Жанкештілік жиһад емес

Таяуда Мәскеуден «Ислам – лаңкестік пен лаңкес-жанкештілердің акциялары туралы» («Ислам о терроре и акциях террористов-смертников») атты кітап орыс тілінде жарық көрді. Жинақ түрік тілінен аударылып басылған. Кейінгі жылдарда әлемдік бұқаралық ақпарат құралдарында «террор» деген сөз «ислам» сөзімен тіркестіріле айтылатын болып жүр. Жанкешті-лаңкестердің жасаған жарылыстары туралы ақпаратта «мұсылман» сөзі қоса жүреді. Ал осы мұсылман мен лаңкестікті қатар айту, бір-біріне телу жөн бе? Ислам ілімі лаңкестікке жол бере ме? «Джихад» деген «террорды» білдіретіні рас па? Кітапты құрастырушылар осы салаларда жұмыс істеп келе жатқан маман зерттеушілерді тартып сауалдардың түпкілікті жауабына ислам ғылымы тұрғысынан көз жеткізуді дұрыс көрген. Мәселен, Мұхаммед Фетхуллах Гюлен ойшыл әрі қоғам қайраткері, дінтанушы мұсылман ғалымы, дінаралық диалог пен өзара төзімділіктің теоретигі мен практигі. Ибрахим Джанан дінтану ғылымының докторы /хадис/, Мармара университетінің профессоры. Хамза Актан дінтану ғылымының докторы (ислам құқығы), Ататүрік университетінің профессоры. Невзат Тархан медицина ғылымының докторы, профессор, «Түрік адам құндылықтары мен рухани саулығы» қорының директоры.

Кітапта мұсылманшылыққа байланысты шатысып жүрген көптеген ұғымдар мен түсініктерге ислам тұрғысынан нақты анықтамалар берілген. Жинақ әртүрлі саладағы мамандардың ғылыми тұрғыдан негізделген мақалаларын ұсына отырып, лаңкестікпен байланысты жаңылысулардың төркінін нақты және байыпты түрде түсіндіреді.

Лаңкестік әрекеттердің қай-қайсысы да бейбітшілік пен тыныштыққа жасалған ауыр соққы. Олардың бір де бірін қандай себеппен қандай мақсатта жасалғандығына қарамастан құптауға, қолпаштауға болмайды. Террор – ең алдымен ғаламдық деңгейде аса қасиетті де аса құнды болып табылатын адам өміріне, сондай-ақ қоғамдағы өзара сенімге қатер төндіреді.

Лаңкестік – адам баласының жер бетіндегі ең жексұрын, жабайы қарекеті оны бір де бір дін, ешқандай логика, ешқандай дүниетаным ақтай алмайды. Мұхаммед Фетхуллах Гюлен мырзаның «ZАМАN» газетіне 2004 жылғы 22 наурызда берген «Ислам мен лаңкестік үйлеспейді» деп аталатын сұхбатында мұсылманшылықта террорға орын жоқ екендігі айқын көрсетілген. «Өйткені, - дейді автор, - исламда адам өлтіру – жаратқан иеміздің еркіне қарсылық. Адам өлтіруге ешкімнің қақысы жоқ. Тіпті соғыс кезінде жазықсыз жандарға зиян келтіруге болмайды. Ешкім де жанкешті болуға тиісті емес. Үстіне жарылғыш заттарды толтырып алып, қандай діндегі болмасын қорғансыз жандардың арасына кіріп, жарылыс жасау – қылмыс. Дінімізде балаға зиян келтіруге, ғибадатханада құлшылық жасап жатқандарға тиісуге болмайтындығы жайында қадап тұрып айтылған...

Өкінішке орай ислам әлемінде дін бұзар шала уағызшылар кейде білімі жеткіліксіз дін таратушылар бар. Мұсылманшылық – бұл әділ дін оны дұрыс қолдана білген орынды. Оның жолында әлдебір қате ұғым-түсініктерді пайдалану шатасуларға соқтырады. Ақиқи мақсатқа ақиқи жолмен ғана жетуге болады. Осы тұрғыдан алғанда жазықсыз жанды өлтірген адам ұжмаққа бара алмайды. Исламның осындай қатаң қағидалары бар. Соғысты жекелеген адамдар, әлдебір топ пен ұйымдар аша алмайды. Соғысты мемлекет қана ашады. Мемлекет басшысы бұйрық бермей ешкім соғысқа кірісе алмайды. Ал лаңкестік топтардың «соғысы» ешқандай заңға сыймайды.

Осы тұрғыдан Мұхаммед Гюлен Әл-Каэда туралы пікірлерін ортаға салады. Әл-Каэда мемлекет емес. Ендеше оның соғыс ашуға, джихад жариялауға қақысы жоқ. «Бен Ладен», - дейді ол, - осы дүниедегі ең жек керетін адамдарымның бірі. Өйткені ол исламның жарқын жүзін былапыттаған оның абыройына нұқсан келтірген жан. Бұл жағдайды оңдау үшін біз бар күш-жігерімізді жұмсағанның өзінде оған жылдар кетеді. Бен Ладен ислам логикасын өзінің жеке сезімдерімен шатастырып алған. Оның істеп жүрген ісі қаныпезерлік. Оның айналасына жиналғандар да тап сондай.

Ибрахим Джанан өзінің «Ислам – бейбітшілік пен төзімділік діні» деп аталатын мақаласында антиисламдық ауан істің байыбына бармай-ақ асығыс шешімдер мен ағат байламдар жасауға түрткі болып отырғандығын айтады. Түбіріне үңілсе,ислам сөзінің өзі араб тілінде бейбітшілік, татуласу деген мағына береді екен. Ислам – ақиқатында бір құдайлық дін. Ол бір ұлттың діні емес ол – адамзат баласына түсірілген дін. Ислам – барлық адамдарды бірге еркін өмір сүруге, ортақ заңдармен тіршілік етуге шақырады. Ислам - өзімшілдіктің, жабайылықтың, өктемшілдіктің, әділетсіздіктің барлық көріністеріне тыйым салады. Ислам бойынша «адам – адамға қасқыр» емес, адам адамға – бауыр, «өмір - күрес» емес, өзара түсіністіктің жолы, «сен істе, мен қарнымды толтырайын» принципінің орнына өзара қолдау, өктемшілдік орнына - әділеттілік, «қаталдық орнына - қайырымдылық».

Өзара төзімділік исламда айрықша орын алады. Онда басқа діндегілерге құрметпен қарау, оларға тиіспеу айрықша атап көрсетілген. Ислам мемлекетіне бағыныштыларда әділеттілік ісінде өз заңдарын қолдануына рұқсат етілген. Егер олар ислам сотына шағынса үкім шариғат бойынша шығарылған. Осман империясы сүлтандарының бірі III Мұстафаның өз уәзірлерінің біріне жолдаған хаты дінаралық төзімділіктің тамаша бір мысалы бола алады. Онда былай делінген:
«Богдан мен Ефлягтан келген шағымдарға қарағанда сен христиан тұрғындарының проблемаларына онша мән бермеген көрінесің. Енді Мора мен Хиджазда жаңа басшылар тағайындауға байланысты жұмыстар жүргізіліп жатқан тұста менің саған уәзір ретінде қояр талабым төмендегідей:
Адамдары іріктеген кезіңде адалдарын таңда. Мен сенің әлдебіреудің діні мен тілі басқа болғандықтан ғана менсінбеушілік жасағаныңды көргім келмейді. Олар маған бағынушылар, сен мұны біліп қой. Олар да Ыстамбұлда тұратын менің бағыныштыларым сияқты құқықтарға ие. Байқа, ешкімді ренжітіп алушы болма».

Осыдан-ақ ислам әлемінің басқа діндерге төзімділікпен қарауының тамаша мысалын байқайсың.

Ислам – зорлық-зомбылықты, анархия мен террорды жол беруге болмайтыи құбылыстар деп есептейді.

Хамза Ахтан «Құран мен сүннет бойынша террористік актілер мен жанкештілердің әрекеттері» деп аталатын бөлімде террорлық әрекеттердің кейбір исламдық ұғымдармен байланыстырылуы қате екендігіне тоқталған ең алдымен, жиһад ұғымына байланысты. Әрине террористер өздерінің әрекеттерін ақтау үшін әрі қоғамның симпатиясына ие болуы үшін түрлі айла-шараларға баратындығы сөзсіз. Мұндайда содырларының зорлық, зомбылық акциясын құлшына орындауға мәжбүр ету үшін құндылықтарды пайдаланатындығы да рас. Ал іс жүзінде құран мен сүннет террорлық әрекеттерге негіз беретіндей қағидаларды ма?! Екіншіден, өз діні жеткілікті білімі бар «исламист» деп аталатын «террорист» бола ала ма? Жиһад ұғымы мұсылмандардың Алла жолында оның рахымына ие болу үшін тырысатын түрлі күш-жігерін, ұмтылысын білдіреді. Жиһад – бұл тұрғыдан алғанда ақыретке дейін жалғасатын құдайға құлшылық. Жиһад мұсылманның ары мен абыройын қорғауға арналған күш-жігері. Ол ең алдымен өзіне, адамның өз нәпсісін жеңуін мақсат етіп қояды. Кейде ол қауіптің алдын алу мұсылмандардың өмірі мен ар-абыройын қорғау мақсатында жүргізілетін соғысты да білдіреді. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) басшылық еткен соғыстар мен әскери жорықтардың саны алпыстан астам екені шайқастардың бірде-бірінде ол басқыншылық пиғыл көрсетпепті. Көп құдайға табынатын рулар мен тайпаларға да олардың сеніміне байланысты қысым шабуыл жасалмаған. Жиһад негізінен, мұсылмандар өздері өздерін қорғауына байланысты жарияланған. Ал бейбіт адамдарды, әйейдерді, балалар мен қарттарды қыру, мектеп автобустарын автоматпен атқылау, дүкендер, үйлер мен мәшинелерді өртеу, кепілге адамдар алу жиһад емес, барып тұрған зәлімдік.

Бейбітшілік жағдайында да әлде соғыс жағдайында оған қарамастан мұсылман дінінің заңдарын қатаң сақтауға тиіс. Тап болған қиындықтың қандайында да ол сезімін бақылауда ұстады, шариғат белгілеген шектеулерден аспайды. Бейбітшілік кезінде террористік акцияны жасау өте ауыр қылмыс болып табылады. Ислам ондай қадамдарды құптамайды Аллаһ тағалаға сенген әр мұсылман ондай сұмдықтарға бармайды. Тіпті соғыс жағдайының өзінде бейбіт тұрғындарды өлтіру сияқты сұрқия қадамдарды ақтауға болмайды, өйткені ислам оған үзілді-кесілді тыйым салған. Мақсаты да, құрбандықтары белгісіз, әйтеуір адамддарды өлтіру үшін жасалған зұлымдық шынайы мұсылманшылықпен сыйыспайтынын жүзін білуге тиіс.

Кітапта осындай қарама-қайшылықтарға толы лаңкестік және жанкештілік туралы ғылыми негіздегі түсіндірме мақалалар орын алған. Жинақ елеулі ізденістің жемісі. Оның әдейі орыс тіліне аударылып басылуы мұсылманшылық туралы қате түсінік ауқымынан шыға алмай жүрген жүртшылыққа түбегейлі түсініктер береді.

Қазақстан ZAMAN, №51(510),
15 желтоқсан 2004ж.

 

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.