Ғылым мен технология туралы
Адамзат бүгінгі таңда әлеуметтік шие-леністі өршітетін қоғамдық індеттердің бұғауынан құрық үзіп, құтыла алмай отыр, бірақ көңілге үміт ұялатар мүмкіндіктер де жоқ емес. ХІХ–ХХ ғасырларда адам баласы ғылым мен техникалық прогресте бұрын-соңды болмаған ғаламат жетістіктерге қол жеткізді. Сонымен қатар, осынау жетістіктерді жақсыға да, жаманға да арқау етіп, ізгілік пен зұлымдықтың бәйгеде қатар шауып, өзіндік із қалдыруымен тарихтағы ең айтулы кезең болды. Адамзат ғылым мен техникалық прогрес-те қол жеткізген орасан жетістіктерді ізгілік жолында тиімді пайдалана білгенде, жұмыр жерді әлдеқашан «жұмаққа» айналдырар еді.
Қазіргі жағдайды байыппен барлап, бағамдайтын болсақ, алыс көкжиектен бақытты да баянды болашақтың сұлбасы ағараңдайды. Ғылым мен техника өз жетістіктерімен адамзатқа бейне бір «ізгілік үшін игілігіңе жарат» деп үн қатқандай... Бір өкініштісі, осынау ұлан-асыр, көл-көсір мүмкіндікті қажетінше пайдалана алмай жатқанымыз да белгілі. Бүгінге дейін жанын шүберекке түйген ізгілік жаршыларының адамзатқа бағыт-бағдар беру секілді салмақты да салиқалы жауапкершілікті мойнына алмауы жалпыға ортақ баянды өмірдің орнауын кешеуілдеткенімен қоймай, мәңгілік өмірде қауышар игілігі тұрғысынан да көңілді күпті ететін көптеген күдік-күмәндардың шырмауына түсуіне сеп болды. Бұл келеңсіз жағдай адамзат игілігін мұрат тұтқан ізгілік жаршылары өз жауапкершілігін шынайы тұрғыдан ұғынып, санасы сілкінген сәтке дейін осылай жалғаса бермек...
Қазіргі дала мен қала рухани құндылықтардан мүлдем жұтаң, жансыз көлеңкедей қалт-құлт еткен қансыз, сөлсіз. Рухына қарасаң, мұздан сауыт кигізіл-гендей сап-салқын, буланған әйнектей күңгірт тартқан тіршілігі бар, масатыдай құлпырған бұрынғы шуағы-нан мақұрым, жөнсіз-жобасыз, бейбастақ өмірдің ызу-қызуымен әлек... Жұқпалы аурулар мен кедейшілік дерті әлемнің еңсесін езуде. Моральдық азғындық әлеуметтік өмірді жегідей жеп, қоғамды ауыр дерт жайлаған. Адам баласы осы құбылысты үнсіз тамашалап, «сірә, өмірдің заңдылығы осы болса керек» деп, шарасыздықтан жалған жадағайлыққа салынған. Дегенмен де, бүгінгі таңда адами болмыстың шындықтарымен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын аққан жұлдыздай алдамшы пікірлермен өмір сүрудің мүмкін еместігі айдай анық көрінуде. Қазіргі жағдайға қарап, «алған бетінен жарылқасын» деп қалыс қалу түбінде құрдымға батыратын батпаққа өз еркімізбен кіргенмен бірдей. Ендеше, алтын бесік, аялы дүниеміздің бойын ғылым-білімнің көмегімен түзеп, сәні мен мәнін келтіреміз не болмаса «көппен көрген ұлы той» деп өз-өзімізді құздан тастап жібереміз...
Базбіреулер ғылым мен технологияға негізделген дүниені тұтастай жатсынып, адам баласының бұл беталыспен тобырлық санасыздыққа ұшырайтындығын алға тартады. Бұл, әрине, дұрыс емес. Тарихқа көз жүгіртсек, өткеніміз ғылымнан кенде болмаған, ендеше болашақты да ғылым-білімсіз елестету мүмкін емес. Ғылым болмаса, дүниенің адамға берер ештеңесі де жоқ. Себебі, бұл дүниедегі көптеген нәрсенің түйіні ғылым-білімге барып тіреледі.
Ашығын айту қажет, қазіргі таңда қалаларда адамның сана-сезімі қаланың қым-қуыт тіршілігінің дырдуынан жаттанып, жадағайланғандығы, ой-пікірі көмескі тартып, денсаулығының да күрт нашарлағаны, бәрінен бұрын адамдық құндылықтардың аяқ асты болғандығы қынжылтады. Дегенмен, барлық кінәратты ғылым мен технологияға аудара салу да жөн емес. Бұған кінәліні алыстан іздеудің қажеті жоқ. Қандай да бір кінәрат іздеу қажет болса, ар-ожданы таза, нағыз ғалымдардың жауапкершіліктен жалтаруынан іздеген жөн. Өйткені, қоғам игілігін ойлап, өзінің қадір-қасиетін бағалаған нағыз ғалымдар өздеріне жүктелген осынау жауапкершілікті сезініп, міндеттерін орындаса, қазіргідей қиын жағдайға душар болмас па едік?
Нағыз ғылым дегеніміз – ғалам мен ондағы құбылыстардың астарына үңіліп, шынайы мәнін ұғыну және оның арқасындағы Ұлы Құдіреттің мұратын сезіну. Табиғатты өзіне бағындырарлықтай мүмкін-дікте жаратылған адам баласы ғаламды танып-білуге, білгендерін көкейінде түюге тиісті. Көңілге түйіп, көкейге тоқығандары арқылы табиғатты құрық атып бас білдірген тайыншадай дегеніне көндіріп, ықпал жасаудың жолдарын қарастырады. Бұл табиғаттың адамға аманат етілуі, ал адамның Жаратушының әмір-леріне мойынсұнып, құл екенін сезінуі дегенге саяды.
Қазіргі жағдайға ой жүгіртсек, физика, химия, астрономия, медицина, т.б. ғылым салалары уақыт озған сайын адам баласының игілігі үшін түрлі жетістіктерін алға тартуда. Осыған қарап ғылым мен технология адам баласының игілігі үшін екендігін пайымдаймыз. Бұдан үрейленіп қорқудың да жөні жоқ. Басқа келер қатерді ғылым-білімнен немесе ғылым-біліммен қаруланған дүниеден іздеу бос әурешілік, нағыз қатер надандықта, санасыздықта және жауапкершіліктен жалтарған табансыздықта.
Кейде ғылым-білімге сүйеніп, он ойланып, тоғыз толғанған іс-әрекеттеріміздің өзі оңды нәтиже бермей жататындығы белгілі. Бұған түсіністікпен қараған жөн. Ал бірақ білімсіздіктің, жоспарсыздықтың әрдайым тұйыққа тірейтіндігін ұмытпау қажет.
Сондықтан да ғылым мен технологияның жетіс-тіктеріне қол сілтеп, теріс айналудың орнына, оны адамзат игілігі үшін қолданудың жолдарын іздеген жөн. Бұл бүгінгі таңда адамзаттың ең үлкен мәселесі болып отыр. Әйтпесе, ғылымды тек ядролық бомба жасау мен табиғатты тағылықпен ойрандау деп түсінетін сана-сезімнен құтылуымыз неғайбыл.
Ендеше, алдымызда бір ғана таңдау тұр: ғылым мен технологияны, оның жетістіктерін теріс мақсатта қолданып, адамзатты орны толмас қасіретке ұрын-дырғандардың тар шеңгелінен босату қажет. Осылайша, ғылым мен технологияның қуатын пайдаланып, екі дүние бақытын қатар көздейтін жасампаз жаңа көзқарас қалыптастыру керек. Әйтпесе, қол қусырып қарап отырып, өндіріс машиналары мен зауыт-фабрикаларға лағынет айтудың ешбір мәні жоқ. Өндіріс машиналары да, зауыт-фабрикалар да қажет. Бізге рухани құндылықтар мен ғылым-білімді қос қанат қылып, жүрек пен ақылды бір арнада тоғыстырған ізгілік жаршыларының үрей мен үмітсіздіктен бойын арылтқаны керек. Әйтпесе, жүгі ауыр жауапты іске бел буып кіріскенге дейін адамзат ғылымды теріс мақсатта қолданудан туындайтын қасіреттен құтылмасы анық.
Сондықтан да ғылым-білімнің жетістіктерін жа-тырқап, орынсыз үрейлену аяқ-қолымызды жіпсіз матап, еркімізден айырады. Жауапкершіліктен мақұрым ат төбеліндей топтың шеңгелінде қалған ғылым-білім жер бетін жаһаннамға айналдыруға жетіп артылады. Міне, негізі осыдан қорқу керек. Альберт Эйнштейн атомдық физика саласында ашқан жаңалықтары теріс пиғылда қолданылғанын Хиросима мен Нагасакиге атом бомбасы тасталғанда бір-ақ аңғарды. Жан түршіктірерлік осы оқиғадан кейін Эйнштейн жапондық ғалым досынан өзегі өртене өкініп, кешірім сұрағаны белгілі. Алайда, тым кеш еді...
Әрине, әлдекімдердің ғылым мен технологияны бас пайдасы үшін теріс мақсатта қолдануы мұнымен тынбады. Арам пиғыл, жетесіздік салдарынан талай теңіздің табаны құрғап, өзен-сулардың батпаққа, ауа ластанып, уға айналғаны өкінішті-ақ...
Ғылым мен техниканың екі тізгін, бір шылбыры ары таза, санасы жат пікірмен уланбаған жандардың қолына тисе, бұдан адамзат жапа шекпейді. Барлық қасірет әділдік пен әлімжеттікті бір деп түсінетін, көңілін қараңғылық тұмшалағандардан келеді. Бұл қасірет рухани құндылықтар мен ғылымды бір арнада тоғыстырған ізгілік жаршылары тізгінді қолына алғанға дейін жалғаса бермек.
Адамзат қазіргі жағдайды парасат-пайымымен ұғына көргей деген тілекпен сөзімді тәмәмдағым келеді...
- жасалған.