Илаһи кітаптар және ақырет
Құран Қәрімнің бестен үш бөлігі ақырет жайлы сөз қозғайды. Бұл тақырыпқа байланысты жоғарыда бірнеше мысалдарды келтіргендіктен бұл жерде соларға сілтеме жасаумен ғана шектелеміз.
Тәурат – Хз. Мұсаның (а.с.) өмірден озуынан бастап, күні бүгінге дейін бірнеше мәрте өзгеріске ұшыраған. Тіпті, Мұхаммед Пайғамбардың (с.а.у.) кезіндегі Тәуратта бар кейбір аяттарды қазір таба алмаймыз. «Қысас» аяты осының бір дәлелі. Тәурат толығымен өзгеріске ұшыраған. Негізгі мағынаны қамтыған қасиетті сөздердің орнын уақыт өте келе теріс пікірлер басқан. Соған қарамастан Тәуратта ақыретке байланысты көптеген мәселелер сақталып қалған.
Інжіл – бір жағынан осы Тәураттың өзгеріске ұшыраған ойларын жөндеу үшін, сол қалпында қалған аяттарды қостау үшін келген. Ол кезеңнің Тәуратында ақыретке қатысты мәселелер айтылғандықтан, Інжіл осыларды растаумен ғана шектеліп, мәселенің қыр-сырын ашпаған. Соған қарамастан біз оның кей жерлерінен ақыретке қатысты аяттарды таба аламыз.
Матта Інжілінің «Исхах» бөлімінде мынандай аяттар бар:
«Кім осы өмірде жақсы амалдар жасаса, ол Раббысының құзырына көтеріледі».
«Мүсәпірлерге сүйінші! Олар рухани әлемге көтеріледі».
«Мейірімділерге сүйінші! Олар арғы дүниеде Аллаһтың мейіріміне қауышады».
«Тақуаларға сүйінші! Олар тәңірлерін көреді».
«Жер мен көк патшалығы мынаған ұқсайды: диқан топыраққа тұқым себеді. Ол тұқымдар өсіп-өніп, көкпен таласа биіктей береді. Араларында тікендер де өседі. Мұны көргендер егіс алқабының иесіне келіп: «Мырзам! Сіз еккен егіс жайқалып өсті. Алайда мына араларындағы тікендер не үшін?» – деп сұрайды. Диқаншы оларға: «Ол да, бұл да керек!» – деп жауап береді. Хауарилер Мәсіхтен: «Бізге мұны түсіндірші!» – деп оның мәнін сұрайды. Мәсіх: «Иә», – деп, оны былайша түсіндіреді: «Ол тұқымдарды сепкен – Аллаһ. Алқап болса – жер жүзі. Егілген тұқым – адамзат. Жайқалып өскен егіс – жақсы амал жасаған адамдар. Тікендер болса – кәпірлер. Бұл жерде жақсы мен жаман бірге өмір сүреді. Бірақ, ақыретте жақсылар рухани көкке көтеріледі. Жамандар тозаққа түседі».
Матта Інжілінің «Исхах» бөлімінде былай айтылады:
«Ол күні патша келеді. Жақсы адамдар оң жағына, жаман адамдар сол жағына келіп тұрады. Патша жақсыларға былай дейді: «Бүгін сіздерге сый тарту етемін. Себебі, өмірде болған кезімде аштықтан ішім бұратылғанда Мені тамақтандырдыңдар, шөлдегенде шөлімді қандырдыңдар. Тұтқынға түскенде құлдықтан құтқардыңдар. Жолда қалғанымда, үйлеріңе паналаттыңдар». Олар патшаға қарап: «Жаратушы Иеміз! Сен қалайша аш қаласың, шөлдейсің, тұтқынға түсесің және жолда қаласың? Себебі, Сен – жаратушысың!..» – дейді таңданыспен. Аллаһ оларға: «Өмірде менің әлсіз және ғаріп құлдарым бар еді. Өздерің де білесіңдер, оларға жегізіп, ішкізгенде тура маған ішкізіп, жегізгендей болдыңдар. Оларды тұтқындықтан босатқанда және үйлеріңе алып, паналатқандарыңда тура сол жақсылықтарды Маған жасағандай болдыңдар», – деп жауап береді.[1]
«Сосын Жаратушы Иеміз сол жағындағыларға қарап былай дейді: «Сендерді бүгін азапқа саламын. Себебі, сендер мен аш қалғанда еш нәрсе бермедіңдер, шөлдегенде сусын бермедіңдер. Жолда қалғанымда үйлеріңе паналатпадыңдар. Тұтқынға түскенде босатпадыңдар.» Олар да тура алдыңғылар секілді: «Ей, Раббымыз! Сен қалай ғана аш қаласың, шөлдейсің, жолда қаласың және тұтқынға түсесің?» – деп сұрақ қояды. Сонда патша: «Сендер білмейсіңдер ме? Егер менің кейбір құлдарым өмірде аш қалғанда тойдырып, шөлдегенде су берсеңіз, жолда қалғанда үйлеріңе паналатып, тұтқынға түскенде бас бостандығын алып бергендеріңде осы жақсылықтардың бәрін Маған жасағандай болатын едіңдер», – дейді.»
Інжілде осыған ұқсас көптеген аяттарда Құран Кәрімнің айтқандарына сәйкес ақыретке қатысты бірқатар мағыналас мәселелер баяндалған. Бірақ, бүгінде сөздің негізгі арқауы ешқандай өзгеріске, бұрмалауға ұшырамаған Құран Кәрім болмақ. Біз бұларды жоғарыда Құран Кәрімнің ақыретті дәлелдеу әдісі бөлімінде жалпылама түрде болса да айтып өткен болатынбыз.
[1] Бір хадис шәріпте осы мәселе біршама өзгешелеу баяндалған. Пайғамбарымыз (с.а.у.) Інжілді оқымаған, не болмаса бұл сөздерді естіген емес. Демек, екі пайғамбардың да қайнары бір болғандықтан, екеуі де бірдей мәселелерді баяндаған.
- жасалған.