Ғылым

Бүгінгі таңда ғылыми-технологиялық жаңалықтар бірінен кейін бірі жарыса дүниеге келіп, бұрын-соңды болмаған көз ілеспес шапшаңдықпен дамып, адамды еріксіз таңдай қақтырып, тамсандыратын жетістікке жетті. Бұл қарқынымен соңғы ширек ғасырдың өзінде адамзат тарихында орын алған барша ғылыми жетістіктерден асып түспесе, кем түспейді. Микро дүниелерден макро әлемге дейін мың-сан салада құдайдың құтты күні ғылыми жаңалықтар бірінен кейін бірі ашылып, жаратылыстың тылсым құпияларының сырлары паш етілуде. Күн сайын ғылыми журналдар мен бұқаралық ақпарат құралдарынан атомдық физика, галактикалар, тіршілік әлемі, адам анатомиясы, электроника, лазерлік технологиялар, т.б. толып жатқан ғылыми-технологиялық жаңалықтарды көріп-білген сайын, бірде қуанышқа бөленсек, бірде бойымызды еріксіз қорқыныш пен үрей билейді.

Мұншалықты жылдамдықпен алға басқан ғы-лым мен технология таяу болашақта адамзаттың ойлау жүйесі мен ғылымға деген көзқарасын түбегейлі өзгертері анық. Сонымен қатар, ғылым мен технологияның одан ары дамып, жаңа белестерге көтерілетінін де қаперде ұстау қажет. Ғылымның өткен-кеткеніне көз жүгіртсек, өз қазанында түрленіп, жаңғырып жатқанын байқауға болады. Күні кешеге дейін өзгерместей көрінген Галилейдің материя жөніндегі ойлары мен Ньютонның бүкіл әлемдік тартылыс заңының орнын «релятивизм» (ықтималдылық) қағидасы басып, аталмыш заңдылықтар адамзаттың даму тарихының белгілі бір кезеңін бейнелейтін елеулі ой жемісіне айналып қала берді. Барлық нәрсенің негізі атомнан тұратындығы туралы ғылыми пікір біршама уақыттан бері көңілге күдік ұялатып, пікірталас тудырып жүргені мәлім. Осыған байланысты бүгінгі таңда материямен бірге метафизикалық құбылыстардың өзі ғылыми зерттеу жұмыстарында басымдық берілген салалардың біріне айналып отыр. Осыған қарап-ақ таяу болашақта материямен бірге анти материя, атоммен бірге анти атом мәселелері де ғылымның бірлесіп зерттейтін нысанына айналып, физикамен қоса метафизика да ғылыми зерттеулерге арқау болатынын сенімділікпен айтуға болады.

Білім – сыртқы сезім мүшелерімізбен түйсіне алатын мәселелермен ғана шұғылданады. Ал бұдан тысқары мән-жайларды тәжірибеге негізделген зерттеу-лер нәтижесіне сүйене отырып, түсіндіріп бағады. Кез келген мәлімет ғылыми мәнге ие болуы үшін сыртқы сезім мүшелерімен түйсіну арқылы оның дұрыстығы ғылыми әдістемемен дәлелденуі қажет. Мәселен, көру, есту, сезіну, иіскеу, дәм сезу секілді сыртқы сезім мүшелерімізбен түйсінуге болатын құбылыстардың санада бейнеленетін обьективті шындық екеніне ешкімнің күдік-күмәні болмаса керек. Ал енді сыртқы сезім мүшелерімен түйсіне алмайтын магниттік немесе электрондық толқындарды арна-йы технологиялардың көмегімен ғана айқындаймыз. Қазіргі таңда ғылымның мүмкіндіктері әзірге маг-ниттік, электрондық толқындар, денелердің өзара тартылысы секілді белестерден әрі қыр асқан емес. Әрине, заманауи технологиялық құрал-жабдықтар жетілдірілген сайын, аталмыш салалар да ғылыми зерттеу нысанына айналары сөзсіз.

Ендеше, бүгінгі ғылымның барлық құбылыстардың даму заңдылықтарын түгелдей ашқандығын, түпкілікті межесіне жеткенін кесіп-пішіп айту орынсыз. Өйткені, қазіргі ғылымның жетістіктеріне қарап-ақ білмей-тіндеріміздің жанында білетіндеріміздің мардымсыз екенін көруге болады. Көре тұра мұны мойындамау – шындықтан жалтару әрі ғылымның қазіргі жетістігіне тоқмейілсіп, тоқырауға жол беру. Әріберіден соң, мұндай кертартпалық әр дәуірдегі ғылым жетістік-теріне қарнымызды сипап қойып, тоқмейілсуімізге әкеп соқтырады, әрі ғылыми зерттеулердің одан ары жүргізілуіне, мәдениетіміздің дамуына тұмылдырық кигізіп, тұсау салады.

Ендеше, осындай жағдайға душар болмау үшін, бүгінге дейін оқып-тоқығандарымызды ой елегінен қайта өткізіп, сын көзбен назар салуымыз қажет. Ғылымның жаңа белестерін саралап, жадымыздағы ескіні қайта жаңғырту, қателіктеріміз болса түзету – кезек күттірмес келелі шара. Осылайша кейбір салалардағы мимырттығымыз бен кібіртектігімізден арылып, ғылыми салада көштің алдына түсеміз.

Дүниетанымымыздың келелі мәселелері саналатын көк пен жердің арасындағы байланыс, күн мен түннің белгілі бір тәртіппен алмасуы, табиғаттағы барша тіршілік иелерінің жаратылыс ерекшеліктері, жануарлар мен адам ағзасының қызметі, құрылымы, мәні мен мақсаты, топырақ пен судың түзілуі әрі тіршілікпен байланысы секілді көптеген мәселелер қазіргі заманғы ғылыми тәсілмен қайта қаралып, пысықталуы қажет. Осы негізде ғылыми әдістеме арқылы дәлелденіп, тыңғылықты тұжырымдалмаған теорияларды, жаңсақ ұғымдар мен қағидаларды қайта қарап, шапқымен ағаш жонғандай кем-кетіктерін түзетуге болады.

Ғылымның абыройын ойлайтын ғалым өзі таңдап алған қандай да бір обьектіні зерттеу барысында қашанда адамзаттың таным-тәжірибесін ескеріп, ғасырлар бойы сынақтан өткен ғылыми тәсілдерден ауытқып, жаза баспағаны жөн. Әсіресе, ғылыммен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын кейбір дәйексіз, дәлелденбеген теориялардың көптеген оқу ордасында ойып тұрып орын тепкені қынжылтады. Мұндайлар ғылымның атын жамылып, жалпақ жұрттың санасын сансыратып, адастырғанымен қоймай, ғылымның атына кір келтірері де анық.

Жалпы ғылыми зерттеу барысында ең қарапайым тілмен айтсақ, әуелі тақырып айқындалып, зерттелетін мәселе нақты белгіленуі қажет. Сонан соң, тақырыпқа қатысты бұрын жүргізілген зерттеулер жан-жақты сараланып, сарапталып, қолдағы мәліметтер мен материалдар талдауының нәтижесі шығарылады. Ертеректе жүргізілген зерттеулерде қолданылған тәжірибелердің дұрыс-бұрыстығын тексеру үшін қосымша тәжірибелерді жүзеге асыру зерттеудің салмағын арттыра түседі. Жүргізілген тәжірибелер барысында бұрынғы зерттеулерден қандай да бір кемшілік табылса, жаңа тәжірибелер жасалып, бұрын-ғы зерттеулердің теориялық тұжырымдарын қайта талдау қажет. Осының барлығы ғылыми зерттеудің дәйекті түрде дәлелденуін қамтамасыз ете алмаса, зерттеу пәні мен обьектісіне қатысты қосымша зерттеулер жүргізуге тура келеді. Осы орайда жаңа және ескі мәліметтер мен зерттеу қорытындылары – жасалған тәжірибелермен жан-жақты пысықталып, тәжірибе арқылы дәлелденген мән-жайлар теориялық тұрғыдан тұжырымдалады. Сонан соң, теориялық тұжырымға арқау болған негізгі қағидаларды абстрактілеу (зерттеу жасалған ғылым саласының жалпы заңдылықтары ретінде тұжырымдау) мәселесі қарастырылады. Абстрактілеу мүмкін болса, онда осы саланың жалпы ғылыми заңдары мен негізгі принциптерін белгілеп, ғылыми теорияның негізін қалыптастырады.

Қазіргі заманғы ғылыми әдістемеде қолданылатын жоғарыда аталған зерттеу тәсілі ғылыми зерттеулер үшін обьективті критерий болып саналады. Ендеше, ғылыми әдістемелік зерттеу жүргізіп, мәселенің анық-қанығына жетпей тұрып, дәлелденбеген қандай да бір мәселені «дұрыс» деп күштеп таңу немесе осы «гипотезаға» қайшы келетін кез келген мән-жайды басыбүтін жоққа шығару ғылыми қағидаларға қайшы келеді. Бұлар – белгілі бір босбелбеу болжамға ғана негізделген, дәлелденіп, дәйектелмеген гипотезалар. Гипотезаларға негізделіп жасалған жалпы қағидалар, адамзатты арандатудың, адастырудың нақ өзі. Мұндай гипотезалармен ғылымның өсіп-өркендеуі де екіталай. Ендеше, тәжірибе арқылы немесе басқа да сенімді қайнар көздерден жеткен мән-жайларды, сенімді тәсілдермен дәлелденген мәселелерді, мәліметтерді аталмыш гипотезалардың жоққа шығара алмасы айдан анық.

 

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.