Сынақтың түрлері

Сынақтың түрлері

Сұрақ: Адам баласынына көптеген сынақтың берілетіні талассыз шындық. Осылардың ішінде бүгінгі таңдағы ең қиын сынақ түрі қандай?

Жауап: Аллаһ тағала иләһи заңдылықтар бойынша адамзатты түрлі сынақпен сынайды. Осылайша алмасты көмірден, алтынды тас пен топырақтан айырғандай, тазаны кірден, жаманды жақсыдан айырады. Және де әр сынақ бізді өзімізге көрсету үшін жасалады. Әуел баста біздің болашақта не істеп, не қоятынымыздан хабардар білгені шексіз Аллаһ тағала бізді неге қаншалықты қарсылық танытарымызды, бәле-жала мен қиындықтарда не істерімізді, қай жерде сабыр етіп, қай жерде шыдамсыздық көрсететінімізді, қай жерде нәпсімізді қинап, қандай жағдайда тағдырға налып, тіл тигізетінімізді біздің өзімізге көрсетеді. Осы себепті Жүніс Әміре: «Бұл жол өте алыс, кедергісі көп, жолда өткелі жоқ терең су бар» деп жырлайды.

Мақсаттың үлкендігіне сай сынақтың қиындығы

«Бақара» сүресінде:

وَلَنَبْلُوَنَّكُمْ بِشَيْءٍ مِنَ الْخَوْفِ وَالْجُوعِ وَنَقْصٍ مِنَ الْأَمْوَالِ وَالْأَنْفُسِ وَالثَّمَرَاتِ وَبَشِّرِ الصَّابِرِينَ
“Ант етейін, сендерді қорқыныш, аштық, кедейлікпен сынаймыз. (Пайғамбар) сен сабыр еткендерді сүйіншіле” (155 аят)

дей отырып, адамды түрлі сынақтарға ұшырауы мүмкін екенін айтып, мұның шығар жолы сабыр екенін көрсеткен. Осыған қарағанда, ғибадаттың кісі мәртебесін өсіретіні секілді жанама ғибадат болып табылатын адам өзі тап келетін түрлі сынақтарға да сабырлылық танытқанда, кісінінің күнәдан арылуына сеп болып, мәртебесін өсіре түспек. Олай болса Аллаһтан келген кез келген сынақтарға жұмыр басты пенде тек нәпсісін ғана қинап шыдап, сонымен қатар өзін өзі есепке тартып, өзін қаншалықты шыңдағанын тексеру керек.

Адамның Аллаһ тарапынан алар сыйы мен сауабы тартқан қиындығы мен түскен сынағына байланысты. Ауыр сынақтан сүрінбей өткен кісінің алар сауабы да жоғары болмақ. Мысалы, шейіт болудың дінімізде мәртебесі өте жоғары. Тиісінше осы дәреже кісінің Аллаһ жолында соғысып жан беруін талап етеді. Осы тұрғыдан ұлы істерге ниеттеніп бел буған адам алдынан кездескен қиындықтарға шыдамдылық танытып, діннен таймауы керек.

Бұл жайында айтулы бір ғалымның: “Сексен жылдық ғұмырымда дүние ләззаты тұрғысынан ештеңе көрмедім. Өмірім біріңғай күреспен өтті. Зынданда өтті. Тартпаған азабым, көрмеген қорлығым қалмады. Соғыстарда кісі өлтірген қылмыскердей қарады маған. Қаңғыбас секілді елден елге қуғындаумен болды. Зынданға салынып, елден аластатылдым. Бірнеше рет уландым. Небір мазаққа ұшырадым. Көп уақыттар өле салғым-ақ келді. Егер дінім өзін өзі өлтіруді харам етпегенде, әлдеқашан топырақ астында жатар еді” дегені бар.

Ол кісінің түскен сынақтары осыншалық қиын болғанына сай, дәрежесін де кәмілдікке жеткізген. Бәлкім, көрген қиындықтары мен оған деген сабырына сай Аллаһ тағаланың қолдауымен ол кісі кейінгілерге үлгі боларлық өмір сүрген.

Жолда қалғандар

Өмірі тек сынақтардан тұратын адам баласына сынақ тек қана қиындық пен бәлекеттер арқылы ғана келмейді. Кейде кісіге сәттілік пен қуаныш та сынақ болып келеді. Кісіге қонған бақ ғапылдыққа ұрындырып, адам баласы бақыттан басы айналғанда тура жолдан тайып, рухани өміріне кесірін тигізуі мүмкін, Құдай сақтасын. Қысқасын айтқанда, адам баласы кейде жан рахатымен, кейде атақ-абыроймен, кейде қалтаның қалыңдығымен сыналады.

Имам Ғазали осындай сынақтарды мынадай мысалмен түсіндіреді: Адам жұмақ секілді бір жерге жету үшін белді бекем буып жолға шығады. Жұмақтың әсемдіктерін алдын ала естігендіктен күн бұрын құштарлық танытады. Алайда жолда жұмақ секілді емес болғанымен өзінше кішігірім бір бақшаға кез болады. Сөйтіп жұмаққа бара жатқан жолынан тайып, сол өткінші ғана бақшада қалып қояды.

Негізінде бұл мысал кісі өмірін дәл суреттейді. Адамның алданып қалып қоятын әлгі бақшадағы сұлулықтарды түрліше елестетуге болады. Тәнқұмарлықтан бастап ләззатқұмарлыққа дейінгі көптеген нәрселер адам баласы үшін жұмақтан алыстататын алданыштар. Ал бұларға байланып қалған адамның жұмаққа және Аллаһ тағалаға жетуі мүмкін емес.

Байлыққа деген құштарлық

Бес күндік өмірде кісіні жолдан тайдыратын, көзін байлап өзіне тәуелді етіп қоятын сынақтардың бірі байлық. Тіпті тарихта ең көп адамдардың алданған ең үлкен сынағы осы байлыққа деген құштарлық десек қателеспеген болар едік. Пайғамбарымыз бір хадисінде:

لَوْ أَنَّ لِابْنِ اٰدَمَ وَادِيًا مِنْ ذَهَبٍ أَحَبَّ أَنْ يَكُونَ لَهُ وَادِيَانِ وَلَنْ يَمْلَأَ فَاهُ إِلَّا التُّرَابُ وَيَتُوبُ اللهُ عَلَى مَنْ تَابَ
“Адам баласының бір сай толы алтыны болса, екіншісін қалайды. Оның аранын тек топырақ толтырады. Аллаһ тәубе еткеннің тәубесін қабылдайды” (Бұхари, Риқақ 10; Мүслім, Зекет 116)

Тойымсыздықпен үнемі артығырақ дәм етіп, ашкөздікке ұрыну кісінің түбіне жетпей қоймайды. Негізінен қоғамдағы келіспеушілік пен қақтығыстардың түбінде осындай бәсекелестік жатқаны анық.

Хазірет Мұхитдин ибн Араби Шамда шабуылға ұшыраған кезде аяғымен жерді нұқып, «Сендердің табынғандарың менің аяғымның астында» дейді. Жұрт хазіреттің бұл сөзіне қарап күпір айтты, діннен шықты деседі. Алайда хазірет елдің Қарун сияқты байлық пен дүниеге беріліп, Құдайды ұмытқандарын меңзеген еді. Олардың табынғаны аяғымның астында дегенінің екінші бір мәні, аяғының астында көмілген үлкен қазына бар екенін ел кейінірек түсінеді.

Өкінішке орай, бүгінгі таңда адамдардың көпшілігі байлыққа өлердей құштар. Басымда бір баспанам болса екен деп басталған құмарлық кейін бала-шағамда, немерелерімде болса екен деп өсе түсіп, кейін ол дүниеқоңыздыққа айналады. Тіпті Аллаһтың, діннің қызметі деп жүрген адамдардың уақыт өте келе ақшаның соңынан еріп кетіп жатқандарын да кездестіруіңіз мүмкін. Ондай адамдар берілген жалақыларына қанағаттанбай, жеткіліксіз көріп, одан да көбірек ақша табамын деп Дін мен Отанға қызметті тәрк етіп, бұрынғылардың, яғни сахабалар мен табиғиндердің жолынан теріс айналады.

Шәһуатқұмарлық

Бүгінгі күннің ең қиын және сақталуы жағынан өте маңызды сынақтардың бірі әйелқұмарлық. Бұл бәлекеттің адамзат тарихында өте қиын сынақ болуымен қатар бүгінде өте қауіпті болып отыр.

Хазірет Мәулана Мәснәуиде құмарлық пәлекетіне қатысты бір хикаяны мысал етіп, ол хикаяда шайтанның Аллаһ тағалаға арсыз сөз айқанын келтіреді. Құран мен хадистерде шайтанның демогогиялық арсыз сөздері айтылады. Алайда Мәулананың мысалы былайша: «Шайтан Аллаһ тағалаға «масқаралап, мені оңдырмадың» дейді. Сосын адамзатты адастыру үшін кейбір айлаларды сұрайды. Аллаһ тағала оған байлық, билік, абырой секілді нәрселерді ұсынады. Алайда шайтан бұлардың ешбіріне көңілі толмайды. Сосын Аллаһ тағала оған «еркек үшін әйелді, әйел үшін еркекті сынақ етіп, саған соны берейін» дегенде шайтан қатты разы болады дейді.

Негізгі дереккөздерде нақты айтылмағанымен жоғарыдағы мысал бізге ой саларлық. Көп адамдардың тұстары да осы болуы мүмкін. Мұны мына бір хадистен де көре аламыз:

حُجِبَتِ النَّارُ بِالشَّهَوَاتِ وَحُجِبَتِ الْجَنَّةُ بِالْمَكَارِهِ
“Тозақ шәһуатпен қоршалып, көмкерілген. Жұмақ қиындықтар мен нәпсіге ауыр келетін нәрселермен көмкерілген.” (Бұхари, Риқақ 8; Мүслім, Жәннат 1)

Жұмаққа барар жолда көп кедергі, асу бермес бел мен асқар таулар бар. Ал тозақтың жолында жеп-ішу, аяқты аспанға көтеріп қойып жату мен нәпсіге ұнамды істер бар. Бұлар кісіні байқатпай төменге қарай құлдырата береді, құлдырата береді.

Атаққұмарлық

Атақ-даңқ пен абыройдың артынан қуу сынақтан сүрінудің тағы бір түрі. Ғалымдар «Хуббу жах» деп атаған және у жағылған балға теңеген атақ пен даңқ көп кісінің алданатын сынағы. Тіпті жаназамда адам көп жиналсын деген ойға да апаратын атаққұмарлық мына дүниеде небір сұмдық істерге жетелейді.

Аллаһ тағала бәрімізді аталмыш бәлекеттерге ұрынудан сақтасын. Иман мен илхамды сезініп о дүниеге аттануды жазсын!

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.