Иләһи жәрдемге ұсынылған ең кәміл шақыру

Fethullah Gülen: İlahi inayete sunulan en beliğ davetiye

Сұрақ: Ықыласқа себеп болатын негіздердің бірі ретінде айтылатын «Бауырларының артықшылықтарын өз бойына сіңіріп және де сол бауырларыңның артықшылықтарын мақтан тұту» ұстанымын қалай түсінуге болады? Адам баласының бойындағы күншілдік пен қызғаншақтықты ескерсек, бауырларымыздың артықшылығын мақтан ету үшін не істеуіміз керек?

Жауап: Құран кәрім бірнеше жерде ғибадаттың тек қана Аллаһ үшін жасалуы керек екенін айта отырып, ықыластың да маңызына тоқталады. Мысалы, «Зүмәр» сүресінің басында

فَاعْبُدِ اللَّهَ مُخْلِصًا لَهُ الدِّينَ
“Ендеше, сен де ғибадатыңды жалғыз Аллаһқа арнап құлшылық ет!” (Зүмәр, 39/2)

делінсе,

قُلْ إِنِّي أُمِرْتُ أَنْ أَعْبُدَ اللَّهَ مُخْلِصًا لَهُ الدِّينَ
“Маған дін мен ғибадатымды жалғыз Аллаһқа арнап, шын көңілмен құлшылық етуім бұйырылды” (Зүмәр, 39/11)

делінеді. Енді бір жерінде:

قُلِ اللَّهَ أَعْبُدُ مُخْلِصًا لَهُ دِينِي
“Тек Аллаһқа арнап құлшылық етемін” деп айт” (Зүмәр сүресі, 39/14)

деп тағы ықыласқа тоқталады.

Ықыласқа қатысты бір емес екі бірдей рисале жазылғанын білеміз. Әйгілі ғалымның ықыласқа жету жолындағы алғашқы қадамы Аллаһтың разылығын іздеу еді. Яғни, Аллаһтың бұйрығын орындағанда дүниелік те, ақыреттік те қайтарым дәметпей, тек Жаратушының разылығын негізге алу. Берілген марапат пен сыйлыққа шүкірлік таныту керек.

Кісінің өзімшілдігі асқынған мына заманда төбемізден жауған нығметті көрген сайын “Мен осынау нығметке лайық емеспін”деп үнемі үрей мен үміттің арасында жүру керек. Өйткені бізге берілген нығмет біздің лайықтығымыздан емес, Аллаһтың мейірімі мен кеңшілігінен. Қарап отырсақ, ілім мен білімде бізден көш ілгері кеткен үлкен кісілер берілген нығметке былай деп шүкір мен дұғасын айтқан: «Уа, Раббым, егер осы берген сыйың мені ғапылдыққа салатын болса, бұл нығметтеріңді бермей-ақ қой».

Күндік өмірде осындай ықыласқа жету біздегі иман күшіне тікелей байланысты. Сондықтан сіз осындай тақлиди иманнан тахқиқи иманға қадам басып, оймен де, іспен де Аллаһты зікір етсеңіз, Аллаһ тағала сізге шын ықыластың жолын көрсетеді. Сонда ықыласты өміріңіздің өзегіне айналдырасыз. Негізінен адамның өзіндік «мені» әрдайым алға өңмеңдеп, өзгенің кемшілігін іздеумен болады. Алайда әр мүмин «мен» дейтін ойдан кейін дереу Аллаһтан кешірім тілеуі ықылас пен иман күшінен бастау алады. Міне, ықылас пен иман секілді осы екі күшке ие адам бауырларымен де дін қызметін орындай алады. Өйткені Аллаһтың жәрдемінсіз зәредей де сауапты іс жасау мүмкін емес екенін ықыласты жан түсіне біледі. Аллаһтың назарына ілігудің бірден бір жолы жамағат берекесі.

Сондықтан да ғалымдар кісінің жеке басының руханиятына көп тоқталған. Тахқиқи иманға жету мен о дүниеге мұсылман болып аттану тұрғысынан руханият күшінің маңыздылығын білдіріп, жамағат ішінде жасалынған амалдың барша кісіге ортақ болып амал дәптерлеріне жазылатынын айтқан. Осылайша бір адамның жасаған бір амалы күні ертең мың болып қайтады. Жамағаттың әрбіріне Аллаһ тағала: «Сендердің бірліктерің мен ақырет үшін жасаған амалдарыңды берекелі етіп, әрбіріңнің жасаған сауаптарыңды барлығыңа да жазамын» дейді.

Және де кей кездері уақыт пен кеңістіктің талабына сай жасаған кішкене ғана амалдың үлкеюі де мүмкін. Мысалы, бір сағат күзетте тұрған жауынгердің сауабы бір жылдық ғибадатқа тең. Аллаһ жолында шейіт болған кісінің ақыреттегі дәрежесіне көз жетпейді. Сол секілді Қадір түнгі ғибадаттың сексен жылдық сауабы бар екенін де білеміз. Міне, сол секілді жамағат ішіндегі бауырының жасаған мақтаулы амалына қуанып, өзі істегендей шүкірлік етудің де Аллаһ алдында үлкен мәні бар.

Белгілі ғалымдардың бірі шәкірттерінің бауырластығы мен ықыласын тексеру үшін бір шәкіртіне екінші бір шәкіртінің жазуы жақсы екенін айтады. Сонда әлгі шәкірті бауырының мақталғанына шын қуанады. Мұны көрген ұстаз: “Бұл шын қуанды, көзбояушылық емес. Бауырларымның арасында осындай ықыластылардың бар екеніне Аллаһқа шүкір етемін. Аллаһ қаласа, бұл кісі әлі-ақ үлкен қызмет жасайды” дейді.

Шынымен де, маңыздысы қызметтің атқарылуы. Ал кітапты кімнің жазатыны, кімнің тарататыны маңызды емес. Тіпті адам орындалуы керек істің өзінен гөрі өзгенің орындауынан бақыт табатын дәрежеге жетуі керек. Мысалы, жамағат ішіндегі бір кісі әлдебір істі бастарда «осы істі мен істей аламын» деген ойға беріліп, немесе айналасындағылардың айтуымен осындай сезімдерге берілуі мүмкін. Сондықтан басқа бір бауыры жұмысқа кіріскенде, оның міндеті – сол бауыры үшін қуанып, шүкірлік сауабын алу. Сонда әлгі бауыры істеген істің сауабы бұғанда жазылады.

Алдында да айтқанымыздай, ықылас – иманның көрсеткіші. Адам баласы қаншалықты Аллаһқа сенер болса, соғұрлым ықыласты болады. Олай болса, ешқашан да болдым-толдым демей, «хәл мин мәзид» (тағы жоқ па деп қанағаттанбау – ауд.) ұстанымымен Аллаһтың разылығын іздеу керек.

Екінші жағынан, ықыласымызды арттырып, күнделікті тіршілігімізге енгізу үшін бірімізге біріміз қолдау танытуымыз керек. Жиналған кезде осыны ескерген жөн. Бірақ бұл досыңа барып «Сен ықыласты болсаңшы» деп айту емес. Мысалы, мына бір оқиғаны айтайын:

Шәкірт кезімде киетін бір шалбарым ғана бар еді. Оны төсегімнің астына қойып жатып, қыртыс түсірмеуге тырысатынмын. Бұл да бір кедейлігімнің қиындығы болса керек. Күндердің күнінде бір досым шалбарымның қырын көрсетіп: «Кішкене тақуалық танытқаның дұрыс болар еді» деді. Бұлаң өскен бала еді ол кезде. Ал мен болсам бүгінге дейін тақуалық пен шалбар қырының арасындағы байланысты таба алмай келемін. Әлгіндей қылып қателікті былш еткізіп айта салу бізге жараспайды. Әлдебіреудің қателігін көріп жатсақ, қатесін бетіне басу мақсатымен емес, жанымыз ашып түзету үшін астарлы түрде, жалпылай, жылы-жұмсақ жеткізген жөн.

Айтулы ғалымдардың бірі он бес күнде бір рет Ықылас рисалесін оқуды ұсынады. Арамызда оны бір рет емес, жүз рет оқитын адамдар да бар. Тіпті жаттап алғандары да болуы мүмкін. Бірақ осы ықыласты өмірге енгізе білу өз алдына бөлек әңгіме. Құр форманы қуалап, сырттай орындап бір сарындылыққа түспей, шын түсініп саналы істеуге тырысу керек. Құран кәрім мен сүннетті оқығанда «Аллаһқа шүкір, білмегенімді білдім, бірақ тағы да біле түсуім керек» деуіңіз керек. Не де болса мәселені талқыға салу артықтық етпейді.

اَلْعِلْمُبِئْرٌوَالْمُذَاكَرَةُدَلْوٌ
“Ілім деген терең құдық. Талқыға салу – оның шелегі”

дейді баяғылар. Ілімде ақиқатқа жету үшін пікірге салудың маңызы зор. Пайғамбарымыз білімге қатысты «Тәзакүр» деген сөзді қолданады. Мағынасы бірнеше адамның ортақ айналысуы дегенге саяды. Бір хадисте ілім мәжілістерін аралайтын періштелердің бар екені айтылады.

Олай болса біз шынайы иманға жетіп ықыласқа ие болу үшін жамағаттан қол үзбеуіміз керек. Онымен қоса, Аллаһқа етер дұғамызды да тастамағанымыз жөн. Жеке бас мүдде бірінші кезекке шыққан мына заманда Аллаһ тағала бізге бауырластық пен ықылас берсін.

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.