ТАҚУА

Тарихшылар және әлеуметтанушылар ХХ ғасырдағы Түркия тарихын жазарда Фетхуллаһ Гүлен есіміне елеулі орын беретініне сенім мол. Өйткені, оның қызметі мен миссиясы қазіргі таңда тек Түркия емес барлық дүние жүзінде мойындалып келе жатыр. Әсіресе оқу-ағарту саласындағы орасан еңбегі, мәдениеттер арасындағы диалог жұмыстары, ислам дінін қазіргі заманға лайықтап насихаттауы, адам құбылысына деген құрметі, әлемдегі бейбітшілікті сақтау үшін жүргізіп жатқан күресі және тағы да осындай көптеген қасиеттері оның есімін әлемге паш етті. Қазіргі таңда дүние жүзінің көптеген елдеріндегі жоғары оқу орындарында Гүлен қызметінің ғылыми-теориялық және практикалық жағы сарапқа салынып, жан-жақты зерттелуде. Үлкен ғұламаларды түсіну және оны халыққа жеткізу әрине, оңай емес. Алайда, оның өскен ортасы, жасап жатқан еңбектері, адамзаттың құндылықтарына қосқан үлесі өз алдына жеке әңгіме.

Фетхуллаһ Гүлен 1938 жылы Түркияның Эрзурум қаласының Хасанқала ауданы Қорыжық ауылында дүниеге келген. Жеті ағайынды Гүленнің отбасы діндар еді. Әкесі Рамиз мырза мешіт имамы, мемлекет қызметкері болып жұмыс істеген. Анасы Рәфиға ханым балаларының тәрбие ісімен айналысты. Төрт жасында Құран Кәрімді оқуды шешесінен үйренген ол он бір жасында қари атанады. Гүленнің ата-анасы өте тақуа болғандықтан балаларының діни сауат алуына қатты көңіл бөлген. Сондықтан оған алыс-жақын медреселерде діни сауатын жетілдіруіне қолдан келгенше жағдай жасаған.

Гүлен әкесінің ауылды жерде көбірек қызмет істегеніне байланысты бастауыш мектепті ғана бітіреді. Негізгі білімді медреседе алған. Онда оқып жүргенде ұстазының берген тапсырмаларын тез-тез орындап, қалған уақыттарында діни кітаптар арасына жасырған Батыс пен Шығыс классиктерінен бас алмайды. Оның оқуға, үйренуге деген құлшынысы ұстаздарын таңғалдырған. Өзімен жастылардың бір жылда оқитын дәрістерін алғырлығы арқасында бір-екі айдың ішінде үйреніп шыққан. Сондықтан болар, Гүлен әкесінің және ұстаздарының қолдауымен қайнаған өмірге ерте араласқан. Он бес жасында мешітте уағыздар бере бастаған.

1957 жылы дін істері басқармасының сынынан сүрінбей өтіп, мемлекеттік қызметке ауысады. 1957 жылы Амася, Тоқат, Сивас, 1959 жылы Едірне 1965 жылы Қырықларели қалаларында бас уағызшы болып жұмыс істейді. 1966 жылы Измир қаласына бас уағызшылыққа тағайындалады. Онда ол уағыз айтумен бірге, Измир қаласындағы Кестана базары атындағы Құран үйрету орталығында қосымша қызмет атқарады. 1981 жылы денсаулығына байланысты уағызшылдық қызметінен босайды. 1989 бен 1992 жылдары қайта қызметке кіріскенмен, тағы да денсаулығы көтермей уағыз айтуды тоқтатады. Содан кейін Гүлен қоғамдағы бірлік пен ынтымақты нығайту мақсатында алдымен Түркияда тұратын басқа ұлт өкілдерінің діни лидерлерімен диалог бастап, Ватиканда Папа Иоанн Павел ІІ-мен кездеседі. Бұл жүздесу Түркияның бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен орын алды.

Гүлен 1994-1999 жылдар аралығында Түркияның беделді телеарналары мен газет-журналдарына көптеген сұхбаттар беріп, сол тұстағы Түркия президенттері Тұрғыт Өзал, Сүлеймен Демирел және премьер-министрлері Тансу Чиллер, Бүлент Эжевит, Месүт Йылмаздың әлденеше рет қабылдауында болды. Ол атқарып жүрген рухани жұмыстарын мемлекеттің тиісті органдарымен ақылдасып, іске асыруды жөн санады. Ел пікірімен санасып отырды.

1999 жылы денсаулығына байланысты Америкаға барып, бірнеше рет жүрегіне операция жасатты. Қазір дәрігерлердің бақылауында. Ұшақпен ұзақ ұшуға дәрігерлердің рұқсат бермеуінен өз Отанына келе алмай жүр.

Фетуллаһ Гүленнің өмірін зерделеген кезде оның уағыз айтудағы әдіс-тәсілдеріне қарап, жай адам емес екенін бірден байқауға болады. Ол қоғамдағы рухани құлдырауды тоқтатуға күш салды. Гүлен біріншіден, мешітке жиналған жамағатты өзіне тарта білу қабілетімен, екіншіден, тыңдаушы қажет еткен тақырыпты тап басуымен көзге түсті. Мысалы, Алланы тану, білу және оған деген сүйіспеншілік, ақырзаман, имани құндылықтар, отбасы, Құран, хадис, намаз, зекет, қажылық, ғибадаттар, ислами тәлім-тәрбие және Пайғамбарға құрмет сияқты құнды тақырыптарды мешіттің мінбесінен халыққа сүйіспеншілікпен жеткізді. Оның әр уағызы бейнетаспалармен көбейтіліп, Түркияның барлық қалаларына, аудандарына, ауылдарына дейін тарады. Халық оны мәжіліс залдарында, шайханаларда сүйсіне тыңдады. Жұртпен жүздескенде олардың сұрақтарына нанымды да терең мағынада жауап бере білді. Гүленнің басқаға ұқсамайтын бұл қасиеті жамағат алдында оның беделін көтеріп, тыңдаушының сенімін күшейтті.

Гүлен бір жағынан мешіттерге жиналған мұсылман қауымының діни сауатын ашса, екінші жағынан білім беру жұмысында үлгілі шәкірт тәрбиеледі. Оның шәкірттері шетінен талантты және білімді болды. Өйткені, Гүлен айтқанын іске асырушы, яғни сөзіне ісі сай ғұлама ұстаз еді. Ол Құдайдан қорықты. Қарапайым тірлік кешті. Құран үйрететін орталық ғимараттың шағын үйшігінде тұрды. Тіпті Құран үйрету орталығына кіріп тамақ ішпейтін. Оның бұл тақуа өмірі оқушылары мен қызметтес жүрген достарына да ерекше әсер етті. Гүлен болса бұл өмір кезеңдерін алтын жылдарым деп әркез еске алатын. Исламдағы тақуалықты білмейтіндерге оның бұл әрекетін түсіну қиын. Бірақ тақуа адамдардың өмірінде мұндай кезеңдер жиі кездесіп тұрған. Мысалы, Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың 63 жастан кейінгі өмірін жердің астында өткізгені бұл сөзіміздің дәлелі.

Фетхуллаһ Гүленнің дінді насихаттаудағы ықыласы мен шынайылығы оны тыңдағандарға қатты әсер берді.  “Елім, жерім, дінім, болашағым!”, – деп мешіттің мінбесінен айтқан уағызына тыңдаушылар ұйып қана қоймай, көздеріне жас алғанына талай куә болғанымыз бар. Содан Түркияның тағдыры өз тағдырыммен бір деп білетін ұрпақ қалыптасты.

Гүлен озық ойымен жамағаттың бір жағынан діни сауатын ашса, екінші жағынан болашақ үшін, ұлт үшін жұмыс жасады, санасын оятты. Зиялы жан мектеп ашуға, халыққа білім беру ісіне өлшеусіз септігін тигізді. Оның тәлім-тәрбиесін алған шәкірттері жер-жерде ерекше үлгідегі мектеп салу ісіне кірісті. Алғаш Измир қаласында бой көтерген білім ұяларының негізгі ерекшелігі оқу және тәрбиеге, өз мемлекетінің берік болуына, оған әр жастың өз үлесін қосуына арналды. Сөйтіп Гүлен елге екінші қырынан танылды.

Гүлен – білім мен тәрбиені бірінен бірін ажыратпай қарастырды. Оның ойынша білімге қоса, жеткілікті тәрбие берілмесе, онда өмірде біртіндеп материалдық көзқарас үстем болады, деді. Бұл парақорлықты, зинақорлықты, зұлымдықты көбейтіп, бірлік пен ынтымақты бұзады. Фетхуллаһ Гүленнің бұл ұстанымын мына бір сөздерінен байқауға болады: “Ғасырымызда адамзатқа төніп тұрған қауіп бұрынғыдай надандықтан емес, қайта білімдіден келіп отыр. Сондықтан білімдінің білімін біржақтылықтан құтқару үшін оған міндетті түрде руханиятты қосу керек, рухани құндылықтардағы имани, аһлақи тәлім-тәрбиемен ұштастыру керек. Яғни, білімділер сол біліммен бірге руханият саласында да тоғышарлықтан аулақ жүруі тиіс. Сонда елдің елдігі, ұлттың ұлылығы сақталады”.

Гүленнің ағарту саласындағы екінші дәстүрі оқытудан гөрі үйрету ұстанымын алға шығарады. Оның түсінігі бойынша қарау мен қору бірдей емес, сол сияқты оқу мен үйрену де бірдей емес, оқыған нәрсеңді жүрекке тоқымайынша ол оқудың да, оқытудың да ешкімге ешқандай пайдасы тимейді.

Гүленнің үшінші ұстанымы ұлтының болашағын ойлайтын бүгінгі күннің аға буыны материалдық және рухани жағынан болашақта жаны таза ұрпақ өсіруге барынша күш салу керек. Білім беру тек білім министрлігінің немесе мұғалімнің жұмысы деп қарамаған жөн. Әркім қолдан келгенше жас буынның терең білім және тәрбие алуына үлесін қосуы тиіс. Ағаш дәнексіз жаңарып көбеймесе, адам да болашақ ұрпақсыз өсіп өркендей алмайды. Балаларын жауапкершілікпен өсірмеген әрбір ұлттың мәңгүрттенетіні хақ. Ертеңгі күні қоғамда жат қылықтар көбейсе, оның кінәсін сол ұрпақты тәрбиелегендерден де көру керек. Ертең өз ұрпағымыз өзімізді балағаттамасын десек, бүгіннен бастап болашақтың тәлім-тәрбиесіне барлық ұлт боп үңілуіміз қажет.

Төртінші ұстанымы, адам баласы туғаннан білуге, үйренуге талпынады. Балалық сатыдан өтеді. Ақыры кәмелетке жетеді. Бұдан кейін дүниеге не үшін келгенін естен шығармай, Ұлы Жаратушының  берген ұлы кемеңгерлігін, сол Жаратушыны шынайы танып білуі керек. Өйткені, Құдай тағаланың адам баласын жаратудағы түпкі мақсаты осында жатыр.

Гүленнің бесінші ұстанымы, болашақ ұрпақты тәрбиелеуде отбасы, өскен орта, мектеп және бұқаралық ақпарат құралдарының өз жауапкершілігін сезіну керектігі. Егер бұл төрт ұғым бір-біріне сай болып, бала тәрбиесіне өз үлестерін қоспаса, онда қоғамда қайшылықтар көбейеді. Әке-шеше бейәдеп БАҚ-тан баласын қорғай алмаса, өскен ортасымен санаспас, жүз жерден білімді болса да ол ұрпақ ұлттық құндылықтарды сақтай алмайды, азып-тозуға бет алады.

Гүлен бұл қанатты қағидаттарын өзінің уағыздарында халыққа жеткізіп, қазіргі заманға сай үлгілі мектептер үлгісін насихаттады. Оның айтқандарын  көңіліне тоқығандар Түркияда және әлемнің көптеген елдерінде білім ұяларын ашты. Олардың бәрі де білім және тәрбие берудегі ерекшелігімен көзге түсті. Оның ешқайсысында да діни сабақ берілмейді. Діннен гөрі рухани тәлім мен тәрбиеге қатты көңіл бөлінеді және осы мектептерде сабақ беретін мұғалімдер болашақ ұрпақты дайындауға лайықты, қабілетімен ой-санасы биік болу керек деген шарт қойылады. Бұл шарт қатаң талап етіледі. Ол мектептердің екінші бір ерекшелігі, ең соңғы технология жетістіктерімен қамтамасыз етіліп, теория мен практика қатар жүргізіледі. Қысқасы, адамзатқа пайдалы, ұрпаққа тиімді болуы мақсат етіледі. Әр оқушы бар мүмкіншілігін адамзат пайдасына жұмсауға тиіс деген қағида ұсынылады.

Фетхуллаһ Гүлен өз бастауымен ашылған мектептердің ешқайсысына да өзі иелік етпейді. Халықтың мектептері деп есептейді. Ол ұйымдастырғанмен қаржыландырып жатқандар үлгілі ұрпақ өсіруді армандаған бұқара халық. Сол білім ұяларын өз есімімен байланыстырғандарға Гүлен: “Ол жерде жұмыс істеп жатқан ұстаз қауымына, қолдау көрсетіп отырған халыққа қиянат жасамаңдар. Мен ұлт ұрпағына иненің жасуындай пайдам тисін деп сол жолға өмірімді арнаған қарапайым түрік адамымын. Бұл үшін атақ аламын деу, маған құрмет көрсет деп міндет арту артық болады. Барлық сый-құрмет адамзаттың пайдасына жұмсалсын. Мен мектептерде қызмет істеп жатқандардың, ұлт ұланының тілегін тілеушімін”, – деп жауап беруде.

Қазір Гүлен ізбасарлары ашып жатқан мектептер көбінесе қайырымдылық қорлары немесе жекеменшік фирмалардың демеушілігімен шаңырақ көтереді. Және ол мектептер білім және ғылым министрлігіне бағынады. Бұл – білім ұялары қадағалауда, бақылауда болады дегенді білдіреді. Ондай мектептердің жетістігін ерекше атауға тұрады. Олардың Республикалық және халықаралық білім сайыстарында атағы жер жарып келеді.

Бұл Гүлен қызметінің жемісі мен жеңісі деп білеміз. Ел бірлігі мен ынтымағын, ата салтын ойлап бар саналы өмірін осы жолға арнаған Фетхуллах Гүленнің Отанына тигізген еңбегінің бір саласын ғана біз аз-кем атап өттік. Бәрін айта берсек бір мақалаға сыймасы анық. Осының өзінен қазақ оқырмандары біраз тағылым, тәлім алар деген ойдамыз.

 

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.