Көңіл
«Көңіл оған бағынған
Махаббат бір Сүлеймен»
(Лүтфи)[1]
Көңіл – адам табиғатының ең қастерлі асылы, рухани болмысының айнасы, қанат бітіріп, алға жетелейтін сезім мен сенімнің серігі, рухының тереңіне бойлайтын даңғыл жол әрі осы жолдың алғашқы қақпасы деуге әбден болады. Көңілдің көк дөненіне мініп, шалқығандардың жан-дүниесі ұдайы нұрға бөленіп, кесе көлденеңдеген кедергі атаулының кез келгенін шыбын құрлы көрмей еңсеріп өте шығады. Адамгершілік қасиеттердің барлығы көңілдің көкорайында бүршік жарып, бәйтеректей жайқалады. Иман, сүйіспеншілік, рухани ләззат секілді асылдар – көңіл бағының тола-йым жемістері.
Көңілінің өрісі тарылған жанның сана-сезімі, ой-пікірі, білімі де құлазып, қу тақырға айналады. Ақыл жүрекке бағынып, көңілдің ықтиярымен жүрген дәуірлерде адамзат дамудың ең жоғары сатысына шығып, сан мың мәңгілік өнер туындыларын мұра етіп қалдырған.
Ол кездері рух материядан үстем түсіп, материал-дық дүние түгелдей руханияттың алдында тізе бүкті. Сондықтан да адамдардың санасында бұ дүние мен ақырет тел емген егіз ұғымға айналып, екеуін қатар қоятын дүниетаным берік қалыптасты. Дәурен құрған сол дәуірдің адамдары мына өмірді ақыреттен құйылған сәуледей көріп, қастерлейтін. Ақырет құндылықтарын фәни өмірлерінің ең қымбат қазынасы санады. Ал фәни өмірлерінде жиған жауһарлары ақыретте таразыларында ауыр тартар асыл тастай бағаланатын. Көңілдің көк айдынына қармақ салған адамның асыл табиғаты қамыс құрағынан қант айырғандай ашылып, айшықтала түсетін. Піл сауырлы қара жер пейіштің шуағына бөленгендей айрықша құлпырып тұратын деседі. Жауқазын, түймедақ, лала және шегір гүлдер бейне бір ғайыптың саумал самалынан теңіздей тербеліп жатқандай әсер беретін. Айтып-айтпай не керек, ол кезең, айналаға қарасаң болғаны, мәңгілік әлемнің тылсым сырларына қанықтырып, қанат бітіретін ғажап кез еді-ау.
Алайда, осы бір дәуір көзден бұлбұл ұшып, көңіл-ден ғайып болды. Ұшқыр уақыттың жалына жармасқан адамзат талай ғасырды артқа тастады. Адамзаттың басына қара бұлт үйіріліп, көңіл көмбесіндегі асыл құндылықтар аяусыз тапталып, рухани құндылықтар ойрандалып, жер беті қуарған қу мазарға айналды. Ең қорқыныштысы, адам баласы азғындап, құтты қонысы құлазып, өз үйі өлең төсегі табыттай суық, жүрекке берер жылуынан айырылды. Өмір құлазыған мазар секілді мәнсіз құбылысқа, үмітсіз талпынысқа айналды. Ал адам рухы осы бір қараңғы қапаста қасірет пен сағыныштан қан жұтқан бейшара күйге түсті.
Аяқтан шалып, алқымнан алған рухани жұтқа ешкім де емес, адамның өзі, нәпсіқұмарлығы себеп болды. Міне, кеме мініп, керуен құрған осындай келеңсіздіктер кедергіге айналып, жолымызды торуылдап, қайратсыз жандарды тұзағына түсіріп, құрық бойламайтын қитұрқы айла-шарғымен санасыз тобырларға айналдырды. Басқаша айтқанда, өз қалауының оң-терісін ар безбеніне тарта алмайтын, қара көрсеткеннен басқа қайраты жоқ жетесіздер тобыры қалыптасты.
Көңіл көкжиегін кеңейтетін рухани құнды-лықтарға мұқтаждығымызды дәл бүгінгідей жұлын-жүйкемізбен сезінген емеспіз. Бейне бір Иса пайғамбардың өлілерге қайта жан бітіргеніндей руханият нұрымен көңіл көңі жібіп, сең жүре бастағанына ізгілік жаршыларының өмір жағалауынан куә болудамыз. Дүние дүние болып жаратылғалы бері мәңгілік әлемнің асыл құндылықтарымен қаруланып, адамзат үшін ізгілік жаршысы секілді абыройлы міндетті тойымсыз тәннің тоғышар құмарлықтарын жеңіп, періштедей пәк, пәруана болмысымен әрдайым көңіл көбесін сөгіп, рухани дүниесі толысқан таудай тұлғалар атқарып келеді. Жан сарайын руханият қазынасымен байытқан мұндай жандар бұ дүние мен ақыреттің екі тізгін, бір шылбырын қатар ұстап, көрінгенге қол жайып, қалжа дәмететін кіріптарлықтан бойын да, ойын да аулақ ұстаған еді. Олардың «истиғна»[2] діңгегіне қазықбау шалып, дүниенің астан-кестеңі шықса да, бейне бір жаннат жазирасында серуендеп жүргендей селт етпей, көңілі тоқ, қайғысы жоқ адамдай абыройын асқақ ұстайды. Олардың көсем көңілі дүниенің сыртқы сұлулығына ешқашан арбалмады. Керек десеңіз, жаннаттың жанды елітер таңғажайыптары да олардың аңсары емес. Барлық іс-әрекеттерінде Ұлы Достың разылығы асыл арман, түпкі мақсат болғандықтан, табысы тас диірменді айналдыратын саудаға бар қазынасын ақтарып, сарқылмайтын мол дәулетке кенелгендей кеңшілікте өмір сүрді. Міне, дәл осы қалауы арқылы адам көңілінің жаратылыс сыры ашылып, адамгершілік қасиеттің ең ізгісі тәж киіп, таққа отырды. Мұндай биік өреге жеткен жан алғашқы демде арғы дүниенің ақиқаттарын жан-тәнімен сезіну арқылы Жаратушыға асық болып, ғашықтық отына күйіп-жанады. Содан соң, көңіл көкжиегі түріліп, ғарышқа қанаттанып, биікте самғайды.
Көңіл – адам баласының болмысына дарыған иләһи сый. Жаратушының мөрі басылған көңіл һәм рухани, һәм материялық әлеммен бір қазанда біте қайнасуы да сондықтан. Адамның жан мен тән сұлулығы, рухани байлығы құбылуға құмбыл көңіл әлемінің сан қырлы, бір сырлы көрінісі болып табылады. Шуақ шашқан сырт келбеті мен нұрлы кескіні, тіпті оның сырбаз қимылының өзі ішкі дүниесінен сыр шертеді. Жүрек пен ақыл жарасып, үндескенде ғана ой бұлағы ағытылып, адам баласының кісілігі жарқырай көрініп, шуақ шашпақ. Адам рухы көңілге назар салған сәтте бойындағы барша сезімдер сиқырланғандай жүрек түкпіріндегі сырды ағыл-тегіл жырламақ. Күллі әлеммен тұтасып кеткен тұла бойын шүкіршілік сезімі кернеп, шадыман шаттықпен Жаратушысын мадақтайды. Сағыныштан самайын қырау шалып, пәруаналар секілді іштей өртенеді. Міне, осы сәтте жүректегі ғашықтық өртінің жалынын қос жанардан тас бұлақтың суындай моншақтап аққан көз жасы ғана басады.
Рухани ләззаттың шегіне жеткенде, адамның ерік күші қорғасындай балқитын сәттер кездеседі. Мұндайда барша сезім, енесіне жамыраған қозылардай ырық бермей асып-тасса да, көңіл жайдары табиғатынан Жаратушының құзырында жай тауып, тәнті болып, тағзым еткен қалпынан танбайды. Кейде көңіл қыр желіндей ескектей соғып, ойыңды әр қиырға самғатады. Адам баласы көңіл әлеміне саяхаттағанда ойы пышырап, жолынан жазуы мүмкін емес. Өйткені, көңілдің көк дөненіне мінгенде қандай да бір кедергі аяққа тұсау боп, жолынан жаңылдырса, Жаратушыға деген шынайы махаббат Қызыр секілді қашанда қиналғанда жанына жалау болмақ. Сонымен қатар, өмірдің талай соқтықпалы соқпақтарында патша көңілі айнымас жолдасындай жанынан табылады.
Адамның ішкі және сыртқы халін жай әскер дейтін болсақ, жүрек осы әскердің қолбасшысы іспетті. Сондықтан да көңіл маздаған от болса, адамның барлық сезімдерін осы отты шыр көбелек айналған пәруаналар деуге болады. Ендеше, адам баласы көңілге қашанда биіктен қол бұлғайтын барлық сезімдерді бағындыра білуі тиіс. Өйткені, адамның барша сезімі қашанда көңілді тауап етіп үйренген. Ал көңіл болса өз өсін өзі айналатын жұлдыз тәрізді қашанда «Һу»[3] деп зікір салумен болады. Әркім өз көңілінің сарайына өзі қонақ. Ал енді осы сарайдың шын иесі кім екенін сездірген Жаратушыға жанымыз садаға... Мұндайда Жаратушыға ағыл-тегіл алғыс сезімі тұла бойымызды шымырлатып, ғарышқа барып қайтқандай ғажап күйге бөленеміз. Жаратушының жарық дүниені тарту еткенін терең сезінген күннен бастап, Аллаһқа қауышуға деген сағыныш пен қоңыр мұң аралас ғашықтықтың жалын-отымен ғұмыр кешетін боламыз. Алайда, күндердің күнінде Ұлы Достан шаттық пен бақытқа бөлейтін ізгі хабар жеткен бетте, Жаратушымен қауышудың асқақ сәттерін күтіп, тағатымыз таусылады.
Қоңыр мұң мен ғашықтықты қатар арқалаған осы киелі сапарда көңіл – жол серігіміз. Ажал жастығына бас қойғанша, осы жол сілтеушінің соңынан қалмауға өмірдің ыстығы мен суығында, ойпаңы мен қыраттарында осы бағытымыздан танбауға, таймауға серт бердік...
[1] Белгілі түрік ақыны
[2] «Истиғна» – ешкімнен ештеме сұрамайтын көңіл тоқтығы, ешкімге қол жайып, қадірін аяқ асты етпеу, кіріптар болмау деген мағыналарды білдіретін арабша сөз.
[3] «Ол» – яғни, Жаратқан Аллаһ
- жасалған.