Мақтансүйгіштік және кәнігі нарцистер
Сұрақ: Адамзаттың асыл тәжі Мұхаммед пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) және оның ізбасарлары қошемет пен мақтау сөзге қалай қарайтын еді? Бұл мәселеде мүминге тән ұстаным қандай болуы қажет?
Жауап: Мақтансүйгіштік, жұрттан мақтау сөз естуге құмартып тұру – адамның рухани дүниесін жегідей жеп, кісілік қасиеттен айыратын жаман әдет. Кісінің өзі туралы жұрттың көпіртіп мақтау айтқанын, астына көпшік қойып, жетістігі мен табысын асырып көрсеткенін құмартып тұруы – оның жүрегін рухани індет жайлағанын көрсетеді. Жүректегі осы бір кеселдің дауасы да қиын. Мақтансүйгіштік мүминдер арасында да кездеседі. Алайда, мүминдердің мақтангершілігінде тәкаппарлық пен өркөкіректік болмайды. Тәкаппарлық, паңдық, басқаларды менсінбеу – көбіне имансыздар мен екіжүзді мұнафықтарға тән рухани кесел.
Бүлікшілдік сипаты
Жүрегіне иман ұяламаған адам істеген ісімен ғана емес, істемеген ісімен де мақтанудан тайынбайды. Бойында жоқ ізгі қасиеттермен жұрттан жылы лебіз естіп, қошеметке бөленуге құмартып тұрады. Бұндай адамдардың ақыретте қиын жағдайға душар болатыны туралы Құран кәрімде: «Істегендеріне мәз болып, істемегендерімен де мақтау қалап тұратындарды қаперге алма. Сондай-ақ, оларды азаптан құтылады деп әсте ойлама. Өйткені, олар үшін жан түршігерлік азап бар»[1] – делінген.
Тәпсіршілер бұл аятта Пайғамбарымыздың дәуіріндегі «әһли кітап» иелері (христиандар мен иудейлер) мен екіжүзді мұнафықтар жайында айтылғанын алға тартады. Өйткені, осы аяттың түсуіне екі оқиға себеп болған.
Бірде Аллаһ елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) «әһли кітаптың» бетке ұстар ғалымдарынан діндеріне қатысты бір мәселені сұрайды. Әлгі ғалымдар қасақана шындықты бүркемелеп, бірқатар жалған мәліметтер келтіреді. Олар өздерінің осы бір айла-шарғыларына өздері тәнті болып, осы үшін айналасындағылардан алғыс, ілтипат күтеді. Жоғарыдағы аятта осындай екіжүзді ғалымдардың жан дүниесі сипатталған.
Енді мәселенің келесі бір қырына тоқталайық. Бірде Аллаһ елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) елді жорыққа аттануға шақырып, жар салады. Осы кезде екіжүзді мұнафықтар түрлі сылтау айтып, мұсылмандардың сапына қосылмайды. Олар мұсылмандар жеңіліске ұшыраса, соғысқа қатыспай аман қалғандарына қатты қуанатын еді. Тәкәппарлықпен өздерін ақылды, көреген санайтын. Ал егер мүминдер жеңіске жетіп, олжамен оралса, жорыққа қатыспаса да мүминдермен ниеттес, тілеулес екенін айтып, олжадан үлес алуға жанталасатын. Жорықтан кейінгі жағдайдың бір қалыпқа түсуіне өздерін жауапты адамдай санап, істемеген істерімен елден мақтау мен марапат, жылы сөз, сияпат күтетін. Аталған аятта бітірген ешбір ісі болмаса да маңғазданып, мақтануды ұнататын мұнафықтардың ішкі дүниесі суреттелген.
«Бұл аят маған айтылған!..»
Жоғарыда келтірілген аяттың түсуіне басқа да оқиғалар себеп болғаны айтылады. Алайда, тәпсіршілер көбіне аталған екі оқиғаға баса мән беріп, соған сілтеме жасайды. Кез-келген аяттың белгілі бір мән-жайға байланысты түсуі тек сол оқиғаға ғана қатысты деген мағынаға келмейді. Хақ тағаланың әрбір сөзі мыңдаған хикметке толы. Әрбір аят талай жайдан сыр шертіп, көптеген мәселені бірден қамтиды. Әрбір Құран аяты сол аяттың түсуіне себеп болған оқиғамен қоса соған ұқсас басқа да мән-жайларды қамтып, үкімін білдіреді. Сондықтан, бір аяттың бірнеше оқиғамен байланыстырылуы, аяттың түсу себебі ретінде бірнеше оқиғаның көрсетілуі түсінікті, қалыпты жағдай. Ендеше, аятты «иқтиран» (екі нәрсенің қатарынан қамтылуы) тұрғысынан қарап, «Аллаһ тағала белгілі бір хикметпен аятты аталған оқиғалардың барлығымен бірдей байланысты еткен» деп пайымдап, түсу себебінен бұрын мазмұнына баса мән беру қажет.
Сахабалар мен олардың ізбасарларының көпшілігі жоғарыда айтылған аяттарды белгілі бір адамдарға ғана түсті деп санамаған. Олар аяттарда баяндалатын сипаттарға баса назар аударған. Мәселен, кез-келген бір аятта имансыз немесе екіжүзді адамдардың жалғанға әуестіктері жайында айтылса, бұл аятты «Бізге еш қатысы жоқ, басқалар туралы түскен» деп, елеусіз қалдырмайтын. Олар: «Біздің бойымызда да осы кеселдің нышаны бар шығар» деп уайымдап, өз өздерін тергеп, сын елегінен өткізіп отыратын. Бұл мәселеде қара қылды қақ жаратындай туралықты басты назарда ұстады.
«Суайттық – Аллаһтың ренішін тудыратын нашар әдет. Аллаһ тағала адамдардың бойындағы сипаттарға қарап айыптайды немесе нығметіне бөлейді. Ендеше, жалған сөйлеген, өтірік айтқан жан кім екеніне қарамастан айыпты, кінәлі пенде» деген ұстанымда болды. Сахабалар мен олардың ізбасарлары адам бойындағы барлық жаман сипаттарды дәл осылай таразылып отырды. Олар Аллаһ тағала разы болмайтын істердің маңына да жоламай, о дүниеде опық жеп қалмас үшін асқан ыждағаттылықпен ғұмыр кешті. Ешқашан да болдым-толдым демеді. Құранда Аллаһ тағала айыптап, тыйым салған кез-келген халдің, іс-әрекеттің және сипаттың өз бойларында кездесіп қалуынан қатты қорқып, мұндай жиренішті әдеттерден бойларын аулақ ұстаған.
Есеп күніне есеппен баруды негізге алған сахабалар мен олардың ізбасарлары аса ыждағаттылық танытқаны соншама, Құрандағы имансыздарға қатысты түскен аяттарды оқығанда жанарлары жасқа толып, ағыл-тегіл жылайтын. Мәселен, Омар ибн Абдулазиз Құрандағы: «Сол уақытта олардың мойындарында темір бұғаулар, аяқтарында шынжырлар маталған күйде әуелі қайнап тұрған суға сүйреледі, сосын отта шыжғырылып өртеледі»[2] деген аятты таң атқанға дейін қайталап, сәждеде жатып жылай-жылай талықсып кететін. «Уақыты келгенде имансыздар жаһаннам отының алдына әкелініп: «Барлық рақатты дүниеде тамашалап бітірдіңдер. Ал енді бүгін жер жүзінде орынсыз менменсіп, бұзақылық қылғандарың үшін күйзелтуші азаппен жазаланасыңдар» делінеді»[3] деген аятты оқығанда, ішіп-жеуден сап тыйылып, қатты уайымға бататын. Ол о дүниенің нығметтерін осы дүниеде тауысып бітіруден, о дүниеге құр алақан кетуден қорыққаны үшін бір кесе су ішуге, бір-екі шайнам ас жеуге дәті бармайтын. Алғашқы ғасырлардағы мүминдердің халі де Омар ибн Абдулазиздің жағдайына ұқсас еді. Олар кез-келген аят оқылғанда құдды өзіне қарата айтылғандай уайымдап, Аллаһ тағаланың үкімдерінің жалпы мазмұнына қарап бой түзеген.
Кәнігі нарцистер
«Әли Имран» сүресінің 188-аятында өмірінде істемеген істерді жұртқа майын тамызып айтып, дінге, руханиятқа берік болмаса да, өзін өте діндар, тақуа етіп көрсететін, осынысымен жұрттан қошемет күтетін кітап иелерінің кейбір ғалымдары тілге тиек етілген. Сонымен қатар ой-пікірі мен ақидасында имансыз бола тұра, жұртқа өзін басқаша танытып, жағдайға қарай мың құбылып, әр түрлі ортада өз мүддесіне қарай түрлі мінез көрсетіп, жұрттың ілтипатын іздеп жүретін екіжүзді мұнафықтар туралы да айтылған. Осылардан басқа аятта кейбір мұсылмандарға да ескерту бар. Жүректеріне имандылық терең бойламаған, Аллаһтың разылығы мен ақыреттің игіліктерін басты мақсат санамайтын, жұрттың мақтау-марапаты мен фәни дүниенің өткінші рақатына бой алдырған мұсылмандарға да ишарат жасайды. Аят мүшріктер мен мұнафықтарға қатысты түскенімен, мұсылмандарды бұдан тыс қарау дұрыс емес. Аятта құр мақтанға, қошеметке жаны құмартып, маңғаздық пен паңдыққа бой алдырған мұсылмандар үшін ескерту жасалған.
Шын мәнінде істеген ісімен мақтанып, жасамаған істерін жасағандай етіп көрсетуден арланбайтын мақтанқұмар адамдардың бойын билеген рухани кеселдің белгілері бір-біріне ұқсас келеді. Мұндайлар көбіне діннен бейхабар, өз табиғатындағы «нәпсі әммараның» (жамандықты қалап тұратын нәпсі) парқына бара алмағандықтан соның ығына жығылып, атақ пен даңқ қуған адамдар. Олардың көпшілігі өзін өзгелерден артық көріп, тіпті жұрттан бөлек жаратылғанына сенеді. Ел арасында өзін басқаша ұстайды. Айналасындағыларды түгел мойындатып, өзінің айрықша бір миссиямен жаратылған адам екеніне сендіруге тырысады. Көңіл түкпірінде әлдебір жартыкештік байқалатын осындай адамдардың айналасында жағымпаздар жиналса, нағыз нарцистер сонда шығады.
Тіпті, руханияттың заңғар шыңына жеткен алып тұлғалардың өзі айтпаған «Мен адамдарды тура жолға салдым», «Мен ғауыспын (ең үлкен әулие)» сынды әсіре сөз айтатындар шығады. Олар өзі тұрғанда өзге тұлғалар туралы әңгіме қозғалғанның өзін жақтырмай, жайсызданады. Мұндайлар арасында өзін пайғамбар-дың немесе пәлен деген әулиенің өкілі немесе ізбасары екенін алға тартып, айналасындағыларды осыған сендіру үшін жанталасып жүргендер де баршылық. Олар ешбір артық қасиеті болмаса да, жұрттың өзі туралы «тақуа», «діндар және «Аллаһтан қорқатын мүмин» деп мақтау айтқанын қатты қалайды, немесе «елі үшін еңіреген ер», «жанкешті», «өзгелер үшін өз басын бәйгеге тігетін тұлға» сынды сөздермен өзін дәріптей түскенді тілейді. Тіпті, өз басында бұл қасиеттер болмаса да, бәрібір осылай мақталғанды қалап тұрады. Титтей бір нәрсе жасаса, осы үшін мақтау, қошемет күтеді. Түймедей істерінің өзін түйедей етіп көрсетуден арланбайды. Қайта осыны жан-дүниесімен қалайды.
Пайғамбарға тән кішіпейілділік пен қарапайымдылық
Шынайы мұсылман әрқашан кішіпейіл болуы қажет. Жүрегіне иман ұялаған адам өзінің Аллаһтың құлы екенін ешуақытта ұмытпайды. Мүмин өзін артық санамайды, жұрт қатарлы адаммын деп санайды. Тіпті, Аллаһтың мейірімінен мақұрым қалар болса, бордай тозып, азғындыққа салынып кетер ме екенмін деп уайымдайды. Сондықтан да, мақтау мен марапатты ұнатпайды. Қошемет пен ілтипатты жақтырмайды. Кез-келген біреу оған арнап керемет мақтау айтып, Фирдәусидің дастанындай жыр жырласа да құлақ аспайды, «сондай екенмін» деген алдамшы ойға берілмейді. Кез келген адамда мендік сана аз-кем байқалатыны рас. Ықтиярынан тыс осындай ішкі буырқаныстар көңілді билей бастаса, ар-ұжданымен дереу қарсылық танытып, мұндай бықсыған сезімдерді жанбай жатып өшіріп тастайды. Көңілге хош келсе де әсіре айтылған сөздерге желікпейді. Біреудің өзі туралы мақтауларын әсіре немесе жалған сөз ретінде көреді.
Адамзаттың асыл тәжі Пайғамбарымыз (аләйһу әкмәләтут-таһая) өнегелі ғұмырын қарапайымды-лықпен, кішіпейілділікпен өткізді. Үмбетіне де осыны насихаттады. Бірде ол кісіні хазірет Мұсамен салыстырып, пайғамбарымыздың артықшылықтарын жіпке тізе бастағандарға: «Мені Мұсадан артық көрмеңдер» деп тыйып тастап, қатал ескерту жасады. Тағы бірде «Балық иесі (хазірет Жүніс) секілді болма!»[4] деген аят түскенде, кейбір сахабалар «Хазірет Жүніс қандай қателік істеді екен?» деген жаман ойға берілмесін деген ниетпен Аллаһ елшісі: «Мені Жүніс ибн Мәттадан артық санамаңдар» деп ескерту жасайды.
Кішіпейілділікте алдына жан салмаған ардақты Пайғамбарымыз өзіне «Сен біздің «жол сілтеушімізсің дегендерге сол заматта: «Жоқ ең мәртебелі, жол сіл-теуші ол – Аллаһ тағала» деп қарсылық білдіреді. Бірде «Уа, жер жүзінің ең қайырлы адамы» деп лебіз білдірген кісіге: «Жер жүзінің ең қайырлы адамы – Ибраһим» деп жауап береді. Негізінде Пайғамбарымыздың көзіндегі ғайып пердесі көбіне ашық күйде болды. Ол Аллаһтың қалауымен оқтын-оқтын арғы дүниені тамашалайтын еді. Бір күні Айша анамыздың бөлмесіне бір топ әйел жиналып: «Біздің арамызда ертең не болатынын білетін Пайғамбар бар» деп иләһи ән шырқап отырады. Мұны естіген сүйікті Пайғамбарымыз: «Ән салсаңдар да шындықты айтыңдар. Мен күні ертең не болатынын білмеймін. Аллаһ нені білдірсе, соны ғана біле аламын» деп ескерту жасаған.
«Ей, екі жүзді нәпсі!»
Хазірет Әбу Бәкір (р.а.) адамзаттың шамшырағы ардақты Пайғамбарымыздан (әләйһи әкмәләтут тәһәйя уә тәслимат) дәріс алған. Ол мінез-құлқы және әрбір халімен Пайғамбарымызға қарап бой түзеуге тырысатын. Әбу Бәкірдің (р.а.) бойында да пайғамбарға тән кішіпейілділік пен қарапайымдылық бар еді. Ол осы қалпынан жазбастан кіршіксіз ғұмыр кешті. Мақтануға жаны қас болатын. Басқалардың өзін мақтағанын да жақтырмайтын. Ықтиярынан тыс өзін біреулер мақтап жатса, ұяттан жүзі қып-қызыл боп қызарып кететін. Аллаһтан қатты қорқатын еді. Мұндайда қолын жайып: «Раббым! Сен менің қандай екенімді менен әлдеқайда жақсы білесің. Ал, мен өзімді өзгелерден жақсы білемін. Уа, әлемдердің Раббысы! Халықтың менің бойымнан көргісі келген жақсылығы мен ізгілігін шынымен де маған нәсіп ет! Басқа адамдар білмейтін жасырын күнәларымды кешір! Жұрттың мен туралы айтқан жылы лебіздеріне масаттанып, өз-өзімді жақсы көруден, тәкаппарлыққа салынудан сақтай гөр!» деп дұға ететін.
Қошемет жасалып, мақтау айтылғанда, мүмин ұстамды болып, кішіпейілділік танытуы қажет. Мұндайда «Уа, Аллаһ тағалам! Мен туралы айтылған жылы лебіздерді дұға ретінде қабыл ет! Осының кесірінен тәкаппарлыққа, менмендікке салынып кетуден сақта! Мені нәпсіге еріп кетуден сақта! Аяғымды шалыс бастырма!» деп, мақтау мен мадақтың шынайы иесі Ұлы Құдіретке сыйынғаны жөн. Мақтау мен марапатты күтпеу, ілтипат пен қошеметті тілемеу шын мәнінде мүминнің жан дүниесінің байлығын көрсетеді. Пендешілікпен кейбір мүминдер аракідік істеген амалдарын жұрттың көргенін, осыған жылы лебіз білдіргенін қалауы да мүмкін. Сондықтан да, мақтау сөзге масаттанбайтындай дәрежеде жүректе ұстамдылық орнату, осындай халге қол жеткізу үшін адамның іштей өз-өзімен күресуі иманды жандар үшін қасиетті борыш. Адам бойын нәпсіге жеңдіріп, даңғойлыққа, ғапылдыққа салынса, мақтау сөздер, марапат пен қошеметтер оны тура жолдан тайдыруы әбден мүмкін. Уәһб ибн Мунәббиһтің айтуынша: «Бір адамның діни өміріндегі ең көркем қасиеті – дүниеге беріліп кетпей, ұстамды бола білуі. Ең жаман қасиеті – нәпсінің жетегінде кетіп, бойдағы құмарлықтарына жеңілуі. Нәпсіге жеңілудің нышаны – мал-мүлік, шен-шекпен және мақтансүйгіштік» деген екен. Тамаша айтылған сөз. Осындай ұстанымда болған жан жұрттың ілтипатына бөленуді әсте мақсат тұтпайды. Елдің өзі туралы айтқан жылы лебізі мен ізгі ойларына масаттануы, мақтансүйгіштікке салынуы, екіжүзділік танытуы тіптен мүмкін емес. Істеген қызметін әлдеқандай етіп көрудің орнына өзіне бұйырған сансыз нығметтердің шүкіршілігі ретінде құлшылыққа ден қояды. Осындай түсінікпен екіжүзділіктен, даңғойлықтан бойын аулақ ұстайды.
«Қойныңда жылан бар, абайла!»
Шынайы мүмин өзі туралы айтылған мақтау сөзге де, сын пікірге де ұстамды бола білуі қажет. Негізі адамның өз-өзін кінәлап, кемшіліктерін өзі айтуы белгілі бір тұрғыдан алғанда оңай нәрсе. Алайда, кемшіліктерін басқалар айтқанда да ұстамды, байсалды қалпын сақтап «Қойнымда жылан бар екенін айтқан адамға борыштармын» дей білу, кез-келгеннің қолынан келе бермейді. Көбіне адам өзіне қарата айтылған сынды дәл сол заматта емес, кейіннен барып мойындап жатады. «Кемшіліктерімді айтқаны қандай жақсы болды. Ол менің жақсылығыма тілеулестігі» деп, іштей ризашылығын білдіруі де мүмкін. Дегенмен, өзіне қарата сын айтылған алғашқы сәтте нәпсісін тізгіндеп: «Қателіктерімді айтып, маған көмектескенің үшін Аллаһ сенен разы болсын» дей білу нағыз мәрттік, нағыз қаһармандық болып табылады.
Негізінде өз істеріне өзі тәнті болу, өзіне еш қатысы болмаса да бірқатар жетістіктерді өзімдікі деп малдану, лайықты болмаса да бірқатар істермен немесе сипаттармен жұрттың назарына ілігуге құмартып тұру күпірлік, бүлікшіл мінезге жатады. Жүректің нұрын сөндіретін мұндай қауіпті вирус ішінара болсын мүминдерде де кездесетіні өкінішті. Шын мәнінде жүрегіне иман ұялаған адам мақтау сөзге де, сын сөзге де бірдей ұстамдылық танытады. Мұндай жан мақтау сөзді ұнатпағанымен, өзіне қарата айтылған сын сөзді қалап тұрады. Өзін сынаған адамға ренжу былай тұрсын, қайта өзіне қол ұшын берген адал дос ретінде оны жақсы көретін дәрежеге жетеді. Міне, бұл – кемелдік шыңына шыққан нағыз мүминнің халі. Мұндай жан жұрттың мақтауына әуестенудің жүректегі нұрды өшіріп, ішкі дүниені алай-дүлей ететін фитнә екенін білгендіктен, бос сөз, бөстекі әңгімелерді, мақтау-марапаттауларды жаны сүймейді. Керісінше, ғайбат, жала немесе өсекке жатпайтын әділ сынды жанындай жақсы көреді. Әділ сын айтып, қателіктерін көрсеткендерге шексіз алғыс білдіреді. Тіпті, әділ болмаса да өзіне сын айтылғанда, осы сынға сабыр сақтап, байсалдылық танытқаны үшін сауап жинайтынын білгендіктен, мұндай сынның өзіне жылы қабақ таныта алады.
[1] «Әли Имран» сүресі, 3/188.
[2] «Ғафыр» сүресі, 40/70-71.
[3] «Аһқаф» сүресі, 46/20.
[4] «Қалам» сүресі, 68/48.
- жасалған.