Ғапылдықтың түрлері
Дінге қызмет жасап жүрген адамдарды немқұрайлылыққа салатын ғапылдықтың қандай түрлері бар? Түсіндіріп берсеңіз?
Алланы және ақиқатты халыққа таныту, ақиық елші Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.а.у) өнегесін шартарапқа жаю, әсіресе, қазіргі таңда әлдекімдер қате түсініп, қате дәріптеп жүрген мұсылмандықты дұрыс түсіндіру жолында күш жұмсау, оның пәк келбетіне түскен дақтарды тазарту мүмин болудың талабы, өзіміз ұстанған дінге деген борышымыз әрі үлкен жауапкершілігіміз. Басқаша айтсақ, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған исламның алғашқы дәуіріндегі кемел мұсылманшылықты өз тұнығына сай дәріптей білу, оны Алла мен елшісінің (с.а.у) тұнық жеткізген және де сахабалар ұстанған деңгейде басынан бастап жаңадан адамзатқа қайта сыйға тарту өмірлік мақсатымыз болуы қажет. Неге десеңіз, қазіргі таңда әлемнің барлық тұсын өрт шалып жатыр деуге болады. Сузидің тілімен айтар болсақ:
«Менің кеме жүрегіме алауы мол шоқ тастадың, ей, досым,
Енді міне қарашы, теңізде де жалын бар дерсің!»
Тіпті дарияның өзі жанып жатқан болса, онда жер бетінде жанбаған нәрсе қалмады деген сөз. Адамдар өртенуде, отбасы өртенуде, бір жағынан алғанда ғибадатхана өртенуде, мектеп те, басшылық та өртенуде... Кең алар болсақ, тұтас Ислам әлемі де, әлем де лапылдаған отқа оранған кейіпте. Міне, осындай отта жанып жатқан адамзаттың бұл аянышты жағдайын көрмеу, мәселені осындай мұқияттылық, сезімталдықпен қолға алмау, ақиқат жолында еңбектеніп жүрген адамдар үшін ғапылдық болып саналады. Ал анығында қызмет ерлері әлемнің қай жеріне от шалса да, қай жерде бір қайғылы жағдай орын алмасын, сол от өз баласын күйдіргендей сезініп, сондай жанашырлықпен әрекет жасауы керек. Ол үшін дәл пайғамбарларда болған өткір рух, дәл пайғамбарлардай жігер, табандылық, уайым, жанашырлықпен мәселеге қарау керек. Әлбетте, пайғамбарлық тоқтағандықтан, ендігі жерде бұндай қасиетке қол жеткізсе де ешкім пайғамбар бола алмайды. Дегенмен олардың бойынан табылған ұлы қасиеттерге ұмтылуға болады. Алла тағала адамдар арасынан тек пайғамбарлармен тілдескеніне қарағанда, пайғамбарлардың қасиеттеріне ие болу жолында еңбек етіп жүрген жандарды да мұңайтпайды әрі жігерін жасытпасы анық. Осы тұрғыдан келгенде пайғамбарлардың қасиетін бойға сіңіру арқылы Аллаға жақын болудың жолын іздеу керек. Өйткені, адамзаттың мақтанышы пайғамбарымыздың адамгершілік қасиеті ең ұлы адамдық қасиетке (хулуқу азам) жатады, бұған қоса, ол Құран аһлақын көрсетті, осы себепті түп негізінде Алла тағаланың аһлағы жатыр дей аламыз. Сіз де тек осының арқасында өзіңіздің шынайы бағаңызды тауып, өз тереңдігіңізге жол ашып, өз болмысыңызды шынайы түрде сезетін боласыз.
Менің ойымша, тек осындай қасиетке ие адамдар ғана ардақты пайғамбарымыздың (с.а.у.) өресіне ұмтылып, өз деңгейінде сол өреде бірдей сезімдерді бөлісе алады. Дінге қызмет ету жолында бұл сезімдерді өзара бөліскендерді пайғамбарымыз (с.а.у.) жарты жолда тастамайды.
Иә, Ислам әлемінің дертіне жаны күйген, жатса-тұрса әйтеуір бір нәрсе істеу үшін барынша әрекеттенген, ақиқатқа тұшынбаған ешбір адам қалмасын деп үздіксіз соның жолдарын іздеп жоспар құрған қызмет жолаушыларын ардақты пайғамбарымыз еш уақытта жарты жолда қалдырмайды. Сіз «жолда қалдық» деген сәтте-ақ, ол кісі сізге нұрлы қолын созады. Бәлкім, түсіңізге кіріп сізге: «қане, алға бас» дер, мүмкін қасиетті рухымен елес беріп, араларыңызда жүріп, әйтеуір бір жолын тауып, рухани күштеріңізді қуаттар. Ардақты пайғамбарымыз (с.а.у.) жандарыңыздан табылып жатса, Алланың қалауымен, сол кісінің ізінен ерген әһлі бәйттен бастап, содан тараған ізгі жандардың бәрі сіздермен бірге болары сөзсіз.
Қызық құмарлық ғапылдығы
Негізгі тақырыбымызға қайтар болсақ, қазіргі таңда ақиқат жаршылары үшін қауіпті тағы бір ғапылдық түрі – міндетіне салғырт қараушылық. Бұның да түрлері жоқ емес. Мәселен, дипломатиялық келісім қажет ететін жерде оған жүгінбеу, жамандықты көздейтін жат пиғылдылардың әрекеттерін есепке алмай, тек өз жағдайымызды негізге алып қадам жасау, қызық қуып қателіктерге ұрыну, популизмге (жалған ұраншылдық) берілу, абыройымызды өсірейік деп жүгіру, әр түрлі тәсілдермен сынап, жақсы нәтиже шығарына көз жеткізбей жатып сол іске көзсіз қойып кету секілді тағы басқа қателіктер берілген міндетті атқарудағы салғырттық түрлеріне жатады. Негізінде бұл ғапылдықтардың қай-қайсысы да адамды оңдырмайды. Тіпті бұндай ғапылдыққа берілген адамның өзі ғана суға батпайды, алаңғасар капитан секілді кемедегілерді түгел суға батырады. Өйткені, алаңғасар капитан басқарған кеменің әйтеуір бір бататыны сөзсіз.
Екінші бір жағынан, бір істі жасағанда, ақиқатқа тілмәш болған кезде, тыңдаушыны ренжітпеу, ешкімнің көңілін қалдырмау, мейірім таныту, қолында суы даяр өрт сөндіруші іспетті үздіксіз әркімнің жәрдеміне асығу, Жаратушыдан келген қуаныш пен қайғыны тең көріп, елмен үнемі жақсы мәміледе болып, әлсіздігіміз бен дәрменсіздігімізді сезіну, ерекше ынтамен әрі шүкір ете жүріп рухани тебіреністе болу, үнемі терең ойдан азықтанып отыру осы міндетті атқару жолындағы өте маңызды негіздер болып саналады. Біз осы негіздерді берік ұстану арқылы аса бір парасаттылықпен (фетанет) іс жасауымыз керек. Әр істі қолға аларда міндетті түрде нәтижесін таразылап, апыр-ай, бұл істің соңы жауыздық, өкпе-реніш, ызаға апара ма, әлде кейінгіге өнеге болып махаббат, бауырмалдық пен бірлік қала ма?! Міне, міндетті түрде осындай ойларды басынан електен өткізу қажет. Түйіндеп айтар болсақ, бізден жақсы нәрселер үміт еткен адамдардың алдында ұятқа қалмас үшін, барлық қолға іске мұқият қарап, көрегендікпен іс жасауымыз керек.
Нәтижені тек себептерден іздеу
Арадағы себептерге көбірек мән беріп, барлық нәрсені себептерге сүйеп, Мүсаббибул Әсбабты (себептерді үйлестіруші Жаратушы ие) санадан жырақ қалдыру немесе Оны көре алмау, болмаса Алланы көрмегенсу де өз алдына бір ғапылдық. Хазірет пір[1] өз еңбектерінде себептердің пердесін түріп тастайтындай дәрежеде Мүсаббибул Әсбәбқа жол іздетуге және Аллаға қаратуға тырысқан. Мәселен, шығармасының бір тұсында себептердің хикметіне байланысты былай дейді: «(Жаратушының) абыройы мен ұлылығы өз құдіретін ақыл-сана үшін перделегенді қалайды. Ал таухид пен жәлал болса, ықпал етуші құдіреттен себептерді ысырғанды қалайды». Басқа бір тұста құдіретті перделеп тұру үшін араға себептер жаратқанын түсіндіреді. Демек, себептер түпкі әсер етуші емес. Анығында себептердің мәнісі мынау: Себептер Алла тағаланың көркем есімдерінің көп перделерден өткен ұшқындарының ұшқыны. Осы тұрғыдан келгенде, себептерді бағалау керек болса, Аллаға қатысты жағын назарға ала отырып бағалау керек. Алайда, себептерді түгелдей жоққа шығару да жөн емес. Бірақ бәрін тек себептермен байланыстырып қараған адам да еш аңдамастан Мүсәббибул Әсбаб тұрғысында ғапылдықтан көз ашпауда деген сөз.
Мысал беру үшін мынаны айтайын. Досыңыз бір жерге алғаш рет барып, сол жерде ісі оңға басып, дәурені жүрді делік. Ол еткен еңбек текке кетпей еккен дәндерінен ағаш өсіп, гүл ашып, көп жеміс берсе, жұмақ бағын орнатқандай жайнатып жіберді делік. Міне, осы кезде басқа біреу келіп «пәленше болмаса мұның бірі де болмас еді» деп, барлық оң істі тек соның еңбегімен ғана бағаласа, өзі ғапылдыққа ұрынып қана қоймай, әлгі досын да ғапылдыққа салуда деген сөз. Өйткені, досы бұндай асыра мақтауды көтере алатындай жағдайда болмаса, хадисте ескертілгендей досының мойнын үзгені[2].
Ұжымдасып атқарған істі де сол ұйымды басқарып отырған басшының еңбегі деп қана бағалау ғапылдықтың бір түрі. Шынтуайтында, сарбаздардың олжасын қолбасшыға ғана беру әскерлердің құқын аяқ асты ету деген сөз[3]. Иә, көп адамның табан ақы, маңдай терімен келген жақсылықты тек сол істің басы-қасындағы адамға ғана телімеген жөн. Тіпті мынаны есте ұстау керек, көпшіліктің ауызбіршілігі мен ынтымағына қарай Алла тағала сол істі табысты етеді. Яғни, Жаратушы ие әрбірінде өзіндік өзімшілдік пен көкіректік бар пенделердің өзара кикілжіңге бармай бір-бірімен ынтымақтасып, тату тіршілік жасағаны үшін оларды табысқа жеткізеді. Осының барлығын назарға алмастан қол жеткізген жетістіктерді істің басы-қасында көрінген бір адамға не бірнеше адамға ғана теліп, «бұны пәленше істеді, түгеншенің арқасы» деу, себептерді ғана көріп, Мүсаббибул Әсбәб турасында ғапыл қалуды білдіреді.
Өз әлін білмеушілік
Мәселені кеңірек алсақ, бұндай қауіптің бір ұжым, көпшілік үшін де қатысты екенін көресіз. Мысалы, дін және адамзат қамы үшін атқарылған істердің нәтижесін бір жамағат өздерімен шектеп, бұл тек біздің еңбегіміздің арқасы деп қараса, ол да ғапылдыққа ұрындырады. Неге десеңіз, сол ыңғайлы ортаның қалыптасуы, жат пиғылдылардың оларды қызғануы, көре алмауы, жауласуы секілді жеккөрініштеріне қарамастан, ешкімнің сіздерге залал келтіре алмауы, қайта барған елдерде халықтың құшақ жая қарсы алуы, күтпеген сый-құрмет көрсетуі, әлемдегі жалпы жағдайдың осыған мүмкіндік беруі секілді т.б. кем дегенде елу шақты себептің үйлесуі қажет. Бұл дегеніңіз, ықтимал есеппен миллионда бір жағдайда болатын жайт. Мәселенің анығы осы болса, онда дәл қазіргі осыншама нәтижелі істерді қалай бірнеше қарабайыр себептерге таңасыз. Мұндай ой санаңызда жалт бергенде, дереу Алладан кешірім сұрау керек. Кезінде «Сызынты» журналының мұқабасына бір-екі жолдық өлең жазғаным бар. Сол сәт іштей «Дәл осы тұсқа жарасып-ақ кетті» деген бір ой келді. Дереу ширк істегендей бойымды жиып ала қойып, «Астапыралла, Аллам өзің кешіре гөр! Мына есектің жанын суырып ал да, істеген ісіне масаттандырма» деп тәубе жасап, кешірім тіледім. Осы тұрғыдан келгенде, мәселен, «Менің уағыз-насихатым тыңдағандарға әсер етіп, жұртты қозғады» деген сияқты ойға берілу пенденің өзін білмеген жетесіздігі деген сөз. Өйткені, ол бұндай оймен мың да бір ықтималдықпен жүзеге асатын нәрсені түкке тұрмайтын бір ғана себеппен шектеуде деген сөз.
Мәселенің тағы бір қыры мынау: Атқарылған істерде Мүсаббибул Әсбабты көре алмауды ғапылдыққа жатқызамыз. Бірақ сол жолда еңбек етіп жүрген азаматтардың руханиятын күшейпей, ынталарын сөндіру де өзінше бір қателік. Бұның орнына қайта қызмет жасап жүрген кісілерге «Алла разы болсын. Сірә, Алланың өзі сіздерге осындай істі істетуде. Егер Алланың назарында қадірлі болмағандарыңызда бұндай тағдырдағы сценарийде сіздерге рөл бермес еді, бұндай қызметтен орын да бұйыртпас еді. Демек, Алла тағаланың алдында қадірлі болғандарыңыз. Раббым сіздерді үнемі осылай назарында ұстасын» деп дұға жасап, ширкке бармастан ол кісілердің рухани күш-жігерін арттыру керек. Осы тұрғыда мына өлшемді үнемі ескерген дұрыс. Отыз-қырық жыл бойы әртүрлі қызметтерге араласып, ылғы да алдыңғы қатардан көрініп келген кісілерді асыра мақтағаннан гөрі, оларға құтб, ғаус деңгейін таңғаннан гөрі тура жолдан таймай келе жатқан бұл тұлғаларға деген махаббатымыз бен ізгі ойымызды барынша адалдық, мейлінше опалылықпен дәлелдей білгеніміз артық. Тіпті олардың сүрініп кеткенін байқасақ, дереу демеп, құлаған жерінен тұрғызып, киімін тазартып, бауырға баса білуіміз керек. Сондықтан Мүсәббибул Әсбәбты көре білу деген сөз жанын алып-салып қызмет жасап жүрген адамдарды көзге ілмеуді білдірмейді. Алайда бұл көзге ілу адалдық пен опалылық аясында ғана болуы тиіс.
Жаратылыс заңдарын (такуини емирлер) дұрыс түсіне алмау, олардың мағынасын ұға алмау, солар арқылы Алла тағалаға бет түземеу де бір ғапылдық болып саналады. Тақырыпқа қатысты бір аятта былай делінеді: «Көктер мен жерде неше түрлі дәлелдер бар, сенбейтін адамдар олардың жанынан арлы-берлі өтіп жүрсе де (зерделемегендіктен) парқына бармай, жүздерін бұрып жүре береді»[4].
Біз әңгімелеп отырған бұл ғапылдықтардың кейбірі басқасына қарағанда маңыздырақ болуы мүмкін. Былайша айтқанда, бұл ғапылдықтардың маңыздылығы әркімнің түсінігі мен қабілет-қарымына қарай өзгереді. Кейбіреу үшін біреуі, енді басқалар үшін басқа түрі маңызды сынақ ретінде кезігуі мүмкін. Алайда, мәселеге дініміз бен мұсылманшылығымыз тұрғысынан қарайтын болсақ, мынаны айта аламыз: ғапылдықтың қай-қайсысы да көзін құртуға лайық шайтани пікір мен шайтани сезім болып табылады. Бұлардан арылу үшін үнемі байыптылық пен байсалдылықтан таймау, мұқият әрі сезімтал болу, оқиғалар мен жағдаяттарды өз мәніне сай ұғынуға тырысу, үнемі көкірек көзін ояу ұстау, қарағанда көре білу, құлақ қойғанда ести білу, қол тигізгенде сезіну, осылардың барлығын ар-ұжданға жүгіндіру секілді т.б. жүрек, рух, ақыл-ой, іс-әрекетке байланысты.
[1] Бәдиуззаман Сайыд Нұрсиды меңзеуде (аудармашыдан)
[2] Бұһари, Шахадат, 16.
[3] Бәдиуззаман, Шуалар, 349 б. (14-Шуа).
[4] Юсуф сүресі, 105 аят
- жасалған.