Көптің мүлкі ұрланса, бұны Мәжәллә да, демагогия да түсіндіре алмайды
Құрметті Фетхуллаһ Гүлен көптің назарын аудартқан сұқбаттың екінші күні 17 Желтоқсан күні басталған жемқорлық пен пара операцияларына қатысты Жамияны (Гүлен жамағаты, Гүлен қозғалысы – ауд.) кінәлаудың орынсыз екенін айтты.
БАҚ-тағы мәліметтерде Ұлттық Қауіпсіздік комитеттің (MİT) Иран жансызы болуы мүмкін әлдекімдердің министрлерге, министрлердің ұлдарымен ым-жымдасып жатқаны 8-9 ай бұрын Үкіметке рапорт ретінде ұсынғанын, бұл жайттардың Үкіметке жақын газеттерде жарияларғанын еске салды. Жемқорлықтың алдын алуды ойламағандардың операциялар басталғанда, кінәні басқаға аударып, бұл істен бастарын алып қашудың жолдарын қарастырғанын айтты. Қарғыс айту мәселесінде «Тікелей еш адамның, ешбір партияның атын атамадым. Мынандай-мынандай тірліктерді кімдер істеп жатқан болса дедім. Ондай сипатқа ие болмаса, ондай тірліктерді жасамаған болса, неге осыншалықты мазалары қашады?» деген Гүлен өзіне жала жапқандардан әлі де сол дұғасына әмин деуін күтетінін қадап айтты.
Бірқатар БАҚ-та 17 Желтоқсан жемқорлық пен пара операцияларының Жамия тарапынан жасалғаны алға тартылды. Үрдістің қазіргі жеткен жағдайына байланысты ойыңызды білдірсеңіз?
Қаншама рет адам жіберіп өтірік екенін айтып, мәліметтерін түзетіп, дұрыстағанымызға қарамастан әлдекімдер табанды түрде Жамияны кінәлауда. Бұдан бұрын да дегенімдей кейбір прокурорлар мен соларға бағынышты күштік құрылымдар заңға сай өз міндеттерін орындаған. Бірақ олар кінәлілердің артын қазбалаудың өзі кінә болып саналатынын білмеген. Яғни өз міндеттерін атқарғаннан кейін жәбірленуші жағдайына түсіп қалатындарын болжай алмаған. Өткенде бір газеттің журналисті Явуз Семержи мырза «Бұл кісілерге бір күні медаль тағылады» деп жазғаны бар. Түптеп келгенде, 17 Желтоқсанда жауапқа тартуды жүргізген, тіпті сол жауапқа тартумен оған қатысы жоқ мыңдаған адам жұмыстан қуылды. Жәбірленуші бұл кісілер мен отбасылардың құқығы аяққа тапталды. Керек десеңіз, ештеңе болмағандай Жамияны кінәлағандар да табылды. Бір өтірікке екінші бір өтірік жамалып жатты. Әлі де бұл толастар емес.
Бұл жемқорлық пен парақорлық ісінің қозғалуы жаңа жағдай емес. Елдің Қауіпсіздік қызметі Иран жансызы болуы мүмкін әлдекімдердің мемлекет министрлеріне, министр балаларына, тіпті бірқатар көлеңкелі істер үшін министрлер кабинетіне кіріп кеткенін 8-9 ай бұрын хабарлаған. Бірақ көзжұмбайлық жасалған. Кейіннен БАҚ-та өте-мөте Үкіметке жақын газеттерде үлкен-үлкен хабарлар шықты. Мән берілмеген. Жемқорлықтың алдын алуды ойға алмаған. Кейін 17 Желтоқсанда осы операциялар басталғанда, паналайтын жер таппады. Кінәларын басқаларға аударып, бұдан бастарын арашалап алудың жолдарын ойластыра бастады.
Мен бұрын да айтқанмын. Осы операцияны жасағандар, ұйымдастырғандар кімдер болса, ешбірімен қатысым болмады. Қаншама рет солардың «Мың да бірін де танымаймын» дедім. Бірақ бәрібір менің атыма жала жабуын тоқтатар емес.
Көңілімді қалдырған жайт, кейбір саясаткерлерді жөні түзу адам деп білетін едім Өзіме бұрыннан таныс, ішкі ары мықты бұл кісілер жемқорлық оқиғасына бей-жай қарамас деп күтіп едім. Солай деп ойлаппын. Олардан топырағы торқа болғыр марқұм Өзалдың бұндай лас тірліктерге қарсылық білдіргеніндей қарсылық білдірер деп күтіп едім. Болмады. Олар үндемегендіктен «бірді» істегендер, «мыңды» да істеуден тартынбады. Түркия Республикасы тарихында бұрын-соңды байқалмаған тыңнан түрен түрілді. Жемқорлықты ауыздықтаудың орнына сол жемқорлықты әшкерелеген мемлекет қызметкерлері қуғын көріп кетті.
Бұл тұрғыда Исламның шектеулері бар. Ахлақ ұстанымдары арқылы бұл мәселеге жол бермеген. Тіпті кейбір мәселелерге жаза да тағайындалған. Ешбір жемқорлық ісін мақұлдауға болмайды. Ешбір жемқорлық әрекет адамға оң пайдасын тигізбейді. Ахлақ жағынан мына мәселе бар: күнә, қате, жаңсақтың жеке адам деңгейінен аспай, қоғамға зияны тимесе, Ислам ол адамның кешірілгенін жақтайды. Олардың абыройын төгуге, беделіне нұқсат келтіруге жол бермейді. Осы екі мәселені бір-бірімен шатастырмау керек. Яғни бір жағынан жалпының құқы аяқ асты етіліп, жемқорлыққа жол берілсе, Ислам бұған өте сақтықпен қарайды. Тіпті жазаға тартады. Мәселен, хазірет Омар Ияз ибн Ғанамды жұмыстан алып тастаған. Аймақтың әкімін, Африка құрлығын басқарып тұрған әкімді жұмыстан алып тастаған. Амр ибн Асты да қызметінен алған.
Ақыретіме зияны тиетін сөзді қалай айтпақпын?
Бұл да әйгілі әкім, бұған қоса Қадисия соғысында Ирандықтарды жеңген, оны да қызметінен алып, Мәдинаға шақыртқан.. Әсілі, ешқандай кінәсі жоқ еді. Тек ол туралы халықтың ішінде өсек-аяң көбейіп кетіп еді. Артынан өсек ерген адам әкім бола алмайды, халық оны тыңдамайды, абыройын бұлай төмендеткен жан ол жерде әкім бола алмайды деп Мәдинаға шақыртқан. Жемқорлыққа жол берді деген кінәмен Халид ибн Уәлидты Ярмук секілді өте маңызды шайқас жүріп жатқан уақытта, тіпті сол соғыстың қызып тұрған кезінде қызметінен алып, сәлдесі мойнында Мәдинаға шақыртқан. Халид ибн Уәлид жайлы жаман ойлап қалмаңыздар. Бұл даңқты қолбасшы қайтыс болған кезде артында аты мен қылышынан басқа ештеңе қалмаған. Абид, захид (өте діндар, тақуа) біртуар қолбасшы еді. Бірақ жемқорлыққа қатысты өсекке хазірет Омар бей-жай қарай алмаған. Тіке қадағалауына алған.
Бұл жерде ұлтымызға кесірі тиген жемқорлық, парақорлық, араға адам салу, тендерге суық қол араластыру, солардың бетін жасыруға тырысқан әрекеттер орын алған болса, Аллаһ бұның есебін сұрайды. Алайда не көзделгенін білмедім. Егер осы жауапқа тартуды жүргізгендердің арасында қызметке (Гүлен жамағатына – ауд.) оң көзқарастағылар бар болған болса, мен сонда оларға «Жемқорлық әрекетке көз жұмып қараңдар» деуім керек пе еді? Қайдам, кейбіреулер осыны күтетіндей көрінеді маған. Сонда күткендері осы ма еді? Ақыретімді оңдырмайтын бұндай сөзді қалай айтпақпын? Басқаша не істеуім керек?
Бұдан бұрын да айтып кеттім. «Балама» деген жалаға қалған бұл адамдар заң және басқару билігіне қарсы жұмыс жасап келген болса, бүгінге дейін неге жазаланбаған? Білмеймін, саны он мыңға жететін адамды қызметінен кетіру, оларды қуғындау жағдайларын естідім, алайда ол мекемелерде міндетіне салғырт қарау, заң мен тәртіпке бағынбау турасында жауапқа тарту дегенді естімедім. Сіз естідіңіз бе, білмеймін.
Шамамен 60 жылдай уағыз-насихат айтып келемін. Ылғида бір нәрсені айтудамын. Өсиетім болсын. Лайық болмасам да мен пақырды құрметтеп, жақсы көргендер бұндай тірліктерге маңайламасын, бұндай салғырт қараушылықтарды көргенде оған да көз жұмып қарамасын. Ондайда заң, әділеттілік нені талап етсе, соны орындасын. Құран кәрім бұндай парақорлықты «ғулул» деп атаған. Яғни өзіне тиісті емес нәрсені алу, соны пайдалану, қоғам мүлкінен бір нәрсе алу, аманатқа қиянат жасау секілді мағыналары бар. Мемлекет мүлкін теріс мақсатта пайдалану осындай түрге жататын күнә. Бұл кейде бірнеше тиын, кейде 3-5 доллар, кейде мемлекет қазынасына тән бір қап ақша... Кейде өзі соған лайық болмаса да қолы жеткен лауазым. Адамның өзіне тән болмай тұра иеленген, заңсыз жолдармен қол жеткізген барлық нәрсе ғулулға жатады.
Көпке тән мүлік ұрланса, бұны Мәжәллә қағидалары да, демагогия да түсіндіре алмайды
Ең сорақысы, осындай іс-әрекетімізбен өзіміз аңдамай дініміздің абыройына күйе жағамыз. Жеке басымыздың адалдығы мен абыройын қорғаштаймын деп жүріп, байқаусызда екінші жақтың ой, пікір, түсінігі мен көзқарасын былғаймыз да дінге сызат түсіреміз. Меніңше, саяси лауазымдар осындай бірқатар олжа мен комиссияларға қолжаулық ететіндіктен, сол лауазымдарға қызығушылық артады. Нәтижеде, алған тендерінің ақысын осылай төлемеген келісімдегі адам не кәсіпкер бұны мемлекеттің қазынасынан бір жолын тауып шығарып алуға тырысады. Қоғамның ақысы Аллаһтың да ақысы болып табылады. Мейлі Исламның құқық жүйесі, қазіргі құқық жүйесі болсын бұндай мәселелерге кеңдікпен қарамайды. Қоғамға тән нәрселер ұрланса, бұны Мәжәддә қағидалары да, не демагогия жасап түсіндіре алмайсыз. Сіз мамандарыңызбен әлемге мұсылмандықтағы адалдық пен турашылдықты дәріптеуге жолға шыққанда, қараңғы бір аяқ ізге түсіп кеткеніңізді көруіңіз мүмкін. Үмітін сізбен бірге ұстағандар да бір сәтсіздікті бастан өткереді.
Рұқсат етсеңіз, мынаны да айта кетейін. Адамдарға мейірім таныту керек. Пайғамбарымыз «Залым болса да, жәбірленуші болса да бауырыңа көмектес» дейді. «Уа, расулаллаһ! Жәбірленушіні түсіндік, алайда залымға қалай көмектесеміз?» деп сұрағанда, «Зұлымдық жасауына жол бермеу арқылы» деп түсіндіреді. Хадистегі кеңес: зұлымдыққа, жәбірге, қылмысқа қарсы тұру. Бұл мінездердің нашарлығын насихаттап, халықты бұдан бас тартқызу керек. Осы іс-әрекет арқылы бөліну, ұрыс-керіс емес, қайта бүтінделу, бірігу, өзара сүйіспеншілік туады.
Дұғама «Әмин» деуін күтемін
БАҚ-тың бір бөлігі «Бізге қарғыс айтты» деп шулады. Көп адамды жаңылысуға итермеледі. Расында бұл қарғыс па еді?
Қате түсінікке итермелеулерін қоймады. Бір мысал берейін. Біреу сізге қайта-қайта жала жауып күйдіре берсе, төзіміңіз таусылған уақытта: «Егер мен дәл сенің айтқаныңдай болсам, Аллаһ мені оңдырмасын. Ал ондай болмаса, осыншама маған жала жапқан сені Аллаһ оңдырмасын» дейсіз еріксіз. Сол күні мен осындай дұға жасадым. Тікелей еш адамның, ешбір партияның атын атап, түсін түстемедім. Кейбір белгілер мен қылықтарды тізіп көрсеттім. Кімде кім мынандай, мынандай істерді жасаған болса дедім. Егер ондай істерді істемеген болса, мен айтқан белгілерден алыс болса, онда неге осыншалықты тулайды? Айла-шарғы, күдік-күмәнға негізделген бұндай жала жапқандар мен соны жалпақ-жалпақ етіп газетке басқандардың менің осы дұғаға өздерінің ақ екенін білдіріп «әмин» деуін күтіп едім. Айта алмады. Керісінше менің сол сөзімді де өрескел бұрмалады. Мен сол сөзімді әлі де айтамын. Егер біз банда болсақ, ұйымдасқан қылмыскерлер болсақ, «балама мемлекет» болсақ, Аллаһ бізді оңдырмасын! Егер олай болмаса, жазықсыз жандарға жала жауып күйдіргендерді Аллаһ оңдырмасын! Бұл дұғама дәті шыдап «әмин» дей алмағандар ақыреттегі жағдайларын уайымдасын.
Тым болмағанда, өзге дайындық курстарына да тиіспегенде болар еді
Премьер-министр орынбасары Бүлент Арынч университетке дайындық курстары мәселесінде біреулердің Премьер-министрге «Бұл дайындық курстарын жаппайсың, әйтпесе біз сені құртамыз» деп қорқытқанын, бұған Премьер-министрдің «Білгендеріңді істеңдер, қолдарыңда не бар болса, бәрін жариялаңдар, мен бәрібір айтқанымнан қайтпаймын» деп жауап бергенін айтты. Бұл жайында не айтасыз?
Басынан ескертейін, кім бұны айтса, дәлелдеп, заң алдында оны жауапқа тартсын. Сөйтсін де қоғамға білдірсін. Пәлен-түгендер келіп, бізді қорқытпақ болды деп. Үкіметті бопсалау, шантаж жасау үлкен қылмыс. Ал бұл сөз бірқатар күмән аралас айтылған болса, оған жауап қату қажетсіз деп білемін.
Өзіңіз де білгендей, дайындық курстарын жабу әрекеті соңғы 2-3 айда туындаған жоқ. Онсыз да уақытында бұрынғы ғылым және білім министрлерінің аттары аталып, «пәлен істей алмады, түген де істей алмады, ендігі министр осыны істейтін болады» деген сөздер айтылды. Демек, көп уақыттан бері жоспарланған, тіпті осыған сөз байласқан мәселе. Осындай сөз байласудың болғаны, тіпті бұның жазбалары Космостық нөмірде (мемлекеттік құпия сақталатын бөлме) сақталғаны туралы мәліметтер БАҚ-қа шығып кетті. Дайындық курстарын жабудың мектептерде білім деңгейін анағұрлым жоғарғы деңгейге көтеру үшін қолға алынбағаны анық белгілі болды. Ниет Жамияның оқу-ағарту жұмыстарына тосқауыл қою екендігі анық білінуде. Қазір де халыққа ашық «ол мектептер мен дайындық курстарына балаларыңды жібермеңдер» деп айтып жүр. Яғни ниет дайындық курстарынан бастау, мектептерге өту... Кейіннен шет елдердегі лицейлерді жабуға әрекет жасау. Бұл тұрғыда Назлы (Ылыжак) ханымның сөзі құптарлық түсіндірмеге келеді. Ол үкіметтің жауапқа тартудан хабардар болып, біздің бұларға кедергі келтіруіміз мүмкіндігін ескеріп, дайындық курстары арқылы шантаж, психологиялық қимылмен, бір бетін қайтаруға қолдану секілді ниеттері болған болуы мүмкін деді.
Болмашы есепке бола елдің бірлігі мен тыныштығына осыншалықты қауіп төндіргенін түсіне алар емеспін
Бұл тұста мынаны да айта кетейін. Шіркін, ниеттерін ашық білдіріп «Сендердің дайындық курстармен айналысуларыңды қаламаймыз» деп айтқанда ғой. Тым болмағанда Жамияға қатысы жоқ дайындық курстарына тиіспегенде болар еді. Бала-шағасының аузынан жырып, осы дайындық курстарын ашқан кісілерді аяймын. Өкінішті! 3800 дайындық курсының 3000-ның Жамиямен ешқандай қатынасы болмағаны айтылуда. Ашық айтқанда, біз былай дер едік: «Жарайды, бұл мәселе сендер үшін соншалықты өміршең болса, біз жолдастарымызға өтініш жасап, белгілі бір мерзімге дейін жаба тұрайық». Құрғаққа қосып, дымқылды да өртемегені жөн болар еді.
Бұдан бөлек, Ғылым министрлігі мен Үкіметтің назар аударарлық мәселелері жетерлік. Қоғамдық күйзелістер, жеке адамдар мен отбасыларды мәдени эрозиялардың буып бара жатқан уақыт аралығындамыз. Өткенде бір ғалым досымыздың мақаласынан оқып едім. Қателеспесем, өз-өзіне қол жұмсау әрекеттері 12 жылда 36 пайызға артыпты. Мектептерде есірткіге тәуелділік бар, 32 пайыз ішімдікке тәуелділік бар. Тағы бір психиатр ханымның айтуынша, есірткіге тәуелділікпен емделгендер саны 10 жылда 17 есеге артқан. Бұлар қоғамның ахлақ және құндылықтарына қауіп төндіріп отырған сұмдық жағдайлар. Осындай ірі келеңсіз жағдайлар ұлттық білім беру жүйесі мен елдің болашағын алаңдатып отырғанда, дайындық курстарын жабу арқылы білім жүйесін оңдаймыз дегенді қалай түсіндіруге болады? Дайындық курстарын жабу арқылы сонда осы келеңсіздіктердің алдын алды ма? Білуімше, бізге тән деп білінетін бұл мектептер мен дайындық курстары білім берумен қатар осындай іріп-шіруге қарсы күресіп жатқан білім ошақтары. Оңтүстік шығыста пайда болатын хаосты ойлаған сайын жүрегім атқақтап аузымнан шығып кете жаздайды. Елді басқарушылардың болмашы есепке бола елдің бірлігі мен тыныштығына қауіп төндіріп отырғанын түсіне алар емеспін.
Мен де жәбірленушімін, кім телефонды заңсыз тыңдаған болса, заң алдында жауап берсін
Осы мерзімде көп дыбыстық жазбалар анықталды. Әсіресе, кейбіреулер осы дыбыстық жазбалар үшін «Жамағатты» кінәлауда.
Бұрыннан бері осындай кінә тағулар болып келеді. Бірақ соны айтушылардың ешқандай нақты дәлелі жоқ. Ылғи осындай мәселелерде нақты дәлелдің айтылмауы бұл жерде басқа бір мақсаттың жатқанын байқатады.
Бұл мәселеде әркім әр нәрсені айтып жатыр. Тақырыптың біраз шатасқанын да айту керек. Соттың шешімімен жасалған тыңдаулар бар, заңсыз тыңдаулар бар. Қандай жағдайда болса да, егер заңсыз тыңдалған әрекет орын алған болса, сол адамды тауып жазалау керек. Мейлі ол кім болса о болсын. Кімге бүйрегі бұратын адам болса да бәрібір. Мен де, достарым да тыңдалу мәселесінде жәбірленушіміз. Көп уақыттан бері жөнсіз қаралауларға ұшырап, БАҚ-та, халыққа бізді құбыжық етіп көрсетуге әрекеттер жасалуда. Бұларды тек заң жүзінде ғана реттей аламыз. Заңсыз, тіпті заңның беріп отырған өкілеттігін белден басып тыңдаған адам болса, заң алдында жауап беруі тиіс.
Осыған сай мынаны да айтайын: қолда ешқандай дәлелі болмаса «тыңдағандар осылар» деп, көпшілікке кінә артқандар да заң алдында жауап беруі тиіс. Заң оларды да «Қайдан білесіңдер?» деп жауапқа тартуы тиіс. Заңсыздықты заңсыздықпен жою мүмкін емес. Қолайына келмесе бұл мәселеде жәбірленушімін деп жар салып, қолайына келсе, сол дыбыстық жазбаларды жымысқылана қолдану, меніңше, заңға да, адамгершілікке де сыймайды...
Құрметті Фетхуллаһ Гүлен Пенсильванияның шеткерісіндегі аймақта құрылған бір Қордың ғимаратында тұрып жатыр. Кейбір БАҚ өкілдерінің ұялмай «Патша сарайы» деп атаған ғимараттың ішіндегі шағын әрі қарапайым ғана бөлменің жалдама ақшасын да өзі төлеуде.
- жасалған.