Жатып ішер жалқаулық және еңбек етудің ләззаты
Сұрақ: Сұрақ: Ғалымдар мүминдердің рухани дүниесі үшін үлкен қатердің бірі ретінде «рақатқұмарлықты» атап өткені белгілі. Рақатқұмарлық – адам баласын түбінде опық жегізетін тұлдыры жоқ тұйық қараңғылық пен қорлықтың бастауы. Мүминдердің рухани дүниесін жегідей жейтін осынау қауіп-қатерге қарсы не істеу қажет?
Жауап: Ғалымдар үмітсіздік, шыдамсыздық және өзімшілдік сынды рухани кеселдерді тілге тиек еткен бір тұста «рақатқұмарлыққа» да айрықша тоқталған. Сауалда да айтылғандай, рақатқұмарлық – адам баласын түбінде опық жегізетін тұлдыры жоқ тұйық қараңғылық пен қорлықтың бастауы. Ғұламалар рақатқұмарлыққа салыну адамның төрдегі басын есікке сүйреп, абырой-беделден жұрдай ететін азғындық екеніне назар аударады.
Рақатқұмарлық кейде жатып ішер жалқаулық, тәнқұмарлық ретінде де сипатталады. Рақатқұмарлық дегеніміз – еңбек етуді жек көру, жұмыс істемеу, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүретін жалқаулық, үнемі өз рақатын ойлап тұру, дем алу мен көңіл көтеруге әсіре құмарлық деген мағыналарды қамтиды. Ғалымдар өз еңбектерінің көп жерінде осы мәселені түрлі қырынан тілге тиек етіп, ескерту жасап отырған. Осы бір рухани кеселді әзәзілдің ойыны ретінде пайымдап, бұдан құтылудың шараларын алға тартады.
Бейнет түбі – зейнет
Рақатқұмарлық немесе жатып ішер жалқаулық фәни дүниенің жұғымсыз жылтырақтарына құмарту мен қу құлқын мен нәпсіге бой алдырудың көрінісі. Бұл кеселге шалдыққан жан үнемі құлқынын күйттеп, тән құмарын қанағаттандырғанына мәз болып, тоғышарлықпен ғұмыр кешеді. Өмірді ішіп-жеу, ойнап-күлу, қыдыру, жату, ұйықтау, жалғанның ләззатын сезіну ретінде бағамдайды. Алайда, осындай таяз түсінікпен өмір сүрген кез келген кісі жүре келе бұдан да жалығады. Белгілі бір уақыттан кейін еш нәрседен рақат таппай, жаны жайсыздыққа тап болады. Әу баста рақатқа батырып, жанына майдай жаққан нәрселердің де қызығы кетіп, қызуы басылады. Осылайша, еш нәрсеге көңілі толмай, өміріне налып, жан дүниесін құлазытқан кеселді халдің шырмауына түседі. Айналасындағы барша нәрсеге тыжырына қарап шым-шытырық шиеленіспен өмір сүреді. Ішкі дүниесі наразылық пен қайшылық салдарынан азап шегеді. Өйткені, ғалымдардың еңбектерінде жамандықтың және күнәлардың ұйытқысы – жоқтық сана, яғни жоқ болып кету түсінігі екені айтылады. Жоқ болып кету түсінігі күллі жамандық пен азғындықтың қайнар бастауы. Адамның еңбексіз, қозғалыссыз, бос қарап жатуы оның жан дүниесін құлазытып жібереді. Бұл өз кезегінде жоқ болып кету түсінігін, басқалай айтқанда күпірлік отын маздата түсері анық.
Рақатқұмарлыққа бой алдыру, еңбек етуден қашу, жатып ішер жалқаулық адамды терең күйзеліске, үмітсіздікке ұрындырады. Көбіне жұмыс істемеу, ешбір іске жарамау, көштің соңында қалу, өз-өзін төмен санау сынды пессимистік психологияға жеңіліп, іштей терең қайшылық пен шиеленіске ұшырайды. Адамда ішкі қайшылық тереңдеген сайын еңбекке деген ынтасы азайып, үмітсіздік арта түседі. Жағдайы қанша жерден жайлы болғанына қарамастан, рухани дүниесін мәнсіздік билеп, жаны еш нәрседен жай таппайтын жағдайға жетеді. Тірі аруақтай қалт-құлт етіп, өз көлеңкесінен өзі сескеніп, күйзеліс пен депрессиялық жағдайдан арыла алмай мазасы кетеді. Жан дүниесін жайлаған күйзелістен құтыламын деп басын сан-саққа ұрып, азапты жеңемін деп көңіл көтерудің бір түрінен келесі түріне бас қойып, нәпсінің құрдымында кете барады. Құлазыған жан дүниесіне шуақ шашар сәуле таппағандықтан немесе осыны парасатпен парықтай алмағандықтан рухани дүниесінде жүйтки соққан да-уылды әсте тоқтата алмайды.
Шын мәнінде Хақ тағала күллі тіршілік иелерінің болмысына әрекет пен еңбекке деген бейімділік орнатқан. «Сүннәтуллаһ»[1] негізінде барша тіршілік иелері ұдайы әрекетте. Тіпті, белгілі бір деңгейде жансыз болмыс иелері де өздеріне жүктелген міндетті айрықша ынта-жігермен, ерекше шабытпен атқаруда. Ендеше, Ұлы Жаратушы белгілеген осынау иләһи заңдылыққа қайшы келетін жатып ішер жалқаулыққа, рақатқұмарлыққа, арамтамақтыққа салынғандар көбіне аянбай тер төгіп, еңбек ететіндерден әлдеқайда көбірек бейнет пен машақат көреді. Өйткені, олар көбіне «қарын тоқ, қайғы жоқ» деген түсінікке бой алдырғандықтан, жан дүниелерін тұлдыры жоқ тұрлаусыздық билейді. Маңдай термен еңбек етіп өмір сүрудің орнына түрлі заңсыздыққа бас қояды. Тәндік ләззат үшін жанын отқа да, суға да салады. Осы тұрғыдан, бәлкім, адал жолмен күнелтетіндерге қарағанда әлдеқайда көп машақат тартып, рақаты үшін арқа еті арша, борбай еті борша болып көбірек сорлайды. Мәтелге айналып кеткен мына «Рақатқа апарар жол бейнеттен өтеді, ал бейнет соңында рақатқа апарады» деген сөз қандай орынды айтылған.
Өкінішке орай, бүгінде елімізде ұрлық, тонау, алаяқтық сынды қылмыстар адамгершілікті аяқ асты етіп, қоғамдық сананы ластамақ болған кейбір арамза пиғылды ұйымдасқан топтар тарапынан жасалуда. Аталған қылмыстардың сексен пайызы азғындық жолында ұйымдасқан осындай топтардың еншісінде. Олар қоғамды үнемі қорқыныш психологиясында ұстап, халыққа «сендер қауіпсіз жағдайда емессіңдер» дегендей кейбір қылмыстарды әдейі ұйымдастырып отырады. Ел ішінде хаос жасап, билік басындағыларды қиын жағдайда қалдыру арқылы адамдарды қоғамда тұрақтылық, тәртіп жоқ деп сендіріп, саяси өмірде бірқатар анти-демократиялық шараларды жүзеге асыруға қажетті алғышарттарды қалыптастырады. Осы уақытқа дейін арамза пиғылмен ұсақ-түйек қылмыстардың өзін өздерінің жоспар-жобаларының бір бөлшегі ретінде асқан шеберлікпен қолданып отырды. Кейбір заңды саяси күштер де қоғамда жаппай етек алған қылмыстар түбінде әлгіндей қылмыстық топтарға телінетінін пайдаланып, өздері де заңсыз әрекеттерге барудан тайынбай мафиялану үстінде. Осылайша, қоғамда көптеген жандар жазықсыз жапа шегуде, енді біреулерді қорқытып, үркітіп болсын үндерін өшіруде. Қылмысқа бейім адамдарды айналасына топтап, ұрлық-қарлық пен алаяқтық сынды қылмыстарды бүркемелеп, қылмыскерлерге пана болуда. Иә, әрбір қоғамның өзіндік ерекшеліктері болады. Ел ішінде үлкен ықпалы бар осындай қылмыстық топтар мен мафиялар сырттай қарағанда рақат өмір сүріп жатқандай көрінгенімен, олардың маңдайына жазылған бейнет пен машақат тіптен көп.
Оңай олжаға бату, тез байып кету, заңсыз жолмен болсын көп ақша тауып рақатқа батуды көздейтіндер ақыл-оймен адал еңбекке жүгінудің орнына аталған қитұрқы жолдарға түсіп ардан аттау-да. Мәселен, банктердің ақшаларын айлакерлікпен талан-таражға салып, елдің ырыс-байлығын қалтаға тоғытып жүргендердің жамандық жолында мұншама айлакерлікті қалай ойлап табатынын көріп жағаңды ұстайсың. Тіпті, алдау, арбау, алаяқтық жолында ойлап тапқан түрлі қитұрқылықтарына қарап, осы ақылдарын заңды жолмен табыс тауып, еңбек етуге жұмсаса, бәлкім елдің алды болып, баршадан жайлы өмір сүріп, көптің құрметіне бөленер еді-ау деп те ойлайсың. Сонда адамгершіліктен айнымай жаны тыныш өмір сүрер еді. Ал қазіргі күйлеріне қарасаң, заңсыздық пен күнә үшін қаншама тер төгіп, бастарын қауіпке тігуде. Егер осы күштерін адал еңбекке арнаса , өзгелер қол жеткізе алмайтын үлкен мүмкіндікке қауышарына сенімім кәміл. Заңсыз жолмен оңай олжаға батып, табыс табу адамды рақатқа батырмайды. Мұндайлар да көп бейнет шегеді. Алайда, мұндай бейнеттен не қайыр, не үміт? Олардың еңбегі арам еңбек. Расында да, ғалымдардың «Халал шеңбері адамның рақатқа қауышуына жеткілікті, харамға бойлауға қажеттілік жоқ» деген қағидасы барлық сала үшін алтын қағида. Ішіп-жеу, дем алу, көңіл көтеру сынды адам табиғатына тән құмарлықтарды Аллаһ рұқсат еткен шеңберде де қанағаттандыруға болады, харамға бойлауға қажеттілік жоқ. Харамға бойлау – шайтанның ісі. Шайтан адамның нәпсісін қоздырады. Нәпсіні адал жолмен де қанағаттандыру тұрғанда, харам бағыттарды көрсетіп еліктіреді. Әу бастан нәпсіге ерік берген жандар құмарлық пен рақаттың тұтқынына айналады. Мұндайлар ақиқат көз алдында тұрса да, көрсоқыр адамдай ғұмыр кешеді. Құлақтары естиді, алайда ақиқатқа келгенде тас кереңге айналады. Сырттай ақылды болып көрінгенімен, өмірдің мәнін пайымдап, парықтай алмайды. Сол үшін де адамгершілік пен ардан аттап, арсыз істер жасаудан еш тартынбайды.
Күллі азғындықтың ұясы
Рақатқұмарлық күллі азғындықтың ұясы екені рас. Адамды ұятқа қалдырып, абыройын төгетін небір жағдайлар рақатқұмарлықтың салдарынан өрттей қаулайды. Айналасында ізгілікке жанашыр жандар болмаса адам әдетте шайтанның тұзағына өзі барып түсіп жатады. Шайтан мұндайлардың нәпсісін қоздырып, арсыздыққа итермелейді. Мәселен, «біраз қыдырып, күйзелістен арылатын жерде аздап көңіл көтерейін, кейбір интернет сайттарына көз жүгіртіп шығайын, пәлендей бір фильмді көрейін» сынды ойлармен адамды пайдасыз, ғапылдыққа салатын қажетсіз істер жасауға азғырады. Әзәзілдің азғыруына еріп, күнә дариясына өз-өзін күмп беріп тастап жіберген жандар аса қымбат уақыттарын бос нәрсемен өткізіп қана қоймай, ретіне қарай бір түйір аспен, бір ғана көз тоқтатып қарау арқылы, бір нәрсеге қол созумен адам айтқысыз ауыр күнәларға қалай бойлағанын білмей қалады.
Өздерін тұтастай жатып ішер жалқаулыққа, тәнқұмарлыққа, ғапылдыққа салған адамдар арғы дүниені айтпағанда, осы дүниеде тақыр жерде жер сипап, барша игіліктен мақұрым қалмақ. Расында да, бесінші ғасырдан бастап (һижра жыл санағы бойынша) жайлы өмірге құмартып, рақат пен ләззаттың соңын қуған бақытсыз Ислам әлемі ғылымға құштарлығы мен ізденіске іңкәрлігін жоғалтып, өнер табу мен ғылыми жаңалық ашудан қалды. Мұсылмандардың осынау ізгі қасиеті өзгелердің еншісінде кетті. Осылайша, өзгенің табанында тапталып, боданына айналды. Бір кездері мұсылмандардың босағасынан да сығалай алмайтын надандық жайлаған бірқатар елдер ғылымға ден қойып, табанды ізденістері мен қажырлы еңбектері арқасында материалдық-технологиялық дамуға қол жеткізіп, өзімізге өктемдік жасайтын жағдайға жетті. Енді міне, дүние кезек айналып, біз олардың босағасынан сығалайтын бейшара халге душар болдық. Ғылым мен өнер жолына жан-тәнімен берілгендердің үй бетін көрместен барша рақатынан бас тартып, көптеген жаңалықтар мен өнертабыстарға қол жеткізгенін деректі фильмдерден көріп, қайран қалып жүрміз. Мәселен, бір ғалым кобраларды зерттеуге жиырма жыл өмірін арнап, осы үшін талай машақатты тартқан. Кобраларды зерттеу үшін бүгінде кейбір діндарлардың діні үшін жасай алмайтын қажыр-қайратын танытып, талай күні мен талай түнін орман-тауда өткізіп, небір қиыншылықтарды жеңе отырып, ғылыми жаңалық ашқан. Ендеше, жатып ішер жалқаулық пен рақатқұмарлық көште қалудың, қорлықтың негізгі себебі екенін басқаға емес, өзіміздің қазіргі халімізге қарап-ақ парықтай берсек болады. Шын мәнінде рақатқа және жайлылыққа берілген жартыкеш жандардың ғылыми лабороторияларда жан-тәнімен аянбай тер төгіп жұмыс істеуі, саналы ғұмырын ізденіс пен еңбекке арнауы, зерттеген саласын алақанындай жетік біліп, ғылыми жаңалықтар ашуы мүмкін емес. Рақат пен жайлылық бір рухани кесел болса, осы кеселді қоздата түсетін тағы бір індет бар. Ол – үйкүшіктік. Рақатқұмарлық пен үйкүшіктік қосылса, онда адам бойында Аллаһ жолында аянбай қызмет жасау ұғымы мүлдем жойылып, рух сал күйге ұшырайтыны сөзсіз. Бүгінгі әлемнің бет-бейнесіне қарасақ, дүниедегі ең жалқау және ізденістен мақұрым жандардың саны Ислам әлемінде де жетіп артылатынын көруге болады. Міне, бұл мұсылмандар үшін нағыз қорлық, көште қалғандықтың белгісі.
Иә, жеке адамдардың рақатқұмарлыққа салынуы қоғамда да осындай індеттің жайлағанын аңғартады. Нәтижеде, жатып ішер жалқаулардан құралған қоғам дертке шалдығып, өзгенің боданына айналмақ. Кез-келген қоғамның іріп-шіруіне жеке тұлғаның рақат соңына түсуі, өзгелердің есебінен күнелтуге дағдылануы, өзі тоқ болса өзгенің халіне мүлдем бас ауыртпауы сынды факторлар негіз қалайды. Өмірін ұйқымен өткізіп, өзгелердің есебінен күнелтетіндер, арамтамақтықпен өмір сүруге дағдыланып, осы дүниеде мас адамдай жарымес болып ғұмыр сүрсе, арғы дүниеде шайтан соққандай есалаң күйде қайта тірілетін болады. Марқұм Хамди Языр[2] «Пайыз жейтіндер құдды шайтан соққан адамның ұйқыдан оянғанындай түрегеледі»[3] деген аят арқылы олардың халін өте тамаша сипаттап береді. «Мұндайлар пайыз жеп, еңбекші мен жұмысшының үстінен күнелтетіндіктен тер төгіп, еңбек ету санасынан мақұрым. Бейқамдыққа, жалқаулыққа негізделген өмір салтын ұстану салдарынан төсектен тұрулары да оңай болмайды. Керіліп-созылып әрең дегенде көзін ашады. Көпшілігі құдды шайтан соққандай төсекте сағаттар бойы дөңбекшіп, әрі аунап, бері аунап әрең тұрады. Алайда, бәрінен сорақысы, мұндайлар қарындарын пайызға толтырғандықтан, бір хадисте айтылғандай қияметте қабірлерінен есалаң немесе жынданған адамдай тұрады. Қиямет күні олардың басты ерекшеліктері осындай кейіпте болады.
Пәле-жалаға жол ашатын тоғышарлық
Құран кәрім ішіп-жеуі, жүріс-тұрысы құдды аристократтай кербез, атақ-даңққа, шен-шекпенге, комфортқа, басқаларды билеп-төстеуге жаны құмар, молшылыққа белшесінен батып, келе-келе тура жолдан тайып, азғындыққа салынған жандарды «мутрәфин»[4] деп атап, олардың құрдымға кетуіне сеп болатын факторларға назар аударады. Әдетте, Аллаһтың азабына ұшыраған аймақтарда мутрәфиндер көбейіп кететін болған. Ішіп-жеуді, рақатқа батуды, көңіл көтеруді басты мақсатқа айналдырған жандар сол қауымның иләһи азапқа ұшырауына жол ашып отырған. Құран кәрімнің бір аятында: «Уә изә әрәдна ән нухликә қәриәтән» яғни, «қандай да бір аймақты азапқа ұшыратқымыз келсе, «әмәрнә мутрәфихә» сол аймақтың молшылықта, жайлы өмір сүріп жатқан тоғышарларына, рақатқұмарлыққа, ләззатқа және кәйіпке берілген сол жердің аристократтарына жақсылықты әмір етеміз». «Фә фәсәқу фихә», «осыған қарамастан олар алған бетінен танбай күнә мен азғындықтарын жалғастыра берсе, шектен шығып, адамгершіліктен айныса, онда «фә хаққа аләйхул-қаулу» осы себептен сол аймақтың халқы сөзсіз азапқа ұшырайды. Оларға қатысты Аллаһ азап үкімін береді. «Фә дәммәрнаха тәдмирә», біз ол жерді жермен-жексен етіп, астан-кестеңін шығарамыз»[5] делінген.
Барлық дәуірде қоғамда аз-кем мутрәфиндер болған. Олар ақыл, қисын, парасат пен дін үшін емес, үнемі нәпсілерін қанағаттандыру үшін өмір сүрген. Барлық қадамын нәпсінің арамза пиғылына қарай басып отыру, олардың әдеті. Мұндай тексіз кісілер әдептің не екенін мүлдем түсінбейді. Ақыретте жасаған барша амалы үшін есеп беру сана-сезімінен түгелдей мақұрым. Адамгершілік құндылықтарға қалай құрмет ету қажет екенін ұқпайды. Реті келсе, ең арсыз істерді жасаудан тайынбайды. Ізгілік пен арсыздықты, қайыр мен жамандықты парықтай алмағандықтан, оны жай әншейін бос сөз ретінде көреді. Оларда моральдық тұрғыдан ешбір уайым-қайғы болуы мүмкін емес. Ғапылдыққа салынғаны сонша, халіне қарап Нұх пен Сәмуд қауымының азғындарын, Содом мен Гоморра арсыздарын еске алмастан тұра алмайсың. Мұндайлар бес күндік пәни өмірде ләззаттың қанша түрі болса, бәрін бірдей көріп қалудың қамын күйттейді. Әйел – еркекті, еркек – әйелді пайдаланып қалудан басқа ештеме ойламайды. Кез келген оқиғаны, кез келген адамды нәпсіні тояттату үшін мүмкіндік ретінде қарап, сол үшін қолданып қалуға күш салады. Бар ойлағаны көбірек рақатқа бату, өмірдің қызығын көбірек татып, көңіл көтеру. Осындай пасық пиғылмен жанталасады.
Тіпті, мұндайлардың ішіп-жеуге, рақат пен ләззатқа, көңіл көтеруге құлай берілгені сонша, бейне бір нәпсілік құмарлықтарын қанағаттандыру үшін ғана өмір сүретіндей көрінеді. Мәселен, Ежелгі Римнің арис-тократтары ішімдіктің ең күштісі мен ас-ауқаттың ең тәуірін жеп, рақат өмір сүрді. Олар асқазан мен бауырдың жүгін жеңілдететін шырын ішіп, ас қорыту жүйесін тездетіп, үнемі ішіп-жей беретін. Себебі, олардың ішіп-жеудегі мақсаты қарын тойдыру емес, тамақтан көбірек ләззат алу болатын. Ежелгі Римнің мутрәфиндері құдды ішіп-жеу, көңіл көтеру, дем алу үшін ғана өмір сүргендей әсер қалдырады. Олар өлім мен өлімнен кейінгі өмірді ойламауға тырысатын. Мұндай жайттарды көңіл көтеру арқылы ұмытуға күш салатын.
Дәл осындай ұстанымды «бар болу» экзистенциалистік философиясынан да байқауға болады. Бұл түсініктегі адамдар ең қиын-қыстау күндердің өзінде рақаттарынан бас тартпаған. Мәселен, II дүниежүзілік соғыста неміс армиясы ешқашан жеңе алмайды деп есептеген француз легиондары жеңіліске ұшырап, Францияның үстінен бомба қарша борап жатқанда, әлгіндей түсініктегі кейбір лауазымдылар: «Немістер бізді оңдырмайды. Әйтеуір, өлетініміз рас. Тым құрыса, осы түнде рақатқа батып қалайық, жақсылап көңіл көтерейік» деген екен. Неткен пасық пиғыл, жетесіз ой десеңізші? Жаназа рәсімі болайын деп жатқанда түні бойы көңіл көтеріп, той-думандатуды қалай түсінген жөн? Өлермендікпен ішіп-жеп, көңіл көтеріп, құмар қандырудың не мәні бар? Тіпті, бір түнде әбден рақатқа батып, күні ертең оның бәрі бітетін болса, мұның өзі азап емес пе? Иә, мұндай түсінікті ешбір ақыл-парасат құптамасы анық. Десек те, осындай пікірлер дәріптеліп, кейбіреулер осыны «экзистенциализм» философиясы деп атаған. Өз әрекеттерін ақтап, ешбір нәрсеге тәуелді болмай-ақ, қалауынша өмір сүру түсінігін алға тартқан. Әрине, барша мутрәфиндер сынды бұлардың да ақыры нағыз өкініш болатыны анық.
Арғы дүниеде қиналмаудың қамы
Жан тыныштығын күйттеу, жалқаулық адамды осы дүниеде опық жегізіп қана қоймай, ақыретте де азапқа ұшырауына сеп болады. Бұл әлемде «Лә иләһә иллаллаһ, Мухаммадун расулуллаһ» ақиқатына бас имегендер, қабір әлемінен махшар алаңына, ол жерден ары қарай жалғасатын ұзақ сапарға ешбір азық жинай алмайды. Олар сырттай қарағанда дүниеде ешбір жүк арқаламай рақат өмір сүргендей көрінсе де, өмірдің әрбір белесінде алдарынан кесе-көлденең шыққан кедергі атаулыдан жан ұшыра үрейленіп, мың сан мұқтаждықта уайым-қайғымен күн кешеді. Осы дүниеде намаз, ораза, зекет сынды құлшылықтан бойды аулақ ұстайтындар сырт көзге ғибадаттардың жүгінен құтылғандай көрінсе де, өмірдің әрбір өткелінде өздерін торуылдап жатқан шайтани тұзақтарға қапысыз ілігіп, осы дүниеде жасағысы келмеген болмашы бір құлшылық бейнетінің орнына үлкен қиыншылықтар тартып отырады. Аллаһқа иман келтіріп, құлшылық міндетін орындайтындар осы дүниеде болмашы бейнет көрсе де, Хақ тағалаға тәуекел еткендіктен, жаны жай тауып тыныш ғұмыр кешеді. Осы өмірде жиған намаз, ораза, қажылық сынды сауаптарының арқасында арғы әлемде күтіп тұрған түрлі қауіп-қатер мен қиындықты еңсеретін азық дайындаған болып саналады.
Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) пайдасыз, зиянды нәрселерден Аллаһқа сыйыну барысында жалқаулықты да атап өтіп: «Уа, Раббым! Жалқаулықтан сақтай гөр!» деген еді. Құзырына келіп, мұсылмандығын жариялағандардан Аллаһтың әмірлері мен тыйымдарын басшылыққа алуға уәде алып жатып, кейбірінен жалқаулықтан бойды аулақ салу үшін серт (биат) алғаны белгілі.
Еңбек және қажыр-қайрат
Рақатқұмарлық үлкен қатер. Сондықтан, «Адамға тек жасағандарының қарымы беріледі» деген қағиданы мықтап ұстанып, жалқаулық пен тоғышарлық індетіне қарсы күресу қажет.
Адам табиғатында ішіп-жеу, дем алу, көңіл көтеруге деген қажеттілік бар екені рас. Нәпсі мен тәннің рақатқа батуды қалап тұратыны да шындық. Осы тұрғыдан алғанда рақатқұмарлық адам табиғатына тән осалдықтың көрінісі. Алайда, Аллаһ тағала адамға өзіндік ерік дарытқан. Егер адам ерік күшін дұрыс қолдана білсе, рұқсат етілген шеңберде барша қалауын қамтамасыз етіп, рақатқұмарлық сезімін белгілі бір шекте ұстап тұруға шамасы жетеді. Рақатқұмарлық адам бойында еңбекке деген ынтасын өшіріп, жатып ішер жалқаулыққа, тоғышарлыққа жетелеген жағдайда адам дереу ерік жігерін жинап, бойындағы осы бір індетке қарсылық танытуы қажет. Еңсесін қайта тіктеп, жалқаулықтың қамытынан шығып, еңбектеніп тер төгуі керек. Егер еңсесін қайта тіктеуге еркі жетпесе, «Адам үшін жасағандарынан басқа ештеме жоқ екенін білсін. Еңбегінің нәтижесін болашақта міндетті түрде көреді. Сонан соң оған қарымы түгелдей беріледі»[6] деген аятқа ден қойып, жігерін жанып, өзіне рухани күш пен шабыт бергені жөн.
Құрандағы «Адам жасағандарының нәтижесін міндетті түрде көреді» деген сөзді тек арғы дүниеге тән сүйінші, ақырет немесе жаннат жемісі ретінде қарастырмаған жөн. Хақ тағала еңбек еткен адамға осы дүниенің өзінде-ақ мол сый-сыяпат береді. Аллаһ кейбір құлдарына жан рақаты мен жайлылық нәсіп етсе, енді біріне еңбекке деген құлшыныс, ынта-жігер сыйлайды. Еңбек ету, еңбек жолында қажыр-қайрат таныту адам жүрегінде рухани ләззатқа айналып, оның көңіл-күйін көтеретін рақат сезім тудырады. Ғалымдар «Хақ тағала шексіз дархандығымен еңбектің қарымы ретіндегі сый-сыяпатын сол еңбектің өз ішіне орнатқан. Амалдың сыйақысын сол амалдың ішіне жасырған» дейді. Иә, адам еңбектенген сайын Аллаһ ол адамның еңбекке деген көңіл-күйі мен құлшынысын арттырып, жігерлендіре түседі. Метафизикалық тебіренісін еселей арттырып, ол адамды одан да тамаша істерде табысқа жетуіне жол ашады.
Әйтсе де, адам баласы істеген жақсы амалдарын жіпке тізгендей санамағаны абзал. Мүмин жасаған-дарымен әсте мақтанбауы қажет. Қол жеткізген табыс-тарын әлдеқандай етіп, тәкаппарлыққа салынбауға тиісті. Мүмин үшін қол жеткізген әрбір жетістігі екі бірдей қайырлы нәтижені әкелмек. Бір жағынан адам өзінің әлсіздігіне, дәрменсіздігіне, кемшіліктеріне қарамастан, ізгі құлдардың арасында болып, имани қызметтерге қол ұшын беру арқылы өзін жақсылар қатарына қосқан Хақ тағалаға деген шүкіршілік айтып тебіренеді. Екінші жағынан әрбір жетістіктің артынан адам үшін ізгілік жолындағы күрестің келесі бір ұшпағы шығады. Аллаһқа сенетін мүмин жасаған істері мен қол жеткізген жетістіктерін шынайы Иесіне табыстауда өте ыждағатты, өз нәпсісіне ешбір үлес бермеуге өте мұқият. Мүмин іштей «Осы бейшара күйіммен мұндай жетістіктің мыңда біріне де қол жеткізе алмас едім. Мұны нәсіп еткен Аллаһ тағала. Бүкіл жетістіктерім Аллаһтан келген сый, ал бүкіл кемшіліктерім өз нәпсімнен» деп, парасаттылық таныта білсе, рухани дүниесінде күрес жүргізудің сауабын да иеленбек. Сонда рухани кемелденуде жетістіктен жетістікке жетіп, қадір-қасиеті арта түседі. Мұндай жан еңбегінің жемісін көрумен қоса еткен шүкіршілігінің нәтижесін тамашалайды. Ең маңыздысы, барша жетістігін бір Аллаһтан деп пайымдағандықтан, бойдағы игіліктерін еселей арттыра бермек. Осылайша, ізгілік арнасы қалыптасып, бір қайырлы ісінің соңы екіншісіне ұласып отырады. Істеген бір жақсылығы екіншісінің тууына сеп болады. Рақатқұмарлыққа бір сәттік қарсылық танытып, ерік күшін қарсы қоя білуі нәтижесінде Аллаһ тағала адамды көптеген ізгіліктерге қауыштырады.
Шайтанның түйіндерін ағытыңдар!
Ардақты Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Бір кісі түнде ұйқыға кеткенде шайтан оның мойнына үш түйін байлайды. Әрбір түйінді байлап жатқанда: «Алдыңда ұзақ түн бар. Рақаттанып ұйықта» дейді. Әлгі адам түнде оянып дәрет алса, бір түйін ағытылады. Құран оқып, тәсбих, тәхлил жасап Аллаһты еске алса, тағы бір түйін ағытылады. Ал, намаз оқитын болса, шайтанның түйіндерінің барлығы ағытылады. Осылайша, адам хош әрі сергек күйде таңға ұласады. Әйтпесе, ішкі дүниесі тас түнек боп, мең-зең күйде таңға жетеді» деген екен.
Иә, бір жағынан нәпсі, енді бір жағынан шайтан үнемі адамның құлағына сыбырлап, азғырумен болатыны рас. «Рақатыңды бұзба, әлі де жата тұр. Тағы да біраз дем ал» деп маңдайдан баса түседі. Адам нәпсі мен шайтанның азғыруына құлақ асып, ұйқысын аздап соза түскенімен бәрібір құлақ етін жеген әлгіндей азғырулар бір сәт те толастамайды. Жалқаулық – рақатқұмарлық сезімін қамшылай түсетін факторлардың негізгісі. Мұндайда адам сылбыр, мең-зең күйге душар болады. Сондықтан, ең алғашқы шайтанның азғыруы келгенде-ақ ерікке жеңдірмес, еңсесін тіктеп, төсектен атып тұрып кетуі үлкен белесті бағындырғандай болмақ. Бір белесті бағындыра білген жан басқа белестерді де бірте-бірте бағындыра алады.
Кейде адам мойнындағы жауапкершілік өте ауыр көрініп, қатты қиналады. Кез келген бір іске бас қойғанда тартыншақтап, күйзеліске түсіп те жатады. Қандай да бір уағыз, конференция берудің, мақала жазудың уақыты таяғанда мойныңызға таудай жүк түсіп, соның астында жаншылғандай күйге түсесіз. Алайда, сол мәселеге бір шетінен кірісіп, жобасын жасап, негізгі тұстарын айқындасаңыз, істің қаңқасы жасалып шыға келеді. Сонан соң жұмысты күнге, сағатқа бөліп тастайсыз. Он сағаттық жұмыстың бір сағатын жасап біткенде іштей рақат күй кешесіз. Осыншалықты еңбек пен қажыр-қайраттың өзі адамға қуаныш, шаттық сыйлайды. Жұмыстың оннан бірін еңсеру сезімі қалған тоғызын да бітіріп тастауға деген құлшылықты күшейтеді. Міне, осыдан кейін-ақ атқарылатын істің нәтижеленуі үшін айрықша құлшыныспен еңбектене түсесіз. Белгілі бір уақыт өткенде көз алдыңызда атқарылған іс тамаша ою-өрнек тәрізді құлпыра түседі. Барлық істі бітіргенде керемет рақатқа бататыныңыз сонша, құдды жеңіске жеткен қолбасшыдай немесе мол табысқа жеткен іскер адамдай, тіпті кейде адамдардың барлығына бірдей тура жолды көрсетіп, жүректерге тереңнен әсер ете білген ізгілік жаршысындай шаттыққа бөленесіз. Сондықтан рақатқұмарлық сезімі арқылы нәпсі мен шайтанның шабуылы басталған сәтте дереу ыңғайына жығыла салмай, оған қарсы табандылықпен күресу қажет. Ықтиярына үлкен жүк түссе де, осындай кедергілерді жеңе білу адамға керемет ләззат беретіні сонша, бұдан асқан рақатты сезіну мүмкін емес.
Адам еңбек еткенде ғана рақатқа бөленеді
Мүмин үнемі белсенді әрекетте болуы қажет. Еңбек еткенде де, дем алғанда да қимыл-қозғалысты өмірінің басты қағидасына айналдырғаны абзал. Жұмыс уақытын өте ұтымды пайдаланып, әрекетсіздікке жол бермеуі керек. Әрине, табиғатына тән қажеттілік ретінде мүмин де дем алып, тынығады. Алайда артық ұйқыдан бойды аулақ ұстап, ұйқыдан басқа тынығып дем алу уақытының өзін мейлінше ұтымды қолданған жөн. Мұны белсенді дем алу деп атаймыз. Яғни, дем алуының өзі бір істен басқа бір іске көшу күйінде жүзеге асады. Мәселен, кітап талқылаудан шаршаса, зікір мен дұға жасауға көшкені жөн. Бұдан да шаршаса, намаз оқып тынығуы қажет. Осындай мүмкіндікті пайдаланып қиям, рукуғ және сәжде арқылы Хақ тағалаға бет бұру керек. Бір істен шаршағанда, келесі бір іске көшіп дем алуды әдетке айналдыру өте маңызды. Бір жұмыстан әбден қалжырап шаршаса, шаршауын басу үшін дереу уақыты кірген намазды оқуына болады. Осылайша, «жұмыс істеу арқылы тынығу, тынығу барысында жұмыс істеу» тәсілімен белсенді өмір салтын қалыптастыра алады.
Ғалымдар бұл мәселені түйіндей отырып: «Адам үшін машақатта үлкен рақат бар. Өйткені, табиғаты тебіреніске толы адам баласының рақаты тек қана еңбек пен «жидалда» (құлшыныста, тайталаста)» деп бекер айтпаған. Ғалымдар бұл жерде «жидал» сөзін қолдану арқылы Құран кәрімнің «мира» ретінде атап өткен басқаның сөзіне қарсылық білдіріп, онымен жөнсіз тайталасудан басқа мағынада қолданған. Адамның өзгелермен қақтығысуы, сөзбен тайталасуы деген мағынаға келетін «жидал» Ислам тәрбиесінде өте жаман әдет ретінде бағаланады. Расул Әкрам (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Бір қауым тура жолға түсіп, артынан азғындыққа салынса, бұл міндетті түрде «жидал» жасаудың кесірінен болады» деу арқылы бір үмбеттің ішінде «мира» (талас-тартыс) пайда болса, ол үмбет уахидың берекесінен мақұрым қалатынын айтып кеткен. Сондықтан табиғатынан қаны тулап құлшыныста жүретін адам баласы үшін рақатқа батып, жанын жай таптыратын дәнекер ретінде «жидал» сөзін еңбек етіп, қажыр-қайрат таныту, белгілі бір мақсатқа қол жеткізу үшін қолдан келгеннің барлығын жасау, құлшыныс таныту деген мағынада түсінген абзал.
Адамның жүрегінде өлгеннен кейін қайта тірілуге деген сенім болса, Раббы үшін дүниеде жасаған барша ісі әр түрлі жаннат нығметтері күйінде арғы дүниеде міндетті түрде қайтарылатынын ойлап, үнемі жақсы амал жасайтын болады. Бір қайырлы істі бітірсе дереу келесісіне көшіп, ақыретке азық жинау үшін дамылсыз еңбек етеді.
Мұндай еңбек сырт көзге дүние үшін болып көрінуі де мүмкін. Дегенмен, барлық істің қадірін арттыратын жалғыз тылсым ниет. Егер кісі «Хақ тағала маған түрлі нығмет нәсіп етсе екен, мен оны қайтадан Өзіне қайтарамын. Раббым нығметтерін төбемнен нөсерлетіп төксе мен оларды су қоймасы сынды жинап, сонан жан-жаққа арық қазып, суға зәру топырақты нәрлендіремін» деген ниетте болса, оның сырттай қарағанда дүние үшін секілді көрінетін істерінің өзі ақыретке арналған болып саналады. Мәселен, бүгінде ағартушылық және диалог бастамаларымен дүние жүзінің бес жүзден астам жерінде ізгілікті істер атқарылып жатыр. Енді осы санды мыңға жеткізу үшін тер төгіп жатқан жандардың еңбегін тек дүниелік пиғылға жатқызу мүмкін емес. Тағы да бес жүз жерде ізгілік алауын тұтатып, қайырымды істерді атқару үлкен мүмкіндікті қажет ететін мәселе. Бұл үшін біріншіден төрткүл дүниенің кез келген түкпірінде ізгілік жаршысы бола алатындай қайраткер тұлғалар жетілдіру қажет. Екіншіден ізгілікті істерді қамтамасыз ететін демеушілік керек. Міне, осындай қайырымды мақсат үшін әрі қажетті алғышарттарды қалыптастыру, әрі сол салада қызмет атқаратын адамдарды тәрбиелеу ниетімен еңбек еткен адам сырт көзге дүниелік істермен әлек боп көрінгенімен, ниеті шынайы болса ақырет үшін еңбек етіп жатқан болып саналады. Мұндайлар Аллаһтан алып, қайтадан Аллаһқа беретін таратушы қызметкердің кейпінде.
Алвар имамы: «Аллаһтан алып, Аллаһқа қайта бер» деуші еді. Егер ақыреттің бар екеніне сенсең, өзіңді дүниеге қонақ ретінде көрсең, Аллаһ тағала берген нығметтерді ізгілік жолында қайтадан Оның өзіне қайтарасың. Хақ тағала саған байлық, денсаулық, адамгершілік, күш-қуат берсе, сен бұларды терең құлшылық сезімімен Аллаһқа адалдық танытып, қайтадан Оның Өзіне қайтарасың. Аллаһ саған материалдық мүмкіндік, еңбек қуаты мен құлшыныс, жігер береді. Сен осының барлығын Оның Ұлық есімін төрткүл дүниеге паш ету үшін Өзіне қайтарасың. Міне, сонда ғана аманатқа адалдық танытқан болып саналасың. Тарту етілген барлық нәрсені көзіңнің қарашығындай сақтап, тіпті оларды жетілдіріп, көбейтіп қайтадан Иесіне қайтарасың. «Мен бұл жерде бар болғаны жай ғана қызметшімін. Мал-мүліктің Иесі Сенсің! Менің Ием де Сенсің! Әміршім де, Сұлтаным да Сенсің! Мен сенің құлың әрі мүлкіңмін!» деп ағыңнан жарыласың. Осындай пәк ниетпен жасалған еңбек пен қажыр-қайрат қай салада болмасын адал еңбекке, киелі құлшынысқа жатады.
Мына ғаламда микро болмыстардан алып жүйелерге, атомдардан галлактикаларға дейін барлық нәрсе ұдайы қозғалыста және әрекет үстінде. Барша болмыс мүмкіндігіне қарай өзінше тынымсыз еңбек етуде. Өздеріне жүктелген «тәкуини» яғни, жаратылыс заңдылықтарын орындау үшін үлкен құлшыныспен, жігермен міндеттерін атқаруда. Аллаһтың осынау қозғалыс және әрекет заңдылығын адам баласының елемеуі немесе оған қарсы шығып опа табуы мүмкін емес. Өйткені, борсыған судай бір орында тұрып қалу, еңбексіз өткен жартыкеш өмір, бір жайда тұралап қалу адамды жоқтық санаға, бордай тозып, құрып кетуге жетелейді. Тіпті ең керемет рақаттың өзі бірте-бірте адамды жалықтырып, мезі ететін болады. Сондықтан, жатып ішер жалқау, тоғышар жандар бәрінен көп қасірет шегіп, қатты күйзеліске ұшырайды. Өйткені қолы бостық жоқ болумен, рақатқұмарлық құрдымға кетумен пара-пар. Қолы бостық азғындықты, азғындық рақатқұмарлықты, рақатқұмарлық кедейлік пен арсыздықты тудырады. Әрекет пен қозғалыс қайта оянудың, қайта туудың нышаны. Еңбекқордың жүрегіне ізгілік салтанат құрмақ. Еңбек еткен адам ғана жан рақатына қауышады. Өмірге налу емес, шүкіршілік сезіміне бөленеді.
[1] Аллаһ тағала белгілеген заңдылық
[2] XX ғасырда өмір сүрген белгілі түрік ғалымы, Түркиядағы ең әйгілі Құран тәпсірінің авторы.
[3] «Бақара» сүресі, 2/275
[4] «Мутрафин» – молшылықта, жайлылықта өмір сүріп жатқан адам дегенді білдіретін арапша сөз
[5] «Исра» сүресі, 17/16
[6] «Нәжм» сүресі, 53/39-41
- жасалған.