Түркиядағы демократияның құлдырауы
Соңғы жылдары Түркияның бет алған бағытының қатты өзгергені расымен жанды ауыртады. Кеше ғана ол әр адамның әмбебап құқығын қорғайтын, жыныстық теңдікті сақтайтын, елдегі күрт халқының құқын, мұсылман еместердің құқын қорғайтын, құқықтың жоғарылығын қалайтын, функционалды демократия қалыптастыру жолында, Еуроодаққа (ЕО) мүше болуға белсенді үміткер, көбіне мұсылман мемлекеттері қызыға қарайтын ел болатын. Ал дәл қазіргі сәтте билік басындағы Әділеттілік пен даму партиясы (ӘДП) елдегі тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарына (БАҚ), азаматтық қоғам, сот жүйесіне және еркін кәсіпкерлікке қысым жасау арқылы демократияны тұншықтырып, қолдағы үлкен тарихи мүмкіндікті қалт жіберіп алғандай.
Байқауымызша, Түркияның қазіргі басшылары сайлауда жеңіске жету арқылы шексіз билікке ұмтылған сыңайлы. Бірақ олардың сайлауда жеңіске жетуі конституцияны ысырып, өздерінен бөлекше ойлайтын адамдармен ымырасыз күрес жүргізуге құқылы етпейді. Оның үстіне олардың жеңісі топтық капитализм мен БАҚ-ты тұншықтыру арқылы жүзеге асты. Қазіргі таңда ӘДП көшбасшылары кез-келген демократиялық сынды мемлекетке жасалған шабуыл ретінде қабылдауда. Сол сын айтқандарды халық жауы тіпті одан да сорақы елін сатқан опасыздарға теңеп, елді тоталитаризмге бастауда.
Ұстап, кінә тағылған шабуылдың соңғы құрбандары тәуелсіз БАҚ өкілдерінің басшылары мен редакторлары және мемлекеттік қызметкерлер. Бұл сот және заң жүйесіне енгізген өзгерістері арқылы жүзеге асты. Желтоқсан айында абақтыға қамалған елдегі ең танымал телеарнаның директоры әлі күнге дейін бостандыққа шыққан жоқ. Сыбайлас жемқорлықпен күрескен мемлекеттік қызметкерлер бар болғаны өз міндетін орындағаны үшін жұмыстан қуылып, темір торға тоғытылды. Тәуелсіз сот жүйесі, жұмыс істеп отырған азаматтық қоғам мен БАҚ – ол мемлекетке зиян тигізетіндерге тосқауыл болатын, тежейтін әрі тепе-теңдік сақтайтын жүйе.
Бұндай қысым жасау кімде-кім билеуші партияның жолына кесе көлденең келер болса, міндетті түрде жалаға, санкцияға ұшырап, қасақана кінәлауға тап болатынын көрсетуде.
Түркия билігі тек Батыстан ғана бет бұрып қойған жоқ, олар Таяу Шығыстағы сенімнен де айрылып жатыр. Түркияның аймаққа оң ықпал етуі оның экономикасына ғана байланысты емес, демакратиясының дұрыстығына да қатысты.
Функционалды демократияның орталық ұстанымдары - заңның өкілеттілігі, жеке бас бостандығына құрмет, сонымен қатар бұлар Жаратушы сыйлаған ислам құндылықтарының да негізі болып табылады. Сондықтан бұл асыл қағидаларға мейлі діни, мейлі саяси көшбасшылардың ешқайсысы қол сұғуына болмайды.
Билеуші партияның ықпалындағы дін ғалымдарының жақ ашпауы және халықты қанау мен сыбайлас жемқорлықты дінмен бүркемелеп отырғанын көргенде жаның қынжылады. Діни жоралғыларды барынша пайдалана отырып, бірақ сол діннің негізгі қағидаларын аяқ асты еткендер дін ғалымдары тарапынан көрсетілген құрметке еш лайықты емес.
Халықты қанауға қарсы тұру - бұл демакратиялық құқық және азаматтық борыш, ал барлық мұсылмандар үшін діни міндеттілік. Әділетсіздік орын алған жағдайда мұсылмандардың бей-жай қарап отыруына болмайтыны Құранда анық айтылған. «Ниса» сүресінің 135 аятында: «Әй, мүміндер! Әділдікті берік ұстаныңдар. Тіпті куәгерлік жеке бастарыңа, ата-аналарыңа және туыстарыңа болса да...», - делінген.
Соңғы елу жыл ішінде мен кейде ел аузында «Қызмет» деп аталып жүрген қоғамдық қозғалыс жұмыстарына қатысу бақытына ие болдым. Бұл қозғалыстың мүшелері мен қолдаушылары ішінде өздерінің саналы ғұмырын дінаралық диалогқа, қоғамдық жұмыстарға, қайырымдылық жұмыстарына, жаңа өмірге жетелер ғылым-білім жолын ашуға арнаған миллиондаған түрік азаматы бар. Олар мұғалімдер, журналистер, кәсіпкерлер және қатардағы ел азаматтары.
Билеуші партияның «Қызмет» қозғалысын түбегейлі жою үшін таққан айыптары бос сөзден басқа ештеңе емес. Олар бар болғаны өздерінің өктемшілдігі мен билік жүргізудегі демократия мен адам құқына қарсы жасап жатқан әрекеттерін ақтап алғылары келеді.
«Қызмет» қозғалысының мүшелері ешқашан қандай да бір саяси партия құрмады әрі ешқандай саяси мүдде көздемеді. Олардың қозғалысқа қатысуы өздерінің ішкі ниетімен, сол үшін де ешқашан атқарған игілікті істері үшін сырттайғы марапат дәметпейді.
Мен елу жыл өмірімді өзара құрмет пен альтруизмді, бейбітшілік құндылықтарын насихаттауға арнадым. Үнемі ғылым-білімді, қоғамдық жұмыстар мен дінаралық диалогты қорғап сөз сөйледім. Мен қашанда шынайы бақыттың өзгелерді бақытты етуде екеніне, Алланың разылығына жету адамдарға көмек беру арқылы жүзеге асатынына кәміл сендім. Қолыма қандай да бір мүмкіндік туа қалса, мен оны ізгі қоғам қалыптастыратын оқу-ағарту мен қоғамдық жобаларға, жақсы азаматтардың тәрбиеленуіне жұмсадым. Ал саяси билік пен мансапқа ешқашан қызыққан емеспін.
Бір кездері «Қызмет» діни қозғалысының мүшелері (соның ішінде өзім де бармын) ӘДП-дің саяси тұжырымдамасына және 2005 жылғы Еуроодақпен жасалған кезекті келіссөздеріне қолдау көрсетті. Бірақ ол кездері біздің оларды қолдауымыз қазіргі сын таққан жағдайларға негізделді. Қоғамға терең ықпал ететін мемлекеттік саясат жайлы сөз қозғау біздің құқымыз әрі міндетіміз.
Өкінішке қарай, мемлекеттің органдарда орын алып жатқан сыбайлас жемқорлық пен биліктің авторитаризмін сынға алған демократиялық пікірлеріміз бізді және «Қызмет» қозғалысын «халық жауы» атандырды. Нәтижесінде Қызмет те, мен де құқықтық қысым көріп, солардың қолындағы БАҚ-тың жамандауы мен жеккөрінішті етуіне ұшырадық.
Түрік қоғамындағы өзге ұйым өкілдері секілді «Қызмет» қозғалысының жақтаушылары мемлекеттік органдарда және жекеменшік салада да қызмет атқарады. Ол азаматтар адам құқын, мекемелерде бекітілген мемлекеттік заңдар мен тәртіп ережелерін бұзбайынша, оларды тек «Қызмет» қозғалысын жақтағаны үшін конституциялық құқықтан айыруға жол берілмеуі керек. Билік басындағылардың қоғамдағы әр тап өкілдеріне күйе жағып, оларға қауіп ретінде қарауы төзімсіздіктің көрінісі.
Әділеттілік пен даму партиясының құрбандары тек қана біз емес. Бейбіт түрде экологиялық қарсылық танытқан бұқара, күрттер, алауиттер, мұсылман емес қауымдастықтар, биліктегі партиямен теңесе алмаған сүнниттік бағыттағы кейбір мұсылман топтары да аталмыш партияның қуғынына ұшырап отыр.
Тежеу мен тепе-теңдік сақтаудың жүйесінсіз ешқандай топ я адамның билік партиясының қуғынына ұшырамауға кепілдігі жоқ. Өзінің діни сеніміне қарамастан азаматтар өз құқын бұзғандарға қарсы демократиялық әдістерге жүгіне отырып жалпы адам құқығы мен еркіндігі жолында тізе біріктіре алады, тізе біріктіруі керек те.
Қазір Түркия демократия мен адам құқықтарын шетке ысырып қойғандай жағдайға жетті. Мен қазіргі билік өктемдікке салған бағытын өзгертсе деп үміт етемін, тілеймін. Бұрын түрік халқы демократиялық жолдан ауытқыған көшбасшыдан бас тартатын. Ендігі жерде түрік халқы жарқын болашаққа қарай бет бұру үшін өздерінің заңды әрі демократиялық құқын пайдаланады деп үміт етемін.
- жасалған.