ҚОС УАЙЫМСЫЗДЫҚ ПЕН ҚОС ҮРЕЙ ЖАЙЛЫ
Бір құдси хадисте Жаратушы Иеміз: «Мен құлыма екі уайымсыздық пен екі үрейді қатар бермеймін» деп ескерткен екен. Біздің бүгінгі аста-төк заманда қаннен-қаперсіз, уайымсыз өміріміз осы хадиске қарама-қайшы емес пе?
Үрей мен үміт – Аллаһ тағаланың адам баласына тарту еткен ғаламат нығметі. Осы екі нығметті Хақ жолында оңтайлы қолдана білу мұнан да артық нығмет болар еді. Жоғарыдағы хадисте Аллаһтың: «Мен құлыма екі уайымсыздық пен екі үрейді қатар бермеймін» дегені анық айтылған.
Ал сіздің сұрағыңыздан қалың бұқара фәни дүниеде тарықпай рахат тұрмыс кешу – уайымсыздық, ал фәниден безініп, қоңырқай тұрмыс кешу – үрей деген түсінікке бой алдыруы мүмкін. Бұл түсінік хадисте айтылған мәселенің бір қырын көрсеткенімен, хадистің мағынасын толық ашпайды.
«Мен құлыма екі уайымсыздықты қатар бер-меймін» деген сөздің мағынасы мынау болса керек: «Хақ тағала құлына екі дүниеде де қатарынан уайымсыздықты сыйламайды. Кімде кім бұл дүниенің ырду-дырдуына елітіп, ақыретін ойлап, қам жемесе, жүрегін ғапылдық дерті басуынан, рухани түйсіктерінің гүлі солып, шырағы сөнген тұлдырдай өшіп тынуынан қорықпаса, мұндай адамның о дүниеде уайымсыз болуы мүмкін емес».
Хадистегі екінші сөйлемнің мәніне қарайық. Кімде-кім ақырет күнін ойлап, жанын қоярға жер таппаса, үнемі «О, Жаратқан Ием! Өзіңнің көмегің болмаса, мен иманымды қайтіп сақтамақпын?! Сенің ерекше қамқорлығың болмаса, мен жүрек пернесін шертетін ерекше имани сезімдерімді қайтіп қорғап қалмақпын?! Сенің шексіз мейірімің, рахман әрі рақымдылығың болмаса, жаннатқа қайтіп кірмекпін?! Бүкіл әлемдерге рақым ретінде жолдаған сүйікті құлың, әрі елшің Мұхаммед пайғамбар (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) болмаса, мен тура жолды қайтіп таппақпын?! Сірә, мәңгі-бақи күпіршіліктен көз ашпас па едім...» деп зар илесе, яғни бойын үрей билеп, жиі-жиі ішкі иман таразысына жүгінсе, іс-әрекеттерін қадағалап, өзін рухани тұрғыдан жаңалап отыруға әдеттенсе, о дүниеге барғанда мұндай мүминнің, иншаллаһ, үрейленбесі анық.
Хадистің артынша қойылған сауалыңыздың әуелгі жайтқа қатысы бар. Одан мынадай қорытынды шығаруға болады.
Кімде-кім бұл дүниеге тек қызық үшін келгендей алшаң басып, дүниеқұмарлыққа салынса, ақыретті еске алуды қаперіне де ілмесе, міне, мұндай адам бір сәт жеке басына үрейленіп қарауы тиіс. Тіпті, ырысы шалқып, дәулеті тасып, бай-бақуатты өмір сүруден де адам бір мезгіл қорыққаны жөн. Мәселені бір мысалмен анықтай кетейік. Сахих риуаяттарда Ислам тарихының айтулы тұлғаларының бірі Омар ибн Абдулазиздің «Сол күні олардың мойындарына темірден шынжыр бұғау салынады»[1] деген аятты таң атқанша қайталап, ақырында ес-түстен айрылатын кездері көп болыпты. Бұған қоса кей-кездері «Сендер дүние тіршілігінде бар жасаған жақсылықтарыңның қайтарымын алдыңдар. Тек жалған үшін жаралғандай бар қызықты дүниеде түгестіңдер, ақыретке ештеңе қалдырмадыңдар»[2] деген мәндегі аяттың тұңғиығына бойлап, талықсып кететін.
Иә, иманы берік мүминнің ақыретін ойлап қорқуы заңдылық. Өйткені, мұндай үрей шер толқытқан терең ойдан туады. Дегенмен, Аллаһ тағала сахабалардан Абдурахман ибн Ауф пен хазірет Османға (р.а.) нәсіп еткеніндей, мұсылманға қисапсыз дүние, аста-төк байлық та беруі мүмкін. Ондайда мүмин дүние-мүлкін қара бастың қамы үшін емес, қалың елдің зары үшін жұмсап, бар байлығын бірден төкпесе де, ізгілік жолында мәрттік танытудан аянып қалмауы тиіс. Қолындағы қаражатқа Аллаһтың ізгі амал жасауы үшін берген сынақ ретінде қарап, реті келгенде сауапты істерге жұмсауды көздеп, оны молайтумен айналысуы керек. Мұндай салих құлдар уақыты келе байлығын ғана емес, қажет болса, жанын да пида етуден тартынбайды.
Ішкі ұстаным осындай игі түйсікке бағдар алса, төрт құбыласы түгел бай болсаңыз да зиян емес. Бұл тұста ниеттің түзулігі, байлықтың Аллаһтың берген аманаты екенін парықтау, Раббымыз қалаған істерге жұмсай білу аса маңызды болмақ.
«Раббымыздың бұйрықтары мен кеңестерін тереңнен сезініп, ізгілік жолында кез келген уақытта мәрттік жасауға дайынбыз ба?» деп біз әрдайым өзімізге жиі-жиі есеп беріп отыруға тиіспіз. Көзді жұмып тұрып «Хақ жолында дүниемді тәрк етуге дайынмын!» дей алатын атымтай жомарт болсақ, онда қолымыздағы байлықтың залалы тимейді. Ақыретте де мұндай тірнектеп жиған дүниеміздің, иншаллаһ, бізді үрейлендірмесі анық. Алайда, сезімі селт етпейтін дүмбілез, білгеннің тілін алмайтын жетесіз қалталылар өмір сүруді «тек қызық қуу» деп түсініп, нәпсінің жетегінде кетсе, Құдай сақтасын, мұндай адамның маңдайының соры бес елі. Сондықтан, бұл екі мәселені бір-бірімен шатастырмаған дұрыс...
[1] «Мүмин» сүресі, 71 – аят.
[2] «Ахқаф», 20-аят.
- жасалған.