САРАЛЫ ОЙ-САНАНЫҢ САРДАРЫ


Адамзат пен ғаламзатты ғаламат сұлулықпен, үздік көркемдікпен, терең де парасатты тағылыммен жаратқан Алланың құдіретін жан-жақты сипаттап жеткізу үшін, Құран Кәрімде көрсетілгендей, төрт мұхитты сия етсең де, көк аспанды қағаз етсең де, Ұлы Жаратушының ғажайып шеберлігін түп-тамырынан қопарып баяндау мүмкін емес. Ғаламның, болмыстың әрі құпия, әрі сырлы, әрі нәзік таңғажайып құбылыстары ересен өлшеусіз. Табиғатты ардақтау, мұқият тыңдау, тәлімін адами таным мен тәжірибеде мықтап ескеру – адамзаттың асыл парызы. Жасампаз рухани құндылықтар, имандылық, ізгілік – жер мен көк амандығының кепілі. Бұл орайда түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүлен «Баян» атты әдеби-философиялық туындысында жаралған әрбір затта және жаратылыс-тың ішінде терең мағыналардың бар екенін, егер бүкіл әлемді кітапқа баласақ, онда әрбір жан иесі және әрбір зат сол ғаламат кітаптың бір-бір әріптері екенін айтады. Негізінде, біртұтас дүниенің ішкі жүйесі бойынша, барша құбылыстар, заттар бір-бірімен рухтас, тамырлас. Жанды-жансызға, мағынауи кең-істікке үйлесім, келісім, тәуелділік, жауапкершілік тән.

Ғұлама Ф.Гүлен «Баян» ұғымын былайша түсіндіреді: «Жаратылыстың әу бастағы Рақымы Шексіз Алланың ғылымы мен іліміне, ал сәулеті мен көркем безендіру өнері – Оның «Баянына» тиесілі». Демек, Жаратушы мен Жаратылыстың жарасымды ырғағын нәзік үйлестіруші, ретке, жүйеге түсіруші, шын мәнісінде, «баян».

Әр құбылыстың, әр нәрсенің сыры мен сымбаты, мәні мен сәні, ақиқаты мен шынайылығы бар. Даналық пен тілі бар. Бұлай болмағанда әлем көріксіз күйге түсер еді.

Асылы, ғаламның құрылымдық жүйесі турасында Ф.Гүленнің ой-толғамдары Абай танымымен төркіндес. Абайдың «Алланың өзі де рас, сөзі де рас», «Алла өзгермес», «Алла мінсіз әуелден...», «Құран рас, Алланың сөзі дүр ол», «Махаббатпен жаратқан адамзатты, Сен де сүй, ол Алланы жаннан тәтті», «Әуелі аят, хадис – сөздің басы», «Безендірген жердің жүзін Тәңірім шебер», «Алла мықты жаратқан сегіз батыр» деген қисынды қағидаттарын айрықша атауға болады.

Мысалы, қазақ халқының дәстүрлі дүние-танымындағы «құмырсқаның илеуін бұзба», «көкті жұлма», «құстың ұясын бұзба» дейтін тыйым сөздер жаратылыстың, жанды-жансыз дүниенің берекесін кетірме дегенді ұғындырады. Сонымен қатар, Жасаған Ие жерді ұршықша иіріп, дөңгелетіп қойған.

Кейде өзінің межесіне кешігіңкірегенде, қозғалыс жылдамдығы артады екен, не болмаса, аспан кеңістігінде екі миллиард ғарыш денелері бар. Бір-бірлеріне кедергі жасамайды. Жүйелі тәртіпке бағынған. Мұның баршасы – көркемдік салтанаттың ұйымдастырушысы «Баянның» арқасы.

Ұлы Моғол империясының негізін қалаған ұлы қолбасшы, тарихшы, мемлекет қайраткері Захириддин Мұхаммед Бабыр (1483-1530) өзінің «Бабыр-наме» дейтін мемуарлық еңбегінде мына бір жәйтті тебірене жазады. Бірде бір тәуліктің ішінде отыз екі рет қара жер қақ айрылып сілкінеді. Сонда: «Табиғаттан келер апаттан сақта, Құдай, Адамзаттан келер қуатты зұлымдықтан сақта, Құдай» деген құдіретті аяттың арқасында аман қалдым дейді. Міне, сөздің энергиясы.

Сөз дегеніміз – гармония, философия, магия, таным-пайым. Сондай-ақ ұшан-теңіз телегей қасиеттер бар. «Жақсы сөз жақсы терек тәрізді, оның тамыры тереңде болады да бұтақтары аспан бойлап кетеді. Демек, ол Құдай әмірімен мезгіл-мезгіл жеміс беріп тұратын қасиетті терекке ұқсайды», – дейді Құран. Сопылық поэзияның көрнекті өкілі, дінтанушы, әмбебап дарын Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы «Халық тілі – Құдай қаламы» дейтін түйінді пікір айтады. Ана тілінің уыз мәйегі, рухы бесік жырларында сақталған, хатталған. Бұ да бір баян. «Баянның асылы», – дейді Фетхуллаһ Гүлен. «Баян – құдірет қаламының ұшынан жоққа тамған сияның алғашқы тамшысы» болғандықтан, оның әсері, көркемдік мәнерлілігі, әуезі адам баласын мәртебелі-дәрежелі асқарларға шарықтатады. Жас нәресте оның рухын, ішкі нәзік сырларын қабылдайды.

Ф.Гүленнің көрсетуінше, баянның баға жетпес зәмзәм суындай асыл қасиеттерін, «дін мен иман әуендерін, пәнилік пен мәңгілік әуездерін» тыңдау – ерекше бір ғанибет, тағлимат. Ол – қиял, сезім, рух, көңіл байлығын сыйлайды. Болмыстың сәулелеріне, бояуларына қанықтырады.

Сөз өнерінің яки «әдебиеттің мәні – негізінен тәрбие, ізет, көркемдік» екенін қадап айтып, «әдеп» түбірінен тарайтынын дәйектеп, ағлақ кітаптары мен сопылық жинақтарға байланысты екенін дәлелді, нанымды баяндайды. Алланың лебізін, көркемдігін рухани тірек ету – мақсатқа, мұратқа жеткізеді. Осылай еткенде ғана «әдебиет» атты ұлы рухани әлемнің келешегі кемел. Бұл орайда Ф.Гүлен ғұлама С.Нұрсидің «...адамзат өмірінің соңына қарай ғылымға бет бұрады және күш пен қуатты ғылымнан алады, сірә, сол кезде сөз толығымен ғылымның қолына түсетін шығар» деген пікірін келтіруі әбден орынды.

Ол «әдебиет» деген ұғымды «жазба әдебиет» ұғымында қолданады. Ұлттық сана, ұлттық мәдениет, діни дүниетаным, халық даналығы – сол бір ұлт әдебиетінің басты арқаулары болуға тиіс. Сондай-ақ суреткердің де рөлі айрықша. Ол «сөз байлығымен, сөйлем әуенімен және өзіндік қолтаңба-мәнерімен» ұлттық сөз өнерін, көркемдік әлемін толықтырады. Әдеби тіл, ұлттық әуез, ырғақ, просодия, мәнер, сарын, сөз арасындағы өзге мағыналар туындататын тұспалдар мен рәміздер мәселесін де терең қозғайды. Сонымен бірге әдебиетші «Құран ұсынған әдеп жолын» ардақтауға тиіс. Бұл бүгінгі таңда көкейкесті, өзекті мәселе. Зиялылықтың сара, дара сипаты.

Тіл мәдениеті, ойлау, сөйлеу шеберлігі, ұлттық болмыс, ұлттық рухани құндылықтар турасында мән-мағынасы терең ойлар өрбіте отырып, «халық қай деңгейде тілдің бай қоры мен көркемділігін сақтап сөйлейтін болса, соғұрлым өрелі ойлайды, қай деңгейде ойласа, сол аяда сөйлейді» деген салиқалы ойы соншалықты тегеурінді.

«Сұлу», «сұлулық» тәрізді эстетика категория-ларының табиғатын талдап түсіндіргенде «сұлулардың сұлуы – Алла», «иманның өзі сұлу», Хақтың «нұрлы сиясымен жазылған хаттары» (мысалы, Құс жолы, Ай, Күн, теңіз, тау, әнші құстар, өзен бұлақтар), сұлулықтың «ғаламат нұсқасы» – Адам екендігін пайымдайды. Сұлулық рухпен бауырласып, ой, парасат, көңіл кеңістігінде салтанат құрады. Ал «ғашықтық» ұғымын адалдықпен шынайы тереңдікке жеткен құбылыс, мән ретінде мұхиттың тұңғиығымен салыстыра сипаттайды.

Исламдық дүниетанымы мен көркемдік дүние-танымы кемел Ф.Гүлен назым сөздің ерекшеліктерін дұрыс атап, табиғатын талғампаздықпен саралап айқындайды. Оған Рух, Ұждан, Даналық, Жүрек пен Сезім тілі, «шабыт ағашының бұтақтарындағы Жаннат гүлдері», қанатты ұйқас тән деп жазады.

Фетхуллаһ Гүленнің «Үздіксіз өзгерістері бар тарихи қайталаулардан туған тілек пен арман», «Мәуліттен туған ой», «Киелі мекеннің бақсыз жылдары», «Дүние тыныштықтан айырылды» дейтін көсемсөздерінде қоғам өміріндегі әлеуметтік қайшылықтар, бықсықтар, мешеулік, тойымсыздық, дөрекілік, рухани дағдарыстар, гулеген ғайбаттаулар батыл әшкереленеді. «Ой мен пікірде қасиет қалмады. Еріктің сағы сынды». Немесе «адамның кіршіксіз таза нәрселерге де жаны ашымайтын» жағдайға жеттік. «Ой – мүсәпір, сезім – жабайы, жүрек – мейірімсіз, көкжиек – тас қараңғы...». «Жержүзілік ырыстар қанағатсыздардың, тойымсыз обырлардың бақылауында...» дейтін ой-толғаныстар жаныңды күйдіріп, жігеріңді жасытып үрейлендіреді.

Фетхуллаһ Гүленнің жүрек, көңіл, сезім, ой, сана, түйсік, иман, рух тәрізді бірегей ұғымдардың ерекшеліктері мен қасиеттерін барынша сипаттап, жіктеп жеткізуі шығарманың танымдық деңгейін танытады.

Асылы, Жаратушы мен жаратылыстың, болмыс пен ғайыптың «ғаламдық құндылықтар жинағы – аспан мұхитының» нәзік сырларына мысқалдап болса да, ғылыми және көркемдік дүниетанымыңды кеңейтуге мүмкіндік аласыз.

 

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.