Өнер иелері және қошамет
Сұрақ: Қазіргі таңда өнер адамдарының жұрттан құрмет-қошемет күтуі табиғи нәрсе болып барады. Осы тұрғыда не нәрсеге мән беру керек?
Жауап: Менмендік пен өзімшілдікке итермелейтін бұл сезім өнер иелерінде ғана емес, кез-келген саладағы адамдардан да байқалатын жағымсыз мінез. Өнерпаз өз туындысын халыққа ұсынуы тиіс жағдайында болғандықтан, бұл өзі адамдағы осалдықты сынға алатын үлкен сынақ. Ендеше, өнерін ұлық мақсатқа қызмет еттіруге арнағысы келген жан бұл мәселеде барынша ыждағаттылық танытып, ерік-жігерін қолға алып, мүмкіндігінше сақ болғаны абзал. Мәселен, бір суретші өзінің қиялынан қашап, ғажайып туындыны халыққа ұсынған кезде, «Халық бағалаған сайын қабілет ашыла түседі» деп көп айтылатын сөз орамының аясында әрекет етіп, салып шыққан суреттері арқылы ел-жұрттан ілтипат пен құрмет-қошемет күте бастайды. Бірақ бұл мәселеге «Өнеріңе қарай жұрт бағалайды» деген көзқараспен де қарауға болады. Яғни, ол адам жұрттың құрмет-қошеметі мен таңдай қағып, тамсануын күтпей, асыл мұраты тұрғысында өзіне тиесілі міндетін ғана атқарады. Ал, халықтың құрмет көрсетуі я бағалауын «Аллаһ тағала қаласа, жақсылық ретінде кейін нәсіп етер» деп ойлайды. Иә, Аллаһ тағала жасалған іске қосымша ойламаған жерден тосын сый, құрмет пен қошемет жаудыруы мүмкін. Алайда мүмин қандай да бір істі жоспарлағанда о бастан ешкімнен мұндай нәрсе дәметпеуі тиіс. Өйткені бұндай жағдай оның істеген жақсылықты ісінің сауабын жойып, рухын мешеу етеді. Сондықтан өнерпаз адам елдің көңілін аулап, жанын жадыратам деумен қатар діннің құндылықтарын қайта жандандырып, сол құндылықтарды келер ұрпаққа саф күйінде жеткізу секілді ұлы мақсаттарды мұрат еткен болса, бұл ісінде тек Жаратушыны разы етуді ғана мақсат тұтуы тиіс. Сонда жасаған істері, жұмсаған күш-қайраты жұрттан құрмет пен қошемет күту секілді болмашы дәмеге құрбан етілмейді. Бұған қоса, ісін ықыласпен атқарса, Аллаһ тағаланың қалауымен өнері жұрттың көңіліне жағады. Алайда, бір істі жоспарлағанда жұрттың қошеметіне бөленейін деген көлденең ой тұрса, ондай істе ешқандай ықылас та, шынайылық та болмайды. Тіпті жұрт қолпаштады деген күннің өзінде Аллаһ тағаланың демеуі мен қолдауынан қол үзесіз. Басқа жағынан алар болсақ, халықтан өзіңіз сонша күткен құрметті көре алмай қалған кезде, бұл шұғылданып жүрген кәсібіңізге де айтарлықтай кесірін тигізуі мүмкін. Сондықтан да, адам қолға алған ісінде болмашы ғана мақсатты мұрат тұтпай, мәңгілік асыл мақсаттың талапкері болғаны дұрыс.
Болмашы қошеметтің құрбандары
Суретшіге немесе бір музыкантқа қарата айтылған бұл ескертпелерді, уағызшы не азаншыға айтылған деп та қабылдай аласыздар. Мәселен, бір азаншы барынша шынайы түрде азан шақыратын болса, жұрттың көңілін толқытуы мүмкін. Ол үшін азаншы азан шақырардың алдында алақанын жайып, мәрттік танытып былай деп дұға жасауы қажет: «Уа, Жаратушы ием! Өзімді әлдекімдей сезініп, жеке басыма абырой жию үшін азан шақырудан сақта! Маған шын көңілмен азан айтуды нәсіп ет! Егер шынайы ниеттен тайып кетер болсам, осы тап қазір үнімді өшіріп таста!» Өйткені, адамның шын көңілінде не тұрса, тілінен де сол шығуы тиіс. Азаншы азан сөздерімен «Аллаһ – Ұлы, ешбір серігі жоқ. Ол табынып, құлшылық жасауға толық лайық. Хазірет Мұхаммед Мұстафа (салла аллаһу алейһи уә сәлләм) Оның теңдессіз елшісі» дегенді айтып жатқан сәтте, бір жағынан іштей өзін көрсетіп қалу сынды пендешілік ниетті көздесе, онда сөзімен «Аллаһ Ұлы» дегенімен қатар өзін де көрсетіп қалуға тыраштанғаны. Былайша айтқанда, таухид жолындамын деп өзін ойлағанмен серік қосушылыққа қарай сырғып бара жатқаны. Шынтуайтында Аллаһ қана ұлық, ал өзінің ешкім де еместігіне бек иланған жан бұл сөздерді дауыстап қана айтып қоймай, жүрегімен де дәл солай толқып, тебіреніп тұруы тиіс. Азаншыға қарата айтылған бұл мәселе қамат айтушыға да, дұға жасаушыға да, немесе жамағаттың алдына имамдыққа шыққан адамға да қатысты. Олай болса, орындалып жатқан әннің нотаға байланғаны сияқты, біз де Аллаһ тағаланың разылығына байланған ниеттен жаңылмай, тіліміз айтып жатқан сөздер нені мұрат етсе сол мазмұн аясында өнер көрсетіп, басынан соңына дейін осы ырғақты бұзып алмауға күш салуымыз керек. Үзілмеген осы ырғақ Аллаһ тағаланың құзырында қабыл болатын ырғақ. Кері жағдайда мағынасы мен ішкі мазмұнынына мән бермей, істі өзіңізге бедел жинауға ғана арнасаңыз, о дүниеде бұл бетіңізге лақтырылатыны анық. Иә, ол жақта сізге «Сен жұрт қошемет көрсетсін, таңырқасын» деп істедің, дегеніңе жеттің. Сол үшін бұл жақта саған дым да жоқ» делінеді. Осы тұрғыдан келгенде, дауыс, орындау шеберлігі соншалықты арзанға бағаланбауы тиіс. Егер осындай өнер арқылы жәннатқа, одан да биік Аллаһ тағаланың разылығына қол жеткізе алатын болсаңыз, онда өнеріңізді неге осы дүниедегі жұрттың болмашы қолпаштауына айырбастамақсыз?! Ойланыңыздар, бір құдси хадисте Аллаһ тағала: «Мен ізгі құлдарыма бұрын-соңды көз көріп, құлақ естімеген, тіпті ешкімнің ойына да кіріп шықпаған сый-сияпаттар әзірледім» деген (Бұхари, Бадул-халқ, 8).
Иә, бұл дүниедегі мыңдаған жылғы бақытты ғұмыр Жәннаттағы керемет күндердің бір сағатына да татымайды, ал, Жәннаттағы ғұмыр әрі жәннаттың мыңдаған жылы Жаратушының дидарын тамашалаудың бір сәтіне де тұрмайды. Бірақ бұндай жақсылықтарға қол жеткізу адам баласының Аллаһ тағаламен арадағы байланысына қатысты. Және бір хадисте Жәннат тұрғындарына қарата Аллаһ тағала: «Сендерге разы болдым және өздеріңе енді ешқашан да азабым келмейді» (Бұхари, Риқақ, 51) дейді. Нығметтердің ең ұлысы болған бұндай жарлыққа бұл дүниеде тең келетін нәрсе бар ма?! Бұны дәл қазір ұғына қоюымыз қиын. Сірә, Аллаһ тағала «Мен саған разымын» деген кезде адам сол жерде тағы бір рет өзгеріп, өзгеше түрге енер. Міне, осыншалықты тамаша нәрселер тұрған кезде, пенденің осыларды елемей, қарабайыр нәрселерге құмартып, өткінші қызықты дәметуін ақылды адамның әрекеті дей аламыз ба?! Ендеше, адам бар ісін Аллаһ тағаланың разылығы үшін атқаруы керек. Жаратушының разылығын көздеп атқарылған іс-әрекеттер ғана мәңгілікке ұласып, жетіден жетпіске, жетпістен жеті жүзге... дәл осылай ұлғайып кете беретін сауапқа айналады. Әрі, бұл дүниеден қошаметке бөленіп-бөленбеуіңіз немесе ол қошаметтің қаншалықты жалғасатыны күмәнді емес пе?! Бүгін сізді қошеметтеп қол соққандар ертең-ақ идеологияларына жақпай, олардың күткеніндей болмай қалсаңыз, сізді жерден алып, жерге салары сөзсіз. Онда сіз үмітсіздікке салынасыз, үсті-үстіне қасірет шегесіз. Дарыныңызды аша түсу өз алдына оны мұқалтып алатын жолға түсіп кетуіңіз де мүмкін.
Хазірет Гейлани сынды болу ұсынылса да...
Міне, осылардың барлығын ескере отырып, жұрттан құрмет-қошамет дәмету былай тұрсын, қаламасаңыз да сізге құрмет жасалғанын көргеннің өзінде былай деп айтуыңыз керек: «Уа, Жаратушы ием, мен бұл істі мына жұрт мақтасын деп жасадым. Бірақ олар «Әп, бәрекелді!» «Жарайсың!» деп көтермелеп жатыр. Мен осындай қолпаштаулармен бұл ісімді ары қарай жалғастыра аламын ба, болмаса, мақтан мен тәкаппарлыққа салынып қол үзіп қаламын ба, білмеймін. Сол себепті де өзімнің әлсіз, бейшара екенімді мойындап, Жасаған ием, өзіңнен маған көтере алмайтын, ауыр машақатты мойныма артпауыңды сұраймын» деп, жүректің тазалығы үшін мақтаулар мен қол соғулардан жайсызданып, шынайылықтан айрылмауға тырысқан жөн. Тіпті, бұл мақтауларды истидраж (жай-жай құру) деп қабылдап,
«Апыр-ай, мына бір бос мақтаулар мені біртіндеп құрдымға құлатуға келе жатқан бір сұмдықтың басы емес пе? Егер өзім ойлағандай бола қалса мені дандайсытып, шұлитатын бұндай бәлелі қошеметтен сақтай гөр!» деп уайымдауы керек. Өйткені, егер адам баласы елдің еліртпелеріне алданып, жеткен жетістіктерінің барлығын өзінің күш, қабілет-қарымынан, алған білім-білігінен деп білсе, қолы енді жете берген жақсылықтан айрылды деген сөз. Тіпті, мынаны айтайын. Пайғамбарлық тоқтағанмен ғаус-құтыб деген әулиеліктің үлкен дәрежелеріне жету әр адам үшін ашық. Сондай биік әулиелік дәрежеге жеткен құлдарының бірі Гейлани сынды болу ұсынылса да «Ей, Раббым! Ант етейін, мен ондай дәрежені қаламаймын. Ондай ауыр аманатты Өзіңнен күндіз-түні сұрап жүрген пендеңе бер. Одан да маған Сенің қақпаңның алдында өзінің құнсыз екенін білетін, шынайы әрі қарапайым құл болып жүрген бір адамның тағдырын бер» деп айта алу керек. Иә, материалды әрі рухани сипаттағы ешбір мәнсап, биік дәрежені мақсат тұтпау керек. Қызығуға тұрарлық бір ғана биік дәреже бар, ол Жаратушының разылығын сұрау. Әрі соған қол жеткізуде жақсылықты дәріптеп, адамдарды ізгілікке бағыттау. Яғни, олардың жақсы ойда болып, тек жақсылықты көре білуіне, осы негізде өмірден ләззат алуына жағдай жасау, осы арқылы мәңгілік шағымдануларының алдын алуға әрекет жасау. Осы соңғы айтқанымның өзін де себеп ретінде қабылдап, барлық нәрсені Жаратушының разылығына бағыттай білу керек.
Бұл мәселеде ықыласты болу үшін терең насихат (сохбет-и жанан) айтылатын бас қосулар өте маңызды. Жамағат болып бір жерге жиналған кезде күмбездің өрілген кірпіштері секілді бір-бірімізді мықтап ұстап, бір-бірімізді демеп, құбыла тәрізді үнемі бір-бірімізге Жаратушының разылығын биік мақсат ретінде көрсете білуіміз керек. Осындай бір мақсатта үнемі «Ықылас» рисалесі мен «Лахиқа» еңбегіндегі ықыласқа қатысты тақырыптарды талқылауды маңызды деп білемін. Бәдиуззаман «Ықылас» рисалесін 115 рет оқығанын айтқан. Демек, әрбір оқыған сайын жаңа бір қырлары ашыла түспек. Әлбетте, тарих қойнауында осы тақырыпта жазылған ірі ғалымдардың құнды еңбектері аз емес. Соның бірі әрі бірегейі болып табылатын Имам Ғазалидің түрлі еңбектерінде, Харис әл-Мухасиб хазіреттің «әр-Риғаясында» ықыласқа қатысты жерлері оқырманның санасын сергітіп, көзін ашары даусыз. Алайда, бүгінгі таңда ол кісілердің сипаттап кеткен «кемел адам» келбетіне қарап, талаптарының қиындығынан кейбіреулер түңілуі мүмкін. Әрине, ондай ғұламаларға деген біздің құрметіміз шексіз. Дегенмен, қазіргі адамдардың рухани кеселіне хазірет Бәдиуззаман ұсынған еңбектердің тиімдірек екенін айтуға болады. Десек те, қандай себеппен болса да, бастысы, біздің Аллаһ тағаламен байланысымызды арттырып, әрбірімізді құрмет-қошеметтің, мақтау мен мадақтың құлына айналып кетуден құтқаратын еңбектер оқу керек. Жасаған істердің берекесі Аллаһ тағаланың разылығын көздеуде екенін қаперден шығармау керек.
- жасалған.