Көне Түрік Жерінде
Алматы – Стамбұл бағыты бойынша ұшатын ұшақ түн ауа аспанға көтеріліп, түрі бір, тегі бір, туысқан Түркі еліне қарай бет түзеді. «Диалог Еуразия» Халықаралық қоғамдық қоры ұйымдастырып отырған бұл сапарға бір топ қазақстандық жазушылар мен журналистер бара жатырмыз.
Әдеттегідей Стамбұлға алты сағат ұшып, таңертең Түркі мемлекетінің ең үлкен әуежайына қонып, табан тіредік. Мұнда бір жарым сағаттай аялдап, құжаттарымызды тіркеуден өткізген соң, қайтадан ұшаққа отырып, Измир қаласына бет түзедік. Әуежайда бізді «Диалог Еуразия» Халықаралық қоғамдық қорының президенті Салих Акчай мырза қарсы алды. Айтулы қала көлемі жағынан Түркияда үшінші орынды алады. Түркі дүниесінде өзіндік орны бар, тарихы және салт-дәстүрі бай, мәдениеті мен экономикасы өркендеген Измир қаласында 4,5 миллион халық тұрады. Қонақ үйге орналасып, жуынып-шайынып алған соң, алдын-ала жоспарланып қойған сапарымыз басталып та кетті.
Туысқан Түркі еліне келгендегі басты мақсаттарымыздың бірі – ислам әлемінде өзіндік адами келбеті, биік беделі бар, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, әлемдік өркениетгің қазіргі жаңа кезеңінің өркендеуіне үлкен үлес қосып жүрген Фетхуллаһ Гүленнің өмірімен, адамзат игілігі үшін жасап жатқан ізгілікті істерімен танысу болатын. Сондықтан да, алғашқы болып, Кестене базары жаныңдағы Құран үйрету орталығына аяқ бастық. Фетхуллаһ Гүлен 1966 жылы Измир қаласына бас уағызшылыққа тағайындалған соң, осы қасиетті шаңырақта қосымша қызмет атқарады. Сол күні, Гүлен дін уағыздаушы болған Борнова мешітінде де болдық.
– Фетхуллаһ Гүленнің жиналған мұсылман кауымының діни сауатын ашудағы еңбегі ересен зор болды. Оның ислам дінін насихаттаудағы ықыласы мен шынайылығы тындаушыларына қатты әсер етті. Ол Алла алдындағы қызметіне кіріскенде маңайдағы базардағы қарапайым халық жұмысын тастап, өздеріңіз көріп тұрған Құран үйрету орталығына асығып, мешіт лық толып, көптеген измирліктер аула ішінде отырып, Гүленнің әрбір сөзін жүрек қалауымен тындайтын. Сұрақ-жауап уағыздарын Селжук заманында бой көтерген Борнова және бүгінде күрделі жөндеуден өткізіліп жатқан көне Хисар мешітінде өткізіп, халық оны әрқашан да асыға күтетін болады.
Фетхуллаһ Гүленнің дінді насихаттаудағы ықыласы мен шынайылығы оны тыңдағандарға катты әсер етті, «Елім, жерім, дінім, болашағым», – деп мешіттің мінберінен айтқан уағызына тындаушылар ұйып қана қоймай, кейбіреулері көздеріне жас алады екен. Содан Түркияның тағдыры өз тағдырымен бір деп білетін ұрпақ қалыптасты, – дейді «Диалог Еуразия» Халықаралық қоғамдық корының президенті Салих Акчай мырза тебірене сөйлеп.
Гүлен өмірдегі бар ізгілік атаулыны, адамзаттың дамуы үшін атқарылатын игілікті істерді білектің күшімен емес, білімнің күшімен жасалатындығын жақсы түсініп, зиялы жан мектеп ашуға, халыққа білім беру ісіне үлкен үлес қоса білді. Оның тәлім-тәрбиесін алған шәкірттері жер-жерде жан-жақты білім беретін жаңа үлгідегі мек¬теп салу жұмыстарын колға алды.
Измир қаласындағы бой көтерген лицейде болғанымызда, көптеген игілікті істердің куәсі болдық. Оқу орнында шәкірттер түрік жөне ағылшын тілінде тереңдетілген жүйе бойынша білім алады. Оқу сыныптары казіргі заманның ең озық технологиялық құрал-жабдықтарымен қамтамасыз етілген. Шәкірттердің спортпен шұғылдануына, рухани жағынан дамуына барлық мүмкіңдіктер жасалған. Гүленнің жақын мақсаттас досы, Түркияның зиялы азаматы Юсуф Пекмезжиді білім шаңырағында жолықтырдық. Атақты Фетхуллаһтың: «Мен Юсуф Пекмезжисіз жұмаққа бармаймын», – деп жоғары бағалайтын кісі осы жан болды. Ол сонау алыстап кеткен 1966 жылдардан бастап, Түркияның текті азаматтары Махмут Сарыоглу, Мұстафа Ок, Мехмет Фидандармен бірге, Гүленнің алға қойған мақсатын орындауға адамгершілік жөне қаржы жағынан қолдау көрсеткен, қандай қиын-қыстау болмасын, бірге болған азамат. Юсуф Пекмезжи 1992-2006 жылдары Қазақстанда еңбек етіп, Қазақ-Түрік лицейлерінің ашылуына, бұл білім шаңырақтарының өркендеуіне шексіз үлес қоса білді. Бүгінде қазақ жерінің түкпір-түкпірінде 28 лицей жұмыс істеп, білімді, өнегелі жастар өсіп келеді. Қазақ-Түрік лицейін бітірген шәкірттердің 99 пайызы жоғары оқу орындарына түседі екен. Осы жылдар аралығында шәкірттер республикалық және Халықаралық дәрежедегі оқу олимпиядаларына қатысып, 750-ден астам ең үздік орындарды иеленді.
Юсуф ағаны көбіміз жақсы білетіндіктен, ашық, жарқын-жарқын әңгімелесіп кеттік.
– Бұл оқу орны «Яманлар» деп аталады, ал қазақшаға аударғанда «Дарындар» деген мағынаны білдіреді. Бұл Измир ғана емес, Түркиядағы кәсіпкерлердің демеушілік қолдауымен ашылған алғашқы ли¬цей болғандықтан, бәрімізге ыстық көрінеді. Оқу орнының бітуіне жақын қалған қарбалас күндердің бірі еді. Бірде ертелеп лицейге кіргем, Гүлен білегін сыбанып тастап, дәліздің плиталарын өзі салып жатыр екен.
– Фетхуллаһ мырза, бұл не істегеніңіз, үстіңіз былғанатын болды ғой. Бұл құрылысшылардың міндеті емес пе? – дедім таңқалып.
– Құрылысшылардан менің қай жерім артық, деп Гүлен мырза бастаған ісін жалғастыра берді, – деп Юсуф Пекмезжи досын еске түсірді.
Сол күні Измир қаласының дәл жанынан басталатын таудың көрікті жеріне орналасқан мейрамханада Түркияның белгілі кәсіпкері, Гүленнің досы Алладин Нәдір біздің делегация мүшелеріне қонақасы беріп, жылы кабылдау болып, екі туысқан елдің арасындағы ағайындық қарым-қатынас, түркі дүниесін жақындатудағы атқарылып жатқан игі істер туралы шын ықыласты әңгіме болды.
«Сыйға – сый, сыраға – бал» демекші, қазақтың ата дәстүрі бойынша Алладин Нәдір мырзаның үстіне ұлттық шапан жапқанымызда ақсақал жас балаша қуаньш, көзіне жас алды. Бұл алыстағы қазаққа, басқа түркі тілдес халықтарға деген сағыныштан шықкан көз жасы екендігін бәрімізде іштей ұғып тұрдық.
Ертесіне ертелеп, ғұмыры 600 жылдан астам уақыт мезгілге созылған Осман империясының бастауы болған Селжук қаласына бару үшін жолға жиналдық. Сан ғасырлардың куәсі болып, басынан талай-талай ұлы оқиғаларды кешірген Селжук қаласының күнге қақталған, желге мүжілген көне қақпасы бізді алыстан айбарлана қарсы алды. Ерлік пен қайсарлықтың белгісіндей болып қасқайып тұр. Рим империясын талқандап, көп ғасырлық тарихы бар Константинопольді басып алған Осман түріктері өздерінің арғы тектері Орта Азия екендігін жақсы біледі.
Осындайда қазақтың ұлы асылдарының бірі – Құдайберген Шәкәрімнің: «... 1219 жылы Шыңғыс ханның әскері Орта Азиядағы елді шауып, бытшыт қылғанда, Қаңлының Қайыхан деген ханы елу мыңдай қаңлыны алып, Рим жеріне барады. Соғыс өрті басылып, Қайының баласы – Сүлеймен елін алып қайтып келе жатқанда, Евфрат дариясына суға кетіп өлген соң, Сүлейменнің баласы Тоғрұл төрт жүздей үйімен Арыз маңында калыпты...» деп жазғаны еріксіз ойға оралады.
Ал, Түркі тарихын жан-жақты зерттеуші, ғалым Зеки Уалиди Тоған өзінің көптомдық тарихи зерттеуінде ХІІІ ғасырда Осман империясын құрған Осман сұлтанның тегі – Қаңлы тайпасынан шыққан Қаңлы руы екенін атап керсетеді. Жоғарына аталған деректерді қазақтың алғашқы тарихшыларының бірі М.Тынышбаев, орыстың көрнекті ғалымы Н.Аристов, француз ғалымы К.Д'осстон және басқа да ғалымдардың жазған еңбектері нақты дәлелдейді.
Бұл пікірді Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының академигі Әбдуәлі Қайдаров және басқа да көрнекті ғалымдар айтып та, жазып та жүр.
Амандық болса, келесі жылы мыңдаған жылдық тарихы бар көне Стамбул әлемнің рухани-мәдени астанасы дәрежесіне ие болмақ. Жылдың қай мезгілі болсын, Стамбұлға, Түркияның басқа да өңірлеріне туристер дүниежүзінің түкпір-түкпірінен ағылып келіп жатады. Өйткені, көне көк түрік жерінде баға жетпейтін ескі ескерткіштер, мәдени және рухани құндылықтар, сирек кездесетін жәдігерлік дүниелер мыңдап кездеседі. Измир қаласынан жетпіс шақырым қашықта жатқан Иса пайғамбардың анасы Мариям тұрған үй дүниежүзіндегі өте құнды ескерткіштердің бірінен саналады. Ұлы анаға тағзым ету үшін әлемнің төрт құрылығынан адамдар күн құрғатпай көп келеді. Мұнда көп діннің өкілдері жүр, ағылшындар мен американдықтарды, ирандықтар және үндістерді, жапон мен қытайды, француз бен итальяндықтарды, басқа да ұлттарды осында кездестіресің. Мариям ананың үйінің жанында тұрғанымызда бізге бір топ туристер жақындап, әңгімеге тартты, қырым татарлары екен. Туысқан түркі елінде сан ғасырдан бері тұрып жатқан та¬тар ағайындар бізді жақын тартып, шын пейілдерімен сөйлесіп-шүйіркелесіп жатыр.
Сол күні жақсы әсермен Құс аралы деп аталатын қалаға аттанып кеттік. 300 мыңға жуық тұрғыны бар қала Жер ортасы теңізі саналатын Ақ теңіздің көрікті жағасына орналасыпты. Қала іші, теңіздің жағалауы мұнтаздай тап-таза, айналасы жасыл желек пен әсем гүлдерге көмкерілген. Сол күні кеш болғанына қарамастан, Ақ теңіздің мөлдір таза, шипалы суына түсіп, бір рахаттанып қалдық. Түрік ағайындар қонақжайлық танытып, өздерінің қарапайымдылықтарымен, ақ жарқын көңілдерімен бәрімізді баурап алды. Қазақтар екенімізді білген соң, ерекше ілтипат танытып жатты. Қазақстанның атына, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына ықыласты сөздер айтып, ізгі тілектерін жеткізіп жатыр.
Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары, белгілі ақын Ғалым Жайлыбай екеуміз де теңіздің жағасындағы қалада қызықты жайға тап болдық. Көршілес нөмірде Бауыржан Жақыппен бірге жатқан Ғалым кешірек маған телефон соқты.
– Доқа, менің күнде таңертең жүгіріп, бой жазатын әдетім бар еді, маған серік болсаңызшы, – деді өтініш айтып.
– Мақұл, – дедім мен келісімімді беріп.
– Олай болса, ертең таңғы 6.00-де қонақ үйдің алдында кездеселік, – деп Ғалым телефон тұтқасын қоя берді.
Ертесіне Ғалым екеуміз уәделі жерде бас қосып, біраз бой сергіттік. Көрмеген, жүрмеген жердің ой-шұңқыры көп демекші, екеуміз қайтар жолда өңшең зәулім үйлердің арасына тап болып, ай аманда, күн аманда адастық та қалдық. «Жығылған үстіне жұдырық» дегендей, ойламаған жерден арс етіп, үзіп кеткен шынжырын сүйретіп, кішігірім тайыншадай қара ит көздері қып-қызыл болып бізге қарсы шыға келді. Ғалым екеуміздің зәреміз ұшып, тізелеріміз дірілдеп кеткен. Ғалым інім жас кезінде жылқы бағып, қасқыр соққан жігіттің бірі емес пе, тез есін жиып адды.
– Доқа, қашсақ, мына ит бізді оңдырмайды, көзімізді итке қадап, тіке қарайық, әйтпесе қиын болады, – деді сабыр сақтап. Тайыншадай қабаған ит пен екі турист қазақтың қалай арбасқанын көз алдыңызға елестете беріңіздер. Қаққан қазықтай болып, кірпігімізді қақпай, Ғалым екеуміз бес минуттай тұрдық. Төбет те бізге міз бақпай қарап қалған. Иттің аты ит қой, оған бұл бес минут қалайша әсер еткенін бір Құдайдың өзі білер, ал, ақын ініміз екеумізге бұл сәт таусылмайтын ғұмырдай болып көрінді. Әлгі ұзаққа созылған бес-алты минут өткен соң иттің қанталаған көздері қалпына келіп, сәл жуасиын деді.
– Енді жайлап бұрылып, жүре берейік, – деді Ғалым сыбырлап. Екеуміз аяғымыздың ұшымен басып, кейін бұрылдық. Бізд бас салып, шайнап тастауға әзір тұрған үлкен қара ит те бұрылып, өз жөніне кетті.
Ертесіне Измирге келіп, қайтадан Стамбұлға ұштық. Табиғатының әсемдігімен, аса бай тарихы және мәдениетімен ерекшеленетін бұл ғажайып қала бір Түркия ғана емес, әлемдегі сұлу да, ертегідей жұмбақ қалалардың бірі. Азия мен Еуропа құрлықтарын жалғастырып жатқан Стамбұлда бүгінгі таңда 15 000 000-ға жуық халық тұрады. Қаланың бір шетінен екінші шеті 170 шақырым жерді алып жатыр.
Стамбұлдағы жұмыс сапарымыз өте тығыз әрі танымдылығы мол болды. Алғаш болып, Түркияда үшінші жетекші орын алатын жекеменшік «Самалиолу» (STV) телекомпаниясында болып, оның шығармашылық жұмысымен, тың ізденістерімен таныстық. Айтулы телекомпания алты канал бойынша Түркияға және Батыс пен Таяу Шығыс елдеріне сан алуан тақырыпта хабар таратады.
«Заман» газеті – Түрік мемлекетіндегі ең ірі және беделді басылымдардың бірі. Бір миллион оқырманы бар газет Түркияның саясаты мен экономикасында, мәдени-әлеуметтік өмірінде маңызды орын алады. Бізді «Жиһан» агенттігінің директоры Абдулхамид Билижи мырза жылышыраймен қабылдап, Түркия мен Қазақстанның қарым-қатынасы, екі туысқан мемлекеттің ұстанып отырған саясаты, казіргі тандағы экономикалық дағдарыспен күресі туралы сүбелі әңгіме қозғалды.
Елге қайтарға бір күн қалғанда кешқұрым атақты Босфор бұғазына келіп, кемемен серуен құрдық. Қара теңіз және Мәрмәр теңіздерін жалғастырып, теңіз жолының қақпасы болып саналатын бұғаз әлемдегі ең сұлу да, көрнекті жердің бірі. Ол, әсіресе, түнде ерекше сұлуланып кетеді екен. Кешкі шамдары жарқыраған кеме алға жылжып, бұғаз жағалауында зәулім Ортакөй, Бейлербей, Чыраган сарайлары қалып барады. Ал, алыстан көрінетін аспалы Босфорус және Фатих Сұлтан Мехмет көпірлері көз алдыңа ертектердегі ғажайып көріністерді жайып салады.
Рухымыз асқақтап, көңіліміз көтеріліп, бәріміз қосылып, еліміздің гимніне айналған Шәмші Қалдаяқовтың әні «Менің Қазақстанымды» шырқадық.
Фетхуллаһ Гүленнің мұрындық болып құрып, өзі басқарған Түркі жазушылары және журналистер қорында өткен кездесу де өте әсерлі жағдайда өтті. Бұл басқосуға «Диалог Еуразия» Платформасының тең төрағасы, түркінің белгілі жазушысы Харун Токак, осы қордың Бас хатшысы Исмаил Тас мырза және басқалар қатысты. Харун Токак мырза түркі тілдес халықтардың рухани байлығы – әдебиет, өнер, мәдениет саласын жақындата түсіп, Темірқазыққа айналдыруда қазақтың көрнекті ақыны, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ақын Нұрлан Оразалин төрағалық етіп отырған «Диалог Еуразия» Платформасының атқарып отырған игі істерін ерекше атап өтті. Атап айтқанда, қазақ, қырғыз, өзбек, әзірбайжан, түркімен халықтарының көрнекті жазушылары мен ақындарының үздік шығармалары түрік тіліне аударылып, кітап болып шығарылды. Жарық көрген туындылардың арасында қазақтың үлы ақыны Абайдың өлендері мен қара сөздері де бар.
Отырыста Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары, ақын Ғалым Жайлыбай және белгілі қазақ жазушысы Асқар Алтай сөз алып, түркі халқының белгілі жазушысы Мехмед Акиф Ерсой, Нежип Фазыл, Ахмет Танпынардың туындыларьш қазақ тіліне аудару, ал, қазақтың үлкен кемеңгер жазушысы Мұхтар Әуезовтың «Абай жолын» түрік тіліне тәржімалау жөнінде мәселе көтерді.
Бүгінге дейін қазақ оқырмандары Әзиз Несин мен Назым Хикметтің шығармаларымен таныс болса, бүгінде ақын, жазушы Ф.Гүленнің бірқатар еңбектері қазақ тіліне аударылып, оқырмандарының қолына жетті. Олардың ішінде Мәлік Отарбаевтың аударған «Баян» атты философиялық шығармасы ерекше орын алады. Стамбұлдың орталығындағы көрікті жерден ойып тұрып орын алған Түркі тілдес халықтар мәдениетінің орталығында қазақтың киіз үйі алыстан көз тартады. Туысқан халықтардың салт-дәстүрін, тарихын, мәдениеті мен өнерін, әдебиетін насихаттауда Мәуліт Өзкиши басқаратын орталықтың атқарып жатқан игі істері орасан. Мәдени орталықтың қазақ бөлімінде болғанымызда, түрік елінде жүрсек те өзімізді Қазақстанда түрғандай сезініп, көңіліміз қуанышқа бөленді. Ұқыпты қойылған әрбір құнды жәдігерлік дүниелер, құжаттар, кітаптар, фотоальбомдар қазақ елі, қазақ халқы болып сыр шертеді, тарих болып толғанады.
Таныса келе, орталықтың Бас директоры Мәуліт мырза біздің жол бастаушыларымыздың бірі «Да Қазақстан» журналының Бас редакторы Мәлік Отарбаев ініміздің ұстазы болып шықты. Мәкең Фетхуллаһ Гүленнің бастамасымен Таразда Қазақ-Түрік лицейінде қызмет еткен зиялы жан, ұлағатты ұстаздың бірі. Қазақстанды, оның ішіндегі көне Таразды сағынышпен еске алды. Қазағым, туысым деп жүрегі елжіреп тұр. Қазақша мақалдатып, мәтелдетіп сөйлегенде, кейбір қазақтар Мәкеңнің жанында жіп есе алмайды.
Сол күні Стамбұлдың Еуропа жағында орналасқан аса ірі жоғары оқу орнында болдық. Бүгінде әлемнің 26 мемлекетінен келіп білім алып жатқан университетте 11000-нан астам студент оқиды. Түркияның көрнекті, мемлекет және қоғам қайраткері, ойшыл философ, үлкен үстаз Фетхуллаһ Гүленнің бастамасы бойынша салынған ірі оқу орнында қазақ ғалымдары дәріс береді. Мұнда білім алатын шәкірттер де баршылық. Осында оқытушы болып еңбек ететін қара көз қарындасымыз Дамира Ибрагим бізді университеттің бүгінімен және болашағымен жан-жақты таныстырды. Түркиядағы білім берудің жетістіктерін, ғалымдардың ізденісін тілге тиек етті.
Стамбұлға келген қонақ міндетті түрде атақты Ая-Софья мұражайына бас сұғады. Иә, ол шын мәнінде әлемдегі сегіз кереметтің бірі, дүниежүзіндегі ең көне, ең озық архитектуралық құрылыстың бірінен саналады, сәулет өнерінің биік шыңы, ең үздік үлгісі болып есептеледі. 532 жылы шіркеу ретінде бой көтерген әсем ғимаратты сол дәуірдің аса талантты архитекторы Антемиус және ұлы математигі Исадориус жетекшілік еткен құрылысшылар сала бастады. Көне шіркеу небір тарихи кезеңдерді бастан кешіріп, қолдан-қолға өтті. 1453 жылы Осман империясының қолына көшіп, күрделі жөндеуден өткізілген соң мешітке айналды. Әлемнің түкпір-түкпірінен келіп жатқан туристердің назарын өзіне ерекше аударатын Ая-Софья ғимараты 914 жыл католиктерге қызмет көрсетіп, 477 жыл бойы мұсылмандардың қасиетті үйіне айналды. Бүкіл адамзат бас иетін киелі шаңырақтың маңыздылығын ескере отырып, Түркияның тұңғыш Президенті Ататүріктің Жарлығымен 1930 жылы Ая-Софья мешіті ұлттық мұражайға айналды.
Бүкіл түркі дүниесінің мақтанышына айналған, Стамбұлға ерекше көрік пен айбат беріп тұратын Сұлтан Ахмет мешіті түркі және ислам әлеміндегі ең атақты имандық үйінің бірі. Мешіттің сыртқы көрінісі қандай сән-салтанатқа бай бол¬са, іші де әсемдік пен сұлулыққа толы. Сонау алыстап кеткен 16 ғасырда өмір сүрген түріктің ұлы сәулетшісі Мехмед Аганың қас шеберлігіне бас иіп, таңғажайып сұлулық әлеміне еніп жүре бересің. 1661 жылы біткен Сұлтан Ахмед мешіті қайталанбас архитектураның шешімімен, сән-салтанатымен, әсемдігімен бүкіл әлем жұртшылығын таңқалдырып келеді.
Топкапы сарай мұражайы да туристердің ең көп келетін тарихи орындарының бірі. 600 жыл бойы салтанат құрып, көп мемлекетті билеген Осман империясының сұлтандары осында тұрған. 1453 жылы римдіктерді жеңіп, абыройы асқақтаған Фатих Сұлтан Мехмед Осман императордың қасиетті тәжін осында алып келіп, бүкіл әлемге танылады.
Бүгінде мұражайға айналған сарайда 4 аула, бірнеше бөлім бар. Олардың бәрі жер бетіндегі ең ұзақ өмір сүрген Осман империясының күші мен құдіретін, сән мен салтанатын паш етеді. Алып патшалықтың тарихын, салт-дәстүрін, мәдениетін, өнерін жан-жақты көрсететін тендесі жоқ, құнына баға жетпейтін жәдігерлік дүниелерді Топкапы сарайынан көре аласыз.
Ататүріктің жарлығымен сан ғасырдың куәсі болған, небір ұлы сұлтандар мен ғұламалардың ізі қалған салтанатты сарай 1924 жылы мұражай болып, алғаш рет түркі халқына, шетелден келген қонақтарға есігін айқара ашып, салтанатты жиынға Президенттің өзі қатысты.
Біз мұражайда Надар Шахтың тәжін, Мұхаммед пайғамбардың семсерін көргенде ерекше бір тебіреністе болдық.
Салмағы 86 караттан тұратын дүниежүзіндегі ең қымбат алмаздың бірі – «Кашыкчы алмазы» осында сақтаулы. Әлемде сирек кездесетін бұл асыл тастың тарихы кімді болмасын қатты қызықтырады.
1774 жылы Пигог атты француз офицері бұл алмазды Үнді жерінде бір саудагерден сатып алады. Қолдан-қолға өткен бағалы асыл тас Наполеон Боннапарттың анасының қолына түседі. Кейінірек алмазды түрік сұлтаны Али Паша сатып алады. Айта берсе, мұндағы әрбір құнды жәдігерлік дүние алыстап кеткен тарихтың қойнауынан алуан-алуан сыр шертеді.
Сол күні біз сондай-ақ, шаһардағы жер асты су сарайында болып, тендесі жоқ ескерткіш орындарынан алған әсеріміз мол болды.
Көңілге көп ой түйетін танымдылығы мол сапар аяқталып, Түркі елімен, оның қасиетті жерімен, қайсарлық пен ерлікті, ұлылық пен қарапайымдылықты, ізгілік пен адамгершілікті бойына сіңіре білген түрік ағайындармен қоштасатын сәт те келді. Бәріміз де бір-бірімізді қимай тұрмыз. Өйткені, бұл сапар біздерді бұрынғыдан да жақындатып жіберді.
Мақаланың басында айтып өткендей, Түркі дүниесіндегі үлкен тұлға, ірі қайраткер, ойшыл философ Фетхуллаһ Гүлен мырзаның бір түркі тілдес халықтардың ізгі болашағы ғана емес, бүкіл адамзат баласы үшін жасап отырған игі істерін өз көзімізбен көріп, көңіліміз өсіп, жанымыз марқайып қайтты.
Түбі бір, тегі бір халықтардың бір-біріне деген туысқандық сезіміне, ынтымағы мен рухының бірлігіне, өзара ықыласқа толы қарым-қатынасына алтын көпір салына берсе деген басты ізгі мақсат, ақ тілек, үлкен арман екі жаққа да ортақ болды. Біз соған қуанып қайттық.
Алматы — Стамбул — Құс аралы — Стамбул — Алматы.
Қазақ Әдебиеті, 17-шілде, жұма 2009 жыл
- жасалған.