Жан аямай іс жасаудың өлшемі және қайырымдылықта тепе-теңдікті ұстай білу
Сұрақ: Аллаһ разылығы жолында жасалатын игі істердің шегі бар ма? Өмірін білім беру ісіне арнаған адамның заттай әрі рухани жанпидалық өлшемі қалай болуы керек?
Жауап: Жалпыға мәлім, Аллаһпен қарым-қатынас тұрғысынан адамдардың барлығы бір деңгейде емес. Араларында жер мен көктей айырмашылық бар. Басқаша айтар болсақ, әр адамның иман, мағрифат, мухаббат (сүйіспеншілік) пен ашқ пен иштияқ (ынтықтық) деңгейіне қарай Хақ тағаламен қатынасында өзгерістер кездеседі. Айталық, діннің бүкіл міндеттемелерін қара қылды қақ жарғандай мұқият ұстанған, бұлармен ғана шектелмей нәпіл құлшылықтармен Аллаһқа жақындаудың жолдарын іздеген адамдармен қатар Хақ тағаланың өздеріне парыз етіп міндеттегендерін орындаумен шектелетін кісілер де бар. Алайда ақиқаты сол, қандай деңгейде болса да ешкімнің Аллаһпен байланысына жеңіл-желпі қарамау керек. Өйткені бұған атүсті қарау Аллаһтың бағалаған нәрселеріне жеңіл қараушылық. Кеңірек түсіндірер болсақ, бүлік қаптаған бүгінгідей уақытта тәухид сөзін, шахадат сөзін айтқан, бес уақыт намаз оқитын, Рамазан айында ораза ұстайтын, жағдайы міндеттесе зекетін беріп, қажылыққа барған кісі, осылармен қатар «пәленшіл», «түгеншіл» деген түрлі айыптауларға ұшырағанына қарамастан, өзі тұрған орыннан тапжылмаған адамның сол өнегесі айтарлықтай деген сөз. Біз бұндай адам ақыретте Аллаһ тағаланың шексіз игіліктеріне кенеледі деп бек сенеміз. Өйткені осындай жағдайларға қарамастан Аллаһ разылығы үшін жасалған барлық амалдың Аллаһ құзырындағы өзіндік бағасы жоғары. Осы себепті Аллаһ жолындағы қызметтен дүниесін де, жанын да аямаған кісілердің қандай игілікті істері болмасын азырқануға болмайды әрі олардың беріп жатқан қол ұшын міндетті түрде мақтанышпен атап өту керек.
Әдеміліктерге қошамет көрсету арқылы талапты шыңдау керек
Мәселеге қайырымды іс жасау тұрғысынан қарағанымызда, Бақыт ғасырында сахабалар арасында да деңгей тұрғысынан әртүрлі адам кезіккенін көреміз. Мәселен, Тәбүк жорығына көмек беруге шақырылғанда хазірет Әбу Бәкір бүкіл дүниесін әкеліп, Ардақты пайғамбарымыздың «Бала-шағаңа не қалдырдың?» деген сұрағына, «Оларға Аллаһ пен елшісін (саллаллаһу алайхи уәсәлләм) қалдырдым» деп жауап қатқан (Ахмед ибн Ханбәл, Фәзаилус-сахаба 1/360) Міне, бұл сыддықтың (адалдық) деңгейі. Ол Аллаһқа әрі пайғамбарымызға (с.а.с.) өте адал, Исламды қабылдауда оқшау тұрған кісі. Сол күні хазірет Омар байлығының жартысын әкеліп берген (Ахмед ибн Ханбәл, Фәзаилус-сахаба 1/360) (Әрине, осы тұста мынаны да баса айта кету керек: хазірет Омар, хазірет Әбу Бәкірден тым төмен тұрады деген сөз ол кісіге деген құрметсіздік болып табылады. Өйткені хазірет Омардың да өзіне тән ауыр басатын жақтары жоқ емес).
Хазірет Осман мен Абдуррахман ибн Ауф секілді сахабаларымыз бес жүз түйені садақа етіп таратқан (Қараңыз, Ахмед ибн Ханбәл, әл-Мүснәд 6/115) Сол күнгі жағдайларға қарасақ, бұны бүгінгі бес жүз Мерседес көлігін бергенмен тең деп қарауға болады. Хазірет Али бұл іске өзіне тән ықыластылығын қосып, дүнесінің бірқатарын жасырын, бірқатарын ашық әкелген. Көрсетіп бергені өзгелерге өнеге болсын, әрі басқалардан артта қалмағанын көрсету үшін, ал қайырымдылықпен бергенін көрсетпей беруі бұны тек Аллаһтың білгенін қалағанында еді. Алайда бұлармен қоса, әсіресе, алғашқы кезеңде осындай қайырымдылық істеріне бір-екі уыс құрмасын, үш-төрт тиын қаражатын әкеліп қосатындар да бар еді. Әсілі адамдардың табиғаты тұрғысынан бұл өзі үнемі осылай болған. Иә, барлық нәрселерін әкеліп бергендермен қатар дүнесінің жартысын, ширегін немесе онда бірін бергендер де кездескен. Сондықтан бүгінгі күні де сондай нәрселердің болатынын ұмытпау керек. Ең елеусіз деген қайырымдылық істерінің өзін тиісінше бағалаған жөн.
Мынаны да білу керек, кішкене қайырымды істерді бағалай білу мәселенің бір жағын ғана құрайды. Мәселенің басқа жағын болса, адамдардың деңгейін өсіру тұрғысынан жүгіріп еңбек ету, қайырымды істердің жаңа түрлерін, баламаларын көрсетіп, оларға жаңа межелер көрсетіп отыру құрайды. Өйткені әр адам кішігірім қайырымды істер жасаумен қатар одан да игілігі мол істерді жасай алады. Осы тұрғыдан адам ешқашан қайырымды істерден шет қалмауы керек, үнемі сауапты істердің жоғарысына ұмтылуы керек. Әр таң тағы бір рет ұжданында Аллаһты тереңірек сезінуге тырысып, дінді әуелгісінен де тереңірек білу түсуге талпынғаны дұрыс. Ардақты пайғамбарымызбен (с.а.с.) жүректегі байланысын бұрынғыдан да күшейтудің жолдарын іздеп, үнемі биіктей түсуге тырысқаны жөн. Қол жеткізген деңгейін ешқашан жеткілікті көрмей, үнемі «Хәл мим мазид – Тағы да жоқ па?” деп атын қамшылап, алдыға ұмтыла түсуі керек. Тіпті бір күні фәна филлаһ пен бақа биллаһ деңгейіне жетсе, яғни субухат-ы уәжх сәулелері түскенде, бүкіл ғалам көзіне көрінбесе, бүкіл өткінші әрі өтпелі нәрселерді бір шетке ысырып, заттық әрі нәпсілік жағымен жоқ болғаннан кейін денесімен қайта бар болса, жүрек, рух, сезімдерімен басқаша тірілсе, басы көктің ең ұшар биігіне жеткенін көрсе, бұлардың барлығына қарамастан «Аллаһ тағалам, маған жоғары қабілеттер бер, сол қабілеттермен жақсылықтар жасайын, сен маған сауап жаудыра гөр» деп, сонда да ниетін жоғары ұстауы керек.
Иә, мейлі жүрек пен рух өмірінде, қаласа ақиқатқа қызмет ету жолында адамдардың деңгейлері түрлі-түрлі болса да мынаны білу керек, істің ең төменгі деңгейін жасап жүргендер үшін де үнемі көтерілуге, жоғарылауға мүмкіндіктер бар. Олар өздері қамқорлығына алған қызметтің негіздері мен мәнін іштей түйсінген сайын соны ары қарай жалғастыруға құлшынып, істеуі қажетті істерді істей-істей бірте-бірте бойларына сіңіреді. Тіпті бір күні олар қажет болмай, олардан Хаққа қызметте ештеңе талап етілмеген, «Кел, сен де мынандай көмек бер» деп айтылмаған кезде, олар өздерін қажетсіз босап қалғандай сезінеді. Бұны өлгенмен тең көріп, қайғыдан қабырғалары қайысады, қайырымдылықпен бір іс жасау үшін соның түрлі жолдарын іздейтін болады. Алайда бұндай деңгейге жету уақытқа, белсенді сабырға, сол іске деген жауапкершілік сезімге, әрі сол істі бойға жұқтыруға байланысты.
Адамдарды жақсы тану
Мәселе мына тұрғыдан да айқындала түседі: Кейбіреулер мәселеге Мәдинадағы шектеулі шариғаттың өлшемдермен ғана қарап, парыздарды орындаумен ғана шектеледі. Олар малынан қырықта бір зекет берсе,өнімінің онда бірін үшір (өнім салығы) ретінде берсе, міндетімізді орындадық деп есептейді. Кейбіреулер болса мәселеге Меккедегі өлшемдермен қарап, Меккеде түскен аяттарда өлшемге шектеу қойылмағандығын алға тартып, олар дін үшін беруге келгенде өздерін шектемейді. Міне осы тұста, ақиқатқа қызмет жолында белгілі бір қызметтердің жасалуында бастамашыл болған, басқаларды да осыған үндеген үлгі деңгейіндегі кісілердің парасаттылықпен әрекет етіп, адамдарды өте жақсы тани білуі маңызды. Егер олар істелгендерді азсынып немесе өзгелерге шамадан тыс міндет жүктесе, онда басқаларда, Құдай сақтасын, сол істі істеуге деген салғырттық, немқұрайдылық тіпті жеккөрушілік туындауына түрткі болуы мүмкін. Бұл тұста өнеге болсын деген мақсатта бір естелігімді айтып берейін. Измир Бозякада халықтан көмек сұралды. Сол жерде мәселенің маңызына орай сөз сөйлегеннен кейін аманат ретінде қабылдап, өзім тұрып жатқан бөлмеме қарай бет алдым. Осы кезде бір кісі баспалдақпен асыға көтеріліп қасыма келді. Әкімшілікте істеп, зейнетке шыққан бұл кісіні танитынмын. Зейнет ақысын жинап, сатып алған үйінің кілтін қолыма ұстатып, «Төменде кісілердің бәрі тиісінше көмек жасауға уәде берісті. Менде осыдан басқа байлық жоқ. Мен үйімнің кілтін берейін» деді. Көңілді тебірентіп, көзге жас үйіретін бұл жағдайда дереу бойымды жиып, дінде бұндай міндеттеменің жоқтығын айтып кілттерін өзіне қайтарып бердім. Сөйттім де «Барып, сол үйіңізде тұра беріңіз. Аллаһ тағала сізге берген сайын, сіз де қайырлы істерге қол ұшын берерсіз» дедім. Меніңше, мәселеге осындай өлшеммен қарамаса, дінде қинауға жол берілуі мүмкін. Ал Жаратушы ие Құранда لَا إِكْرَاهَ فِي الدِّينِ (Бақара сүресі, 2/256) сөзімен, дінде қинаудың жоқтығын айтқан. Иә, адамдардың дінді қабылдауында, мейлі діни басқарма тұрғысынан ұйымдастырылатын істерде діннің атынан кейбір істерді істеуде басқаларды қинау жоқ.
Иә, Ислам – жеңілдетілген дін. Оны кей адамдардың шамасы жетпейтіндей етсеңіз, дінді қиындатып, күрделендіре түсесіз. Онда мақсатыңыз орындалмай кері кетеді. Басқалар осы бір қайырлы істе жомарттық көрсетсе екен деп қалаған ісіңізде дінді қиындатқандығыңыз үшін оқиғалар сіз қалағандай болмайды, айналып келгенде сіз «жеңілесіз». Өйткені пайғамбарымыз (с.а.с.) إِنَّ الدِّينَ يُسْرٌ وَلَنْ يُشَادَّ الدِّينَ أَحَدٌ إِلَّا غَلَبَهُ «Күмәнсіз бұл жеңілдік діні. Кім бұл дінді қиындатса, дін бәрібір одан асып түседі» деген (Бұхари, иман 29; Нәсаи, иман 28).
Осы тұрғыдан жолбасшы деңгейіндегі кісілердің маңайындағы кісілерді өте жақсы танып, кім нені қаншалықты көтере алатынын жақсы біліп, парасаттылық, байыптылықпен әрекет еткені жөн.
Осылай ақылмен әрекет етудің иләхи мінез екенін де ұмытпау керек. Өйткені ұлы Аллаһ тағала لَا يُكَلِّفُ اللهُ نَفْسًا إِلَّا وُسْعَهَا (Бақара сүресі, 2/285) деп, ешкімге шамасынан тыс жүк артпағанын білдірген. Ендеше, адамдарға шамасынан тыс, оларды қинайтындай жұмыс ұсынудың орнына істеген көркем істеріне қолпаштау білдіру арқылы оларды қуантып, ынталарын еселей түсудің жолдарын қарастыру керек.
Қайырымдылық іске көмек беріп тұруды үзбеу
Әсілі, қайырымды іске көмек сұралғанда, елдің қолындағысының бәрін алу олардың шаруасын жүргізбей тастауға себеп болады. Анығында, олар шаруаларын дөңгелендіріп, дамытса, дін жолында одан да көбірек бере түседі. Осы тұрғыдан қайырымды іске беруге құлшынып тұратындар бар дәулетін әкеліп тосса да сіздер өлшемді ескеріп, ұзақ мерзімділікті, мәселенің үзіліп қалмай жалғасқанын ойлауларыңыз керек.
Соңғы бір мәселе ретінде мынаны айта кетейін, жасалатын қайырымды істердің көптігіне байланысты халықтың көбірек көмек жасағанын қалағандар сол ұйымдастырған шараларды діни үкімдерді өзгертпейтіндей дәрежеде түрлендіріп, тартымды етіп отыруды ескеруі керек. Әр жолы жаңа нәрсе көрсете алса, халықтың да ынтасын еселеп, жалықтырмасы анық.
Мынаны ұмытпау керек. كُلُّ جَدِيدٍ لَذِيذٌ «Барлық жаңа нәрсе ләззатты». Осы тұрғыдан сіздердің түрліше әдеміліктермен ұйымдастырған шараларыңыз халыққа ұнайтын болады. Кері жағдайда халық жылда қайталанатын бір нәрседен тез жалығады. Онда сіздер де өздеріңіз қалаған күйді, мазмұнды халыққа жеткізе алмайсыздар.
- жасалған.