Фетхуллаһ Гүлен өркениеттер диалогы туралы
Біз жаңа ғасырдың әрі жаңа мыңжылдықтың табалдырығында тұрмыз. Сондықтан да «ХХ ғасыр бізге несімен танымал болды?» деген сұрақ туары сөзсіз. ХХ ғасыр барша адамзатты дүр сіркіндіріп, нешеме ғасырлар бойы қаншама ұрпақтардың жинақтаған гуманизм мұраттарына шүбә келтірерлік және де ақыл-ойға деген сенімді жоғалтарлық екі дүниежүзілік қантөгіс соғыстан басталды. Соғыс адамзаттың саналы тарихының жолсерігі сынды болып кеткені белгілі, бірақ соңғы соғыстар ауқымы, келтірген зардабы, қатысушылардың көптігі мен олардың әлемдік саясаттағы алатын орнына қарай тым жойқын соғыстар болған еді.
ХХ ғасырға дейін адамзат ара дүркін болып тұратын қақтығыс, жанжал, соғыстарда жеке бір халықтарды және жеке мәдениеттерді жоғалтып алатын, бірақ жалпы алғандағы адамзат тарихы ары қарай жалғаса беретін. Ал ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап соғыс мәселесі жергілікті мәселе болудан қалып, бүкіл адамзаттың, қала берді – Жер планетасының тіршілік ету мәселесі ретінде жаңа тұрғыдан көрініс тапты. Қазіргі көпшілікті қырып, жоятын қару-жарақтар – бұрынғының біреуді, ары кеткенде – бесеуді ұрып жығатын сойылы емес, бүкіл адамзатты жоқ қылып жіберердей қатерге апарарлық әлеуеті бар сұмдық.
Ғаламшарлық мәселелердің дүниеге келуі үшін адамзат ең алдымен өзінің қолынан жасап шығарылған дүние – техникаға «қарыздар», өйткені ол жаппай қыру қару-жарақтарының жаңа даму деңгейіне, қоршаған ортаны ластаудың қосымша көзіне және т.б. айналып отыр. Бірақ біздің ортаға қойған мақсатымыз – қазіргі таңдағы адамзаттың басындағы бәленің бәрін техникаға жаба салу емес, осы қиын да күрделі әлемде қоян қолтық бірлесе өмір сүру жолын табуға ат салысу.
Зұлымдық, жанжал, қырғи қабақ, теке-тірестік әлемге тек адам, оның іс-әрекеті, қажыр-қайраты арқылы ғана жол табады. Қақтығыс-кикілжіңнің көзге көрінбейтін терең тамырлары бар, олар себеп пен салдардың күрделі, шым-шытырық байланысынан, өмірлік заңдылықтар мен шынайы сенімнің күш-қуатынан нәр алады. Сол сияқты мейірімділік те, бейбітшілік те, келісім де, сүйіспеншілік те адам арқылы осынау өмірге орнығады. Жер бетіндегі адамдар әлемінде болып жатқан барлық оқиғалар үшін тек адам баласы жауапты.
Халықтардың абыройын қашыратын, оларда үрей мен қорқыныш тудыратын әрі өздерін агрессия, зұлымдыққа қызмет көрсетуші ететін соғыс сынды зұламат әлемді де, адамдарды да тоздырып, рухани кемтар ететіндігі кімге де болса мәлім жай. Қыл қөпір үстінде қалт-құлт етіп тұрғандай көрінетін бүгінгі адамзат әлемінде кикілжің, теке-тірестік қақтығыстарға орын берілмеуі керек. Бұл өмірде мынадай бір ақиқат бары белгілі – танымал мұраттардың жеңілуі немесе жеңіске жетуі, жүзеге асуы немесе жүзеге аспай, жерде қалуы адамның ерік-жігеріне тығыз байланысты. Озық ойлы алдынғы қатарлы азаматтардың адами парыздарының ең бастысы – әлемге, адамзатқа ненің басты құндылық екенін, ненің сақталуын қадағалау керектігін көрсетіп беру. Сондықтан да ХХ ғасырдың белді-белді деген мәртебелі ұл-қыздары өткен ғасырда басталып, бүгіндері жалғасын тауып жатқан ең сауапты іс – бүкіл әлемде сүйіспеншілік, қайғыға ортақтасу, төзімділік, әділеттілік сынды адам ақыл-ойынан туындаған биік адамгершілік мұраттарды уағыздау ісіне ат салысуда. Солардың бірі – тегі түрік, бірақ дәл бүгіндері ғалам азаматы деп айтуға боларлықтай Фетхуллах Гюлен.
Қазіргі кездегі түрлі діни, философиялық, саяси жүйелердің тоғысып, ғаламдық көзқарас қалыптасқан жаһандық кеңістікте адам баласы үшін сенім мәселесі қиындай түсуде. Жасыратыны жоқ – дінді қолжаулық қылып, өздерінің билікке деген талпынысына бетбүркемелеп жүргендер де жетерлік. Бүгінгі күні еуроорталықтанған БАҚ-тың ислам әлемі туралы қалыптастырған жағымсыз таптаурындарының (стереотиптерінің) шарпыны көптеп сезілуде. Жартыай әлемінің шекараларын қызыл қанға бояп қойған БАҚ туындатқан фобиялар рас па әлде олай емес пе? Мәселе сол сыңаржақ таптаурындардың көпшілік қауымды меңдеп кетпеуінде болып тұр. Не жолы ислам әлемінен адамзаттың бірлескен тұрмыс-тіршілігіне ілтипат танытар ықылас табылмайды? Осы тұрғысынан алғанда да Фетхуллах Гюленнің «Ғасыр туындатқан күдіктер» («Сомнения, порожденные веком») деген екі томдық кітабының берері мол. Ол исламға сырттан жапсырылып отырған біраз жалалы көзқарастардың түп төркінін ашып берген.
Шапшаң өзгерісті заман сауатты жан алдында бір ғана сенім жүйесінде шектеліп қалмай, әлемде болып жатқан процестерге саналы жауап беруді және өзінің дәстүрлі рухани құндылықтарын заман талабына сай қайта қарастыру талабын қояды. Міне осындай қиын жағдайда ғасырлар бойы өзектілігін жоймаған мәңгілік сұрақтарға түрік ойшылы, қоғам қайраткері, теологы Фетхуллах Гюленнің жоғарыда аталып өткен кітаптарында жан-жақты, ақыл таразысынан өткізілген жауаптарды табуға болады.
Мысалы, қазіргі замандағы исламды сөгушілер Ислам тек жаугершілікке, қатыгездікке шақырады деп, соған нақ дәлел ретінде «жихад» терминін, өткен ғасырлардағы және бүгінгі күндердегі исламдағы экстремистік қозғалыстарды алға тартады. Автор бұл мәселені өткен дәуірдің тарихын мұқият зерделей келе, исламның ешқашан басып алған елдерде қатыгездік, жоюшылық әрекеттерді жүргізбегендігін дәлелдейді. Сол дәлелдердің бірі – Пайғамбардың сенімді енгізу үшін, әділеттілікті қалыптастыру үшін жүргізген 23 жыл бойы жүрген соғыста не бары 375 жуынгердің қаза болуы. Ислам әрқашан күнәсіз адамдарға, қарт адамдар мен әйел, балаларға жәбір көрсетпеуді басты принцип етіп ұстаған дін. Ислам келген елдерде тәртіп орнап, халықтарының мәдениеті мен білімдері өрлеп, өркендеп отырған. Әлемдегі мұсылман өркениетіне деген сыңаржақ көзқарастардың орынсыздығы ондағы жасалынып жатқан игі бейбіт істермен дәлелденеді.
Өркениеттер сұхбаты өркениеттің өзінің онтологиясында бар дүние. Өйткені өркениет өркендеген мәдениет, ал өркендеу дегеніміз міндетті түрде басқа мәдениеттер тәжірибесін жатсынбай, басқа мәдениеттерді танып-білу, олармен араласу, олармен бірлесе тіршілік құру дегенді білдіреді. Өркениет ұғымының анықтамаларының көптігі, оны түсіндіру барысында қалыптасқан көзқарастар мен сол көзқарас иелерінің негізін қалаған мәдениеттанулық мектептерінің де көптігі қарастырылып отырған феноменнің күрделі екендігін танытады. Бастапқыда өркениетті “алғашқы қауымдық құрылыс кезеңі” деп жалпылай атап қоятын адамзат тарихының, мәдениетінің ең ұзақ та ең дерек-мағлұматы мардымсыз даму сатысына қарсы қою арқылы анықтап жүрді.
“Өркениет” ұғымы адамзат мәдениетіндегі “қалалық революция” нәтижесінде орнықты деушілер қатарына Л. Уайтты жатқызамыз. Ол қаланы кейінірек “өркениет” деп аталған мәдениет түрінің орталығы деп таниды. Сол қалалар бастапқыда қолөнершілердің жинақталып тұрып жатқан мекені ретінде пайда болған еді.
Жалпы, қолөнер мал шаруашылығы мен жер өңдеумен салыстыра алғанда сол дәуірдің инновациялық, жаңашыл әрекет түрі, жаңашыл экономика түрі болған еді дей аламыз. Өйткені, мал шаруашылығын былай қойғанның өзінде, тіпті, жермен айналысқан шаруашылық түрінің өзі де адамның көне әрі дағдылы, табиғи қажеттілік негізінде дүниеге келген, табиғаттан барды – жан-жануар мен жерді игеру негізінде пайда болған әрекет түрі. Ал қолөнер болса, шындығында, мән-мағынасы жағынан нағыз шығармашылық, жасампаздық танытатын әрекет түрі. Себебі ол табиғаттағы даяр дүниені алып, соны пайдалану немесе өңдеуді місе тұтпай, сол табиғатта бұрын-соңды болмағанды туындататын болған әрі қолөнер бұйымдары көбінде тікелей өмірлік қажеттіліктерді өтей де қоймаған нағыз мәдени бұйымтай болған. Соның нәтижесінде адамның өзіндік санасының өсуі орын алды, оның жаңа типі қалыптасты. Табиғаттан басыбайлы тәуелділік жібін үзгенін сезінген жаңа сана типінің формуласын Протагор былай деп берген екен: “Адам барлық заттардың – бардың да, жоқтың да – өлшемі”.
Сонымен, нағыз қолөнершілер гильдиясы қалыптасқанда, яғни қолөнер әскери жорықтар мен жер өңдеу өнімдеріне керек-жарақтыны берумен ғана шектелмей, өз алдына кәсіби маманданған әрекет түріне айналғанда, көпшілік тұтынатын тауарды жасау ісін жолға қойғанда, сауда-саттық алмасу-айырбас мүмкіндігін беретін ақшалай делдалдыққа әкелгенде ғана қала қалыптасып, оның төңірегінде өркениеттілік үрдістер басталады. Ауыс-түйісті есептесу үшін ғылымдар ішіндегі ең дерексіз ғылым – математика дүниеге келеді. Жинақталған білім-ақпарат қорын келесі ұрпаққа мирас етудің жаңа тәсілі – хат, жазу-сызу пайда болады. Одан соң сол хатты таныту қажеттілігінен туындаған білім берудің әлеуметтік институты дамиды. Дінге қызмет етуден біржола кете қоймағанымен, ғылым, өнер бірте-бірте өз дербестігін сезіне бастайды. Сөйтіп, қолөнер дамыған жерде сауда-саттық қарым-қатынасы, есеп-қисап, жазу-сызу өрбиді, қалалар салынады, онда кәсіби мамандану процесі жүреді, білім беру ісі жолға қойылады, мемлекеттік қызмет түрлері көрініс табады.
Қазақ тіліндегі “өркениет” сөзінің “өркендеу”, “өсу” деген мағыналық коннотациясы да өркениеттің мәдени дамудың белгілі бір алдыңғысынан гөрі кеңірек аймақты қамтып, көбірек байланыстар орнатып, жан-жағына таралуын білдіретіндігінен де біз тегі мәдениеттен өрбіген жаңа қоғамдық сатыны өркениет ұғымына сыйдырамыз.
Өркениет – ашық жүйе. Ал ашық жүйе әрқашан жаңа ақпаратқа ие, ал ақпаратты өңдеу үзіліссіз үрдісті талап етеді. Өркениеттің негізгі қызметтерінің бірі – қарым-қатынас, коммуникация қызметі. Өркениет өзінен басқа келесі бір өркениеттермен әрдайым түрлі деңгейлерде қарым-қатынаста болып отырады. Қарым-қатынас – өркениет болмысының міндетті шарты, тіршілік ету көзі. Өркениет – бұл заңды нәтиже және адамдардың жасампаз іс-әрекеттерінің жемісі. Өркениет құндылықтары – әлемдік байланыстардың дамуын қамтамасыз ететін әмбебап құндылықтар. Міне, діннің сол өркениеттік құндылықтарды, яғни адамдарды бөліп-жару үшін емес, олардың басын біріктіру үшін жинақталған құндылықтарды уағыздайтындығы жайында Фетхуллах Гюлен көп айтады. Тек айтып қана қоймай, түрлі діндер, демек, түрлі өркениеттер арасына дәнекер болу үшін өз өмірін арнайды.
Фетхуллах Гюлен ислам теологы болғанына қарамастан, ислам бойынша туындайтын сұрақтарға, әлемде болып жатқан тарихи процестерге түрлі діни жүйелердің, ғалым, ойшылдардың пікірлерін саралай келе, логикалық-философиялық талдау жасайды. Сол себептен ұсынылып отырған кітап тек мұсылмандарға ғана емес, жалпы жаратқанға сенетін, дегенмен, ойында адамда болмай тұрмайтын кейбір күмәндары бар, әртүрлі сенімді ұстанатын жандарға имандарын нығайту үшін маңызды болмақ. Мысалы, адамзат баласының өз жүрегінде Құдайға жетуге болатын керемет тылсым қасиет бар деген концепция индуизмде де, христиан дінінде де, ислам діндерінде де және түрлі конфессиядан тыс діни-философиялық жүйелерде де кездеседі. Демек, барлық адамзаттың түпкі мақсаты бір, ол – рухани тазару, ояну, кемелдену арқылы Ұлы жаратқанды тану. Ал оған жету жолы ешқашан оңай болмапты. Сол жолда алуан түрлі жеке бастық, қоғамдық, тұрмыстық кедергілер толып тұрады. Осы кедергілерді, соның нәтижесінде туындайтын күмәндарды жою үшін автор түрлі философиялық (дедукциялық, индукциялық) ғылыми дәлелдерді, тарихи фактілерді келтіреді. Белгілі бір сұраққа жауап беруде автор оны жан-жақты қарастыруға тырысып, оның тарихи, әлеуметтік және психологиялық аспектілерін ескереді.
Ояну, яғни тазару арқылы Құдайға жету барлық діни сенімдердің негізгі концепциясы десе болады. Оған жетудің түрлі жолдары, әдістері бар. Автор исламнан бөтен басқа да бір діндердің құндылықтарына (сенім бостандығына) қарсы келмейтін әмбебап, философиялық жолдарды ұсынады. Солардың бірі – ойлау. Ойлау, біріншіден, белгілі бір алғашқы, негізгі білімге сүйену керек. Білімсіз ойлану бұл сауатсыз ойлану және ол нақты нәтижелерге алып келмейді. Мұндай тұманды ойлану уақыт өте келе адамды зеріктіріп, біраз уақыттан соң адам онымен айналыспайтындай болады. Өмір болса қас қағым сәтте өтіп кетеді, сол себептен түрлі ойдың жетегінде кеткендер өмірін баянды, саналы түрде өткізу мүмкіндігінен айырылады. Ал адам жүйелі түрде ойлануы үшін, біріншіден, оның өзінің ойлану пәні жөнінде жалпы түсінігі болуы керек. Ойлану адамның күн, ай, жұлдыздар қозғалысы, олардың адамдарға тигізер әсерін, адам ағзасын құрайтын элементтерде болып жатқан процестер туралы түсінігі болғанда ғана дұрыс болады.
Екіншіден, ойлану үшін заттардың түпкі мәні туралы білім қажет. Кез-келген нәрсенің түбіне ұмтылу оянуға, яғни кепілдікке алып келеді. Осындай жолмен ойлана алатын адам жүйелі түрде жаңа қорытындыларға келіп, соларға сүйене отыры, жаңа нәтижелер шығарып, терең ойшыл бола алады.
Фетхуллах Гюленнің пікірінше, қоршаған ортаны анық көріп, түсіну үшін діннің парыздарын орындау қажет. Себебі тұрақтылыққа, тәртіпке, жүйелікке машықтанған адам ғана өз өміріне болсын, жалпы тіршіліктегі өмірге болсын байыппен қарауды үйренеді. Осы бір рух пен ақиқаттың иманмен біріккен, адамның жаратқанды жанында үнемі сезінетіндей дәрежеге жету күйін исламда «адаб» деп атайды. Сонымен қатар, «адаб» мораль мен діни сенімнің тоғысып бір қасиетке айналуын білдіреді. Автор кез келген дін «адаб» күйіне жетуге мүмкіндік бере алмайтындығын ескертеді.
Қартайған адам миының тамырлары кеңейгендіктен оның есте сақтау қабілеті төмендейді, алайда, нәтижесінде ол дұрыстап ойлана бастайды, оның ой-тұжырымдары асығыссыз, саналы және дана, ал шешімдері сәтті бола бастайды. Бұны тек жеке адамдарға ғана қатысты емес, сонымен қатар, жалпы халықтарға байланысты, тіпті, уақытқа қатысты да айтуға болады екен. Бұл да бір уақытты сіңіретін тылсым тамырлар мен каналдар бар тәрізді бейне туындатады, осы уақытқа құндылық беретін адамдардың ниет-пиғылы мен ұмтылыс-әрекеттерінің арқасында ғаламның құпияларын ашатын ғылымдар пайда болды. Сонымен, ақырет күні жақындаған сайын біз дүниені анығырақ, толығырақ көреміз және бұрын түсінуге қиын болған Құран аяттарының мәндері адамзат санасына жақынырақ келеді.
«Өркениеттің дамуына сай дінге деген қажеттілік жойыла ма?» деген сұрақ көпшілік қауымға ортақ. Тарихи жадыға тиеселі адамзат тарихының өн бойына көз жүгіртер болсақ, онда діндарлықтың адамзат тарихының басынан аяғына дейін толық қамтып жатқандығын көреміз. Қаншама рет діннің ақыры келді деген сөз айтылса да ол қазірдің өзінде қарапайым күнделікті өмірдің болсын, сан-салалы күрделі саясаттың болсын негізгі қалыптастырушы факторларының бірі болып табылады. Діннің халықтар өміріндегі алатын орынының зор болатындығы соншалықты, діндер негізін түсінбей жатып, сол діндерді ұстанатын халықтардың мәдениеті мен тұрмыс-тіршілігі туралы толық көзқарас қалыптастыру мүмкін емес. Мәдениеттегі діннің ролін әрбір мәдениеттің жүйеқұрастырушы факторы деп анықтауға болады. Дін – адамзат баласының ең терең рухани қажеттіліктерін қанағаттандыратын, жаратқанға жетудегі тылсым байланыс күш. Сол себептен қаншалықты жоғары дәрежедегі өркениетті қоғам болмасын адам үшін өзінің өмірінің жауапкершілігі туралы ойлану кезеңі туындайды. Фетхуллах Гюленнің ойы бойынша, ақыл мен логика ақыр аяғында саналы жанды құлшылыққа алып келеді. Адам өзін үнемі бақылап, билеп отыруға әлсіз болып келеді, сол себептен ол жалған жолдардан аман қалуы үшін, не жарты жолда қалып кетпеуі үшін Қасиетті жазбаға сүйенуі және өз өмірін осы кітаптың талаптарымен сәйкестендіруі керек.
Фетхуллах Гюлен шығармашылығы мен өмір жолының өзі де адамдар арасында бейбіт қарым-қатынастар орнатып, мәдениеттер мен діндердің сұхбатына ықпал ету үлгісі болып табылғандай. Оның осы талданып отырған кітаптардағы айтпақ ойы да, діни сұрақтар төңірегінде өрбітіп отырған идеясы да шын мәнінде гуманистік адамсүйгіштікті уағыздайтын диалог идеясы. Олай дейтін себебіміз диалогтың түпмақсаты адамдар арасында үйлесімділікке қол жеткізу, түрлі мәдениеттер, ділдер, діндердің «ортақ» орнының барлығын көрсетіп беру.
Мәдениет өзінің көптүрлігімен және мүмкіншілік молшылығымен құнды. Сөз жоқ: біздің баршамыз әртүрліміз. Түр өзгешелігі диалогтың алғышарты екендігі де рас. Мәдени-әлеметтік көптүрлілік жағдайында гуманизм, яғни адамның жеке тұлғасының шартсыз құндылық екендігін мойындау әлемдегі бірлесе тіршілік етудің жалғыз ғана дұрыс жолы болып табылады. Сондықтан болар әлеми діндердің барлығы дерлік жаңағы құндылықтардың өмірде терең тамыр алуы үшін рухани негіз болса, ал Фетхуллах Гюлен сынды озық ойлы ізгі азаматтар сол діңгекті ойларды ел арасына кеңінен таратып, уағыздау ісіне бар күш-қуатын, білімі мен біліктілігін жұмсайды.
http://kazakheli.kz/tag/fetxullax-gyulen/
09.11.09
- жасалған.