Қасиетті жәдігерлерге деген құрмет
Сұрақ: Дін мен қасиетті жәдігерлерге деген құрметтің өлшемі қандай?
Жауап: Адам баласы өзінің жеке басына қатысты мазақ пен құрметсіздікке барынша сабыр етуі және атмосфераның ұшып келе жатқан метеориттерді жағып жібергеніндей адамдар тарапынан лақтырылған тасты балқытып жіберетіндей жұмсақ мінезді, шыдамды болуы дінімізде өте жоғары бағаланатын қасиеттердің бірі. Ал Аллаһтың ақысы, пайғамбар ақысы, Құран ақысы аяққа тапталып, оған деген құрметсіздік жасалғанда, кісінің ондайды кешіруге құқы жоқ. Мүмин адам ондайға немқұрайлы қарай алмайды, атүсті өте алмайды. Алайда мұсылманға сай, өзіне жарасымды түрде әрекет етеді. Мұсылманның мінезіне сай жауап береді.
Өкінішке орай, күнделікті өмірде тепе-теңдікті сақтай алмай қалатын кездеріміз болады. Жиі-жиі қатыгездік пен жеккөрушілікті бастан кешеміз. Айнала қоршаған анайы сөз бен құрметсіздіктер және жоқ емес. Кейде арды күйдіретін жағымыз жағдайлар да орын алып жатады: жағдайдың ақ-қарасын ажыратпай жатып, барша мұсылман жұртшылығына қара күйе жағады. Енді бірі тағы бірдеңе дейді. Көшелерде афишалар ілініп, адамзатты арандатушы сөздер жазылады. Осыны істеген адамдар Аллаһ тағала мен пайғамбарға тіл тигізіп, дін Исламды ұстанған қалың жұртшылықтың намысына тиіп жатқанын ескермейді. Ары-беріден соң ақыретке деген қасиетті сенім тек Ислам әлеміне ғана емес, басқа да дін өкілдеріне тән. Арандатушы сөздер басқа да дін өкілдеріне ұнамайды. Сондықтан да бір жарым млрд. Ислам дінін ұстанушы мұсылмандар мен өзге де ақыретке деген сенімге ие адамдардың жалпы саны төрт-беc млрд. құрайды. Осы көпшіліктің сеніміне құрметсіздік танытқан адамның барша адамзаттың ақысын аяққа таптағаны демек. Кез келген адам төрт-бес млрд адамның қасиетті сеніміне құрметсіздік танытса, денесіне тиген иненің ұшынан да мазасыздануы керек. Өйткені өзі құрмет дәметкен адам өзгені де құрметтеп үйренгені абзал.
Және де адам баласы өзге топқа қарата қандай да бір жағымсыз сөз айтуы ешқашан да дұрыс болмайды. Мысалы, пәлсападан мүлде хабары жоқ адам әлдебір ойшылдың еңбегін сынаса, ел алдында күлкі болып, ғылымға деген құрметсіздігі үшін масқара болады. Мүмкін сіздер Құранның ақиқатымен салыстырылып тексерілмеген ойларға себепсізден себепсіз сын айтатын болсаңыз өзіңіз күлкіге қаласыз. Сол секілді әннен де хабары жоқ адам өнердің бұл түрі жайлы ауыз ашуға құқы жоқ. Журналистикаға да үш қайнаса сорпасы қосылмайтын адам бұл кәсіп иелерінің шығармашылығына сын таға алмайды. Демек, қандай де бір мәселе жайында пікір білдіретін адам сол саланы мықтап зерттегеннен кейін ғана ойын айта алады.
Алайда бүгінгі таңда қарап отырсаңыз, Құран мен сүннетті танымаған, дүние тарихынан хабары жоқ, географиясы қаншама аймаққа тарап, әлемнің ренессансына себеп болған діннің негіздері жайлы ойларына келгенін айтып, оны өздерінше ой мен сөз бостандығы деп атайды. Мамандану ілгері дамыған бүгінгі күнде әлдебір пікір айту сол саланың маманына ғана тиесілі болса керек.
Екінші жағынан біздің міндетіміз – сөйлегенде, жүріп-тұрғанда, қарым-қатынаста барынша тәртіпті болып, өзімізге мұқият қарауымыз керек. Айтылған сөзді бұрмалап жеткізетін адамдардың бар екенін де ескеріп, қарсы алдымыздағы адамның дәрежесіне қарай тілдескеніміз жөн. Және де қате болса да ешкімнің сеніміне құрметсіздік етпеу керек. Құран кәрімде: «Олардың Аллаһтан басқа сиынғандарына тіл тигізбеңдер.Әйтпесе олар да надандықтарымен сендердің сенімдеріне тіл тигізеді» (Әнғам сүресі, 6/108). Егер сіздер өзгенің Латына, Ұззасына, Исафына тіл тигізсеңіздер, олар да сендердің қасиетті сенімдеріңе тіл тигізеді. Оның үстіне Құранда да, сүннетте де, салиқалы сәлаф жұртшылығында да пұтқа табынушылылардың сенімін мазақ еткен ешбір сөз көрмейсіз. Ал әрқашан шындықты ұсынып, жүрген жеріңізде тәухидті насихаттап жүрсеңіздер ол бөлек әңгіме. Бірақ өзінің сеніміне сай келмейтін жалған нәрселерді қаралауға мұсылман міндеттелмейді. Сол үшін тек Құран мен сүннетті негізге алып, айтқанымыз бен жазғанымызда осы екеуін негізге алсақ. Өйткені әу баста бөтен жолға түсіп кеткен кісіні кейін қайтару өте қиын болады.
Таяуда ғана Ұлы Кітабымыз Құран кәрімді мазақ еткен жағдай болғанын бәріміз көзбен көрдік. Мұның артынша басқа жерлерде шіркеулерге шабуылдар жасалды. Әрине, Құранды келеке ету надандық пен сорақылықтың үлкені. Алайда мұның есесі ретінде шіркеулерге басып кіру мұсылманның ісі емес. Ол да бір өз алдына діни құндылық.
Сол себепті барлық әрекетіміз бен сөзімізді алдын ала ойлап, оның ақыры қандай болатынын пайымдауымыз керек. Құрметсіздік пен қорлыққа ұшыраған адам сезімге берілмей, ашуын ақылына жеңдіріп, мәселені ғылым жолымен, парасат жолымен шешуі керек. Әйтпесе оның зияны өте орасан болады.
Шіркін-ай, қасиетті санаған сенім мен жәдігерлерімізге деген құрмет ұлтаралық сипат алып, өзара сыйластық орнаса ғой! Осы тұрғыда кей жерлерде ойымды айттым да. Бірақ дертімді толық түсіндіре алмаған секілдімін. Бүгінгі таңда ой мен сөз бостандығына көп мән берілуде. Алайда, өкінішке орай, дін мен қасиетті жәдігерлерге әлдекімдердің тіл тигізуі сол сөз бостандығына телініп, арты үлкен мәселелерге айналып жатыр. Негізінде жер бетінің бейбітшілігі мен амандығының қызметшісі болып саналатын мұсылман баласы ешкімнің де сенімі мен арына тіл тигізбейді, тигізе алмайды да. Кей жерлерде сөз бостандығы барынша дамып кетсе, енді бір салаларда тіпті сөз бостандығы байқалмайтыны әділетсіздік емес пе? Бұл да мұсылмандарға жасалған қиянат.
Айналып келгенде қасиетті сенім мен жәдігерлерге деген құрмет ұғымының барша адамзатқа түсіндірілуі және осы сезімдердің барша адам бойында оятылуы бүгінгі күннің кезек күттірмес мәселесі. Бұл мемлекеттік дәрежеде шешімін тауып, қажетті заңнамалар да қабылданылуы керек. Сөйтіп барша адам баласы өзара түсіністік ішінде өмір сүрсе ғой! Өзгенің ары мен қасиетті сенімдеріне құрмет көрсетпегеннен туындайтын қиындықтар мен келіспеушіліктің ауырлығын, зиянын түсінсе, кінәні өзінен бастар еді.
- жасалған.