БІЗ БІЛЕТІН ГҮЛЕН КІМ?

(Фетхуллаһ Гүленге қатысты алып-қашпа әңгімелердің төркіні неде?)
Тәңір Тағала жар болып тәуелсіздік алғаннан кейін халқымыз мың жылдан бері ұстанып келе жатқан хақ дінмен еркін қауышуға қол жеткізді. Талайдан бері туыстық қатынас үзіліп қалған түркі елдерімен де барыс-келістің қайта жаңғыруына жол ашылды. Түркі Әлемінде бағынышсыз ел болғанымызды алғаш болып Түркия мойындап, халықаралық қауымдастық алдында мемлекетіміздің мерейін өсірген еді. 1993 жылы Анадолыға жол түсіп, қаншама ғасырлық бай тарихы мен мәдениеті бар тегі бір туыс елді көзбен көріп, етене жақын танудың сәті түсті. Қаншама бас қосуларда болып, көптеген жерлерді аралап, сол сапардан арқа-жарқа болып елге оралған едік...

Сол сапардан Фетхуллаһ Гүлен ақсақалмен болған сұхбат ерекше есімде қалыпты. Оның кез-келген жанды терең ойға батыратын ойлы жүзі мен мөлдіреген жанары, биязы мінезі мен байсалды әңгімесі жанымызды жылы шуаққа бөледі. Жүрек тербетер әсерлі әңгімесін естіп, сарғайған санамыз ағарып, сусаған рухымыз бір марқайып қалды. Елге келгеннен кейін ақсақалдың жарық көрген кітаптарын үзбей оқуды қолға алдым. Күні бүгінге дейін ғалым-ғұламаның атқарған еренғайып еңбектерін екшеп, ой-санамнан өткізіп келемін.

Сонымен мен білетін Фетхуллаһ Гүлен кім?

Соңғы жылдары еліміздің Ислам елдері арасындағы абыройы мен ықпалы күн санап артып келеді. Әрине, Қазақстан мұндай беделге бірден қол жеткізген жоқ. Коммунистік идеологияның құрсауынан шыққанына қарамастан тәуелсіздік алғалы бері Қазақ елінің діни-рухани мәселелерде ұстанып келе жатқан салиқалы саясаты мұсылман елдерінің оң бағасын алды. Иә, 2011 жылы Қазақстанның Ислам конференциясы секілді іргелі ұйымға төрағалық ететіні осының айғағы.

Еліміздің мұсылман елдерімен әсіресе бауырлас түрік елімен тығыз мәдени қарым-қатынастар орнатуы нәтижесінде исі мұсылман баласының сый-құрметіне бөленген белгілі тұлғалар Қазақстан жұртшылығына да танымал бола бастады. Мәселен, соңғы кездері еліміздің бұқаралық ақпарат құралдарында және интернет сайттарында белгілі мұсылман ғалымы, қоғам қайраткері Фетхуллаһ Гүленге қатысты хабарлар мен мақалалар жиі жарық көретін болды. Бүгінде жетпісті алқымдаған, алпыстан астам кітаптың, бес мыңнан астам ғылыми мақала, монографияның авторы Ф.Гүленнің пікірлеріне әлем жұртшылығы үлкен қызығушылық танытып отыр. Ғұламаның күллі адамзат баласының бақытын ойлап, оның әлеуметтік-рухани мәселелерін шешуде білікті ойымен бүкіл әлемді бірлікке, өзара түсіністікке, сүйіспеншілікке шақыруы кімнің болса да көңілінен шығып, қолдау табуда. Ф.Гүлен пікірлерінің сөз жүзінде емес, іс жүзінде жер бетінің барлық елдерінде жүзеге асуы оның ғаламдық деңгейдегі қайраткерлік болмысын айқындаған. 2008 жылы әлемдегі ең беделді басылымдар – «Prospect» және «Foreign Affairs» Фетхуллаһ Гүленді «Әлемнің ең ықпалды интеллектуалы» деп жариялағанда да оның интеллектуалдық қырымен қоса қоғамдық қайраткерлігіне де баса назар аударған болатын.

Дегенмен, Ресейлік кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында Фетхуллаһ Гүленге қатысты бірқатар күдікті ойлар да аракідік айтылып жүр. Мәселен, Түркиядағы Ф.Гүленге қарсы топтардың айыптаулары, Ф.Гүленнің елінен жырақта АҚШ-та өмір сүріп жатқандығы, Түркияда Ф.Гүленге қатысты сот ісінің мән-жайы т.б. мәселелер. Міне, осындай мән-жайлардың ақ-қарасын анықтау үшін Ф.Гүленге қатысты алып-қашпа әңгімелердің астарына үңілуді жөн көрдік.
Ф.Гүленге қатысты Түркиядағы сот ісінің мән-жайы неде?

Қазіргі түрік қоғамы соңғы елу жылда үш рет әскери төңкерісті бастан өткергенін қазақ оқырмандары біле бермейді. Әскери төңкеріс сөзі айтуға жеңіл болғанмен оның астарында тұтас бір елдің тағдыры, қаншама боздақтың өмірі жатыр. Түркиядағы әскери төңкерістердің астарында түрік қоғамының басты саяси-әлеуметтік параметрлерін айқындайтын көптеген түйткілдер бар. Міне, осындай мән-жайлардың астарында қоғамдағы идеологиялық жікшілдік, түрлі қоғамдық топтардың бір-біріне деген төзімсіздігі жатқандығын атауға болады.

Қоғамда төзімділік мәдениеті болмаса демо-кратияның өзі  тұрақтылықтың кепілі бола алмайды. Сондықтан да идеологиялық төзімсіздік салдарынан түрік қоғамы бірнеше рет азаматтық соғыстың табалдырығына келіп тірелгені белгілі. Мұндайда әскерлер төңкеріс жасап, билікті қолына алып отырған. Сарапшылар әрбір әскери төңкеріс Түркияның дамуын 20 жыл артқа шегеріп отырған деген пікір айтады. Енді бір сарапшылар әскери төңкерістерді Түркиядағы кейбір олигархиялық топтар өз мүдделерін нығайтудың тәсілі ретінде қолдап отырғанын алға тартады.  

Әрине, түрік елінің қарыштап дамуына ең басты кедергінің қоғамдық келісім екенін жақсы білген өзімшіл жұрт «бөліп ал да билей бер» дәстүрін ұстанып, Түркиядағы түрлі идеологиялық, этникалық топтарды астыртын бір-біріне айдап салып отырғаны да жасырын емес. Жағдайдың ушыққаны соншама 1960-1990 жылдар аралығында Түркия қанды қақтығыстардың қайнаған ошағына айналады.

Міне, осындай қым-қиғаш кезеңде «қоғамдық келісімді» ту еткен  тың әрі батыл бастаманы алғаш рет Ф.Гүлен көтереді. Идеологиялық, этникалық, діни, конфессиялық, мәдени ерекшеліктеріне қарамастан толеранттылықты, диалогты дәріптейтін жаңа бастама әскери төңкерістер мен идеологиялық жікшілдіктен әбден қажыған түрік халқының қызу қолдауына ие болады. 1990 жылдарға дейін түрік халқы Ф.Гүленді діни қайраткер ретінде таныған болса, 90-шы жылдардан кейін оның қоғамдық қайраткерлігі сомдала түсті.  
Көптеген қиындықтар мен кедергілерге қарамастан Фетхуллаһ Гүлен тынбастан «қоғамдық келісімді» насихаттады. Бір-бірінің сәлемін алмайтын түрлі идеологиялық, діни-этникалық топ өкілдерінің басын қосып, елдің ортақ мүддесін бірігіп талқылайтын қоғамдық платформалар құрды. Мәселен, түрлі идеологиялық көзқарасты ұстанған зиялылардың басын қосып, елдің ортақ мүддесі төңірегінде пікір өрбітетін «Абант» платформасы, түрлі дін өкілдерінің диалог құрылтайлары, Еуразиялық кеңістіктегі зиялылардың басын қосатын, өзара түсіністік пен сұхбатты нығайтуды мақсат еткен халықаралық «Диалог Еуразия» платформасы, Батыс елдерінің зиялылары мен мұсылман зиялыларының басын қосып, өркениеттер арасы диалог мәселелерін талқылайтын тұрақты халықаралық конгресстер осылардың қатарына жатады. Түркияда Ф.Гүленнің бастамасымен құрылған радио, телевизия, газеттер, апталық және ғылыми журналдар, лицейлер, университетке дайындық курстары, университеттер жетерлік. Мұның барлығы да Ф.Гүленнің төзімділік, сүйіспеншілік, келісім секілді ұстанымдарын қоғамдық өмірде нақтылы түрде жүзеге асырып, түрік қоғамына оңды әсерін тигізді. 90-шы жылдардың соңына қарай Ф.Гүленнің төзімділік және келісім бастамалары өз жемісін беріп, Түркиядағы тұрақтылық нығая түседі.

Ф.Гүлен жоғарыда аталған қоғамдық бастамалардың барлығын саясаттан тыс, азаматтық қоғам деңгейінде жүзеге асырды. Дінге қызмет еткен ол өмір бойы саясаттан аулақ болуы қажеттігіне баса мән берді. «Кіші Әлемім» атты өмірбаяндық мемуарында бір саяси партия басшысы партиялық мандат бойынша 25 жасында-ақ оған депутаттық кресло ұсынғанда, үзілді-кесілді бас тартқанын айтады. 2005 жылы идеологиялық тұрғыдан Исламға қырын қарайтын «Миллиет» газетіне берген сұхбатында Гүлен «саяси мақсаттарға дінді желеу ету немесе дін үшін саясатты қару ретінде қолдану Исламның құндылықтарымен үйлеспейтінін» айтады.

Әйтсе де, Түркияда тұрақтылық пен қоғамдық келісімнің нығаюы «тұманды күнде балық аулауды әдетке айналдырған» кейбір топтардың мүдделеріне нұқсан келтіре бастайды. Бұлар Ф.Гүленнің «қоғамдық келісім» бастамасының тамырына балта шабу үшін қарсы әрекет ұйымдастырады. Түркияда талай жылдан бері қоғамдық алауыздықты өршітіп, арандатудың құралы ретінде қолданылып келген «түрік-күрт», «сүннилер-әлишілдер», «діндарлар-діндар еместер», «оңшылдар-солшылдар» арасына іріткі салатын көптеген оқиғалар орын ала бастайды.

Қазірде Түркияда жүріп жатқан «Ергенекон» сот ісінде аталған топтардың талай жылдан бергі халық арасына салған іріткісі мен былық-шылығы әшкереленіп жатыр. Міне, осы топ 1999 жылы Ф.Гүленге қарсы тыңғылықты түрде әзірленген «бопсалау операциясын» ұйымдастырады. Ф.Гүленнің 1150 діни уағыздар жазылған бейне таспасын сараптап, оның сөздерін зайырлы мемлекеттің қағидаларына қайшы келетіндей етіп бұрмалап, монтаждайды. Бір ғана мысал келтіретін болсақ, Ф.Гүленнің «Солшылдар Алланың лағынетіне ұшырасын деп қарғау, мұсылмандық әдептілікке жатпайды» деген сөзін «Солшылдар Алланың лағынетіне ұшырасын» деген жеріне дейін қырқып алып, өзге де қырқылған сөздерімен құрастырып, монтаждағаны кейіннен нақтылы дәлелденеді. Әлгі топ бейне кассеталарды кейбір бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жаппай таратып, солшыл социалистерді Ф.Гүленге қарсы қою үшін арандатушылық әрекетке барады. Солшыл бағыттағы бұқаралық ақпарат құралдарының бірқатары мәселенің ақ-қарасын білмей жатып, Ф.Гүленге қарсы ұйымдастырылған науқанда «қолшоқпар болғандарын» кейін барып біледі. Ф.Гүленнің адвокаттары бейне таспалардың әдейі, қасақана монтаждалғанын Сот арқылы дәлелдегенге дейін аталған топ өз дегеніне жетіп үлгереді.

Аталған қылмыстық топ бұқаралық ақпарат құралдарында Ф.Гүленге қарсы науқанды ұйымдастырумен қатар, 1999 жылы бір әйелді арнайы дайындап, Мемлекеттік Қауіпсіздік Соты прокуроры Нух Мете Юксельмен ашыналық байланыс құруын да ұйымдастырады. Сонан соң арнайы дайындалған қонақ үй бөлмесінде прокурор мен әйелдің арасындағы жыныстық қатынасты жасырын түрде бейне таспаға түсіріп, прокурорды бопсалау арқылы «құрыққа» түсіреді[1].  

Мемлекеттік қауіпсіздік соты прокуроры Нух Мете Юксель 2000 жылы Ф.Гүленге қарсы «зайырлы мемлекетке қарсы қоғамдық ұйым құрды» деген айыппен қылмыстық іс қозғайды. Қылмыстық істің айғақты заттары ретінде кейбір бұқаралық ақпарат құралдары таратқан монтаждалған кассеталардағы мәліметтер негізге алынады. Түркияның көптеген қоғам қайраткері, зиялы қауым өкілдері, заңгерлер аталған істің құқықтық тұрғыдан негізсіз екенін, анық-қанығы белгісіз газет материалдарымен Ф.Гүлен секілді белгілі қоғам қайраткеріне мұншалықты дөрекі айыптау жасаудың Түркияның абыройына сын екенін айтып, дабыл қағады. Алайда прокурор Нух Мете Юксель алған бетінен қайтпайды.
2002 жылы Ыстамбул полициясының лаңкестікке қарсы күрес тобының арнайы жасақтары бір қылмыстық ұйымның қоймасына тінту жасау барысында Нух Мете Юксельдің белгісіз әйелмен жыныстық қатынасы түсірілген бейне таспаны қолға түсіреді. Соттық сараптама бейне таспадағы адамның Нух Мете Юксель екендігін анықтағаннан кейін Түркия судьялар және прокурорлар Жоғарғы Кеңесі (ТСПЖК) Юксельдің прокурорлық қызмет этикасына жат әрекетін талқыға салып, Мемлекеттік Қауіпсіздік Соты прокуроры қызметінен босатады. Осы оқиғадан кейін 2003 жылы Мемлекеттік Қауіпсіздік Соты Ф.Гүленге қатысты қылмыстық істі тоқтату туралы шешім қабылдайды.

Ф.Гүленнің адвокаттары Соттың шешіміне наразылық танытып, қайта арызданады. Олар Соттан «Ф.Гүленнің кінәсі болса дәлелдеп соттауын, не болмаса ақтауын» талап етеді. Мемлекеттік Қауіпсіздік Соты арызды №11 Анкара қылмыстық істер Сотының қарауына жібереді. Алайда, №11 Анкара қылмыстық істер Соты Ф.Гүленнің Түркияда өмір сүрмейтіндігін алға тартып, сот ісін қарауды кейінге қалдыру туралы шешім қабылдайды.

2005 жылы Түркияның қылмыстық іс жүргізу туралы заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Жаңа заң күшіне енгеннен кейін 2006 жылдың наурыз айында Ф.Гүленнің адвокаттары №11 Анкара қылмыстық істер Сотына Ф.Гүленді ақтау туралы шешім шығару үшін тағы да арызданады. Ф.Гүленге қатысты прокурор Нух Мете Юксель қозғаған қылмыстық істі қараған Сот алқасы, «зайырлы мемлекетке қарсы қоғамдық ұйым құрды» деген айыптаудың негізсіз екендігін бір ауыздан құптап, Ф.Гүленді ақтау туралы шешім қабылдайды.

Түрік қылмыстық іс жүргізу құқығы бойынша Бас Прокуратура Сот шешіміне 3 ай ішінде қарсылық білдіруі немесе мақұлдауы қажет болатын. Осы мерзім ішінде Бас Прокуратураның прокуроры Абдурахман Ялчынкая прокурорлық наразылық білдіреді. Прокурор Ялчынкаяның Сот шешіміне білдірген наразылығын Бас Прокуратураның Жоғарғы Алқасы талқыға салып, 2008 жылдың маусым айында көпшілік дауыспен Ф.Гүленді ақтау туралы Сот шешімін мақұлдап, қаулы қабылдайды. Осылайша Сот ісі соңғы мәресіне жетіп, Ф.Гүлен түпкілікті түрде ақталады.

Кейінгі кезде бірқатар Ресейлік интернет сайттарында Ф.Гүленнің өз елінде сотталғаны, сол үшін АҚШ-ты паналап жүргеніне қатысты жалған ақпарат қылаң беріп жүр. Мұндай қауесеттің түгелдей жалған екенін, Ф.Гүленге қарсы қозғалған қылмыстық іс «Ергенекон» ұйымының сот қызметкерін бопсалаудан туындағанын жоғарыда айттық. Құқықтық тұрғыдан түпкілікті сот үкімі шықпайынша ешбір кісіні кінәлі деп айыптауға болмайтынын барша біледі. Қала берді түрік сот орындары 2008 жылы Ф.Гүленге қарсы қозғалған қылмыстық істі жауып, оны түпкілікті түрде ақтаған.

Белгілі қоғам қайраткері, сенатор Ғарифолла Есім Ф.Гүлен туралы «Күн астындағы нәрсе көлеңкесіз болмайды, әсіресе, ел сөзін сөйлеуші, елге қызмет етуші азаматтар туралы жаңсақ сөздер немесе әдейі қасақана жасалатын әрекеттердің үнемі болатыны белгілі жағдай. Әрине, Фетхуллаһ Гүлен сияқты тұлғалар саясаттан тыс бола алмақ емес. Ол өзін саясаттан тыс ұстағанымен, Түркиядағы саяси топтар оны өз мақсаттарына пайдаланбақшы болған ниеттері болған. Осындай жағдайға байланысты Ф.Гүленнің басына іс түскен. Сондықтан ел ішіндегі саясаттан тыс болу үшін, ол АҚШ-та өмір сүріп жатыр. «Неге Фетхуллаһ Гүлен АҚШ-та өмір сүреді» деген айып сөзі болмауы керек. Америка демократиялық үрдістердің жетілген елі. Сондықтан Америкада өмір сүріп жатыр деген Фетхуллаһ Гүленге айып емес» – деген болатын[2].  

Ал енді Ф.Гүленнің АҚШ-қа емделуге кетуіне сол кездегі ресми билік орындары тікелей себепші болған деседі. Ф.Гүленнің пікірлеріне оппозициялық ұстанымдарымен белгілі «Доған медиа» тобының баспасынан жарық көрген Фаруқ Маржанның «Фетхуллаһ Гүлен» атты кітабында Гүленнің 1990 жылдан бері жүрек, қант диабеті, жоғары қан қысымы ауруларымен сырқат тартып жүргені баяндалады. АҚШ-тың Миннесота штатындағы бүкіл әлемге әйгілі «Мayo Clinic» ауруханасының кардиология бөлімінің дәрігері профессор Сайд Тархан Ф.Гүленнің жақын досы болғандықтан 1995 жылдан бері оны АҚШ-та емделуге шақырумен болады. Алайда, Ф.Гүлен өзінің әдеттегі қарапайымдығына басып «Мен секілді бір адамға мұншама шығын жасау ысырап болады» деп, АҚШ-та емделуден бас тартады.

1999 жылы Ф.Гүленді емдеп жүрген Измир қаласындағы «Шифа» ауруханасының бас дәрігері, профессор Махмут Ақдоған АҚШ-та емделуге Ф.Гүленді көндіру үшін басқаша шаралар қарастыра бастайды. Ф.Гүленнің жақын достарының көмегімен сол кездегі Түркия премьер-министрі Бүлент Ежевитке жағдайды баяндайды. Премьер-министр дереу Ф.Гүленге телефон соғып, дәрігерлердің кеңесіне құлақ асуы үшін уәде алып, АҚШ-та емделуге көндіреді. Осы жайдан хабардар болған сол кездегі Түркия Президенті Сүлеймен Демирел де Ф.Гүленге телефон шалып, АҚШ-та емделуден бас тартпауға кеңес береді. Мұнымен қоймай экс-президент С.Демирел АҚШ-тағы «Мayo Clinic» ауруханасындағы түрік дәрігері Сайд Тарханға телефон шалып, Ф.Гүленнің сырқатынан айығуына үлкен мән беріп отырғанын айтып жеткізеді. Осы оқиғалардан кейін Ф.Гүлен амалсыздан АҚШ-та емделуге көнген екен[3].  

Қазіргі уақытта Ф.Гүленнің туған еліне оралуына ешбір құқықтық кедергі жоқ. Алайда АҚШ-тағы дәрігерлер ұзақ сапарға денсаулығы жарамайтынын айтатын көрінеді. Дегенмен, Ф.Гүленнің туған еліне оралуы үшін басты кедергінің бұл емес екенін де айта кеткен жөн.

Түркияда 2008 жылдан бері «Ергенекон» лаңкестік ұйымының «әскери төңкеріс жасап, билікті қолға алуға» дайындалған астыртын іс-әрекеттері әшкереленіп, түрік саясатын астан-кестең еткен сот ісі жүріп жатыр. Ал «Ергенекон» лаңкестік ұйымы 1990 жылдардан бері Ф.Гүленге қарсы түрлі арандатушылық әрекеттер ұйымдастырғаны белгілі. Бұл ұйымның қылмыстық іс-әрекеттері Сотта әшкерелене түскен сайын «Ергенекон» жақтастары Түркияда түрлі арандатушылық пен бүлікшілдік әрекеттерге баруда. Фетхуллаһ Гүленнің Түркияға қайта оралуы әлгі топтардың елдегі саяси тұрақтылықты тіптен ушықтыра түсуіне себеп болады деген пікірлер де жоқ емес.

2009 жылы 11 қыркүйекте «Айқын» газетіне берген сұхбатында Фетхуллаһ Гүлен «Әлбетте, туған жеріме оралуды қашанда армандаймын. Денсаулығым мен қазіргі келеңсіз жағдай түзелген шақта, туған еліммен қауышатын күн де нәсіп болар деп үміттенемін. Түркияға оралсам маған өшіккен топтар елдегі жағдайды ушықтыра түсе ме деген қауіппен Отаныма оралуды кешіктіруге тура келіп тұр», – деп жауап берген[4].  

«Ергенекон» лаңкестік ұйымының Ф.Гүленге қатысты таратқан түрлі қауесеттері біздің елге де жеткенін «Айқын» газетіне берген сұхбатында Ф.Гүлен қынжыла отырып: «Сіздің адамзаттың ортақ игілігі үшін деп істеген істеріңіз бәзбіреулердің жеке мүдделеріне қайшы келуі ғажап емес. Білгенге дінімізде өтірік айту мен жала жабудың жазасы өте ауыр. Мені қатты қынжылтатыны көптеген адамдардың осындай жалаларды ақ-қарасын ажыратпай сенуі», – деп білдіреді[5]. Фетхуллаһ Гүлен бүкіл саналы ғұмырын қоғамдық келісім, діни, этникалық, идеологиялық төзімділік, адамгершілік, рухани  құндылықтармен бірге, заманауи ғылым мен технологияны жетік меңгерген әрі рухани, адамгершілік құндылықтарды асқақ ұстайтын «кәміл адам» үлгісінде ұрпақ тәрбиелеу секілді мақсат-мұраттарға арнаған ғұлама. Аталған мақсат-мұраттарды жүзеге асыру үшін қазіргі таңда әлемнің 110 елінде түрік лицейлері, диалог орталықтары жұмыс жасауда. Біздің елімізде де 30 қазақ-түрік лицейі, Сүлеймен Демирел университеті, «Диалог Еуразия» қоғамдық бірлестігі қызмет атқаруда. Ф.Гүленнің пікірлері еліміздің мемлекеттік саясатымен де толықтай үндесуде.

2009 жылдың шілде айында Астана қаласында өткен әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің ІІІ-ші съезінде сөйлеген сөзінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Жер бетіндегі игіліктер жолындағы бассыз бәсекеде неліктен өмірдің адамгершілік жақтары ұмытыла беріп, тұтынуға табынушылық неліктен көптеген адамдар үшін өмірдің мәніне айналды?» – деп, экономикалық дағдарыстың астарындағы рухани дағдарыстан ой қозғайды. Бұл ойын қорытындылай келе «Тұрақты өзін-өзі рухани жетілдіру қажеттігі екінші тұрғыға ысырылды. Дүниені материалдық құндылықтар – ақша, ашқарақтық пен табыс жолындағы ойсыз бәсеке билеп-төстеп алғанына көпшілік көз жұмып қарайтын болды. Сонда адамзаттың ғұмыр кешуінің шынайы мәні осында ма? Бәлкім тоқтап біз осы қайда барамыз, бізді болашақта не күтіп тұр дегенді ойланатын уақыт жеткен болар?» – деп, адамзатқа терең ой тастайды[6].

Елбасы айтқан ой Ф.Гүленнің 1960-шы жылдардан бері насихаттап келе жатқан пікірлерімен бір арнада тоғысып жатқанын оңай аңғаруға болады. Қазіргі таңда қазақ зиялылары Ф.Гүленнің әлемдегі бейбітшілікке қосқан үлесін өте жоғары бағалауда. Өйткені, Ф.Гүленнің пікірлері қазақ халқына жат емес. Бұл туралы академик, сенатор Ғарифолла Есім «Фетхуллаһ Гүленнің айтып жүрген идеялары бізге таныс, белгілі. Олардың көбісін ХІХ ғасырда-ақ Абай айтып кеткен, мысалы Хәкім Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген сөзінің мәтіндік мағынасына үңілсек, тек гумманизм ғана емес, ізгіліктің де қайнар көзіне тап боламыз», – дейді[7].

Иә, қазіргі жаһандану заманында адамзаттың ортақ мәселелері үшін бүкіл саналы өмірін арнаған, түркі халықтарының ортақ мақтанышы, есімі қазіргі таңда алты құрлықты аралап кеткен көрнекті тұлға, ғалым-ғұлама және гуманист Фетхуллаһ Гүленнің бейбітшілікке қосқан еңбектеріне адамзат тиісті бағасын береді деген ойдамыз.


[1]    Ав.Фаруқ Маржан, «Фетхуллаһ Гүлен» Доған Китап баспасы, Ыстамбул, 2008, 239-242 бет.
    
[2]    «Мәселе қазақтың намысшыл болуында» «Ана тілі» газеті №21, 3 маусым 2009.
    
[3]    Фаруқ Маржан, «Фетхуллах Гүлен» «Доған Китап»,Стамбул, 2008, 195-198 бет.
    
[4]    «Қазақстанды көру мен үшін үлкен қасіретке айналған сағыныш» «Айқын», №168, 11 қыркүйек 2009 жыл.
    
[5]    «Қазақстанды көру мен үшін үлкен қасіретке айналған сағыныш» «Айқын», №168, 11 қыркүйек 2009 жыл.
    
[6]    Нұрсұлтан Назарбаев, Діндер үнқатысуы және адамзат тағдыры. // «Егемен Қазақстан». 2 шілде 2009 жыл, №226.
    
[7]    «Мәселе қазақтың намысшыл болуында» «Ана тілі», №21, 3 маусым 2009 жыл.
   

 

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.