Орынды сын
Сұрақ: Жақсы ниетпен айтылған сынның пайдалы болуындағы өлшемі қандай? Және де сынау мен айтылған сынды қабылдаудың әдептеріне тоқталсаңыз?
Жауап: Сын дегеніміз – кәмілдікке жету мен кем-кетіктерімізді түзетудің бірегей жолы. Осы тұрғыдан келгенде, сынау бұрынғылардың, яғни сәлафтардың уақытынан бері дінімізде бар. Мысалы, пайғамбарымыздан жеткен риуаяттардың түпнұсқасының өзгертілмегендігін анықтау үшін, дұрыстығын тексеру үшін өте қатаң сүзгіден өткізетін болған. Негізінде тек хадис саласында ғана емес, жалпы дінде қандай да бір үкімге негіз болатын дереккөздердің түсіндірілуінде, насстардың (Құран мен хадис) тәпсірленуінде ақиқатты анықтау үшін жүгінетін ең ежелгі тәсілдердің бірі жан-жақты зерттеу. Сынның қаталдығының, қойылар талаптың ауырлығының арқасында Ислам діні өзінің ақиқат сипатынан ажырамай, адасқан ағымдардың пәлсапасына ұрынбай аман жеткен. Пікірталас ілімінің де бір артықшылығы – онда тараптар өздерінің көзқарастарын ортаға тастағаннан кейін жан-жақтан сынау мен критика негізінде ақиқатты анықтайды.
Дінімізге қатысты әлдебір мағлұматтың расталып, көпшілік тарапынан қабыл болуы үшін Исламда үлкен сын мектебі қалыптасқан. Бір ғана хадистердің дұрыс-бұрысын, сөздердің қаншалықты түпнұсқаға сай екенін анықтау әдістері жайлы том-том кітап жарық көрген. Осыған сай хадисшілер мен басқа да саланың ғалымдары өздерінің еңбектеріне қойылар талапқа барынша мән беріп, тұнық та таза еңбектерді жамағатқа ұсынуға күш салған. Мысалы, хадис ілімінің үлкен ғалымы Ибн Хажжаж хадис сыны жайлы: «Кәне, Аллаһ жолында ғайбат етейік» дейді екен. Ондағы ойы, хадисті аяусыз сынау діннің тазалығын сақтау жолында мәжбүрлі іс екенін білдіру болса керек.
Иә, хижреттің алғашқы бес ғасырында діни болсын, позитив ғылымдарда болсын, сын ерекше орын алды. Бұған қоса, сынның орынды болуы да маңызды. Орынды айтылған немесе жазылған сыннан кейін еңбектің немесе соны жазған ғалымның ол сынға қарай өзін дұрыстауы да басты мәселе. Осы жағынан сынның әдебі мен әдістемесі тұрғысынан мыналарды айта кету керек.
Әділ әрі жұмсақ тәсілмен шешілген мәселелер
Сыналып отырған тақырып ең алдымен дұрыс тәсілмен зерттелуі керек. Және айтылған сын ол адамды шошытпайтындай, көңіліне тимейтіндей, ренжітпейтіндей жұмсақ тілмен жеткізілуі керек. Егер сіз кез келген мәселені шешудің баламалы жолын өте сыпайы түрде жеткізетін болсаңыз, сіз сын айтып отырған жан да сіздің пікіріңізге құлақ асып, айтқаныңызды еш ренжімей қабылдайды. Мысалы, әлдебір тақырып жайында ойыңызды айтқанда ана адам сізге тіпті керісінше ойда болса да, сіздің биязылығыңыз бен әдебіңізден аса алмай сіздің айтқаныңызға жығылады, пікірін өзгертеді. Ондай кезде сіз де разы болып, ортақ тіл табысасыздар. Осы тұрғыда, ақиқаттың көпшілік тарапынан қабылданып, руханиятымызға сіңуі үшін алдымен өзіміздің менмендігіміз бен өзіміздің «мен білемдігімізді» жеңу керек секілді. Басқаша айтқанда, оң нәрсенің құпталуы үшін, егер өзгелер қате ойласа да, алдымен өзімізді сынап, оларға ақиқатты барынша жұмсақ әрі оңай қабылдататын жолды қарастыру керек.
Жалпылай ескерту және арадағы сыйластықты үзбеу
Тарих куә, қай уақытта, қай жағдайда, қандай салада болсын, өзгенің пікіріне құрмет көрсетпеу кісіні қашанда кесірге ұшыратады. Ешкім өзгені қор көру арқылы биікке көтерілген емес. Сол себепті қара бақырға да алтынның қадірін беріп құрметтеу керек. Осындай құрмет пен кішіпейілдік жұртқа ақиқатты жеткізудің төте жолы. Ал керісінше жағдайда қаншалықты ұтымды ой, құнды пікір айтқаныңызбен тәкаппарлық пен менмендіктен аса алмасаңыз, ел алдында сіздің даналығыңыздың құны бес тиын. Тіпті сіздің айтқаныңыз Құран мен хадисте анық ашылып, менмұндалап көрініп тұрса да, дөрекі мінезбен сын айтатын болсаңыз, көпшіліктің қарсылығына тап боласыз. Мысалы, сіз бір досыңыздың харамға қарағанына куә болдыңыз делік. Сол кезде сіз оған «Ана істеген күнәң не?» деп дүрсе қоя берсеңіз, Құдай сақтасын, араларыңызға шайтан араласып, сіз шайтанға көмектескен боласыз. Және жаныңыздағы адам сіздің сыныңызды естуге дайын болмаса, айтқан ескертулеріңізді қабылдай алмайтын болса, онда сіздің оған қатысты айтқан әр сөзіңіз жауласу мен дұшпандыққа ғана себеп болады. Мұндай адамдар өзіне айтылып жатқан сынның орынды екенін білсе де, сіздің дөрекілігіңіз бен құрметсіздігіңізге қырсығып, біле тұра қате пікірге жармасып, соны қызғыштай қорғайды.
Осы тұрғыдан сынның айтылу тәсілі мен ақиқатты жеткізу жолын дұрыс таба білгеніміз жөн. Пайғамбарымыз да кісінің кемшілігін бетіне баспай, көпшілікке жалпылай айтатын. Сол жерде әркім өзінің қателігін іштей сезініп, түсіне қоятын еді. Бірде Аллаһ расулы әлдебір сахабаны белгілі бір жерге зекет жинауға жібереді. Әлгі сахаба жинаған зекетін пайғамбарымызға әкеліп тапсырып жатып, «мынау маған сыйлыққа берілді» деп дүниенің бір бөлігін өзіне алып қалады. Сонда пайғамбарымыз оған ештеңе демей, кейінен мінберге шығып былай дейді: “Мен араларыңдағы біреуді Аллаһтың бұйырғанын орындауға жұмсадым. Әлгі кісі келіп дүниенің мына бөлігі маған тиесілі дейді. Сыйлықты беретін адам оны үйіне алып келмей ме?” дейді. (Бұхари, Әйман, 3; Mүслім, Имарат 26).
Және де сынды кімнің айтатыны да маңызды. Егер біреуге бірдеңе айту керек болса, «міндетті түрде мен айтамын» деп алға ұмтылмай, ана адамның ең жақын деген кісісіне тапсырылуы керек. Өйткені кез келген адам өзіне жақын жанның сөзіне ғана құлақ асады. Сондықтан араларыңызда өте жақсы қарым-қатынас құрылмаған адамға сын айтуға асықпаңыз. Маңыздысы, ақиқатты кімнің айтуы емес, қабылданылуы, кісінің бойына даруы.
Осы кезде хазірет Хасан мен Хүсейіннің мына бір оқиғасын айта кету керек. Хадис кітаптарында айтылмағанымен, бұл әңгіменің бізге берері мол. Пайғамбарымыздың қос немересі Хасан мен Хүсейін әлдебір кісінің дұрыс дәрет алмай жатқанын көреді. Терең парасат иелері үлкен кісіге дұрыс дәрет алудың жолын үйретпек болып, ана кісіге «Біздің қайсымыздың дұрыс дәрет алғанымызды айтасыз ба?» деп өтініш жасайды да, жақсылап екеуі екі жақтап дәрет алады. Сонда әлгі кісі өзінің қате дәрет алғанын ұға қойып, екеуіне риза болған деседі. Міне, қателікті бетке баспай, өте көркем түрде дұрысын көрсетудің ең озық жолы осы.
Сынды қабылдай білетін жастарды тәрбиелеу
Адамдарды айтылған сынға оң қарай білетін түсінікке жеткізу мен олардағы ақиқатқа деген құрметті ояту да өз алдына бөлек мәселе. Осындай дәрежеге жеткен сахабалар көрген қателіктерін өз араларында емін-еркін айта алатын еді. Және де ешбірі өзіне қатысты айтылған сын мен ескертуге шамданып, көңіліне алмайтын. Мысалы, хазірет Омар бір күні құтпада үйлену жөнінде сөз қозғап, мәһір бағасын тым аспандатпау керектігін ескертеді. Негізінде халифаның бұл айтқандары отбасын құру жөніндегі түрлі келеңсіздіктердің алдын алу үшін қажетті тәсіл еді. Бүгінде бізге осындай жолды қолдануымызға болады, шариғатымызға томпақтығы жоқ. Міне, хазірет Омар әлгі ойын айтқаны сол екен, бір әжей қарсылық білдіріп: «Уа, мүминдердің әміршісі, Құрандағы
وَإِنْ أَرَدْتُمُ اسْتِبْدَالَ زَوْجٍ مَكَانَ زَوْجٍ وَآَتَيْتُمْ إِحْدَاهُنَّ قِنْطَارًا فَلَا تَأْخُذُوا مِنْهُ شَيْئًا
“Әйеліңізбен ажырасып, екінші біреуді алғыларың келсе, бұрынғы әйеліңе бірнеше түйеге қазына артып мәһір берген болсаң да, титтейін де қайта сұрама” (Ниса сүресі, 4/20)
деген аятта мәһірге ешқандай да шектеу қойылмаған» дейді.
Сол күндері әлемнің ең мықты екі империясын тізе бүктірген халифа кейуананың әлгі сөзін естігеннен кейін: “Әй, Омар, мына шешей құрлы дініңді білмейсің» деп өзін сөккен екен (әл-Бәйхақи, әс-Сүнәнүл күбра, 7/233).
Өздеріңіз де байқағандарыңыздай, хазірет Омар ақиқаттың алдында бірден өзіне тоқтау қоя алатын парасат пен тақуалыққа ие еді. Бүгінде біздің бойымызда осындай қасиеттің табылуы өте қажет. Әркім өзіне айтылуы мүмкін сын мен ескертулерге дайын болуы және соған қарай өзінің бойын түзей алуы керек. Және де жанында әрдайым қателіктерін айтып тәубесіне түсіріп отыратын досы болып, өзі де сол досының айтқандарын қабылдай білуі керек.
Сөз соңында айтарымыз, әлдебір нәрсені сынап я түзетпек болған адам алдымен сол тақырыпты, сол жағдайды жақсылап зерттеп, нақты ақиқатқа қол жеткізуі керек. Екіншіден, қарсы тараптың бұған деген көзқарасы мен көңіл күйін, мінезін аңдап, жан-жақты қарастырған жөн. Егер сіз айтқан сынға ренжіп не болмаса қарсы шығатын жағдай болса, онда сіз ақиқатты өзге біреуге айтқызып көріңіз. Бүгінде менмендік ауруы тым асқынып тұр. Сол үшін кісінің «меніне» тиісіп алмауды ойлау керек. Ал сізге қарсы біреу сын айтып жатса, онда сабырмен тыңдап, міндетті түрде ол сынды іштей қабылдап, түзелуге тырысыңыз. Бір ғалымның айтқанындай, «қойныңызда жылан барын ескерткен адамға алғыс айту керек емес пе?!»
- жасалған.