Сүйіспеншілік болмысты айқындайды
Иә, Мұхаммед (с.ғ.с.) – нағыз сүйіспеншіліктің адамы. Ол сонымен қатар «Хабиб» сөзінен шыққан «Хабибуллаһ» (Аллаһтың сүйіктісі) яғни, «Кім Аллаһты сүйсе, Аллаһ та оны сүйеді» деген түсінікті білдіреді. Имам Раббани, Мәулана Халид пен Шах Уәлиуллаһ Дәхләуи тәрізді сопылар үшін сүйіспеншілік пен махаббат ең биік дәрежеде тұрады.
Аллаһ бұл әлемді махаббатпен жаратты, ал ислам діні мұны жүзеге асырып келеді. Және бір әулиенің айтуынша, махаббат –жаратылыстың мәні. Әрине осының барлығына қарамастан, біз исламда қасақана қылмыскерлік немесе әскери шабуылдарды ауыздықтау үшін күш көрсету элементтері мен оны тоқтату жолдарының бар екенін жоққа шығара алмаймыз. Әйткенмен кейбір адамдар аталған элементтерді исламның қосымша мағынасы емес, оның негізі деп қарастырып шатасып жатады, ал шындығында ислам – бейбітшілік діні. Ислам бойынша біз Аллаһтың разылығы үшін күллі жаратылысты жақсы көріп, Аллаһқа тіл тигізу секілді қара ниетті, тұрпайы ойлар мен пиғылдардан жиіркенуіміз керек. Аллаһ жалпы адам баласын ардақты етіп жаратты, («Расында, адам баласын ардақтадық») (Исра сүресі, 70-аят) және әрбір адамның бойына бұл қасиет әр түрлі дәрежеде дарыған деп айтуға болады.
Бірде Аллаһ Елшісі (с.ғ.с.) табыт көтеріп бара жатқандарды көргенде, орнынан тұрып ізет білдірді. Қасындағы сахабалар ол мәйіттің мұсылман еместігін, еврейлердікі екенін айтқанда, Пайғамбарымыз «Кім болса да адам емес пе?» деген еді. Сол арқылы ол исламның адам баласына қаншалықты құрметпен қарайтындығын ұқтырды.
Иә, адам баласына құрмет тұрғысында Пайғамбарымыздың түсінігі осыншалықты терең болатын. Кейбір мұсылмандар мен «мұсылмандық ұйымдардың» исламды дұрыс түсінбей я дұрыс түсіндірмей, оны әлемде белең алып жатқан лаңкестік әрекеттерге араластыру себебін исламнан емес, сол адамдардың жеке бастарынан, қате пайымдары мен басқа да факторлардан іздеген абзал. Ислам дінінің террористік дін бола алмайтыны секілді, исламды дұрыс түсінетін кез келген мұсылман да террорист бола алмайды.
Кейбір ішінара кездесетін кемшіліктерге қарамастан, исламды түсіндіруде түріктер өте үлкен белсенділік танытты. Егер де біз бүкіл әлемге исламның мән-мағынасын Мәулана, Жүніс Әмірелер іспетті таратсақ, егер де солар сияқты олардың сүйіспеншілігін, диалогы мен сабырлығын халыққа жеткізсек, онда пенде біткеннің бәрі осы сүйіспеншілік, бейбітшілік пен сабырлық құшағына асығар еді.
Исламның діни төзімділік ауқымының кеңдігі сондай тіпті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) біреудің көңіліне тиетін сөзді айтудың өзіне қатаң тыйым салған. Мұхаммед (с.ғ.с.) Әбу Жәһилдің тура жолға түсуін қалап барлық күш-жігерін жұмсағанымен, ол сол қалпында мұсылман бола алмай бақытсыз күйде дүниеден өтті. Ал шындығында Жәһил есімі сөзбе-сөз аударғанда «надан» деген мағынаны береді. Және ол өмір бойы Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) қас жауы болып өткен. Бірақ Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) оған деген қарым-қатынасы нағыз мұсылмандық әдеп қағидасының аясында өрбіді. Мұның бір айғағы Меккені азат еткеннен кейін, Әбу Жәһилдің мұсылмандықты қабылдаған ұлы өз әкесін қаралап сөйлегені үшін Пайғамбарымыздан ескерту алған.
- жасалған.