РУХАНИ ӨМІРДІҢ ЖАҢА СЫРЛАРЫН АШАТЫН АМАЛ
Жуырда түріктің атақты оқымыстысы Фетхуллаһ Гүленнің ислам һәм замана тақырыбын көтеретін «Баян» атты кітабымен танысқан едім. Мұндай әдебиетке қазір көз сала отырмасыңа болмайды...
Дүние үздіксіз жаңаруда. Еліміздің экономикалық-саяси және мәдени даму бағыты өзгерді. Рухани өрісіміз кеңейді. Әдебиетіміздің тәуелсіздік дәуірі туғызған проблемаларға шұғыл ден қоюы жаһандық көркемдік құндылықтарға молығуымен ұштасты. Соңғы жылдары қазақ көркем сөзінде постмодернизмнің қилы-қилы көріністері төбе көрсетуде. Нені үлгердік, неден қалыспыз? Осының бар-бәрін жан-жақты ойласуымыз керектігін дәлелдеп жатудың қажеті жоқ шығар. Өз-өзімен болып, іштегі сандырақ ойымен арпалысатын кейіпкер кеуделеп алға шықса (А.Жақсылықовтың «Сны окаянных» шығармасы), не автордың жұрт көзінен жасыратын құпиям жоқ деп, өз басының эротикаға салынғанын дәріптесе (эстондық Каплинскийдің «Сол өзен» өмірбаяндық романы), бұлар да өз оқырманын табуы мүмкін. Тек постмодернизмнің пайда-зиянын безбендеуіміз керек. Оған еліктеудің де шет-шегі болуға тиіс.
Әр әдебиеттің сарытап сара жолы болады. Ұлттық бет әлпетін, дара дидарын сақтағысы келген әдебиет алдымен ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүріне қарайламақ. Озығын қасиеттеп, уақыт талабына сай келмейтін тозығынан бас тартпақ. Дәстүр де заманына қарай әр қырынан құбылады. Кейбір зорлықпен солған бұтақтары күні туғанда қайта бүршік жаруы мүмкін. Соңғысына мысалды алыстан іздеудің қажеті жоқ. ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдарынан бермен әдебиетіміздің мұсылмандық арнасы тартылып қалғаны мәлім. Енді сол арна ағысы күркіреп қайта күшіне ене бастағандай.
Әдебиет сарайынан ислам дінінің шапағатты сәулесінің тарай бастауы он томдық «Қазақ әдебиеті тарихының» оныншы томында (2006) арнайы атап өтілді. Сөз бостандығы жағдайында жазушы қауым бұрынғы атеистік бұзық идеялардан үзілді-кесілді бас тартты.
Көркем өнердің дін исламға бетбұрысы әдебиетіміздің ендігі дамуына, бағыт-бағдарына ықпалы арта түспегі айдан ашық мәселе. Бүгінгі әдеби процестің сол ерекшелігін құнттап қадағалап отыруға тиістіміз.
Діни тақырыптың жаңғыруы кейіпкерлердің аузына мұсылман жөн-жоралғысына қатысты бірер сөз салумен шектелмесе керек. Ұлы Абай Ғақлиясының Отыз сегізінші сөзінде: «Енді хақиқат сүйіп, шынды білмек құмарың бар болса, адамдыққа ықыласты құлағыңды қой. Әуелі дін исламның жолындағы пенделер иманның хақиқатын білсін»[1] , - дейді.
Сол хақиқатты білмек мақсатта елімізде бірталай шаруаның басы қайырылды. 2002 жылы «Құран Кәрімнің» тәржімасын Уаһап қажы Қыдырханұлы жасаған жаңа аудармасы жарыққа шықты. Оған Валерия Прохорованың «Коран. Перевод смыслов и комментарии» атты кітабының 2002 жылы Алматыда жарық көргенін қосыңыз. Осы қазақша, орысша екі кітаптың беташарында «Қазақстан Республикасының мәртебелі Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа сыйы» деп жазылған сөздер бар. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти, филология ғылымдарының докторы, профессор Әбсәттар қажы Дербісәлінің «Тәуелсіз Қазақстан және ислам» мәселелеріне арналған кітабы (2003) – қазақ қауымы үшін және бір таптырмайтын рухани құрал.
Фетхуллаһ Гүленнің «Баян» кітабы да – «құдірет қаламының ұшынан» туған бірсыпыра хақиқатпен қаруландырады. Адамның жан дүниесіндегі құбы-лыстардың сырын, табиғатын Ислам тұрғысынан пайымдайды. Тек диамат пәлсапасымен ауызданған біздер үшін түсінігі қай тұстарында ауырлау: «Баян» сөзінің өзінен бастап.
Қазақтың «баяны» тұрақ, тиянақ, опа сияқты сөздермен баламалас. Абай: «Баяны жоқ байлаусыз» дегенде тірегі жоқ тұрлаусыздықты сынайды. Онегин, Татьяна арасында кезек ауысқан күшті махаббат күйлерін сөз ететін Абай туындысын «хаттармен баян етілген роман» (М.Әуезов) дейміз. Арабтың «бәйин» сөзі де хабарлау, әңгімелеу, түсіндіру, баяндау мағынасында қолданылады. Белгілі бір мәселе жөнінде мінберден сөйлесек, баяндама жасағанымыз. Баян сөзін кісі есімінен де кездестіреміз: Баян сұлу, Баянжан, жер атында – Баянауыл... Фетхуллаһ Гүлен кітабындағы «Баян» біздің осы ұғымдарымыздан – көш алыс.
Кітаптың кіріспесі мынадай анықтамадан басталады: «Жаратылыстың әу бастағы жоспары Рақымы Шексіз Алланың ғылымы мен іліміне, ал сәулеті мен көркем безендіру өнері – Оның баянына тиесілі»[2] .
Не ұқтық? Менің түсінгенім, көркем өнер Хақ Тағаланың рухынан тарайтын өнер.
Жаңағы сөйлем әрмен қарай былайша жалғасады: «Жаратылыс пен баян «мәңгі бақи жұлдыздай жанып-жарқырап тұрған аянның» сырға толы сарайында егіз өрімдей болып көрінген»[3]. «Аян» сөзі үйреншікті категориялармен салыстырғанымызда, – адам өзегіне сіңірілген сана-сезімді бейнелейтіндігіне ұқсайды. Баянның мейірімді, рақымды шапағаты арқасында адам болмысты, оның арғы жағындағы сыр-сыйпатты танып сараламақ.
Ф.Гүлен шығармасының түрікше түпнұсқасы түсінуге жеңіл шығар. Ал, мәтінінің қазақшасы ұғынысқа қай тұстарында тым күрделі сөйлемнен түзіледі. Былайша келеді: «Жер жүзі тозаңының түйірімен, топырағымен, суымен, лай-балшығымен иленіп қалыпқа түскен адам – тек ғылым мен ілім қайнар көзінің және басқа белсенділігінің арқасына әлем патшасы мен мына дүние мешітінің жын мен адамды мінберден ағуалап-насихаттап тұратын уағыздаушысы болу сынды биіктерден биік мәртебеге, тіпті, одан да өрлеп аршының асқарына көтерілді»[4].
Адам топырақтан жаратылған. Одан хабарымыз бар. Бірақ ұзын-сонар сөйлемнің ары қарайғы жал-
ғасын әртүрлі жорамалдайсың. Өйткені ұғынғаның-ның дұрыс-бұрыстығына шүбәланасың. Баян қуаты арқасында адам әлем патшасына айналдысы көкейге қонады. Содан кейінгі «жын мен адамды мінберден ағуалап-насихаттаушысы» деген сөздің мағынасын айыру – шие түйіншекше шешілмей әурелейді.
Кітап баянның әмбебап қуаттылығын дәріптейді. «Баян болмаған жағдайда бүкіл дүние қозғалыссыз, мылқау қалыпта қалмақ. Ең үлкен ақиқаттың өзегінде жатқан хақты мойындап, бар болмысты осы тұрғыдан симфония секілді үйлестіріп отырған, дыбысқа салып, әрбір нәрсенің негізіндегі мәннің жасырылған дидарын ашқан және оған өз-өзін таныстырып кетуіне мүмкіндік туғызған да – баян»[5].
Баян – ой-толғау қазынасының құлпын ашатын кілт. Адамның бойындағы ең асыл қасиеттеріне жел бермек. Теңдесі жоқ сол сырт күштің ғаламаттығы ондай, «жалауы желбірегенде» жер қайысқан қолдың өзі тырым-тырағай қашады.
Кітапта Ескендір Зұлқарнайынның, Наполеонның есімдері аталады. Сондай хан-патшалар Баянның «дабылы мен дағыр даусы» естілгенде зәрелері ұшып, жүректері тоқтап қала жаздайды дейді.
ХХІ ғасыр – биотехнология, ақпарат технологиясы, нанотехнология, когнитивтік ғылым ғасыры. Когнитивтік ғылым адам санасын зерттейді. Әсіресе соңғысында бай діни тәжірибе қандай орын алмақ?
Ф.Гүлен мырза кітабында ішкі жан дүниесінің бірсыпыра қалтарысын сөз етеді. Оның «Әдебиет құдіреті» атты бөлімінде тексеріс әріден, әдебиеттің туу кезеңін зерделеуден басталады. Әдебиет – баянның кемелденген түрі. Алланың көркемдігінің кескіні, жаңғырығы. Адамзат тарихы бойына баян сөз шеберлерінің қолымен өңделіп, күндердің күнінде «әдебиет» атты рухани әлем болып қалыптасады. Сөз сұлу сұретке ұқсауы керек. Көркем туындының тақырыбы дінге, ой-санаға, пәлсафаға, не болмаса белгілі бір іліми жүйеге қатысты болуы мүмкін. Алайда мақсат-мұраты ұмытылмауы тиіс, дейді.
Кітап авторы әдеби ағымдардың қай-қайсысына да, реализм мен романтизмге, реализм мен түс-қиял аралығынан орын алатын сюрреализмге, тіпті геометриялық көзқарасты негізге алатын кубизм ағымына да қарсы емес. Тек бір ғана шарт қояды: рухымыздың көзі мен құлағы – жүрек тазалығын сақтау, әдебиетті биік адамгершіл моральдан бас алатын баян өзеніне айналдыру міндет.
«Әдебиеттің мәні – негізінен тәрбие, ізет, көркемдік арқылы нәзіктікке сүйеніп, бір қалыпқа жетуге саятын «әдеп» түбірінен тарайды.»[6]. Әдебиет – рухани өмірдің жаңа сырларын ашатын амал. Әр ел өзінінің ұлттық және діни қайнар көзінен нәр алады. Көркем өнер хақ пен жақсылыққа қызмет етеді. Бұқараны адастырмай, жалғандықтан бойын аулақ ұстауға керек. Алланың құлдарын нәпсіқұмарлықтың, тәннің құлдарына айналдырмауы тиіс. Баянға құрмет – әрдайым басты парыз.
Міне, осы тұстарға келгенде, біз өз әдебиетіміздің бұл саладағы рөлін қалай атқарып отырғанына зер саламыз. Тән мен жан мәселесі, айталық, махаббат тақырыбына жазылған туындыларда қойылып, әрқилы шешіліп жатады. «Қазақ әдебиеті тарихының» оныншы томында осы құбылыстың кейбір көріністері талданады. Бір роман махаббат шапағатын көкке көтереді (Бексұлтан Нұржекеевтің «Күтумен кешкен ғұмыр» шығармасы). Енді бірінде мәселенің шешімі мүлде басқаша келеді. Кейіпкерлерінің мұраты – махаббаттың тек тәтті ләззаты болады. Онысы тән аясынан аспайды. Әдеп мәселесі жайына қалады. Надя дейтін қыз: «Оля екеуміз Сережаны ортаға алып бірге жаттық. Көңіл тарлығын да, төсек тарлығын да сезгеніміз жоқ» дейді (Қапан Қамбаров. «Махаббат кітабы»). Мұндай көрініс Баянға құрмет жасалғанға жатпаса керек...
Ф.Гүлен пікірінше, әдебиет – көркем сөзді тілдік ережелерге сай зерттеп саралайтын ілім де. Образдан гөрі теорияға иек сүйесе, ол бағам біздегі ғылыми, саяси-көпшілік кітаптар, журналдар т.б. туралы ұғымға қаратып айтылуға тиіс болар.
Ф.Гүлен кітабының «Әдебиет құдыреті» деген тарауы көркем сөз бен Ислам арасындағы байланысты ашуға арналған. Қазақ қаламгерлерінің Исламға бет бұрған талабымен үйлесетін бұл тарау қадала оқуды қажет етеді. Соңғы жылдары елімізде көркем әдебиетіміздің қадірі азайып бара жатқанын көрсететін біраз жайсыз белгі біліне бастады. Тиражы бүгіндер екі мың данадан аспайтын кітап он миллион қазаққа көзге тамызатын дәріге айналдырып тамызсаң да жетпейтіні, айтылғанға бұлжымас айғақ. Қазақтың басым бөлегіәдебиет қайнарынан сусындаудан қалып бара жатқаны алаңдатпай қоймайды.
Ф.Гүлен кітабының «Тіл мен ой тереңдігі» деген бөлімі де ұлтымыздың бүгін таңдағы толғақты мәселесімен орайлас. «Ана тілінің түп-тамырына балта шаппаған және тілге осы деңгейде кеңдік пен серпінділік танытқан елдер ұдайы өзіндік үні бар, емін-еркін сөйлейтін және терең ой қозғайтын ең серпінді қоғамға айналады, басқаша болуы мүмкін емес»[7].
Біздің де көкейімізде жүрген сөз. Өз ұлттық үнің келісті шықсын десең – өз тіліңде сөйлегін. Орыс тілінде бұлбұлдай сайрасаң да, сенің шығармаларыңды өз ұлтың бар жанымен сүйсіне оқымайтыны былай тұрсын, орыстың өзі де оныңды ұлтының етене мүлкі есебінде қабылдамайды. Ондай авторды әрі кеткенде «русскоязычный писатель» деп қана қоя салады. Өйткені бөтен ұлт өкілінің жазғаны орыс адамының жүрегін тебіренте алмайды, шовинистік пиғылда болуынан емес.
Ана тіліміз – Атамекен азаттығын қорғау қаруы. Осыны жете ескермеу «Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму» атты еліміздің болашағы үшін маңызы зор тарихи бағдарламадан да байқалып қалады. Онда «Қазақстанда тұратын барлық этностардың мәдениеті мен саяси дәстүрлерінің еркін дамуы үшін қолайлы жағдайлар жасалады, тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы табысты іске асырылады» делінген. Кілтипан – еліміздің алдағы он жылдағы қарқынды дамуында мемлекеттік тіл жайындағы міндетіміздің арнайы атап көрсетілмеуінде.
Қазақ тілін елдегі барша халықтың игеруі қажеттілігін ашық та батыл мәлімдеуден неге тартыншақтаймыз? Парсылар Иран елі халқының небары 40 пайызын құраса да, мемлекеттік парсы тілін бұл елдің әр азаматы жетік біледі. Ал, Қазақстанда қазақ азшылық емес, көпшілік қой. Жақында ғана жарияланған халық санағының есебі бойынша еліміздің 62 пайызы қазақ ұлтынан тұрады. Мемлекеттік тілді қазақ қана емес, басқа да жерлестеріміз білуге борышты екенін бар дауыспен айтпауға, қысылып-қымтырылуға еш негіз жоқ.
Кітаптың «Сұлу және сұлулық», «Сұлулықтан – ғашықтыққа», «Өлең ақиқаты» сияқты бөлімдерінде қазақ поэзиясында сөз етілмеді-ау дейтін ой-пікір кезіге қоймайды. Ғашықтық – «көк аспанның төрінен адамның жүрегіне түскен отты бұғау, ал осы бұғауға байланған жандар – ғашықтықтың азаттықты қабыл етпейтін пенделері»[8] . Құлдықтан босанып, бостандыққа қол жеткізген кісі қуанады. Өйткені адам үшін құлдық бұғауынан өткен қорлық болмайды. Ал, асық жігітке, керісінше, сұлуының құлы болудан артық бақыт жоқ.
Ғашық сезімінің сондай биігіне назды да сазды тіл бітірген Абай өлеңін біз өмір бойы бойтұмар етіп келеміз.
Жарқ етпес қара көңілім не қылса да,
Аспанда ай менен күн шағылса да,
Дүниеде, сірә, сендей маған жар жоқ,
Саған жар менен артық табылса да.
Бұл жерде айтылуға тиісті және бір нәрсе, ғашықтық Алла Тағаланың сыйы екенін мүсіндейтін өлең бізде көп жылдар бойы тасада ұсталды, бірсыпырасы кітап ГУЛАГ-ында құлыптаулы жатты. Махаббат шапағатынан Алланың нұры шалқитынын Шәкәрім ақын «Шам, Сенен жарықпын деп күнәлі боп» деген өлеңінде өрнектегенін кейіндер білдік.
Жүз пайғамбар мұғжиза көрсетсе де,
Сені көрмей мұсылман бола алмаймын.
Сенің нұрың түспеген сопыларды,
Бейіске кіреді-ау деп ойламаймын.
Жүрек нәзік әні мен иман беріктігінің өлеңде табиғи астасуына жарқын мысал бола алатын махаббат осылайша ұлықталмақ...
Ф.Гүленнің өлең жайындағы толғаныстары біздегі әдебиеттану ғылымының тұжырымдарынан алшақ кетпейді. Өлең – жүрек үні. Ұждан айнасы. Тіршілік пен тіршіліктің арғы жағындағыны сезіну, түйсіну тілі. Түрік ғалымы ақындарды «ақыл мен жүрек көзін кірлетпеуге», жасанды, шұбалаңқы сөзбен ойды күңгірт-темеуге шақырады. Шынайы сезім самалдай есуі керек дейді. Ерекшелігі, көбіне Құран Кәрімнің әдебиетке қатысты уағыздарынан қуат алатындығында. Өлең – адам, әлем және Алла арасындағы қарым-қатынастың жемісі. Кітап авторы Құран сүресінен үзінді келтіре отырып, шындықтың сыртқы белгісінен әрі бармайтын шығармаларды сынға алады, ондай өлеңсымақтардың «іздерімен адасқандар мен оңбағандар жүреді»[9] дейді.
Ислам ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің бізге белгілі «Ғаламның Рахым Нұры – Мұхаммед пайғамбар», «Иман аясында», «Ғұмырлық өлшемдер» кітаптары ұлы ағартушылық идеялармен арқауланған. «Баян» туындысының «Жүрек пен рух көкжиегі», «Мәуліттен туған ой», «Киелі мекеннің бақсыз жылдары», «Жылайтын кез келді», «Ақиқат айнасы – жаратылыс», «Қара түнекке нұр шашқан аппақ Ай» атты тараушаларында автор Алла Тағаладан Жер үстінің тыныштығын тілейді, өзімізден бұрын өзгелердің мүддесін ойлауға үндейді. Жалаледдин Руми туралы мақаласында Шығыстың әзіз ақыны сұлу сөздің сахибы болғанын, оның ғибадатқа бет бұрған тақуалығын, өмір бойы биіктігін жоғалтпай, әулиелік аспанында қанат қаққан қырандық қасиеттерін жоғары бағалайды.
«Баян» кітабының көңіл аудармауға болмайтын бір тарауы «Әйел табиғаты хақында үзік сыр» деп аталады. Ежелден дәріптеліп келе жатқан тақырыптың зәрулігі қазір арта түспесе еш кеміген жоқ...
Ф.Гүлен кітабында Исламның әйел жұртына деген көзқарасты түбірінен өзгерткен тарихи өнегесіне айырықша тоқталады. Әйелге сезім жетегіндегі мақұлық есебінде қараған үнділердің «Ведалар» кітабын, ежелгі қытай деректерін сынға алады. Будда әңгімесінде әйел баланы әкелері саудаға шығарып сататын тұтқын есебінде ұстағаны, Ысраил дерек көздерінде жамандыққа итермелелгені үшін әйел азаптауға лайықты дейтіні айыпталады.
Әйелге құнсыз мал-мүлік есебінде қарайтын әдет ежелгі Грек, Римде де етек алған. Платон «әйел – тозақтың есігі» десе, Аристотель «әйел жаратылмағанда, еркектер тәңірге айналар еді» деген. «Әйел – жаратылыстың қатесі». Бұл ауыр сөздің иесі – «Жоғалған жұмақ» кітабының авторы Дж.Мильтон. Тіпті Ф.Ницше сияқты философтар да әйелге деген нашар көзқарастан арыла алмай: «Әйелмен сөйлесетін болсаң, таяқты қолыңа алуды ұмтыпа!» – деген. Әйелді кемсітетін сөздер Лев Толстой шығармаларынан да ұшырасып қалады екен.
«Әйелді ашық және заңды түрде өз қорғауына алған алғашқы дін – Ислам», – дейді Ф.Гүлен. Әйел мәртебесін болмаған дәрежеде биіктеткен Құран пәрмені былайша тұжырымдалады: «Ерлердің әйелдердегі хақылары сияқты, әйелдердің де ерлерде белгілі хақылары бар»[10] .
Ф.Гүлен кітабында этика мәселелеріне көп көңіл бөлінген. Әйел мейірбандығы оның маңызды тақырыбы. Түрік гуманисі әйел жұртын адамзат тәрбиешісіне балайды. Мейірімділігін жаратылыс болмысынан деп біледі.
«Жан дүниесінің інжу-маржандары, – деп жазады Ф.Гүлен, – сана-сезім арқылы мәңгілікке қарай қанат жайған әйел бірде-бір ұстаздың жеткізе алмаған ақиқаттарын үйретіп, рухани дүниемізді байытып отырады... Біздерді бұдан кейінгі өмірімізде сан алуан дүниелерге бергісіз зор байлықтарға жеткізеді... Біз мұндай мінсіз «кемел» әйелдің алдында бас иіп, рухымызға жаратылыстың арғы жағынан сыйлаған мейірімділік пен өлеңнің әрдайым жауын тамшыларындай жауып жатқанын сезінетін боламыз және ақыреттік сезімдерімен қанаттанамыз»[11] .
Бұл сипаттаманы оқып отырғанымда, менің көз алдымда Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясындағы Зере, Ұлжан бейнелері тұрды. Ұлжан – «Баян» кітабында айтылатын, отбасының жүрек жауһарларын сақтайтын Темірқазығы, мүбәрак әйел. Аналық сүйіспеншілігімен қатар, тілегін де, үмітін де ақтаған Абайдай перзентіне шарапаты өз алдына. Құнанбай Меккеге қажылыққа аттанып бара жатқанда, зайыбына талай зәбір көрсеткеніне қапаланып, ғафу өтінеді. Сондағы жауаптасуда Ұлжанның «жаратылыстың арғы жағынан» біткен мейірімділігі мен кешірімділігін ұлы жазушымыз төгілте жеткізеді. «Жастықта адамға төсек те, үй де, тіпті дүние де тар екен. Ал, егде тартып, зауал шағыңа бейімделген сайын кеңейе береді екен... Ұзақ дәурен кешіп келіп бүгін ырзалық айтып аттансаң болады. Мен сенімен енді көп кінәласам ба, мырза!» - деген сөздері арқылы Мұхтар Әуезов «ақыреттік сезімдермен қанаттанған» Ұлжандай кейіпкерінің мұсылмандық ақ жүрегін ардақ тұтып суреттеген.
Ал, Зере бейнесінде аналық, әжелік мейірбандыққа қосымша, әлеуметтік сана, ел татулығын ойлайтын қоғамдық зерде өрнектелген. Бұл характер Құнанбай тұлғасында жинақталған озбырлық, неғылайыны жоқ кешірімсіздік секілді кінаратқа қарсылық пікірде ашылады. Абайға сондай тас бауырлықты бере көрме деп, Алладан сұранған ақ тілегінде жарқын көрініс береді.
Классикамен теңесу қиын. Бірақ болмасаң да, ұқсап бақ дейтін сөз бар ғой қазақта. Жазушы қауымның эстетикалық мұратын әсемдік тәжі – әйел жұртынан іздейтіні табиғи нәрсе. Әйел мен еркек арасында шешілмеген түйін көп болса, соны тарқатуға қажымай-талмай еңбектене бермек.
* * *
Менің жуықта өткен мерейтойымда тілшілер тарапынан қойылған сұрақтың бір жүйесі «Әттең, дүние» романыма байланысты болды. Сол шығарманы жазуға отырғандағы мақсатымды (замысел) айтып беруді өтінді. «Жаңа сын» деген батыстық ағымның: «План или замысел автора не доступен да и не желателен как критерий оценки» деген пікіріне күмәндана қараушы едім. Соным қате екен. Өйткені тілшінің жаңағы сұрағына не дерімді білмей тосылып қалдым. Шынында да роман жазуға кіріскенімде ешқандай жоспар құрмай, Құдай көкірегіме не салса, соны ақ қағазға түсіре бердім. Материал дайын болғанда жазуың тұмшада шым-шымдап көтерілетін сансыз көзді қайнарға ұқсайды екен. Соған қарағанда сыншының, жалпы әдебиеті туралы ғылымның міндеті автордың кей-кейде өзінің де кәперіне кірмегенін де (не осознанное автором) ашу болар ма деп қалдым. Айтулы жазушымыз Сафуан Шәймерденов қаламдас інісі Марал Ысқақбаймен бір сырласуында «жазушының айтқанын ғана емес, айтпағанын да тереңдей ашып талдайтын»[12] сыншыны ұнататынын айтыпты.
«Әттең, дүниенің» кейіпкерлері прототипі бар қазақ офицері мен неміс қызы еді. Екеуінің дүниетанымы, әдет-ғұрпы, тәрбиесі әркелкі. Менталитеттері тым алшақ. Одер мен Ертіс арасы қандай қашық болса, сондай. Осы екі жастың бірте-бірте жақындасып, ақыры таза махаббат кейіпкерлеріне айналуы өзіме қызық көрінді. Екі жастың табысуларында көне заманның Аттиласы, бергі дәуірдің қасиеттілері Гете мен Абайға дейін араласқанын тамашалағандай күй кештім. Романның сюжеті ақыры келіп жалпы әйел мәселесіне ұласты.
Түрік ғалымының «әйел физиологиялық және психологиялық тұрғыдан өзге бір табиғатқа ие»[13] деген сөзін ол кезде оқымасам да, әйел көркінің күні батпайтын сұлулығына тәнті болған бір кейіпкер жаралылар палатасында бұрқ еткен дау үстінде:
«Егер әйел бойынан бір өрескел мінез табылса, оған ол емес, мына еркек малғұн біз кінәліміз...» – дейді.
Айтыс әйелдің бөлек жаратылысы туралы мәселеге байланысты өршиді. Реті келген соң еске түсіп отыр. Өзімді өзім көтермелейін деп тұрмағанымды кешірімді оқырман сезер...
Кейіпкердің жоғарыдағы пікіріне романды оқыған біреу-міреу көңіл аудара қалса, қалай қарар екен деп дүдамалданып жүруші едім. «Баян» кітабынан әйелді құлдық бұғауынан құтқарған Исламның қасиетті қағидалары бізді бұдан да сұлу, таңғажайып дүниелерге жетелейтінін оқығанымда, күмәнім сейілгендей болды.
Ислам гуманизмінің жаршысы Ф.Гүлен адамзаттың Асыл Тәжі (с.ғ.с) Соңғы (Уәда) хұтбасынан мынадай дәйексөз келтіріпті:
«Сіздер әйелдердің құқықтарын қорғаңдар және осы мәселеде Алладан қорқыңдар! Әйелдер сіздер үшін Алланың аманаттары»[14] .
«Баян» кітабын оқып шыққанда, біздің әдебиет-тану ғылымымыз көркем шығарманы ғана емес, Құран Кәрімді де әдеби-көркем сын жетістіктерінің негізінде тереңдеп зерттеуге кірісуі керек шығар деген ой келді. Әдебиет зерттеуші қаламгерлердің ендігі ұрпағы кезінде «Құран және қазіргі әдебиеттану мәселелері» деген кітап тудыратын болар... Әрине, ондай шешімге келгенде әдебиет бағамының эстетикалық принциптерінің Құран ақиқатын зерттеу тұрғысынан жарамдылығы алдымен тексерілуге тиіс.
Ауқым кең, жүгі ауыр тақырыптың жас ұрпаққа жүктелуі – уақыт талабы. Аға ұрпақ, шамасы келгенше қарманып-ақ жатыр. Мен өз басым Ислам тақырыбынан бір ойымда жүрген оқиғаға байланысты «Үмбет қасқа» атты деректі новелла жазған едім. Бір тіс қаққан атеист идеологтың шын мәнінде діншіл болғаны хақында. Жастайынан сіңген діншілдік дүниетанымы зорлықшыл тоталитар тәртібіне көндікпей-ақ қойған кейіпкер, ақыры бүгінгі ар-ождан бостандығы заманына тұяғын іліктіреді...
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басы болуға керек, жазушы Жанат Ахмадидың «Дүрбелең» романының қолжазбасынан:
«Алла жар! Алла жар!
Ислам туы қолда бар...
Жаңа талап қаһармандар
Қадам басып алға бар», –деген жолдары алынып тасталды.
1988 жылы Шәкәрім ақталысымен «Жазушы» баспасынан ақынның «Шығармалар» атты жинағы жарық көрді. Осы жинақтан «Алла», «Құдай» деген сөздердің бәрі сыпырылды.
Бұл қиянаты үшін қазір баспаны жерлеп сынап жатамыз. Дұрыс та шығар. Жанат Ахмади: Түркістан-дағы «Үш аймақ көтерілісінің» ұранды әні, шындығы еді. Әттегене, қолжазбаға рецензия жасаған белгілі сыншымыз ұсақ-түйек факті сияқты көрінгенімен, бұл өлеңнен панисламизмнің исі аңқиды деп алдыртып тастады, деп ренжиді. Мен оған: Жәке, қынабыңыздан диссидент қылышын суырғыңыз келсе бір сәрі. Әйтпесе, Сіз сол кезде баспаның директоры өзіңіз болсаңыз, коммунистік идеологияға қарсылық етпейік деп, жаңағы «Алла жарды» сөзсіз жібермес едіңіз. Қит етсе, жоғарғы жақтың Қазақстанда ұлтшылдық жайлап барады деп репрессия пышағын ала жүгіретіні жасырын емес қой. Панисламизм деген айып тағылар, мен ғана емес, залалым күллі республикаға тиер деп, алдымен өзіңіз сақтық ойлар едіңіз...дедім.
Қазір жағдай, Құдайға шүкір, өзгерді. Тәуелсіз Қазақ елі Конституциясының 19, 21 баптарына сәйкес әркім қай дін ұстаса де ерікті. Әркімнің ар-ождан бостандығына құқығы бар.
Бұрын оңашада жұрт көзін ала бере айтылатын аруақ аты енді аузымыздан түспейді. Софы Сматайдың «Жарылғап батыр» кітабының арнау сөзіне көз жүгіртсек, былай келеді: Алаштың Абзал Азаматы Шериаздан ағаға! Үлкен сеніммен. Бізді де, Сізді де ЖАРЫЛҒАП БАТЫРДЫҢ АРУАҒЫ қолдасын! Зор құрметпен А.Ермегияев. С. Сматай. 15 қараша 2002 ж.
Бәріміз де – Алаш азаматымыз. Иллаһи, айтқандарың келсін, қымбатты інілерім, – дедім ішімнен. Амангелді Ермегияев мырза – белгілі бизнесмен. «Жарылғап батыр» қорының президенті ретінде өлең романның жазылуына және кітап боп шығуына қаруы тиген ардақты азамат.
Осының бәрін тәптіштеуімнің себебі көзі қарақты оқырманға түсінікті болар. Орысша «словарный состав» дейді ғой. Біздің тіл қорымызға, сөз саптауымызға ежелгі діни тіркестер ене бастағанына көңіл аударсам ба деп едім.
Әнеу жылдары Алла жар болсынды кітаптың елеусіз бір жеріне қондыра салудың өзі қиынның қиыны, шешілмес шие көрінсе, енді Хақ Тағалаға сыйыну жаңалық болудан қалып барады.
Мен Софы Сматайдың өлеңмен жазылған романының сәтті шығуын оның туындысының әу деп басталуында бір Тәңіріге сыйынуымен байланыс-тырғым бар.
Беттерін тауарихтың парақтадым,
Кейінге, екі-үш ғасыр әрі аттадым.
Үңілдім керуен уақыт іздеріне,
Жар бол деп бұл сапарда, Жаратқаным!
Ия, сәт! – деп қалдым мен де. Он томдық «Қазақ әдебиеті тарихының оныншы томы жазылып жатқан кез. «Жарылғап батыр» жаңа заманымыздың көрнекті табысы есебінде талдану үстінде-тін. Және бұл Әуезов институтының зерттеушілері тәуелсіздік биігінен әдебиет тарихын саралау ісіне жаппай білек сыбанып жұмылған уақыты. Софы өлең романының жаңағы тармақтарын оқи отырып, бәріміздің жолымыздың оңғарылуын тілеп Ғарыш жаққа көз тастағаным есімде.
Әдебиетіміздің дінтану жолындағы таңдаулы дәстүрлеріне жүгінгенде барша эстетикалық табыс-тарымыздың, олжа-үлгілеріміздің бастамасы ұлы Абай мұрасын қайта бір сүзіп өтуге міндеттіміз. Бұрындар «Патшаның да бір татым тұзы кем болар» деген мақалға сәйкес Абай өлеңінің «Алланың сөзі де рас өзі де рас» деген қасиетті қағидасын «Дағарадай боп сәлдесі, Құранды молда теріс оқырға» жығып беруге тырысатынбыз. Абай діншілдігі далалық аймақтың көшпелі мал шаруашылық тұрмыс құрсауында тезек теріп артта қалғандығымен түсіндірілетін.
«Фанатик молдалардың жаман жақтарын сиқыр-шылар, тойымы кеткендер ретінде кінәлап, міней отырып, ақын алайда өзінің бірсыпыра өлең және қара сөз шығармаларында ислам дінін жақтаушы болып қала берді. Моральдық, дидактикалық поэзияға арналған бөлімде ол өзінің өсиет уағыздарының белгілі бір бөлегін ислам дінінің догмаларымен дәлеледі»[15] .
Уақыттың бұйрық райлы идеологиясымен санасып жазылған сынның авторы – бас абайтанушымыздың өзі еді. Енді мына бір «қызыққа» қараңыз. Кезінде Мұхаңның, Мұхтар Әуезовтің жаңағы сынап мін еткенін бүгін «теріс» оқығандайсың. Ұлы ақынның «ислам дінінің жақтаушысы болып қала бергені», енді қазір кемшілігі емес, жетістігіне саналатынын аңғарасың. Аңғарған жерде әдебиетіміздің ендігі беталысы өзгеріп кеткеніне қуана қол соғасың. Біздің көркем сөзіміз жаңа сенімге көшкен бетінде, әлсіреген иманын нығайтуға деген ұмтылысында Абайдың рухани мұрасын алдағы уақытта бөліп-жармай тұтас игеруге кіріскен.
* * *
Ислам дініне қанық, түсінігі мол қаламгерге Фетхуллаһ Гүлен туындылары жайынан пікірлескісі келетін ой туа қалса, бұл қадырменді түрік оқымыстысының қазақ тілінде жарық көрген еңбектері жетерлік.
[1] Абай «Ибраһим Құнанбаев. Шығармаларының екі томдық жинағы. Екінші том. Аудармалар мен қара сөздер. Алматы. «Ғылым». 1977. 187 бет.
[2] Фетхуллах Гүлен. «Баян». Алматы, 2009. 5 бет
[3] Сонда.
[4] Сонда.
[5] Сонда, 6 бет.
[6] Сонда, 14 бет.
[7] Сонда, 29 бет.
[8] Сонда, 54 бет.
[9] Шура сүресі. 224-226.
[10] Бақара сүресі. 228 бет.
[11] Фетхуллах Гүлен. «Баян». Алматы, 2009. 71 бет.
[12] Марал Ысқақбай. Шығарма шырайы – шындық. Алматы. «Рауан». 1994. 106 бет.
[13] Фетхуллах Гүлен. «Баян». Алматы, 2009. 72 бет.
[14] Сонда, 75 бет.
[15] Мұхтар Әуезов. Шығармаларының елу томдық толық жинағы. 35 том. Мақалалар, зерттеулер. 1956-1957. Алматы. «Жібек жолы». 2008. 132 бет.
- жасалған.