Қайта тірілу идеалы
Сұрақ: «Әнфал» сүресінің 24-ші аятында қайта тірілуге үндеу тасталуы нені меңзейді? «Бағсу-бағдәл мәут»[1] қаһармандары осынау иләһи үндеуді қалай түсінгені жөн? Мұны жүзеге асыру үшін қандай жайттарға баса назар аудару қажет?
Жауап: «Қайта тірілу» – қайта ояну, қайтадан күш-қуатқа ие болу, өмірге қайта келу деген мағыналарды қамтиды. Бүгінде әдебиетте, пәлсапада Сезаи Каракочтың[2] «қайта тірілу» ұғымы жиі қолданылып жүр. Алайда, марқұм Нэджип Фазыл[3] көбіне «бағсу-бағдәл мәут» сөзін қолдануды дұрыс көретін. «Бағсу-бағдәл мәут» – өлгеннен кейін қайта тірілу деген мағынаны білдіретін «әмәнту» негіздерінің бірі. Жалпыға мәлім «әмәнту» сөзі «иман келтірдім» деген мағынаны білдіріп, «Аллаһқа, періштелеріне, түсірген кітаптарына, пайғамбарларына, ақырет күніне, тағдырға яғни, жақсылықты да, жамандықты да Аллаһ жарататынына иман келтіру» деген сөздің қысқартылған атауы. Осы сөздің соңында «Уәл бағсу-бағдәл мәути хаққун» делінген. Яғни, өлгеннен кейін қайта тірілудің ақиқат екені айтылады. Бұл сөзді барлық мүминдер жақсы біледі. Мағынасын да терең түсінуге әркім-ақ құштар. Қайта тірілу және «бағсу-бағдәл мәут» ұғымының келесі бір қыры – түгелдей жойылып кеткен дүниелердің қайтадан жаңғыруы, төл болмысынан, өз құндылықтарынан айырылып қалған адамның немесе ұлттың өз асылдарымен қайта қауышуы деген мағынаны да білдіреді.
Адам ақыретте мүмин ретінде қайта тіріліп, мәңгілік бақытқа бөленуі үшін осы дүниеде имани тұрғыдан ояу, яғни тірі болуы қажет. Өмір атты тамаша нығметті текке өткізіп, рухани тұрғыдан өлексе секілді мағынасыз ғұмыр кешкендер хашір (қайта тірілу) алаңына да жансыз, рухсыз, мүшкіл халде жиналатын болады. Осы дүниеде жан дүниесімен қайта тірілудің ләззатын татқандар арғы дүниеде де мәңгілік бақыттың алтын арқауы «бағсу-бағдәл мәут» нығметіне бөленіп, жанды, сергек күйде Жаннатқа қарай қадам баспақ. Арғы дүниеде қайта тірілуге қол жеткізу үшін дүниеде Аллаһ пен Оның елшісіне (с.а.с.) мойынсұнып, әрқашан рухани сергек болуға, яғни рухани тұрғыдан «тірі» болуға талпыну қажет.
Иләһи үндеу
Қойылған сауалдағы аятта Аллаһ тағала: «Ей, иман келтіргендер! Сендерге өмір беретін ақиқаттарға шақырғанда Аллаһқа және Елшісіне бойсұныңдар. Біліп қойыңдар, Аллаһ адам мен жүрегі арасына перде қояды (қалаған кезде қалауын жасатқызбайды) және біліп қойыңдар, сендер қайтадан Оның құзырында жиналасыңдар»[4] деген.
Аталған аятта ең бірінші назар аударылатын жайт «Аллаһқа және Елшісіне бойсұныңдар» делінген. Хақ тағаланың қасиетті есімімен бірге пайғамбарымыздың да аты аталады. Осы тұста Расул Әкрамның (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) есімі үлкен абыроймен аталып, Ғаламның Жаратушысының жанында қаншалықты қадірлі екеніне және бір рет назар аударылған. Өйткені, жасалған үндеу тікелей Аллаһтың үндеуі. Аятта әрі Хақ тағалаға, әрі Аллаһ елшісіне мойынсұну қажет екені білдірілсе де, үндеу «фиили тәсния» (бір сөздің екі мағынаны меңзеуі) райында емес, «муфрәд» яғни, жалқы түрде қолданылған.
Расул Әкрамға бойсұну
Иә, қайта тірілу үндеуінің шынайы Иесі – хазірет Уахибул-Хаят[5] болып табылады. Ал, сүйікті Пайғамбарымыз (аләйһи әкмәлус-салауати уә әтәммут-тәслимат) сол үндеудің арадағы дәнекері, жаршысы әрі тәржіманы. Аллаһ елшісі пайғамбарлық міндеті ретінде адамзатқа ең әуелі Хақ тағаланың «Затын» (өзін), сипаттары мен есімдерін танытып, адамдардың жүрегінде Оған деген құлшылық сана-сезімін оятты. Осы тұрғыдан Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) адам баласы білмейтін не ұға алмайтын көптеген ақиқаттарды үйреткен мұғалім тәрізді. Сонымен қатар, адамзаттың Асыл тәжі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) діни үкімдерді айтып жеткізу, адамгершілік құндылықтарды үйрету және көркем мінездің өнегесі мен үлгісін көрсету тұрғысынан мойнына міндет жүктелген «мушәрри» яғни, шариғат үкімдерін белгілеуші болып саналады. Расул Әкрәм (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Құранның «мүбхәм» (астарлы) тұстарын тәпсірлеуі, «мужмәл» (қысқа баяндалған жерлерді) ашып түсіндіруі, «мутлақ» (кесімді үкімдерді) нақтылауы, жалпы үкімдерді жалқыға сәйкестендіруі секілді функциялары арқылы бейне бір үкім белгілеуші қызметін атқарған.
Иә, адамзаттың Асыл тәжінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) шариғатты жеткізу және оның үкімдерін белгілеуші рөлі болмаса біз таяз ой, тар түсінігімізбен ешбір діни үкімді жете ұғынып, мінсіз жүзеге асыра алмас едік. Мәселен, Аллаһ тағала Құран кәрімде көп жерде «намаз оқыңдар» деп бұйырады. Алайда, намазды қалай оқу қажеттігін, тәкбірдің қалай алынатынын, қиямда не істейтінімізді, қырағатта не оқитынымызды, рукуғ пен сәждені қалай жасайтынымызды тәптіштіп түсіндіріп берген Расулаллаһ (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм). Аллаһ тағала жалпы үкімдерді жан-жақты ашып түсіндіруді Пайғамбарымызға міндеттеген. Ендеше, Аллаһ елшісі егжей-тегжейлі түсіндірмегенде, намаз секілді парыз құлшылығымыздың өзін қалай атқаратынымызды білмей дал болар едік. Зекетті, нисапты және осы секілді басқа да жайларды қалай түсініп, орындайтынымызды да білмес едік. Сүннетте тәптіштеп түсіндірілмегенде Құранда «мүжмәл» (қысқа баяндалған) түрде айтылатын ораза мен қажылық сынды ғибадаттарды да орындай алмас едік немесе қателікпен, кемшілікпен атқарар едік. Аллаһ елшісі (с.а.с.) Құранда жалпылама айтылған мирас үкімдеріндегі пайғамбарлардың мал-мүліктерінің мирас болып саналмайтынын, қанішерліктің мирастан мақұрым қалуға себеп екенін түсіндірмесе, мирастың үкімдерін де ұғынып қарық қылмас едік. Мәселен, Құран кәрімде жыртқыш аңдардың етінің харам екені жалғыз ауыз сөзбен болсын айтылмаған. Осындай жайлардың да баршылық екенін ұмытпаған жөн. Иә, Аллаһ елшісінің шариғат үкімдерін белгілеу рөлі болмаса, осылардың ешбірін біле алмас едік.
Сондықтан, жоғарыда аталған аятта үндеуді Хақ тағаланың Өзі жасаса да «Аллаһқа және Елшісіне бойсұныңдар» деп, белгілі бір деңгейде пайғамбарымыздың да шариғат үкімдерін белгілейтін функциясы бар екенін білдіруінің, иләһи ақиқаттардың Пайғамбарымыз арқылы жететінін ишарат етуінің мәні терең.
Мәңгілік бақытқа жету жолдары
Аяттың жалғасында «иза дәакумлима иухикум» яғни, «сендерге өмір беретін ақиқаттарға шақырғанда» делінген. Бұл жердегі «ләм» шылауын «ләму-акыбә» ретінде түсінсек, онда «Аллаһтың сендерді қайта оятуы, «бағсу-бағдәл мәутқа» қауышу, қайта тірілу үшін осы үндеуге құлақ асыңдар» дегенге саяды. Мүминдердің қайта оянуына, қайтадан еңсе тіктеп, ес жиюына сеп болып, ақыретте мәңгілік бақытқа қауыштыратыны меңзелген «өмір бастауын» тәпсіршілер Ислам, Құран, діни ілімдер және ізгі амалдар деп тәпсірлеген. Иә, Аллаһ пен елшісі мүминдерді Ислам дініне, Құрандағы ақиқаттарға, кәміл иманға, «илә-и кәлиматуллаһ»[6] дағуасына, адамзатты құлдарға құл болудан құтқарып, тек Аллаһқа құл етуге және адамдық абыройына сай өмір сүруге шақырады. Иман келтіргендер осындай мәнді де мағыналы өмір арқылы ғана жүрегі мен рухы ояу күйде шынайы өмірлік бағыт-бағдарын таба алады.
Сонымен қатар, адамдардың осы дүниеде «бағсу-бағдәл мәутқа» қол жеткізуі олардың ақыретте де қайта тірілуінің кепілі. Осы дүниеде Аллаһтың үндеуіне мойынсұнып, қайта тірілгендер арғы дүниеде де қайта тірілудің шаттығын жан-жүрегімен сезінеді. Сезінумен қоса амал дәптерлерін оң жақтарынан алып, нағыз қуанышқа кенеледі. «Мінекей, дәптерім! Алыңдар, оқыңдар, зерделеңдер! Шын мәнінде мен дүниеде жүргенде есепке тартылатынымды білетін едім» деп, ақыретке азық дайындаудың шаттығын жан-жүрегімен сезінеді. Содан кейін тек бақыт пен шаттықтан тұратын нағыз өмір басталады. Көз бен құлақты ләззатқа бөлейтін жаннат бақшаларында, бұтақтарынан жемістер төгілген миуа ағаштарының көлеңкелерінде оларға: «Дүниеде жасаған игі істерің үшін тәбетпен ішіп-жеңдер!» делінеді. Бұдан қалса, әрбір адымында жаңа бір жақсылыққа кенеліп, Аллаһ тағаланың разылығына бөленудің шексіз ләззатын татып, сол сәтте барша сезімдері арқылы бақыт құшағына енеді. Аллаһтың үндеуіне құлақ асудың қаншалықты ғажайып «абы-хаят» (тіршілік нәрі) екенін түсінеді.
Мәңгілік өлгендер
Хақ тағаланың үндеуіне құлақ аспағандар ешқашан қайта тіріле алмайды. Өмірдің шынайы ләззатын ешқашан сезіне алмайды. Иман аясынан мақұрым күйде қараңғы ғұмыр кешіп, өздеріне берілген өмір атты нығметті парықсыздықпен босқа рәсуә етіп, дүниеден өтеді. Осы дүниенің өзінде олардың рухани өмірі саңырау, мылқау және жүрексіз келетіндіктен, арғы дүниеде де мәңгілікке өлім құшады. Олар ақыретте қайта тірілуді ауыр азаптың бастауы ретінде көріп, үнемі өлімнің қорқынышын, үрейін сезінуден көз ашпайды. Аллаһ пен Елшісінің үндеуіне құлақ аспаған жандардың өлі жүректері Исрафилдің сырнайының өзіне тірілмейді. Сырнай даусы олар үшін мың сан өкініш пен бір-бірімен астасқан қорқыныштың басталғанын білдіретін ишарат қана болмақ.
Қайта тірілу үндеуіне құлақ аспай, мәңгілік өлім жазасына тартылған бейбақтар амал дәптерлерін сол жағынан алғанда «Неткен өкініш, әттең, бұл дәптер мүлдем берілмегенде! Есебімді білмей-ақ қойғанда! Өліммен бірге барлық нәрсе біткенде ғой. Дүние-мүлкімнің маған ешбір пайдасы тимеді. Күш-қуатым да, билігім де бәрі-бәрі көзден ғайып болды» деп өкініп, опық жейді. Әсіресе, қараңғы қабір өмірі мәңгілік өлімнің қасіретімен азапты өтеді. Түбінде жаһаннамға баратынын білгендіктен, олар өлімнен бетер ауыр жағдайға ұшырап: «Әттең, топыраққа айналып жоқ болып кеткенімде ғой» деп, қайғыдан қан жұтып, зар илейді.
Ақыретке сенбейтін адамдар жақындары мен жақсы көретін адамдарына деген әсіре сезімдері, фәни өмірге деген ессіз құштарлықтары салдарынан дүниеде жүріп-ақ үреймен, уайыммен ғұмыр кешеді. Бұл дүниеде рақат пен молшылықта шалқып өмір сүріп жатса да, сол рақаттары бір күні түгесілетінін, ажалдың құрығына ілінетінін ойлаған сайын фәни дүниедегі алдамшы «жаннаттары» жаһаннамға айналып шыға келеді. Сондықтан, осындай үрей мен уа-йымды сәл де болса ұмыту үшін, көңіл көтеруге бас қойып, түрлі азғындықпен өз-өздерін алдағандай күй кешеді. Басын құмға тығып, аңшыдан жасырынғысы келген түйеқұстар сынды олар да ғапылдыққа салынады. Осылайша, өлім мен ажалды бір сәтке ұмытып, көкейдегі уайымын жеңгендей көрінеді. Олар ең үлкен ақиқат – мәңгілік өмір барын мойындамағандықтан, әрдайым ажалдың үрейімен өмір сүреді. Сондықтан да, «Жаза – жасалған қылмыстың сипатына қарай тағайындалады» деген қағидаға сай арғы дүниеде де әрдайым жоқ болуды күтіп отырғандай, алапат үреймен жоқ болу қасіретінен арыла алмай ауыр азап шегеді. Әрине, бұл дүниеде ғапылдықпен, азғындықпен, көңіл көтерумен, мастықпен аз да болса өлімді ұмытып, көкейдегі үрейін сейілтетіндер де баршылық. Ғапылдық атты ұйқыға бас қойып, жүректегі қорқыныш пен үрейді мүлдем ұмытқандар да жетеді. Алайда, арғы дүниеге қадам басқанда барлық нәрсе ашық көрініп, анық айтылады. Барлық нәрсе шынайы қалпымен көрініс тауып, адамдардың көзіне көрсетіледі. Міне, сол кезде дүниеде өлекседей бәтуәсіз өмір сүргендер өлімнің, мәңгілік азаптың және жоқ болудың қорқынышын терең сезінеді. Үнемі шыңырауға тасталғалы тұрғандай үрейленіп, осы азап мәңгі-бақи жалғасатынын ойлағанда, жаны түршігіп бас сауғалайтын жер таппай жапа шегеді. Міне, осы тұрғыдан алғанда олар белгілі деңгейде мәңгілік өлім атты жазаға тартылып, қайта тірілудің қуанышы мен шаттығын ешқашан көрмейді.
Жүректегі қараңғы перделер
Аяттың соңында «Уағләму әннәллахә иәхулу бәйнәл-мәри уә қалбихи» яғни, «Біліп қойыңдар, Аллаһ адам мен жүрегі арасына бір перде тартады» делінген. Яғни, кейде Аллаһтың (Заты-улухият) нұры мен адам жүрегі арасын перде тұмшалайды. Осылайша, бейне бір күн тұтылғандай құбылыс пайда болып, екі аралықты әлгі перде тас түнек бітеп тастайды. Негізінде, иршадтың[7] мақсаты да Аллаһ пен адам жүрегінің арасындағы осындай перделерді алып тастаудан тұрады. Сонымен қатар, жүректің бағытын Хақ тағалаға қарай бұру адамдардың Аллаһқа бет бұруына бөгет болатын бүкіл кедергілерді жойып, сезім мен ой-пікірді иманмен ізгілендіру, Жаратушыға жақын жүректердің рухани тұрғыдан одан әрі тереңдеп, биіктеуіне жағдай жасау, міне, осының барлығы иршадтың мақсаты саналады. Алайда, кейде иршад өзінің діттеген межесіне жете алмай, адамдар бірқатар кедергілерге бой алдырып, жарты жолда адасып жатады. Хақ тағала адам баласына оның жүрегінен әлдеқайда жақын. Әрі адам баласының жүрегін толық меңгеруші Хакім болып табылады. Аллаһ қаласа, құлының ақыл-ойын адастырып, оны санасыздыққа душар етеді. Сөйтіп, өз болмысының, өз-өзінің парқына бара алмайтын, өз-өзін сезіне алмайтын халге түсіреді.
Аллаһқа және ақырет күніне сенбейтін адамдардың жүрегі мен Аллаһ тағаланың арасын қараңғы перде тұмшалап тұрады. Мұндайлар кейде тәкаппарлықтарынан, кейде адасқан ой-пікірлерінен, кейде әділетсіздігі салдарынан, кейде көрсоқырлықпен ата-бабаның адасқан жолын ұстанудан, енді бірде Аллаһқа емес басқа нәрселерге табыну салдарынан ақиқатқа ешқашан қол жеткізе алмайды. Сондықтан, мұндай адамдар мен иләһи нұр арасында қараңғы перде, өткел бермес кедергі тұрады. Олардың жүректерінде әрдайым ай немесе күн тұтылғандағы секілді қараңғылық күй кернейді. Олар Аллаһты (Заты-улухият) ешқашан жан жүрегімен сезіне алмайды.
Ай немесе күн тұтылғандай, Аллаһ пен жүректің арасында қараңғы перде тартылуынан мүминдер де қалыс қалмайды. Мүминдер үшін де үлкен қауіп-қатерлер баршылық. Әрдайым рухани сергектікті сақтап, ыждағаттылық танытпаса, сәт сайын жүректі улайтын түрлі күдік-күмәннан сақтанбаса, Аллаһпен арадағы рухани байланысты берік күйде сақтай алмаса, ғапылдыққа салынса, кез келген замат жүректі әлгіндей перде тұмшалау қаупі бар екенін ұмытпаған жөн.
Уа, жүректерге қалауынша билік етуші Раббым!
Адам жүрегі мен Аллаһ тағала арасын перде тұмшалап, жүрекке иләһи нұр төгілмейтін болса мұндай жағдайда адам иман мен күпірлік арасындағы терең құздың қауіп-қатерін сезінуден қалады. Хазірет Әнас (р.а.) Расул Әкрамға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Уа, Аллаһтың елшісі! Біз сізге және сіз дәріптеген барша ақиқатқа иман келтірдік. Осыған қарамастан, әлі де болса бізді уайымдайтын кездеріңіз бола ма? Ақыретте бізді не күтіп тұрғанын ойлап, қамығасыз ба?» деп сұрағанда, Рақым Пайғамбары (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Иә, қатты қорқамын. Өйткені жүректер Рахманның екі (құдірет) саусағының арасында. Ол адамдардың жүрегіне қалауынша билік жүргізеді» дейді.
Иә, күнә мен азғындаған ой адам жүрегін қарайтып, Аллаһтың (Заты-улухият) жүректегі нұрын өшіреді. Осындай аянышты жағдайға ұшыраудың уайымын арқалаған бір пенденің жаны түршігіп қорықпауы, қалшылдап-дірілдеп үрейленбеуі, Хақ тағалаға жалынып, жалбарынбауы мүмкін емес. Ғаламның Төресі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) әрбір дұғасында: «Аллаһуммә уә муқаллибәл кулуб, сәббит қалби ала диникә» («Уа, жүректерге қалауынша билік жүргізетін Аллаһ тағалам! Жүрегімді дінде тұрақты етіп, берік қыл!») деп тілек тілеуі осындай сана-сезімнен туындаған.
Негізінде, күнәдан пәк саналатын сүйікті Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) өзі жүрегінің Хақ дін жолында тұрақты әрі берік болуы үшін осылай дұға еткен. Аллаһтың разылығына бөленгені Құранда сүйіншіленген теңдессіз ізгі жамағатын ойлап уайымдаған. Ендеше, біз де ертеңгі күнімізді ойлап қатты қорқуымыз қажет. Әйтпесе, біздің де жүрегімізді қараңғы перде тұмшалап, иләһи нұрдан мақұрым қалуымыз ғажап емес. Күнәларымыз бен түрлі қателіктеріміз жүректегі пердені қалыңдатып, жан-дүниеміздегі қараңғылықты қоюлата түспейтініне кепілдік жоқ. Ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін парықтап, таразылау қабілетімізден айрыламыз. Дүние-мүлік, шен-шекпен жүректі тас-түнек қараңғылыққа батыратын індеттердің бір парасы. Атақ, абырой деп жанталасып жүріп, ақиқатты көруден қалмақпыз. Менмендік, өзімшілдік, нәпсіқұмарлық, үй-жай, бала-шағаға деген әсіре берілгендік, Аллаһ жолында қызмет етудің жауапкершілігінен қашу сынды кеселдер тас-түнек қараңғылыққа көмбек. Жүректегі иләһи нұрды бір рет өшірген адамның қайтадан еңсе тіктеп, ес жиюы қиын. Мұндайлардың рухани дүниесін өмір бойы әлдебір жартыкештік билеп, не өлі, не тірі екені белгісіз шалажансар күй кешпек. Ендеше, әркім өзінің алдағы күніне алаңдап, өзін ешқашан сенімді жағдайда сезінбеуі қажет.
Жақында бізге қонаққа келген аса қадірлі бір ұстазым таң намазын имам болып оқытып жатып: «уағләму әннәллаһә иәхулу бәйнәл-мәрии уә қәлбихи» деген аятты оқығанда қатты толқып, жылап жіберді. Оның әлгі аяттың мағынасын осылайша тереңнен қармап, сезімге ерік бергені мені де толқытты. Иә, біздің де жүрегімізді қараңғы перде тұмшаламайтынына сенім жоқ. Кез келген замат жолдан тайып, адасу қаупі бар екенін ұмытпаған абзал. Ендеше, мүмкіндік барда, жүректі перде тұмшалап тастамай тұрғанда көңілге көктем әкеліп, қайта оянуға бастайтын, бізді мәңгілік өмірге қанаттандыратын діннің үндеулеріне, «илә-и кәлимәтуллаһ»[8] дағуасына қарай бар күшімізбен ұмтылуымыз қажет. Пайдалы ілім мен ізгі амалға шақырылсақ, жан-тәнімізбен қабыл алып, соған ден қойғанымыз жөн. Адам алжып, жынданып, жолдан тайып, адасып, ой-пікірі азғындап, жан алқымға келмей тұрғанда иләһи үндеуге бар ынтамызбен құлақ асып, соған талпынуымыз қажет. Аллаһ тағала барша жүректің бақылаушысы, жүректегі күллі ой мен ниеттен толықтай хабардар. Біздің өзіне деген ұмтылысымыздың шынайылығын, қаншалықты риясыз екенін жақсы біледі. Бұдан қалса, «Барлығың оның құзырында жиналасыңдар!» деген иләһи ескертуі барша нәрсенің ақыретте аян болатынын еске салады. Сол үшін кәміл иман келтіруге және ақырет күні үшін дайындық жасауға шақырады.
Қайта тірілген қаһармандар
Әрбір пенде белгілі деңгейде қайта тірілудің ғаламат құбылысын бастан өткеретіні анық. Ал енді, пайғамбар дағуасының мұрагері болғысы келетін жандардың көңілінде өздері ғана емес, өзгелердің де оянуы үшін аянбай қызмет ету идеалы, мұраты болуы қажет. Адамзат тарихында барша пайғамбар және олардың абзал достары адамдардың тірілуіне жанын салған. Дәл осы секілді бүгінгі күні пайғамбарлық дағуасының мұрагері болғысы келетін ізгілік жаршыларының ең маңызды міндеті, «бағсу-бағдәл мәут қаһарманы» немесе «қайта тірілу қаһарманы» деп аталатын асқар шыңға ұмтылу болмақ. Иә, пайғамбарлық дағуасының мұрагерлігінен дәмелілер саналы ғұмырын осы мақсатқа арнауы қажет. Жер-жерді аралап, баршаға «абы-хаят» атты тіршілік нәрін ішкізуді басты мұраты етуі керек. Жазушы шығармаларымен, ғалым ғылыми ізденістерімен, ақын өлеңдерімен, өнер адамдары музыкасымен немесе өнердің басқа да түрлерімен және ең бастысы, барлық адам шынайы түрде діндарлықты ұстанып, баршаға үлгі-өнегені өзі бастап көрсету арқылы төрткүл дүниеде қайта тірілудің үлгісін паш етуі қажет. Міне, бойына осындай идеал тұндырған адам аяттағы иләһи үндеуге құлақ асудың ең жарқын үлгісін көрсетпек. Мұны қайта тірілу емес, қайта тірілту дағуасы деп атау да жарасады. Мұны «басқалар үшін өмір сүру мұраты» немесе «басқалардың бақыты үшін өмір сүру идеалы» деп те атауға болады.
Саналы ғұмырын адамзаттың қайта тірілуіне, мәңгілік бақытқа кенелуіне арнаған «бағсу-бағдәл мәут қаһармандары Аллаһтың өздеріне тарту еткен барша қабілетін жүректегі асыл армандарын жүзеге асыру үшін аянбастан қолданып бағады. Олар басқа адамдардың рухани тұрғыдан әлсіремеуі үшін олардың көкіректерінде иләһи нұрдың жалынын жағуға тынбай қажыр-қайрат танытады. Баршаға қол ұшын созып, жәрдемге мұқтаж жандардан қамқорлықтарын аямайды. Оларды рухани дүниені астан-кестең ететін дүлей дауылдарда жападан-жалғыз қалдырмай, үнемі жанынан табылады. Жанындағы айнымас адал достарын сезікті қауіп-қатерлерден қорғап қалуда үнемі сергектік танытады. Ең алғашқы күндердегі шабыт пен жігерден нәр алған табандылықтарын сақтай отырып, өздерімен тағдыры һәм тілегі бір достарының да үнемі рухани сергектігін сақтай білуі үшін көзсіз ерлік көрсетеді. Тіпті, олар үшін жер мен көктен қабаттаса түрлі апат төнсе де, күллі әлем қарсы шығып, жолына тұзақ құрса да, дағуаларынан әсте бас тартпайды. Түрлі байкотқа, азап пен озбырлыққа, жер айдау мен қуғын-сүргіннің қандайына душар болса да, әсте дағуасынан айнымаған ардақты сахабалар сынды олар да аңсаған армандары мен дағуаларынан бас тартпайды. Артқа шегініп, солқылдақтық танытудың өзін дағуадан бас тартып, тура жолдан жалтару ретінде пайымдайды. Олар ұлы жолдан жалтаруды дінге опасыздық таныту деп түсінеді.
Йәрмук соғысында жеңіліске ұшырап, тым-тырақай қашқан Рим империясы әскерінің қолбасшысы императордың алдына барып: «Уа, патша ағзам! Бұлармен соғысу мүмкін емес. Біз өлімнен қалай қорқып қашсақ, олар дәл солай өлімге қарай ұмтылуда. Өлімнен қашатындар өлімге жүгіретіндермен қалай соғыссын?» деп, мұңын шаққаны белгілі. Иә, ең алғашқы ізгілер, яғни сахабалар тұрлаусыз өмірге тұсалған аттай байланып қалмай ажалға тайсалмастан тіке қарап, қуана ұмтылғандары сынды барша дәуірдің қайта тірілу қаһармандары да сол шамада жанкешті, мәрт және үрейсіз болуы қажет. Олардың өмірді тым тәтті көретіндей рухани солқылдақтықтары болмауы қажет. Жайбарақат жайлы өмірге қауышу, рақатқа бату, бала-шағаға әсіре берілу сынды рухани вирустар олардың жүректеріне әсте билік ете алмайды.
Дегенмен, ең алғашқылар өздерінің жанкештілігін соғыс майдандарында танытса, қазіргі қайта тірілу қаһармандары соғыс, жанжал, қантөгістің ауылына да жуымайды. Олардың міндеті майданда жан алысып, жан берісу емес, жүректеріндегі иман шырағын баршаның көңілінде жағу үшін, қолдарындағы өрт сөндіретін түтікшелерімен имансыздық атты өртті сөндіру, осы бағытта аянбай қызмет ету болып табылады. Олардың міндеті Хызыр мен Ілияс секілді ел-елді аралап, өзгелерге өмір лебін үрлеп, аяғы тиген барлық жерде өмір нышандарының көгеріп, қайта көктеуін қамтамасыз ету. Әдеби терминологиямызда «Хызыр сәждесін жайған жер» деп аталатын ұғым бар. Әрбір адам өзінің қабілет-қарымына сай жүрген жерінде халыққа қайта тірілудің лебін тыныстатуы тиісті.
Бағсу-бағдәл мәут қаһармандары – ғұмырын басқалардың бақытқа кенелуіне арнаған нағыз бақыттылар. Олар Аллаһ пен Елшісінің (с.а.с.) үндеуіне мойынсұнса, Хақ тағаланың өздеріне қайта тірілу жолдарын көрсететініне, ас-сусыз жарты жолда тастамайтынына шын жүректен сенім артады. Осындай сеніммен әуелі Аллаһқа шынайылықпен тәуекел етіп, айналасындағы мұңдыларға жұбаныш сыйлап, қараңғылық басқан рухтарды нұрға бөлеу үшін әрдайым жалындап жануды өздеріне борыш деп біледі. Олар отырса да, тұрса да басқалардың көкейіне өмір лебін үрлеудің ләззатымен тыныстап, өздерінің идеалдарын жүзеге асыру үшін ешбір қиыншылықтан та-йынбайды. Қажет болса, қайта тірілту үшін өз жанын береді. Басқалардың бақыты үшін өз бақытын пида етеді, өзгелердің рақаты үшін өз рақатынан бас тартады. Басқалар мәңгілік бақыттың дәмін татуы үшін, күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей тынбастан еңбек етіп, бейнет тартады. Арманына қарай ұмтылған сайын алдынан тосатын жылтыраған мақтауларға, аяусыз сын пікірлерге де мән беріп қарамайды. Қайта керісінше, олар қандай да бір ілтипат көрсе іштей азап шегіп, «астағфируллаһ» сөзімен жауап қатады. Шындыққа жанаспайтын сын пікірлерді естісе, «Аллаһ алдыңнан жарылқасын» деп қана өтеді. Сын пікірлерден сабақ алып, нәпсісін тежеп, алған бағытынан танбастан алға қарай ұмтыла түседі.
Иә, бүгінгі таңда жүрегіне мейірім мен сүйіспен-шілік тұнған осындай асқақ рухты қаһармандарға аса зәруміз. Адамзат том-том кітаптарға, ғажап философиялық пікірлерге, керемет күштердің таңға-жайыптарына емес, қартайған жер бетін соңғы рет шаттыққа бөлейтін, өзінен гөрі өзгелерді көбірек ойлайтын нағыз ізгілерге, идеалист қаһармандарға мұқтаж. Керемет күштерді иелік етсеңіз де, әрбір күш пен тіршіліктің пешенесіне жазылған өмір жасы болатынын ұмытпаған жөн. Асарын асап, жасарын жасағандар өзегін құрт кеміріп, шіріп кеткен ағаш сынды бір күні опырыла құлайтыны анық. Алайда, қайта тірілу қаһармандары иләһи үндеуге бойсұнған сайын Аллаһтың қалауымен ешқашан құлап, қирамайды. Қияметке дейін төрткүл дүниенің шартарабына шапқылап, баршаға тостаған тола қайта тірілу шәрбатын ішкізумен болмақ.
[1] «Бағсу-бағдәл мәут» – араб тілінде қайта тірілу, қайта ояну деген мағынаны білдіретін сөз.
[2] Сезаи Каракоч – белгілі түрік ойшылы
[3] Неджип Фазыл – белгілі ақын, ойшыл
[4] «Әнфал» сүресі, 8/24
[5] «Уахибул-Хаят» – жалғыз ғана өмір беруші деген мағынаны білдіретін Аллаһтың сипаты.
[6] Аллаһтың есімін жер-жаһанға таныту
[7] «Иршад» – адамдарға тура жолды көрсету, дұрыс жолға түсуіне мүмкіндік жасау, ғапылдықтан ояту деген мағыналарды білдіретін арапша сөз.
[8] «Илә-и кәлиматуллаһ» – Аллаһты төрткүл дүниеге таныту, сүйдіру дағуасы.
- жасалған.