны сондай, екінші кітапқа деген мұқтаждық сезілмейді.
Декарттан кейін де теолог-философтар болған. Мысалы Лейбниц пен Спинозаны алайық. Лейбниц монадтар принципін қолданады: «Монадтар мәңгілік өмір сүруге дайын тұр. Алайда бұл жерде уақыт шектеулі. Сондықтан мәңгілік өмір сүру мүмкін емес. Ол үшін уақыт шексіз болуы қажет. Демек, монадтар үшін мәңгілік өмір сүре алатын уақыты шексіз бір ғалам болуы керек. Олай болса, әрбір тұлға монадтарын мәңгілік өмір сүргізу үшін мәңгібақи өмір сүруі қажет» .
Спиноза бұл мәселені жалпыландырады. Ол тұлға ретінде емес, жалпы, топ ретінде және бірегей болмыс ретінде бір өмір сүрудің болатынын айтады. Ғалым осы пікірі арқылы уахдәту ужуд[1] ақидасын қабылдайды. Мәселені күні бүгінге дейін созып, хашір ақидасына сенген философтардың қатарына Паскаль мен Бергсонды да жатқыза аламыз.
«әл-Маарри» – дінсіз ақын. Кей жерлерде діни тақырыптарды мазақ етеді. Соған қарамастан ол да «Рисалатул-Ғуфран» атты шығармасында Құран Кәрімнен үзінділер келтіріп, хашір күнін бейнелейді.
Данте болса жәннат, жәһаннам және Ағраф суреттемелерінде Маарридің егізі секілді.
Діннің жауы болса да хашір ақидасы жайлы осы және осы секілді негізде сөз қозғаған мыңдаған ақындар мен әдебиетшілер бар. Иә, хашір ақидасы – дұшпандарына да өзін мойындатқан ұлы ақиқат.
[1] Уахдәту ужуд – Жаратушыдан басқасының бәрінің елестерден тұратынына, Аллаһтың ғана ақиқат екеніне сену.
- жасалған.