САХАБАЛАРДЫҢ СҮННЕТТІ ҰСТАНУ ЖОЛЫНДА КӨРСЕТКЕН ЫНТА-ЖІГЕРІ

Аллаһ елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) пайғамбарлық міндетін орындау барысында уағыздаған ақиқаттарына Құран кәрім ерекше назар аударған. Міне, дәл осы секілді сахабалар да Адамзаттың асылынан үйренген әрбір жайтты баға жетпес асылындай көріп, қызғыштай қорып, күллі әлемге паш ету үшін барын салатын. Пайғамбардың сүннеті мен хадистеріне наразылық білдіру былай тұрсын, мұндай нәрсе олардың ойларына да кіріп шықпайтын. Құранның суреттеуінше, сахабалар Аллаһ елшісінен үйренген барлық асылды көкейге тоқып, жан дүниесін нұрландыратын. Иә, Исрайыл-ұлдарының бойын бұзауға деген махаббат жаулап алғанындай, сахабалардың жан дүниесін ақиқатқа деген махаббат пен ақиқаттың жер бетіндегі бірегей өкілі хазірет Мұхаммедке (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) деген сүйіс-пеншілік кернеді. Сондықтан да олар пайғамбар сүннетіне асқан ыждағаттылықпен қарады. Сүннетті көздің қарашығындай сақтап, қырағылық танытты. Қалайша қырағылық танытпасын, өйткені Құранда бұл жайт:

فَلاَ وَرَبِّكَ لاَ يُؤْمِنُونَ حَتَّى يُحَكِّمُوكَ فِيمَا شَجَرَ بَيْنَهُمْ ثُمَّ لاَ يَجِدُوا فِي أَنْفُسِهِمْ حَرَجًا مِمَّا قَضَيْتَ وَيُسَلِّمُوا تَسْلِيمً

«Жо-жоқ! Раббыңның атымен ант етемін, олар араларындағы мәселелерде сені төреші сайлап, сонан соң сенің үкіміңе зәредей күмән келтірместен, барынша ынтамен саған мойынұсынбайынша, иман келтірген болып саналмайды»[1]– деп иманмен сабақтастырыла баяндалған.

Олардың өмірінің әрбір сәті осындай асқан ыж-дағаттылықпен өтті. Аллаһ елшісінің сүннетін өмірдің мән-мағынасы ретінде пайымдаған сахабалардың сүннетке жүрдім-бардым қарауы мүмкін емес еді.

Жоғарыда айтылғандарды мысалдармен өрнектейтін болсақ:

1. Усама бастаған жасақ

Пайғамбарлар падишасы (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) көзі тірісінде жорыққа аттандырған ең соңғы жасақ – Усама бастаған әскер болатын. Пайғамбарымыз өнегелі өмірінің ақтық сәттерінде Римдіктерге қарсы жорыққа «балам» деп өз шаңырағында еркелетіп өсірген Мута шайқасының қаһарманы Зәйд ибн Харисаның сүйікті ұлы Усаманы қолбасшы етіп тағайындап: «Аллаһтың атымен және берекетімен әкең шейіт болған жерге барып, сол жерде ат тұяғын дүбірлет!»[2]– деген еді.

Усама әскерінің қатарында хазірет Әбу Бәкір, Омар, Осман да (р.а.) болатын. Алайда әскер жорыққа шығар алдында Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) төсек тартып жатып қалады.

Мәдина қаласының маңайында әскер жорыққа дайындалып жатқанда, Пайғамбарымыздың сырқатының меңдей түскені туралы хабар жетеді. Хабарды ести сала жеткен Усама қақпа алдына Ислам әскерінің байрағын қадап, өзі Аллаһ елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) жатқан бөлмеге кіреді. Алайда ол келгенде, Пайғамбарымыздың тіл қатуға әл-дәрмені қалмаған еді. Усама сол сәтті еске алып: «Аллаһ елшісі екі қолын көкке қарата жайды, сонан соң менің денеме тигізді. Маған бата беріп жатқандығын түсіндім», – деп баяндайды.

Артынша Пайғамбарымыз сәл айыққандай болады, мұны көрген Усама әскеріне қайта оралады. Алайда қалың әскер уақыт оздырмастан жорыққа бет алған тұста, екі жиһанның сардары хазірет Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) мәңгілік сапарға аттанып, жалпақ әлем жалғанның жарығы бірден сөнгендей қайғылы күйді бастан кешеді[3].

Иә, Усаманы Мутаға жорыққа аттандырған Ақырғы елші (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) бақилық болды. Ол ақтық сапарға аттанғанымен, артында алтын діңгек Ислам дінін, сансыз сауапты істерін, сондай-ақ теңдессіз мұрасын еш нұқсансыз жалғастыратын біртуар мұрагерлерін қалдырып кеткен еді. Хазірет Әбу Бәкір (р.а.) халифалыққа келгеннен кейін қабырғасы қайысып тұрса да, дін жолын жалғастыру үшін белін бекем буды. Расулаллаһтың (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) дүние салғандығы жайлы қаралы хабар естілген сәтте-ақ жер-жерде діннен бас тартушылар да шыға бастайды. Мусайламатул-кәззаб, Әсуадул-Анси сынды бірқатар адамдар Пайғамбардың көзі тірісінде-ақ өздерін пайғамбармын деп жариялаған еді. Пайғамбарымыздың қайтыс болғанын естігенде, ел арасындағы алауыздық отын олар тіптен қоздырып, лаң салуын күшейте түсті. Осындай аумалы-төкпелі заманда Мәдинаға баса көктеп кіру қаупі бар Византия әскеріне қарсы Ислам әскері жорыққа шығуға тиіс болатын. Пайғамбарымыз ақтық сапарға аттанардың алдында әскерді өзі жасақтап, қолбасшылықа Усаманы тағайындап, әскерді жорыққа аттандыруды бұйырған-ды. Аллаһ елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) айтқанын екі етпейтін халифа Әбу Бәкір (р.а.) уақыт өткізбестен, «Уаллаһи, жан-жағымыздан анталаған дұшпандар тарпа бас салса да, Расулаллаһ көтерген мына байрақты қайта түсіргім келмейді», – деп, әскерге «Жорыққа аттаныңдар!» деп бұйрық береді. Жай ғана бұйырумен шектелмей, әскерді салтанатты түрде шығарып салады. Міне, нағыз сахаба осылайша ең ауыр күндерде де Пайғамбардың әміріне барынша берілгендігін паш етіп, Исламның байрағын биік ұстауға аянбай тер төккен еді.

2. Фәдәктағы жер жайы және хазірет Фатима анамыз

Пайғамбарымыз дүние салғанда, Мәдиналықтар көпке дейін ауыр қайғыдан ес жия алмады. Саха-балардың ішінде әсіресе Әбу Бәкір (р.а.) қайғыдан қан жұтқандай күй кешті. Бірде Пайғамбарымыздың сүйікті қызы, барша әһлі-бәйіттің (Пайғамбарымыздың ұрпағы) анасы Фатима (р.а.) халифа Әбу Бәкірге келіп, әкесі хазірет Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) мирасы ретінде Фәдәк алқабын сұрайды. Әбу Бәкір (р.а.) екі дүниедегі ең жақыны Аллаһ елшісі үшін көзінің қарашығындай болған Фатимаға қалай жауап беруге тиіс еді? Расулаллаһтың (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) көзіндей боп артында қалған осынау нәзік жанды ренжітуге көңілі қияр ма? Солай бола тұра, Расулаллаһтың мирас туралы айтқан сүннетінен аттап кете алмады. «Мен Расулаллаһтың ешбір сүннетін тәрк ете алмаймын»[4], – деп көзіне жас алған Ислам халифасы, Фатима анамызға:

«Біз, пайғамбарлар қауымы, артымызға ешқандай мирас қалдырмаймыз. Бізден қалатыны тек садақа ғана»[5]деген хадисті айтты. Пайғамбардың артында қалған мал-мүлік өзінің көзі тірісінде белгіленген жерлерге жұмсалуға тиіс болатын. Хазірет Әбу Бәкір (р.а.) былай тартсаң өгіз өлетін, былай тартсаң арба сынатын осындай күрделі жағдайдың өзінде Пайғамбар (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) сүннетіне барынша берік екендігін көрсете білді.

3. Зекет бергісі келмейтіндерге деген ұстанымы

Адамзаттың асыл тәжі (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) дүниеден өткен соң, намазға жүрдім-бардым қарап, зекет беруден жалтарғандар да бой көрсете бастады. Тіпті ерекше парасат иесі Омардың (р.а.) өзінің «Қазірше зекетке рұқсат берсек» деп айтқандығы риуаят етілген. Халифа Әбу Бәкір бұған көп ойланып жатпады, Пайғамбардың أُمِرْتُ أَنْ أُقَاتِلَ النَّاسَ حَتَّى يَشْهَدُوا أَنْ لاَ إِلَهَ إِلاََّ اللّٰهُ وَأَنَّ مُحَمَّداً رَسُولُ اللّٰهِ، وَيُقِيمُوا الصَّلاَةَ وَيُؤْتُوا الزَّكَاةَ، فَإِذَا فَعَلُوا ذَلِكَ عَصَمُوا مِنِّي دِمَاءَهُمْ وَأَمْوَالَهُمْ إِلاَّ بِحَقِّ اْلإِسْلاَمِ وَحِسَابُهُمْ عَلَى اللّٰهِ «Мен Аллаһтан бас-қа иләһ жоқтығына сеніп, хазірет Мұхаммедтің Аллаһтың құлы әрі расулы екендігіне куәлік айтып, намаздарын оқып, зекеттерін толықтай бергенге дейін адамдармен күресуге міндеттімін. Осы айтылғандарды орындағанда ғана мал-жандарына қауіп төнбейді. Исламның ақысы зекет беру, садақа беру, ұшыр беру[6] болып табылады. Ал мұны шынайылықпен орындап, орындамағанына келсек, мұның есебін бір Аллаһқа беретін болады»[7]деген хадисті жетік білетін Әбу Бәкір: وَاللّٰهِ لَأُقَاتِلَنَّ مَنْ فَرَّقَ بَيْنَ الصَّلاَةِ وَالزَّكَاةِ، فَإِنَّ الزَّكَاةَ حَقُّ الْمَالِ،وَاللّٰهِ لَوْ مَنَعُونِي عَنَاقاً كَانُوا يُؤَدُّونَهَا إِلَى رَسُولِ اللّٰهِ e لَقَاتَلْتُهُمْ عَلَى مَنْعِهَا «Аллаһ атымен ант етемін. Кімде-кім намаз бен зекетті бір-бірінен бөлектейтін болса, сол адамға қарсы соғысуға даярмын. Зекет – шүбәсіз дүние-мүліктің ақысы. Расулаллаһқа берген ұрғашы лақтың өзін менен жасырып қалмақ ниетте болғандармен, уаллаһи, шай-қасуға әзірмін»[8], – деп, әрқашан Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) бен сүннетке ерекше жауапкер-шілікпен қарау керектігін ісімен көрсеткен-ді.

Омар да (р.а.) сүннетті қорғап қолдауда Әбу Бәкірден (р.а.) қалыс қалған емес. Ол да сүннетте баяндалған жайттарға асқан жауапкершілікпен қарайтын, сөз сөйлеп немесе хұтба оқып жатса-дағы сүннетке және Құранға қатысты ескерту жасалған жерде дереу тоқтап, мәселенің мән-жайын анықтауға асығатын. Сондықтан оны ел-жұрт «Хақ айтылғанда дереу тоқтап, ақиқатты ту еткен Омар» деп атаған. Хадис және тарих беттерінде ол туралы баяндалатын мәшһүр бір оқиғада «Омардан қателік кетті, әйел дұрысын айтты. Қарапайым әйел құрлы фақиһ[9]бола алмадың, уа, Омар! Күнкөріс қамымен базар жағалаудың кесірінен Аллаһ елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) мәжілістерінен құр қалып, дініңді кәміл түрде үйрене алмадың»[10]деп өзін-өзі жерден алып жерге салатыны, өкініш білдіретіні сөз болған. Осыған ұқсас мысалдар көп-ақ. Қай жағынан алғанда да, алып тұлға Омар (р.а.) ақиқат сөзге тоқтайтын. Қарсы шығып, сөз таластыру оған тән емес еді.

4. Сүннетті ұстанудағы ыждағаттылық

а. Асқан парасаттылықтың, керемет даналықтың үлгісіндей болған біртуар тұлға хазірет Омар (р.а.) бірде саусақ құны турасында өз ойын айтып, ижтиһад жасайды. Алайда сахабалардың бірі оның бұл ижти-һадына наразылық білдіріп: «Уа, мүминдердің әміршісі! Мен ардақты Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) осы мәселеге қатысты «Бір қолдың бес саусағы, екі қолдың он саусағы – жалпы қолдың құнын бірдей қылып бөліседі. Егер екі қол бір құнға, ал бір қол оның жартысына тең болатын болса, әрбір саусақтың құны он түйеге тең» дегенін естіген едім»[11], – дейді.

Осы сөзді естігенде хазірет Омар өз-өзіне: «Уа, Хаттабұлы! Ардақты Пайғамбарымыздың сөзі тұрғанда, сен қалайша ижтиһад етіп өзіңше ой тұжырмақсың?!» – деп өкініш білдірген. Иә, сүннет сүннетпен мейлінше сусындаған жанда ғана осыншалықты қырағылықты оятса керек.

ә. Сахабалар арасында біреуден бір нәрсе сұрауға арланатын, ұялатын Ибн Үммү Мәктум, Саубан сияқтылар да аз емес еді. Бұл аты аталған сахабалар ат үстінде келе жатып, абайсызда қамшысын жерге түсіріп алса, біреуден алып беруін өтінуден де қысылатын өте әдепті жандар болатын.

Дәл солар сияқты жарлы болса да арлы саха-балардың бірі Абдуллаһ ибн Сағдиден (р.а.) жеткен хадиске құлақ түрейік:

«Хазірет Омар (р.а.) олжадан маған бір үлес айырды. Мен оған: «Уа, мүминдердің әміршісі! Мені қинама, бұны алмаймын», – дедім. Ол маған: «Уалллаһи, мен де сен сияқты тартыншақтайтынмын. Бірде Аллаһ расулы (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) маған бірдеңе бермек болғанда, мен алмайтындығымды айттым. Сонда Пайғам-барымыз:

«Бергенімді ал, өзіңе жұмса, қаласаң садақа ретінде басқа біреуге берерсің. Өзің сұрап, тіленбестен күтпеген жерден дүниелік несібе бұйырса ал, мұнда ешқандай сөкеттік жоқ», – деген болатын. Мен саған Расулаллаһтың сөзін қайталаймын. Оның бұл мәселедегі үкімі осындай»[12], – деді.

б. Бір күні хазірет Омар (р.а.) даңқты сахабалардың бірі Зәйд ибн Халид әл-Жуханидің (р.а.) мешітте намаздыгерден соң тағы да намаз оқығанына куә болады.

Рас, намаз – мүминің миғражы, көзінің нұры, Исламның тірегі. Намаз арқылы тұңғиыққа сапар шегуге, тылсым әлемнен сыр аулауға әбден болады. Алайда намаздың да оқылатын, оқылмайтын кездері бар. Намазды сүннетке сай орындағанда ғана ол ғибадат ретінде саналады. Әйтпесе, ойдан шығарылғаны, бидғатқа жатады. Жалпы сахабалардың білуінше, намаздыгерден кейін нәпіл намаз оқылмайды. Осы себепті хазірет Омар мезгілсіз намаз оқып тұрған хазірет Зәйд ибн Халидті арқасынан қылышымен түртеді. Бұл оның сүннетке деген мұқияттылығын байқатады. Бұны дереу түсіне қойған Зәйд (р.а.) оған: «Пайғамбарымыздың намаздыгердің артынша нәпіл намаз оқығанын өз көзіммен көргендіктен, басымды кесіп алсаң да, екі рәкат намазымды оқымай қоймаймын»[13], – дейді.

Осы турасында Үммі Сәлама анамыздан (р.а.) келіп жеткен бір риуаятта: дұға, зікір, тіпті оқуды дағдыға айналдырған нәпіл ғибадаттарын Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) ешқашан тәрк етпеуге тырысқаны айтылады. Егер түнде ғибадатын кемшіндеу жасаған болса, күндіз соның орнын намаз, дұға арқылы толтыратын.

Бір күні шеттен тосын қонақтар келіп қалды да, бесіннің соңғы сүннетін оқуға үлгермей қалды. Әне-міне дегенше намаздыгердің уақыты кірді де, мешітте намаздыгерді оқыған соң, отауына келіп, бесіннің соңғы сүннетін өтеді. Үммі Сәлама анамыз (р.а.) мұны көргенде «Намаздыгерден соң оқылатын намаз бар ма?» – деп сұрайды. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Келген қонақтарды күтемін деп жүріп бесіннің соңғы сүннетін оқып үлгере алмадым. Толықтырып енді оқыдым»[14], – дейді.

Зәйд ибн Халид әл-Жуханидің көргені де осы оқиға немесе осыған ұқсас жайт болса керек. Бұл фиқһи мәселенің түп негізі немен түйінделмесін, мұндағы маңызды жайт – сахабалардың қай-қайсысының да сүннетке қырағылық танытқандығы.

Сүннетті қалтқысыз ұстанған хазірет Омарға (р.а.) сәждеге жығылған сәтте қастандық жасалды. Оның ақтық демін берер сәттегі күйін «Тамырды ұстап көрген мыңдаған емші: «Дәрменсіз дерт екен, қайтейік не шара?!» – деді» деген өлең жолдары дәл ұқтырғандай. Жарық дүниемен қош айтысар сәтте, жанына жиналғандар хазірет Омарға: «Уа, мүминдердің әміршісі! Орныңызға халифалыққа біреуді тағайындап кетсеңіз» деп өтініш жасады. Сонда ол: «Егер мен орныма біреуді тағайындасам, жаңсақтық болмас, себебі менен де қайырлы адам (Әбу Бәкір) өз орнына келетін халифаны тағайындап кеткен еді; ал егер де ешкімді тағайындамасам, онда да жаңылмаған болар ем, өйткені менен әлдеқайда қайырлы жан да (Аллаһ елшісі) орнына келетін кісіні тағайындамаған болатын»[15], – деп жауап қатып, Расулаллаһтың (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) халифаны тағайындамағанын, ал хазірет Әбу Бәкірдің өзінен кейін келетін халифаны тағайындап кеткенін есіне салып, қалай еткенде де сүннетке қайшы амалға бармайтынын таразылаған еді. Алайда Расулаллаһ пен басқа біреу (хазірет Әбу Бәкір де болса) арасында таңдау жасау керек болса, әрине, таңдау Аллаһ расулының нұрлы жолына түсетін. Хазірет Омар да осылай жасап, үмбетінің өзінен кейін де тыныш, бейбіт тұрмыс кешуі үшін орта жолды таңдай білген, яғни Пайғамбары-мыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) көзі тірісінде жаннатқа кіретіндігін сүйіншілеген он сахабаның алтауын шақыртып, ұлы Ибн Омарды төреші, Қағқаға атты сахабаны қақпаға күзетші етіп тағайындап: «Менің денем жер қойнына берілмей тұрып, осы мәселені өз араларыңда шешіп алыңдар»,– деп өзекті мәселенің шешімін соларға табыстаған. Өйткені ол мұсылман үмбетінің аз уақыт та болса басшысыз қалғанын қаламайтын еді.

в. Бірде хазірет Омар (р.а.) халифаттығы тұсында Қағбаны тауап етіп жүріп, өткен дәуірлерде пайғамбарлар сүйген қара тасқа таяп келіп:

إِنِّي أَعْلَمُ أَنَّكَ حَجَرٌ لاَ تَضُرُّ وَلاَ تَنْفَعُ، وَلَوْلاَ أَنِّي رَأَيْتُ رَسُولَ اللّٰهِ e يُقَبِّلُكَ مَا قَبَّلْتُكَ

«Сен бар болғаны тас қанасың, сенен келер пайда да, зиян да жоқ. Егер Расулаллаһтың сені сүйгенін көрмегенде, мен сені сүймес едім»[16], – деген болатын. Хазірет Омар (р.а.) қасиетті қара тастың өзін сүннетке деген құрмет үшін ғана сүйген.

г. Сүннет – сахабалар үшін қасиетті аманат саналатын. Олар сүннетті орындау арқылы Аллаһқа және Расулаллаһқа (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) жақындайтындық-тарына кәміл сенетін. Ал егер сүннетті орындамаған жағдайда, Аллаһ сақтасын, өздерін опасыздық жаса-ғандай сезінетін.

Майсара ибн Йақубтың басынан Куфада өткен оқиға: бір күні хазірет Али түрегеп тұрған күйі су ішеді. Мұны көрген Майсара таңырқап: «Сен суды тұрып ішесің бе?!» – деп сұрайды. Хазірет Али оған: «Егер суды тұрып ішсем, Аллаһ расулының да суды түрегеп тұрған күйі ішкенін көргендігімнен, ал отырып ішсем, Расулаллаһтың суды отырып ішкенін көргендігімнен»[17], – деп жауап береді.

Иә, шындығында, әрбір әрекетке абай болып, хазірет Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сүннетін айна- қатесіз орындап, тұнығы шайқалмаған мөлдір күйде келешек ұрпаққа жеткізу керек болатын. Негізінде, суды отырып ішу керектігі жайлы Пайғамбарымыздың насихат-кеңестері бар. Суды отырып ішудің пайдалы екені де белгілі. Алайда бұлай жасау «түрегеп тұрып су ішуге болмайды» дегенді білдірмейді, яғни пайғамбардың кейбір дағдыларын парызбен теңестіріп, барша жұртты мәжбүрлеген де дұрыс емес.

ғ. Абд ибн Хайрдан жеткен бір риуаятта: «Хазірет Али мәсінің үстінен мәсіх тарту туралы: «Егер Расулаллаһтың мәсінің үстінен мәсіх тартқанын көрмегенімде, өз басым, мәсінің табанына мәсіх тартуды жөн санар едім»[18]– деген болатын.

Хазірет Алидің (р.а.) осы сөздері сүннет бар жерде ижтиһад жасауға жол жоқтығының бірден бір мысалы. Иә, олар сүннет мәселесіне асқан ұқыптылықпен қарайтын.

д. Мейлі Али (р.а.), Осман (р.а.), Әбу Бәкір (р.а.), Омар (р.а.) болсын, қай сахаба болмасын өз пікіріне қайшы келетін сүннеттің бар екеніне көз жеткізгенде дереу сүннетке бағынатын. Тіпті өзінің бұрынғы көзқарасы ел ішіне тарап кеткен болса да, одан бас тартудан арланбаған. Осы тұста хазірет Омарға (р.а.) қатысты мына бір оқиғаны айтпай кетуге болмас. Егер біреу байқаусызда кісі өлтірсе, құнын өзі емес, оның мирасқорлары төлейді, ол мирасқорлар «ақила» деп аталады. Хазірет Омар (р.а.) мұндай жағдайға душар болған әйел күйеуінің құнына мұрагер бола алмайды деп білетін. Ол өз ойын осылайша бір мәжілісте білдіргенде, Даххак ибн Әбу Суфиян оған:

«Уа, мүминдердің әміршісі! Сіз өз үкіміңізді бердіңіз, алайда Аллаһ расулы (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) Ашиям ибн Дыбаби қаза болғанда, оның құнынан әйеліне де үлес бөліп, мирас берген болатын», – деп жауап қайырады. Соны естуі мұң екен Омар (р.а.) шешімін кілт өзгертіп: «Бұдан былай әйелдерге де күйеулерінің құнынан мирас тиесілі»[19], – дейді.

е. Хазірет Омар (р.а.): «Үмбеттің ең сенімділерінен[20]Әбу Убайда ибн Жаррахты қатты жақсы көретін. Досына деген пейілі соншалық – Омар (р.а.) ақтық демінде өліммен арпалысып жатып: «Әбу Убәйданың көзі тірі болғанда, орныма соны ұсынар едім»[21],– деген. Шындығында, Әбу Убәйда – дүниенің қызық-шыжығына мойын бұрмай кеткен жан.

Тағы бірде хазірет Омар (р.а.) Әбу Убәйданың (р.а.) шатырына арнайы бас сұққаны бар. Шатырға кіргенде, Исламның жеңімпаз әскеріне қолбасшы болу дәрежесіне дейін лауазымы өрлеген осынау даңқты сахабаның лашық ішінде тақыр жерде отырып, садағы мен жебесін сайлап отырған жерінен түседі. Осыны көріп, көңілі босаған хазірет Омар: «Дүние талай жанды өзгертті, бірақ сені өзгерте алмады, уа, Әбу Убәйда!» – деп, көзіне жас алған еді[22].

Иә, хазірет Омар оны өте қатты жақсы көретін. Әбу Убәйда (р.а.) Ислам әскерінің қолбасшысы болып тұрғанда, Амуас деген жерде әскер арасында оба ауруы тарайды. Омар (р.а.) Амуасқа арнайы келіп, жақсы көретін досы Әбу Убәйдамен кездеспек болады, алайда жаппай қырғынға ұшыратып жатқан індеттің кесірінен оның Амуасқа кіруі құп көрілмейді. Жағдайды біле тұра Омар (р.а.) Әбу Убәйда (р.а.) мен әскерлерін көрмей кетуге жаны шыдамайды. Сонда Абдуррахман ибн Ауф келіп: «Уа, мүминдердің әміршісі! Мен Расулаллаһтан өз құлағыммен мына сөздерді естіп едім: إِذَا سَمِعْتُمْ بِالطَّاعُونِ فَلاَ تَدْخُلُوهَا، وَإِذَا وَقَعَ بِأَرْضٍ وَأَنْتُمْ بِهَا فَلاَ تَخْرُجُوا مِنْهَا Егер бір жерде оба ауруы шыққанын естісеңдер, ол жаққа бармаңдар, ал, егер өздерің тұрған жерден оба індеті тараса, онда сыртқа аттап шығушы болмаңдар»[23]. Мұны естіген соң халифа Омар (р.а.) сүннетті құр-меттегендіктен, Язид ибн Әбу Суфиян, Муаз ибн Жәбәл сынды ондаған саңлақ сахабалардың да опатына себеп болған оба індеті жайлаған шаһарға кіруден бас тартып, адал досын көре алмастан, сағынышын жүрегіне жасырып, қынжыла кері қайтты.

Міне, сүннетке адалдықта алдына жан салмаған саңлақ сахабалардың арқасында сүннет күннен-күнге, айдан-айға, жылдан жылға әбден сүзгіден өтіп, сұрып-талып барып хадис зерттеушілерінің кітаптарына жазылды. Сол арқылы бізге дейін келіп жеткен.


[1] «Ниса» сүресі, 4/65.
[2] Ибн Сағыд, әт-Табақатул-кубра, 2/190-191.
[3] Ибн Сағыд, әт-Табақатул-кубра, 2/91; Ибн Хишам, әс-Сиратун-нәбәуия, 4/301.
[4] Бұхари, Фараиз, 3; Мүслим, Жиһад 52.
[5] Бұхари, Хумус 1; Мағази, 14; Мүслим, Жиһад, 52.
[6] Ұшыр – егіс алқабынан алынатын өнімнің оннан бірі.
[7] Бұхари, Иман, 17; Мүслим, Иман, 36.
[8] Бұхари, Зекет 17; Мүслим, Иман 32.
[9] Дінді терең білуші
[10] Бәйхақи, әс-Сунәнул-кубра, 7/233; Хәйсәми, Мәжмәуз-зәуәид, 4/284.
[11] Абдурраззақ, әл-Мусаннаф, 9/383; 385.
[12] Бұхари, Ахкам, 17; Мүслим, Зекет, 111.
[13] Абдурраззақ, Мусаннаф, 2/431; Ахмед ибн Ханбәл, әл-Муснәд, 4/115; Табарани, әл-Муғжамул-кәбир, 5/228.
[14] Бұхари, Мауақыт, 33; Тирмизи, Саләт, 21.
[15] Бұхари, Ахкам, 51; Мүслим, Имара, 11.
[16] Бұхари, Хаж, 50; Мүслим, Хаж, 248-251.
[17] Ахмед ибн Ханбәл, әл-Мүснәд, 1/134.
[18] Әбу Дәуіт, Таһарат, 63.
[19] Тирмизи, Фараиз, 18; Әбу Дәуіт, Фараиз, 18.
[20] Пайғамбарымыз Әбу Үбәйда ибн Жарраһты «Үмбетімнің сенімдісі» деген.
[21] Ибн Әбу Шәйба, Мұсаннаф, 6/391; Ибн Сағыд, әт-Табақатул-кубра, 3/343.
[22] Ибнул-Әсир, Усдул-ғаба, 6/206.
[23] Бұхари, Тыб, 30; Мүслим, Сәләм, 92, 94, 98.

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.